Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда облысы Жалағаш аудандық мәслихатының 2011.06.20 N 43-4 шешімімен.
"Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы Кодексiне және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6 бабы 1-тармағының 8) тармақшасына сәйкес Жалағаш аудандық мәслихаты ШЕШІМ ЕТЕДІ:
1. Қоса беріліп отырған Жалағаш ауданы елді мекендердің аумақтарын көріктендендіру және жасыл желектерін күтіп ұстау мен қорғау Нұсқаулығы бекітілсін.
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Аудандық мәслихаттың
XХVІІ-сессиясының төрағасы А. ТАУПБАЕВ
Аудандық мәслихат хатшысы К. СҮЛЕЙМЕНОВ
2010 жылғы 3 наурыздағы N 27-3
Жалағаш аудандық мәслихатының
шешімімен бекітілген
Жалағаш ауданы елдi мекендердiң аумақтарын көрiктендiру және жасыл желектерін күтіп ұстау мен қорғау
Нұсқаулығы
1. Жалпы ережелер
1. Жалағаш ауданы елдi мекендерiнiң аумағын көрiктендiру және жасыл желектерін күтіп ұстау мен қорғау Нұсқаулығы (бұдан әрi - Нұсқаулық) "Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексiне және "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзiн-өзi басқару туралы" Қазақстан Республикасы Заңына сәйкес әзiрлендi.
2. Осы Нұсқаулық Жалағаш ауданы елдi мекендерiн көрiктендiру және жасыл желектерін күтіп ұстау мен қорғау саласындағы жеке және заңды тұлғалардың қарым-қатынасын реттейдi.
3. Осы Нұсқаулықта пайдаланылатын негiзгi ұғымдар:
1) көріктендіру – адамның өмір тіршілігіне ыңғайлы, жайлы және қауіпсіз ортаны қамтамасыз ететін элементтер мен жұмыстар кешені;
2) бекітілген аумақ – санитарлық ұстау және көріктендіруді ұйымдастыру жұмыстары кезінде бекітілген аумақ субъектілерінің келісімі бойынша тазарту және күтіп ұстау жұмыстарын жүргізу үшін бекітіліп берілген учаске;
3) жерді пайдаланушы – мақсаты мен меншік түріне қарамастан аудан, елді мекен шегіндегі жер учаскілерін пайдаланушы заңды немесе жеке тұлғалар;
4) шағын сәулеттік пішіндер - әсемдік үшін және іске жарамды сипаттағы нысандар;
5) өтпе жолдар (жүргін бөлік, өтетін жол) – тұрғын үйлер мен қоғамдық ғимараттарға, мекемелерге, кәсіпорындарға және шағын мөлтек аудандар, орамдар ішіндегі қалалық құрылыс нысандарына көліктердің кіруін қамтамасыз етуші жол элементтері;
6) коммуналдық қалдықтар – елді мекендерде, оның ішінде адамның тіршілік әрекеті нәтижесінде пайда болған тұтыну қалдықтары, сондай-ақ құрамы және жиналу сипаты жағынан осыларға ұқсас өндіріс қалықтары;
7) қатты қалдықтар - үй қоқыстары, ұйымдардан, мекемелерден шығатын қалдықтар, өнеркәсіптік кәсіпорындардың қазандықтарынан шығатын қалдықтар, құрылыс қоқыстары;
8) уәкiлеттi орган - аумақта көрiктендiру жұмыстарын жүргiзуге (ұйымдастыруға) Жалағаш ауданының әкімдігі уәкiлеттік берген атқарушы орган.
2. Елдi мекендердi таза ұстау
4. Жалпы пайдаланудағы орындардың тазалануы мен ұсталуы келесі жұмыстарды қамтиды:
1) коммуналдық және қатты қалдықтарды шығару;
2) жазғы маусымда сыпыру, су шашу;
3) жасыл желектерді қорғау және сақтау;
4) қамыс пен басқа да жабайы өсiмдiктердi шабу және шығару;
5) қоршаулар мен шағын сәулеттi пiшiндердi жөндеу мен сырлау;
6) көлiк жолдарын тазалау.
3. Көлiк жолдарын тазалау
5. Көшелердiң көлiк жолдарын, алаңдарды, аудандық және ауылдық жол желiлерiн, көлiк тоқтайтын орындарды тазалауды уәкiлеттi органмен шарт жасасқан тұлғалар жүргiзедi.
Жолдардың жиектерi iрi көлемдi және басқа да қоқыстардан тазартылуы қажет.
6. Жұмыстарды жүргiзу кезiнде қоқыстарды көшелердiң жүргiн бөлiгiне және көлiк жолдарына шығаруға болмайды.
4. Қысқы маусымда аудан аумақтарын тазалаудың ерекшелiктерi
7. Саябақтардағы, бақтардағы, скверлердегi, бульварлардағы жолдарды және басқа да жасыл аймақтарды тазалау кезiнде, осы мақсаттарға дайындалған алаңшаларға, жасыл желектердің сақталуын қамтамасыз еткен жағдайда қарларды үюге рұқсат берiледi.
8. Қар үйiндiлерiн жинауға болмайтын жерлер:
бiр деңгейде барлық жолдар мен көшелердiң және кiру жолдарының қиылыстарында және темiржолға жақын жолдарда;
тротуарлар мен көгалдарға.
9. Үйлердiң аулаларынан және жолдардан тазартылған қар автокөлiктер мен жаяулар қозғалысына кедергi жасамайтын орындарға жиналу қажет.
5. Тазалықты қамтамасыз ету
10. Елдi мекен аумағында коммуналдық, қатты қалдықтарды тастауға және өртеуге жол берiлмейдi.
11. Жалпы пайдаланатын жерлерде су алатын колонкалардың жанында мал суаруға, автокөлiктердi жууға және тазалауға болмайды.
12. Автокөлікпен топырақты, қоқысты, шашылатын құрылыс материалдарын, жеңiл ыдыстарды, жапырақтарды, кесiлген ағаштарды тасыған кезде жолдарды ластауға жол бермейтiн брезентпен немесе басқа да материалдармен жабылуы қажет.
13. Көшелер мен саябақтарда, стадион, денсаулық сақтау, білім беру мекемелері жанындағы учаскелер мен басқа да қоғамдық орындарда малды бағуға немесе жаюға болмайды.
14. Арнайы белгiленген жерлерден басқа орындарға хабарландырулар, баспа, үгiт материалдарын, көрнекi ақпараттық материалдарды орналастыруға болмайды. Осы өнiмдердiң басқа да жерлерге iлiнуi тиiстi объектiнiң меншiк иесiнiң келiсiмiмен жүргiзiледi.
15. Шаруашылық жүргiзу құқығындағы немесе жедел басқаруындағы ғимараттары және орын-жайлары бар жеке және заңды тұлғалар, ғимараттарды, құрылыстарды және құрылғыларды, басқа жер учаскелерiндегi жылжымайтын нысандарды қала құрылысы мен жобалау құжаттарына, қала құрылысы нормативтерi мен ережелерi, экологиялық, санитарлық, өртке қарсы және басқа арнайы нормаларға сәйкес, қалыпты жағдайда ұстау, сондай-ақ қарамағындағы ғимараттар мен құрылғылардың қасбеттерiн жөндеу мен жаңғырту жұмыстарын өз есебiнен жүргiзуi керек.
6. Қалдықтарды жинау, уақытша сақтау және шығару
16. Елдi мекендер аумағында, тұрғын үйлер мен ғимараттар, мекеме, кәсiпорындарда, сауда-саттық нысандарында тұрмыстық қалдықтарды жинау үшiн арнайы орындар болуы керек.
17. Вокзалдарда, базарларда, сауда үйлерiнде, тамақтандыру орындарында, саябақтарда, демалыс орындарында, алаңдарда, бiлiм беру, денсаулық сақтау мекемелерiнде және басқа да көпшiлiк пайдаланатын орындарда, көшелерде, жолаушылар тасымалдау көлiктерi аялдамаларында, сауда нысандарының кiре берiстерiнде қоқыс жәшiктерi орнатылуы қажет.
18. Қоқыс жәшiктерiн орнату мен оларды тазалау тиiстi шарт жасасқан тұлғалармен немесе иелiгiнде (қолданысында) қоқыс жәшiктерi бар субъектiлермен жүргiзіледi.
7. Жасыл желектерді қорғау және сақтау
19. Жасыл желектердің ағымдық ұсталуы мен сақталуы аумақтары бекітілген жер пайдаланушылар, жеке және заңды тұлғаларға жүктеледі:
1) тұрғын үйлерден жүретін жолға дейін пәтер иелеріне, тұрғын үй қорының иелеріне;
2) жалпы пайдаланудағы объектілерде (бақтар, саябақтар, аллеялар және т.б.) және көшелерді аудан бюджеті есебінен келісім негізінде жұмыстарды атқарушы кәсіпорындарға;
3) өндірістік кәсіпорындар, ұйымдар, мекемелер және әр түрлі меншіктегі басқа объектілердің аумағында, сонымен қатар соған жататын аумақтарда кәсіпорын басшылары мен осы объектілердің иелеріне;
4) құрылысқа бекітілген аумақта жұмыс басталған уақыттан бастап тапсырыс беруші немесе оның сенім хаты бойынша құрылыс мекемесінің бас мердігері.
20. Жер асты коммуникациялар және инженерлік желілерге құрылыс жұмыстары жүргізілген кезде, жолында тұрған жасыл желектерді кесуге рұқсаты болған кезінде ғана жүргізіледі.
21. Жасыл желектерді қорғау және сақтау барысында жеке және заңды тұлғалар мыналарды жасау қажет:
1) жасыл желектерді зақым келтіруден сақтау;
2) жасыл желектерді ұстау, соның ішінде:
көң-қоқыстан тазалау, түскен жапырақтарды жинау, бұтақтарды кесу, көгалдарды қырқу, арам-шөптерді жұлу;
ағаштардың діңдерін әктеу;
жасыл желектерді, көгалдар мен гүлзарларды суару;
қурап, сынып қалған ағаштарды, бұтақтарды кесу.
8. Нұсқаулықты бұзғаны үшін жеке және заңды тұлғалардың жауапкершілігі
22. Осы Нұсқаулықты бұзғаны үшін жеке және заңды тұлғалар "Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексiнің 300, 387 баптарына сәйкес жауапкершілікте болады.