Атом энергиясын пайдалану саласындағы тәуекелдік дәрежесін бағалау критерийлерін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрінің м.а. 2010 жылғы 15 ақпандағы № 33 және Қазақстан Республикасы Экономика және бюджеттік жоспарлау министрінің 2010 жылғы 19 ақпандағы № 81 Бірлескен бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 20 ақпанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6080 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Индустрия және жаңа технология министрінің м.а. 2011 жылғы 15 қыркүйектегі № 322 және Қазақстан Республикасы Экономикалық даму және Сауда министрінің м.а. 2011 жылғы 16 қыркүйектегі № 303 Бірлескен бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Индустрия және жаңа технология министрінің м.а. 2011.09.15 № 322 және ҚР Экономикалық даму және Сауда министрінің м.а. 2011.09.16 № 303 (алғаш ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бірлескен бұйрығымен.

      «Жеке кәсіпкерлік туралы» Қазақстан Республикасының 2006 жылғы 31 қаңтардағы Заңы 38-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:
      1. Қоса беріліп отырған Атом энергиясын пайдалану саласындағы тәуекелдік дәрежесін бағалау критерийлері бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің Атом энергетикасы комитеті (Т.М. Жантикин):
      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркеуден кейін оның ресми жариялануын қамтамасыз етсін;
      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Энергетика және минералдық ресурстар вице-министрі Ә.М. Мағауовқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді.
      5. Осы бұйрық оның бірінші ресми жарияланған күнінен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Энергетика және минералдық
      ресурстар министрінің
      міндетін атқарушы                                 Д. Тұрғанов

      Қазақстан Республикасы
      Экономика және бюджеттік
      жоспарлау министрі                               Б. Сұлтанов

Қазақстан Республикасы   
Энергетика және минералдық
ресурстар министрінің    
міндетін атқарушы        
2010 жылғы 15 ақпанда    
№ 33 және           
Қазақстан Республикасы   
Экономика және бюджеттік 
жоспарлау министрінің    
2010 жылғы 19 ақпанда    
№ 81 бірлескен бұйрығымен
бекітілген         

Атом энергиясын пайдалану саласындағы тәуекелдік
дәрежесін бағалау критерийлері

      1. Осы Атом энергиясын пайдалану саласындағы тәуекелдік дәрежесін бағалау критерийлері (бұдан әрі – Критерийлер) атом энергиясын пайдалану қызметімен айналысатын ұйымдарды (бұдан әрі – атом энергиясын пайдалану саласындағы субъектілер) тәуекел дәрежесіне жатқызу мақсатында «Атом энергиясын пайдалану туралы» 1997 жылғы 14 сәуірдегі және «Жеке кәсіпкерлік туралы» 2006 жылғы 31 қаңтардағы Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді.
      2. Критерийлерде мынадай негізгі ұғым пайдаланылады:
      тәуекел – оның зардаптарының ауырлық дәрежесін ескере отырып, атом энергиясын пайдалану саласындағы субъектінің қызметінің нәтижесінде адамның өміріне немесе денсаулығына, қоршаған ортаға, мемлекеттің мүліктік мүддесіне залал келтіру ықтималдығы.
      3. Атом энергиясын пайдалану саласындағы тәуекелдік дәрежесін бағалау мынадай критерийлерге негізделеді:
      объектінің ықтимал қауіп-қатер бойынша санаты (радиациялық және ядролық);
      пайдаланылатын иондаушы сәуле көздерінің қауіп-қатер деңгейі;
      атом энергиясын пайдалану саласында жүзеге асырылатын жұмыстардың радиациялық қауіп-қатер деңгейі.
      4. Атом энергиясын пайдалану саласындағы субъектілер тәуекелдік дәрежесіне байланысты жоғары, орташа немесе болмашы тәуекел топтарына бөлінеді.
      5. Жоғары тәуекел тобына ядролық қондырғыларды (реакторлық қондырғылар, энергетикалық реакторлардың ядролық отыны үшін уранның қос тотығынан таблеткалар шығаратын кәсіпорындар) пайдаланатын, пайдаланылған ядролық отынды тасымалдауды және ұзақ уақыт сақтауды жүзеге асыратын атом энергиясын пайдалану саласындағы субъектілер жатады.
      6. Орташа тәуекел тобына:
      сәуле терапиясы үшін радиоизотопты иондаушы сәуле көздерін пайдаланатын;
      дефектоскопия жүргізу үшін радиоизотопты иондаушы сәуле көздерін пайдаланатын;
      радиоизотопты иондаушы сәуле көздерін өндіруді жүзеге асыратын;
      ғылыми-өндірістік қызмет үшін қуатты изотопты гамма-қондырғыларды пайдаланатын;
      ұңғымаларда геофизикалық зерттеулер жүргізу үшін радиоизотопты иондаушы сәуле көздерін пайдаланатын;
      өз қызметінде өнеркәсіптік радиоизотопты аспаптарды; медициналық изотопты радиофармпрепараттарды пайдаланытын;
      радиоизотопты иондаушы сәуле көздерін тасымалдауды жүзеге асыратын;
      иондаушы сәулені генерациялайтын қондырғыларды пайдаланатын (зарядталған бөлшектер үдеткіші);
      радиоактивтік қалдықтарды ұзақ уақыт сақтауды (көму) жүзеге асыратын;
      құрамында радиоизотопты иондаушы сәуле көздері бар жабдықтарды техникалық қызмет көрсетуді, монтаждауды, зарядтауды, қайта зарядтауды, жөндеуді жүзеге асыратын атом энергиясын пайдалану саласындағы субъектілер жатады.
      7. Болмашы тәуекел тобына:
      дефектоскопия жүргізу үшін рентген жабдығын пайдаланатын;
      жабдықты рентгентелевизиялық тексеруді пайдаланатын;
      рентген жабдықтарын шығаруды жүзеге асыратын;
      рентген жабдықтарын техникалық қызмет көрсетуді, монтаждауды, бөлшектеуді, жөндеуді жүзеге асыратын;
      уран өндіруші өнеркәсіпте қызметті жүзеге асыратын;
      радиациялық оңалтумен және аумақты қалпына келтірумен байланысты қызметті жүзеге асыратын;
      төмен радиоактивті қалдықтарды жинау мен сұрыптауды, белсенділігі төмен радиоактивті заттар мен радиоактивті қалдықтарды тасымалдауды жүзеге асыратын;
      иондаушы сәуле көздері бар аналитикалық жабдықты (хроматографтар, рентгенфлюоресценттік талдағыштар, спектрометрлер) пайдаланатын;
      атом энергиясын пайдалану саласында қызмет көрсетуді жүзеге асыратын;
      радиоактивті материалдар мен радиоактивті қалдықтар үшін көлік контейнерлерін, буып-түю жинақталымдарын шығаруды жүзеге асыратын;
      жүргізілген ядролық жарылыстардың нәтижесінде ластанған бұрынғы ядролық сынақ полигондарының аумағында және басқа аумақта қызметін жүзеге асыратын;
      ядролық қондырғылар мен ядролық материалдарды физикалық қорғау жөніндегі қызметті жүзеге асыратын;
      иондаушы сәуле көздерін өткізуді жүзеге асыруды ұйымдастыратын;
      атом энергиясын пайдаланумен байланысты қызметтер үшін мамандар мен персоналды арнайы даярлайтын қызметті жүзеге асыратын атом энергиясын пайдалану саласындағы субъектілер жатады.
      8. Тәуекел дәрежесі жоғары атом энергиясын пайдалану саласындағы субъектілер үшін жоспарлы тексерулер жүргізу мерзімділігі жылына бір рет, тәуекел дәрежесі орташалар үшін үш жылда бір рет, тәуекел дәрежесі болмашылар үшін бес жылда бір рет.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады