"Кредиттік оқыту Технологиясы бойынша оқу үдерісін ұйымдастырудың ережесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2007 жылғы 22 қарашадағы № 566 бұйрығына өзгерістер мен толықтырулар енгізу туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2010 жылғы 30 шілдедегі № 404 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 23 тамызда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6406 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 20 сәуірдегі № 152 бұйрығымен.

      Күші жойылды - ҚР Білім және ғылым министрінің 2011.04.20 № 152 (алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      «Білім туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 5-бабының 25) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. «Кредиттік оқыту технологиясы бойынша оқу үдерісін ұйымдастырудың ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2007 жылғы 22 қарашадағы № 566 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5043 тіркелген және «Заң газетінің» 2008 жылғы 25 қаңтардағы № 12 (1238) санында жарияланған)) мынадай өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Кредиттік оқыту технологиясы бойынша оқу үдерісін ұйымдастыру ережесінде:
      6-тармақта:
      3) тармақшада «қорытынды аттестаттаудың» деген сөздер «аралық аттестаттау» деген сөздермен ауыстырылсын;
      8) тармақшада «тиісті білім деңгейіндегі» деген сөздер алынып тасталсын;
      9) тармақшада «аралық аттестаттауды өткізудің нысандары білім алушылардың білімін модульді-рейтингтік тексеру және емтихан болып табылады: жазбаша, тестілеу, ауызша, біріктірілген» деген сөздер алынып тасталсын;
      11) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «11) білім алушылардың оқу жетістіктерін бақылау (ол ағымдық, рубеждік және қорытынды) - жоғары оқу орны өзі айқындайтын бақылаудың әртүрлі нысанымен және аттестаттаумен білім алушылардың оқу жетістіктерін тексеру;»;
       23) тармақша мынадай редакцияда жазылсын:
      «23) білім алушылардың үлгеріміне ағымдық бақылау - академиялық кезең ішінде, кестеге сәйкес оқытушылар өткізетін аудиториялық және аудиториялардан тыс сабақтарда студенттердің білімін кәсіптік оқу бағдарламасына сәйкес жүйелі түрде тексеру;»;
      мынадай мазмұндағы 27) - 29) тармақшамен толықтырылсын:
      «27) оқу жетістіктерін бағалаудың балдық рейтингтік әріптік жүйесі халықаралық тәжірибеде қабылданған әріптік жүйеге сәйкес келетін және білім алушылардың рейтінгін белгілеуге мүмкіндік беретін балл түріндегі білім деңгейін бағалау жүйесі;
      28) Трансферт және кредиттерді жинақтаудың еуропалық жүйесі (ТКЕЖ) - студенттің оқу жүктемесін анықтауға негізделген, оқыту нәтижелерінің терминдерінде көрсетілген бағдарламаның мақсаттарына қол жеткізу үшін қажетті жүйе;
      29) екі дипломдық білім - екі тең бағалы диплом (Double Major) немесе бір негізгі және екінші қосымша диплом (Major Minor) алу мақсатында екі оқу жоспары бойынша параллельді білім алу мүмкіндігі;»;
      35-тармақ мынандай редакцияда жазылсын:
      «35. Білім алушылардың аралық аттестаттауын ұйымдастыру және өткізу офис Регистраторға жүктеледі. Аралық аттестаттауды бағалау аталған оқу пәні бойынша білімді қорытынды бағалаудың 30 %-ынан кем емес құрайды.»;
      мынадай мазмұндағы 35-1 - 35-4 тармақтармен толықтырылсын:
      «35-1. Пән бойынша қорытынды бағалау рұқсат беру рейтингі бағасын және қорытынды бақылауды қамтиды.
      Оң қорытынды баға тиісті пән бойынша белгіленген кредит санымен игерілген кредиттерді толықтыруға негіз болады және студенттің транскрипіне жазылады.
      Білім алушылар қорытынды бақылаудан (емтиханнан) «қанағаттанарлықсыз» деген баға алған жағдайда пән бойынша қорытынды баға есептелмейді.
      Қорытынды бақылауда қанағаттанарлық бағаны көтеру мақсатында қайта тапсыруға рұқсат етілмейді.
      35-2. «Қанағаттанарлықсыз» бағасын оң бағаға қайта тапсыру үшін студент келесі академиялық кезеңдерінің бірінде немесе жазғы семестрде сол пән бойынша оқу жұмыс жоспарында қарастырылған барлық сабақ түрлеріне қайта қатысып, рұқсат алады және қорытынды бақылау тапсырады.
      35-3. Қорытынды бақылаудың бағасымен келіспейтін білім алушылар емтихан өткізілген күннен кейінгі күннен кешіктірмей апелляцияға береді.
      ЖОО басшысының бұйрығымен емтихан сессиясы кезеңіне (аралық аттестаттау) апелляцияланатын пәндерге мамандығы сәйкес келетін оқытушылардан апелляциялық комиссия құрылады.
      35-4. Өту балының төменгі деңгейін жинаған және келесі курсқа ауыстырылған академиялық берешегі бар білім алушылар сол пәнді ақылы негізде қайта оқып, академиялық қарыздарын жоюы тиіс»;
      мынадай мазмұндағы 39-1, 39-2 тармақтармен толықтырылсын:
      «39-1. Офис регистратор емтихан сессияларының қорытындысы бойынша жаздық семестр нәтижелерін есепке ала отырып, студенттің оқу жетістіктері деңгейінің ортасалмақ бағасы болатын өту балын есептейді.
      Курстан курсқа көшіру үшін өту балының төменгі деңгейінің көлемін ЖОО-ның өзі белгілейді.
      39-2. Ең төменгі өту балын ала алмаған білім алушылар оқу курсын қайта оқуға қалдырылады.
      Курс бағдарламасынан толығымен өтіп, бірақ белгіленген өту балының ең төменгі деңгейіне жете алмаған білім алушыларға өзінің орташа үлгерім балын (GРА) жоғарылатуы үшін жазғы семестрде белгілі бір пәндерді (мемлекеттік емтихан тапсырылатын «Қазақстан тарихы» пәнінен басқа) белгіленген тәртіп бойынша, ақылы түрде қайта оқуына және сол пәндерден қайта емтихан тапсыруына мүмкіндік беріледі.
      Оқу курсына қайта қалдырылған білім алушылар бұрын қабылданған жеке оқу жоспары немесе жаңа жеке оқу жоспары бойынша білім ала алады.»;
      41-тармақ мынандай редакцияда жазылсын:
      «41. Емтихандар мен сараланған сынақтарды А, А - «өте жақсы», В-, В, В+ - «жақсы» деген бағаға тапсырған және оқытудың барлық кезеңінде үлгерімінің орта балы 3,5- тен кем болмаса, сондай-ақ мемлекеттік емтихан мен диплом жұмысын (жобасын) А, А- «өте жақсы» бағаға тапсырған білім алушыға үздік диплом (әскери даярлығы бойынша бағасын ескермегенде) беріледі.»;
      мынадай мазмұндағы 42-тармақпен толықтырылсын:
      «42. Екі дипломды білім беру бағдарламасын жүзеге асыратын жоғары оқу орындары шетелдік жоғары оқу орындарымен игерілген кредиттерді қайта сынақтан өткізуді жоо-серіктесте қазақстандық кредиттерге және ТКЕЖ барабар жүзеге асыруы қажет»;
      мынадай мазмұндағы 43-тармақпен толықтырылсын:
      «43. Студенттерді ауыстыру және қайта қалпына келтіру кезінде оқу курсы пререквезиттерді ескере отырып айқындалады.».
      2. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті (Г.Н. Доғалова) белгіленген тәртіппен::
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өтуін қамтамасыз етсін;
      2) мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр М. Сарыбековке жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                    Ж. Түймебаев

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады