Ескерту. Күші жойылды - Жамбыл облысы әкімдігінің 2012.03.29 № 92 Қаулысымен.
Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 27 бабы 1 тармағының 2) тармақшасына сәйкес, облыстық коммуналдық меншiктi басқару және оны қорғау жөнiндегi шараларды жүзеге асыру мақсатында, Жамбыл облысы әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған коммуналдық меншіктегі объектілерді сенiмгерлiк басқаруға беру жөніндегі Нұсқаулық бекітілсін.
2. Осы Қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Бақытбек Зүбайраұлы Иманәлиевке жүктелсін.
3. Осы Қаулы Әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыс әкімі Қ. Бозымбаев
Жамбыл облысы әкімдігінің
2010 жылғы 2 қыркүйектегі
№ 236 Қаулысымен бекітілген
Коммуналдық меншіктегі объектілерді сенiмгерлiк басқаруға беру жөніндегі нұсқаулық
Жалпы ережелер
1. Осы Коммуналдық меншіктегі объектілерді сенiмгерлiк басқаруға беру жөніндегі нұсқаулық (әрі қарай - Нұсқаулық) «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзiрлендi.
2.Осы Нұсқаулықта мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
объект - мүлік кешені немесе коммуналдық мемлекеттік кәсіпорын немесе мемлекеттік мекеменің мүлкі, акционерлік қоғам акцияларының мемлекеттік пакеті, жауапкершілігі шектеулі серіктестіктің жарғылық капиталына мемлекеттің қатысу үлесі, сондай-ақ сенімгерлік басқаруға берілетін өзге де коммуналдық меншiктегі мемлекеттiк мүлiк;
сенiмгер басқарушы – уәкілетті органмен сенiмгерлiк басқару шартын жасаған жеке немесе заңды тұлға;
тендерге қатысушы - тендерге қатысуға жiберiлген жеке немесе заңды тұлға;
тендердiң жеңiмпазы - тендерлiк комиссияның қорытындысы бойынша ең жақсы шарттарды ұсынған тендерге қатысушы;
уәкілетті орган - коммуналдық мемлекеттік меншiкке билiк етуге уәкілеттi облыстық атқарушы орган;
шарт - уәкілетті орган мен сенiмгер басқарушы арасында жасалған объектiнi сенiмгерлiк басқаруға шарт (келiсiм-шарт).
3. Объектiнi сенiмгерлiк басқару шарт негізінде пайда болады.
4. Объектiлердi кейiннен сатып алу құқығынсыз сенiмгерлiк басқаруға беру тендер өткiзбей жүзеге асырылады.
5. Кейiннен сатып алу құқығымен объектiнi сенiмгерлiк басқаруды құрған жағдайда тендердi өткiзу мiндеттi болып табылады.
6. Объектiнi сенiмгер басқарушымен сатып алу ережелерi шартпен анықталады. Шартта қандай мерзiмде және қандай мiндеттемелердi орындаған жағдайда объект сенiмгер басқарушының меншiгiне ауысатыны көзделеді.
Объектіні сенімгер басқарушыға сатуға ол тиісті шарттың міндеттерін орындаған жағдайда ғана жол беріледі.
7. Кейiннен сатып алу құқығымен сенiмгерлiк басқаруға беру туралы шешiм қабылданған жағдайда объектiнiң Қазақстан Республикасының бағалау қызметi туралы заңнамасына сәйкес тәуелсiз бағалаушы есебiнiң негiзiнде объектінің ағымдағы нарықтық құны бекiтіледi.
8. Объектiнi сенiмгерлiк басқаруға беру шарттары сенiмгер басқарушының мыналарға қатысты мiндеттемелерi бола алады:
объектiге инвестициялардың көлемдерiне, түрлерiне және мерзiмдерiне;
өнiмнiң көлемдерiне, шығарылатын өнiмнiң немесе көрсетiлетiн қызметтердiң түрлерi мен номенклатурасы;
белгiлi тұтынушыларға өнiмдi жеткiзу;
баға белгiлеуге, оның iшiнде бағалардың шектi деңгейi бойынша шектеулер;
табиғатты қорғау iс-шараларын өткiзу;
бар санын сақтап қалу немесе жаңа жұмыс орындарын құру;
өндiрiстiк және әлеуметтiк инфрақұрылым объектiлерiн пайдалану тәртiбi;
объектiнiң берешектерiн белгiленген мерзiмдерде өтеу;
сенiмгер басқарушы объектiнi кейiннен сатып алуы;
мәмiлелер жасау және/немесе белгiлi уақыт кезеңi iшiнде объектiге қатысты белгiлi қызметтерге тиым салу.
9. Тендердi ұйымдастыру және өткiзу үшiн уәкілетті орган тендерлiк комиссияны құрады, оның құрамына уәкілетті органның, салалық және басқа мүдделi органдардың өкiлдерi (келiсiм бойынша) кiредi. Тендерлiк комиссия мүшелерiнiң саны 5 адамнан кем болмауы тиiс. Тендерлiк комиссияның төрағасы мен хатшысы бұйрықпен тағайындалады және уәкілетті органның өкiлдерi болып табылады. Тендерлiк комиссияның хатшысы тендерлiк комиссияның мүшесi болып табылмайды.
2. Коммуналдық меншіктегі объектілерді сенiмгерлiк басқаруға беруге дайындау
10. Объектiнi сенiмгерлiк басқаруға беруге дайындауды уәкілетті орган жүзеге асырады.
11. Тендердi өткiзуге дайындық кезiнде уәкілетті орган объект туралы ақпаратты жинауды, ақпараттық хабарламаны уақытылы жариялауды қамтамасыз етедi, тендерге қатысуға өтiнiмдердi қабылдауды және тiркеудi, бағалауды (объектiнi кейiннен сатып алу құқығымен сенiмгерлiкпен басқаруға берген жағдайда) жүргiзедi, келiп түскен материалдарды тендерлiк комиссияның қарауына жiбередi.
12. Объектiлер бойынша ақпараттық хабарлама мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде тендер өткiзудiң жарияланған күнiне дейiн 15 күнде мерзiмдi баспа басылымдарында жарияланады және мынадай мәлiметтердi қамтиды:
1)тендер шарттары және тендер жеңiмпазын анықтау өлшемдерi;
2)тендер объектiсiнiң қысқаша сипаттамасы;
3)тендердiң өткiзiлу күнi, уақыты мен орны;
4)тендерге қатысуға өтiнiмi бар конверттi ұсынудың тәртiбi, тәсiлi, орны мен түпкi мерзiмi және тендерге қатысуға өтiнiмдердiң талап етiлетiн қолданылу мерзiмi;
5) кепiлдiк жарнаның мөлшерi және оларды енгiзу үшiн банк деректемелерi (кепiлдiк жарнаның мөлшерi ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейiн өзгертiлмейдi);
6) мемлекеттік басқару органдары ұсынған қосымша мәлiметтер.
13. Тендер шарттары өзгерген жағдайда барлық өзгерiстер туралы хабарлама осы Нұсқаулықпен белгiленген тәртiппен тендердi өткiзгенге дейiн 5 күн бұрын жариялануы тиiс.
Тендер шарттары өзгергендiгi туралы хабарлама жарияланғанға дейiн тендерге қатысуға өтiнiм берген және осыған байланысты тендерге қатысудан бас тартқан тұлғалар кепiлдiк жарнаны толық көлемде қайтаруды талап ете алады.
14. Ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейiн уәкілетті орган тендерге қатысушы болуға ықылас бiлдiрген үмiткерлерге объект туралы ақпаратқа қол жетiмдiлiктi қамтамасыз етедi.
15. Сенімгерлік басқаруға шарт жасасу және оны орындау жөнінде тиісті міндеттемелерін орындамаған өткен тендерлердің жеңімпазы алдағы тендерге қатысушы бола алмайды.
16. Тендерге қатысушылар тендердi өткiзу туралы ақпараттық хабарламада көрсетiлген мөлшерде, мерзiмдерде және тәртiпте кепiлдiк жарна салады. Кепiлдiк жарнаның мөлшерi ақпараттық хабарлама жарияланғаннан кейiн өзгертiле алмайды.
17. Тендерге қатысу үшiн кепiлдiк жарна әрбiр объект үшiн жеке оның ағымдағы бағасының немесе баланстық құнының 1-3 пайызы шегiнде белгiленедi.
18. Кепiлдiк жарна қатысушының мына мiндеттемелерiн қамтамасыз ететiн болады:
1) жеңген жағдайда тендер нәтижелерi туралы хаттамаға қол қою;
2) уәкілетті органмен шарт жасасу.
19. Егер тендерге қатысушылар осы Нұсқаулықтың 13-тармағының екiншi абзацында көзделген жағдайларды қоспағанда, тендерге қатысудан оны өткiзгенге дейiн кемiнде үш күн бұрын бас тартқан жағдайда уәкілетті орган оларға кепiлдiк жарнаны қайтармайды.
20. Осы Нұсқаулықтың 18 және 28 тармақтарында санамағандағы басқа барлық жағдайларда кепiлдiк жарна тендер аяқталған күннен бастап 10 банктiк күннен кешiктiрмей, ал егер ақша уәкілетті орган шотына тендер өткiзiлгеннен кейiн түссе, онда олар түскен күннен бастап 10 банктiк күн iшiнде қайтарылады.
21. Тендерге қатысушыларды тiркеу ақпараттық хабарлама жарияланған күннен бастап жүргiзiледi және тендер басталғанға дейiн жиырма төрт сағат бұрын аяқталады.
22. Тендерге қатысушы есебiнде тiркеу үшiн мыналарды:
1) тендерге қатысушыны тендер жеңiмпазы деп хабарлаған жағдайда оның жазбаша мiндеттемесiн бiлдiретiн тендерге қатысуға өтiнiмдi, ақпараттық хабарламада көрсетiлген және тендерге қатысушының өзiмен ұсынылған тендер ережелерiнде шарт жасасу;
2) тендер шарттары бойынша жазбаша түрдегi тендермен шарттасылған құжаттаманы қоса берiп, басқа құжаттардан бөлек конвертте жапсырылған ұсыныстарды;
3) ықтимал тендерге қатысушының банк (банктер) алдында тендерлiк өтiнiмдер бар конверттердi ашу күнiнiң алдындағы үш айдан артыққа бiрiншi басшы немесе қол қою құқығы бар тұлға және бас бухгалтер қол қойған банктiң (банктердiң) мөрi бар мерзiмi өткен берешектерiнiң жоқтығы туралы банктiң (банктердiң) анықтамасын. Егер, ықтимал қатысушы екiншi деңгейдегi бiрнеше банктердiң немесе филиалдардың, сондай-ақ шетел банкiсiнiң клиентi болып табылған жағдайда, осы анықтама осындай банктердiң әрқайсысынан ұсынылады;
4) соңғы қаржы жылы үшiн Қазақстан Республикасының заңнамалық актiлерiмен мiндеттi аудиттi өткiзу белгiленген заңды тұлғалардың аудиторлық есебiн;
5) заңды тұлғаны мемлекеттiк тiркеу (қайта тiркеу) туралы куәлiктiң нотариалды куәландырылған көшiрмесiн;
6) статистикалық карточканың нотариалды куәландырылған көшiрмесiн;
7) ықтимал тендер қатысушысының бiлiктiлiгiн растайтын бiлiктiлiгi туралы мәлiметтер лицензия және/немесе патенттердiң, куәлiктердiң, басқа да құжаттардың нотариалды куәландырылған көшiрмесiн қоса;
8) жарғының нотариалды куәландырылған көшiрмесiн. Шетел заңды тұлғалары құрылтай құжаттарын мемлекеттiк және орыс тiлдерiнде нотариалды куәландырылған көшiрмесiн ұсынады;
9) ықтимал тендерге қатысушының төлеу мерзiмi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес ұзартылған жағдайды алып тастағанда тендерлiк өтiнiмдер бар конверттердi ашу күнiнiң алдындағы үш айдан ұзаққа бiрiншi басшы немесе қол қою құқығы бар тұлға қол қойған, осы салық органының мөрi бар салық және бюджетке төленетiн басқа да мiндеттi төлемдердi төлеу және жинақтаушы зейнетақы қорларына аудару жөнiндегi мерзiмi өтiп кеткен берешегiнiң жоқтығы туралы тиiстi салық органының белгiленген нысандағы анықтамасының түпнұсқасын немесе нотариалды куәландырылған көшiрмесiн;
10) кепiлдiк жарнаны уәкілетті органның депозит шотына аудару туралы төлем тапсырмасының немесе түбiртектiң (жеке тұлға үшiн) түпнұсқасын немесе көшiрмесiн;
11) ықтимал тендерге қатысушы өкiлiнiң өкiлеттiгiн растайтын құжатты (сенiмхатты) (жеке куәлiктi/төлқұжатты (шетел азаматтары үшiн)) ұсынады.
23. Жұмыс iстеуге жарамды жеке тұлға болып табылатын ықтимал тендерге қатысушы осы Нұсқаулықтың 21-тармағының 1), 2), 10) тармақшаларында көзделген құжаттарды ұсынады, сондай-ақ:
1) жеке куәлiктiң/төлқұжаттың көшiрмелерiн;
2) тиiстi мемлекеттiк орган берген (шарт жасау үшiн азаматтық құқық қабiлетiнiң барын растау үшiн) заңды тұлғаның бiлiмiнсiз кәсiпкерлiк қызметтi жүзеге асыруға құқық беретiн құжаттың нотариалды куәландырылған көшiрмесiн;
3) лицензияларының және/немесе патенттердiң, куәлiктердiң, ықтимал тендерге қатысушының бiлiктiлiгiн растайтын басқа құжаттардың нотариалды куәландырылған көшiрмелерi қоса берiлген бiлiктiлiгi туралы мәлiметтi.
3.Тендердi өткiзу
24. Тендерлiк комиссия жеңiмпазды анықтау өлшемiнен (өлшемдерiнен) шыға отырып, тендерге қатысушылардың ұсыныстары бар конверттерiн ашады және тендерге қатысушылардың ұсыныстарын қарайды.
25. Тендерлiк комиссияның шешiмi оның мүшелерiнiң жай дауыстың көпшiлiгiмен қабылданады. Дауыстар тең болған жағдайда, төрағаның дауысы шешушi болып табылады.
26. Тендерлiк комиссияның шешiмi хаттамамен ресiмделедi, оған тендерлiк комиссияның мүшелерi, оның төрағасы және тендер жеңiмпазы қол қояды. Тендерлiк комиссияның мүшесi өзiнiң ерекше ойын жазбаша жазып, оны хаттамаға тiркеуге құқылы, ол туралы соңғысында белгi қойылады.
27. Жаңа тендер хабарлануы, сондай-ақ тендер шарттары мына жағдайларда өзгертілуi мүмкін:
1) тендерге қатысуға өтiнiмдер жоқ болса;
2) тендерлiк комиссия жеңiмпаздың жоқтығы туралы шешiмдi қабылдаса;
3) тендер жеңiмпазы шартқа қол қоюдан бас тартса.
28. Тендер мына жағдайларда өтпеген болып танылады, егер:
1) қатысушылардың ұсыныстары тендерлiк комиссиямен тендер шарттарын қанағаттандырмайтын немесе Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес келмейтiн болып танылса;
2) тiркелген қатысушылардың саны екеуден кем болса.
29. Тендердiң жеңiмпазы тендердiң нәтижелерi туралы хаттамаға немесе шартқа қол қоюдан жалтарса, өзi салған кепiлдiк жарнаны жоғалтады.
4. Қорытынды ережелер
30. Осы Нұсқаулықта реттелмеген барлық мәселелер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешіледі.