Ескерту. Күші жойылды - ҚР Білім және ғылым министрінің 15.01.2013 № 10 Бұйрығымен.
«Білім туралы» Қазақстан Республикасының Заңын іске асыру мақсатында БҰЙЫРАМЫН:
1. «Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына қабылдаудың үлгі ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2007 жылғы 25 желтоқсандағы № 651 бұйрығына (нормативтік құқықтық актілердің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5111 тіркелген, «Заң газетінің» 2008 жылғы 28 тамыздағы № 131 (1531) санында жарияланған) мынадай толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген бұйрықпен бекітілген Бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білімнің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына қабылдаудың үлгі ережесі мынадай мазмұндағы 5-тараумен толықтырылсын:
«5. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарына (қазақ-түрік лицейлеріне) қабылдау ерекшеліктері
17. Дарынды балаларға арналған мамандандырылған білім беру ұйымдарына (қазақ-түрік лицейлеріне) (бұдан әрі - ҚТЛ) алтыншы сыныпты бітірген балаларды қабылдау конкурстық негізде түсу емтихандарының нәтижесі бойынша жүзеге асырылады. ҚТЛ басшылары оқуға түсушілерді, олардың ата-аналарын немесе өзге де заңды өкілдерін қабылдау ережелерімен, жарғымен және ҚТЛ-де білім беру процесінің ұйымдастырылуын реттейтін басқа да құжаттармен таныстыруы қажет.
18. Оқушыларды қабылдауды ұйымдастыру және түсу емтихандарын өткізу мақсатында Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министірлігімен 2003 жылғы 17 наурызда Астана қаласында жасалған «Қазақстан Республикасындағы қазақ-түрік оқу орындарының білім беру саласындағы ынтымақтастығы туралы келісім» шеңберінде әрекет ететін «KATEV» Халықаралық Қоғамдық Қоры құрған орталық қабылдау комиссиясы жасақталады.
19. Жергілікті жерлерде түсу емтихандарын өткізу және емтихан парақтарын орталық қабылдау комиссиясына жіберу үшін ҚТЛ басшылары үш педагогтен тұратын жергілікті қабылдау комиссиясын құрады.
20. ҚТЛ-ге түсу емтихандары екі кезеңнен тұрады:
бірінші кезең – тестілеу нысанында өткізіледі және жетінші сыныпқа дейінгі математика курсы бойынша бағдарламалық материалдардан және логика бойынша сұрақтардан тұрады. Сұрақтардың жалпы саны - 60. Тестілеу оқушының таңдауы бойынша қазақ немесе орыс тілдерінде өткізіледі. Тестілеуге 1 сағат 40 минут беріледі.
екінші кезең – психологиялық–талдамалық тест. Түсу емтихандарының екінші кезеңінде оқушылар ҚТЛ интернаттарында 5-8 күн тұрады және олардың ұжымдық ортаға бейімделуін тексеретін және оқу материалын қабылдау деңгейін анықтайтын математика, қазақ, түрік және ағылшын тілдері бойынша курстарға қатысады.
21. Жергілікті комиссия бірінші кезеңнің қорытындылары бойынша тестілеу нәтижелерін конкурс (рейтинг) бойынша ең жоғарғы балл жинаған екінші кезеңге өтетін оқушылардың санын анықтайтын орталық қабылдау комиссиясына жібереді.
Бір сыныпты (25 адам) жинау кезінде екінші кезеңге 40-тан аспайтын оқушы шақырылады, ал екі (50 адам) немесе үш (75 адам) сынып жинау кезінде екінші кезеңге тиісінше 80-нен немесе 120-дан аспайтын оқушы шақырылады.
Екінші кезеңнің қорытындылары бойынша жергілікті комиссия әр сынып үшін хаттама жазып, оларды қабылдау туралы шешім шығару үшін орталық қабылдау комиссиясына жібереді.
22. Әрбір кезеңнің нәтижесі олар өткізілгеннен кейін он бес күнтізбелік күн өткен соң жарияланады. Қабылданған шешіммен келіспеген жағдайда оқушы апелляцияға бере алады. Апелляция нәтижелер жарияланғаннан кейін төрт күнтізбелік күн ішінде беріледі және апелляциялық комиссиямен қаралады.
23. Түсу емтихандарының қорытындылары бойынша орталық қабылдау комиссиясы лицейге ең жоғары балл жинаған және ҚТЛ басшыларының бұйрықтарымен бекітілген ҚТЛ-ге қабылдау құқығына ие болған оқушылар тізімін жолдайды.».
2. Мектепке дейінгі және жалпы орта білім департаменті (Н. Аршабеков):
1) осы бұйрықтың белгіленген тәртіппен Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
2) мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылауды өзіме қалдырамын.
4. Осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министрдің міндетін
атқарушы М. Сарыбеков