Ескерту. Күші жойылды - Алматы облысы Ұйғыр ауданы әкімдігінің 2011.06.02 N 06-167 Қаулысымен
Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару туралы" Заңының 31-бабы, 1-тармағы 14-тармақшасына және Ұйғыр аудандық мәслихатының 21 желтоқсан 2009 жылғы "Ұйғыр ауданының 2010-2012 жылдарға арналған аудандық бюджеті туралы" N 30-1 шешіміне сәйкес, жеке топтағы азаматтарды қосымша қолдау мақсатында аудан әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Жұмыс істеген және жұмыссыз азаматтарды жерлеуге біржолғы әлеуметтік көмекті (бұдан әрі бір жолғы әлеуметтік көмек) азаматтың қайтыс болған кезеңіндегі айлық есептік көрсеткіштің он еселенген мөлшерінде төленуі қамтамасыз етілсін.
2. Егер қайтыс болған адам, еңбектік қатынастарда тұрған болса, ал жұмыссыздар жұмыспен қамту мәселелері жөніндегі бөлімде ресми түрде тіркеуде тұрған жағдайда, отбасының табысына қарамастан бір жолғы әлеуметтік көмек тиісті жағдайлар орын алған кезден бастап 3-ай мерзім ішінде отбасы мүшелерінің немесе жерлеуді ұйымдастыруды өзіне алған адамның өтініші бойынша берілу белгіленсін.
3. "Ұйғыр ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесінің бастығы Тұрдыбакиев Турсунжан отбасы мүшелерінің немесе жерлеуді ұйымдастыруды өзіне алған адамның әлеуметтік көмекті төлейтін мекемелердегі ашылған есеп шотының нөмірі көрсетілген екінші деңгейдегі банк филиалы және осы операциялардың түрлерін жүзеге асыратын рұқсаты бар басқа да мекемелер) өтініші бойынша және келесі құжаттарды ұсынған жағдайда біржолғы әлеуметтік көмектің тағайындалуын және төленуін қамтамасыз етсін:
1) өтініш иесінің жеке басының куәлігі, соның ішінде оралмандарға берілген ыхтияр хат оралмандар куәлігі;
2) еңбек қатынастарын растайтын құжат (еңбек кітапшасы, жұмыс істеген жерінен анықтама, келісім-шарт);
3) ресми түрде жұмыссыз статусын растайтын анықтама;
4) әділет органдары беретін өлім туралы анықтама(түпнұсқасы).
4. "Ұйғыр аудандық қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесінің бастығы Даутова Сахидам Молутқызы аудандық бюджетте көзделген қаржыландыру жоспарының міндеттемесіне және қаржы шегіне сәйкес жұмыс істеген және жұмыссыз азаматтарды жерлеуге бір жолғы әлеуметтік көмекті қаржыландыру мәселелерін шешсін.
5. Осы қаулысының орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Деменбаев Даулетжан Модинұлына жүктелсін.
6. Осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Аудан әкімі К. Омаров