Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру туралы нұсқаулықты бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрінің 2011 жылғы 31 наурыздағы № 120 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2011 жылы 3 мамырда № 6935 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2012 жылғы 4 мамырдағы № 198 Бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Білім және ғылым министрі міндетін атқарушының 2012.05.04 № 198 (ресми түрде жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) Бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2011 жылғы 11 ақпандағы № 130 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасында білім беруді дамытудың 2011-2020 жылдарға арналған мемлекеттік бағдарламасын іске асыру жөніндегі 2011-2015 жылдарға арналған іс-шаралар жоспарының 28-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру туралы нұсқаулық бекітілсін.
      2. Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білім департаменті (С.М. Өмірбаев):
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін;
      2) мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін осы бұйрықты бұқаралық ақпарат құралдарында жарияласын.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау вице-министр М.К. Орынхановқа жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғаш рет ресми жарияланғаннан кейін қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                     Б. Жұмағұлов

Қазақстан Республикасы  
Білім және ғылым министрінің
2011 жылғы 31 наурыздағы
№ 120 бұйрығымен бекітілген

Жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды
даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын
орналастыру туралы нұсқаулық

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Нұсқаулық (бұдан әрi - Нұсқаулық) «Бiлiм туралы» Қазақстан Республикасының Заңына және бiлiм беру саласындағы басқа да нормативтiк құқықтық актілерге сәйкес әзiрленген.
      Нұсқаулық жоғары оқу орындарының арасында олардың бейініне, кадрлық әлеуетіне, материалдық-техникалық базасына, ақпараттық ресурстарына сәйкес, сондай-ақ олардың ғылыми-білім беру қызметінің ұлттық және халықаралық танылу көрсеткіштерін ескере отырып, республикалық бюджеттен қаржыландырылатын жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын конкурстық негізде орналастыру тәртібін реттейді.
      2. Осы Нұсқаулықта мынадай анықтамалар пайдаланылады:
      1) жоо – білім беру саласындағы уәкілетті орган білім беру гранты түрінде жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыратын жоғары оқу орны;
      2) базалық жоғары оқу орны – білім беру саласындағы уәкілетті орган магистрлер мен философия докторларын (PhD) бейіні бойынша докторларды мақсатты даярлау үшін мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыратын жоғары оқу орны.
      3. Жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы жоғары оқу орындарында орналастырылады, олардың тізбесін елдің индустриалдық-инновациялық дамуының, салалық және өңірлік кадрлар қажеттілігінің басымдықтарына сәйкес бакалавриат мамандығы бойынша жыл сайын конкурстық негізде білім беру саласындағы уәкілетті орган анықтайды.
      4. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы базалық жоғары оқу орындарында орналастырылады, олардың тізбесін ғылым мен елдің индустриалдық-инновациялық дамуының, салалық және өңірлік кадрларға қажеттілігінің басымдықтарына сәйкес, сондай-ақ жоғары оқу орындары мен ғылыми ұйымдардың кадрларды мақсатты даярлауға арналған өтінімдерін ескере отырып, магистратура мен докторантураның әрбір мамандығы бойынша жыл сайын конкурстық негізде білім беру саласындағы уәкілетті орган анықтайды.

2. Конкурсты ұйымдастыру және өткізу

      5. Білім беру саласындағы уәкілетті орган жыл сайын жоғары оқу орындарының арасында жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыруға конкурс (бұдан әрі - Конкурс) жариялайды.
      Конкурс өткiзу туралы шешiм, Конкурстық құжаттамалар тізбесі, Конкурстық құжаттамаларды ұсыну және қарау тәртібі Қазақстан Республикасы Бiлiм және ғылым министрiнiң (бұдан әрі - Министр) немесе оның міндетін атқарушының бұйрығымен ресімделеді.
      6. Конкурс өткiзу туралы хабарландыру білім беру саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурстарында жарияланады.
      7. Конкурс өткiзу үшiн құрамы Министрдiң немесе оның міндетін атқарушының бұйрығымен бекiтiлетін жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру жөніндегі комиссия (бұдан әрі - Комиссия) құрылады.
      Комиссия төрағасы Министр болып табылады. Комиссия білім беру саласындағы уәкілетті органның, басқа да мүдделі мемлекеттік органдар мен ведомстволардың, қоғамдық ұйымдардың қызметкерілерінен құрылады.
      8. Комиссия отырысы оның төрағасы бекiткен жоспар бойынша өткiзiледi және егер оның мүшелерінің жалпы санының 2/3-інен астамы қатысса, заңды деп есептеледi.
      9. Комиссия шешiмдерi отырысқа қатысушы Комиссия мүшелерiнiң қарапайым көпшiлiгінің ашық дауыс беруі арқылы қабылданады және ол төраға қол қоятын хаттамамен ресiмделедi. Комиссия құрамының даусы тең болған жағдайда Комиссия төрағасының даусы шешуші болып саналады.
      10. Конкурстық өтінімге енетін құжаттарға ұйымның бірінші басшысының қолы қойылып, елтаңбалы мөрмен расталуы және конкурсты өткiзу туралы хабарландыруда көрсетiлген тәртiпте ұсынылуы қажет.
      11. Конкурстық өтiнiмдi білім беру саласындағы уәкілетті орган конкурс өткiзу туралы хабарландыруда көрсетiлген сағат пен күннен кешiктiрмей қабылдауы тиiс. Конкурстық өтiнiм беру мерзiмi аяқталғаннан кейiн түскен конкурстық өтiнiм кешiгу себептерiне қарамастан қаралмайды. Конкурстық өтінімдерді беру мерзімі аяқталғаннан кейін оларға қандай да бір өзгерістер енгізуге рұқсат етілмейді.
      12. Комиссия конкурстық өтінімдерді өтінім берілген күннен бастап 30 күнтізбелік күн ішінде қарастырады, олардың конкурстық құжаттамалар талаптарына сәйкестігі деңгейін анықтайды және оларды бағалауды жүргізеді.
      13. Жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін жоғары оқу орындарын анықтау кезінде Комиссия мынадай негізгі өлшемдерді басшылыққа алады:
      1) білім беру процесін кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз етуі және педагогикалық қызметкерінің біліктілік деңгейі;
      2) оқу, оқу-әдістемелік әдебиеттермен және басқа да ақпараттық ресурстармен қамтамасыз етілуі;
      3) ғылыми әлеуеті мен жүргізген ғылыми зерттеулерінің деңгейі;
      4) білім алушыларды жатақханамен, қоғамдық тамақтандыру және медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету мүмкіндігі;
      5) мамандықтар бөлінісінде жоғары білім беру бағдарламалары бойынша білім беру қызметін жүргізу құқығына берілетін лицензияның болуы;
      6) бітірушінің жұмыспен қамтылуы және қажеттілігі;
      7) инновациялық білім беру технологияларын енгізуі.
      14. Жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыру үшін базалық жоғары оқу орындарын анықтау кезінде Комиссия мынадай негізгі өлшемдерді басшылыққа алады:
      1) ЖОО-ның профессорлық-оқытушылық құрамынан нөлдік емес импакт-факторы бар шетелдік ғылыми басылымдарда ғылыми жарияланымдары, сондай-ақ басқа елдердің ғалымдарымен белсенді халықаралық ынтымақтастық орнатуда тәжірибесі, ғылым докторы/философия докторы (Phd)/бейіні бойынша доктор/ғылым кандидаты ғылыми дәрежелері бар ғылыми жетекшінің болуы;
      2) шетелдік әріптес ЖОО-лармен (ғылыми ұйымдармен) бірлесіп, ғылыми-білім беру жобаларын әзірлеу;
      3) бірлескен ғылыми жобаларды орындау және зерттеу базасын ұсыну туралы аккредиттелген әріптес ғылыми ұйымдармен жасалған шарттардың болуы;
      4) мамандықтар бөлінісінде жоғары оқу орнынан кейінгі білім беру бағдарламалары бойынша білім беру қызметін жүргізу құқығына берілетін лицензияның болуы;
      5) ғылыми-білім беру процесін кадрлық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету;
      6) әлемдік ғылыми және білім беру ресурстарына қол жеткізу;
      7) аккредиттелген білім беру бағдарламаларының болуы;
      8) инновациялық технологияларды енгізу;
      9) жоғары оқу орындарының халықаралық және ұлттық рейтингілеріне қатысу;
      10) гранттық және бағдарламалық-мақсатты қаржыландыру негізінде іргелі және қолданбалы зерттеулер бойынша ғылыми және ғылыми-техникалық бағдарламалар мен жобаларды орындау:
      11) халықаралық білім беру және ғылыми жобаларға қатысу;
      12) білім алушыларды жатақханамен, қоғамдық тамақтандыру және медициналық қызмет көрсетумен қамтамасыз ету мүмкіндігі.
      15. Конкурс жоғары және жоғары оқу орнынан кейінгі мамандықтар бойынша бөлек өткізіледі.
      16. Комиссия бағалау негізінде және конкурстық өтінімді салыстыра келе тізбе бойынша шешім қабылдайды:
      1) конкурс шарттары бойынша жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыратын жоғары оқу орындары;
      2) конкурс шарттары бойынша мамандықтар бөлінісінде көлемі көрсетіле отырып, жоғары білімі бар педагог кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын педагогикалық жоғары оқу орындары;
      3) конкурс шарттары бойынша мамандықтар бөлінісінде, оның ішінде магистрлерді және философия докторларын (PhD)/бейіні бойынша докторларды мақсатты түрде даярлау үшін көлемін көрсете отырып, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысын орналастыратын базалық жоғары оқу орындары.
      17. Жоғары білімі бар кадрларды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын жоғары оқу орындарының тізбелері Министрдің немесе оның міндетін атқарушының бұйрығымен бекітіледі және талапкерлерден құжаттар қабылдау басталғанға дейін білім беру саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурстарында сайтында жарияланады.
      18. Мамандық бөлінісінде, оның ішінде магистрлерді және философия докторларын (PhD)/бейіні бойынша докторларды мақсатты түрде даярлау үшін көлемін көрсете отырып, жоғары оқу орнынан кейінгі білімі бар мамандарды даярлауға арналған мемлекеттік білім беру тапсырысы орналастырылатын базалық жоғары оқу орындарының тізбесі Министрдің немесе оның міндетін атқарушының бұйрығымен бекітіледі және тиісті жоғары оқу орнына құжаттар қабылдау басталғанға дейін білім беру саласындағы уәкілетті органның интернет-ресурстарында жарияланады.
      19. Осы Нұсқаулықтағы регламенттелмеген мәселелерді Комиссия дербес түрде шешеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады