Банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін факторларға ертерек ден қою шараларын және оларды айқындау әдістемесін қолдану қағидаларын бекіту туралы 

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 73 Қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 12 сәуірде № 7563 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 17 шілдедегі № 142 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 17.07.2015 № 142 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы қаулы етеді:
      1. Қоса беріліп отырған Банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін факторларға ертерек ден қою шараларын және оларды айқындау әдістемесін қолдану қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
        Төрағасы                                     Г. Марченко

Қазақстан Республикасы 
Ұлттық Банкі Басқармасының
2012 жылғы 24 ақпандағы 
№ 73 қаулысымен   
бекітілген     

Банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер
ететін факторларға ертерек ден қою шараларын қолдану қағидалары
және оларды айқындау әдістемесі

      Осы Банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін факторларға ертерек ден қою шараларын қолдану қағидалары және оларды айқындау әдістемесі (бұдан әрі – Қағидалар) "Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы" 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Банктер туралы заң) сәйкес әзірленген және банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін факторларға ертерек ден қою шараларын қолдану тәртібін және оларды айқындау әдістемесін белгілейді.
      Банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін факторларды анықтау кезінде Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын бақылау мен қадағалау комитеті (бұдан әрі – уәкілетті орган) банк холдингіне және (немесе) оның ірі қатысушыларына ертерек ден қою шараларын қолданады.

1. Ертерек ден қою шараларын қолдану тәртібі

      1. Банк конгломератының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету және оның қаржылық жай-күйінің нашарлауына жол бермеу мақсатында уәкілетті орган банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін, Қағидалардың 2-тармағында көзделген факторларды анықтау үшін банк конгломератының қызметіне талдау жасайды.
      Қағидалардың талаптары Қазақстан Республикасының банк холдингі болып табылатын резидент еместеріне, банк холдингінің белгілеріне ие, Банктер туралы заңның 45-бабы 7-тармағының талаптарына сәйкес келетін тұлғаларға қолданылмайды.
      2. Банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін факторлар мыналар болып табылады:
      1) банк конгломератының меншікті капиталы жеткіліктілігі коэффициенттерінің төмендеуі;
      2) банк конгломератының бір қарыз алушысына шаққандағы тәуекелдің ең жоғарғы мөлшері коэффициентінің ұлғаюы;
      3) банк конгломератының қатысушылары болып табылатын қаржы ұйымдарына қатысты ертерек ден қою шараларын қолдану;
      4) банк конгломератының әрбір қатысушысының бухгалтерлік балансының деректері бойынша меншікті капитал мөлшерінің төмендеуі;
      5) банк конгломераты қатысушыларының банк конгломератының қатысушылары (банк конгломераты қатысушыларының басқа қатысушылардың капиталына инвестицияларын қоспағанда) арасындағы топішілік мәмілелер бойынша бір біріне талаптары сомасының ұлғаюы.
      3. Банк конгломератының қаржылық жай-күйіне жасалған талдау нәтижесінде және (немесе) банк холдингін және (немесе) банк конгломератының қатысушыларын тексеру қорытындылары бойынша Қағидалардың 2-тармағында көрсетілген факторлар анықталған кезде уәкілетті орган банк холдингіне және (немесе) оның ірі қатысушыларына банк конгломератының қаржылық орнықтылығын көтеру, оның қаржылық жай-күйінің нашарлауына және банк конгломератының қызметімен байланысты тәуекелдердің ұлғаюына жол бермеу жөніндегі ертерек ден қою шараларын көздейтін іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – іс-шаралар жоспары) ұсыну жөніндегі талапты жібереді.
      4. Банк холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары уәкілетті органның талабын алған күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде мыналардан тұратын іс-шаралар жоспарын әзірлейді және уәкілетті органға ұсынады:
      1) банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін фактордың толық талдауы;
      2) осы фактордың болжамы, осындай болжамның негіздемесі және банк конгломератының қызметіне тигізетін теріс әсері;
      3) осы факторды жақсарту жөніндегі, яғни оны банк конгломератының қызметі үшін қауіп төндірмейтін (қосымша тәуекелдер) деңгейге дейін жеткізу шаралары;
      4) іс-шаралар жоспарын орындау мерзімдері (іс-шаралар жоспарының әрбір тармағы бойынша орындау мерзімін көрсете отырып);
      5) іс-шаралар жоспарын орындауға жауапты лауазымды тұлғалар.
      5. Уәкілетті орган іс-шаралар жоспарын оны банк холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары ұсынған күннен бастап он жұмыс күні ішінде алдын ала қарайды.
      Уәкілетті орган банк холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары ұсынған іс-шаралар жоспарымен келіспеген жағдайда, уәкілетті орган, банк холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары іс-шаралар жоспарын пысықтау мақсатында бірлесіп талқылайды. Бұл ретте банк холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары уәкілетті органның ескертулерін жою үшін жоспарға түзетулер енгізеді немесе, мұндай ескертулермен келіспеген жағдайда, өзінің негіздемелерін ұсынады.
      6. Уәкілетті орган пысықталған іс-шаралар жоспарын ол берілген күннен бастап не уәкілетті органның ескертулерімен келіспеу негіздемелерін алған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мақұлдайды немесе мақұлдамайды.
      Уәкілетті орган іс-шаралар жоспарын мақұлдаған жағдайда банк холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары оны іске асыруға кіріседі және уәкілетті органға оның жоспарда белгіленген мерзімде орындалу нәтижелері туралы есеп береді.
      Іс-шаралар жоспары мақұлданбаған жағдайда уәкілетті орган банк холдингіне және (немесе) оның ірі қатысушыларына мыналар жөніндегі талаптарды ұсыну арқылы төменде аталған ертерек ден қою шараларының біреуін немесе бірнешеуін қолданады:
      1) банк конгломераты қатысушыларының акционерлері (қатысушылары) арасында банк конгломераты қатысушыларының уәкілетті орган белгілеген мерзімге сәйкес жай акциялар бойынша дивидендтер есептеуін және (немесе) төлеуін (таза кірісті бөлуді) тоқтату;
      2) басшы немесе өзге қызметкерлерді қызметінен босату;
      3) банк конгломератының қаржылық орнықтылығын қамтамасыз ету үшін жеткілікті мөлшерде, оның ішінде банк конгломераты қатысушыларының жарғылық капиталын ұлғайту арқылы оның меншікті капиталын ұлғайту;
      4) банк конгломератының активтерін қайта құрылымдау;
      5) әкімшілік шығыстарды қысқарту, оның ішінде қызметкерлерді қосымша жалдауды тоқтату немесе шектеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағындағы, сол сияқты одан тыс жерлердегі еншілес және тәуелді ұйымдардың жарғылық капиталына қатысу үлесін азайту арқылы қысқарту;
      6) банк конгломератын және банк конгломератының қатысушыларын тәуекелге итермелейтін операцияларды (тікелей және жанама) жүзеге асыруды тоқтату.
      7. Банк холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары Қағидалардың 2-тармағында көзделген факторларды өз бетінше анықтаған жағдайда көрсетілген факторлар анықталған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға Қағидалардың 4-тармағында көзделген іс-шаралар жоспарын қоса бере отырып, оның қаржылық жай-күйінің нашарлау жағдайын көрсететін ақпаратты ұсынады.

2. Банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына
әсер ететін факторларды айқындау әдістемесі

      8. Қағидалардың 2-тармағында көзделген, банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін факторларды айқындау мынадай әдістеме бойынша жүзеге асырылады:
      1) меншікті капиталдың жеткіліктілігі коэффициенттерін Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген меншікті капиталдың жеткіліктілігі коэффициенттерінің ең төменгі мәндерінен 0,02-ге (қоса алғанда) дейін асатын деңгейге дейін немесе одан төмен азайту;
      2) банк конгломератының әрбір қатысушысының бухгалтерлік балансының деректері бойынша меншікті капиталды есепті тоқсанда банк конгломератының тиісті қатысушысы жарғылық капиталының мөлшерінен төмен азайту;
      3) банк конгломератының бір қарыз алушысына шаққандағы тәуекелдің ең жоғарғы мөлшерінің коэффициентін есепті тоқсанда банк конгломератының бір қарыз алушысына шаққандағы тәуекелдің ең жоғары мөлшері коэффициентінің Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі белгілеген ең төменгі мәнінен 0,01-ге (қоса алғанда) төмен деңгейге дейін ұлғайту;
      4) банк конгломераты қатысушыларының банк конгломераты қатысушылары арасындағы топішілік мәмілелер бойынша бір біріне талаптарының сомасын (банк конгломераты қатысушыларының басқа қатысушылардың капиталына инвестицияларын қоспағанда) есепті кезеңде банк конгломератының меншікті капиталының 0,15 деңгейіне дейін ұлғайту;
      5) банк конгломератының қатысушылары болып табылатын қаржы ұйымдарына қатысты жүйелі түрде (бірінен кейін бірі келетін алты айдың ішінде үш және одан көп рет) ертерек ден қою шараларын қолдану.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады