Қазақстан Республикасының аумағында электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу ережесін, сондай-ақ электрондық ақша эмитенттеріне және электрондық ақша жүйелеріне қойылатын талаптарды бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банк Төрағасының 2011 жылғы 26 тамыздағы № 102 Қаулысы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2011 жылы 6 қазанда № 7241 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 31 тамыздағы № 202 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 31.08.2016 № 202 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес және «Қазақстан Республикасының кейбір заңнамалық актілеріне электрондық ақша мәселелері бойынша өзгеріс пен толықтырулар енгізу туралы» Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 21 шілдедегі Заңын іске асыру мақсатында Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулы етеді:
      1. Қазақстан Республикасының аумағында электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу ережесі, сондай-ақ электрондық ақша эмитенттеріне және электрондық ақша жүйелеріне қойылатын талаптар бекітілсін.
      2. Осы қаулы оны бірінші ресми жариялаған күннен бастап он күнтізбелік күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі.
      3. 2012 жылғы 1 қаңтарға дейін «ЖСН», «БСН» деген аббревиатуралар «СТН» деген аббревиатура болып саналсын.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы                                   Г. Марченко

Қазақстан Республикасының 
Ұлттық Банкі Басқармасының
2011 жылғы 26 тамыздағы 
№ 102 қаулысымен бекітілген

Қазақстан Республикасының аумағында электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу ережесі, сондай-ақ электрондық ақша эмитенттеріне және электрондық ақша жүйелеріне қойылатын талаптар

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ереже «Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі туралы» 1995 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және Қазақстан Республикасының аумағында электрондық ақшаны шығару, пайдалану және өтеу тәртібін, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағындағы эмитенттерге және электрондық ақша жүйелеріне қойылатын талаптарды айқындайды.
      2. Осы Ережеде «Ақша төлемі мен аударымы туралы» 1998 жылғы 29 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Төлем туралы заң) 3-бабында көзделген ұғымдар, сондай-ақ төмендегідей ұғымдар пайдаланылады:
      1) қауіпсіздік рәсімі – электрондық ақша иесінің электрондық ақшаны пайдалануға құқықтарын растауға және электрондық ақшаны пайдалану кезінде электрондық тәсілмен жіберілетін және алынатын хабарламалардың (бұдан әрі – электрондық хабарлама) мазмұнындағы қателерді және/немесе өзгерістерді анықтауға арналған ұйымдастыру шараларының және ақпарат қорғау бағдарламалық-техникалық құралдарының кешені;
      2) электрондық ақшамен айырбастау операциялары – бір эмитент шығарған электрондық ақшаны басқа электрондық ақша жүйесінің қатысушысы болып табылатын басқа эмитенттің электрондық ақшасына айырбастау жөніндегі операциялар;
      3) электрондық ақша жүйесінің ішкі ережелері – электрондық ақшаны шығаруға, сатуға, сатып алуға, өтеуге, сондай-ақ электрондық ақша жүйесінде пайдалана оларды отырып операцияларды жүзеге асыруға негіз болатын ережелер;
      4) электрондық әмиян – микропроцессор (чип), дербес компьютерді  бағдарламалық қамтамасыз етуі, электрондық ақша сақталатын және/немесе оған қол жеткізуді қамтамасыз ететін өзге бағдарламалық техникалық құрал;
      5) электрондық әмиянды оқшаулау – электрондық ақша иесінің электрондық әмиянында сақтаулы электрондық ақшаны пайдалануға толық ай немесе уақытша тыйым салу.

2-тарау. Электрондық ақшаны шығару

      3. Электрондық ақшаны шығаруды электрондық ақша эмитенті (бұдан әрі – эмитент) жеке тұлғалардан немесе электрондық ақша эмитентінің агенттерінен (бұдан әрі – агент) олармен жасалған шарттарға және электрондық ақша жүйесінің ішкі ережелеріне сәйкес алынған ақша сомасы шегінде жүзеге асырады.
      3-1. Төлемдер туралы заңның 36-1-бабының 6-тармағында белгіленген сомадан асатын сомаға электрондық ақша шығарылған кезде оның иесін сәйкестендіру «Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы» 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл туралы заң) сәйкес жүзеге асырылады.
      Ескерту. 2-тарау 3-1-тармақпен толықтырылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014.08.27 № 168 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      4. Эмитент электрондық ақшаны шығару жөніндегі қызметті бастаған сәттен бастап он күнтізбелік күн ішінде бұл туралы Ұлттық Банкке осы Ереженің қосымшасына сәйкес нысан бойынша хабарлайды және мынадай құжаттар мен мәліметтерді ұсынады:
      1) эмитенттің басқару органы немесе электрондық ақша жүйесінің операторы (егер электрондық ақша жүйесінің операторы электрондық ақша жүйесі тауар белгісінің иесі ретінде болса және/немесе электрондық ақша жүйесін басқаруды жүзеге асырған жағдайда) бекіткен электрондық ақша жүйесінің ішкі ережесі;
      2) эмитенттің электрондық ақша жүйесіндегі мәртебесін растайтын құжаттар (егер эмитент электрондық ақша жүйесінің операторы болып табылмаған жағдайда және оған электрондық ақша жүйесінің тауар белгісіне арналған құқық тиесілі болмаса);
      3) электрондық ақша иелерімен шарттардың үлгі нысандары;
      4) қауіпсіздіктің және электрондық ақша жүйесінде ақпаратты рұқсатсыз пайдаланудан қорғаудың бекітілген рәсімдерінің болуы туралы растау;
      5) электрондық ақша жүйесі туралы:
      электрондық ақша жүйесінің атауынан;
      электрондық ақша жүйесі операторының (бұдан әрі – оператор) атауынан;
      электрондық әмиян түрінен;
      электрондық ақша жүйесі қатысушыларының арасындағы шарттық өзара қарым-қатынастар схемасынан;
      электрондық ақшаны пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыру кезіндегі ақша және ақпарат ағындарының схемасынан;
      оператормен өзара іс-қимыл схемасынан (егер эмитент оператор болып табылмаса);
      электрондық ақша жүйесінде қолданылатын тәуекелдерді басқару әдістерінен тұратын негізгі сипаттамалардың және мәліметтердің сипаты;
      6) мыналардан:
      ақпарат өңдеу бағдарламалық-техникалық құралдары құрамының, телекоммуникацияның және пайдаланылатын байланыс арналарының сипатынан;
      электрондық ақша жүйесіндегі бағдарламалық қамтамасыз етуді және ақпаратты рұқсатсыз пайдаланудан қорғаудың ұйымдастыру, аппараттық бағдарламалық және басқа да тәсілдері туралы негізгі мәліметтерден тұратын бағдарламалық-техникалық құралдардың сипаттамалары туралы анықтама.
      5. Жеке тұлғалардың және агенттердің электрондық ақшаны сатып алуы қолма-қол ақша жарнасы не ақшаны қолма-қол жасалмайтын тәртіппен эмитенттің тиісті шотына аудару арқылы жүзеге асырылады.
      6. Эмитент немесе оператор электрондық ақшаны шығарған кезде электрондық ақша иесін электрондық ақшамен операцияларды жүзеге асыру тәртібі және электрондық ақшаны пайдалану кезінде туындайтын тәуекелдер, шағымдарды беру тәсілдері туралы және оларды қарау тәртібі, сондай-ақ электрондық ақшаны пайдалана отырып операциялар жүзеге асырған кезде алынатын комиссиялық сыйақының түрлері мен мөлшерлері туралы ақпаратпен таныстырады.
      7. Электрондық ақшаны шығарған кезде электрондық ақша иесіне жеке тұлғаның немесе электрондық ақша агентінің сатып алу фактісін растайтын түбіртек немесе өзге құжат (бұдан әрі - түбіртек) беріледі. Электрондық ақшаны шығару кезінде берілетін түбіртектің нысаны және беру тәсілдері осы Ереженің 8-тармағында белгіленген талаптар ескеріле отырып, тиісті шарттарда және/немесе электрондық ақша жүйесінің ішкі ережелерінде белгіленеді.
      8. Электрондық ақша шығару кезінде берілетін түбіртек мынадай міндетті деректемелерден тұруы тиіс:
      1) эмитенттің БСН қоса алғанда, оның атауы және деректемелері;
      2) операция жасалған уақыт және күн;
      3) түбіртектің реттік нөмірі;
      4) электрондық ақша иесінен қабылданған ақшаның немесе келіп түскен төлемдердің сомасы;
      5) шығарылған электрондық ақша сомасы;
      6) электрондық ақша иесінің - жеке тұлғаның электрондық әмиянының сәйкестендіруші коды;
      7) комиссиялық сыйақы мөлшері (алынған жағдайда).
      Түбіртекте эмитент белгілеген қосымша деректемелер болуы мүмкін.
      Ескерту: 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012.03.26 № 108 ((2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулысымен.
      9. Электрондық ақша жұмсауға берілетін немесе электрондық ақша иесінің пайдалануындағы электрондық әмияндағы электрондық ақшаның қол жетімді сомасы туралы ақпарат көрсетілген сәттен бастап эмитент айналысқа шығарған деп саналады.
      10. Эмитент электрондық ақша иесінен келіп түсетін ақшаның жеке есебін Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6793 тіркелген, Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының «Екінші деңгейдегі банктердегі, ипотекалық ұйымдардағы және «Қазақстан Даму Банкі» акционерлік қоғамындағы бухгалтерлік есептің үлгі шот жоспарын бекіту туралы» 2011 жылғы 31 қаңтардағы № 3 қаулысына сәйкес электрондық ақшамен операциялар бойынша ақшаны есепке алуға арналған тиісті баланстық шотта жүргізеді.
      Эмитент өзі шығарған электрондық ақшаның жалпы сомасының электрондық ақша иелерінен қабылданған ақшаның жалпы сомасына сәйкестігін қамтамасыз етеді.
      11. Төлем туралы заңда және осы Ережеде белгіленген талаптар сақталған жағдайда Қазақстан Республикасының резидент емес агенттерімен жасалған шарттардың негізінде эмитент шығарған электрондық ақшаны Қазақстан Республикасынан тыс жерлерде сатуға жол беріледі.
      12. Агенттің сатылатын электрондық ақшаға айырбастап тиісті ақша сомасын алғандығын растап берген құжаты немесе электрондық ақшаны жеке тұлғаға сату фактісін сөзсіз көрсететін өзге растау жеке тұлға үшін агенттен электрондық ақша сатып алуға растама болады.
      Эмитент агенттің электрондық ақшаны сату немесе сатып алу кезінде ақша сомасының енгізілуін немесе жеке тұлғаға берілуін растайтын тиісті құжатты агент пен эмитент арасындағы шартта көзделген тәртіппен электрондық ақша иесіне беруді қамтамасыз етеді.
      13. Банктер және олардың клиенттері – Қазақстан Республикасының резиденттері болып табылмайтын агенттер арасындағы электрондық ақшаны сатып алумен немесе сатумен байланысты ақша төлемдері мен аударымдары Қазақстан Республикасының ұлттық валютасымен жүзеге асырылады.
      14. Эмитент пен агент арасында жасалатын шартта:
      1) агенттің электрондық ақшаны сатып алу тәртібі және талаптары;
      2) агенттің электрондық ақшаны сату тәртібі және талаптары;
      3) электрондық ақшаны сату және сатып алу кезінде ақпарат алмасу режимі және тәртібі;
      4) ақпарат конфиденциалдылығын қамтамасыз ету талаптары және оны сақтамағаны үшін жауапкершілікті белгілеу;
      5) агенттің жеке тұлғалардан қабылдаған қолма-қол ақшаны оның банк шоттарына аудару тәртібі және талаптары;
      6) тараптардың өз міндеттемелерін орындамағаны немесе тиісінше орындамағаны үшін жауапкершілігі;
      7) эмитент пен агент арасындағы дауларды шешу тәртібі болуы тиіс.
      15. Егер бұл талап электрондық ақша жүйесінің ішкі ережелерінде белгіленсе, эмитент агенттің қаржылық жағдайына және электрондық ақшамен операцияларды жүзеге асырған кезде пайдаланатын бағдарламалық техникалық құралдарына талаптар белгілейді.
      16. Агенттердің қолма-қол ақшаны қабылдау жөніндегі операцияларды жүргізуге мүмкіндік беретін электрондық терминалдар, қолма-қол ақшаны қабылдау пункттері және Қазақстан Республикасының заңнамасына қайшы келмейтін өзге тәсілдер арқылы электрондық ақшаны сатуына жол беріледі.
      17. Банктер болып табылмайтын агенттер жеке тұлғаларға электрондық ақшаны сатуы кезінде қабылдаған қолма-қол ақша эмитент пен агент арасындағы шартта көзделген тәртіппен және мерзімдерде олардың банк шоттарына аударылуы тиіс.
      18. Электрондық ақшаны сатып алу кезіндегі жеке тұлғаның эмитентке немесе агентке беретін ақша сомасы электрондық әмиян және эмитенттің немесе агенттің электрондық ақшаны тиісінше шығару немесе сату кезінде көрсететін қосымша қызметтер құнын төлеу жөніндегі тиісті сомаға ұлғайтылуы мүмкін.
      19. Электрондық ақшамен операциялар бухгалтерлік есепте «Бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы» Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес көрсетіледі.
      20. Екінші деңгейдегі банктер Қазақстан Республикасының резидент еместері шығарған, шетел валютасында номинирленген электрондық ақшаны Қазақстан Республикасының резидент емес эмитенттерімен жасалған шарттардың негізінде Қазақстан Республикасыны  аумағында сатады.
      21. Эмитенттің өзі шығарған электрондық ақшаны басқа эмитент шығарған электрондық ақшаға айырбастау операцияларын жүзеге асыруына, сондай-ақ агенттермен олардың электрондық ақша айырбастау жөніндегі операцияларды жүзеге асыруына шарт жасауға жол беріледі.

3-тарау. Электрондық ақшаны пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыру тәртібі

      22. Электрондық ақшаны пайдалана отырып жүргізілетін операцияларды операциялар жүзеге асырылатын электрондық ақша жүйесінің ішкі ережелеріне және жасалған шарттардың талаптарына сәйкес электрондық ақша жүйесіне қатысушы жүзеге асырады.
      23. Электрондық ақшаны пайдалана отырып жүргізілетін төлем электрондық ақша жүйесінің ішкі ережелерінде не электрондық ақша жүйесіне қатысушылар арасында жасалған шарттарда белгіленген рұқсатсыз пайдаланудан қорғау рәсімдері сақталған кезде электрондық ақша иесінің – жеке тұлғаның басқа тұлғаға оны электрондық әмиянды пайдалана отырып беруі арқылы жүзеге асырылады.
      24. Электрондық ақшаны пайдалана отырып төлемді жүзеге асырғаннан кейін оның иесіне – жеке тұлғаға электрондық хабарлама не қағаз тасымалдауыштағы электрондық ақшаны пайдалана отырып операцияларды жүзеге асыру фактісін растайтын сауда чегі (бұдан әрі – сауда чегі) беріледі.
      Сауда чегінде мынадай деректемелер болады:
      1) төлем сомасы;
      2) төлемді жасау уақыты мен күні;
      3) чектің реттік нөмірі;
      4) жеке кәсіпкердің немесе заңды тұлғаның атауы (коды) және ЖСН, БСН;
      5) транзакция коды немесе төлемді электрондық жүйеде сәйкестендіретін басқа код;
      6) электрондық ақша иесі-жеке тұлға әмиянының сәйкестендіруші коды. Сауда чегінде қосымша деректемелер болуы мүмкін.
      Ескерту: 24-тармаққа өзгерту енгізілді - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2012.03.26 № 108 (2013.01.01 бастап қолданысқа енгізіледі) Қаулыларымен.
      25. Электрондық ақшаны бір жүйе шеңберінде бір, сол сияқты бірнеше эмитенттердің электрондық ақшаларының иелері болып табылатын электрондық ақша жүйесінің қатысушылары арасында беруге жол беріледі.
      26. Эмитент не оператор электрондық ақша иесін оған электрондық ақша иесімен жасалған шартта белгіленген тәртіппен тиісті хабарлама жіберу арқылы электрондық ақшаны пайдалана отырып жасалған әр операция туралы хабардар етеді.
      27. Эмитент электрондық ақша иелерін-жеке тұлғаларды оларды электрондық ақшамен операцияларды жасауды жүзеге асыру кезінде сәйкестендірілген және сәйкестендірілмеген ретінде айқындау мүмкіндігін қамтамасыз етеді.
      28. Эмитент Төлем туралы заңда белгіленген сәйкестендірілмеген электрондық ақша иелеріне арналған электрондық ақшаны шығару және пайдалану сомасы бойынша, сондай-ақ сәйкестендірілген электрондық ақша иелері үшін электрондық ақшаны пайдалану сомасы бойынша шектеулердің сақталуын қамтамасыз етеді.
      29. Эмитенттің Төлем туралы заңның 36-1-бабының 6-тармағына қайшы келмейтін, өзі шығарған электрондық ақшаны пайдалана отырып жүзеге асырылатын операциялардың түрлері мен сомасына шектеулер белгілеуіне жол беріледі.
      30. Жеке тұлға электрондық ақшаны пайдалана отырып сатып алынған азаматтық-құқықтық мәміле мәнінен бас тартқан жағдайда және мұндай бас тартуды жеке кәсіпкер немесе заңды тұлға қабылдаса, төлем жасаушы жеке тұлғаның электрондық әмиянына электрондық ақша қайтарылады не оған электрондық ақшаның сомасына баламалы ақша сомасы өтеледі. Мұндай төлемді жүзеге асыру тәсілдері, тәртібі және мерзімдері электрондық ақша жүйесінің ішкі ережелерінде белгіленеді.
      31. Электрондық ақша иесінің сұрау салуы бойынша эмитент оған өздерінің арасында жасалған шартта көзделген нысанда және мерзімде электрондық ақшаны пайдалана отырып жүзеге асырылған операциялар туралы ақпараты бар үзінді-көшірмені береді.
      32. Эмитент электрондық ақша иесінің электрондық әмиянын:
      1) электрондық ақша иесінен хабарлама алған, оның ішінде электрондық әмиянды жоғалтқан, ұрлатқан немесе рұқсатсыз пайдаланған;
      2) электрондық ақша иесі эмитент пен электрондық ақша иесі арасында жасалған шартқа сәйкес орындалмағаны үшін электрондық әмиянды оқшаулау көзделген міндеттемелерін орындамаған;
      3) операциялар электрондық ақшаны пайдаланудың белгіленген талаптары мен шарттары бұзыла отырып жасалған;
      4) Қазақстан Республикасының заңнамалық актілерінде көзделген негіздер бойынша электрондық ақша иесінің электрондық ақшасына тыйым салынған;
      5) эмитент пен электрондық ақша иесі арасында жасалған шартта көзделген өзге де негіздер бойынша оқшаулайды.
      Электрондық ақша иесінің электрондық әмиянын оқшаулау талаптары мен мерзімдері шартта көзделуі мүмкін.
      33. Электрондық ақша иесінің электрондық әмиянын оқшаулау электрондық әмиянды оқшаулау сәтіне дейін туындаған оның міндеттемелерін және эмитенттің міндеттемелерін тоқтатпайды.
      34. Электрондық ақшаны қате жіберу анықталған, электрондық әмиян жоғалған, ұрланған немесе рұқсатсыз пайдаланылған кезде электрондық ақша иесі бұл жайлы эмитентті эмитент пен электрондық ақша иесі арасында жасалған шартта және/немесе электрондық ақша жүйесінің ішкі ережелерінде белгіленген тәртіппен дереу хабардар етеді.

4-тарау. Электрондық ақшаны өтеу

      35. Электрондық ақша өтеуге ұсынылған кезде эмитент оған қолма-қол ақшаны беру жолымен не электрондық ақша иесінің банк шотына ақша аудару арқылы электрондық ақшаны өтейді. Электрондық ақшаны өтеуге беру тәсілдері электрондық ақша иесі мен эмитент арасында жасалған шартта және/немесе электрондық ақша жүйесінің ішкі ережелерінде белгіленеді.
      36. Электрондық ақшаны электрондық ақша иесіне беруге жататын тиісті ақша сомасын электрондық ақша иесінің банк шотына енгізген не оған қолма-қол ақша берген сәттен бастап олардың эмитенттері өтеген деп саналады.
      37. Жеке кәсіпкер және/немесе заңды тұлға жеке тұлғалардан азаматтық-құқықтық мәмілелер бойынша төлем ретінде электрондық ақшаны қабылдаған кезде эмитент оларды Төлем туралы заңның 36-2-бабында белгіленген тәртіппен және мерзімде өтеуді жүзеге асырады.
      38. Электрондық ақшаны өтеу кезінде электрондық ақшаны өтеуге ұсынған электрондық ақша иесіне берілетін ақша сомасы өтеуге ұсынылған электрондық ақша сомасына сәйкес келуі тиіс.

5-тарау. Қазақстан Республикасының аумағындағы электрондық ақша эмитенттеріне және электрондық ақша жүйелеріне қойылатын талаптар

       39. Эмитент Кірістерді жылыстатуға қарсы іс-қимыл туралы заңның талаптарына сәйкес алаяқтықты анықтау және алдын алу, сондай-ақ қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) қарсы іс-қимыл жасау мақсатында электрондық ақша жүйесінде ұйымдастыру және рәсімдеу іс-шараларын қамтамасыз ету және енгізу бойынша шаралар қабылдайды.
      Ескерту. 39-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 2014.08.27 № 168 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      40. Эмитент Төлем туралы заңда және осы Ережеде белгіленген талаптарды агенттердің сақтауын қамтамасыз етеді.
      41. Эмитент оператордың жүктелген функцияларды, оның ішінде оператормен жасалған шарт негізінде өз атынан берілген функцияларды сақтауын қамтамасыз етеді.
      42. Электрондық ақша жүйесінің жұмыс істеуін эмитент немесе оператор қамтамасыз етеді.
      43. Қорғаудың ұйымдастыру шараларын және бағдарламалық-техникалық құралдарын қоса алғанда, электрондық ақша жүйесінде пайдаланылатын бағдарламалық-техникалық құралдарға рұқсатсыз кірудің алдын алу құралдары мен шаралары ақпаратты қорғау деңгейін және оның конфиденциалдылығын сақтауды қамтамасыз етуі тиіс.
      44. Электрондық ақша жүйесінде пайдаланылатын қауіпсіздік және ақпаратты қорғау рәсімдері электрондық ақшаны шығарудың, пайдаланудың және өтеудің барлық кезеңдерінде ақпаратты үздіксіз қорғауды қамтамасыз етуі, оның ішінде:
      1) операцияларды жасау кезінде электрондық ақшаны пайдалануға оның иесінің құқығын шынайы белгілеуі;
      2) электрондық ақшаны пайдалану кезінде жасалатын электрондық хабарламалардың мазмұнындағы бұрмаланушылықтардың және/немесе өзгерістердің болуын анықтауы;
      3) ақпаратқа рұқсатсыз кіруден қорғауды қамтамасыз етуі және осы ақпараттың тұтастығын қамтамасыз етуі;
      4) электрондық ақшаны пайдалануға байланысты оқиғаларды тергеу кезінде дәлелдемелерді қамтамасыз етуі тиіс.
      45. Эмитент не оператор электрондық ақша иелерінің электрондық әмиянындағы электрондық ақшаның қалдығы және олардың электрондық ақшамен жасаған операциялары туралы ақпаратты тұрақты есепке алуды жүзеге асырады.
      46. Эмитент электрондық ақша жүйесіне қатысушылар арасындағы электрондық ақшаны пайдалана отырып жасалатын барлық операцияларды тіркеуді, сондай-ақ оның тұтастығы мен өзгермеуін сақтай отырып қалыптастырылған, жіберілген немесе алынған форматта электрондық ақшаны пайдалану кезінде қалыптастырылатын ақпаратты кемінде бес жыл сақтауды қамтамасыз етеді.

Қазақстан Республикасының аумағында  
электрондық ақшаны шығару,     
пайдалану және өтеу ережесіне,   
сондай-ақ электрондық ақша эмитенттеріне
және электрондық ақша жүйелеріне  
қойылатын талаптарға қосымша    

Электрондық ақшаны шығарудың басталғаны туралы
ХАБАРЛАМА

      ___________________________________________ 20___жылғы «____»
               (эмитент банктің атауы)
      _____________ бастап ___________________ электрондық ақшасының
                             (жүйенің атауы)
      шығарыла бастағаны туралы хабарлайды.


      Банктің лауазымды тұлғасы ____________ __________________
                                (қолы, мөрі)     (Аты-жөні)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады