Өзара сақтандыру қоғамдарының қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілерді бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010 жылғы 1 наурыздағы N 29 қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 13 сәуірде Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6163 болып енгізілді.

      "Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне міндетті және өзара сақтандыру, салық салу мәселелері бойынша өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы" Қазақстан Республикасының 2009 жылғы 30 желтоқсандағы Заңын іске асыру мақсатында, Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі – Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Бекітілсін:

      1) Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 17.07.2015 № 129 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      2) осы қаулының 2-қосымшасына сәйкес Өзара сақтандыру қоғамдарының активтерін инвестициялау қағидалары және мөлшері;

      3) осы қаулының 3-қосымшасына сәйкес Өзара сақтандыру қоғамдарының сақтандыру резервтерін қалыптастыруға, есептеу әдістемесіне және оның құрылымына қойылатын талаптар туралы нұсқаулық.

      Ескерту. 1-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 17.07.2015 № 129 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі); 28.01.2017 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулыларымен.

      2. Осы қаулы бірінші рет ресми жарияланған күннен кейінгі он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.

      3. Сақтандыру нарығының субъектілерін және басқа қаржы ұйымдарын қадағалау департаменті (Д.Ш. Қарақұлова):

      1) Заң департаментiмен (Н.В. Сәрсенова) бірлесіп, осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркеу шараларын қолға алсын;

      2) осы қаулы Қазақстан Республикасының Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелген күннен бастап он күндiк мерзiмде оны Агенттiктiң мүдделi бөлiмшелерiне, "Қазақстан қаржыгерлерiнiң қауымдастығы" заңды тұлғалар бiрлестiгiне және өзара сақтандыру қоғамдарына мәлімет үшін жеткізсін.

      4. Агенттік Төрайымының Қызметі (А.Ә. Кенже) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.

      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрайымының орынбасары А.Ө. Алдамбергенге жүктелсін.

Төрайым

Е. Бахмутова


  Қазақстан Республикасы
Қаржы нарығын және қаржы
ұйымдарын реттеу мен қадағалау
агенттігі Басқармасының
2010 жылғы 1 наурыздағы
№ 29 қаулысына 1-қосымша

Өзара сақтандыру қоғамдарының есептілікті беру ережесі

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 17.07.2015 № 129 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

  Қазақстан Республикасы
Қаржы нарығын және қаржы
ұйымдарын реттеу мен қадағалау
агенттігі Басқармасының
2010 жылғы 1 наурыздағы
№ 29 қаулысына 2-қосымша

Өзара сақтандыру қоғамдарының активтерін инвестициялау қағидалары және мөлшері

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2017 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      Осы Өзара сақтандыру қоғамдарының активтерін инвестициялау қағидалары және мөлшері "Өзара сақтандыру туралы" 2006 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы 5-бабының 5) тармақшасына сәйкес әзірленді және өзара сақтандыру қоғамдарының (бұдан әрі – Қоғам) активтерін инвестициялау тәртібін және мөлшерлерін белгілейді.

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2017 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Қоғамның активтерін инвестициялаудың негізгі мақсаттары:

      1) Қоғам активтері сақталуы және олардың өсуі;

      2) Қоғам активтері өтімділігінің жеткілікті деңгейін ұстап тұру;

      3) тәуекелдің төмен деңгейінде Қоғам активтерінің өтімділігін қамтамасыз ету болып табылады.

      2. Қоғам активтерін инвестициялауды дербес жүзеге асырады не Қоғам активтерін инвестициялық портфельді басқарушының инвестициялық басқаруына ішінара не толық өткізеді.

2-тарау. Қоғам активтерін инвестициялаудың тәртібі

      3. Қор биржасы делистингке ұшыратқан бағалы қағаздарды өткізуді қоспағанда, Қоғамның қайталама нарықтағы бағалы қағаздармен мәмілелерін Қоғам бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында жасайды.

      4. Қоғам активтері қатысуымен бағалы қағаздардың ұйымдастырылған нарығында жасалған бағалы қағаздарды сатып алу-сату мәмілелері ашық сауда-саттық әдісімен жүргізіледі.

      5. "Кері репо" мәмілелері Қоғам активтері есебінен сатып алуға рұқсат етілген қаржы құралдарымен отыз күннен астам емес мерзімге және автоматты әдіспен жасалады.

      6. Егер кез келген жағдайлардың нәтижесінде Қоғам активтері есебінен сатып алынған қаржы құралдары портфелінің құрылымы осы Қағидаларда белгіленген талаптарға сәйкес келмеген жағдайда, Қоғам осындай сәйкессіздікті ұлғайтатын активтерді орналастыруды дереу тоқтатады.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2017 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      7. Қор биржасы борыштық бағалы қағазды (рейтингтік бағаның барынша төмен деңгейі жоқ) делистингке ұшыратқан не борыштық бағалы қағаздың кредиттік рейтингін барынша төмен деңгейден төмендеткен жағдайда, Қоғам осындай бағалы қағаздарды жоғарыда аталған жағдайлар басталған күннен бастап бір жыл ішінде өткізеді.

      8. Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау мен қадағалау жөніндегі уәкілетті органмен Standard & Poor's агенттігінің рейтингілік бағаларынан басқа Moody's Investors Service, Fitch, A.M. Best агенттіктерінің және олардың еншілес рейтингілік ұйымдарының (бұдан әрі – басқа рейтингілік агенттіктер) рейтингілік бағалары танылады.

      Ескерту. 8-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 28.01.2017 № 17 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      9. Қоғам сақтандыру резервтерін мына қаржы құралдарына орналастыруды жүзеге асырады:

      1) мынадай талаптардың біріне сәйкес келген жағдайда, Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктеріндегі салымдар мен ақшаға: банктердің "Standard & Poor's" агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "ВВ-"-тен төмен емес ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар, немесе "Standard & Poor's" агенттігінің ұлттық шәкілі бойынша "kzВВ" төмен емес рейтингтік бағасы бар болса;

      банктер "Standard & Poor's" агенттігінің халықаралық шәкіл бойынша "А-" санатынан төмен емес шетел валютасындағы ұзақ мерзімді кредиттік рейтингі немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар резидент емес бас банктердің еншілес резидент банктері болып табылса;

      2) "Standard & Poor's" агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "ВВ" төмен емес рейтингтік бағасы немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингі бар, Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес шығарылған, Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының облигациялары;

      3) Қазақстан Республикасының Қаржы министрлігі мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі шығарған Қазақстан Республикасының мемлекеттік бағалы қағаздары (оның ішінде басқа мемлекеттердің заңнамаларына сәйкес айналысқа шығарылған);

      4) "Standard & Poor's" агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "А-"-тен төмен емес тәуелсіз рейтингі бар немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар шет мемлекеттердің орталық үкіметтері шығарған, мемлекеттік мәртебесі бар бағалы қағаздар.

      Қоғамның сақтандыру резервтерін осы тармақтың 1) және 3) тармақшаларында көрсетілген қаржы құралдарына жиынтық орналастыру Қоғамның сақтандыру резервтерінің сексен пайызынан кем еместі құрайды.

      10. Қоғамның қаржы құралдарға инвестицияларының мөлшері мына мәндерден аспайды:

      1) екінші деңгейдегі бір банкте және оның аффилиирленген тұлғаларында салымдарға, ақшаға және облигацияларға жиынтық орналастыру ("кері репо" операцияларын ескеріп) – Қоғамның сақтандыру резервтерінен он пайыздан астам емес, бірақ осы эмитенттің меншікті капиталының мөлшерінен жиырма бес пайызынан астам емес. Бұл ретте, Қоғамның сақтандыру резервтерін облигацияларға жиынтық орналастыру бір эмиссия облигацияларының жалпы мөлшерінің жиырма бес пайызынан аспайды;

      2) Қазақстан Республикасының заңды тұлғаларының (Қазақстан Республикасының екінші деңгейдегі банктерін қоспағанда) және осы заңды тұлғаның аффилиирленген тұлғаларының облигацияларына жиынтық орналастыру - Қоғамның сақтандыру резервтерінен он пайыздан астам емес, бірақ осы эмитенттің меншікті капиталының мөлшерінен жиырма бес пайызынан астам емес;

      3) "Standard & Poor's" агенттігінің халықаралық шәкілі бойынша "А-"-тен төмен емес тәуелсіз рейтингі бар немесе басқа рейтингтік агенттіктердің бірінің осыған ұқсас деңгейдегі рейтингтік бағасы бар шет мемлекеттердің орталық үкіметтері шығарған, мемлекеттік мәртебесі бар бір мемлекеттің бағалы қағаздарына жиынтық орналастыру ("кері репо" операцияларын ескеріп) – Қоғамның сақтандыру резервтерінен он пайыздан астам емес;

      4) Қоғам активтері қатысуымен жасалатын "кері репо" мәмілелері – Қоғамның сақтандыру резервтерінен он пайыздан астам емес.

  Қазақстан Республикасы
Қаржы нарығын және қаржы
ұйымдарын реттеу мен қадағалау
агенттігі Басқармасының
2010 жылғы 1 наурыздағы
№ 29 қаулысына 3-қосымша

Өзара сақтандыру қоғамдарының сақтандыру резервтерін
қалыптастыруға, есептеу әдістемесіне және оның құрылымына
қойылатын талаптар туралы нұсқаулық

      Осы Өзара сақтандыру қоғамдарының сақтандыру резервтерін қалыптастыруға, есептеу әдісіне және оның құрылымына қойылатын талаптар туралы нұсқаулық (бұдан әрі - Нұсқаулық) "Өзара сақтандыру туралы" 2006 жылғы 5 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының 24-бабының 1-тармағына сәйкес әзірленді және өзара сақтандыру қоғамдары үшін сақтандыру резервтерінің құрылымы мен сақтандыру резервтерін есептеу әдісіне қойылатын талаптарды айқындайды.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Нұсқаулықтың мақсаты үшін мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:

      1) есептеу күні - сақтандыру резервтері есептелетін күн;

      2) күтілетін келтірілген құн - сақтандыру сыйлықақыларының (сақтандыру жарналарының) не сақтандыру төлемдерінің не пайыздық ставкасын және есептеу күні мен сақтандыру сыйлықақысының (жарналарының) келіп түскен күні не сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру күнінің арасындағы уақыт кезеңін ескере отырып есептелген (дисконтталған) шығыстардың күтілетін (ықтимал) құны;

      3) мәлімделген, бірақ реттелмеген шығындардың резервтері – сақтандыру шартының талаптарына сәйкес есептеу күніне дейін басталғаны жөнінде өзара сақтандыру қоғамына мәлімделген және сақтандыру төлемдері жүзеге асырылмаған немесе толық көлемде жүзеге асырылмаған, орын алған сақтандыру оқиғалары бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі өзара сақтандыру қоғамдарының міндеттемелері;

      4) нетто-сыйлықақы (бөліп төлеу кезіндегі нетто-жарналар) - өзара сақтандыру қоғамының өзге шығыстарын жабуды қоспағанда, сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру бойынша ғана міндеттеме алғаны үшін өзара сақтандыру қоғамына төлеуге жататын ақша сомасы;

      5) орын алған, бірақ мәлімделмеген шығындар резерві - өзара сақтандыру қоғамының басталуы туралы сақтандыру шартына сәйкес есептеу күніне дейін өзара сақтандыру қоғамына мәлімделмеген орын алған сақтандыру оқиғалары бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі міндеттемелері;

      6) орын алмаған шығындардың резерві - өзара сақтандыру қоғамының есептеу күнінде орын алмаған, бірақ сақтандыру шарты қолданылу кезеңінде болашақта орын алуы мүмкін болатын сақтандыру оқиғалары бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі міндеттемелері;

      7) реттелмеген талап - сақтандыру төлемі жүзеге асырылмаған немесе толық көлемде жүзеге асырылмаған сақтандыру шартына сәйкес сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру бойынша өзара сақтандыру қоғамына қойылған талап;

      8) таппаған сақтандыру сыйлықақысы - сақтандыру сыйлықақысының есептеу күнінен кейінгі сақтандыру шарты бойынша сақтандыруды қорғауды қолдану кезеңіне қатысты бөлігі.

2-тарау. Сақтандыру резервтерінің құрылымы

      2. Өзара сақтандыру қоғамы міндетті түрде қалыптастыратын сақтандыру резервтеріне:

      1) таппаған сыйлықақылар резерві - өзара сақтандыру қоғамы "жалпы сақтандыру" саласында сақтандыру шарттары бойынша қалыптастырады (бұдан әрі - ТСР);

      2) орын алмаған шығындардың резерві - өзара сақтандыру қоғамы "өмірді сақтандыру" саласында сақтандыру шарттары бойынша қалыптастырады (бұдан әрі - ОШР);

      3) шығындар резерві:

      орын алған, бірақ мәлімделмеген шығындардың резерві (бұдан әрі - ОМШР);

      мәлімделген, бірақ реттелмеген шығындардың резерві (бұдан әрі - МРШР) кіреді.

      3. Жасалған сақтандыру шарттары бойынша қосымша тәуекелдер бар болған кезде, өзара сақтандыру қоғамы жасалған сақтандыру шарттары бойынша тәуекелдерді өтейтін қосымша резервтерді қалыптастыруы тиіс.

3-тарау. Сақтандыру резервтерін есептеу әдістемесіне
қойылатын жалпы талаптар

      4. Сақтандырудың қолданыстағы шарттары бойынша қабылданған міндеттемелерді орындауды қамтамасыз ету үшін өзара сақтандыру қоғамында осы Нұсқаулыққа сәйкес есептелген мөлшерде қалыптастырылған сақтандыру резервтері болуы міндетті.

      5. Өзара сақтандыру қоғамы сақтандыру резервтерін сақтандырудың жекелеген әр сыныбы бойынша қалыптастырады.

      6. Сақтандыру резервтерін есептеу өзара сақтандыру қоғамы жасаған сақтандыру шарттарының талаптары негізінде осы Нұсқаулыққа және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес жүзеге асырылады.

      7. Өзара сақтандыру қоғамы сақтандыру резервтерін есептегенде сақтандыру резервтерін қамтамасыз ету үшін қалыптастырылған, бірақ 5 (бес) пайыздан жоғары емес, өзара сақтандыру қоғамының инвестициялық портфелі бойынша кірістілігінің болжамды деңгейіне тең тиімді жылдық пайыздық ставканы қолданады.

4-тарау. "Жалпы сақтандыру" саласы
§ 1. Таппаған сыйлықақылардың резерві

      8. ТСР сақтандыру шарты бойынша есептеу күнінен кейінгі сақтандыру шартының қолдану кезеңіне қатысты сақтандыру сыйлықақысын білдіреді.

      9. Сақтандыру шарты бойынша ТСР есептеу күнінде сақтандыру шарты бойынша сақтандыруды қорғаудың аяқталмаған қолдану мерзіміне тепе-тең есептелетін өлшемге тең. Таппаған сақтандыру сыйлықақысы, ауырған жағдайда сақтандыру сыныбы бойынша сақтандыру шарттарын қоспағанда, есептеу күнінде мерзімі өтпеген сақтандыру қорғаудың сақтандыру шарты бойынша сақтандыру қорғаудың қолдануының барлық мерзіміндегі қатынасына сақтандыру сыйлықақысының туындысы ретінде мынадай формула бойынша анықталады:

      Т1 - Т2

      ТСР = СС * -----------,

      Т1

      мұнда: СС - сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысы;

      Т1 - сақтандыру шарты бойынша сақтандыруды қорғау қолданылатын күндердің саны;

      Т2 - сақтандыру шарты бойынша сақтандыруды қорғауды қолдану басталған сәттен бастап есептеу күніне (қоса алғанда) дейін өткен күндердің саны.

      Ауырған жағдайда сақтандыру сыныбы жөніндегі сақтандыру шарттары бойынша таппаған сақтандыру сыйлықақысы есептеу күнінен кейін өзара сақтандыру қоғамына сақтандыру шартына сәйкес төлеуге жататын сақтандыру мен сақтандыру жарналары шарты бойынша сақтандыру қорғаудың қолдануының барлық мерзіміне мерзімін есептеу күнінде сақтандыру қорғаудың аяқталмаған қолданыс мерзімінің қатынасына сақтандыру сыйлықақысы туындысының айырмасы ретінде мынадай формула бойынша анықталады:

      Т1 - Т2

      ТСР = СС * ----------- - СЖ,

      Т1

      мұнда: СС - сақтандыру шарты бойынша сақтандыру сыйлықақысы;

      Т1 - сақтандыру шарты бойынша сақтандыруды қорғау қолданылатын күндердің саны;

      Т2 - сақтандыру шарты бойынша сақтандыруды қорғауды қолдану басталған сәттен бастап есептеу күніне (қоса алғанда) дейін өткен күндердің саны;

      СЖ - сақтандыру шартының талаптарына сәйкес есептеу күнінен кейін өзара сақтандыру қоғамына төленуге тиіс сақтандыру шарты бойынша сақтандыру жарналары.

      10. Осы сақтандыру сыныбының барлық шарттары бойынша таппаған сақтандыру сыйлықақыларының сомасы өзара сақтандыру қоғамының сақтандыру сыныбы бойынша резерві болып табылады.

§ 2. Орын алған, бірақ мәлімделмеген шығындардың резерві

      11. ОМШР-нің есебі осы Нұсқаулықтың 13-тармағына сәйкес жасалатын ипотекалық сақтандыру сыныбын қоспағанда, ОМШР-ны есептеу өзара сақтандыру қоғамының осы сақтандыру сыныбында сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру бойынша жинақталған статистикасын ескере отырып, әрбір сақтандыру сыныбы бойынша жеке жүргізіледі.

      12. Өзара сақтандыру қоғамында осы сақтандыру сыныбында сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру бойынша өзінің статистикасы болмағанда не осындай статистиканың деректері жеткіліксіз болғанда, сақтандыру сыныптары бойынша ОМШР-нің өлшемі МРШР-нің 50 пайызынан кем еместі құрауы тиіс. Егер МРШР-нің өлшемі нөлге тең болған жағдайда, онда ОМШР-нің мөлшері сақтандыру шарттары бойынша есептеу күнінің алдындағы соңғы он екі айда есептелген сақтандыру сыйлықақысы сомасының 5 пайызынан кем еместі құрауы міндетті.

      13. Ипотекалық сақтандыру сыныбы бойынша ОМШР-нің өлшемі есептеу күнінің алдындағы соңғы он екі айда сақтандыру шарттары бойынша есептелген базалық сақтандыру сыйлықақы сомасының 60 пайызынан кем еместі құрайды.

§ 3. Мәлімделген, бірақ реттелмеген шығындардың резерві

      14. МРШР есептеу күнінде әрбір мәлімделген, бірақ реттелмеген талаптар бойынша есептеледі. Мәлімделген шағым-талап осы шағым-талап бойынша шығын мөлшерін көрсете отырып, өзара сақтандыру қоғамының шығындарды есепке алу журналында сақтанушы сақтандыру жағдайы басталғандығы туралы сақтанушыға қолайлы кез келген тәсілмен не Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіпте хабарлаған сәттен бастап мәлімделген ретінде тіркеледі.

      15. МРШР-нің мөлшері мынадай өлшемге тең болады:

      МРШР = Т + ТШ

      мұнда:

      Т - сақтандыру шарттары бойынша мәлімделген шағым-талаптар бойынша жүзеге асырылатын сақтандыру төлемдері;

      ТШ - өзара сақтандыру қоғамының мәлімделген талаптар бойынша сақтандыру төлемдерін қарауға, реттеуге, мөлшерін белгілеуге тікелей байланысты жүзеге асырылатын шығыстары.

      Өзара сақтандыру қоғамының мәлімделген талаптар бойынша сақтандыру төлемдерін қарауға, реттеуге, мөлшерін белгілеуге тікелей байланысты жүзеге асырылатын шығыстары өзара сақтандыру қоғамының нақты шығыстары мөлшерінде есептеледі және мәлімделген, бірақ реттелмеген шығындар сомасының кемінде бір пайызы, бірақ кемінде екі айлық есептік көрсеткіште болуы тиіс.

      16. Егер жүзеге асырылатын сақтандыру төлемнің мөлшері белгіленбесе, онда МРШР-ні есептеу үшін осы Нұсқаулықтың 18-тармағына сәйкес өзара сақтандыру қоғамы алдын ала алған ақпаратқа қарай бағаланған сақтандыру төлемнің барынша жоғарғы ықтимал, бірақ сақтандыру сомасынан артпайтын мөлшері алынады.

      17. Осы Нұсқаулықтың 18-тармағында көрсетілген МРШР-нің өлшемі сақтанушының есептеу күнінде өзара сақтандыру қоғамына сақтандыру сыйлықақыларын (сақтандыру жарналарын) төлеу бойынша берешегінің сомасына азаюы мүмкін.

      18. Өзара сақтандыру қоғамы шағым-талап мәлімделген сәттен бастап ол бойынша сақтандыру төлемін жүзеге асырған не сақтандырушының сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тарту туралы шешімі шыққан, не сақтанушының ол бойынша сақтандыру төлемін алудан жазбаша бас тартқан (күндердің қайсысы бұрын басталатындығына байланысты) сәтіне дейінгі үш жыл ішінде МРШР-нің мөлшерін қалыптастырады.

5-тарау. "Өмірді сақтандыру" саласы

      19. "Өмірді сақтандыру" саласында сақтандыру қызметін жүзеге асыратын өзара сақтандыру қоғамының сақтандыру резервтерін есептеу өзара сақтандыру қоғамы сақтандырылушының қайтыс болу тәуекелін өтемеген жағдайларда, сақтандырушының инвестициялық кірісіне сақтанушының қатысуымен өмірді сақтандыру шарттарын қоспағанда, әрбір сақтандыру шарты бойынша жеке, сондай-ақ:

      1) өмірді жинақтаушы емес сақтандыру;

      2) өмірді жинақтаушы сақтандыру;

      3) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруды бастау мерзімдері есептеу күнінен кейін болатын аннуитет;

      4) сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруды бастау мерзімдері есептеу күніне дейін басталған аннуитет шарттарының түрлері бойынша жеке жүргізіледі.

      20. "Өмірді сақтандыру" саласында сақтандыру қызметін жүзеге асыратын өзара сақтандыру қоғамының жазатайым жағдайдан сақтандыру сыныбы бойынша және ауырған жағдай сақтандыру сыныбы бойынша сақтандыру резервтерін есептеу осы Нұсқаулықтың 4-тарауына сәйкес жүзеге асырылады.

§ 1. Өмірді сақтандыру шарттары
бойынша орын алмаған шығындар резерві

      21. Өмірді сақтандыру шарттары бойынша ОШР есептеу күніндегі қолданыстағы өмірді сақтандырудың барлық шарттары бойынша орын алмаған шығындар резервтерінің сомасы ретінде есептеледі.

      22. Әрбір өмірді сақтандыру шарты бойынша ОШР мынадай екі өлшемнің бірінің ең жоғары өлшеміне тең:

      1) ОШР 1 = Тккқ + ТШккқ + ОШккқ - СЖккқ,

      мұнда, Тккқ - сақтандыру шартының талаптарында көзделген сақтандыру төлемдерінің келтірілген күтілетін құны;

      ТШккқ - өзара сақтандыру қоғамының сақтандыру төлемдерін қарауға, реттеуге, мөлшерін белгілеуге тікелей байланысты шығыстарының келтірілген күтілетін құны;

      ОШккқ - өзара сақтандыру қоғамының іс жүргізуге байланысты операциялық шығыстарының келтірілген күтілетін құны;

      СЖккқ - есептеу күнінен кейін өзара сақтандыру қоғамы алуы тиіс сақтандыру жарналарының келтірілген күтілетін құны (сақтандыру сыйлықақысын бір жолғы төлегенде);

      2) ОШР 2 = Тккқ - СНЖккқ,

      мұнда, Тккқ - сақтандыру шартының талаптарында көзделген сақтандыру төлемдерінің тек қана сақтандыру жағдайы басталған кездегі келтірілген күтілетін құны (сақтандыру шартында белгіленген кезең аяқталуы бойынша жүзеге асырылатын сақтандыру төлемдерін есепке алмастан);

      СНЖккқ - өзара сақтандыру қоғамы тек қана сақтандыру жағдайының басталуымен байланысты сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру бойынша қабылдаған міндеттемелері үшін есептеу күнінен кейін алуы тиіс сақтандыру нетто-жарналарының (сақтандыру нетто-сыйлықақысын бір жолғы төлегенде) келтірілген күтілетін құны (сақтандыру шартында белгіленген кезең аяқталуы бойынша жүзеге асырылатын сақтандыру төлемдерін есепке алмастан).

§ 2. Аннуитет шарттары бойынша орын алмаған
шығындардың резерві

      23. Аннуитет шарты бойынша ОШР есептеу күні қолданыстағы барлық аннуитет шарттары бойынша орын алмаған шығындар резервтерінің сомасы ретінде есептеледі.

      24. Жеке аннуитет шарты бойынша ОШР мынадай өлшемге тең:

      ОШР = Тккқ + ОШккқ - СЖккқ,

      мұнда, Тккқ - аннуитет шартының талаптарында көзделген сақтандыру төлемдерінің келтірілген күтілетін құны;

      ОШккқ - өзара сақтандыру қоғамының аннуитет шарты бойынша іс жүргізуге байланысты операциялық шығыстарының келтірілген күтілетін құны;

      СЖккқ - есептеу күнінен кейін өзара сақтандыру қоғамы алуы тиіс сақтандыру жарналарының келтірілген күтілетін құны (сақтандыру сыйлықақысын бір жолғы төлегенде). Сақтандыру төлемдерін жүзеге асыруды бастау мерзімі есептеу күніне дейін басталған аннуитет шарты үшін СЖккқ нөлге тең.

      25. Аннуитет шарты бойынша тұрақты сақтандыру төлемдерінің мөлшерін арттыру кезінде, ОШР:

      осы Нұсқаулықтың 27-тармағына сәйкес сақтандыру төлемдері кезеңінде айқындалады. Сақтандыру төлемдерінің келтірілген күтілетін құнын есептеу сақтандыру төлемдерінің мөлшеріне жасалған арттыруды есепке ала отырып жүзеге асырылады;

      жинақтау кезеңінде мына өлшемдердің барынша жоғарғысы сияқты айқындалады:

      1) сақтандыру төлемдерінің келтірілген күтілетін құнына қосылған осы Нұсқаулықтың 27-тармағына сәйкес айқындалған ОШР мөлшері (сақтандыру төлемдерінің мөлшерін арттырмай). Сақтандыру төлемінің күтілетін құны аннуитет шарты бойынша қосымша кірістердің есептелген және бөлінген мөлшеріне тең;

      2) осы Нұсқаулықтың 27-тармағына сәйкес айқындалған ОШР мөлшері (өзара сақтандыру қоғамының қосымша кірістерінің есебінен аннуитет шарты бойынша сақтандыру төлемдерінің мөлшерін арттыруды есепке ала отырып).

§ 3. Орын алған, бірақ мәлімделмеген шығындардың резерві

      26. Өмірді жинақтаушы емес сақтандыру шарттары бойынша ОМШР өзара сақтандыру қоғамының осы сақтандыру түрі бойынша сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі жинақталған статистикасын ескере отырып есептеледі.

      Өзара сақтандыру қоғамында сақтандыру төлемдерін жүзеге асыру жөніндегі меншікті статистика болмаған не осындай статистиканың деректері жеткіліксіз болғанда, ОМШР шамасы МРШР-нің елу пайызынан кем еместі құрауы тиіс. Егер МРШР-нің мөлшері нөлге тең болған жағдайда, ОМШР шамасы есеп айырысу күнінің алдындағы соңғы он екі айда сақтандыру шарттары бойынша есептелген сақтандыру сыйлықақылары сомасынан бес пайыздан кем еместі құрауы тиіс.

      27. Аннуитет шарттары бойынша, сондай-ақ жинақтаушы өмір сақтандыру шарттары бойынша ОМШР нөлге тең.

§ 4. Мәлімделген, бірақ реттелмеген шығындардың резерві

      28. Өмірді сақтандыру шарттары бойынша МРШР есептеу күніндегі әрбір мәлімделген, бірақ реттелмеген талаптар бойынша есептеледі.

      29. Өмірді сақтандыру шарттары бойынша МРШР мынаған тең болады:

      МРШР = Т + КШ,

      мұнда:

      Т - реттелмеген шағым-талаптар бойынша сақтандыру төлемдерінің күтілетін құны;

      КШ - өзара сақтандыру қоғамының сақтандыру төлемдерін қарауға, реттеуге, мөлшерін белгілеуге тікелей байланысты жүзеге асырылатын шығыстарының күтілетін құны.

      Өзара сақтандыру қоғамының мәлімделген шағым-талаптар бойынша сақтандыру төлемдерін қарауға, реттеуге, мөлшерін белгілеуге тікелей байланысты шығыстарының күтілетін құны өзара сақтандыру қоғамының нақты шығыстар мөлшерінде есептеледі. Осындай шығыстардың күтілетін құны мәлімделген, бірақ реттелмеген шығындар сомасынан бір пайыздан кем емес, бірақ кез келген жағдайда екі айлық есептік көрсеткіштен кем емес болуы тиіс.

      30. Өзара сақтандыру қоғамы шағым-талап туралы мәлімделген сәттен бастап ол бойынша сақтандыру төлемін жүзеге асырған не өзара сақтандыру қоғамының сақтандыру төлемін жүзеге асырудан бас тартуы туралы шешім шыққан, не сақтанушының ол бойынша сақтандыру төлемін алудан жазбаша бас тартқан (күндердің қайсысы бұрын басталатындығына байланысты) сәтіне дейін МРШР-нің қалыптасқан мөлшерінің болуын қамтамасыз етеді.

      31. Аннуитет шарттары бойынша МРШР нөлге тең.

      32. Осы Нұсқаулықтың 31-тармағында көрсетілген МРШР-нің шамасы сақтанушының есептеу күніндегі өзара сақтандыру қоғамының алдындағы берешегінің сомасына азаюы мүмкін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады