Қоғамдық бақылау комиссияларының ішкі істер органдарының арнаулы мекемелеріне бару қағидасын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2012 жылғы 22 мамырдағы № 312 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2012 жылы 18 маусымда № 7743 тіркелді.

      "Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау тәртібі мен шарттары туралы" 1999 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 51-бабы 1-тармағының 1-тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 05.05.2020 № 374 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Қоғамдық бақылау комиссияларының ішкі істер органдарының арнаулы мекемелеріне бару қағидасы бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитеті (И.В. Лепеха) осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны ресми жариялауды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары полиция полковнигі Қ.С. Тыныбековке және Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Әкімшілік полиция комитетіне (И.В. Лепеха) жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр
полиция генерал-лейтенанты

  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2012 жылғы 22 мамырдағы
№ 312 бұйрығымен
бекітілген

Қоғамдық бақылау комиссияларының ішкі істер органдарының арнаулы мекемелеріне бару қағидасы

1-тарау. Жалпы ережелер

      Ескерту. 1-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 05.05.2020 № 374 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Қоғамдық бақылау комиссияларының ішкі істер органдарының арнаулы мекемелеріне бару қағидасы (бұдан әрі - Қағида) "Адамдарды қоғамнан уақытша оқшаулауды қамтамасыз ететін арнаулы мекемелерде, арнаулы үй-жайларда ұстау тәртібі мен шарттары туралы" 1999 жылғы 30 наурыздағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленді және қоғамдық бақылау комиссиялары мүшелерінің ішкі істер органдарының (бұдан әрі - ІІО) уақытша ұстау изоляторына, қабылдау-тарату орнына және әкімшілік қамауға алынған адамдарды ұстайтын арнайы қабылдау орнына бару тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 05.05.2020 № 374 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қоғамдық бақылау комиссиялары (бұдан әрі - ҚБК) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 8-тарауына сәйкес құрылады.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ішкі істер министрінің 01.09.2023 № 673 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2-тарау. ҚБК арнаулы мекемелерге бару тәртібі

      Ескерту. 2-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің 05.05.2020 № 374 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Арнаулы мекемелерге ҚБК баруы мынадай тәртіппен жүзеге асырылады:

      1) ҚБК арнаулы мекемелер қарамағына жататын Полиция департаментіне (бұдан әрі - ПД) дербес құрамы бекітілген және төрағасы сайланған ҚБК отырысының хаттамалық шешімін (бұдан әрі - Хаттама) жолдайды;

      2) Хаттаманы алғаннан кейін ПД бастығы ІІО немесе арнаулы мекемелердің бастықтарына ҚБК кемінде екі мүшесінің құрамында осы Қағидаларда айқындалатын тәртіпте арнайы мекемелерге кедергісіз баруға құқық беретін Хаттаманың көшірмесін жолдайды;

      3) арнаулы мекемеге барған кезде ҚБК мүшелері жеке басын куәландыратын құжаттарды көрсетеді, осы Қағидаға 1-қосымшаға сәйкес нысан бойынша ҚБК келуін есепке алу журналына тіркеле отырып, берілген тізімге сәйкес салыстыра тексеруден өтеді. Содан кейін ІІО-ның жедел кезекшісі немесе арнаулы мекеменің кезекшісі тез арада бастыққа немесе оны ауыстыратын адамға баяндайды;

      4) арнаулы мекемелерге баратын адамдар төменде көрсетілген тыйым салынған заттарды өткізгені үшін жауапкершілік туралы ескертіледі:

      қару, шаншып-кесетін заттар, жарылғыш, улы, уландыратын, бактериологиялық, биологиялық, химиялық, есірткі және психотроптық заттар;

      бейне-, кино- және фотоаппаратура, жазатын құрылғы, көзбен бақылау құралдары, есептеуіш техникасы, радиотехникалық және қосалқы мақсаттағы басқа да аппаратура;

      ұялы байланыс құралдары мен Sim-карталар;

      5) ҚБК мүшелерінің арнаулы мекемеге баруы олардың жұмысы мен қауіпсіздігін қамтамасыз ететін ІІО лауазымды адамдарының ілесіп жүруі арқылы жүзеге асырылады;

      6) арнаулы мекеме қызметкерлерінің көруіне және естуіне мүмкіндік беретін жағдайларда ҚБК мүшелері арнаулы мекемелерде ұсталатын адамдардың келісімі болған кезде олармен әңгімелесе алады, сондай-ақ олардың құқықтары мен заңды мүдделерін қамтамасыз ету мәселелері бойынша өтініштер мен шағымдар қабылдай алады, арнаулы мекеме әкімшілігіне немесе прокуратура органдарына өтініштермен жүгіне алады;

      7) егер ол Қазақстан Республикасының қылмыстық іс жүргізу және әкімшілік заңнамасы мен жедел–іздестіру қызметіне қайшы келмесе және осы мекемелердің ішкі тәртіп ережелерін бұзбаса, аудио-, бейнетехника құралдарын пайдалана отырып, ҚБК мүшелері кино-, фото- және бейнетүсірілімді, оның ішінде сұхбат алуды:

      арнайы қабылдау орындарында және қабылдап-тарату орындарында ұсталатын адамдардан – ІІБ басшылығының рұқсатымен және адамның өзінің жазбаша келісімімен;

      қылмыс жасауда күдікті және айыпталушы адамдардан – ІІО басшылығының немесе қылмыстық іс өндірісін жүргізетін органның және адамның өзінің жазбаша келісімімен жүзеге асыра алады;

      8) өз өкілеттіктерін орындау кезінде ҚБК мүшелері арнаулы мекемелердің қызметін реттейтін нормативтік құқықтық актілердің ережелерін сақтай отырып, арнаулы мекемелер қызметкерлерінің заңды талаптарына бағынуға тиіс, оларға арнаулы мекемелердің қызметіне, сондай-ақ жедел-іздестіру, қылмыстық іс жүргізу қызметіне және әкімшілік құқық бұзушылықтар туралы істердің өндірісіне араласуға рұқсат етілмейді;

      9) арнаулы мекемелерге бару түскі үзіліс (сағат 13.00-ден 14.30-ға дейін) уақытын қоспағанда, тек жұмыс күндері сағат 9.00-ден 17.00-ге дейін жүзеге асырылады.

      Ерекше жағдайлар режимі енгізілген кезде ҚБК мүшелерінің арнаулы мекемелерге баруына рұқсат етілмейді.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді – ҚР Ішкі істер министрінің 05.05.2020 № 374 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

  Қоғамдық бақылау
комиссияларының ішкі істер
органдарының арнаулы
мекемелеріне бару
қағидасына 1-қосымша

ҚБК келуін есепке алу журналы

№ р/с

Келушінің Т.А.Ә.

Жеке куәліктің нөмірі

Келуші қайда барады

Келушінің келген уақыты

Ілесіп жүрген қызметкердің Т.А.Ә.

Кеткен уақыты









Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады