Ескерту. Мерзімінің бітуіне байланысты қолданылуы тоқтатылды (Қарағанды облысы Шет ауданы әкімі аппараты жетекшісінің 2011.04.12. N 8-4/474 хатымен).
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31 бабы 13) тармақшасын, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Халықты жұмыспен қамту туралы" Заңын басшылыққа ала отырып, Шет ауданының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
1. Нысаналы топтардағы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруды ұсынған жұмыс берушілерді іріктеу қағидасы (бұдан әрі – Қағида) бекітілсін.
2. Ауданның жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі (бұдан әрі – Уәкілетті орган) нысаналы топтардағы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруды жүзеге асырсын.
3. Әлеуметтік нысаналы топтар үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыра отырып, қатысушы әр адамға жергілікті бюджеттен 20 мың теңгеден орташа айлық мөлшерде аударымдар бекітілсін.
4. Ауданның қаржы бөлімі (А. Құлшықов) 2010 жылға республикалық және жергілікті бюджеттен қаралған шығындардан әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген нысаналы топтардағы жұмыссыздардың еңбек ақысын қаржыландыруды қамтамасыз етсін.
5. Шет ауданы әкімдігінің 2009 жылғы 24 сәуірдегі "2009 жылы әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру туралы" N 9/5 және 2009 жылғы 29 мамырдағы "Нысаналы топтардағы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру туралы" N 11/9 қаулыларының күші жойылды деп танылсын.
6. Осы қаулының орындалуын бақылау аудан әкімінің орынбасары Юржан Асанұлы Бекқожинге жүктелсін.
7. Осы қаулы ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі және 2010 жылдың 1 сәуірінен бастап туындаған құқықтық қатынастарға таратылады, 2010 жылдың 31 желтоқсанына дейін қолданыста болады.
Шет ауданының әкімі Қ. Тілеубергенов
Шет ауданы әкімдігінің
2010 жылғы 26 наурыздағы
N 05/05 қаулысымен бекітілген
2010 жылы нысаналы топтардағы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруды ұсынған жұмыс берушілерді іріктеу Қағидасы
1. Жұмыс берушілер әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыру үшін уәкілетті органға - "Шет ауданының жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі" мемлекеттік мекемесіне (әрі қарай - Уәкілетті орган) сұраныс береді.
2. Әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруды ұсынатын жұмыс берушілерді іріктеу кезінде, Уәкілетті орган келесідей талаптарды ескереді: кәсіпорынның төлем қабілеттілігінің болуын, уақытылы еңбекақының төленуін, техникалық қауіпсіздік нормаларға жұмыс орындарының сәйкестілігін, кәсіпорындарда Қазақстан Республикасының Еңбек кодексі нормалары сақталуы тиіс.
3. Жұмыс беруші әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруға Уәкілетті органмен келісім-шарт жасайды. Келісім-шартта тараптардың міндеттері, түрлері, жұмыс көлемі, еңбек ақының төлеу шарттары және мөлшері, әлеуметтік жұмыс орындарын қаржыландыру көздері және мерзімі, жіберілетін жұмыссыздардың саны көрсетіледі. Жұмыс уақытша сипатта болады және оны ұйымдастыруда тұрақты жұмыс орындары және бос жұмыс орындары пайдаланылмайды.
4. Уәкілетті орган нысаналы топтардағы жұмыссыздарға әлеуметтік жұмыс орындарына жұмысқа орналастыру үшін жолдама береді.
5. Жұмыс беруші әлеуметтік жұмыс орындарына жіберілген жұмыссыздарды қабылдайды, олармен келісім-шарт жасайды, техникалық қауіпсіздік нормаларына сәйкес жұмыс орындарын береді. Жұмыссыздардың әлеуметтік жұмыс орындарына жұмыспен қамту мерзімі алты айға дейін рұқсат етіледі.
6. Жұмыс берушілер еңбек ақы төлемдері бойынша шығындарды өтеу үшін ағымдағы айдың 20-на дейін ай сайын Уәкілетті органға белгіленген тәртіпте: жұмысқа қабылдағаны жөнінде бұйрықтың көшірмесін, жұмыс уақытының есеп жүргізу табелін, жұмыскерлердің әлеуметтік жұмыс орындарына қабылданғаны жөнінде есебін және жұмыстың орындалғаны жөніндегі актісін тапсырады.
7. Осы нысаналы топтардағы жұмыссыздарды жұмысқа орналастыру үшін әлеуметтік жұмыс орындарын ұйымдастыруды ұсынған жұмыс берушілерді іріктеу Қағидасының орындалуына бақылау жасау Уәкілетті органға жүктеледі.