Жамбыл ауданында аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі мен мөлшері туралы

Күшін жойған

Алматы облысы Жамбыл ауданы мәслихатының 2010 жылғы 5 наурыздағы N 35-154 шешімі. Алматы облысы Жамбыл ауданының Әділет басқармасында 2010 жылғы 26 наурызда N 2-7-94 тіркелді. Күші жойылды - Алматы облысы Жамбыл аудандық мәслихатының 2012 жылғы 20 шілдедегі N 9-73 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы Жамбыл аудандық мәслихатының 2012.07.20 N 9-73 Шешімімен.

      РҚАО ескертпесі.
      Мәтінде авторлық орфография және пунктуация сақталған.

       Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 6 бабының 1 тармағының 15 тармақшасына және Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңының 97 бабының 2 тармағына сәйкес Жамбыл аудандық мәслихаты ШЕШІМ ҚАБЫЛДАДЫ:
      1. Жамбыл ауданында аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі мен мөлшері қосымшаға сәйкес айқындалсын.
      2. Осы шешімнің орындалуына бақылау жасау аудандық мәслихаттың депутаттар этикасы мен өкілеттілігі, заңдылық пен тәртіптің сақталуы, азаматтардың мүдделерін, құқықтары мен бостандықтарын қорғау жөніндегі тұрақты комиссиясына, комиссия төрағасы Әскербек Көкеұлы Абаевқа, аудан әкімінің орынбасары Жандарбек Ермекұлы Далабаевқа жүктелсін.
      3. Осы шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізілсін.

      Сессия төрағасы                            Бапиева Р.

      Мәслихат хатшысы                           Қазиев Б.

Жамбыл ауданы мәслихатының
2010 жылғы 5 наурыздағы № 35-154
"Жамбыл ауданында аз қамтамасыз
етілген отбасыларына (азаматтарға)
тұрғын үй көмегін көрсетудің тәртібі
мен мөлшері туралы" шешіміне
қосымша

Аз қамтамасыз етілген отбасыларға
(азаматтарға)тұрғын үй көмегін көрсетудің
тәртібі мен мөлшері туралы

      Осы аз қамтамасыз етілген отбасыларға (отбасыларға) Қазақстан Республикасының "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңына, оған қосымша Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысымен бекітілген "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесіне" және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 14 сәуірдегі № 512 қаулысымен бекітілген "Әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің ережесіне" сәйкес әзірленді және аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу тәртібін айқындайды.

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Ережеде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      шекті жол берілетін шығыстар үлесі – отбасының бір айда кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде отбасының бір айда кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға жұмсалған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің отбасының орташа айлық жиынтық кірісіне пайызбен қатынасы;
      отбасының жиынтық табысы – тұрғын үй көмегін тағайындауға өтініш білдірілген тоқсанның алдындағы тоқсанда отбасы алған кірістердің жалпы сомасы;
      кондоминиум объектісін басқару органы – кондоминиум объектісін күтіп ұстау жөніндегі функцияларды жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
      уәкілетті орган – жергілікті бюджет қаражаты есебінен қаржыландырылатын, тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын ауданның жергілікті атқарушы органы.
      учаскелік комиссия – тұрғын үй көмегін алуға өтініш жасаған отбасылардың материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытынды дайындау үшін тиісті әкімшілік-аумақтық бірлік әкімдерінің шешімімен құрылатын арнаулы комиссия.
      2. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен осы елді мекенде тұрақты тұратын аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға):
      жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын, сенімхаты бар жалдаушыға немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға;
      тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді тұтынуға;
      байланыс саласындағы заңнамада белгіленген тәртіппен тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылары) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтеріне;
      жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысына ақы төлеуге беріледі.
      Аз қамтамасыз етілген отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.
      Тұрғын үй көмегі телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға нормалар шегінде ақы төлеу мен отбасының осы мақсаттарға жұмсаған, жергілікті өкілді органдар белгілеген шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады.
      3. Шығыстардың шекті деңгейі отбасы табысының 10 пайызы мөлшерінде айқындайды.

2. Тұрғын үй көмегін алу құқығы

      4. Тұрғын үй көмегі кондоминиум объектілерінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге және (немесе) күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған жарналарға, тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жалға алу ақысына, коммуналдық қызметтер мен телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының ұлғаюы бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға нормалар шегінде ақы төлеу шығындары отбасы жиынтық табысының 10 пайызы үлесінен жоғары болған жағдайда тағайындалады.
      5. Жеке меншігінде біреуден артық тұрғын үйі (пәтерлер, тұрғын үйлер) бар немесе тұрғын жайды жалға беруші (қосымша жалға беруші), сондай-ақ жалдауға беруші тұлғалар тұрғын үй көмегін алу құқығын жоғалтады.
      6. Бірінші, екінші топтағы мүгедектердің, мүгедек балалардың, сексен жастан асқан адамдардың, үш жасқа дейінгі баланың күтімімен айналысатын тұлғаларды, стационарлық емделуде бір айдан астам уақыт кезеңінде болатын адамдарды қоспағанда, еңбекке жарамды отбасындағы тұлғалар жұмыс істемейтін, күндізгі оқу бөлімінде оқымайтын, армияда қызметін өткермейтін және жұмыспен қамту органында тіркелмеген кезеңге тұрғын үй көмегі тағайындалмайды.
      7. Ұсынылған жұмыстан немесе жұмысқа орналастырудан дәлелсіз себептермен бас тартқан, қоғамдық жұмыстарға қатысуды, оқуын немесе қайта оқуын өз бетімен тоқтатқан жұмыссыздардың отбасы тұрғын үй көмегін алу құқығын жоғалтады.
      8. Тұрғын үй көмегін алу құқығы өтініш беруші қажетті құжаттарын тапсырған тоқсаннан басталады және сол тоқсанға төленеді.

3. Тұрғын үй көмегін тағайындау тәртібі

      Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін азамат (отбасы) уәкілетті органға өтініш береді және мынадай құжаттарды ұсынады:
      1) өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      2) тұрғын үйге құқық беретін құжаттың көшірмесі;
      3) азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі;
      4) отбасының табысын растайтын құжаттар;
      5) коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары;
      6) телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек–шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
      7) тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот.
      8) әділет басқармасынан жеке меншігіндегі бір үйден басқа үйі жоқ екені туралы анықтама, (жылына бір рет) немесе қандай да өзгерістер болған жағдайда;
      9) жеке меншік қосалқы шаруашылықтары бар екендігі жайлы мәліметтер;
      10) өтініш берушіге тұрғын үй көмегін тағайындау үшін құжат тапсырған айының алдыңғы айының төлем түбіртектері есептелінеді;
      Кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған нысаналы жарнаның мөлшері туралы шот;
      Жергілікті атқарушы органмен (тұрғын үй инспекциясымен) келісілген, пәтерлердің меншік иелері мен жалдаушыларының (қосымша жалдаушылардың) жалпы жиналысында бекітілген кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізуге арналған шығыстар сметасы негізінде кондоминиум объектісін басқару органы ұсынатын және мөрмен, кондоминиум объектісін басқару органы басшының қолымен расталған кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шот;
      Өтініш иесіне құжаттары қабылданғаны жайлы түбіртек беріледі, тағайындалмаған жағдайда себептері көрсетілген хабарлама беріледі.
      10. Тұрғын үй көмегін алуға құқық тоқсан сайын отбасының табысы туралы мәліметтерді бере отырып расталады.
      11. Уәкілетті орган, аудандық кенттік, ауылдық (селолық) округтің әкімі құжаттарды қабылдап алғаннан кейін қажеттілігіне қарай әлеуметтік көмек алуға өтініш жасаған отбасылардың материалдық жағдайына тексеру жүргізу және қорытынды дайындау үшін учаскелік комиссияларға тапсырады.
      12. Учаскелік комиссия жүргізілген тексеру нәтижелері бойынша отбасына тұрғын үй көмегін тағайындау немесе тағайындамау жайлы қорытындысын 5 күн ішінде аудандық, кенттік, ауылдық ( селолық) округтің әкіміне немесе уәкілетті органға ұсынады.
      13. Аудандық, кенттік, ауылдық ( селолық) округтің әкімі өтініш берушілердің құжаттарын учаскелік комиссия дайындаған қорытындымен бірге өтініш берушіден құжаттар қабылданғаннан күннен бастап жиырма күннен кешіктірмей тұрғын үй көмегін тағайындау және төлеу жөніндегі уәкілетті органға тапсырады.
      14. Уәкілетті орган аудандық, кенттік, ауылдық (селолық) округтің әкімінен немесе өтініш берушіден құжаттарды қабылдап алған күннен бастап он жұмыс күн ішінде тұрғын үй көмегін тағайындау (тағайындаудан бас тарту) туралы шешім қабылдайды.
      Бас тартқан жағдайда, уәкілетті орган бас тарту себебін көрсете отырып, өтініш берушіні жазбаша хабардар етеді.
      15. Тұрғын үй көмегін алушылар 15 күн ішінде уәкілетті органға отбасы құрамының және жиынтық табыстарының өзгеруі туралы хабарлауы керек.
      16. Берілген ақпараттың дұрыстығы туралы күмән пайда болған жағдайда, тұрғын үй көмегін тағайындайтын уәкілетті орган немесе учаскелік комиссия отбасы мүшелерінің тұрғылықты жерлері, табыстары туралы қажетті ақпаратты тиісті орындардан сұрап алуға, тексеруге құқығы бар.
      Уәкілетті орган тұрғын үй көмегін тағайындау мен төлеуді ұйымдастырудың дұрыстығына, ал өтініш беруші жалған мәліметтер мен жасанды құжаттарды тапсырғаны үшін Қазақстан Республикасы заңнамаларына сәйкес жауапты.
      17. Тұрғын үй көмегінің мөлшеріне немесе оны алу құқығына әсер ететін мән-жайлар болған жағдайда, қайта есептеу олар анықталған кезінен бастап немесе келесі тоқсанда жүргізіледі.
      18. Артық төленген сомалар ерікті тәртіппен, ал бас тартқан жағдайда сот тәртібімен қайтарылуға тиіс
      19. Тұрғын үй көмегіне өтініш білдірген кезде коммуналдық қызмет ақысы үшін берешектері бар отбасыларына, қарыздарына қарамастан есепке тіркеген сәттен бастап ағымды төлемдерді тұрақты төлеу шартымен тұрғын үй жәрдемақылары тағайындалады.
      20. Өтініш беруші мен алушы уәкілетті органның және оның қызметкерлерінің іс-әрекеттері мен шешімдеріне жоғары тұрған уәкілетті органдарға, сондай – ақ сот тәртібімен шағымдануға құқылы.

4. Отбасының жиынтық табысын анықтау тәртібі

      21. Тұрғын үйдің меншік иесі немесе жалдаушысы (қосалқы жалдаушысы) болып табылатын отбасының (азаматтың) жиынтық табысын анықтаған кезде оның құрамында нақты бірге тұратын адамдар ескеріледі.
      Отбасының жиынтық табысына отбасының құрамында бірге тұратын (адамдардың) кірісі есептелінеді, адам саны селолық округте құрылған учаскелік комиссияның қорытынды актісімен және отбасы құрамы туралы анықтамасымен нақтыланады.
      22. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде Қазақстан Республикасында және одан тыс жерлерде есептi кезеңде алынған табыстың мынадай барлық түрлерi есепке алынады:
      1) еңбекақы, әлеуметтiк төлемдер түрiнде алынатын табыс;
      2) кәсiпкерлiк және басқа да қызмет түрлерiнен түсетiн табыс;
      3) балаларға және басқа да асырауындағыларға арналған алимент түрiндегi табыс;
      4) жеке қосалқы шаруашылықтан - мал мен құс ұстауды, бағбандықты,бақша өсiрудi қамтитын үй жанындағы шаруашылықтан түсетін табыс;
      5) өзге де табыс.
      Жеке қосалқы шаруашылықтан алынған табыс алты айлық есептік көрсеткішпен есептелінеді, малының санын және үй маңы учаскесінің пайдаланатыны жөнінде учаскелік комиссия нақтылап береді.
      23. Отбасының жиынтық табысында мыналар есепке алынбайды:
      1) мемлекеттiк атаулы әлеуметтiк көмек;
      2) тұрғын үй көмегi;
      3) жерлеуге арналған бiр жолғы жәрдемақы;
      4) бала тууына байланысты берiлетiн бiр жолғы мемлекеттiк жәрдемақы;
      5) есептi кезеңде белгiленген ең төмен күнкөрiс деңгейiнен төмен жалпы сомада көрсетiлген, ақшалай және заттай түрдегi (құндық бағадағы) қайырымдылық көмек.
      Есептi кезеңде көрсетiлген қайырымдылық көмек ең төмен күнкөрiс деңгейiнен асып түскен жағдайда, көрсетiлген көмек сомасы есептi кезеңде қалыптасқан ең төмен күнкөріс деңгейi арасындағы айырма жиынтық табыста есепке алынады;
      6) жеке iсiн ашуға және (немесе) жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға арналған материалдық көмек.
      Егер жеке iсiн ашуға және (немесе) жеке қосалқы шаруашылықты дамытуға арналған материалдық көмек мақсатына сай пайдаланылмаса, осы фактi анықталған тоқсандағы жиынтық табыс көрсетілген көмек сомасын ескере отырып есептеледi;
      7) төтенше жағдайлар салдарынан олардың денсаулығына және мүлкiне келтірілген зиянды өтеу мақсатында отбасына көрсетiлген көмек;
      8) отбасы мүшелерінің бipeуi осы отбасында тұрмайтын адамдарға төлейтiн алимент;
      9) қорғаншылардың (қамқоршылардың) табысы (қорғаншы балаларға арналған жәрдемақы тағайындаған кезде);
      10) азаматтардың тегiн немесе жеңiлдiкпен протездеуге бару жолына ақы төлеу;
      11) протездеу уақытында азаматтарды ұстау;
      12) азаматтардың елдi мекеннен тыс жерлерге емделуге тегiн немесе жеңілдiкпен жол жүру құны;
      13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес:
      - дәрілiк препараттар;
      - санаторлiк-курорттық емдеу;
      - протездік-ортопедиялық бұйымдар (жасау және жөндеу);
      - жүрiп-тұру құралдары (кресло-арбалар) мен мүгедектерге бөлiнген басқа да сауықтыру құралдары;
      - тегiн тамақтандыру мен бiлiм беру ұйымдарында бiлiм беру туралы заңнамаға сәйкес көрсетiлетiн көмек;
      14) халықтың көшi-қоны мәселелерi жөнiндегi заңнамалық кесiмдермен оралмандарға:
      - тұрақты тұратын жерiне жол жүру және мүлкiн жеткiзу (оның iшiнде малын) жөнiндегi шығыстарды өтеуге;
      - келген жерiнде тұрғын үй сатып алуға және бiржолғы жәрдемақы төлеуге көзделген қаражат.

5. Отбасының жиынтық табысын есептеу кезiнде
есепке алынатын, кәсіпкерлік және басқа да қызмет
түрлерінен түсетін табыс

      24. Отбасының кәсiпкерлiктен және басқа да қызмет түрлерiнен түсетін жиынтық табысын есептеу кезiнде:
      1) өнiмдi (жұмыстарды, қызметтердi) сатудан;
      2) тауарлық-материалдық құндылықтарды, мүлiктi сату кезiндегi құн өсiмiнен;
      3) шаруа (фермер) қожалығы қызметiнiң нәтижесiнде және шартты жер үлесi мен мүлiк жарнасынан алынған;
      4) өзiн-өзi жұмыспен қамтудан түскен табыс есепке алынады.
      25. Жекелеген азаматтарда жұмыс iстейтiн адамдар жалақысын шарттың көшiрмесiмен, жалға алушының анықтамасымен немесе өтiнiш негiзiнде растайды.
      Жекелеген азаматтарда шарт жасаспай жұмыс iстейтiн адамдардың жиынтық табысы олардың өтiнiштерi негiзiнде расталады.
      26. Өзiн-өзi жұмыспен қамтыған халықтың табысы жазбаша өтiнiшпен расталады.
      27. Кәсiпкерлiк қызметпен арнаулы салық режимi жағдайында айналысатын адамдардың табысы бiржолғы талон, патент, оңайлатылған декларация негiзiнде расталады.

6. Тұрғын үй көмегін төлеу тәртібі

      28. Тұрғын үй көмегін төлеу алушының таңдауы бойынша уәкілетті ұйым арқылы, өзі таңдаған ұйымдағы жеке шотының деректерін көрсете отырып берген өтініші негізінде бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      29. Тұрғын үй көмегін төлеу өткен ай үшін ай сайын жүргізіледі.
      30. Тағайындалған тұрғын үй көмегі сомасын алушылардың жеке шоттарына есептеу қаражаттың түсуіне қарай жүргізіледі.

7. Тұрғын үй көмегін көрсету үшін жауапкершілік

      31. Уәкілетті органдар мен уәкілетті ұйым тиісінше тұрғын үй көмегін тағайындаудың, төлеудің және берудің уақытылығы үшін заңнамада белгіленген тәртіппен жауапты болады.

8. Тұрғын үй көмегін есептеудегі нормативтер

      32. Тұрғын үй көмегі қызметтерді жеткізушілер ұсынған шоттар бойынша көрсетіледі. Шоттар болмаған жағдайда, тұрғын үй көмегі норма және нормативтер шегінде тағайындалады.
      33. Тұрғын үй көмегін есептегенде келесі нормалар қабылданады:
      1. жалғыз тұратын азаматтар үшін – 30 шаршы метр;
      - отбасында 2 адамы барлар үшін - 42 шаршы метр;
      - отбасында 3 және одан көп адамдары барлары үшін - әрқайсысына;
      18 шаршы метр, бірақ үйдің (пәтердің) жалпы ауданынан аспауы керек;
      2. тағам дайындау үшін 1 адамға 12,5 м3 табиғи газ жұмсалады;
      3. 1 шаршы метр жерді жылыту үшін - 7 м3 табиғи газ жұмсалады;
      4. газ тұтыну – жеке үйде тұратын отбасылары үшін 1 айға 10 кг;
      5. электр энергиясын қолдану:
      1 адамға – 45 киловатт;
      2 адамға – 90 киловатт;
      3 адамға – 135 киловатт;
      4 және одан да көп адамнан тұратын отбасыларына – 150 киловатт.
      6. сумен қамтамасыз ету тарифын қызмет берушілер ұсынады;
      7. от жағу маусымына – 4 тонна көмірді жыл бойына беру есептелінеді.
      8. әлеуметтік тұрғыдан қорғалатын азаматтарға телекоммуникация қызметтерін көрсеткені үшін абоненттік төлемақы тарифінің көтерілуіне өтемақы төлеудің мөлшері қолданыстағы абоненттік төлемақы (386 теңге) мен 2004 жылғы қыркүйекте (248 теңге) қолданылған абоненттік төлемақы арасындағы айырма ретінде белгіленсін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады