Бұланды ауданындағы елді мекендерді абаттандыру және жасыл екпелерді қорғау ережелерін бекіту туралы

Күшін жойған

Ақмола облысы Бұланды аудандық мәслихатының 2010 жылғы 9 сәуірдегі № 4С-27/10 шешімі. Ақмола облысы Бұланды ауданының Әділет басқармасында 2010 жылғы 17 мамырда № 1-7-115 тіркелді. Күші жойылды - Ақмола облысы Бұланды аудандық мәслихатының 2012 жылғы 27 сәуірдегі № 5С-4/9 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Ақмола облысы Бұланды аудандық мәслихатының 2012.04.27 № 5С-4/9 шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 6 бабының 1 тармағының 8) тармақшасына сәйкес Бұланды аудандық мәслихаты ШЕШТІ:
      1. Қоса беріліп отырған Бұланды ауданындағы елді мекендерді абаттандыру және жасыл екпелерді қорғау ережелері бекітілсін.
      2. Бұланды аудандық мәслихатының «Бұланды ауданы бойынша елді мекендердің аумақтарын абаттандыру, ұстау және жасыл екпелерді қорғау ережесін бекіту туралы» 2001 жылғы 28 қыркүйектегі № С-10/2 шешімінің (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 789 тіркелген), Бұланды аудандық мәслихатының «Бұланды аудандық мәслихатының 2001 жылғы 28 қыркүйектегі № С-10/2 шешімімен бекітілген, «Бұланды ауданы бойынша елді мекендердің аумақтарын абаттандыру, ұстау және жасыл екпелерді қорғау ережесіне толықтырулар енгізу туралы» 2005 жылғы 21 қазандағы № 3С-23/3 шешімінің (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 1-7-15 тіркелген, 2005 жылғы 25 қарашадағы «Вести Бұланды жаршысы» газетінде жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы шешім Бұланды ауданының әділет басқармасында мемлекеттік тіркеуден өткен күннен бастап күшіне енеді және алғашқы ресми жарияланған күннен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Кезекті 27-сессияның
      төрағасы                                   Ш.Құсайынов

      Аудандық мәслихаттың
      хатшысы                                    П.Веселов

      «КЕЛІСІЛДІ»

      Бұланды ауданының әкімі                    Е.Нұғыманов

Бұланды аудандық мәслихатының
2010 жылғы 9 сәуірдегі
№ 4С-27/10 шешімімен
бекітілген

Бұланды ауданындағы елді мекендерді абаттандыру және жасыл екпелерді қорғау ережелері 1. Жалпы ережелер

      1. Осы ережелер Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Кодексінің 3300387 баптарына, Қазақстан Республикасының 1998 жылғы 24 наурыздағы «Нормативтік құқықтық актілер туралы» Заңының 3 бабына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Заңының 6 бабына сәйкес әзірленді.

2. Осы Ережеде қолданылатын негізгі ұғымдар мен түсініктер

      2. Ғимарат - табиғи немесе жасанды кеңiстiк шекаралары бар және өндiрiстiк процестерді орындауға, материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға немесе адамдарды, жүктерді уақытша орналастыруға (орын ауыстыруға), сондай-ақ жабдықтарды немесе коммуникацияларды орналастыруға (төсеуге, жүргізуге) арналған жасанды жасалған ауқымды, тегiстiктi немесе желiлiк объект (жер үсті, су беті және (немесе) жер асты, су асты). Ғимарат көркемдік-эстетикалық, әшекей-қолданбалы не мемориалдық мақсатта да болуы мүмкін.
      3. Елді мекенді абаттандыру - елді мекен аумағында адамның қолайлы, салауатты және тиімді өмір тіршілігін құруға бағытталған элементтер мен жұмыстар кешені.
      4. Елді мекеннің аумағы - қалалық немесе селолық елді мекеннің белгіленген шекара (iшкi аумағы) шегiндегi кеңiстiк.
      5. Жер учаскесі - тұрғын үйге (тұрғын ғимаратқа) Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен бекітіліп берілген жер аумағы.
      6. Жеке тұрғын үй - қоныс учаскесіне орналасқан және шаруашылық пен басқа да құрылыстармен және жасыл желекті екпелерімен бірге азаматтың меншiгiндегi жеке (отбасымен) тұруға арналған үй.
      7. Жол - мемлекеттік есепке алуға жататын және көлік құралдарының жүруіне арналған инженерлік құрылыс кешені болып табылатын жалпы пайдаланудағы автомобиль жолы, шаруашылық автомобиль жолы, қала мен елді мекен көшесі. Жол бір немесе бірнеше жүріс бөлiгiн, сондай-ақ трамвай жолдарын, тротуарларды, жол жиектерін және бөлу өңiрлерi болған жағдайда – соларды қамтиды.
      8. Инженерлік инфрақұрылым - адамдардың тiршiлiк етуі, сондай-ақ өндiрiстiң немесе тауарлар мен көрсетiлетiн қызмет айналымының тұрақты жұмыс істеуі үшін қалыпты жағдай туғызатын кәсіпорындардың (ұйымдардың), объектiлердiң (ғимараттар мен құрылыстардың), инженерлік және коммуналдық қамтамасыз ету коммуникацияларының және желiлерiнiң жиынтығы.
      9. Коммуналдық қалдықтар - елді мекендерде, оның iшiнде адамның тiршiлiк әрекеті нәтижесінде пайда болған тұтыну қалдықтары, сондай-ақ құрамы және жиналу сипаты жағынан осыларға ұқсас өндiрiс қалдықтары.
      10. Сәулет объектiлерi - әзiрленуiне сәулетшiнiң қатысуы қажет болатын, сәулет немесе қала құрылысы жобаларының негiзiнде салынған үй, ғимарат, монумент, үйлер мен ғимараттар кешені, олардың экстерьерлері және (немесе) интерьерлері, абаттандыру, ландшафт немесе бақ-саябақ өнерiнiң элементтері.
      11. Тұрғын үй (тұрғын ғимарат) - негізінен тұрғын үй-жайлардан, сондай-ақ тұрғын емес үй-жайлардан және ортақ мүлік болып табылатын өзге де бөліктерден тұратын құрылыс.
      12. Үй - адамдардың тұруына немесе iшiнде болуына, өндiрiстiк процестерді орындауға, сондай-ақ материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға пайдаланылатын функционалдық мақсатына қарай, мiндеттi түрде жер бетiне салынып, тұйық көлемді құрайтын, тіреу және қоршау конструкцияларынан тұратын жасанды құрылғы. Yйдiң жер асты бөлiгi болуы мүмкін.

3. Аумақты тазарту тәртібі

      13. Жер учаскелерін пайдаланушылар арасындағы аумақтардың тазарту жұмыстарының шекарасын анықтау, заңды және жеке тұлғаларға бекітіліп берілген аумақтарға сәйкес, осы Ереже негізінде орындалады.
      14. Тазарту жұмыстары осы Ереженің талаптарына сәйкес жүргізіледі.
      15. Жалпы пайдаланылатын орындарды тазарту мен күту жұмыстарына мына жұмыс түрлері енгізіледі:
      1) ұсақ және тұрмыстық қоқыстар мен қалдықтарды жинау мен шығару;
      2) сыпыру;
      3) жабайы өскен өсімдіктерді шабу және шығару.
      16. Қалалық жолаушылар көлігінің аялдама алаңдарын тазалау жұмыстарын жолдарға тазарту жұмыстарын жүргізуші ұйымдар атқарады.
      17. Іргелес жатқан және бөлініп берілген аумақтарды, қала көшелерінен оларға кіретін жолдарды заңды және жеке тұлғалар меншігі мен пайдаланылуында ғимараттары бар, бөлініп берілген учаскелерде орнатылған аумақтарды тазарту мен күту жұмыстары өз күштерімен немесе шарт бойынша мамандандырылған кәсіпорынмен орындалады.
      18. Трансформаторларға немесе бөліп бергіш шағын станцияларға, автоматты түрде жұмыс істейтін, басқа инженерлік орын-жайларға, сондай-ақ тоқ беру желілерінің бағаналарына іргелес жатқан аумақтарын тазарту жұмыстарын осы объектілердің иелері жүргізеді. Жер үсті құбырларының астындағы қорғалатын аумақтарды тазарту мен күту жұмыстары желілердің иелерімен жүргізіледі.
      19. Сауда объектілеріне іргелес жатқан, көшедегі уақытша сауда жасау аумағының орындарын (базарлар, сауда павильондары, шатырлар, дүңгіршектер және тағы басқалары) көшедегі жүру жолдарын қоса, сауда объектілерінің иелері тазартады.
      20. Ақылы автотұрақтардың, гараждардың аумақтарын тазарту жұмыстарын иелері мен осы объектілерді пайдаланушы ұйымдар жүргізеді.
      21. Жанар-жағар май құю стансасына, автожуу бекеттеріне, құю кешендеріне және іргелес жатқан аумақтарға (өту жолына дейін) кіретін және шығатын жерлеріне тазарту мен тазалығын сақтау жұмыстарын осы объектілердің иелері жүргізеді.
      22. Күзгі кезеңде бекітіліп берілген аумақтарды тазартуға жауапты кәсіпорындар көшелер мен магистральдар бойындағы, аула аумақтарындағы түскен жапырақтарды сыпырып-сиыру жұмыстарын жүргізеді. Ағаштар мен бұталардың түбі жағына жапырақтарды жинауға тыйым салынады. Қысқы кезде аумақты қар мен мұздан тазартады.
      23. Заңды және жеке тұлғаларға және іргелес жатқан ғимараттарға, орын-жайларға және басқа объектілерге бекітіліп берілмеген, пайдаланылмайтын және бөлініп берілмеген аумақтардың тазарту мен күтіп ұстау жұмыстары бюджет қаражаты есебінен орындалады.

4. Тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету

      24. Заңды және жеке тұлғалар Бұланды ауданындағы елді мекендер аумағының барлық жерінде, соның ішінде жеке меншік үй иелерінің аумақтарында тазалық пен тәртіпті сақтайды.
      25. Кәсіпорындардың және жеке меншік үй иелерінің ішкі аумақтарын қоса алғанда алау жағуға тыйым салынады.
      26. Елді мекендердің көшелерінде:
      1) көлік құралдарын жалпы пайдаланылатын жерлерде, су жібергіш құдықтар, тоғандар, тұрғын үй алдында жууға, тазартуға;
      2) ескерткіштерге, обелискілерге, ғимараттар мен құрылыстарға, аялдамаларға және осы мақсатқа белгіленбеген басқа да жерлерге түрлі плакаттар, хабарландырулар, жарқағаздар, үндеухаттар, хабарламалар және басқа да көрнекі ақпараттар жапсыруға, сондай-ақ көлік пен жаяу жүргіншілер жүретін жолдарды, құрылыс салынбаған жерлер мен көпшілік пайдаланатын жерлерді қоқыстың кез келген түрімен ластауға;
      3) шлакты, күлді, ағашты, көмірді, құрылыс материалдарын үюге;
      4) су алатын колонкалардан мал мен құсты суаруға тыйым салынады.
      27. Дүңгіршектердің, павильондардың және басқа да сауда объектілердің арасындағы өртке қарсы бөлінген жерлерді сауда материалдарымен, жабдықтармен, жәшіктермен және қалдықтармен бекітіп қоюға, дүңгіршектердің төбесіне жәшіктерді үюге тыйым салынады.
      28. Жеке және заңды тұлғалар өздеріне бекітіліп берілген аумақтарда тиісті санитарлық тазалықта ұстайды.
      29. Шаруашылығында инженерлік коммуникациялары бар заңды және жеке тұлғалар, елді мекендердің көркін бұзуға әкеліп соғатын инженерлік желілер мен орын-жайлардың техникалық жағдайын әрдайым қарап отырады.
      30. Шағынаудандардың тұрғын жай аймақтары қоқыс контейнерлерін қоятын, кір кептіретін, демалатын, балалардың ойнайтын, спортпен айналысатын, үй жануарларын серуендететін, автотұрақ, аялдату, жасыл аймақ үшін алаңшалармен жабдықталады.
      31. Тұрғын жай орамдары аумақтарында, сондай-ақ аула маңы аумақтарында заңды және жеке тұлғалар мына тәртіпті сақтайды:
      аулаларға өздігінен шаруашылық немесе қосалқы құрылыс салуға жол бермейді;
      үй жанындағы аумақта құрылыс материалдарын үюге жол бермейді;
      өзінің балансындағы (шаруашылық жүргізуші немесе жедел басқару) инженерлік желілерді қалыпты жағдайда ұстайды, құдықтарды уақытында қарап, тазартады;
      шайынды суларды дер кезінде әкетеді, шайынды судың төгілуіне және қоршаған ортаны ластамауға жол бермейді;
      шағын сәулет нысандарын, спорттық, ойын, балалар мен шаруашылық алаңшаларының жабдықтарын, қоршаулар мен қашаларын қалыпты жағдайда ұстайды, олардың сыртқы түрін күтіп ұстайды.

5. Ғимараттар мен орын-жайлардың қасбеттерін
күтіп ұстау

      32. Балансында ғимараттары мен орын-жайлары бар кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары, ғимараттар мен орын-жайлардың қожалары аталған объектілердің және олардың жекелеген элементтеріне (балкон, лоджий, сарқынды су құбырлары және басқалары) жаңғырту, жөндеу және қасбеттерін сырлау жұмыстарының жүргізілуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ қасбеттерінде орнатылған ақпаратты тақтайшалардың, ескерткіш тақталарының таза және қалыпты жағдайда ұстайды.
      33. Ғимараттарды, орын-жайларды және құрылғыларды жалға алушылар, жалға алу шартына сәйкес, ғимараттардың және құрылғылардың қасбеттерін жөндеу, жаңарту, жаңғырту жұмыстарын жүргізеді.

6. Жасыл екпелерді күтіп ұстау және қорғау

      34. Заңды және жеке тұлғалар бекітілген аумақта заңнамаға сәйкес жасыл көшеттерді сақтауды қамтамасыз етеді, бұл үшін толық кешенді шаралар өткізеді, нақты айтқанда:
      1) су құю, бұтақтарды кесу, апат және қуаң ағаштарды жинау, діңгектерді тазалау, діңгек және тамырлардың шіліктерін алу, тыңайтқыштар шашу, жас ағаштарда баған шұңқырларын жасауға, жараларды дезинфекциялау мен күту, кеуектерді жабу сонымен бірге механикалық өңдеу арқылы арамшөптерді жою;
      2) күзгі кезеңде түскен жапырақтарды уақытында жинау.
      Жиналған жапырақтарды арнайы учаскелерге шығарылады. Жапырақтарды тұрғын үй аумақтары мен бақ скверлерінде өртеуге жол берілмейді.
      35. Кәсіпорындар, ұйымдар және жеке тұлғалар құрылыс, жөндеу және басқа да жұмыстарды жүргiзу кезінде:
      1) жасыл желектерді зақымданудан қоршауға алады, жекелеген желектердi сынуынан немесе зақымдануынан қорғау үшiн қораптарға салады;
      2) салынып жатқан объектілерге кірме жолдарын төсегенде желектердің орындарын ескеріледі.
      36. Жасыл желектердiң аумағында:
      1) газондарда жүруге, ағаштарды, көшеттердi сындыруға немесе кесуге, басқа да механикалық зақымдар келтiруге;
      2) көшелердi, алаңдарды, тротуарларды тазалау мақсатында жасыл желектер үшiн тұз және басқа зиянды заттар қолдануға;
      3) жемiстердi үзуге, мал бағуға, жер, құм қазып алуға;
      4) көлiк құралдарымен жүруге (арнайы көлiктен басқа);
      5) от жағуға;
      6) ағаштарға электр сымдарын, тiкенек сымдарды, алтыбақандарды, киiмдердi кептiру үшiн жiп байлауға, жазулар жазуға;
      7) ағаштардың басын кесуге;
      8) ағаш және бұта көшеттерiн өз еркiмен кесуге;
      9) жабайы және мәдени флораның гүлдерiн жуашықтарымен және тамырларымен қазып алуға жол берілмейді.

7. Ережені бұзғаны үшін жеке және заңды тұлғалардың жауапкершілігі

      37. Осы қағидаларды бұзғаны үшін кінәлі жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалары мен Қазақстан Республикасындағы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодекске сәйкес жауапкершілікке тартылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады