Сақтанушының сақтандыру ұйымының инвестицияларына немесе кірістеріне қатысу ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасының Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының 2010 жылғы 3 қыркүйектегі N 134 Қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2010 жылғы 11 қазанда Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 6540 болып енгізілді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2018 жылғы 27 тамыздағы № 190 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.08.2018 № 190 (01.10.2018 бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Заңының 12-бабының 5-тармағын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің (бұдан әрі - Агенттік) Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. Қоса беріліп отырған Сақтанушының сақтандыру ұйымының инвестицияларына немесе кірістеріне қатысу ережесі бекітілсін.

      2. Мынадай нормативтік құқықтық актілердің күші жойылды деп танылсын:

      1) Агенттік Басқармасының "Инвестициялық қызмет нәтижесінде сақтандыру ұйымы алған кірістерге сақтандырылушының (пайда алушының) қатысу ережесін бекіту туралы" 2006 жылғы 12 тамыздағы № 155 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 4399 тіркелген, 2006 жылғы 27 қазанда "Заң газеті" газетінің № 189 (1169) санында жарияланған) қаулысы;

      2) Агенттік Басқармасының "Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігінің кейбір нормативтік құқықтық актілеріне толықтырулар мен өзгерістер енгізу туралы" 2010 жылғы 29 наурыздағы № 49 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6204 тіркелген) қаулысы қосымшасының 7-тармағы.

      3. Талаптарында сақтанушының сақтандыру ұйымының инвестицияларына немесе кірістеріне қатысуы көзделген сақтандыру шарттарын жасасу жөніндегі қызметті жүзеге асыратын сақтандыру ұйымдары осы қаулы қолданысқа енгізілген күннен бастап отыз күнтізбелік күн ішінде өздерінің қызметін оның талаптарына сәйкес келтірсін.

      4. Осы қаулы бірінші рет ресми жарияланған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      5. Сақтандыру нарығының субъектілерін және басқа қаржы ұйымдарын қадағалау департаменті (Д.Ш. Қарақұлова):

      1) Заң департаментімен (Н.В. Сәрсенова) бірлесіп, осы қаулыны Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткізу шараларын қолға алсын;

      2) осы қаулы Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап он күндік мерзімде оны Агенттіктің мүдделі бөлімшелеріне, сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарына және "Қазақстан қаржыгерлерінің қауымдастығы" заңды тұлғалар бірлестігіне мәлімет үшін жеткізсін.

      6. Агенттіктің Төрайым Қызметі (А.Ә. Кенже) осы қаулыны Қазақстан Республикасының бұқаралық ақпарат құралдарында жариялау шараларын қолға алсын.

      7. Осы қаулының орындалуын бақылау Агенттік Төрайымының орынбасары А.Ө. Алдамбергенге жүктелсін.

Төрайым

Е. Бахмутова


  Қазақстан Республикасы
Қаржы нарығын және қаржы
ұйымдарын реттеу мен қадағалау
агенттігі Басқармасының
2010 жылғы 3 қыркүйек
№ 134 қаулысымен бекітілген

Сақтанушының сақтандыру ұйымының инвестицияларына немесе кірістеріне қатысу ережесі
1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже "Сақтандыру қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2000 жылғы 18 желтоқсандағы Заңының (бұдан әрі - Сақтандыру қызметі туралы Заң) 12-бабының 5-тармағына сәйкес әзірленді және сақтанушының сақтандыру ұйымының инвестицияларына немесе кірістеріне қатысу тәртібі мен ерекшеліктерін, сондай-ақ сақтанушының сақтандыру ұйымының инвестицияларына немесе кірістеріне қатысу талабын көздейтін сақтандыру шартының мазмұнына қойылатын талаптарды анықтайды.

      2. Осы Ереженің мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) ағымдық құн факторы - сақтанушының аннуитет есептелген күндегі жасынан жыл ішіндегі сақтандыру төлемдерін алу жасына дейінгі өмір сүруі және сақтандыру төлемдерінің мөлшерін есептеу үшін пайдаланылатын кірістіліктің тиімді пайыздық ставкасы сомасының кері шамасына тең болатын, тиісті дәрежедегі дисконттық фактор көрсеткіштері туындыларының сомасы, және 1:

      2) инвестициялық декларация - инвестициялау объектілерінің тізбесін, қордың активтеріне қатысты инвестициялық қызметтің мақсаттарын, стратегиясын, талаптары мен шектеулерін, қордың активтерін хеджирлеу мен әртараптандыру талаптарын анықтайтын құжат;

      3) инвестициялық портфельді басқарушы - өзінің атынан клиенттің мүддесінде және оның есебінен азаматтық құқық объектілерін басқару жөніндегі қызметті жүзеге асыратын бағалы қағаздар нарығының кәсіби қатысушысы;

      4) инвестициялық тәуекел - ішкі резерв қорының активтерін инвестициялауға байланысты тәуекел;

      5) қор - ішкі резерв қорының бөлігі болып табылатын және инвестициялық декларацияға сәйкес инвестицияланатын ақша сомасы;

      6) қор бірлігі - инвестициялық басқару нәтижесінде қор құнының өзгеруін сипаттау үшін пайдаланылатын қор үлесі;

      7) полистің кезеңділігі - сақтандыру полисін шығару күнімен (күнімен және айымен) сәйкес келетін, (жыл сайынғы сақтандыру қорғанысының қолданылу кезеңіне тура келетін күн (күні және айы);

      8) сақтандыру сыйлықақысының жинақтаушы бөлігі - ішкі резерв қорына аударылатын, сақтандыру полисінде көрсетілген сақтандыру сыйлықақысының бөлігі;

      9) тәуекелді сақтандыру сыйлықақысы - сақтанушының қайтыс болу тәуекелін, сақтандыру ұйымының әкімшілік шығыстарын жабатын, сақтандыру полисінде көрсетілген сақтандыру сыйлықақысының бөлігі;

      10) ішкі резерв қоры - сақтандыру ұйымы сақтанушылардан инвестициялау мақсаттары үшін алынған сақтандыру сыйлықақылары бөлігінің және оларды басқару нәтижесінде сақтандыру ұйымы ұшыраған шығыстарды ескергенде оларды инвестициялаудан алынған кірістің (шығындардың) есебінен қалыптастыратын ақша сомасы;

      11) ішкі тәртіп - сақтандыру ұйымының сақтанушының қорларға қатысу талаптары мен тәртібін, сондай-ақ қорларды қалыптастыру тәртібін реттейтін құжаты.

2-тарау. Сақтанушының сақтандыру ұйымының инвестицияларына қатысуымен өмірді сақтандыру шарты

      3. Сақтандыру ұйымы сақтанушының сақтандыру ұйымының инвестицияларына қатысуымен өмірді сақтандыру шартын жасасқанға дейін сақтанушыға танысу үшін:

      1) осы Ереженің көшірмесін;

      2) сақтандыру ережесінің көшірмесін;

      3) инвестициялық портфельді басқарушының атауын;

      4) инвестициялық қордың атауы мен түрін;

      5) қор қалыптастырылатын инвестициялық декларацияның көшірмесін;

      6) қор бірлігінің ағымдық құнын;

      7) сақтандыру ұйымының, инвестициялық портфельді басқарушының және (немесе) акционерлік инвестициялық қордың сыйақыларының мөлшерлері туралы мәліметтерді ұсынады.

      4. Сақтанушы сақтандыру ұйымының ішкі тәртібіне сәйкес өзі инвестицияларына қатысатын қорды таңдайды.

      Сақтандыру ұйымы бір немесе бірнеше қор әзірлейді. Сақтанушы бір мезгілде бірнеше қорға қатыса алады.

      5. Сақтанушының сақтандыру ұйымының инвестицияларына қатысуымен өмірді сақтандыру шартында 1999 жылғы 1 шілдедегі Қазақстан Республикасының Азаматтық кодексінің (Ерекше бөлім) 826-бабының 1-тармағында көрсетілген мәліметтерден басқа, сақтандыру ұйымы әзірлеген әрбір қор бойынша сақтанушыға тиесілі қор бірліктерінің саны туралы ақпарат болады.

      Сақтанушының сақтандыру ұйымының инвестицияларына қатысуымен өмірді сақтандыру шарты сақтанушыға сақтандыру полисін беру арқылы қосылу шарты нысанында жасалған жағдайда осы тармақтың бірінші бөлігінде көзделген мәліметтер сақтандыру полисінде көрсетіледі.

      6. Сақтандыру ұйымы мынадай ақпарат:

      1) қордың активтерін инвестициялау мақсаттары мен стратегиясы;

      2) инвестициялау объектілерінің сипаттамасы мен тізбесі;

      3) қаржы құралдарының түрлері бойынша инвестициялау лимиттері;

      4) қордың басқаруға берілген активтері бойынша шығындардың барынша жоғары шекті мөлшерін қосқанда, инвестициялық қызметке қатысты белгіленген талаптар мен шектеулер;

      5) хеджирлеу құралдарының тізбесі мен сипаттамасын көрсету арқылы инвестициялау объектілерін хеджирлеу мен әртараптандыру талаптары;

      6) инвестициялық қызметке байланысты негізгі тәуекелдер туралы ақпарат;

      7) сақтанушыға төлемдерді есептеу саясаты бар, бірақ олармен шектелмейтін инвестициялық декларацияны әзірлейді.

      Қордың инвестициялық декларациясын сақтандыру ұйымының директорлар кеңесі бекітеді және ол сақтандыру ұйымы мен инвестициялық портфельді басқарушының арасында жасалатын инвестициялық портфельді басқару жөніндегі шарттың ажырамас бөлігі болып табылады.

      Сақтандыру ұйымы қордың активтері есебінен инвестициялық пай қорының бағалы қағаздары сатып алынған жағдайда инвестициялық пай қорын сенімгерлік басқару шартына қосылады.

      Сақтандыру ұйымы қордың активтері есебінен акционерлік инвестициялық қордың бағалы қағаздары сатып алынған жағдайда акционерлік инвестициялық қордың инвестициялық декларациясына қосылады.

      7. Инвестициялық портфельді басқарушы сақтандыру ұйымы мен инвестициялық портфельді басқарушының арасында жасалған инвестициялық портфельді басқару жөніндегі шартқа сәйкес қорларды басқаруды жүзеге асырады. Кастодиан қорлардың активтерін есепке алу мен сақтауды инвестициялық портфельді басқарушымен жасалған кастодиандық шартқа сәйкес жүзеге асырады.

      Қордың активтері есебінен акционерлік инвестициялық қордың бағалы қағаздары сатып алынған жағдайда, инвестициялық портфельді басқаруға лицензиясы болған кезде акционерлік инвестициялық қор не акционерлік инвестициялық қормен инвестициялық портфельді басқару жөнінде шарт жасасқан инвестициялық портфельді басқарушы қордың активтерін басқаруды жүзеге асырады.

      Кастодиан қорлардың активтерін есепке алу мен сақтауды инвестициялық портфельді басқарушымен немесе акционерлік инвестициялық қормен жасалған кастодиандық шартқа сәйкес жүзеге асырады.

      8. Қорларды инвестициялауға байланысты инвестициялық тәуекелдерді сақтанушы мойнына алады.

      Егер сақтанушының сақтандыру ұйымының инвестицияларына қатысуымен өмірді сақтандыру шартының талаптарында өзгеше көзделмеген болса, сақтанушының ішкі резерв қорын қорға орналастырудан алынған инвестициялық кіріс осы инвестициялық кіріс алынған қорға инвестицияланады.

      Сақтанушылар сақтандыру ұйымының қорларды басқару кезінде туындаған инвестициялық портфельді басқарушының немесе акционерлік инвестициялық қордың алдындағы міндеттемелері бойынша жауапкершілік атқармайды.

      9. Сақтандыру ұйымы сақтандыру ұйымының және инвестициялық портфельді басқарушының арасында жасалатын инвестициялық портфельді басқару жөніндегі шартқа сақтандыру ұйымына:

      1) инвестициялау объектілерінің тізбесі;

      2) инвестициялау объектісіне орналастырылған ақша мөлшері;

      3) әрбір инвестициялау объектісі бойынша алынған инвестициялық кіріс мөлшері;

      4) қалыптастырылған қорлар бойынша есептелген инвестициялық кіріс туралы ақпаратты күн сайын беру туралы талаптың енгізілуін қамтамасыз етеді.

      Сақтандыру ұйымы қордың активтері есебінен инвестициялық қордың бағалы қағаздары сатып алынған жағдайда инвестициялық портфельді басқарушыдан немесе акционерлік инвестициялық қордан инвестициялық қордың таза активтерінің құны туралы ақпаратты күн сайын сұратады.

      10. Сақтанушының сақтандыру ұйымының инвестицияларына қатысуымен өмірді сақтандыру шарты бойынша төлемдер сақтанушыға Сақтандыру қызметі туралы Заңның 12-бабының 6-тармағында көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.

      11. Сақтандыру ұйымы инвестициялық портфельді басқарушы лицензиясынан айырылған жағдайда қордың басқарудағы активтерін қордың активтерін табыстау сәтіндегі инвестициялық портфельді басқару жөніндегі шартта және инвестициялық декларацияда көзделген талаптар бойынша инвестициялық басқару үшін жаңа инвестициялық портфельді басқарушыға табыс ету бойынша шаралар қабылдайды.

      Бағалы қағаздарына қордың активтері орналастырылған инвестициялық пай қорының жұмыс істеуі тоқтатылған, акционерлік инвестициялық қор қайта ұйымдастырылған немесе таратылған жағдайда қордың активтерін қайтару Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіпте жүзеге асырылады.

      Сақтандыру ұйымы сақтанушыны:

      қордың активтері табыс етілген күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде табыстау себептері көрсетіле отырып, қордың активтері жаңа инвестициялық портфельді басқарушыға табыс етілгені;

      тиісті хабарлама алынған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде инвестициялық пай қорының жұмыс істеуі тоқтатылғаны және (немесе) акционерлік инвестициялық қордың қайта ұйымдастырылғаны немесе таратылғаны туралы хабардар етеді.

      12. Сақтандыру ұйымы ішкі резерв қорының қаражатын сақтанушы таңдаған қорға сақтанушының сақтандыру ұйымының инвестицияларына қатысуымен өмірді сақтандыру шартының талаптарында көзделген мерзімде орналастырады.

      Қор қордың төленген бірліктерінің санынан тұрады.

      13. Сақтандыру ұйымы ішкі резерв қорын қордың бірлігіне орналастыруды жүзеге асырады. Сақтандыру ұйымының актуарийі күн сайын қор бірлігінің құнын есептеуді жүргізеді. Қор бірліктерінің саны бүтін және бөлшек сандармен көрінуі мүмкін.

      Қор бірлігінің есептік құны қорға орналастырылған активтер сомасының құнын анықтау күніне сол күні айналыста болған қор бірліктерінің санына бөлу арқылы анықталады.

      14. Сақтандыру сыйлықақысы біржолғы төленген жағдайда сақтандыру ұйымы әрбір сақтандыру жылы үшін тәуекелді сақтандыру сыйлықақысын ішкі резерв қорына аударылатын ақша сомасынан полистің кезеңділігіне ұстап қалады.

3-тарау. Сақтанушының сақтандыру ұйымының кірістеріне қатысуымен өмірді сақтандыру шарты

      15. Сақтандыру ұйымы сақтанушының сақтандыру ұйымының кірістеріне қатысуымен өмірді сақтандыру шартын жасасқанға дейін сақтанушыға танысу үшін:

      1) осы Ереженің көшірмесін;

      2) сақтандыру ережесінің көшірмесін;

      3) сақтандыру ұйымының кірістерін бөлу талаптарын, тәртібін және мерзімдерін;

      4) сақтандыру ұйымы сыйақысының мөлшері туралы мәліметтерді ұсынады.

      16. Сақтандыру ұйымының сақтанушылардың арасында бөлінетін кірістерінің мөлшері туралы шешімді сақтандыру ұйымының директорлар кеңесі қабылдайды.

      17. Сақтанушының сақтандыру ұйымының кірістеріне қатысуымен өмірді сақтандыру шарты бойынша сақтандыру ұйымының кірістерін сақтанушылардың арасында бөлу аяқталған қаржы жылының қорытындылары бойынша жүргізіледі.

      18. Сақтанушының сақтандыру ұйымының кірістеріне қатысуымен өмірді сақтандыру шарты бойынша төлемдер Сақтандыру қызметі туралы Заңның 12-бабының 6-тармағында көзделген жағдайларда жүзеге асырылады.

4-тарау. Сақтанушыны сақтанушының сақтандыру ұйымының инвестицияларына немесе кірістеріне қатысуымен өмірді сақтандыру шарттарының жағдайы туралы хабардар ету тәртібі

      19. Сақтандыру ұйымы жыл сайын есепті жылдан кейінгі айдың он төрт жұмыс күні ішінде, сондай-ақ кез келген сұрау салынған күнге сұрау салу бойынша сақтанушыға:

      1) сақтанушының сақтандыру ұйымының инвестицияларына қатысуымен өмірді сақтандыру шарты бойынша:

      инвестициялық портфельді басқарушының атауы туралы; сақтанушы қатысатын қорлардың саны туралы; сақтанушы қатысатын қор бірліктерінің саны мен құны туралы; қор бірліктері құнының өсімі туралы;

      2) сақтанушының сақтандыру ұйымының кірістеріне қатысуымен өмірді сақтандыру шарты бойынша:

      сақтанушыға есептелген сақтандыру ұйымы кірісінің сомасы туралы;

      сақтанушының жинақталған қаражатының сомасы туралы;

      есепті кезеңде кірістің есептелмеу себептері (бар болған кезде) туралы ақпарат береді.

      Хабарлама жазбаша түрде ресімделеді және сақтанушыға почта байланысымен, электронды почтамен немесе өзге де байланыс түрлерімен жіберіледі.

      20. Сақтандыру ұйымы жыл сайын өзінің интернет-ресурс қалыптастырылған қорлар, қорлар бірліктерінің құны және бірліктер құнының өсімі туралы ақпаратты орналастырады.

5-тарау. Сақтандыру төлемінің мөлшері

      21. Қайтыс болу жағдайында, аннуитеттік төлемдердің басталу күніне дейін өмір сүру не сақтанушының сақтандыру ұйымының инвестицияларына қатысуымен өмірді сақтандыру шартын мерзімінен бұрын бұзу жағдайында сақтандыру төлемі жүзеге асырылған кезде сақтандыру ұйымы сақтандыру төлемін жүзеге асыру туралы өтінішті алған күннен бастап жұмыс күні ішінде. осы өмірді сақтандыру шартына қатысты қордың бірліктерін сату жөніндегі іс-шараларды жүргізеді.

      Қордың бірліктерін сатудан алынған қаражаттың мөлшері осы өмірді сақтандыру шартының ішкі резерв қорының ақырғы құны ретінде анықталады.

      Егер қордың бірліктері осы тармақтың бірінші бөлігінде көрсетілген мерзім ішінде сатылмаған жағдайда, сақтандыру ұйымы қордың бірліктерін сату күніндегі нарықтық құны бойынша сатып алады.

      22. Өмірді сақтандыру шарты бойынша сақтандыру төлемінің мөлшері былайша анықталады:

      1) қайтыс болу жағдайындағы сақтандыру төлемі сақтандыру сомасының және ішкі резерв қорының ақырғы құнының сомасына тең болады;

      2) аннуитеттік төлемдердің басталу күніне дейін өмір сүру жағдайындағы сақтандыру төлемі ішкі резерв қорының ақырғы құнына тең болады;

      3) кейіннен аннуитеттік сақтандыру арқылы өмірінің соңына дейінгі жағдайдағы тұрақты сақтандыру төлемдері сақтанушының тиісті жасындағы ағымдық құн факторына кері шамаға көбейтілген ішкі резерв қорының мөлшеріне тең болады;

      4) өмірді сақтандыру шартын мерзімінен бұрын бұзу жағдайындағы сақтандыру төлемі ішкі тәртіп ескеріле отырып сақтандыру төлемі жүзеге асырылған күндегі ішкі резерв қорының мөлшеріне тең болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады