Қызылорда қаласын абаттандыру, аумақты санитарлық күтіп ұстау және тазалықты қамтамасыз ету Қағидасын бекіту

Күшін жойған

Қызылорда облысы Қызылорда қалалық мәслихатының 2010 жылғы 23 желтоқсандағы N 37/12 шешімі. Қызылорда облысының Әділет департаменті Қызылорда қалалық әділет басқармасында 2011 жылы 28 қаңтарда N 10-1-163 тіркелді. Күші жойылды - Қызылорда қалалық мәслихатының 2011 жылғы 22 қыркүйектегі N 47/4 Шешімімен.

      Ескерту. Күші жойылды - Қызылорда қалалық мәслихатының 2011.09.22 N 47/4 Шешімімен.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", 2001 жылғы 16 шілдедегі "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", 1998 жылғы 24 наурыздағы "Нормативтік құқықтық актілер туралы" Заңдарына сәйкес ІV шақырылған Қызылорда қаласының мәслихаты ШЕШТІ:
      1. Қызылорда қаласын абаттандыру, аумақты санитарлық күтіп ұстау және тазалықты қамтамасыз ету Қағидасы осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.
      2. Қызылорда қалалық мәслихатының 2010 жылғы 3 наурыздағы N 28/2 "Қызылорда қаласын абаттандыру және аумақты санитарлық күтіп ұстау, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен айналысу, жинау жұмыстарын ұйымдастыру және тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету Ережесін бекіту туралы" және Қызылорда қалалық мәслихатының 2010 жылғы 25 маусымдағы N 31/4 "Қызылорда қаласын абаттандыру және аумақты санитарлық күтіп ұстау, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен айналысу, жинау жұмыстарын ұйымдастыру және тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету Ережесін бекіту туралы", 2010 жылғы 28 қыркүйектегі N 34/11 "Қызылорда қаласын абаттандыру және аумақты санитарлық күтіп ұстау, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен айналысу, жинау жұмыстарын ұйымдастыру және тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету Ережесін бекіту туралы", 2010 жылғы 27 қазандағы N 35/7 "Қызылорда қаласын абаттандыру және аумақты санитарлық күтіп ұстау, өндіріс және тұтыну қалдықтарымен айналысу, жинау жұмыстарын ұйымдастыру және тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету Ережесін бекіту туралы" шешімдері жойылды деп танылсын.
      3. Осы шешім ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Қалалық мәслихаттыңкезекті
      XXXVII сессиясының төрағасы               Қ. ЕРНАЗАРОВ

      Қызылорда мәслихатының хатшысы            И. ҚҰТТЫҚОЖАЕВ

      Келісілді
      Арал-Сырдария экология
      Департментінің бастығы
      Ш.Н. Ноғаев ______________
      2010 жылғы "____"_________

      Келісілді
      Қызылорда қаласы бойынша
      Мемлекеттік санитарлық
      Эпидемиологиялық қадағалау
      басқармасы бастығының
      міндетін атқарушы
      М.А. Жұбатханов ______________
      2010 жылғы "____"_________

      Келісілді
      Қызылорда қалалық ішкі істер
      басқармасының бастығы
      Ә.М. Шаймағамбетов ______________
      2010 жылғы "____"_________

      Келісілді
      Саулет және қала құрылысы
      бөлімінің бастығы
      Г.А. Алиев ______________
      2010 жылғы "____"_________

      Келісілді
      Қызылорда қаласы Төтенше
      жағдайлар басқармасының бастығы
      подполковник Ә.Ә Длимов ______________
      2010 жылғы "____"_________

      Келісілді
      Қалалық тұрғын үй коммуналдық
      шаруашылығы, жолаушылар көлігі және
      автомобиль жолдары бөлімінің
      бастығы И.Ж. Әлиев ______________
      2010 жылғы "____"_________

Қызылорда қалалық мәслихатының
      2010 жылғы 23 желтоқсанындағы
      кезекті ХХХVІІ сессиясының
N 37/12 шешімімен бекітілген

Қызылорда қаласын абаттандыру, аумақты санитарлық күтіп ұстау және тазалықты қамтамасыз ету
ҚАҒИДАСЫ

1. Жалпы қағидалар

      1. Осы "Қызылорда қаласын абаттандыру және аумақты санитарлық күтіп ұстау және тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету" Қағидасы "Қазақстан Республикасының Экологиялық кодексіне", "Қазақстан Республикасының әкімшілік құқық бұзушылық кодексіне", "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", "Қазақстан Республикасындағы тұрғын үй қатынастары туралы", "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы", Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік-құқықтық актілеріне және Қазақстан Республикасының заңдарына сәйкес әзірленді.
      Қағида абаттандыру, санитарлық тазарту, аумақта тазалықты сақтау, инфрақұрылым объектілерін күтіп ұстау мен қорғау, Қызылорда қаласының аумағындағы қалдықтар жинау, шығару тәртібін белгілейді, жеке және заңды тұлғалардың қарым-қатынасын реттейді.
      Абаттандыру, санитарлық тазарту, тазалау жұмыстарын ұйымдастыру және Қызылорда қаласы аумағында тазалықты қамтамасыз ету бойынша жұмыстарды реттеу және ұйымдастыру жұмыстарын қала әкімдігінің, басқарудың уәкілетті органдары, қаланың көркейту мен санитарлық тазалық кәсіпорындарының лауазымды тұлғалары жүргізеді.

2. Осы Қағидада қолданылатын негізгі ұғымдар мен түсініктер

      2. Қоршаған ортаға эмиссиялар – ластағыш заттардың шығарындылары, төгінділері, қоршаған ортада өндіріс және тұтыну қалдықтарын орналастыру, зиянды физикалық әсер ету.
      3. Қалдықтармен жұмыс істеу – қалдықтардың пайда болуының алдын алуды және оларды азайтуды, есепке алу мен бақылауды, қалдықтардың жиналып қалуын, сондай-ақ қалдықтарды жинауды, өңдеуді, кәдеге жаратуды, залалсыздандыруды, тасымалдауды, сақтауды (жинап қоюды) және жоюды қоса алғанда, қалдықтармен байланысты қызмет түрлері.
      4. Ғимарат – табиғи немесе жасанды кеңiстiк шекаралары бар және өндiрiстiк процестердi орындауға, материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға немесе адамдарды, жүктердi уақытша орналастыруға (орын ауыстыруға), сондай-ақ жабдықтарды немесе коммуникацияларды орналастыруға (төсеуге, жүргiзуге) арналған жасанды жасалған ауқымды, тегiстiктi немесе желiлiк объект (жер үстi, су бетi және (немесе) жер асты, су асты). Ғимарат көркемдiк-эстетикалық, әшекей-қолданбалы не мемориалдық мақсатта да болуы мүмкiн;
      5. Жалпы табиғат пайдалану - тұрақты болып табылады және халықтың өмірлік қажетті сұраныстарын қанағаттандыру үшін және табиғи ресурстар пайдалануға берілмей, тегін жүзеге асырылады.
      Егер Қазақстан Республикасының заңдарында көзделсе, табиғатты жалпы пайдалануды шектеуге жол беріледі.
      6. Арнайы табиғат пайдалану - Қазақстан Республикасының Экологиялық Кодексінде және Қазақстан Республикасының өзге де заңдарында белгіленген тәртіппен табиғи ресурстарды ақылы негізде пайдалануды және (немесе) қоршаған ортаға эмиссияларды жүзеге асыратын жеке және (немесе) заңды тұлғаның қызметі.
      7. Сәулет объектiлерi - Әзiрленуiне сәулетшiнiң қатысуы қажет болатын, сәулет немесе қала құрылысы жобаларының негiзiнде салынған үй, ғимарат, монумент, үйлер мен ғимараттар кешенi, олардың экстерьерлерi және (немесе) интерьерлерi, абаттандыру, ландшафт немесе бақ-саябақ өнерiнiң элементтерi;
      8. Өндірістік және тұтыну қалдықтары - өндіру және тұтыну кезінде пайда болған шикізат, материалдар, жартылай өңделген өнімдердің, басқа да бұйымдар мен тағамдардың қалдықтары, сондай-ақ өздерінің тұтыну қасиеттерін жоғалтқан тауарлар (өнімдер).
      9. Іргелес аймақ (Прилегающая территория) - заңды және жеке тұлғалардың меншігіндегі, пайдалануындағы жер учаскесінің шекарасына тұтасатын аймақ, жер учаскесіне құқық белгілейтін құжаттар болмаған жағдайда, жеке меншіктегі, жалға алынған ғимараттың, құрылыс алаңы қоршауының, сауда нысандарының, жарнама немесе басқа нысандардың шекарасына тұтасатын, көршілес жер иеленуші, пайдаланушы жерінің шекарасына дейінгі, ол болмаған жағдайда, объект айналасындағы 10 метрге дейінгі аймақ;
      10. Санитариялық-қорғаныш аймағы - арнаулы мақсаттағы аймақтарды, сондай-ақ елді мекендегі өнеркәсіп ұйымдары мен басқа да өндірістік, коммуналдық және қоймалық объектілерді жақын маңдағы қоныстану аумақтарынан, тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы жайлар мен ғимараттардан оларға қолайсыз факторлардың әсер етуін әлсірету мақсатында бөліп тұратын аумақ;
      11. Тротуар (жаяу жолдар) - жолдың жүргiн бөлiгiмен қатарлас немесе одан газонмен бөлiнген жаяу жүргiншiнiң қозғалуына арналған элементi;
      12. Коммуналдық қалдықтар – елдi мекендерде, оның iшiнде адамның тiршiлiк ету нәтижесiнде пайда болған тұтыну қалдықтары, сондай-ақ құрамы мен қалыптасу сипатына ұқсас өндiрiс қалдықтары.
      13. Қалдықтарды жою –қалдықтарды көму және жою жөнiндегi операциялар.
      14. Қалдықтарды залалсыздандыру – механикалық, физикалық-химиялық немесе биологиялық өңдеу жолымен қалдықтардың қауiптi қасиеттерiн азайту немесе жою.
      15. Қалдықтарды кәдеге жарату – қалдықтарды қайталама материалдық немесе энергетикалық ресурстар ретiнде пайдалану.
      16. Қалдықтарды көму – қалдықтарды шектеусiз мерзiм iшiнде қауiпсiз сақтау үшiн арнайы белгiленген орындарға жинап қою.
      17. Қалдықтарды өңдеу – қалдықтардың көлемiн немесе қауiптi қасиеттерiн азайту үшiн олардың сипатын өзгертетiн, олармен жұмыс iстеудi жеңiлдететiн немесе оларды кәдеге жаратуды жақсартатын сұрыптауды қоса алғанда, физикалық, жылу, химиялық немесе биологиялық процестер.
      18. Қалдықтарды орналастыру – өндiрiс және тұтыну қалдықтарын сақтау немесе көму.
      19. Қалдықтарды сақтау – қалдықтарды кейiннен қауiпсiз жою мақсатында оларды арнайы бөлiнген жерлерде жинап қою.
      20. Сұйық қалдықтар – сарқынды суларды қоспағанда, сұйық түріндегi кез келген қалдықтар.

3. Санитарлық тазалықты қамтамасыз ету және қалдықтармен жұмыс істеу.

      21. Тұрмыстық қатты қалдықтарды (бұдан әрі – ТҚҚ) жинау, уақытша сақтау шараларын ұйымдастыру жауапкершілігі қалалық тұрғын-үй коммуналдық шаруашылығы, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімінің құзырында.
      22. Шаруашылық қызметі процесінде қалдықтар құралатын жеке және заңды тұлғалар олармен қауіпсіз жұмыс істеу шараларын көздеуге, экологиялық және санитарлық-эпидемиологиялық талаптарды сақтауға және оларды кәдеге жарату, залалсыздандыру және қауіпсіз жою жөніндегі іс-шараларды орындауға міндетті.
      23. ТҚҚ ны жинау уақытша сақтау орнын күтіп ұстау көп қабатты тұрғын үйлерде пәтер иесі кооперативтері (ПИК), бөлек тұрғын ғимараттар мен жеке тұрғын үйлерде иелері немесе жалдаушыларының күшімен жүргізіледі.
      24. Қойылатын қоқыс жинағыштардың (контейнерлердің) санын, осы қоқыс жинағыштарды пайдаланатын халықтың санына, қалдықтардың жиналу нормасына, қалдықтардың сақталу мерзіміне қарай есептейді.
      Қоқыс жинағыштардың есепті мөлшерін қоқыстың ең көп жиналатын уақытына қарап есептейді. Қалдықтардың (жиынтықтардың) жиналу нормасы қолданыстағы құрылыс нормалары мен ережелеріне сай жүргізілуі тиіс.
      25. Су өтпейтін төселіммен жабдықталған, үш жағынан қоршалған алаңда қоқыс жинауға темірден жасалынған контейнерлер қолданылады. Алаң және ауладағы дәретхана ғимараттардан 25 метрден кем емес және балалар ойнау алаңдарынан, демалу орындары мен спортпен айналысу орындарынан 100 метрден кем емес қашықтықта орнатылады.
      26. Тұрғын үйлер, мекемелер және кәсіпорындар ауласындағы қоқыс жәшіктерде жиналған ТҚҚ уақытылы шығарылуы тиіс және қалдықтарды өртеуге тыйым салынады.
      Күзгі мезгілде жерге түскен жапырақтар уақытылы жиналуы тиіс. Жиналған жапырақтар арнайы белгіленген орындарға немесе компостылау алаңдарына шығарылуы тиіс. Тұрғын үй аулаларында, демалыс орындары және парктерде жапырақтарды жағуға рұқсат етілмейді.
      27. Қоқыс жәшік алаңшалары мен іргелес жатқан аумақтардың тазалығы тәулік бойында иелерінің күшімен қамтамасыз етіледі.
      Қалдықтарды уақытша сақтау мерзімі - жылы күндері бір тәуліктен, суық күндері үш тәулікке дейін рұқсат етіледі.
      28. Қауіпті қалдықтарды қауіпті емес және (немесе) инертті қалдықтармен, сондай-ақ әртүрлі қауіпті қалдықтарды өндіру, тасымалдау және орналастыру процесінде оларды бір-бірімен араластыруға тыйым салынады.
      29. Тұрмыстық қатты қалдықтар жиналатын қоқыс жәшіктеріне басқа қалдық түрлерін (құрылыс қоқыстарын, өндіріс қалдықтарын, қаптарды, ағаш кесінділерін, жапырақтарды, қарды, сұйық тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды) араластырып тастауға тыйым салынады.
      30. Қоқыс жәшік алаңшалары мен қоқыс жәшіктер иелері:
қоқыс жәшіктерді уақытында жөндеуге және одан әрі пайдалануға, жарамсыздарын ауыстыруға міндетті және қоқыс қабылдағыш камераларды, алаңшаларды және жинағыштардың (қоқыс жәшіктердің) астауын, сондай-ақ қалдық салғыштардың тұрақты жуылып тұруын, залалсыздандырылуын және масаларға қарсы бұқырлануын уақытылы қамтамасыз етуге шаралар қабылдауы қажет.
      31. Көпшілік баратын жерлерде (сапаржайларда, ішкі сауда объектілерінде, әуежайда, саябақтарда, демалыс аймақтарында, алаңдарда, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінде, көшелерде, қоғамдық жолаушылар көлігі аялдамаларында және сауда объектілеріне кіреберістерде) қоқыс салатын кіші қоқыс жәшіктері орнатылуы керек. Халық көп келетін орындарда кіші қоқыс жәшіктері бір бірінен 40 метрдей қашықтықта аулаларда, саябақтарда, алаңдарда және басқа аумақтарда 10-нан 100 метрге дейінгі арақашықтықта кіші қоқыс жәшіктері орнатылады. Қалалық жолаушылар көліктері аялдамаларында және сауда объектілеріне кіреберістерде екі кіші қоқыс жәшіктерінен орнатылады.
      32. Жеке және заңды тұлғаларға заңда белгіленбеген жерлерге (жаяу жүргіншілер жолына, автокөлік жолдарына және көше жиектеріне) қалдықтарды тастауға тыйым салынады.
      33. Қалдықтардың меншік иелері ҚР Экология Кодексінің талаптарына сәйкес қалдықтарды бөліп жинау технологиясын қолданады.
      34. Қалдықтарды бөліп жинау технологиясын іске асыру үшін екі түрлі контейерлік жүйе қолданылады.
      35. Қоқыс жәшігінің қақпағы немесе қоқыс жәшігінің өзі толықтай сары бояумен боялған қоқыс жәшігінде қайта өңдеуге жарайтын таза қалдықтар жиналып сақталады.
      Екінші қоқыс жәшігіне лас жарамсыз қалдықтар жиналып сақталады. Қоқыс жәшіктерге қайта өңдеуге жарамды қалдықтары жарамсыз лас қалдықтармен араластырып жинауға және бірге тасымалдауға тиым салынады.
      36. Қалдықтардың меншік иесі қалдықтарды жинаудың орталықтандырылған жүйесін немесе қалдықтарды жинау, кәдеге жарату, орналастыру немесе жою жөніндегі операцияларды атқаратын субъектілердің қызмет көрсетулерін пайдалануға тиіс не қалдықтарды орналастыру мен жою жөніндегі операцияларды экологиялық және санитарлық рұқсаты негізінде дербес жүзеге асыруға міндетті.
      37. Ірі көлемдегі қалдықтар (ІКҚ) мен құрылыс қалдықтарын арнайы жабдықталған алаңдарда арнайы бункерде жинау керек. ІКҚ мен құрылыс қалдықтарын жинайтын бункерді уақытша құрылыс алаңында, басқа да жөндеу, абаттандыру жұмыстары жүріп жатқан аумақта үш тәуліктен аспайтын уақытқа қатты төсеніші бар алаңға орналастыруға рұқсат етіледі.
      38. Өндіріс қалдықтары - қалдықтар иесінің иелігі аумағындағы арнайы жабдықталған орындарда өндіріс қалдықтарын уақытша орналастыруға берілген қоршаған ортаны қорғау органдарының рұқсаты негізінде, рұқсат етілген мөлшерден аспайтын көлемде орналастырылуы тиіс.
      39. Ауылшаруашылық өнімдерін өңдеуден шыққан қалдықтарды, күріш қауыздарын, тағы да басқа ауылшаруашылық өнімдерінің калдықтарын қала аумағында немесе шеткері аумақтарда заңсыз орналастыруға, өртеуге тыйым салынады.

4. Қала аумағын тазарту тәртібі

      40. Жер учаскелерін пайдаланушылар арасындағы аумақтардың тазарту жұмыстарының шекарасын анықтау, заңды және жеке тұлғаларға бекітіліп берілген аумақтарға сәйкес, осы Қағида негізінде орындалады:
      көше-жол желілері, алаңдарға қоғамдық орындар (жалпы пайдаланылатын демалыс аймақтары, саябақтар, тынымбақтар, жағажайлар) бойынша - коммуналдық шаруашылығының уәкілетті органымен мемлекеттік тапсырыс көлемінде;
      41. ораміші аумақтары мен басқа да аумақтарды тазартудың шекарасы қала сәулетшісімен анықталады және қала әкімінің актісімен бекітіледі.
      42. Тазарту жұмыстары осы Қағиданың талаптарына, уәкілетті органмен бекітілген нұсқаулар мен технологиялық ұсынымдарға сәйкес жүргізіледі.
      43. Жалпы пайдаланылатын орындарды тазарту мен күту жұмыстары мына жұмыс түрлерін енгізеді:
      43-1. Өндіріс және тұрмыстық қоқыстар мен қалдықтарды жинау мен шығару;
      43-2. Ірі көлемді қалдықтарды жинау және шығару;
      43-3. Сыпыру;
      43-4. Қамыстар мен басқа жабайы өскен өсімдіктерді шабу және шығару;
      43-5. Қоршаулар мен шағын сәулет нысандарын жөндеу және сырлау.
      43-6 Іргелес жатқан және бөлініп берілген аумақтарды, қала көшелеріне кіретін жолдарды заңды және жеке тұлғалар меншігі мен пайдаланылуында ғимараттары бар учаскелерін, аумақтарын тазарту мен күту жұмыстары өз күштерімен немесе шарт бойынша мамандандырылған кәсіпорынмен орындалады.
      43-7. Жеке тұрған жарнама объектілеріне іргелес жатқан аумақты, тазарту жұмыстарын, жарнама таратушылар және жарнама таратушылармен шарт бойынша тазарту жұмыстарын жүргізуші мамандандырылған кәсіпорын орындайды.
      43-8. Сыртқы жарықтың бағаналарының құрылғысы мен діңгегі аумағын және жаяужолдарда орнатылған байланыс желілерінің маңайын тазарту жұмыстарын жаяусоқпақтарды тазартуға жауапты кәсіпорындар жүргізеді.
      44. Трансформаторларға немесе бөліп бергіш шағын станцияларға, автоматты түрде жұмыс істейтін, басқа инженерлік орын-жайларға, сондай-ақ тоқ беру желілерінің бағаналарына іргелес жатқан аумақтарын тазарту жұмыстарын осы объектілердің иелері жүргізеді. Жер үсті құбырларының астындағы қорғалатын аумақтарды тазарту мен күту жұмыстары желілердің иелерімен жүргізіледі.
      45. Сауда объектілеріне іргелес жатқан, уақытша көшедегі сауда жасау аумағының орындарын (ішкі сауда объектілері, сауда павильондары, жылдам салынатын сауда кешендері, шатырлар, дүңгіршектер және т.б.) көшедегі жүру жолдарын қоса, сауда объектілерінің иелері тазартады. Іргелес жатқан гүлкестелерге, шатырларға, сауда шатырларына, дүңгіршектерге қоқыстарды үюге жол берілмейді.
      46. Ақылы автотұрақтардың, гараждардың аумақтарын тазарту жұмыстарын иелері мен осы объектілерді пайдаланушы ұйымдар жүргізеді.
      47. Жанар-жағар май құю стансасына, автожуу бекеттеріне және іргелес жатқан аумақтарға (өту жолына дейін) кіретін және шығатын жерлеріне тазарту мен тазалығын сақтау жұмыстарын осы объектілерді өз балансында ұстаушылар жүргізеді.
      48. Көп уақыт бойы пайдаланылмаған және игерілмеген аумақтарды, ғимараттарды бұзғаннан кейінгі аумақты тазарту мен күту жұмыстарын, осы аумақ бөлініп берілген жер пайдаланушылар немесе шарт бойынша ғимараттарды бұзу жұмысымен айналысқан мердігер кәсіпорындар жүргізеді.
      49. Жапырақ түскен уақытта, бекітіліп берілген аумақтарды тазартуға жауапты ұйымдар, негізгі көшелердің бойындағы, аула аумақтарындағы түскен жапырақтарды сыпырып-жиу жұмыстарын жүргізеді. Ағаштар мен бұталардың түп жағына жапырақтарды жинауға жол берілмейді.

5. Көшенің өту жолдарын тазарту

      50. Жолдардың өту жерлерін барлық ені бойынша тазарту, алаңдардың, көшелердің және қалалық көше желілерін, сондай-ақ жағалаулар, көпірлер, жол желілерін күту мен тазалау жұмыстарын осы жұмыстарды жүргізуге мемлекеттік тапсырыс жасау шарты негізінде, мердігер-кәсіпорындар жүргізеді.
      51. Соңғы автобус бағыттарының тұратын-айналу жолдарын тазартумен, (кесте бойынша) іргелес жатқан жолдарды тазалаумен айналысатын кәсіпорындар жүргізеді.
      52. Жол төсемдерін үзіліссіз қоқыстан, батпақтан, қардан, технологиялық тазарту жұмыстарын қамтамасыз ету үшін халықтың жаппай баратын объектілеріне жақын орналасқан негізгі орталық көшелерінің бойына күнделікті сағат 23.00-ден 7.00-ге дейін автокөлік құралдарын қоюға тыйым салынады және тыйым қажетті жол белгілерін қоюмен белгіленеді.
      53. Негізгі орталық және басқа да, сонымен қатар кіру жолдарының жол төсемдерін, осьтік және резервтік жолақтарын, жиектемелерін сыпыру жұмыстары, алдын ала суланғаннан кейін, уәкілетті органмен бекітілген кестеге сәйкес жүргізіледі.
      54. Жолдың жүру жағы ластан толығымен тазартылуы тиіс. Қозғалыс сызығымен белгіленген, осьтік және резервтік жолақтары тұрақты түрде құм мен әртүрлі ұсақ қоқыстардан тазартылуы қажет.
      55. Жолдардың жиектері ірі көлемді және басқа қоқыстардан тазартылуы қажет. Жұмыстарды жүргізу кезінде қоқысты көшенің және өту жолдарының жағына шығаруға тыйым салынады.

6. Жаяужолдарды тазарту жұмыстары

      56. Көше мен өту жолдары бойымен орналасқан немесе жол жағынан гүлкестемен бөлінген және тұрғын жай ғимараттарының кіре берісінен, аула аумақтарынан, мекемелерден, кәсіпорындардан, сауда және қызмет көрсету объектілерінде орналасқан жаяужолдарды, жағалаулық кәсіпорындарға іргелес жатқан қоршауына тікелей шығу жолы жоқ жаяужолдарды тазарту жұмыстары жол жағын тазарту мен күту жұмыстарын жүргізетін кәсіпорындармен жүргізіледі.
      57. Көпірлердегі, жол желілеріндегі жаяужолдарды, сондай-ақ инженерлік құрылғыларға және баспалдаққа шығатын жерлерге жалғасқан техникалық жаяужолдарды тазарту, осы құрылғылардың иесі болып табылатын ұйымдармен жүргізіледі.
      58. Көшенің жол жағынан гүлкестемен бөлінген жаяужолдар және тұрғын жай ғимараттарының кіре берісінен, аула аумақтарынан, мекемелерден, кәсіпорындардан, сауда және қызмет көрсету объектілерінен шығатын жерлердің жол жағын тазарту мен күту жұмыстарын жүргізу Қызылорда қаласы әкімдігінің актілерімен бекітіліп берілген аумақтарға сәйкес орындалады.
      59. Көшелер мен өту жолдарының бойына орналасқан басқа жаяужолдар бойынша тазарту жұмыстары жүретін жолдарды күтуге жауапты кәсіпорындармен жүргізіледі.
      60. Жаяужолдар толығымен топырақ-құмнан, әртүрлі қоқыстан тазартылуы қажет.

7. Аялдама және отырғызу алаңдарын тазарту

      61. Қалалық жолаушылар көлігінің аялдама алаңдарын тазалау жұмыстарын жолдарға тазарту жұмыстарын жүргізуші ұйымдар атқарады. Отырғызу алаңшаларын тазарту жөніндегі жұмыстардың шекарасы сызба карталарда көрсетіледі. Отырғызу алаңдары толығымен топырақ-құмнан, әртүрлі қоқыстан тазартылуы қажет.
      62. Жолаушылар павильондары мен оларға іргелес жатқан қоғамдық жолаушылар тасымалдау көлігі аялдамаларын тазарту және жуу жұмыстары олардың иелерімен жүргізіледі.

8. Қысқы кездегі қала көшелерін тазартудың
ерекшеліктері

      63. Қала көшелерінің өту жолдары мен кіру жолдарын қыста тазарту жұмыстары, осы Қағида талаптарына, жұмыс технологияларын, техникалық құралдар мен тайғаққа қарсы қолданылатын қоспаларды анықтайтын, уәкілетті органмен бекітілген нұсқауларға сәйкес жүргізіледі.
      64. Саябақтардағы, орман саябақтарындағы, бақтардағы, саяжолдардағы және басқа көгалды аймақтардағы жолдарды тазарту кезінде, осы мақсаттарға бұрын дайындалған алаңшаларға, жасыл отырғызғылардың сақталуы мен еріген сулардың ағуын қамтамасыз еткен жағдайда, құрамында химиялық қоспалары жоқ қарларды үюге рұқсат етіледі.
      65. Қысқы кезеңде жолдар, бақ орындықтары, қоқыс салатын кіші қоқыс жәшіктері мен басқа да элементтер мен кіші сәулеттік формалар, сондай-ақ олардың алдындағы және бүйірлеріндегі жерлер, оларға баратын жолдар қар мен мұздақтардан тазартылуы керек.
      66. Жаяужолдар мен жолдың жүру жағындағы инженерлік желілерде апаттан пайда болған мұзшықтар осы су басуға себепші болған ұйымдармен жиналады және шығарылады. Жиналған мұзшықтар белгіленген орындарға жеткізіледі.
      67. Келесі жерлерде қар үйінділерін жасауға рұқсат етілмейді:
      67-1. Бір деңгейде барлық жолдар мен көшелердің және кіру жолдарының қиылыстарында және темір жолға жақын жолдарда;
      67-2. Көліктік қоршаулармен жабдықталған немесе көтеріңкі жиектемелері бар жол учаскелерінде;
      67-3. Жаяужолдарда.
      67-4. Жаяужолдар мен гүлкестелерге қар шығаруға рұқсат етілмейді.
      68. Қар шығарудың технологиясы екі кезеңнен тұрады:
      қарды шығару жұмыстары бірінші кезекте, қалалық жолаушыларды тасымалдау көлігі аялдамаларынан, жер үсті жаяужүргіншелер өтпелерінен, көпірлерден және жол желілерінен, халықтың жаппай баратын орындарынан (ірі әмбебаптардан, ішкі сауда объектілерінен, мейрамханалардан, қонақ үйлерінен, сапаржайлардан, театрлардан және т.б.), ауруханаларға кіретін жолдардан және басқа да әлеуметтік маңызы бар объектілерде жүргізідеді;
      осы қар шығару (жаппай) жұмыстары бірінші кезектегі қар шығару жұмыстарынан кейін, уәкілетті органмен қойылған кезекке сәйкес жүргізіледі.
      68-1. Көшелер мен жолдардағы қарды шығару жұмыстары арнайы дайындалған алаңшаларға жүргізілуі тиіс. Белгіленген тәртіпте көрсетілмеген жерлерге қар шығарылмауы керек.
      68-2. Қарды уақытша шығаруға берілген орындар, қар ерігеннен кейін қоқыстардан тазартылып, көркейтілуі керек.
      69. Жаяужолдар мен көпірге шығатын жерлердегі баспалдақтарды тазарту жұмыстарына мынадай талаптар қойылады:
      69-1. Жаяужолдар мен көпір құрылғыларына шығатын жерлердегі баспалдақтар жаңа жауған қар мен тапталған қар басып кеткенге (қар-мұздақтарының пайда болуы) дейін барлық еніне дейін тазартылуы қажет;
      69-2. Тоқтаусыз қар жауған кезде жаяужолдар мен көпір құрылғыларына шығатын жерлердегі баспалдақтар тайғаққа қарсы қоспалармен өңделіп және жаяу жүргіншілер жүруі үшін тазартылуы керек;
      69-3. Тайғақ болатыны немесе болу мүмкіндігі жөнінде хабарландырылған жағдайда, бірінші кезекте баспалдақтар, содан кейін жаяужолдар тайғаққа қарсы материалдармен өңделуі керек.
      69-4. Жаяужолдар, аула аумақтары мен кіру жолдары қар мен мұздақтан асфальтқа дейін тазартылуы тиіс, қар мен мұздақтар қар үйетін жерге шығарылуы тиіс. Мұздақ пайда болған жағдайда (тайғақ) ұсақ құм себу жүргізіледі.
      69-5. Аула аумақтары мен ішкі кварталдардан тазартылған қарды автокөліктің қозғалысына және жаяулардың жүруіне кедергі келтірмейтін арнайы орындарға үюге рұқсат беріледі.
      70. Аула ішінде қарды үйген кезде, жылғалардың ағып кету жағын қарастыру керек.
      71. Қысқы кезде ғимарат иелерімен, жалдаушыларымен немесе уәкілетті органдармен уақытында шатырларын қар мен мұзшықтан, сүңгілерден тазарту жұмыстары ұйымдастырылуы қажет.
      72. Жаяу жүргіншілер жағындағы ғимараттың шатырын тазарту жұмыстары жедел түрде, пайда болған кезде, қатерлі учаскені қоршау арқылы, жүргізілуі керек.
      73. Көше жағына қараған шатырлардан қар мен мұздақтарды тазарту жұмыстары жаяужолдарға түсіру, тек күндізгі уақытта жүргізілуі мүмкін. Қарды басқа сырғанау жағынан, сондай-ақ жазық шатырлардан түсіру аула аумақтарына жүргізілуі керек. Қарды түсірер алдында жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шараларын жасау қажет. Шатырлардан түскен қарлар, мұзшықтар мен сүңгілер жедел түрде жол жағына қарай жиналады және одан әрі көшенің жолын тазартушы ұйыммен шығарылуы үшін (шарт бойынша) орналастырылады.
      74. Сарқынды су құбырларының аузына қар, мұз және қоқыстарды тастауға рұқсат етілмейді.

9. Тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету

      75. Заңды және жеке тұлғалар қала аумағының барлық жерінде, соның ішінде жеке меншік үй иелерінің аумақтарында тазалық пен тәртіпті сақтауы және абаттандыру элементтерін зақымдауға, бұзуға жол берілмеуі қажет (жолдарды, жаяужолдарды, гүлзарларды, кіші сәулеттік нысандарды, жарықты, суқашыртқыларды және т.б.).
      75-1. Күрделі және уақытша объектілердің иелері өздеріне бөлініп берілген аумақтарды санитарлық тазарту және жинау жұмыстары бойынша шарттар жасасуы керек немесе оны күнделікті өз беттерімен жүргізулері қажет.
      75-2. Қоқыс жәшіктерге құрылыс қоқыстарын, өндіріс қалдықтарын, қаптарды, ағаш кесінділерін, жапырақтарды, қарды, сұйық тұрмыстық және өнеркәсіптік қалдықтарды тастауға тыйым салынады.
      75-3. Кәсіпорындардың және жеке меншік үй иелерінің ішкі аумақтарын қоса алғанда, қоқыстарды, жапырақтарды, жәшіктерді, өндірістік қалдықтарды жағуға, алау жағуға тыйым салынады.
      75-4. Тоғандарға өндіріс кәсіпорындарының тазартылмаған суларын ағызуға жол берілмейді.
      75-5. Көлік құралдарын тұрғын-жай кварталдары ішінде және жалпы пайдаланылатын жерлерде, су жібергіш құдықтар, тоғандар, адамдардың демалу орындары, тұрғын үй алдында жууға, тазартуға және жөндеуге тыйым салынады.
      75-6. Автокөлік кәсіпорындары мен автоспорт құралдарының иелері жолға көлік құралдарын таза күйінде шығаруға міндетті.
      75-7. Жолдарды ластауға жол бермейтін, брезентпен немесе басқа материалдармен жабусыз топырақтарды, қоқыстарды, төгілмелі құрылыс материалдарын, жеңіл жәшіктерді, жапырақтарды, ағаш үгінділерін тасымалдауға тыйым салынады.
      76.  Көгалдандыру аумақтарында рұқсат етілмейді:
      76-1. Гүлкестелермен жүруге, жасыл желектерді сындыруға, жұлуға және кесуге;
      76-2. Жол тазалау мақсатында тұз және басқа да жасыл желекке зиянды заттарды пайдалануға;
      76-3. Автокөліктермен, мотоцикльдермен, велосипедтермен және басқа да көлік құралдарымен (арнайы көліктерден басқа) жүруге;
      76-4. Гүлкестелер жанында жолаушылар көліктері аялдамаларын жайластыруға;
      76-5. Алауларды (костры) орналастыруға, басқа да өртке қарсы ережелерді бұзуға;
      76-6. Талдарға электр өткізгіш сымдарын бекітуге, әткеншектер бекітуге тыйым салынады және т.б.
      76-7. Белгілетін агрономиялық мерзімнен тыс уақытта және тиісті қызметтердің келісіміне сәйкес кесу ережелерін сақтамай талдардың бұтақтарын кесуге;
      76-8. Талдар мен жасыл желек көшеттерін оларға қызмет көрсетуші ұйымдардың келісімінсіз өз еркімен кесуді жүзеге асыруға;
      76-9. Жеке үйлер мен пәтерлер аумағынан тыс жерлерде өз еркімен қоршаулар жасауға.

10. Ішкі сауда объектілері үшін уақытша
орын-жайларды орнату және күтіп ұстау

      77. Ішкі сауда бөлшектік уақытша сауда нүктелерінің объектілерін (павильондар) орнату қолданыстағы нормаларға және қағидаларға сәйкес жүзеге асырылады.
      78. Сәулеттік және түстері туралы шешім Сәулет және қала құрылысы басқармасымен келісіледі. Ішкі сауда бөлшектік сауда объектілерін жөндеу және бояу жұмыстары олардың иелері есебінен, Сәулет және қала құрылысы басқармасымен келісілген сыртқы түрі мен түсі шешімін сақтауды ескере отырып, орындалуы тиіс.
      79. Ішкі сауда бөлшектік сауда объектілері мен кешендеріне көліктік қызмет көрсету, іргелес жатқан негізгі көшелер мен жаяу жүргіншілер бағыттарындағы, көлік қозғалысы мен жаяужүргіншілердің қауіпсіздігіне кедергі келтірмеуі қажет. Тауар жеткізуді жүзеге асыратын автокөліктің тұрағы, сауда нүктелеріне тауар артуды Қызылорда қаласы Ішкі істер департаменті Жол полициясы басқармасы бекіткен кіреберіс алаңдарынан жүзеге асырылады.
      80. Осы мақсаттарда жаяужолдарды, жүргіншілер жолы мен гүлзарларды пайдалануға рұқсат етілмейді.
      81. Сауда нүктелерінің иелері іргелес жатқан аумақтың (бекітіліп берілуіне сәйкес) көркейю жұмыстарының бұзылмауын қадағалауға міндетті. Іргелес жатқан абаттандыру объектілеріне, жасыл желектерге, гүлзарларға және т.б. зиян келтірген сауда нүктелерінің иелері, абаттандыру объектілерін өз қаражаты есебінен алғашқы қалпына келтіруі қажет.
      82. Шағын ішкі сауда объектілері мен басқа да сауда жасауға арналған уақытша алаңшалар аумақтары қоршалуы керек, нөсерлік және еріген сулардың ағуын қамтамасыз ететін қатты төсемі болуы керек, дүңгіршектермен, қалқалармен, сүрелермен, қоқыс жәшік алаңшаларымен, қоқыс салғыш кіші қоқыс жәшіктерімен, тұрақты қоғамдық немесе жылжымалы әжетханалармен, кешкі жарықпен жабдықталуы қажет. Ішкі сауда объектілері аумақтарына жақын жерлерде Қызылорда қаласы Ішкі істер департаменті Жол полициясы басқармасының келісімімен автокөлік үшін автотұрақтар орналасуы керек.
      83. Ішкі сауда бөлшектік сауда ғимараттарының иелеріне аумақтарын тазарту мен қоқыс шығару үшін, осы қызмет түрлерімен айналысушы ұйымдармен шарт жасауы керек немесе өз күштерімен атқарулары тиіс.
      84. Дүңгіршектердің, павильондардың және басқа да сауда объектілердің арасындағы өртке қарсы үзілген жерлерді сауда материалдарымен, жабдықтармен, жәшіктермен және қалдықтармен бекітіп қоюға, дүңгіршектердің төбесіне жәшіктерді үюге тыйым салынады.
      85. Жалпы пайдаланатын демалыс аймағы - саябақтарды, гүлзарларды, бульварларды, жағажайларды ұстауды Қызылорда қаласы әкімінің қаулысымен аталған объектілер бекітіліп берілген қалалық мекемелер жүзеге асырады.
      86. Жалпы пайдаланатын демалыс аймағын тазалау және ағымдағы күтімі бойынша жұмыстарды келісім шарт негізінде мамандандырылған кәсіпорындар жүргізеді немесе осы жұмыстың түріне арнайы рұқсаты болған кезде уәкілетті органдармен жүргізіледі.
      87. Жалпы пайдаланатын демалыс аймағындағы аумақтың жобасын өзгерту, шағын сәулет үлгілерін және құрылысын, сәулет және абаттандыру бөлшектерінің түсін өзгертуге Қызылорда қаласының Сәулет және қала құрылысы бөлімімен келісіледі.
      88. Жалпы пайдаланатын демалыс аймағының аумағында қоқыс жинайтын урналар бір-бірінен 40 метрден кем емес қашықтықта орнатылады. Аумақтың кіре-берісінде екеуден кем емес урна орнатылуы тиіс.
      89. Саябақтар мен жағажайларда урналардан басқа қоқыс жәшік орнатуға арналған арнайы алаң жабдықталуы тиіс.
      90. Қоқыс жәшіктерді орналастыруға арналған алаңдар демалыс орындарынан 25 метрден кем емес қашықта болу керек.
      91. Саябақтар мен жағажайлардың аумағында нормалар мен қағидалар талаптарына сәйкес келетін қоғамдық дәретханалар орналастырылуы керек.
      92. Жалпы пайдаланатын демалыс аймағының аумағында қолданыстағы нормативтердің талаптарына сәйкес қоғамдық тамақтандыру және Ішкі сауда кәсіпорындарын орналастыруға рұқсат етіледі. Осы объектілердің иелері бөлінген және іргелес аумақтарын жинау және санитарлық тазалауға мамандандырылған кәсіпорындармен келісім шарт жасайды немесе қолданыстағы талаптарға сәйкес өздері жинаулары қажет. Осы объектілерді сырлау және жөндеу жұмыстары иелерінің есебінен жүргізіледі.
      93. Жалпы пайдаланатын демалыс аймағының аумағында:
қоқысты, жапырақтарды өртеуге, от жағуға, көліктерін тазалауға және жууға; көгалда, гүлзарларда, жүргіншілер жүретін жолда объектілерді орналастыруға болмайды.
      94. Мангалды пайдалануға, ашық отта дайындалатын кәуапты және басқа да тағамдарды дайындауға рұқсат етілмейді.

11. Ішкі сауда объектілерді
уақытша ұстауды, сондай-ақ жалпы пайдаланатын
демалыс аймағын ұстауды белгілеу және ұстау

      95. Тұрғын-жай құрылысы аумақтары, қоғамдық аумақтар, көшелер, желекжолдар, саябақтар, демалыс алаңдары шағын сәулеттік нысандармен: демалу орындарымен, көлеңкелейтін қалқалармен, гүлзарлармен, орындықтармен, кіші қоқыс жәшіктерімен, бұрқақтармен, балалар ойнайтын, телефон будкаларымен (қалқалармен), автокөлік күтуге арналған павильондармен жабдықталады.
      96. Шағын сәулет нысандары тұрақты және жылжымалы болуы мүмкін; олардың саны мен орналасуы аумақтарды абаттандыру жобаларымен анықталады.
      97. Қоғамдық құрылыс аумағында, алаңдарға, көшелерге, тынымбақтар мен саябақтарға, жағалауларға арналған шағын сәулет нысандары жеке жобалар бойынша дайындалады.
      98. Жаңа құрылыс салу кезінде құрылыс жүргізіліп жатқан учаске шегінде шағын сәулет нысандарын жобалау, дайындау және орнату жұмыстары тапсырысшымен бекітілген жобалау-смета құжаттарына сәйкес жүзеге асырылады.
      99. Шағын сәулет нысандарының сындарлы шешімдері олардың орнықтылығын, қолдану қауіпсіздігін қамтамасыз етуі қажет.

12. Ақылы автотұрақтарды және гараж кооперативтерін
орнату және абаттандыру

      100. Жеке меншік иелерінің жеңіл автомашиналарының гараждарын, күзетілетін ашық автотұрақтардың, автокөліктің уақытша тұрақтарын (ақылы және ақысыз) орналастыру қолданыстағы экологиялық, санитарлық және қала құрылысы нормаларымен және ережелерімен, белгіленген тәртіпте әзірленген және келісілген жобалау құжаттарына сәйкес орындалады.
      101. Ұйымдар, кәсіпорындар мен мекемелер, сауда мен қоғамдық тамақтану объектілері, демалу орындары мен бұқаралық орындар келушілер үшін ақысыз аялдатулармен жабдықталуы қажет.
      102. Жеке меншік иелерінің гараждары, гараж кооперативтеріне бірігеді (серіктестік). Гараж кооперативтерінің аумағын абаттандыру және оларды күтіп ұстау кооперативтердің қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      103. Жеңіл автокөліктерінің ашық ақылы тұрақтарын тұрғын-жай мен қоғамдық құрылыстарға дейін санитарлық аралықты сақтап орнату қажет. Автотұрақтардың қатты төсемі, қоршауы, күзетуге арналған жайы мен сыртқы жарығы болуы қажет. Автомобильдерді қоятын орындардың үстіне жеңіл құрылымдардан қалқандар салуға жол беріледі.
      104. Иелері өздеріне бекітіліп берілген және автотұрақтарға, гараждарға іргелес жатқан аумақтарда санитарлық тазалық пен өртке қарсы шараларды қалыпты сақтап тұруы қажет.

13. Құрылыс алаңдары мен учаскелерді күтіп ұстау

      105. Бөлінген учаскеде құрылыс қызметі басталғанға дейін (жаңа құрылыс, қайта жаңарту, жөндеу, құрылыстарды бұзу) құрылыс салушы (объектіні жөндеу, қайта жаңарту кезінде меншік иесі), құрылысты ұйымдастыру жобасына, құрылыстың бас жобасына сәйкес құрылыс алаңын, жұмыс учаскелерін жайғастыруды орналастырады;
      105-1. Объектілерді кейіннен кәдеге жарату (бұзу) бойынша жұмыстарын өткізу кезінде, бұзу жөніндегі қажетті техникалық шешімдерге немесе ғимараттарды бұзу жобасына сәйкес жүргізеді.
      105-2. Құрылыс салушы, объектінің иесі құрылыс алаңын (бұзуға жататын учаскеде) абаттандыру үшін мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органынан дайындық жұмыстарын жүргізуге рұқсат алады.
      105-3. Объектілерді бұзуға рұқсат алу үшін, құрылыс салушы мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау органына, берілген учаскенің бөліп берілгендігі туралы шешімін, бұзу немесе бұзу жобасы бойынша техникалық шешімін, құрылыс қоқысын, қалдықтарын, шығару мен кәдеге жарату жөніндегі шешімдерін (келісім-шарттар), бұзуға жататын объектілерден инженерлік желілерді сөндіріп тастау жөніндегі растауын, тиісті мемлекеттік органдармен (сәулет, тұрғын үй, санитарлық-эпидемиологиялық бақылау органдары, қала әкімі аппараты және басқалары келісімі бойынша) келісімін ұсынуы керек.
      106. Құрылыс алаңы (бұзуға жататын учаскеде) келесі міндетті талаптардың орындалуымен, тиісті нормалар мен ережелердің талаптарына сәйкес аббаттандырылуы керек:
      106-1. Құрылыс алаңы барлық периметрі бойынша бөтен тұлғалардың кіруіне жол бермейтін және іргелес жатқан аумақтарға қоқысты шығаруды болдырмайтын қоршаумен қоршалынады;
      106-2. Адамдардың көптеп өтетін жерлерінде қоршауға жаппай қорғау қалқанын орнатуды қамтамасыз ету тиіс;
      106-3. Қоршауды металдан жасалған профильденген беттерден немесе қоршауға арналған темірбетон қабырғаларынан дайындалуы керек;
      106-4. Қоршаудың биіктігі жер бедерінен үш метрден кем болмауы және төменгі бөлімінде саңылаулары болмауы керек;
      106-5. Жеке шыға беріске немесе салынып жатқан құрылысқа шағын қосымша құрылыс салу кезінде, биіктігі екі метр қоршау құрылғысын орналастыру рұқсат етіледі;
      106-6. Шығатын жолдарда ақпараттық қалқандар орнатылады;
      106-7. Жарық бүкіл қоршау периметрі бойынша болуы керек, адамдар көптеп өтетін жерде жарық бүкіл қоршау периметрі бойынша екі жақтан түсуге тиіс;
      106-8. Құрылыс алаңдарына ішкі алаң жолдары мен кіреберіс жолдары бас құрылыс жоспарына сәйкес аббаттандырылған және қатты төсем болуы керек және асфальтталған қаланың өту жолдарына қосылуы қамтамасыз етілуі керек;
      106-9. Шығатын жолдарда көлік құралдарының дөңгелектерін жуу (тазалау) пункттерімен жабдықталады;
      106-10. Құрылыс алаңдарындағы аумақты тазалық пен тәртіпте ұстаудың, аббаттандырылуды және іргелес жатқан құрылысқа теріс ықпал етуді болдырмау, үстірттік және жер асты сулардың бұрылуын ұйымдастыруды жүзеге асыру бойынша іс-шаралар көзделеді;
      106-11. Құрылыс және тұрмыс қоқысын жинау мақсатында қоқыс жәшіктер, жинаушы-бункерлер орнатылып, қоқысты уақытында шығаруды ұйымдастыру қажет; құрылыс алаңына (бұзуға жататын учаскеде) іргелес жатқан аумақ ұқыпты түрде күтіліп, мезгілінде жинастырылуы тиіс;
      106-12. құрылыс алаңынан тыс құрылыс материалдарды, қоқыстарды (синтетикалық қабыршықтар, үгінділер, перделер, жоңқалар, буып-түйетін материалдар және тағыда басқалары) шығаруды болдырмайтын шаралар көзделуі тиіс;
      106-13. Объектілер қабаттарынан жабық лотоктар мен жинаушы-бункерлерді қолданбай қоқыстар мен қалдықтарды тастауға тиым салынады;
      106-14. Ғимараттардың қасбеттерінде жұмыс істеу барысында, арнайы мақсатпен көзделген және сапасы бойынша беріктік және өрт қауіпсіздік талаптарына сәйкес келетін торлардан жасалған тор көзді қоршау болуы керек;
      106-15. торлардан жасалған қоршау осындай мақсаттары үшін жасалған ғимараттың қасбеттер бекіткіштеріне немесе орнатылған мінбесатылардың үстіне жабылады;
      106-16. Қажеттіліктер туындаған кезде, жаяужолдармен, төсемдермен, таяныштармен, айналма және уақытша жолдармен аббатандыру және олардың ұқыпты түрде күтіп ұстау қамтамасыз етіледі;
      106-17. Бұзуға жататын учаскелерде құрылыстарды бұзу тек алаңды дайындау шараларын іске асырғаннан кейін басталады;
      106-18. Құрылысты бұзу жұмыстарын, ғимарат элементтерінің қирауын болдырмау мақсатында, жоғарғы құрылымдардан бастау қажет.
      107. Барлық материалдар мен топырақ тек қоршалған аумақ шеңберінде ғана болады;
      107-1. Шығарылған топырақ (құнарлыдан басқасы), бұзылған қалдықтар мен қоқыс, қатты тұрмыс қалдықтары полигонына шығарылуы тиіс, Қызылорда қаласы бойынша уәкілетті органдардың келісімдері бойынша топырақ басқа учаскелерге шығарылуы мүмкін;
      107-2. Қоршалған аумақтан тыс жерлерде материалдарды, қоқыстарды қоймалауға, көліктің тиелуіне және тұрақтануына, механизмдер мен құрылыс техникаларын орнатуға рұқсат етілмейді.
      108. Мұзды, қарды, құрылыс қоқыстарды уақытында ұйымдастырып шығару үшін құрылыс салушы немесе мердігер мекеме құрылыс алаңын жайластыруға рұқсаттама алған кезде, осы жұмыстар түріне мамандандырылған кәсіпорындармен келісім шартқа отырады.
      109. Құрылыс салушымен құрылыстық және тұрмыстық қоқысты уақытылы шығарылуы қамтамасыз етіледі.
      110. Салушы немесе мердігер арнаулы орында немесе құрылыс алаңдарында құрылыс қалдықтарын басқа қалдық түрлерінен тікелей бөліп алуды ұйымдастыруы тиіс, сондай-ақ қоқыс тастайтын жерлерде және полигондарда құрылыс қоқыстарын басқа қалдықтармен араластыруға жол берілмейді.
      111. Құрылыс (бұзу) аяқталғаннан кейін, құрылыс алаңына іргелес жатқан аумақтың бұзылған аббаттандыруын қалпына келтіру, сондай-ақ уақытша жүру, жолаушылардың өту жолы, уақытша ғимараттар мен материалдарды қоймалау үшін, инженерлік желілерді және тағыда басқа пайдаланған аймақтарды құрылыс салушы қалпына келтіруі керек.

14. Қала аумағындағы жол төсемдерін, жаяужолдарды,
гүлзарларды және басқа да объектілердің қалалық
шаруашылық элементтерінің бұзылуына әкеліп соғуына
байланысты жер жұмыстарын және басқа да жұмыстарды
жүргізудің тәртібі

      112. Жол төсемдерінің, жаяу жолдардың, гүлзарлардың және басқа қала аумақтарында шаруашылық жүргізу элементтерінің бұзылуына әкеліп соғуына байланысты жер жұмыстарын және басқа да жұмыстарды жүргізетін барлық заңды және жеке тұлғалар Қызылорда қаласының уәкілетті органдарының келісімімен жүргізіледі.
      113. Шаруашылығында инженерлік коммуникациялары бар заңды және жеке тұлғалар, қаланың көркін бұзуға әкеліп соғатын инженерлік желілер мен орын-жайлардың техникалық жағдайын әрдайым қарап отыруы қажет, атап айтқанда:
      113-1. Аумақты су басуына және мұздың пайда болуына жол бермеу, берілген және қорғалатын аймақтардың санитарлық тазалығын бақылау, құдықтар мен камералардың жабындылары, нөсерлік кәріздердің торлары қатты төсеммен бір деңгейде болуы және түзу қалыпта ұсталуы, жер асты желілерінің бетіндегі қатты немесе жер топырағының қалпының қайта жабылуы мен қолданылуын бақылауға, жерүсті инженерлік коммуникацияларына, уақытында жөндеу, тазарту және сырлау жұмыстарын жүргізуге.
      113-2. Жер бетінің қатты қабатына күрделі жөндеу немесе жаңғырту жұмыстарын жүргізген кезде инженерлік желілердің құдығының жабындыларын керекті өлшемдерге жеткізу жұмыстары жөндеу жұмыстарын жүргізген мекеме есебінен орындалады.
      113-3. Қала аумақтарынан жер үсті және жер асты суларын әкетуге арналған арықтарды, құбырлар мен сорғытқыларды жинау мен тазарту, нөсерлік кәріздердің коллекторларын, жауынқабылдағыштар құдықтарын тазарту жұмыстары пайдаланушы кәсіпорындармен; аула аумақтарында – пәтер иелері кооперативтерімен; жеке меншік учаскелерде және кәсіпорын аумақтарында - аумақтық иелерімен жасалады.

15. Тұрғын жай кварталдары мен шағын аудандарды
абаттандыру

      114. Шағын аудандар мен кварталдардың тұрғын жай аймақтары: қоқыс жәшіктерін қоятын, кір кептіретін, демалатын, балалардың ойнайтын, спортпен айналысатын, үй жануарларын қыдыртатын, автотұрақ аялдату, жасыл аймақ үшін алаңшалармен жабдықталады.
      115. Алаңшалардың саны, орналасуы мен жабдықталуы құрылыс және санитарлық нормаларға сәйкес болуы тиіс, Сәулет және қала құрылысы бөлімімен мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау басқармаларымен келісілуі керек.
      116. Тұрғын жай кварталдары, шағын аудандар аумақтарында, сондай-ақ аула маңы аумақтарында мына тәртіп сақталуы қажет:
      116-1. Көтермелердің, жаяужолдардың, жүргіншілер жолының, кварталдардаң кіреберістері мен жолдарының төсемдерін қалыпты жағдайда ұстауға;
      116-2. Аулаларға өздігінен түрлі шаруашылық немесе қосалқы құрылыс (гараждар және басқа) салуға жол бермеуге;
      116-3. Өзінің балансындағы (шаруашылық жүргізуші немесе жедел басқару) инженерлік желілерді қалыпты жағдайда ұстауға, құдықтарды уақытында қарап, тазартуға;
      116-4. Шағын сәулет нысандарын, спорттық, ойын, балалар мен шаруашылық алаңшаларының жабдықтарын, қоршауларын қалыпты жағдайда ұстауға, олардың сыртқы түрінің ұқыптылығын сақтауға.
      117. Аулаішілік аумақта:
      117-1. аумақты тазарту немесе апатты жағдайларды жою жұмыстарынан басқа, сағат 23-тен сағат 7-ге дейін, тыныштық пен тәртіпті бұзатын жұмыстарды жүргізуге болмайды.
      117-2. Аулаішілік және квартал аумағындағы жасыл аймаққа, балалар алаңшасына, жүргіншілер жолына қызметтік және жеке меншік автокөлікпен кіруге, қоюға болмайды.
      117-3. Көлік құралдарын қоюға және аялдатуға арнайы бөлінбеген және белгілермен белгіленбеген орындарға қоюға болмайды.

16. Апатты жұмыстарды жүргізу

      118. Пайдалану кезінде немесе жерасты және жерүсті коммуникацияларында құрылыс жұмыстарын жүргізген кезде пайда болатын апаттар, олардың дұрыс жұмыс жасауына немесе азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп тудыруға әкеліп соғатын, су объектілерінің ластануы төтенше жағдай болып табылады және олардың қалыпты жұмысын аз мерзімде орындау талап етіледі.
      119. Апат туындаған жағдайда инженерлік коммуникациялар мен құрылғылардың иесі, пайдаланушы ұйым апатты және оның салдарын жоюдың жедел шараларын жасауға міндетті. Бұл жағдайда мыналар қамтамасыз етілуі тиіс: адамдар мен көлік қозғалысының қауіпсіздігі, сондай-ақ қатар орналасқан жерасты және жерүсті орын-жайларының, инфрақұрылым объектілерінің, жасыл желектердің сақталуы.
      120. Апаттық бригаданы апат орнына жіберумен қатар пайдаланушы ұйым телефонограмма арқылы апаттың сипаты мен орны жайында, осы апат ауданында жерасты және жерүсті құрылғылары бар ұйымдарға, қоғамдық жолаушылар көлігі қызметіне, Жол полициясы басқармасына, Қызылорда қаласының мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылау бөліміне және басқа да уәкілетті органдарға хабарлайды.
      121. Аймағында коммуникациялары бар ұйымдар, телефонограмманы алғаннан кейін апат орнына өздерінің орындалған сызбаларымен бірге уәкілдерін жіберулері керек, олар осы жердегі орналасқан мекемеге қарасты құрылғылар мен коммуникацияларды көрсетуі керек.
      122. Апат маңайында материалдарын немесе басқа бағалы заттарын сақтаушы иелері, апат жұмыстарының басшысының бірінші талабы бойынша учаскені босатуға міндетті.
      123. Егер де апатты жою жұмыстары жолдың толық және жартылай жабылуын қажет еткен жағдайда, Жол полициясы басқармасы жолдың уақытша жабылуы туралы, көліктің айналып жүру бағыты және зақымдалған желілердің иелерімен бірге зақымның жою мерзімін бекіту жөнінде жедел шешім қабылдайды.
      124. Апат жұмыстары жүргізілетін орын қалқандармен немесе белгіленген үлгідегі апаттық жарық құрылғысы және үлкен қызыл түсті шамдары бар қорғандармен қоршалады. Негізгі көшенің жол жағына Жол полициясы басқармасының келісімімен қажетті жол белгілері орнатылады. Жұмыстардың толық аяқталғанына дейін, апатты жою жұмыстарына жауап беруші тұлғалар апатты жарықтандыру, қоршау (қалқан) орнату, жол белгілерінің қойылу жұмыстарына жауапты.
      125. Апаттың салдарын жою және аумақтың абаттандырылуын қалпына келтіру үшін, апат болған күннен бір тәуліктен асырмай, жер жұмыстарын жүргізуге уәкілетті органдардан келісім алуы қажет. Көрсетілген мерзімге дейін жер жұмыстарын жүргізуге келісім жасамаған жағдайда қазу жұмыстары жөн-жосықсыз болып саналады, және де қолданыстағы заңдылықтарға сәйкес кәсіпорын жауапкершілікте болады.
      126. Бұзылған жол төсемдері мен басқа да абаттандыру элементтерін қалпына келтіру жұмыстары осы кәсіпорынмен апатты жұмыстар аяқталғаннан кейін тез арада жасалады.

17. Сыртқы жарық пен бұрқақтарды күтіп ұстау

      127. Уәкілетті орган қызылорда қаласы коммуналдық шаруашылық бөлімі бекіткен кестеге сәйкес көшелердің, жолдардың, алаңдардың, жағалаулардың және басқа жарықтандырылатын объектілердің сыртқы жарығын қосу табиғи жарықтың көлемінің азаюы кезінде кешкі күңгірт кезінде 20 люкске дейін, ал сөнуі - таңғы күңгіртте 10 люкске дейін беріледі.
      128. Алаңдардағы, негізгі көшелер және көшелердегі, аула аумақтарындағы шамдардың жанбауы 5 пайыздан аспауы керек. Металл бағаналары, кронштейндер мен басқа сыртқы жарық құрылғылары мен қыстырма желілерінің элементтері тазалықта ұсталуы қажет, тот баспауы керек және қажеттілігіне қарай екі жылда бір рет пайдаланушы ұйыммен сырлануы (сырдың түсі Сәулет және қала құрылысы бөлімімен келісілуі) керек.
      129. Пайдаланудан шыққан люминисцетті шамдар осы мақсаттарға арналған арнайы жайларда сақталып, одан әрі қайта өңделуі үшін арнайы кәсіпорындарға жеткізілуі қажет. Аталған шамдар түрлерін қалалық полигон аумағына шығаруға тыйым салынады.
      130. Жарық пен электрлі көліктердің байланыс желісінің құлап қалған бағаналарын шығару жұмысы негізгі көшелерде кешіктірілмей баған иесімен жүргізіледі, сондай-ақ басқа аумақтардағы бұзылған бағаналар – тәулік ішінде қалпына келтірілуі керек.
      131. Бұрқақтардың жағдайы мен пайдаланылуына жауапкершілік пайдаланушы ұйымға жүктеледі.
      132. Бұрқақтарды қосу мерзімі, олардың жұмыс тәртібі, табақтарын жуу мен тазарту кестесі, техникалық үзілістері мен жұмысының тоқтатылуы қызылорда қаласы қалалық тұрғын үй коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімімен белгіленеді.
      133. Бұрқақтардың жұмыс істеуі кезінде су бетін қоқыстардан тазарту жұмыстары күнделікті орындалады. Пайдаланушы ұйымдар бұрқақтарды сөндірген кезде де тазалығын сақтауы керек.

18. Қағиданы бұзғаны үшін жеке және заңды тұлғалардың жауапкершілігі

      134. Осы Қағиданы бұзғаны үшін кінәлі жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамалары мен Қазақстан Республикасындағы Әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы кодексіне сәйкес жауапкершілікте болады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады