Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеу, сараптама жасау және басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 17 қарашадағы N 527 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2010 жылы 24 қарашада N 6653 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2012 жылғы 24 шілдедегі № 344 Бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Білім және ғылым министрінің 2012.07.24 № 344 (алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      Оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың сапасын арттыру мақсатында және «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеу, сараптама жасау және басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру ережесі бекітілсін.
      2. Мектепке дейінгі және орта білім департаменті (Ү.Б. Жексенбаева) осы бұйрықты белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуге ұсынсын.
      3. «Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеу, сараптама жасау және басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 12 шілдедегі № 371 бұйрығының (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2010 жылғы 9 тамызда № 6378 тіркелген, «Егемен Қазақстан» газетінің 2010 жылғы 28 тамыздағы № 351-352 (26195) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Білім және ғылым вице-министрі М.Н. Сарыбековке жүктелсін.
      5. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                          Б. Жұмағұлов

Қазақстан Республикасы   
Білім және ғылым министрінің
2010 жылғы 17 қарашадағы  
№ 527 бұйрығымен бекітілген

Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеу, сараптама жасау және басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру ережесі

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеу, сараптама жасау және басып шығару жөніндегі жұмысты ұйымдастыру ережесі (бұдан әрі - Ереже) «Білім туралы» Қазақстан Республикасының 2007 жылғы 27 шілдедегі Заңының 5-бабының 27) тармақшасына сәйкес әзірленген және барлық деңгейдегі білім беру ұйымдары үшін оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеу, сараптама жасау және басып шығару тәртібін анықтайды.
      2. Осы Ережеде мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:
      1) баспа - баспа өнімдерін әзірлеуді және басып шығаруды іске асыратын кәсіпорын;
      2) оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың макеті - баспа тәсілімен шығарылған оқу әдебиетінің үлгісі;
      3) әдіскер - қандай да бір оқу пәнін оқыту әдістемесі саласындағы маман;
      4) оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдар әзірлеуші - оқулықтардың, оқу әдістемелік кешендер мен құралдардың мазмұнын жоспарлаумен, жазумен және ресімдеумен айналысатын жеке немесе заңды тұлға;
      5) уәкілетті орган - білім беру саласындағы басшылықты және салааралық үйлестіруді жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының орталық атқарушы органы;
      6) оқулық - білім алушылардың мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына (бұдан әрі - МЖББС) және оқу бағдарламасына сәйкес игеру үшін міндетті оқу материалы жүйелі түрде мазмұндалған нақты пән бойынша оқытуға арналған негізгі кітап;
      7) оқу-әдістемелік кешен - оқу-тәрбие процесінде қолданылатын және оқу бағдарламаларында көзделген білімді кеңейтуге, тереңдетуге және үздік меңгеруге арналған оқу құралдарының кешені (хрестоматия, оқуға арналған кітап, оқу-әдістемелік құралдар, жұмыс дәптері, әдістемелік әзірленімдер, тапсырмалар мен жаттығулар жинақтары, диктанттар мен мазмұндамалар жинақтары, сөздіктер, дидактикалық материалдар, тест материалдары, аудиовизуалды және мультимедиалық құралдар, электронды оқулық, интерактивті тақтаға арналған электронды құрал, сыныптан тыс оқуға арналған қосымша әдебиеттер және басқалар);
      8) оқу әдебиеті - оқытудың, тәрбиелеу мен дамытудың мақсаттары мен міндеттеріне жауап беретін оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендердің, құралдардың жиынтығы;
      9) оқу-әдістемелік құрал - оқу бағдарламаларында (әдістемелік басшылық, дәптерлер, сөздіктер, карталар және басқалар) көзделген оқу материалын кеңейтуге, тереңдетуге және үздік меңгеруге арналған және оқу пәнін, оның жеке бөлімдерін немесе/және жекелеген бөлімдерін оқыту мен зерделеу әдістемесі бойынша материалдары бар оқу басылымы;
      10) оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды сараптау - оқулық, оқу-әдістемелік кешен мен құрал мазмұнының МЖББС-ға, оқу бағдарламаларына сәйкестігін, оқытудың тиісті деңгейінде толық көлемде пәнді оқыту сабақтастығының сақталуына (оқулықтың пәндік желісінің аяқталуы), оқулық, оқу-әдістемелік кешен мен құрал мазмұнының ғылыми негізділігін, білім алушылардың жас және психологиялық ерекшеліктері ескерілген материалды мазмұндау әдістемесін, оқулық, оқу-әдістемелік кешен мен құрал құрылымына және аппаратына қойылатын дидактикалық талаптарды бағалау.

2. Оқулықтарды, оқу әдебиеттерін, оқу-әдістемелік кешендерді және құралдарды әзірлеу жұмысын ұйымдастыру тәртібі

      3. Оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдар әзірлеуді оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың мазмұнын жоспарлаумен, жазумен және ресімдеумен айналысатын жеке немесе заңды тұлға жүзеге асырады.
      Әзірлеуші құрамына сала бойынша ғалымдар, әдіскерлер және практик-педагогтер кіретін авторлық ұжым құрады.
      4. Білім беру ұйымдары үшін оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдар МЖББС-ға, оқу бағдарламаларына сәйкес білім алушылардың жас және психологиялық ерекшеліктері есепке алына отырып әзірленеді.
      5. Оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдар комплектіде (хрестоматия, оқуға арналған кітап, оқу-әдістемелік құралдар, жұмыс дәптері, әдістемелік әзірленімдер, тапсырмалар мен жаттығулар жинақтары, диктанттар мен мазмұндамалар жинақтары, сөздіктер, дидактикалық материалдар, тест материалдары, аудиовизуалды және мультимедиалық құралдар, электронды оқулық, интерактивті тақтаға арналған электронды құрал, сыныптан тыс оқуға арналған қосымша әдебиеттер және басқалар) әзірленеді.
      6. Оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеу дәлелденген, негізделген қазіргі заманғы ғылыми ұстанымдардың негізінде жүзеге асырылады.
      7. Оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдар әзірлеу барысында: әзірлеуші білім алушылардың жас және психологиялық ерекшеліктерін есепке алады, материалды мазмұндаудың тиімді әдістерін  және оқытудың технологияларын қолданады.
      8. Әзірлеуші оқытудың тиісті деңгейінде толық көлемде пәнді оқыту сабақтастығын (оқулықтың пәндік желісінің аяқталуы) және пәнаралық байланысты қамтамасыз етеді.
      9. Әзірлеуші оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әр 4 жыл сайын МЖББС-дағы, оқу бағдарламаларындағы, қазіргі заманғы әлемдегі ғылыми ұстанымдардағы өзгерістерді есепке ала отырып пысықтайды.
      10. Әзірлеуші оқулықтарда, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарда қолданылған материалдардың сапасын және шынайылығын қамтамасыз етеді.
      11. Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеуге және өңдеуге байланысты барлық шығыстарды әзірлеуші көтереді.
      12. Мемлекеттік тапсырыс бойынша оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдар әзірлеу республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

3. Оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды сараптау бойынша жұмысты ұйымдастыру тәртібі

      13. Уәкілетті орган оқулықтарды, оқу әдебиетін, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды сараптауды ұйымдастырады.
      14. Оқу пәні бойынша типтік оқу бағдарламасының құрылымына және мазмұнына сәйкес МЖББС-ның, оның тармағының, бөлімінің компоненті ретінде оку пәні мазмұнының жүйелі баяндалғанын қамтитын оқулық, оқу-әдістемелік кешен мен құрал сараптама объектісі болып табылады.
      15. Сараптама оқулықтар оқу-әдістемелік кешендер мен құралдар мазмұнының мемлекеттік жалпыға міндетті білім беру стандарттарына, оку бағдарламаларына сәйкестігіне, оқытудың тиісті деңгейінде толық көлемде пәнді оқыту сабақтастығының сақталуына (оқулықтың пәндік желісінің аяқталуы), оқулық, оқу-әдістемелік кешен мен құрал мазмұнының ғылыми негізділігін анықтауға, білім алушылардың жас және психологиялық ерекшеліктері ескерілген материалды мазмұндау әдістемесіне, оқулық, оқу-әдістемелік кешен мен құрал құрылымына және аппаратына қойылатын дидактикалық талаптарға сәйкестігіне жүргізіледі.
      16. Сараптаманы «Оқулық» республикалық ғылыми-практикалық орталығы (бұдан әрі - «Оқулық» орталығы) жүргізеді.
      Ескерту. 16-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 2011.09.20 № 398 (алғаш рет ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      17. Сараптама білім беру ұйымдарының және басқа да ұйымдардың аталған оқу әдебиетінің бейініне сәйкес келетін жетекші ғалымдарын, әдіскерлерін және практиктерін тарта отырып жүргізіледі.
      18. Сараптама жүргізу үшін қаңтардан бастап шілденің аяғына дейін әзірлеуші Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігіне төмендегілер көрсетілген өтініш жолдайды:
      МЖББС-дағы оқу пәнінің атауына сәйкес оқулық, оқу-әдістемелік кешен мен құрал атауы, сынып, оқу әдебиетінің мұқабасына сәйкес автор(лар)дың инициалдары мен фамилиясы;
      сараптамаға ұсынылған даналардың саны;
      баспа атауы.
      Өтінішке:
      оқулық, оку-әдістемелік кешен мен құрал немесе олардың макеттерінің 3 данасы;
      педагог-практиктің, әдіскердің, әдіскер-ғалымның немесе тиісті (аралас) сала бойынша ғылыми ұйымның, жоғары білім мамандығы бойынша оқу-әдістемелік секцияның 3 рецензиясы.
      19. Уәкілетті орган ұсынылған материалдардың жиынтығын осы Ереженің 18-тармағына сәйкес анықтайды және «Оқулық» РҒПО-ға сараптамаға жолдайды. Материалдардың толық жиынтығы ұсынылмаған жағдайда күнтізбелік 15 күннің ішінде уәкілетті орган әзірлеушіге материалдардың талаптарға сәйкессіздігі туралы хабарлайды.
      20. <*>
      Ескерту. 20-тармақ алынып тасталды - ҚР Білім және ғылым министрінің 2011.09.20 № 398 (алғаш рет ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      21. «Оқулық» орталығы бір оқулықтың, оқу-әдістемелік кешен мен құралдың сараптамасын осы Ереженің 18-тармағында көрсетілген материалдардың сараптамаға түскен күнінен бастап күнтізбелік алпыс күннен аспайтын мерзімде өткізеді.
      Ескерту. 21-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 2011.09.20 № 398 (алғаш рет ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      22. Сараптамалық шешім ұйымның бланкісінде сараптамалық қорытынды түрінде ресімделеді, онда:
      сараптамалық қорытындының мерзімі және тіркеу нөмірі;
      оқулық, оқу-әдістемелік кешен мен құрал автор(лар)ының фамилиясы мен инициалдары;
      оқу әдебиетінің атауы;
      сынып;
      баспа атауы көрсетіледі.
      Сараптама қорытындысында осы Ереженің 15-тармағында мазмұндалған сараптама міндеттеріне оқулық, оқу-әдістемелік кешен мен құрал мазмұнының сәйкестігі немесе сәйкессіздігі туралы дәлелдің және объективті біржақты шешім болуы тиіс.
      23. Сараптамалық қорытындыға сараптамалық ұйым басшысының немесе басшының міндетін атқарушы тұлғаның қолы қойылады.
      Сараптамалық қорытынды қол қойылған күнінен бастап 3 жұмыс күнінің ішінде уәкілетті органға хатпен жіберіледі.
      24. Сараптама қорытындысының сапасы мен дұрыстығын сараптамалық ұйымның басшысы қамтамасыз етеді.
      25. «Оқулық» орталығы теріс сараптамалық нәтиже ұсынған жағдайда уәкілетті орган оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың әзірлеушісін күнтізбелік он бес күннің ішінде хабардар етеді.
      Қайта сараптама күнтізбелік отыз күннің ішінде өткізіледі.
      Қайтадан теріс сараптамалық нәтиже алған оқулық, оқу-әдістемелік кешен мен құрал ағымдағы жылы сараптамаға қабылданбайды.
      Ескерту. 25-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Білім және ғылым министрінің 2011.09.20 № 398 (алғаш рет ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      26. Оқулық авторы сараптама нәтижелерімен келіспеген жағдайда әзірлеуші Оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдар сараптамасының нәтижелерін қарастыру жөніндегі республикалық кеңесте (бұдан әрі - Республикалық кеңес) сараптау қорытындысын қайта қарау туралы шағым бере алады.
      27. Сараптамаға ұсынылған оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдар әзірлеушіге қайтарылмайды.
      28. Оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың сараптамасы республикалық бюджет қаражаты есебінен жүргізіледі.

4. Республикалық кеңес

      29. Алқалық және жариялық түрде шешім қабылдау үшін уәкілеттік орган республикалық кеңес құрады.
      Республикалық кеңестің құрамын уәкілетті орган бекітеді.
      30. Республикалық кеңес Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің жанындағы кеңестік орган болып табылады.
      31. Республикалық кеңес келесі қызметтерді орындайды:
      1) оқулықтар, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың сараптама қорытындыларын бағалауды жүзеге асыру;
      2) Білім беру ұйымдарында қолдануға ұсынылған оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың тізбесіне (бұдан әрі - Тізбе) оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды енгізу туралы ұсынымдар дайындау.
      32. Республикалық кеңес Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттарынан, мемлекеттік, қоғамдық және үкіметтік емес ұйымдардың, педагогикалық және ғылыми қоғамның өкілдерінен құралады.
      Республикалық кеңестің жұмыс органы Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігі (бұдан әрі - жұмыс органы) болып табылады.
      33. Республикалық кеңестің төрағасын Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі тағайындайды.
      34. Республикалық кеңестің төрағасы Республикалық кеңестің қызметіне жалпы басшылықты жүзеге асырады.
      35. Республикалық кеңес сараптамалық қорытындыларды қарастырады  және оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың сараптама қорытындыларына баға береді.
      36. Республикалық кеңес сараптама нәтижелері бойынша оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың белгіленген талаптарға сәйкестігі туралы шешім қабылдайды.
      37. Республикалық кеңес Тізбеге оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды енгізу туралы ұсынымдар дайындайды.
      38. Оқулық авторының сараптама нәтижелерімен келіспеуі туралы өтініш түскен жағдайда Республикалық кеңес тәуелсіз сараптама жүргізеді.
      39. Республикалық кеңестің шешімі отырысқа қатысқан мүшелер санының жартысынан көбі оған дауыс берген жағдайда қабылданған болып есептеледі.
      40. Республикалық кеңестің шешімдері төрағаның немесе оның орынбасарының, хатшының қолы қойылған хаттамамен ресімделеді және Министрліктің тиісті департаменттеріне ұсынылады.
      41. Республикалық кеңес теріс шешім шығарған жағдайда уәкілетті орган оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың әзірлеушісін күнтізбелік 15 күннің ішінде хабардар етеді.
      42. Республикалық кеңес уәкілетті органға оқулықтардың,  оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың сапасын жетілдіру мәселелері бойынша ұсыныстар енгізеді.
      43. Республикалық кеңестің отырыстары қажеттілік бойынша, бірақ жылына кемінде бір рет өткізіледі. Республикалық кеңес мүшелері санының жартысынан көбі қатысқан жағдайда отырыс заңды болып табылады.
      44. Жұмысшы орган Республикалық кеңестің отырыстарын ұйымдастырады, материалдардың дайындығын қамтамасыз етеді, құжаттарын жүргізеді.

5. Білім беру ұйымдарында қолдануға ұсынылған оқулықтардың, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдардың тізбесін қалыптастыру тәртібі

      45. Білім беру ұйымдарында қолдануға ұсынылмаған оқулықтарды, оқу-әдістемелік кешендер мен құралдарды әзірлеуші пысықтайды, өзгерістер мен толықтырулар енгізеді, қайта сараптамаға осы Ереженің 18-тармағына сәйкес уәкілетті органға қорытынды алған күннен бастап кемінде 2 айдан кейін жолдайды.
      46. Республикалық кеңес хаттамасының негізінде білім беру саласындағы уәкілетті орган Тізбені қалыптастырады және бекітеді.
      Тізбе Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрлігінің www.edu.gov.kz сайтында жарияланады.
      47. Тізбеге бір оқу пәні бойынша бес балама оқулық, оқу-әдістемелік кешен мен құралдан артық болмайтындай оку әдебиеті енгізіледі. Тізбе білім беру ұйымдарының таңдау мүмкіндігін көздейді.
      Тізбе келесі 4 оқу жылы бойы қолданыста болады.
      Ескерту. 47-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Білім және ғылым министрінің 2011.09.20 № 398 (алғаш рет ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.
      48. Білім беру ұйымдарында қолдануға ұсынылған оқулықтар, оқу- әдістемелік кешендер мен құралдар әзірлеушінің қаражаты есебінен басылып шығарылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады