Көшіп келушілерге медициналық көмек көрсету қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 665 Бұйрығы. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде 2011 жылы 8 қарашада № 7292 тіркелді.

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 06.08.2021 № ҚР ДСМ-78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 12-бабының 2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Көшіп келушілерге медициналық көмек көрсету қағидалары бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 06.08.2021 № ҚР ДСМ-78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Медициналық көмекті ұйымдастыру департаментіне (А.Ғ.Төлеғалиева) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін қамтамасыз етсін.

      3. Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрлігінің Заң департаментіне (Қ.Б.Бесбалаев) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін ресми жариялануын қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Денсаулық сақтау вице-министрі Е.Ә.Байжүнісовке жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

С. Қайырбекова

  Қазақстан Республикасы
Денсаулық сақтау министрінің
2011 жылғы 30 қыркүйектегі
№ 665 бұйрығымен
бекітілген

Көшіп келушілерге медициналық көмек көрсету қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда - ҚР Денсаулық сақтау министрінің м.а. 06.08.2021 № ҚР ДСМ-78 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Көшіп келушілерге медициналық көмек көрсету қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Халықтың көші-қоны туралы" 2011 жылғы 22 шілдедегі Қазақстан Республикасының Заңы (бұдан әрі – Заң) 12-бабының 2) тармақшасына сәйкес әзірленді және көшіп келушілерге медициналық көмек көрсету тәртібін белгілейді.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) АИТВ инфекциясы – адамның иммун тапшылығы вирусы туындатқан, иммундық жүйенің ерекше зақымдануымен сипатталатын және жүре пайда болған иммун тапшылығы синдромы қалыптасқанға дейін оның баяу бұзылуына алып келетін созылмалы инфекциялық ауру;

      2) ерікті медициналық сақтандыру (бұдан әрі – ЕМС) – тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлеміне және (немесе) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің көлеміне, сондай-ақ шығыстарын сақтандыру ұйымы өтейтін қосымша бағдарламаларға енгізілген медициналық көрсетілетін қызметтерді алуға мүмкіндік беретін жеке сақтандыру түрі;

      3) жүктелген медициналық сақтандыру (бұдан әрі – ЖМС) – "Халықтың көші-қоны туралы" Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттарға сәйкес жүктелген медициналық сақтандырудың үлгілік шартында айқындалған "Жүктелген медициналық сақтандырудың үлгілік шартын және жүктелген медициналық сақтандыру кезіндегі медициналық көмектің ең төменгі тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 маусымындағы № 111 бұйрығына сәйкес (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 32732 болып тіркелген) медициналық қызметтер алуға мүмкіндік беретін медициналық сақтандырудың түрі;

      4) көшіп келуші – Қазақстан Республикасына уақытша немесе тұрақты тұру үшін келген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам;

      5) қандас – бұрын Қазақстан Республикасының азаматтығында болмаған, халықтың көші-қоны мәселелері жөніндегі уәкілетті орган белгілеген тәртіппен тиісті мәртебе алған этникалық қазақ және (немесе) оның ұлты қазақ отбасы мүшелері;

      6) міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру (бұдан әрі – МӘМС) – әлеуметтік медициналық сақтандыру қорының активтері есебінен медициналық көрсетілетін қызметтерді тұтынушыларға медициналық көмек көрсету жөніндегі құқықтық, экономикалық және ұйымдастырушылық шаралар кешені;

      7) тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемі (бұдан әрі – ТМККК) – бюджет қаражаты есебінен берілетін медициналық көмектің көлемі;

      8) пана іздеген адам – уәкілетті орган босқын мәртебесін беру туралы өздерінің өтінішхаты бойынша түпкілікті шешім қабылдағанға дейін Қазақстан Республикасында пана сұрауға тілек білдірген шетелдік немесе азаматтығы жоқ адам.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 31.07.2023 № 141 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Осы Қағидалар Заңға сәйкес Қазақстан Республикасына келген көшіп келушілерге қолданылады:

      1) тарихи отанына оралу мақсатында;

      2) отбасын біріктіру мақсатында;

      3) білім алу мақсатында;

      4) еңбек қызметін жүзеге асыру мақсатында;

      5) гуманитарлық себептер бойынша;

      6) саяси себептер бойынша.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 31.07.2023 № 141 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      4. Қандастардың, босқындардың, сондай - ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың "Халық денсаулығы және денсаулық сақтау жүйесі туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (бұдан әрі-Кодекс) 83-бабының 1-тармағына сәйкес ТМККК және МӘМС жүйесінде және "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 2-бабына сәйкес МӘМС жүйесінде Қазақстан Республикасының азаматтарымен тең медициналық көмек алуға құқығы бар.

      5. Осы Қағидалардың 3-тармағының 2), 3), 4), 5) тармақшаларында көрсетілген мақсаттармен Қазақстан Республикасына уақытша келген көшіп келушілер "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемін алуға құқығы бар Қазақстан Республикасында уақытша болатын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың, баспана іздеген адамдардың айналасындағыларға қауіп төндіретін аурулардың тізбесі және медициналық көмектің көлемін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 9 қазандағы № ҚР ДСМ-121/2020 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21407 болып тіркелген)(бұдан әрі – Аурулар тізбесі) Аурулар тізбесі бойынша ТМККК шеңберінде медициналық көмекті алады.

      Осы Қағидалардың 3-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген мақсатпен Қазақстан Республикасына уақытша келген көшіп келушілер Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2023 жылғы 7 маусымдағы № 111 бұйрығымен (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде № 32732 болып тіркелген) бекітілген жүктелген медициналық сақтандыру кезіндегі медициналық көмектің ең аз тізбесі бойынша ЖМС шеңберінде медициналық көмек алады.

      Ескерту. 5-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 31.07.2023 № 141 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Осы Қағидалардың 3-тармағының 2), 3), 4), 5) тармақшаларында көрсетілген мақсаттармен Қазақстан Республикасына уақытша келген көшіп келушілердің Заңның 28, 31, 35, 39, 41, 43-1 және 44-баптарына сәйкес медициналық сақтандыруы болуы қажет.

      7. "Шетелдіктерде және азаматтығы жоқ адамдарда болуы олардың Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салатын аурулардың тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2011 жылғы 30 қыркүйектегі № 664 бұйрығымен (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7274 болып тіркелген) бекітілген шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдардың Қазақстан Республикасына келуіне тыйым салатын аурулардың тізбесінде көрсетілген ауруы бар көшіп келушілерге Қазақстан Республикасына келуіне жол берілмейді.

2-тарау. Көшіп келушілерге медициналық көмек көрсету тәртібі

      8. ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде медициналық көмек алу үшін қандастар, босқындар, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын шетелдіктер мен азаматтығы жоқ адамдар тұрақты немесе уақытша тұратын жері бойынша медициналық-санитариялық алғашқы көмек (бұдан әрі-МСАК) ұйымына тіркеледі.

      9. Еуразиялық экономикалық одаққа мүше мемлекеттердің азаматтары болып табылатын еңбекші көшіп келушілер мен олардың отбасы мүшелерін ЖМС және (немесе) ЕМС шарты бойынша МСАК және шұғыл нысанда стационарлық жағдайларда мамандандырылған медициналық көмек көрсетуді ТМККК шеңберінде және (немесе) МӘМС жүйесінде медициналық көмек көрсетуге арналған әлеуметтік медициналық сақтандыру қорымен медициналық көрсетілетін қызметтерді сатып алу шарты бар және (немесе) ТМККК шеңберінде және МӘМС жүйесінде медициналық көрсетілетін қызметтерді ұсыну үшін мәліметтерді алу және (немесе) беру мақсатында денсаулық сақтау саласындағы уәкілетті органның ақпараттық жүйелерімен интеграцияланған медициналық ақпараттық жүйелері бар МСАК ұйымдары және стационарлық көмек көрсететін ұйымдар жүзеге асырады.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Денсаулық сақтау министрінің 31.07.2023 № 141 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Кодекстің 120-бабында айқындалған медициналық көмектің түрлері қандастарға, босқындарға және Қазақстан Республикасының аумағында тұрақты тұратын көшіп келушілерге "Тегін медициналық көмектің кепілдік берілген көлемінің тізбелерін бекіту және Қазақстан Республикасы Үкіметінің кейбір шешімдерінің күші жойылды деп тану туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 16 қазандағы № 672 қаулысымен және "Міндетті әлеуметтік медициналық сақтандыру жүйесіндегі медициналық көмектің тізбелерін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2019 жылғы 20 маусымдағы № 421 қаулысымен бекітілген тізбелерге (бұдан әрі - МӘМС тізбесі) сәйкес көрсетіледі.

      11. Қазақстан Республикасы ратификациялаған халықаралық шарттың талаптарына сәйкес Қазақстан Республикасында уақытша болатын көшіп келушілер мен олардың отбасы мүшелерінің МӘМС жүйесінде міндеттерді орындау кезінде МӘМС тізбесіне сәйкес МӘМС жүйесінде медициналық көмекке құқығы бар.

      12. Қазақстан Республикасында уақытша болатын көшіп келушілер және пана іздеген адамдар МӘМС жүйесінде тізбеге кірмейтін медициналық қызметтерді және медициналық қызметтерді ақылы негізде, оның ішінде ЕМС шеңберінде немесе Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған қосымша қаржыландыру көздері есебінен алады.

      Медициналық сақтандыру бойынша медициналық көмек, егер заңдарда немесе халықаралық шарттарда өзгеше көзделмесе, ЕМС шартында келісілген көлемде және бағалар бойынша көрсетіледі.

      13. Осы Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген мақсаттармен Қазақстан Республикасына келген көшіп келушілер тұратын ел берген АИТВ инфекциясы мен туберкулезге зерттеу нәтижелері бар медициналық анықтамасы жоқ адамдар ақылы негізде кеуде жасушасын флюорографиялық зерттеп-қараудан, АИТВ инфекциясын анықтауға арналған зерттеп-қараудан, мерезге қарсы трепанамды тестілеуді қамтитын медициналық тексеруден өтеді.

      14. Медициналық зерттеп-қарау кезінде көшіп келушілерден туберкулез патологиясының, сондай-ақ айналасына қауіп төндіретін Аурулар тізбесіне сәйкес ауруларды анықтаған денсаулық сақтау ұйымдары:

      1) "Халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органға инфекциялық аурулар, улану оқиғалары туралы ақпарат (шұғыл хабархат) беру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 26 қазандағы № ҚР ДСМ-153/2020 (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21532 болып тіркелген) (бұдан әрі-№ ҚР ДСМ-153/2020 бұрық) бұйрығына сәйкес халықтың санитариялық-эпидемиологиялық саламаттылығы саласындағы мемлекеттік органның аумақтық бөлімшесіне:

      туберкулез анықталған жағдайда № ҚР ДСМ-153/2020 бұрыққа сәйкес фтизиопульмонологиялық ұйымға және (немесе) аумақтық бөлімшесіне 24 сағаттың ішінде ақпарат (шұғыл хабархат) береді.

      2) Кодекстің 160-бабының 2-тармағына сәйкес ТМККК шеңберінде динамикалық байқауды жүзеге асырады және дәрілік заттармен қамтамасыз етеді;

      3) көшіп келушілерде АИТВ инфекциясы анықталған кезде "Халық арасында АИТВ инфекциясын жұқтыру жағдайларын тергеп-тексеру қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Денсаулық сақтау министрінің 2020 жылғы 3 желтоқсандағы №ҚР ДСМ-231/2020 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 21725 болып тіркелген) сәйкес эпидемиологиялық тергеп-тексеру жүргізіледі.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады