Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі жөніндегі Қағида туралы

Күшін жойған

Жаңаөзен қалалық мәслихатының 2010 жылғы 22 желтоқсандағы № 34/257 шешімі. Жаңаөзен қаласының Әділет басқармасында 2011 жылғы 18 қаңтарда № 11-2-156 тіркелді. Күші жойылды - Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәслихатының 2012 жылғы 26 маусымдағы № 6/49 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Маңғыстау облысы Жаңаөзен қалалық мәслихатының 2012.06.25 № 6/49 шешімімен.
      «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін - өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы заңына, «Тұрғын үй қатынастары туралы» Қазақстан Республикасының 1997 жылғы 16 сәуірдегі заңының 97 - бабына және «Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 қаулысына сәйкес, қалалық мәслихат ШЕШІМ ЕТТІ:
      1. Аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үйді ұстау және коммуналдық қызметтерді тұтыну ақысын төлеуге тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі жөніндегі Қағида бекітілсін.(Тіркелген)
      2. Қалалық экономика және бюджеттік жоспарлау бөлімі (Н.Ғұмарова) тұрғын үй көмегін төлеу шығындарын уақытында қамтамасыз етсін.
      3. Қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі (М.Абубикиров) аз қамтамасыз етілген отбасыларына (азаматтарға) тұрғын үй көмегін уақытылы тағайындауды және төлеуді ұйымдастырсын.
      4. Осы шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Сессия төрағасы                         Ж. Күмісбаев

      Қалалық Мәслихат
      хатшысы                                 М. Сарыев

      «КЕЛІСІЛДІ»:
      «Жаңаөзен қалалық экономика және бюджеттік
      жоспарлау бөлімі» мемлекеттік мекемесінің бастығы
      Н. Ғұмарова
      22 желтоқсан 2010 ж.

      «Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту және
      әлеуметтік бағдарламалар бөлімі» мемлекеттік
      мекемесінің бастығы
      М.И. Абубакиров
      22 желтоқсан 2010 ж.

Жаңаөзен қаласы мәслихатының
2010 жылғы 22 желтоқсандағы
№ 34/257 шешімімен бекітілген

Тұрғын үй көмегін көрсетудің мөлшері мен тәртібі жөнінде
Қағида

1. Тұрғын үй көмегін көрсету тәртібі

      1. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен Жаңаөзен қаласында тұрақты тұратын аз қамтамасыз етілген азаматтарға (отбасыларға) беріледі.
      2. Тұрғын үй көмегін тағайындау үшін азамат (отбасы) (бұдан әрі - өтініш беруші) тұрғын үй көмегін тағайындауды жүзеге асыратын Жаңаөзен қалалық жұмыспен қамту және әлеуметтік бағдарламалар бөлімі (бұдан әрі - уәкілетті орган) өтініш береді және мынадай құжаттарды ұсынады:
      өтініш берушінің жеке басын куәландыратын құжаттың көшірмесі;
      тұрғын үйге құқық беретін құжаттың көшірмесі;
      азаматтарды тіркеу кітабының көшірмесі;
      отбасының табысын растайтын құжаттар;
      кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге арналған нысаналы жарнаның мөлшері туралы шот;
      жергілікті атқарушы органмен (тұрғын үй инспекциясымен) келісілген, пәтерлердің меншік иелері мен жалдаушыларының (қосымша жалдаушылардың) жалпы жиналысында бекітілген кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеудің жекелеген түрлерін жүргізуге арналған шығыстар сметасы негізінде кондоминиум объектісін басқару органы ұсынатын және мөрмен, кондоминиум объектісін басқару органы басшының қолымен расталған кондоминиум объектісінің ортақ мүлкін күрделі жөндеуге қаражат жинақтауға арналған ай сайынғы жарналардың мөлшері туралы шот;
      коммуналдық қызметтерді тұтыну шоттары;
      телекоммуникация қызметтері үшін түбіртек – шот немесе байланыс қызметтерін көрсетуге арналған шарттың көшірмесі;
      тұрғын үйді пайдаланғаны үшін жергілікті атқарушы орган берген жалдау ақысының мөлшері туралы шот.
      3. Уәкілетті органға құжаттардың түпнұсқалары және көшірмелері ұсынылады. Салыстырылғаннан кейін құжаттардың түпнұсқалары өтініш берушіге қайтарылады.
      Уәкілетті органның қызметкерлерімен куәландырылған құжаттардың көшірмелері іске тіркеледі.
      4. Уәкілетті орган тұрғын үй көмегін тағайындау үшін қажет құжаттарды беру күннен бастап күнтізбелік он бес күн ішінде, ал егер ақпаратты өзге субъектілерден, лауазымды тұлғалардан алу немесе мекен-жайы бойынша барып тексеру қажет болған жағдайда күнтізбелік отыз күн ішінде тұрғын үй көмегін тағайындау немесе тағайындаудан бас тарту жөнінде шешім қабылдайды, оның бір данасы өтініш берушіге беріледі.
      5. Егер ұсынылған құжаттар күмән туғызатын болса, уәкілетті орган тиісті органдардан өтініш берушінің тұрғын үй көмегін тағайындауға және төлеуге құқығын растайтын мәліметтерді сұратады.
      6. Тұрғын үй көмегі өтініш беру айынан бастап тағайындалады және жылыту маусымының соңына дейін тағайындалатын бірінші тоқсанды қоспағанда, өтініш беруші өтініш жасаған ағымдағы тоқсанға көрсетіледі. Зейнеткерлер мен мүгедектерге тұрғын үй көмегін тағайындау бүкіл жылыту маусымына жүзеге асырылады.
      7. Тұрғын үй көмегін алушы тұрғын үй көмегін төлеу мөлшерінің өзгеруіне негіз бола алатын мән-жайлары, сондай - ақ олардың дұрыс есептелмегені туралы уәкілетті органға хабарлайды.
      8. Тұрғын үй көмегі мөлшеріне ықпал ететін мән - жайлар туындаған жағдайда, (алушы қайтыс болуын қоспағанда) көрсетілген мән - жайлар түскен күннен бастап қайта есептеу жүргізіледі.
      9. Өтініш беруші жалған мәлімет беру арқылы заңсыз тұрғын үй көмегін тағайындауға жол бергені айқындалған жағдайда, тұрғын үй көмегін төлеу оны тағайындау мерзіміне тоқтатылады.
      Артық төленген сомалар бюджетке қайтарылады, ал алушы өз еркімен қайтарудан бас тартқан жағдайда, уәкілетті орган аударылған төлемдерді Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіпте төлетеді.
      10. Жалғыз тұратын тұрғын үй көмегін алушы қайтыс болған жағдайда, тұрғын үй көмегін төлеу қайтыс болған айдың кейінгі айынан бастап тоқтатылады.
      Тұрғын үй көмегін алушы отбасы мүшесінің бірі қайтыс болған жағдайда, қайтыс болған айдың кейінгі айынан бастап қайта есептеу жүргізіледі.
      Қайтыс болғанға байланысты төлемдерді тоқтату немесе қайта есептеу уәкілетті органмен әділет органдарынан ай сайын сұратып алатын қайтыс болған адамдардың тізімдері негізінде немесе отбасы мүшелері беретін мәліметтер бойынша жүргізіледі.
      11. Тұрғын үй көмегін көрсету мәселелері жөнінде туындаған келіспеушіліктер Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес шешіледі.

2. Тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері

      12. Тұрғын үй көмегін көрсету мөлшері уәкілетті органмен тұрғын үй көмегін алуға ниет білдіруші отбасының жиынтық табысы немесе азаматтың табысын негізге ала отырып анықталады.
      13. Атаулы әлеуметтік көмекті тағайындау үшін уәкілетті органмен азаматтың (отбасының) жиынтық табысы қолданыстағы заңнамада белгіленген тәртіппен тұрғын үй көмегіне өтініш жасаған тоқсанның алдындағы тоқсанына есептеледі.
      14. Азаматтың табысын растайтын құжаттарды тапсырғанда, мүгедектер және бір айдан астам стационарлық ем қабылдап жатқан тұлғаларды, күндізгі оқу нысаны бойынша оқушыларды, студенттерді, тыңдаушыларды, курсантарды және магистранттарды, сондай - ақ бір және екінші топтағы мүгедектерді, сексен жастан асқан адамдарды, жеті жасқа дейінгі балаларды күтіп бағумен айналысатын азаматтардан басқа, жұмыссыз адамдар жұмыспен қамту мәселелері жөнінде уәкілетті органынан жұмыссыз ретінде тіркелуі жөніндегі құжаттарды тапсырады.
      15. Белгіленген нормалар шегіндегі шекті жол берілетін шығыстар үлесі азаматтың (отбасының) жиынтық табыстың 10 пайызы мөлшерінде белгіленеді.
      16. Тұрғын үй көмегін тағайындау кезінде алаңның нормасы есепке алынады:
      1) бір отбасы мүшесіне - көп бөлмелі тұрғын жайларда (пәтерлерде) тұратындар үшін пайдалы алаңының 18 шаршы метрі және отбасына тоғыз шаршы метрін қосымша; бір бөлмелі тұрғын жайларда (пәтерлерде) тұратындар үшін - тұрғын жайдың жалпы алаңы;
      2) жалғыз тұратын азаматтар үшін-пайдаланатын алаңына қарамастан нақты алаңынан асырмай отыз шаршы метр, осы норма жатақханалар үшін де қолданылады.
      17. Есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін өтем шараларымен қамтамасыз етілетін коммуналдық қызметтерді тұтыну нормативтері қолданыстағы заңнамаға сәйкес белгіленеді.
      Егер шығыстарға тарифтер мен нормативтер заңмен белгіленген тәртіпте анықталмаса, шығысты өтеу нақтылы шығыстар бойынша жүргізіледі.
      18. Коммуналдық қызметтерді тұтынатын есептегіш құралдары бар тұтынушыларға есеп айырысу үшін, өткен тоқсанның немесе қызмет толық көлемде көрсетілген соңғы тоқсандағы есептегіш құралдардың көрсеткіштері негізінде, бірақ есептегіш құралдары жоқ тұтынушылар үшін белгіленген коммуналдық қызметтерді тұтыну нормаларынан аспайтын нақтылы шығынмен анықталады.
      19. Электр қуатын төлеу бойынша шығындарды өтеу бір адамға жүз киловатт; Элекрт плитасы, электр су жылытқыштары бар жатақханалар мен үйлерде бір адамға жүз отыз киловатт есебінен, бірақ нақты шығындардан асырмай жүргізіледі.
      20. Осы Қағидамен белгіленген нормалардан тыс ақысы тұрғын жайдың меншік иелерінен немесе жалдаушыларымен (қосымша жалдаушылармен) жалпы негізінде жүргізіледі.

3. Қаржыландыру және тұрғын үй көмегін төлеу тәртібі

      21. Тұрғын үй көмегін қаржыландыру тиісті жергілікті бюджет қаражаты есебінен, сондай - ақ ағымдағы нысаналы трансферттер қаражаты есебінен (олар бөлінген жағдайда) жүзеге асырылады.
      22. Тұрғын үй көмегін төлеу уәкілетті органмен тұрғын үй көмегін алушының өтініші бойынша тұрғын үй көмегін алушының, қызмет көрсетушілердің кондоминиум объектілерін басқару органдарының жеке шоттарына екінші деңгейдегі банктер арқылы жүзеге асырылады.
      Шоттарға ақшалай соммаларды аудару уәкілетті органмен ай сайын жүргізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады