Астана қаласы мәслихатының 2010 жылғы 21 сәуірдегі № 344/46-ІV «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 65 жылдығын мерекелеуге байланысты Астана қаласы азаматтарының жекелеген санаттарына қосымша әлеуметтік көмек көрсету ережесі туралы» шешіміне өзгеріс пен толықтыру енгізу туралы

Күшін жойған

Астана қаласы мәслихатының 2010 жылғы 29 шілдедегі № 381/50-IV Шешімі. Астана қаласының Әділет департаментінде 2010 жылғы 31 тамызда нормативтік құқықтық кесімдерді Мемлекеттік тіркеудің тізіліміне N 646 болып енгізілді. Күші жойылды - Астана қаласы мәслихатының 2011.03.03 N № 435/58-IV шешімімен.

      Ескерту. Күші жойылды - Астана қаласы мәслихатының 2011.03.03 N № 435/58-IV шешімімен.

      Астана қаласының әкімдігінің ұсынысын қарап, Қазақстан Республикасының «Ұлы Отан соғысына қатысушыларға, мүгедектеріне және оларға теңестірілген тұлғаларға жеңілдіктер беру және әлеуметтік қорғау туралы» 1995 жылғы 28 сәуірдегі, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» 2001 жылғы 23 қаңтардағы, «Қазақстан Республикасы астанасының мәртебесі туралы» 2007 жылғы 21 шілдедегі заңдарына сәйкес, Астана қаласының мәслихаты ШЕШТІ:
      1. Астана қаласы мәслихатының 2010 жылғы 21 сәуірдегі № 344/46-ІV «1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 65 жылдығын мерекелеуге байланысты Астана қаласы азаматтарының жекелеген санаттарына қосымша әлеуметтік көмек көрсету ережесі туралы» шешіміне (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 2010 жылғы 21 мамырда № 631 болып тіркелген, 2010 жылғы 25 мамырдағы № 59 «Вечерняя Астана», 2010 жылғы 25 мамырдағы № 54 «Астана ақшамы» газеттерінде жарияланған) мынадай өзгеріс пен толықтыру енгізілсін:
      көрсетілген шешіммен мақұлданған 1941-1945 жылдардағы Ұлы Отан соғысы Жеңісінің 65 жылдығын мерекелеуге байланысты Астана қаласы азаматтарының жекелеген санаттарына қосымша әлеуметтік көмек көрсету ережесінде:
      1-тармақтың 3) тармақшасы мынадай редакцияда жазылсын:
      «3) азаматтардың жекелеген санаттарына біржолғы ақшалай төлемдер.»;
      мынадай мазмұндағы 27-тармақпен толықтырылсын:
      «27. Ұлы Отан соғысындағы Жеңіске үлесін қосқаны үшін республикалық бюджет қаражатынан біржолғы материалдық көмекті бұрын алмаған, «Қазақстан Республикасының Еңбек және халықты әлеуметтік қорғау министрлігінің зейнетақы төлеу жөніндегі мемлекеттік орталығы» республикалық мемлекеттік қазыналық кәсіпорнының Астана қалалық филиалына (бұдан әрі - ЗТМО) 2010 жылғы 1 сәуірден кейін есепке тұрған төмендегідей санаттардағы азаматтарға да мынадай көлемде біржолғы ақшалай төлемдер төлеу жүзеге асырылады:
      1) 65 000 (алпыс бес мың) теңге:
      бірінші дүниежүзілік, азамат, Ұлы Отан соғыстары кезеңінде майдандағы армия мен флот құрамына кірген әскери бөлімдерде, штабтар мен мекемелерде қызмет еткен әскери қызметшілерге, азамат және Ұлы Отан соғыстарының партизандары мен астыртын күрес жүргізушілеріне;
      бірінші дүниежүзілік, азамат, Ұлы Отан соғыстарында майдандағы армия мен флоттың әскери қызметшілеріне, партизандары мен астыртын күрес жүргізушілеріне, сондай-ақ бірінші дүниежүзілік, азамат, Ұлы Отан соғыстары кезеңінде майданда, ұрыс қимылдары жүргізілген аудандарда, майдан маңындағы темір жол учаскелерінде, қорғаныс шептерінің, әскери-теңіз базалары мен аэродромдардың құрылыстарында жаралануы, контузия алуы, зақымдануы немесе ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болып қалған әрі зейнетақымен қамсыздандырылуы жағынан әскери қызметшілерге теңестірілген тиісті санаттағы жұмысшылар мен қызметшілерге;
      майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілері үшін белгіленген жеңілдік шарттарымен зейнетақы тағайындау үшін еңбек өткерген жылдарына 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін қосып есептелген қалалардың Ұлы Отан соғысы кезінде қорғанысына қатысып, әскери қызметті атқарған әскери қызметшілерге, сондай-ақ бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына;
      Ұлы Отан соғысы кезінде майдандағы армия құрамына кірген  әскери бөлімдерде, штабтар мен мекемелерде штаттық қызмет атқарған Кеңес Армиясының, Әскери-Теңіз Флотының, бұрынғы КСР Одағының ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік әскерлері мен органдарының ерікті жалдамалы құрамының адамдарына, не тиісті кезеңдерде майдандағы армия бөлімдерінің әскери қызметшілері үшін белгіленген жеңілдікті шарттарда зейнетақы тағайындау үшін 1998 жылғы 1 қаңтарға дейін еңбек сіңірген жылдарына қосып есептелген қалалардың қорғанысына қатысқан адамдарға;
      Ұлы Отан соғысы кезеңінде майдандағы армия мен флоттың құрамына кірген әскери бөлімдердің, штабтар мен мекемелердің құрамында полк баласы (тәрбиеленушісі) және юнга ретінде болған адамдарға;
      екінші дүниежүзілік соғыс жылдарында шет елдердің аумағында партизан отрядтары, астыртын топтар мен басқа да антифашистік құрамалар құрамында фашистік Германия мен оның одақтастарына қарсы ұрыс қимылдарына қатысқан адамдарға;
      2) 25 000 (жиырма бес мың) теңге:
      бұрынғы КСР Одағы Қатынас жолдары халық комиссариаты, Байланыс халық комиссариаты арнайы құрамаларының, кәсіпшілік және көлік кемелерінің жүзу құрамы мен авиацияның ұшу-көтеру құрамының, Балық өнеркәсібі халық комиссариатының, теңіз және өзен флотының, Солтүстік теңіз жолдары бас басқармасының ұшу-көтеру құрамының Ұлы Отан соғысы кезінде әскери қызметшілер жағдайына ауыстырылған және ұрыс майдандарының тылдағы шептері, флоттардың оперативтік аймақтары шегінде майдандағы армия мен флот мүдделеріне орай міндеттер атқарған қызметкерлеріне, сондай-ақ Ұлы Отан соғысының бас кезінде басқа мемлекеттердің порттарында тұтқындалған көлік флоты кемелері экипаждарының мүшелеріне;
      қоршаудағы кезеңде Ленинград қаласының кәсіпорындарында, мекемелері мен ұйымдарында жұмыс істеген және «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен наградталған азаматтарға;
      екінші дүниежүзілік соғыс кезінде фашистер мен олардың одақтастары құрған концлагерьлердің, геттолардың және басқа да еріксіз ұстау орындарының жасы кәмелетке толмаған бұрынғы тұтқындарына;
      бұрынғы КСР Одағын қорғау кезінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болып қалған әскери қызметшілерге;
      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы, зақымдануы салдарынан не майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болып қалған бұрынғы КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамының адамдарына;
      1944 жылғы 1 қаңтармен 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украин ССР-і, Белорусь ССР-і, Литва ССР-і, Латвия ССР-і, Эстон ССР-і аумақтарында әрекет еткен жойғыш батальондардың, халықты қорғау взводтары мен жасақтарының жауынгерлері мен командалық құрамы қатарында болған, осы батальондарда, взводтар мен жасақтарда қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы немесе зақымдануы салдарынан мүгедек болып қалған адамдарға;
      1941 жылғы 22 маусыммен 1945 жылғы 3 қыркүйек аралығындағы кезеңде майдандағы армия құрамына кірмеген әскери бөлімдерде, мекемелерде, әскери-оқу орындарында әскери қызмет өткерген, «1941-1945 жж. Ұлы Отан соғысында Германияны жеңгені үшін» медалімен немесе «Жапонияны жеңгені үшін» медалімен наградталған әскери қызметшілерге, оның ішінде запасқа (отставкаға) шыққандарға;
      Ұлы Отан соғысы уақытында қаза тапқан (хабарсыз кеткен) әскери қызметшілердің, партизандардың, астыртын күрес жүргізушілердің ата-аналарына және қайталап некеге отырмаған зайыбына (жұбайына);
      қайтыс болған Ұлы Отан соғысы мүгедектерінің басқа некеге отырмаған әйелдеріне (күйеулеріне);
      қайтыс болған Ұлы Отан соғысына қатысушылардың, партизандардың, астыртын күрес жүргізушілердің, «Ленинградты қорғағаны үшін» медалімен немесе «Қоршаудағы Ленинград тұрғыны» белгісімен наградталған, жалпы ауру, еңбек жарақаты немесе басқа да себептердің (құқыққа қарсы әрекеттерді қоспағанда) салдарынан мүгедек деп танылған азаматтардың басқа некеге отырмаған әйелдеріне (күйеулеріне);
      бұрынғы КСР Одағын қорғау кезінде жаралануы, контузия алуы немесе зақымдануы салдарынан немесе майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болып қалған адамдардың басқа некеге отырмаған әйелдеріне (күйеулеріне);
      қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы немесе зақымдануы салдарынан не майданда болуына байланысты ауруға шалдығуы салдарынан мүгедек болып қалған КСР Одағы ішкі істер және мемлекеттік қауіпсіздік органдарының басшы және қатардағы құрамы адамдарының басқа некеге отырмаған әйеліндеріне (күйеулеріне);
      1944 жылғы 1 қаңтармен 1951 жылғы 31 желтоқсан аралығындағы кезеңде Украин ССР-і, Белорусь ССР-і, Литва ССР-і, Латвия ССР-і, Эстон ССР-і аумақтарында әрекет еткен жойғыш батальондардың, халықты қорғау взводтары мен жасақтарының жауынгерлері мен командалық құрамы қатарында болған, осы батальондарда, взводтар мен жасақтарда қызметтік міндеттерін атқару кезінде жаралануы, контузия алуы немесе зақымдануы салдарынан мүгедек болып қалған адамдардың басқа некеге отырмаған әйелдеріне (күйеулеріне);
      3) 10 000 (он мың) теңге - Ұлы Отан соғысы жылдарында тылдағы жанқиярлық еңбегі мен мінсіз қызметі үшін бұрынғы КСР Одағының ордендерімен және медальдарымен наградталған адамдарға, сондай-ақ Ұлы Отан соғысы жылдарында тылда 1941 жылғы 22 маусымнан бастап 1945 жылғы 9 мамырға дейін кемінде алты ай еңбек еткен (қызмет өткерген) адамдарға.
      Біржолғы ақшалай төлемді бірнеше негіздеме бойынша бір мезгілде алуға құқығы бар тұлғаларға төлем олардың таңдауы бойынша бір негіздеме бойынша жүзеге асырылады.
      Жоғарыда көрсетілген санаттарға жататын азаматтардың ЗТМО 2010 жылдың 1 шілдесіндегі жағдай бойынша ұсынған тізімдерінің негізінде 2010 жылғы 1 қазанға дейін төлем жүргізіледі».
      2. Осы шешім оны алғашқы ресми жариялаған күннен кейін он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Астана қаласы
      мәслихаты сессиясының
      төрағасы                                       М. Шекенов

      Астана қаласы
      мәслихат хатшысының м.а.                       А. Байгенжин

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады