Қызылорда қаласын абаттандыру, аумақты санитарлық күтіп ұстау және тазалықты қамтамасыз ету Қағидасын бекіту туралы

Күшін жойған

Қызылорда қалалық мәслихатының 2011 жылғы 22 қыркүйектегі N 47/4 шешімі. Қызылорда облысының Әділет департаментінде 2011 жылы 28 қазанда N 10-1-191 тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда қалалық мәслихатының 2012 жылғы 22 мамырдағы N 5/6 Шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда қалалық мәслихатының 2012.05.22 N 5/6 Шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", 2001 жылғы 16 шілдедегі "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", 1998 жылғы 24 наурыздағы "Нормативтiк құқықтық актiлер туралы" Заңдарына және Қызылорда облысының Әділет департаментінің 2011 жылғы 2 наурыздағы хатына сәйкес IV шақырылған Қызылорда қаласының мәслихаты ШЕШТІ:
      1. Қызылорда қаласын абаттандыру, аумақты санитарлық күтіп ұстау және тазалықты қамтамасыз ету Қағидасы осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.
      2. Қызылорда қалалық мәслихатының 2010 жылғы 23 желтоқсанындағы кезекті ХХХVІІ сессиясының N 37/12 "Қызылорда қаласын абаттандыру, аумақты санитарлық күтіп ұстау және тазалықты қамтамасыз ету Қағидасын бекіту туралы" шешімінің (нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу Тізілімінде 2011 жылғы 28 қаңтарда 10-1-163 нөмірімен тіркелген, "Ақмешіт ақшамы" газетінің 2011 жылғы 10 ақпандағы N 6 шығарылымда жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      3. Осы шешім ресми жарияланған күннен он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қалалық мәслихаттың
      кезекті XXXХVII
      сессиясының төрағасы                       А. ӘБДРЕЕВ

      Қызылорда қалалық
      мәслихатының хатшысы                       И. ҚҰТТЫҚОЖАЕВ

      Қызылорда қалалық мәслихатының
      2011 жылғы 22 қыркүйектегі
      кезекті ХХХХVII сессиясының
      N 47/4 шешімімен бекітілген

       Қызылорда қаласын абаттандыру, аумақты санитарлық күтіп ұстау және тазалықты қамтамасыз ету қағидасы       1. Жалпы қағидалар

      1. Осы Қағида "Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне", "Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық туралы кодексіне", "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй қатынастары туралы", "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік-құқықтық актілеріне және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді.
      Қағида абаттандыру, санитарлық тазарту, аумақта тазалықты сақтау, инфрақұрылым объектілерін күтіп ұстау мен қорғау, Қызылорда қаласының аумағындағы қалдықтар жинау, шығару тәртібін белгілейді, жеке және заңды тұлғалардың қарым-қатынасын реттейді.
      Абаттандыру, санитарлық тазарту, тазалау жұмыстарын ұйымдастыру және Қызылорда қаласы аумағында тазалықты қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды реттеу және ұйымдастыру жұмыстарын қала әкімдігінің, басқарудың уәкілетті органдары, қаланың көркейту мен санитарлық тазалық кәсіпорындарының лауазымды тұлғалары жүргізеді.

       2. Санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және қалдықтармен жұмыс істеу

      2. Тұрмыстық қатты қалдықтарды (бұдан әрі – ТҚҚ) жинау, уақытша сақтау шараларын ұйымдастыру жауапкершілігі қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің құзырында.
      3. Шаруашылық қызметі процесінде қалдықтар құралатын жеке және заңды тұлғалар олармен қауіпсіз жұмыс істеу шараларын көздеуге, экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға және оларды кәдеге жарату, залалсыздандыру және қауіпсіз жою жөніндегі іс-шараларды орындау қажет.
      4. ТҚҚ ны жинау уақытша сақтау орнын күтіп ұстау көп қабатты тұрғын үйлерде пәтер иесі кооперативтері (ПИК), бөлек тұрғын ғимараттар мен жеке тұрғын үйлерде иелері немесе жалдаушыларының күшімен жүргізіледі.
      5. Су өтпейтін төселіммен жабдықталған, үш жағынан қоршалған алаңда қоқыс жинауға темірден жасалынған контейнерлер қолданылады. Алаң және ауладағы дәретхана ғимараттардан 25 метрден кем емес қашықтықта орнатылады.
      6. Тұрғын үйлер, мекемелер және кәсіпорындар ауласындағы қоқыс жәшіктерде жиналған ТҚҚ уақытылы шығарылуы қажет және қаллдықтарды өртеуге болмайды.
      Күзгі мезгілде жерге түскен жапырақтар уақытылы жиналуы қажет. Жиналған жапырақтар арнайы белгіленген орындарға шығарылуы қажет. Тұрғын үй аулаларында, демалыс орындары және парктерде жапырақтарды жағуға рұқсат етілмейді.
      7. Қоқыс жәшік алаңшалары мен іргелес жатқан аумақтардың тазалығы тәулік бойында иелерінің күшімен қамтамасыз етілуге қажет.
      Қалдықтарды уақытша сақтау мерзімі - жылы күндері бір тәуліктен аспауы қажет, суық күндері үш тәулікке дейін рұқсат етіледі.
      8. Қауіпті қалдықтарды қауіпті емес және (немесе) инертті қалдықтармен, сондай-ақ әртүрлі қауіпті қалдықтарды өндіру, тасымалдау және орналастыру процесінде оларды бір-бірімен араластыруға болмайды.
      9. Тұрмыстық қатты қалдықтар жиналатын қоқыс жәшіктеріне басқа қалдық түрлерін (құрылыс қоқыстарын, өндіріс қалдықтарын, қаптарды, ағаш кесінділерін, жапырақтарды, қарды, сұйық тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды) араластырып тастауға болмайды.
      10. Қоқыс жәшік алаңшалары мен қоқыс жәшіктер иелері:
қоқыс жәшіктерді уақытында жөндеуге және одан әрі пайдалануға, жарамсыздарын ауыстыруы қажет.
      11. Көпшілік баратын жерлерде (сапаржайларда, ішкі сауда объектілерінде, әуежайда, саябақтарда, демалыс аймақтарында, алаңдарда, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінде, көшелерде орнатылады. Қалалық жолаушылар көліктері аялдамаларында және сауда объектілеріне кіреберістерде екі кіші қоқыс жәшіктерінен орнатылады.
      12. Жеке және заңды тұлғаларға заңда белгіленбеген жерлерге (жаяу жүргіншілер жолына, автокөлік жолдарына және көше жиектеріне) қалдықтарды тастауға болмайды.
      13. Қалдықтардың меншік иесі қалдықтарды жинаудың орталықтандырылған жүйесін немесе қалдықтарды жинау, кәдеге жарату,орналастыру немесе жою жөніндегі операцияларды атқаратын субъектілердің қызмет көрсетулерін пайдалануға қажет не қалдықтарды орналастыру мен жою жөніндегі операцияларды экологиялық және санитарлық рұқсаты қажет.
      14. Ірі көлемдегі қалдықтар (ІКҚ) мен құрылыс қалдықтарын арнайы жабдықталған алаңдарда арнайы бункерде жинау керек. ІКҚ мен құрылыс қалдықтарын жинайтын бункерді уақытша құрылыс алаңында, басқа да жөндеу, абаттандыру жұмыстары жүріп жатқан аумақта үш тәуліктен аспайтын уақытқа қатты төсеніші бар алаңға орналастыруға рұқсат етіледі.
      15. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуден шыққан қалдықтарды, күріш қауыздарын, тағы да басқа ауылшаруашылық өнімдерінің калдықтарын қала аумағында немесе шеткері аумақтарда заңсыз орналастыруға, өртеуге болмайды.

3. Қала аумағын тазарту тәртібі

      16. Жер учаскелерін пайдаланушылар арасындағы аумақтардың тазарту жұмыстарының шекарасын анықтау, заңды және жеке тұлғаларға бекітіліп берілген аумақтарға сәйкес, осы Қағида негізінде орындалады: көше-жол желілері, алаңдарға қоғамдық орындар (жалпы пайдаланылатын демалыс аймақтары, саябақтар, жағажайлар) бойынша – коммуналдық шаруашылығының уәкілетті органымен мемлекеттік тапсырыс көлемінде;
      17. Тазарту жұмыстары осы Қағиданың талаптарына, уәкілетті органмен бекітілген нұсқаулар мен технологиялық ұсынымдарға сәйкес жүргізіледі.
      18. Жалпы пайдаланылатын орындарды тазарту мен күту жұмыстары мына жұмыс түрлерін енгізеді:
      1) өндіріс және тұрмыстық қоқыстар мен қалдықтарды жинау мен шығару;
      2) ірі көлемді қалдықтарды жинау және шығару;
      3) сыпыру;
      4) қамыстар мен басқа жабайы өскен өсімдіктерді шабу және шығару;
      5) қоршаулар мен шағын сәулет нысандарын жөндеу және сырлау.
      6) Іргелес жатқан және бөлініп берілген аумақтарды, қала көшелерінен оларға кіретін жолдарды заңды және жеке тұлғалар меншігі мен пайдаланылуында ғимараттары бар, бөлініп берілген учаскелерде орнатылған аумақтарды тазарту мен күту жұмыстары өз күштерімен немесе шарт бойынша арнайыландырылған кәсіпорынмен орындалады.
      19. Сауда объектілеріне іргелес жатқан, уақытша көшедегі сауда жасау аумағының орындарын (сауда павильондары, жылдам салынатын сауда кешендері, шатырлар, дүңгіршектер және т.б.) көшедегі жүру жолдарын қоса, сауда объектілерінің иелері тазартады.
      20. Ақылы автотұрақтардың, гараждардың аумақтарын тазарту жұмыстарын иелері мен осы объектілерді пайдаланушы ұйымдар жүргізеді.
      21. Жанар-жағар май құю стансасына, автожуу бекеттеріне және іргелес жатқан аумақтарға (өту жолына дейін) кіретін және шығатын жерлеріне тазарту мен тазалығын сақтау жұмыстарын осы объектілерді өз балансында ұстаушылар жүргізеді.
      22. Жапырақ түскен уақытта, бекітіліп берілген аумақтарды тазартуға жауапты ұйымдар, көшелер мен даңғылдар бойындағы, аула аумақтарындағы түскен жапырақтарды сыпыру жұмыстарын жүргізеді.

4. Көшенің өту жолдарын тазарту

      23. Жолдардың өту жерлерін барлық ені бойынша тазарту, алаңдардың, көшелердің және қалалық көше желілерін, сондай-ақ жағалаулар, көпірлер, жол желілерін күту мен тазалау жұмыстарын осы жұмыстарды жүргізуге мемлекеттік тапсырыс жасау шарты негізінде, мердігер-кәсіпорындар жүргізеді.
      24. Соңғы автобус бағыттарының тұратын-айналу жолдарын тазартумен, (кесте бойынша) іргелес жатқан жолдарды тазалаумен айналысатын кәсіпорындар жүргізеді.
      25. Жолдың жүру жағы ластан толығымен тазартылуы қажет. Қозғалыс сызығымен белгіленген, осьтік және резервтік жолақтары тұрақты түрде құм мен әртүрлі ұсақ қоқыстардан тазартылуы қажет.
      26. Жолдардың жиектері ірі көлемді және басқа қоқыстардан тазартылуы қажет. Жұмыстарды жүргізу кезінде қоқысты көшенің және өту жолдарының жағына шығаруға болмайды.

       5. Жаяужолдарды тазарту жұмыстары

      27. Көпірлердегі, жол желілеріндегі жаяужолдарды, сондай-ақ инженерлік құрылғыларға және баспалдаққа шығатын жерлерге жалғасқан техникалық жаяужолдарды тазарту, осы құрылғылардың иесі болып табылатын ұйымдармен жүргізіледі.
      28. Көшелер мен өту жолдарының бойына орналасқан басқа жаяужолдар бойынша тазарту жұмыстары жүретін жолдарды күтуге жауапты кәсіпорындармен жүргізіледі.

       6. Аялдама және отырғызу алаңдарын тазарту

      29. Қалалық жолаушылар көлігінің аялдама алаңдарын тазалау жұмыстарын жолдарға тазарту жұмыстарын жүргізуші ұйымдар атқарады. Отырғызу алаңшаларын тазарту жөніндегі жұмыстардың шекарасы сызба карталарда көрсетіледі. Отырғызу алаңдары толығымен топырақ-құмнан, әртүрлі қоқыстан тазартылуы қажет.
      30. Жолаушылар павильондары мен оларға іргелес жатқан қоғамдық жолаушылар тасымалдау көлігі аялдамаларын тазарту және жуу жұмыстары олардың иелерімен жүргізіледі.

7. Қысқы кездегі қала көшелерін тазартудың
ерекшеліктері

      31. Қала көшелерінің өту жолдары мен кіру жолдарын қыста тазарту жұмыстары, осы Қағида талаптарына, жұмыс технологияларын, техникалық құралдар мен тайғаққа қарсы қолданылатын қоспаларды анықтайтын, уәкілетті органмен бекітілген нұсқауларға сәйкес жүргізіледі.
      32. Қысқы кезеңде жолдар, бақ орындықтары, қоқыс салатын кіші қоқыс жәшіктері мен басқа да элементтер мен кіші сәулеттік формалар, сондай-ақ олардың алдындағы және бүйірлеріндегі жерлер, оларға баратын жолдар қар мен мұздақтардан тазартылуы керек.
      33. Жаяужолдар мен жолдың жүру жағындағы инженерлік желілерде апаттан пайда болған мұзшықтар осы су басуға себепші болған ұйымдармен жиналады және шығарылады. Жиналған мұзшықтар белгіленген орындарға жеткізіледі.
      34. Келесі жерлерде қар үйінділерін жасауға рұқсат етілмейді:
      1) бір деңгейде барлық жолдар мен көшелердің және кіру жолдарының қиылыстарында және темір жолға жақын жолдарда;
      2) көліктік қоршаулармен жабдықталған немесе көтеріңкі жиектемелері бар жол учаскелерінде;
      3) жаяужолдарда;
      4) жаяужолдар мен гүлкестелерге қар шығаруға рұқсат етілмейді.
      35. Қарды уақытша шығаруға берілген орындар, қар ерігеннен кейін қоқыстардан тазартылып, көркейтілуі керек.
      36. Жаяужолдар мен көпірге шығатын жерлердегі баспалдақтарды тазарту жұмыстарына мынадай талаптар қойылады:
      1) жаяужолдар мен көпір құрылғыларына шығатын жерлердегі баспалдақтар жаңа жауған қар мен тапталған қар басып кеткенге (қар-мұздақтарының пайда болуы) дейін барлық еніне дейін тазартылуы қажет;
      2) тоқтаусыз қар жауған кезде жаяужолдар мен көпір құрылғыларына шығатын жерлердегі баспалдақтар тайғаққа қарсы қоспалармен өңделіп және жаяу жүргіншілер жүруі үшін тазартылуы керек;
      3) тайғақ болатыны немесе болу мүмкіндігі жөнінде хабарландырылған жағдайда, бірінші кезекте баспалдақтар, содан кейін жаяужолдар тайғаққа қарсы материалдармен өңделуі керек.
      37. Жаяужолдар, аула аумақтары мен кіру жолдары қар мен мұздақтан асфальтқа дейін тазартылуы қажет, қар мен мұздақтар қар үйетін жерге шығарылуы қажет. Мұздақ пайда болған жағдайда (тайғақ) ұсақ құм себу жүргізіледі.
      38. Аула аумақтары мен ішкі кварталдардан тазартылған қарды автокөліктің қозғалысына және жаяулардың жүруіне кедергі келтірмейтін арнайы орындарға үюге рұқсат беріледі.
      39. Аула ішінде қарды үйген кезде, жылғалардың ағып кету жағын қарастыру керек.
      40. Қысқы кезде ғимарат иелерімен, жалдаушыларымен немесе уәкілетті органдармен уақытында шатырларын қар мен мұзшықтан, сүңгілерден тазарту жұмыстары ұйымдастырылуы қажет.
      41. Сарқынды су құбырларының аузына қар, мұз және қоқыстарды тастауға болмайды.

       8. Тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету

      42. Заңды және жеке тұлғалар қала аумағының барлық жерінде, соның ішінде жеке меншік үй иелерінің аумақтарында тазалық пен тәртіпті сақтауы және абаттандыру элементтерін зақымдауға, бұзуға жол берілмеуі қажет (жолдарды, жаяужолдарды, гүлзарларды, кіші сәулеттік нысандарды, жарықтарды).
      43. Күрделі және уақытша объектілердің иелері өздеріне бөлініп берілген аумақтарды санитарлық тазарту және жинау жұмыстары бойынша шарттар жасасуы керек немесе оны күнделікті өз беттерімен жүргізулері қажет.
      44. Кәсіпорындардың және жеке меншік үй иелерінің ішкі аумақтарын қоса алғанда, қоқыстарды, жапырақтарды, жәшіктерді, өндірістік қалдықтарды жағуға болмайды.
      45. Тоғандарда өндіріс кәсіпорындарының тазартылмаған суларын ағызуға жол берілмейді.
      46. Жолдарды ластауға жол бермейтін, брезентпен немесе басқа материалдармен жабусыз топырақтарды, қоқыстарды, төгілмелі құрылыс материалдарын, жеңіл жәшіктерді, жапырақтарды, ағаш үгінділерін тасымалдауға болмайды.
      47. Көгалдандыру аумақтарында болмайды:
      1) гүлкестелермен жүруге, жасыл екпелерді сындыруға, жұлуға және кесуге;
      2) жол тазалау мақсатында тұз және басқа да жасыл екпеге зиянды заттарды пайдалануға;
      3) автокөліктермен және басқа да көлік құралдарымен (арнайы көліктерден басқа) жүруге;
      4) талдарға электр өткізгіш сымдарын бекітуге, әткеншектер бекітуге болмайды.
      5) талдар мен жасыл екпе оларға қызмет көрсетуші ұйымдардың келісімінсіз өз еркімен кесуді жүзеге асыруға;
      6) жеке үйлер мен пәтерлер аумағынан тыс жерлерде өз еркімен қоршаулар жасауға.

9. Ішкі сауда объектілері үшін уақытша
орын-жайларды орнату және күтіп ұстау

      48. Ұсақ бөлшектік уақытша сауда нүктелерінің объектілерін (павильондар) орнату қолданыстағы нормаларға және қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
      49. Сәулеттік және түстері туралы шешім Сәулет және қала құрылысы басқармасымен келісіледі. Ұсақ бөлшектік сауда объектілерін жөндеу және бояу жұмыстары олардың иелері есебінен, Сәулет және қала құрылысы басқармасымен келісілген сыртқы түрі мен түсі шешімін сақтауды ескере отырып, орындалуы қажет.
      50. Ішкі сауда бөлшектік сауда объектілері мен кешендеріне көліктік қызмет көрсету, іргелес жатқан негізгі көшелер мен жаяу жүргіншілер бағыттарындағы, көлік қозғалысы мен жаяужүргіншілердің қауіпсіздігіне кедергі келтірмеуі қажет. Тауар жеткізуді жүзеге асыратын автокөліктің тұрағы, сауда нүктелеріне тауар артуды Қызылорда қаласы Ішкі істер департаменті Жол полициясы басқармасы бекіткен кіреберіс алаңдарынан жүзеге асырылады.
      51. Сауда нүктелерінің иелері іргелес жатқан аумақтың (бекітіліп берілуіне сәйкес) көркейю жұмыстарының бұзылмауын қадағалау қажет. Іргелес жатқан абаттандыру объектілеріне, жасыл екпелерге, гүлзарларға зиян келтірген сауда нүктелерінің иелері, абаттандыру объектілерін өз қаражаты есебінен алғашқы қалпына келтіруі қажет.
      52. Шағын ішкі сауда объектілері мен басқа да сауда жасауға арналған уақытша алаңшалар аумақтары қоршалуы керек, нөсерлік және еріген сулардың ағуын қамтамасыз ететін қатты төсемі болуы керек, қоқыс жәшік алаңшаларымен, қоқыс салғыш кіші қоқыс жәшіктерімен, тұрақты қоғамдық немесе жылжымалы әжетханалармен, кешкі жарықпен жабдықталуы қажет.
      53. Ішкі сату бөлшектік сауда ғимараттарының иелеріне аумақтарын тазарту мен қоқыс шығару үшін, осы қызмет түрлерімен айналысушы ұйымдармен шарт жасауы керек немесе өз күштерімен атқарылады.
      54. Жалпы пайдаланатын демалыс аймағындағы аумақтың жобасын өзгерту, шағын сәулет үлгілерін және құрылысын, сәулет және абаттандыру бөлшектерінің түсін өзгертуге Қызылорда қаласының Сәулет және қала құрылысы бөлімімен келісіледі.
      55. Жалпы пайдаланатын демалыс аймағының аумағында қоқыс жинайтын урналар бір-бірінен 40 метрден кем емес қашықтықта орнатылады.
      56. Саябақтар мен жағажайларда урналардан басқа қоқыс жәшік орнатуға арналған арнайы алаң жабдықталуы қажет.
      57. Саябақтар мен жағажайлардың аумағында нормалар мен қағидалар талаптарына сәйкес келетін қоғамдық дәретханалар орналастырылуы керек.
      58. Жалпы пайдаланатын демалыс аймағының аумағында қолданыстағы нормативтердің талаптарына сәйкес қоғамдық тамақтандыру және ұсақ сауда кәсіпорындарын орналастыруға рұқсат етіледі. Осы объектілердің иелері бөлінген және іргелес аумақтарын жинау және санитарлық тазалауға мамандандырылған кәсіпорындармен келісім шарт жасайды немесе қолданыстағы талаптарға сәйкес өздері жинаулары қажет. Осы объектілерді сырлау және жөндеу жұмыстары иелерінің есебінен жүргізіледі.
      59. Жалпы пайдаланатын демалыс аймағының аумағында:
қоқысты, жапырақтарды өртеуге, от жағуға, көліктерін тазалауға және жууға, көгалда, гүлзарларда, жүргіншілер жүретін жолда объектілерді орналастыруға болмайды.

10. Ақылы автотұрақтарды және гараж кооперативтерін
орнату және абаттандыру

      60. Жеке меншік иелерінің жеңіл автомашиналарының гараждарын, күзетілетін ашық автотұрақтардың, автокөліктің уақытша тұрақтарын (ақылы және ақысыз) орналастыру қолданыстағы экологиялық, санитарлық және қала құрылысы нормаларымен және ережелерімен, белгіленген тәртіпте әзірленген және келісілген жобалау құжаттарына сәйкес орындалады.
      61. Ұйымдар, кәсіпорындар мен мекемелер, сауда мен қоғамдық тамақтану объектілері, демалу орындары мен бұқаралық орындар келушілер үшін ақысыз аялдатулармен жабдықталуы қажет.
      62. Жеке меншік иелерінің гараждары, гараж кооперативтеріне бірігеді (серіктестік). Гараж кооперативтерінің аумағын абаттандыру және оларды күтіп ұстау кооперативтердің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      63. Жеңіл автокөліктерінің ашық ақылы тұрақтарын тұрғын-жай мен қоғамдық құрылыстарға дейін санитарлық аралықты сақтап орнату қажет. Автотұрақтардың қатты төсемі, қоршауы, күзетуге арналған жайы мен сыртқы жарығы болуы қажет. Автомобильдерді қоятын орындардың үстіне жеңіл құрылымдардан қалқандар салуға жол беріледі.
      64. Иелері өздеріне бекітіліп берілген және автотұрақтарға, гараждарға іргелес жатқан аумақтарда санитарлық тазалық пен өртке қарсы шараларды қалыпты сақтап тұруы қажет.

       11. Құрылыс алаңдары мен учаскелерді күтіп ұстау

      65. Бөлінген учаскеде құрылыс қызметі басталғанға дейін (жаңа құрылыс, қайта жаңарту, жөндеу, құрылыстарды бұзу) құрылыс салушы (объектіні жөндеу, қайта жаңарту кезінде меншік иесі), құрылысты ұйымдастыру жобасына, құрылыстың бас жобасына сәйкес құрылыс алаңын, жұмыс учаскелерін жайғастыруды орналастырады.
      Объектілерді кейіннен кәдеге жарату (бұзу) бойынша жұмыстарын өткізу кезінде, бұзу жөніндегі қажетті техникалық шешімдерге немесе ғимараттарды бұзу жобасына сәйкес жүргізеді.
      66. Объектілерді бұзуға рұқсат алу үшін, құрылыс салушы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органына, берілген учаскенің бөліп берілгендігі туралы шешімін, бұзу немесе бұзу жобасы бойынша техникалық шешімін, құрылыс қоқысын, қалдықтарын, шығару мен кәдеге жарату жөніндегі шешімдерін (келісім-шарттар), бұзуға жататын объектілерден инженерлік желілерді сөндіріп тастау жөніндегі растауын, қажетті мемлекеттік органдармен (сәулет, тұрғын үй, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары, қала әкімі аппараты және басқалары келісімі бойынша) келісімін ұсынуы қажет.
      67. Құрылыс алаңы (бұзуға жататын учаскеде) келесі талаптардың орындалуымен, қажетті нормалар мен ережелердің талаптарына сәйкес аббаттандырылуы қажет:
      1) құрылыс алаңы барлық периметрі бойынша бөтен тұлғалардың кіруіне жол бермейтін және іргелес жатқан аумақтарға қоқысты шығаруды болдырмайтын қоршаумен қоршалынады;
      2) қоршауды металдан жасалған профильденген беттерден немесе қоршауға арналған темірбетон қабырғаларынан дайындалуы қажет;
      3) қоршаудың биіктігі жер бедерінен үш метрден кем болмауы абзал, төменгі бөлімінде саңылаулары болмайды;
      4) жеке шыға беріске немесе салынып жатқан құрылысқа шағын қосымша құрылыс салу кезінде, биіктігі екі метр қоршау құрылғысын орналастыру рұқсат етіледі;
      5) шығатын жолдарда ақпараттық қалқандар орнатылады;
      6) жарық бүкіл қоршау периметрі бойынша болуы керек, адамдар көптеп өтетін жерде жарық бүкіл қоршау периметрі бойынша екі жақтан түсуі қажет;
      7) құрылыс алаңдарына ішкі алаң жолдары мен кіреберіс жолдары бас құрылыс жоспарына сәйкес аббаттандырылған және қатты төсем болуы керек және асфальтталған қаланың өту жолдарына қосылуы қамтамасыз етеді;
      8) шығатын жолдарда көлік құралдарының дөңгелектерін жуу (тазалау) пункттерімен жабдықталады;
      9) құрылыс алаңдарындағы аумақты тазалық пен тәртіпте ұстаудың, аббаттандырылуды және іргелес жатқан құрылысқа теріс ықпал етуді болдырмау, үстірттік және жер асты сулардың бұрылуын ұйымдастыруды жүзеге асыру бойынша іс-шаралар көзделеді;
      10) құрылыс және тұрмыс қоқысын жинау мақсатында қоқыс жәшіктер, жинаушы-бункерлер орнатылып, қоқысты уақытында шығаруды ұйымдастыру қажет; құрылыс алаңына (бұзуға жататын учаскеде) іргелес жатқан аумақ ұқыпты түрде күтіліп, мезгілінде жинастырылуы қажет;
      11) құрылыс алаңынан тыс құрылыс материалдарды, қоқыстарды (синтетикалық қабыршықтар, үгінділер, перделер, жоңқалар, буып-түйетін материалдар және тағыда басқалары) шығаруды болдырмайтын шаралар көзделуі қажет;
      68. Мұзды, қарды, құрылыс қоқыстарды уақытында ұйымдастырып шығару үшін құрылыс салушы немесе мердігер мекеме құрылыс алаңын жайластыруға рұқсаттама алған кезде, осы жұмыстар түріне мамандандырылған кәсіпорындармен келісім шартқа отырады.
      69. Құрылыс салушымен құрылыстық және тұрмыстық қоқысты уақытылы шығарылуы қамтамасыз етіледі.
      70. Салушы немесе мердігер арнаулы орында немесе құрылыс алаңдарында құрылыс қалдықтарын басқа қалдық түрлерінен тікелей бөліп алуды ұйымдастыруы қажет, сондай-ақ қоқыс тастайтын жерлерде және полигондарда құрылыс қоқыстарын басқа қалдықтармен араластыруға жол берілмейді.
      71. Құрылыс (бұзу) аяқталғаннан кейін, құрылыс алаңына іргелес жатқан аумақтың бұзылған аббаттандыруын қалпына келтіру, сондай-ақ уақытша жүру, жолаушылардың өту жолы, уақытша ғимараттар мен материалдарды қоймалау үшін, инженерлік желілерді және тағыда басқа пайдаланған аймақтарды құрылыс салушы қалпына келтіруі қажет.

12. Қала аумағындағы жол төсемдерін, жаяужолдарды,
гүлзарларды және басқа да объектілердің қалалық
шаруашылық элементтерінің бұзылуына әкеліп соғуына
байланысты жер жұмыстарын және басқа да жұмыстарды
жүргізудің тәртібі

      72. Шаруашылығында инженерлік коммуникациялары бар заңды және жеке тұлғалар, қаланың көркін бұзуға әкеліп соғатын инженерлік желілер мен орын-жайлардың техникалық жағдайын әрдайым қарап отыруы қажет, атап айтқанда:
      1) аумақты су басуына және мұздың пайда болуына жол бермеу, берілген және қорғалатын аймақтардың санитарлық тазалығын бақылау, құдықтар мен камералардың жабындылары, нөсерлік кәріздердің торлары қатты төсеммен бір деңгейде болуы және түзу қалыпта ұсталуы, құрастыру Ережелерін сақтамаған жағдайда бұзылып қалуы мүмкін жер асты желілерінің бетіндегі қатты немесе жер топырағының қалпын, қайта жабылуы мен қолданылуын бақылауға, жерүсті инженерлік коммуникацияларына, құрастырмалар мен құрылғыларға уақытында жөндеу, тазарту және сырлау жұмыстарын жүргізуге;
      2) жер бетінің қатты қабатына күрделі жөндеу немесе жаңғырту жұмыстарын жүргізген кезде инженерлік желілердің құдығының жабындыларын керекті өлшемдерге жеткізу жұмыстары жөндеу жұмыстарын жүргізген мекеме есебінен орындалады;
      3) қала аумақтарынан жер үсті және жер асты суларын әкетуге арналған арықтарды, құбырлар мен сорғытқыларды жинау мен тазарту, нөсерлік кәріздердің коллекторларын тазарту жұмыстары пайдаланушы кәсіпорындармен; аула аумақтарында – пәтер иелері кооперативтерімен; жеке меншік учаскелерде және кәсіпорын аумақтарында - аумақтық иелерімен жасалады.

13. Тұрғын жай кварталдары мен шағын аудандарды
абаттандыру

      73. Шағын аудандар мен кварталдардың тұрғын жай аймақтары: қоқыс жәшіктерін қоятын, кір кептіретін, демалатын, балалардың ойнайтын, спортпен айналысатын, үй жануарларын қыдыртатын, автотұрақ, аялдату, жасыл аймақ үшін алаңшалармен жабдықталады.
      74. Алаңшалардың саны, орналасуы мен жабдықталуы құрылыс және санитарлық нормаларға сәйкес болуы қажет, Сәулет және қала құрылысы, Мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармаларымен келісілуі керек.
      75. Тұрғын жай кварталдары, шағын аудандар аумақтарында, сондай-ақ аула маңы аумақтарында мына тәртіп сақталуы қажет:
      1) көтермелердің, жаяужолдардың, жүргіншілер жолының, орамішілік кіреберістері мен жолдарының төсемдерін қалыпты жағдайда ұстауға;
      2) Аулаларға өздігінен түрлі шаруашылық немесе қосалқы құрылыс (гараждар және басқа) салуға жол бермеуге;
      3) Өзінің балансындағы (шаруашылық жүргізуші немесе жедел басқару) инженерлік желілерді қалыпты жағдайда ұстауға, құдықтарды уақытында қарап, тазартуға;
      4) Шағын сәулет нысандарын, спорттық, ойын, балалар мен шаруашылық алаңшаларының жабдықтарын, қоршауларын қалыпты жағдайда ұстауға, олардың сыртқы түрінің ұқыптылығын сақтауға.

       14. Апатты жұмыстарды жүргізу

      76. Апат туындаған жағдайда инженерлік коммуникациялар мен құрылғылардың иесі, пайдаланушы ұйым апатты және оның салдарын жоюдың жедел шараларын жасауы қажет. Бұл жағдайда мыналар қамтамасыз етілуі қажет: адамдар мен көлік қозғалысының қауіпсіздігі, сондай-ақ қатар орналасқан жерасты және жерүсті орын-жайларының, инфрақұрылым объектілерінің, жасыл екпелердің сақталуы.
      77. Апаттық бригаданы апат орнына жіберумен қатар пайдаланушы ұйым телефонограмма арқылы апаттың сипаты мен орны жайында, осы апат ауданында жерасты және жерүсті құрылғылары бар ұйымдарға, қоғамдық жолаушылар көлігі қызметіне, Жол полициясы басқармасына, Қызылорда қаласының Мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органына және басқа да мүдделі қызметтерге хабарлайды.
      78. Аймағында коммуникациялары бар ұйымдар, телефонограмманы алғаннан кейін апат орнына өздерінің орындалған сызбаларымен бірге уәкілдерін жіберулері керек, ол осы жердегі орналасқан мекемеге қарасты құрылғылар мен коммуникацияларды көрсетуі керек.
      79. Егер де апатты жою жұмыстары жолдың толық және жартылай жабылуын қажет еткен жағдайда, Жол полициясы басқармасы жолдың уақытша жабылуы туралы, көліктің айналып жүру бағыты және зақымдалған желілердің қожайындарымен бірге зақымның жою мерзімін бекіту жөнінде жедел шешім қабылдайды.
      80. Апат жұмыстары жүргізілетін орын қалқандармен немесе белгіленген үлгідегі апаттық жарық құрылғысы және үлкен қызыл түсті шамдары бар қорғандармен қоршалады. Негізгің көшенің жол жағына Жол полициясы басқармасының келісімімен қажетті жол белгілері орнатылады. Жұмыстардың толық аяқталғанына дейін, апатты жою жұмыстарын жауап беруші тұлғалар апаттық жарықтандыру, қоршау (қалқан) орнату, жол белгілерінің қойылу жұмыстарына жауапты.
      81. Апаттың салдарын жою және аумақтың абаттандырылуын және жер асты жүйелерін қалпына келтіру үшін, апат болған күннен бір тәуліктен асырмай, жер қазу жұмыстарын жүргізуге рұқсат алуы қажет. Көрсетілген мерзімге дейін жер жұмыстарын жүргізуге рұқсат қағазын жасамаған жағдайда қазу жұмыстары жөн-жосықсыз болып саналады, және де қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес кәсіпорын жауапкершілікке тартылады.
      82. Бұзылған жол төсемдері мен басқа да абаттандыру элементтерін қалпына келтіру жұмыстары осы кәсіпорынмен апатты жұмыстар аяқталғаннан кейін тез арада жасалады.

       15. Сыртқы жарық пен бұрқақтарды күтіп ұстау

      83. Уәкілетті орган Қызылорда қаласы Коммуналдық шаруашылық департаменті бекіткен кестеге сәйкес көшелердің, жолдардың, алаңдардың, жағалаулардың және басқа жарықтандырылатын объектілердің сыртқы жарығын қосу табиғи жарықтың көлемінің азаюы кезінде кешкі күңгірт кезінде 20 люкске дейін, ал сөнуі - таңғы күңгіртте 10 люкске дейін беріледі.
      84. Алаңдардағы, негізгі көшелер және көшелердегі, аула аумақтарындағы шамдардың жанбауы 5 пайыздан аспауы керек. Металл бағаналары, кронштейндер мен басқа сыртқы жарық құрылғылары мен қыстырма желілерінің элементтері тазалықта ұсталуы қажет, тот баспауы керек және қажет болу жағдайына қарай екі жылда бір рет пайдаланушы ұйыммен сырлануы (сырдың түсі Сәулет және қала құрылысы бөлімімен келісілуі) керек.
      85. Бұрқақтарды қосу мерзімі, олардың жұмыс тәртібі, табақтарын жуу мен тазарту кестесі, техникалық үзілістері мен жұмысының тоқтатылуы Қызылорда қаласы Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен белгіленеді.
      86. Бұрқақтардың жұмыс істеуі кезінде су бетін қоқыстардан тазарту жұмыстары күнделікті орындалады. Пайдаланушы ұйымдар бұрқақтарды сөндірген кезде де тазалығын сақтауы қажет.

       16. Қағиданы бұзғаны үшін жеке және заңды тұлғалардың жауапкершілігі

      87. Осы Қағиданы бұзғаны үшін кінәлі жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалары мен Қазақстан Республикасындағы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне сәйкес жауапкершілікте болады.
      88. Осы Қағида талаптарының орындалуына бақылауды "Қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесі жүзеге асырады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады