Ертерек ден қою шараларын және банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін факторларды айқындау әдістемесін қолдану қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2015 жылғы 17 шілдедегі № 142 қаулысы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 1 қыркүйекте № 11986 болып тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2016 жылғы 29 ақпандағы № 69 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 29.02.2016 № 69 (алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.

      «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Ертерек ден қою шараларын және банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін факторларды айқындау әдістемесін қолдану қағидалары бекітілсін.
      2. «Банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін факторларға ертерек ден қою шараларын және оларды айқындау әдістемесін қолдану қағидаларын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 ақпандағы № 73 қаулысының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7563 тіркелген, 2012 жылғы 11 шілдеде «Егемен Қазақстан» газетінде № 383-388 (27462) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.
      3. Бақылау және қадағалау әдіснамасы департаменті (Н.А. Әбдірахманов) заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) Құқықтық қамтамасыз ету департаментімен (Досмұхамбетов Н.М.) бірлесіп осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
      2) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы қаулы ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің ресми интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.
      4. Халықаралық қатынастар және жұртшылықпен байланыс департаменті (Қазыбаев А.Қ.) осы қаулыны Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде мерзімді баспасөз басылымдарында ресми жариялауға жіберуді қамтамасыз етсін.
      5. Осы қаулының орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Төрағасының орынбасары Қ.Б. Қожахметовке жүктелсін.
      6. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.

      Ұлттық Банк
      Төрағасы                                   Қ. Келімбетов

Қазақстан Республикасының
Ұлттық Банкі Басқармасының
2015 жылғы 17 шілдедегі 
№ 142 қаулысымен бекітілді

Ертерек ден қою шараларын және банк конгломератының қаржылық
жай-күйінің нашарлауына әсер ететін факторларды айқындау
әдістемесін қолдану қағидалары

      1. Осы Ертерек ден қою шараларын және банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін факторларды айқындау әдістемесін қолдану қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» 1995 жылғы 31 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңына (бұдан әрі – Банктер туралы заң) сәйкес әзірленді және ертерек ден қою шараларын және банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін факторларды айқындау әдістемесін қолдану тәртібін белгілейді.
      Банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін факторлар анықталған жағдайда қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу, бақылау және қадағалау жөніндегі уәкілетті орган (бұдан әрі – уәкілетті орган) банк холдингіне және (немесе) оның ірі қатысушыларына ертерек ден қою шараларын қолданады.
      2. Уәкілетті орган банк конгломератының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету, оның қаржылық жай-күйінің нашарлауына жол бермеу мақсатында, Қағидалардың 3-тармағында көзделген, банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін факторларды анықтау үшін банк конгломератының қызметіне талдау жасауды жүзеге асырады.
      Қағидалардың талаптары банк холдингі, банк холдингінің белгілерін иеленген тұлға болып табылатын және Банктер туралы заңның 45-бабының 7-тармағының талаптарына сәйкес келетін Қазақстан Республикасының бейрезиденттеріне қолданылмайды.
      3. Банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін факторлар, мыналар:
      1) банк конгломератының меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерінің төмендеуі;
      2) банк конгломератының бір қарыз алушысына шаққанда тәуекелдің ең жоғары мөлшері коэффициенттерінің ұлғаюы;
      3) банк конгломератына қатысушылар болып табылатын қаржы ұйымдарына қатысты ертерек ден қою шараларының қолданылуы;
      4) банк конгломератына қатысушылардың арасындағы топішілік мәмілелер бойынша (банк конгломератына қатысушылардың басқа қатысушылардың капиталына инвестицияларын, бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын еншілес ұйыммен жасалған мәмілелерді, есепті күні жабылған мәмілелерді қоспағанда) банк конгломератына қатысушылардың банк бірі біріне қойылатын талаптар сомасының ұлғаюы болып табылады.
      4. Банк конгломератының қаржылық жай-күйіне талдау жасаудың нәтижесінде және (немесе) банк холдингін не банк конгломератының қатысушыларын тексеру қорытындылары бойынша Қағидалардың 3-тармағында көрсетілген факторлар анықталған кезде уәкілетті орган банк холдингіне және (немесе) оның ірі қатысушыларына банк конгломератының қаржылық тұрақтылығын арттыру, оның қаржылық жай-күйінің нашарлауына және банк конгломератының қызметімен байланысты тәуекелдердің ұлғаюына жол бермеу бойынша ертерек ден қою шаралары көзделетін іс-шаралар жоспарын (бұдан әрі – іс-шаралар жоспары) ұсыну жөнінде талап жібереді.
      5. Банк холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары уәкілетті органның талабын алған күннен бастап бес жұмыс күнінен аспайтын мерзімде мыналарды:
      1) банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін фактордың жан-жақты талдауын;
      2) осы фактордың болжамын, осы болжамның негіздемесі мен банк конгломератының қызметіне теріс әсерін;
      3) осы факторды жақсарту, яғни банк конгломератының қызметі үшін қауіп төндірмейтін деңгейге дейін (қосымша тәуекелдер) жеткізу жөніндегі шараларды;
      4) іс-шаралар жоспарын орындау мерзімдерін (іс-шаралар жоспарының әрбір тармағы бойынша орындау мерзімдерін көрсете отырып);
      5) іс-шаралар жоспарын орындауға жауапты лауазымды тұлғаларды қамтитын іс-шаралар жоспарын әзірлейді және уәкілетті органға ұсынады.
      6. Уәкілетті орган банк холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары ұсынған іс-шаралар жоспарын қарайды.
      Уәкілетті орган банк холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары ұсынған іс-шаралар жоспарымен келіспеген жағдайда, уәкілетті орган, банк холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары іс-шаралар жоспарын пысықтау мақсатында бірлескен талқылау жүргізеді. Бұл ретте банк холдингі және (немесе) оның ірі қатысушыларды уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде уәкілетті органның ескертулерін жою үшін жоспарды түзетеді немесе осындай ескертулерімен келіспеген жағдайда өздерінің негіздемелерін ұсынады.
      7. Уәкілетті орган банк холдингі және (немесе) ірі қатысушы ұсынған іс-шаралар жоспарын жазбаша түрде мақұлдайды немесе мақұлдамайды.
      Уәкілетті орган ұсынылған іс-шаралар жоспарын мақұлдаған жағдайда, банк холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары оны іске асыруға кіріседі және уәкілетті органға іс-шаралардың орындалуы туралы есепті уәкілетті орган белгілеген мерзімдерде ұсынады.
      Уәкілетті орган іс-шаралар жоспарын мақұлдамаған жағдайда, банк холдингіне және (немесе) оның ірі қатысушыларына төменде көрсетілген ертерек ден қою шараларының бірін немесе бірнешеуін мыналар:
      1) банк конгломератына қатысушылардың өз акционерлерінің (қатысушыларының) арасында жай акциялар бойынша дивидендтерді есептеуін және (немесе) төлеуін (таза кірісті бөлуін) тиісінше уәкілетті орган белгілеген мерзімге тоқтату;
      2) басшы немесе өзге де қызметкерлерін лауазымнан шеттету;
      3) банк конгломератының қаржылық тұрақтылығын қамтамасыз ету үшін жеткілікті мөлшерде, оның ішінде банк конгломератының жарғылық капиталын ұлғайту жолымен оның меншікті капиталын ұлғайту;
      4) банк конгломератының активтерін қайта құрылымдау;
      5) әкімшілік шығыстарды қысқарту, оның ішінде қызметкерлерді қосымша жалдауды тоқтату немесе шектеу, сондай-ақ Қазақстан Республикасының аумағында да, одан тысқары жерлерде де еншілес және тәуелді ұйымдардың жарғылық капиталына қатысу үлесін азайту арқылы қысқарту;
      6) банк холдингін және банк конгломератының қатысушыларын тәуекелге ұшырататын операцияларды (тікелей және жанама) тоқтата тұру бойынша талаптар қою арқылы қолданады.
      8. Қағидалардың 3-тармағында көзделген факторларды өздері анықтаған жағдайда, банк холдингі және (немесе) оның ірі қатысушылары аталған факторларды анықтаған күннен бастап бес жұмыс күні ішінде уәкілетті органға Қағидалардың 5-тармағында көзделген іс-шаралар жоспарын қоса бере отырып, өзінің қаржылық жай-күйінің нашарлағанын көрсететін ақпаратты ұсынады.
      9. Банк конгломератының қаржылық жай-күйінің нашарлауына әсер ететін Қағидалардың 3-тармағында көзделген факторларды айқындау мынадай әдістеме бойынша жүзеге асырылады:
      1) банк конгломератының меншікті капиталының жеткіліктілігі коэффициенттерінің есепті тоқсанда уәкілетті орган белгілеген банк конгломератының меншікті капиталы жеткіліктілігінің ең төменгі мәндерінен 0,02-ге (қоса алғанда) асатын деңгейге дейін немесе одан төмен азайту;
      2) банк конгломератының бір қарыз алушысына шаққандағы тәуекелдің ең жоғары мөлшері коэффициенттерінің есепті тоқсанда уәкілетті орган белгілеген банк конгломератының бір қарыз алушысына шаққандағы тәуекелдің ең жоғары мөлшері коэффициенттерінің ең төменгі мәнінен 0,01-ден (қоса алғанда) төмен деңгейге дейін ұлғайту;
      3) есепті кезеңде банк конгломераты қатысушылары арасындағы топішілік мәмілелер бойынша банк конгломераты қатысушыларының бір біріне қоятын талаптар сомасын (банк конгломераты қатысушыларының басқа қатысушылардың капиталына инвестицияларын, бас банктің күмәнді және үмітсіз активтерін сатып алатын еншілес ұйымымен жасалған мәмілелерді, есепті күні жабылған мәмілелерді қоспағанда) банк конгломератының меншікті капиталының 0,30 деңгейіне дейін ұлғайту;
      4) банк конгломератының қатысушы болып табылатын қаржы ұйымдарына қатысты жүйелі түрде (қатарынан алты ай ішінде үш және одан көп рет) ертерек ден қою шараларын қолдану.
      10. Банк конгломератына қатысушылардың арасындағы топішілік мәмілелер бойынша банк конгломератына қатысушылардың бір-біріне қоятын талаптар сомасын есептеген кезде туынды қаржы құралдары көрсетілген қаржы құралдарының номиналдық құнының Қазақстан Республикасы Қаржы нарығын және қаржы ұйымдарын реттеу мен қадағалау агенттігі Басқармасының Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 3924 тіркелген, 2005 жылғы 30 қыркүйектегі № 358 «Екiншi деңгейдегi банктер үшiн пруденциалдық нормативтер есеп айырысуларының нормативтiк мәнi мен әдiстемесi туралы нұсқаулықты бекіту туралы» қаулысымен бекітілген Екiншi деңгейдегi банктер үшiн пруденциалдық нормативтер бойынша есеп айырысудың нормативтiк мәнi мен әдiстемесi туралы нұсқаулыққа 3-қосымшада көрсетілген және аталған қаржы құралдарының өтеу мерзімімен анықталатын кредиттік тәуекел коэффициентіне көбейтіндісі ретінде есепке алынады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады