РҚАО ескертпесі.
Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
"Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңының 21-бабының 4) тармақшасына, "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 05 шілдедегі Кодексінің 505-бабына және "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 2-2-тармағына сәйкес Ақтөбе облыстық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:
Ескерту. Кіріспеге өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
1. Осы шешімге қоса беріліп отырған Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру Қағидасы бекітілсін.
2. Осы шешім алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Облыстық мәслихаттың сессия төрағасы | Қ.ТОҚТАРОВ |
Облыстық мәслихаттың хатшысы | С.ҚАЛДЫҒҰЛОВА |
"КЕЛІСІЛДІ" | |
"Қазақстан Республикасы Құрылыс | |
және тұрғын үй-коммуналдық | |
шаруашылық істері агенттігінің | |
Ақтөбе облысы бойынша мемлекеттік | |
сәулет-құрылыс бақылау және | |
лицензиялау департаменті" | |
Мемлекеттік мекемесінің директоры | Б.ПІРІМБЕТОВ |
| 2012 жылғы 21 қарашадағы № 71 облыстық мәслихаттың шешімімен бекітілген |
Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру
Қағидасы
1. Жалпы ережелер
1. Осы Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру Қағидасы (бұдан әрі - Қағида), "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы Кодексіне, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін - өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына, "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңына және Қазақстан Республикасының басқа да нормативтік құқықтық актілеріне сәйкес әзірленді.Қағида жеке және заңды тұлғалардың Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендерінің аумақтарын абаттандыру саласындағы қарым-қатынасын реттейді және олардың жауапкершілігін белгілейді және меншік нысанына қарамастан барлық жеке және заңды тұлғаларға қолданылады.
2. Осы Қағидада қолданылатын негізгі түсініктер мен анықтаулар:
1) абаттандыру - Ақтөбе облысының қалалары мен елді мекендер аумағында тұрғындардың өмірі мен бос уақытына игі, салауатты және мәдени жағдай жасауға бағытталған жұмыстар мен іс-шаралар кешені, оған шағын сәулет нысандарын абаттандыру нысандарын салу мен жөндеу, аумақты тиісті санитарлық жағдайда ұстау, жарықтандыру, жасыл желектендіру, сыртқы жарнама, қалалар мен елді мекендердің сыртқы келбетін қалыптастыру жөніндегі жұмыстар жатады;
2) аумақтарды тазарту – мақсаты тұрғындардың тіршілігінің нәтижесінде пайда болған қалдықтарды (қоқыстарды) жинау, жою және залалсыздандыру болып табылатын іс-шаралар кешені;
3) бекітілген аумақ - осы Қағидамен айқындалған шекарада тазарту және күтіп ұстау жұмыстарын жүргізу үшін бекітіліп берілген жер телімі.
Қалалар мен елді мекендер аумағында бекітіліп берілген нысандар болып мыналар табылады:
бөлінген телімдер шекарасынан бастап өтпе жол жиегімен шектелген көше жақтағы аумақ;
орамішілік аумақтарының телімдері;
аулаішілік аумақтар - шағын сәулет нысандарын, балалар, кір жаю, қоқыс қораптары алаңдарын, автокөлік аялдамаларын, сәндік құрылғылар орнату, үйге кіретін жолдар, аулаға енетін жолдар үшін пайдаланылатын (бір аулада бірнеше жер пайдаланушылар болған жағдайда бекітілген аумақтың шекарасы пайдаланылатын аумақ шекарасы бойынша үйлесімді түрде немесе тараптардың келісімдері бойынша анықталады) жерлер;
сақтау, жинақтау және басқа да мақсаттар үшін уақытша пайдаланылатын аумақ;
іргелес жатқан аумақ;
жер үсті жылу желілерінің қорғалатын аумақтары.
4) бөлінген аумақ - жерді пайдаланушының (заңды немесе жеке тұлғаға) иелігіне немесе Қазақстан Республикасының заңнамаларда көзделген құқықта, уәкілетті органдардың құқықтық шешімдеріне сәйкес өзіне қарасты нысандарды орналастыру үшін пайдалануға берілген жер телімі;
5) ғимарат - табиғи немесе жасанды кеңiстiк шекаралары бар және өндiрiстiк үдерістерді орындауға, материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға немесе адамдарды, жүктерді уақытша орналастыруға (орын ауыстыруға), сондай-ақ жабдықтарды немесе коммуникацияларды орналастыруға (төсеуге, жүргізуге) арналған жасанды жасалған ауқымды, тегiстiктi немесе желiлiк объект (жер үсті, су беті және (немесе) жер асты, су асты). Ғимарат сондай-ақ көркемдік-эстетикалық, сәндік-қолданбалы не мемориалдық мақсатта да болуы мүмкiн;
6) жалпы пайдаланудағы жерлер - жеке меншікке берілмейтін жерлер (скверлер, саябақтар, жолдар, тротуарлар және т.б.);
7) жалпы пайдаланудағы орындары - демалыс аймақтары (саябақтар, жағажайлар, скверлер), алаңдар, көлік аялдамалары және т.б.;
8) жөн-жосықсыз төгілген қоқыс үйінділері - заңды және жеке тұлғалар қызметінің процесінде пайда болған қатты тұрмыстық қалдықты, ірі көлемді қалдықты, өндіріс және құрылыс қалдықтарын, басқа қоқыстар, қар, мұздарды өз еркімен (жөн-жосықсыз) шығару (орналастыру) немесе жинау;
9) көлік жүретін бөлік, өтетін жер - тұрғын үйлер мен қоғамдық үйлерге, мекемелерге, кәсіпорындарға және шағын аудандар мен орамдар ішіндегі басқа да құрылыс нысандарына көлік құралдарының кіруін қамтамасыз етуші жол бөлігі;
10) көлік жүретін бөлікті күтіп ұстау - автомобиль жолдарын пайдалану қағидасына жауап беретін, оның нәтижесінде жолдар мен жол құрылғыларының көлік - пайдаланудың жай-күйі сақталатын жұмыстар кешені;
11) көше (көшенің көлік жүретін бөлiгi) – елді мекендер шекарасының шегiндегi автомобиль жолы;
12) қатты тұрмыстық қалдықтарды, ірі көлемді қалдықтарды шығару шарты - тапсырыс беруші мен орындаушы арасында қатты тұрмыстық қалдықтарды, ірі көлемді қалдықтарды шығару жөнінде жасалынған заңды күші бар жазбаша келісім;
13) қоқыс жәшігі - қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған стандартты ыдыс;
14) қатты тұрмыстық қалдықтарды, ірі көлемді қалдықтарды жинау және шығару - қатты тұрмыстық қалдықтар жәшіктерін арнайы автокөліктерге тиеу, қоқыс қораптарының, алаңдарын және оларға баратын жолдарды шашылған қоқыстан тазарту және оларды қоқыс жинау орнынан жою орнына тасымалдау;
15) өндірістік және тұтыну қалдықтары (бұдан әрі - қалдықтар) - өндіру немесе тұтыну кезінде пайда болған шикізат, материалдар, жартылай өңделген өнімдердің, басқа да бұйымдар мен тағамдардың қалдықтары, сондай-ақ өздерінің тұтыну қасиеттерін жоғалтқан тауарлар (өнімдер);
16) тротуарлар - жаяу жүргіншілердің жүруіне арналған, жолға іргелес жатқан немесе одан көгалмен бөлініп жатқан көлік жүретін жолдың бөлігі;
17) үй - адамдардың тұруына немесе iшiнде болуына, өндiрiстiк үдерістерді орындауға, сондай-ақ материалдық құндылықтарды орналастыруға және сақтауға пайдаланылатын функционалдық мақсатына қарай, мiндеттi түрде жер бетіне салынып, тұйық көлемді құрайтын, тіреу және қоршау конструкцияларынан тұратын жасанды құрылғы. Yйдiң жер асты бөлiгi болуы мүмкiн;
18) шағын сәулеттік нысандар - көлемі жағынан шағын, әсемдік әрі іске жарамды сипаттағы нысандар:
сәндік құрылыстар - мүсіндер, су бұрқақтар, стеллалар, ойма бедерлер, гүл құмыралары, ту салғыштар және басқалар;
іске жарамды құрылыстар - күркелер, павильондар, дүңгіршектер, сауда арбалары, аттракциондар, орындықтар, қоршаулар, дарбазалар, қоқыс қораптары, үй нөмірлері жазылған тақтайшалар, бағаналар, көше шамдары.
19) ірі көлемді қалдық - өзінің тұтыну қасиеттерін жоғалтқан, тұтыну және шаруашылық қызметінің қалдықтары (тұрмыстық техника, жиһаз және т.б.);
20) іргелес жатқан аумақ - жеке меншіктегі, иеліктегі, жалға алып пайдаланудағы ғимараттар, үйлер, қоршаулар, құрылыс алаңдары, сауда, жарнама және пайдалануындағы басқа да нысандар шекараларына жанасып жатқан, санитарлық нормалармен анықталған аумақ.
Ескерту. 2 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
2. Қалалар мен елді мекендер аумағын тазарту тәртібі
3. Жер телімдерін пайдаланушылар арасындағы аумақтарды тазарту шекарасын анықтау осы Қағида негізінде заңды және жеке тұлғаларға бекітіліп берілген аумақтарға сәйкес жүзеге асырылады.Көше-жол желілері, алаңдар, қоғамдық орындар (жалпы пайдаланудағы демалыс аймақтары, саябақтар, скверлер) бойынша - мемлекеттік тапсырыс көлемінде уәкілетті органмен жүргізіледі.
4. Тазарту жұмыстары осы Қағиданың талаптарына сәйкес жүргізіледі.
5. Жалпы пайдаланудағы орындарды тазарту мен күтіп ұстауға мына жұмыс түрлері жатады:
1) ұсақ және тұрмыстық қоқыстар мен қалдықтарды жинау мен шығару;
2) ірі көлемді қоқыстар мен қалдықтарды жинау және шығару;
3) сыпыру;
4) қоршаулар мен шағын сәулет нысандарын жуу, жөндеу және сырлау.
2.1. Көшенің көлік жүретін бөлігін тазарту
6. Көшенің көлік жүретін бөлігін, оның барлық ені бойынша, алаңдарды, жолдарды және елді мекендер жол желілерінің өтетін жерлерін, көлік қою қалталарын, автобустар мен троллейбустардың соңғы маршруттарындағы аялдау-бұрылу алаңдарын, сондай-ақ жағалауларды, көпірлерді, жол өткізгілерді тазарту және күтіп ұстау жұмыстарын осы жұмыстарды жүргізуге мемлекеттік тапсырыстың келісім шарты негізінде заңды және (немесе) жеке тұлғалар жүргізеді.Ескерту. 6 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
7. Жолдың көлік жүретін бөлігі қандай да болмасын ластанудан, ал жол жиектері ірі көлемді қалдықтан және басқа да қалдықтардан толық тазартылады.
2.2. Тротуарларды тазарту
8. Көшелер мен өтетін жерлерге іргелес жатқан немесе көлік жүретін бөліктен көгалдармен бөлінген және тұрғын үйлердің кіре берісінен, аула аумақтарынан, мекемелерден, кәсіпорындардан, сауда және қызмет көрсету нысандарынан тікелей шығатын жерлері жоқ тротуарларды, сондай-ақ жағалаудағы қоршауларға іргелес жатқан тротуарларды тазалауды көлік жүретін бөлікті тазартатын заңды және (немесе) жеке тұлғалармен жүргізеді.Ескерту. 8 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
9. Көпірлерде, жол өткізгілерде орналасқан тротуарларды, сондай-ақ инженерлік ғимараттар мен баспалдаққа шығатын жерлерге жалғасқан техникалық тротуарларды (баратын жолдарды) тазарту осы инженерлік ғимараттардың иелері болып табылатын заңды және (немесе) жеке тұлғалармен жүргізіледі.
Ескерту. 9 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
10. Көшелер мен өтетін жердің бойында орналасқан басқа тротуарлар бойынша тазарту жұмыстары көлік жүретін бөлікті күтіп ұстауға жауапты заңды және (немесе) жеке тұлғалармен жүргізіледі.
Ескерту. 10 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
11. Тротуарлар толығымен топырақ-құм шайындыларынан, әртүрлі қоқыстан тазартылады.
2.3. Аялдама және отырғызу алаңдарын тазарту
12. Жолаушылар көлігінің аялдама және отырғызу алаңдарын тазалауды көлік жүретін бөлікті тазартушы заңды және (немесе) жеке тұлғалар жүргізеді. Отырғызу алаңдары топырақ-құм шайындыларынан, әртүрлі қоқыстан тазартылады.Ескерту. 12 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
13. Жолаушылар павильондары мен оларға іргелес жатқан қоғамдық жолаушылар тасымалдау көлігі аялдамаларындағы жалға берілген нысандар мен аумақтарды тазарту және жуу олардың иелерімен жүргізіледі.
2.4. Қалалар мен елді мекендердің басқа аумақтарын тазарту
14. Санитарлық нормаларға сәйкес іргелес жатқан аумақтарды, оларға көшелерден кіретін жолдарды тазалау және күтіп ұстауды бөлінген аумақта орналасқан меншігінде және пайдалануында құрылыстары бар тұлғалар өз күштерімен немесе шарт бойынша заңды және (немесе) жеке тұлғалармен жүргізеді.Ескерту. 14 тармақ жаңа редакцияда – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
15. Тротуарларда орналасқан сыртқы жарықтандыру және байланыс желісі бағаналары мен діңгектері аумағын тазарту жұмыстарын тротуарларды тазалауға жауапты заңды және (немесе) жеке тұлғалар жүргізеді.
Ескерту. 15 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
16. Трансформаторларға немесе тоқ бөлгіш қосымша станцияларға, автоматты түрде жұмыс істейтін басқа инженерлік ғимараттарға (қызмет көрсетушілері жоқ), сондай-ақ тоқ беру желілерінің бағаналарына іргелес жатқан аумақты тазарту жұмыстарын осы нысандардың иелері жүргізеді. Жер үсті құбырларының астындағы қорғалатын аумақтарды тазарту мен күтіп ұстау жұмыстары осы желілердің иелерімен жүргізіледі.
17. Уақытша көше саудасы орындарын, сауда нысандарына (базарлар, сауда павильондары, тез құрылатын сауда кешендері, шатырлар, дүңгіршіктер және т.б.) іргелес жатқан аумақты көшенің жүру бөлігіне дейін тазалауды сауда нысанының иелері жүргізеді. Іргелес жатқан көгалдардың үстіне, сауда шатырларының, дүңгіршектердің, басқа да сауда нысандарының төбесіне ыдыстарды жинауға жол берілмейді.
18. Ақылы автотұрақтардың, гараждардың аумақтарын тазарту осы нысандарды пайдаланушы олардың иелері мен ұйымдар жүргізеді.
19. Құрылыстарды бұзғаннан кейінгі аумақты тазарту мен күтіп ұстауды осы аумақ бөлініп берілген жер пайдаланушылар немесе тапсырыс беруші, немесе шарт бойынша құрылыстарды бұзу жұмыстарын орындаушы заңды және (немесе) жеке тұлғалар жүргізеді.
Ескерту. 19 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
20. Пайдаланылмаған және бөлінбеген аумақтарды, сондай-ақ заңды және жеке тұлғаларға бекітіліп берілмеген және үйлерге, ғимараттарға және басқа да нысандарға іргелес жатқан аумақтарды тазалау және күтіп ұстау бөлінген қаржы шегінде жергілікті бюджет есебінен жүргізіледі.
21. Суды ағызып жіберуден (шұңқырлардан су сору, инженерлік желілердегі апат жағдайлары) және жер тасындыларынан туындаған су басу пайда болған кезде ластанған аумақтарды тазарту бұзушылыққа жол берген ұйымдармен жүзеге асырылады.
22. Жол-жөндеу жұмыстарын жүргізген кездегі асфальт сынықтарын шығару осы жұмыстарды жүргізуші ұйымдармен: елді мекеннің басты көшелерінде - шұғыл, қалған көшелер мен аулалардан - бір тәулік мерзімде жүргізіледі.
23. Суағар желісінің бітелуін болдырмау үшін суағар коллекторларына сыпырынды мен тұрмыстық қоқыстарды тастауға жол берілмейді.
2.5. Күзгі-қысқы мезгілде қалалар мен елді мекендер аумағын тазартудың ерекшеліктері
24. Күзгі-қысқы мезгілдегі тазалық мерзімі қазан-сәуір бойы белгіленеді.25. Жолдарды қыста тазартуға мыналар жатады:
жол жабынын тығыздалмаған, жаңа жауған қардан, тапалған қар-мұз бен мұздан тазарту;
көліктер мен жүргіншілердің қозғалысына арналған алаңдардан жол жамылғыларын тазалау кезінде жиналған қардан және сынықтардан тазарту (орын ауыстыру);
көлік доңғалақтарының жол жамылғыларымен ілінісуінің коэффициентін шұғыл төмендететін құм тұз қоспасын пайдалана отырып жолдың көктайғақ қабыршақтарын жою;
Қарды жинау мен сыпыру жол бетіндегі қардың қалыңдығы 4-5 сантиметрден аспай тұрған аралықта жүргізіледі. Қарды қар жауғаннан кейінгі 4 сағаттан кешіктірмей жинау қажет, қайтара жинау сол аралықта, ал қар толастамай жауғанда аяғына таман жиналады.
қарды шығару мына мерзімдерде жүргізіледі:
маңызды магистральдарында қар жамылғысы кемінде 6 сантиметр түскен кезде – екі тәуліктен, ал басқа жолдарда - төрт тәуліктен кешіктірмей;
ал қар 6 сантиметрден аса түскенде – сәйкесінше 4 немесе 7 тәуліктен кейін.
26. Саябақтардағы, скверлердегі, бульварлардағы және басқа көгалды аймақтардағы жолдарды тазарту кезінде, жасыл желектердің сақталуы мен еріген сулардың ағуын қамтамасыз еткен жағдайда, құрамында химиялық қоспалары жоқ қарларды осы мақсаттарға бұрын дайындалған алаңдарда үюге рұқсат етіледі.
27. Қысқы мезгілде жолдар, саябақ орындықтары, қоқыс қораптары және басқа да элементтер мен шағын сәулет формалары, сондай-ақ олардың араларындағы және жанындағы жерлер, оларға баратын жолдар қар мен мұздақтардан тазартылуы керек.
28. Жолдың тротуарлармен жүру бөлігінде көшелердегі инженерлік желілерде болған апаттан пайда болған мұздақтар осы желілердің иелері болып табылатын заңды және (немесе) жеке тұлғалармен бөлшектенеді және тазартылады. Бөлшектенген мұздақтар белгіленген орындарға шығарылады.
Ескерту. 28 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
29. Көшелер мен өтетін жердегі қарды шығару жұмыстары арнайы дайындалған және бекітілген жерлерге жүргізіледі. Қар ерігеннен кейін бұл аумақтағы қоқыс, қар үюге жауапты заңды және (немесе) жеке тұлғалармен тазартылады.
Ескерту. 29 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
30. Тротуарлар мен көпірге шығатын баспалдақтарды жаңа жауған қар мен тапалған қардан (қар-мұздақтарының пайда болуы) асфальт-бетон жамылғысының барлық ені тазартылады, қар тоқтаусыз жауған кезде көктайғаққа қарсы материалдармен өңделеді.
31. Аула аумақтары мен өтетін жер қар мен мұздақтан мүмкіндігінше асфальтқа дейін тазартылуы тиіс. Мұздың (көктайғақ) пайда болған жағдайда ұсақ құммен өңдеу жүргізіледі. Көктайғаққа қарсы күресу үшін ас тұзын пайдалануға жол берілмейді.
32. Аула аумақтары мен орамішілік өтетін жерлерден тазартылған қарды автокөліктің еркін өтуіне және жаяу жүргіншілердің қозғалысына кедергі келтірмейтін орындарға үюге рұқсат беріледі.
33. Аулаішілік қарды жинаған кезде, судың жылғалармен ағып кетуі алдын-ала қарастырылады.
34. Қысқы мезгілінде үй иелері және жалға алушылар шатырларын қардан, мұздан және сүңгілерден уақытында тазарту жұмыстарын ұйымдастыруы қажет. Бұл жұмыстар кезінде жүргіншілер жолдары аймағы қоршауға алынады. Үйлердің төбесін қардан тазарту, көше жаққа бағытталған шатырлардан қар мен мұздақтарды тротуарларға лақтыру тек күндізгі уақытта жүргізілуі қажет. Шатырдың басқа бағыттарынан, жазық шатырлардан қар түсіру, аулаішілік аумақта жүргізіледі. Қарды түсіру алдында жаяу жүргіншілердің қауіпсіздігін қамтамасыз ету шаралары жасалады. Үйлердің шатырларынан түскен қарлар, мұздар және сүңгілер жедел түрде жол жиегіне қарай жиналады және одан әрі көшені тазартушы заңды және (немесе) жеке тұлғалармен алып кетуі үшін дайындалады.
Ескерту. 34 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
35. Суағар құбырлардың аузына қар, мұз және қоқыстарды тастауға жол берілмейді.
2.6. Көктемгі-жазғы кезеңде қалалар мен елді мекендер аумақтарын тазартудың ерекшеліктері
36. Көктемгі-жазғы тазалық кезеңі сәуір - қазан бойы белгіленеді.Көктемгі-жазғы тазарту көшелердің, тротуарлардың, алаңдардың көлік жүретін бөліктерін жууды, оларға су шашуды және сыпыруды көздейді.
37. Жол жамылғыларын, осьтік және қосалқы жолақтарды, көшелер мен өтетін жерлерді сыпыру көліктің интенсивті қозғалысы бар магистралдар мен көшелерде түнгі мезгілде, қалған көшелерде күндізгі мезгілде жол жамылғысын алдын-ала сулау арқылы жүргізіледі.
38. Тазарту жүргізген кезде көлік жүретін бөлік, тротуарлары, жол жиектері қандай да болмасын ластан, ұсақ қоқыстан, топырақтан және ірі қоқыстан толығымен тазартылуы тиіс.
39. Аула аумағын, аулаішілік өтетін жерлер мен тротуарларды ұсақ тұрмыстық қалдықтардан, шаңнан сыпыру және оларды жуу жеке меншік пәтер иелері кооперативтерімен (бұдан әрі -ПИК), үй комитеттерімен жүзеге асырылады.
3. Тазалық пен тәртіпті қамтамасыз ету
40. Заңды және жеке тұлғалар санитарлық нормаларға сәйкес іргелес жатқан аумақтағы, тротуарлардағы, жаяу жүргіншілер жолдарындағы, көгалдардағы, кюветтердегі тазалық пен тәртіпті қамтамасыз етеді және қолдау көрсетіп отырады, қоқысты осы үшін бөлінген орындарға жинау жөніндегі жұмыстардың жүргізілуіне қарай шығарады.Ескерту. 40 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
41. Аумақтық комитеттер, ПИК төрағалары, кондоминиум басқарушылары мен үйлер мен ғимараттар иелері орамішілік және аула аумақтарын, көшенің көлік жүретін бөлігін, тротуарларды, жүргінші жолдарын, балалар алаңдарын және шағын сәулет нысандарын тазалауды ұйымдастырады. Өрт гидранттарының люктерінің үстінде автокөлік тұрғына, аулаішілік және орамішілік өтетін жерлер мен жолдарды өрт сөндіретін автомобильдер мен арнайы техникалардың өтуіне кедергі келтіретін бетон блоктармен, қазықтармен және басқа да кедергі келтіретін құралдармен үйіп тастауға жол берілмейді.
42. Жеке меншік тұрғын аудандарда және саябақ ұжымдарында тұратын азаматтар іргелес жатқан аумақты тазалауды өз беттерінше ұйымдастырады.
Жалпы пайдаланудағы жерлерде меншік аумағы шегінен тыс тұрмыстық қалдықтарды (қоқысты, күлді, тезекті) үюге жол берілмейді.
43. Күрделі және уақытша нысандардың иелері іргелес жатқан аумақтарды өз беттерінше тазалайды және заңды және (немесе) жеке тұлғалармен қатты тұрмыстық қалдықтар мен ірі көлемді қалдықтарды шығару үшін шартқа отырады.
Ескерту. 43 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
44. Санитарлық нормаларға сәйкес елді мекендер аумағында тұрмыстық және құрылыс қоқыстарын, өндіріс қалдықтарын, ыдыстарды, ағаш кесінділерін, жапырақтарды, қарды тастауға, сондай-ақ жалпы пайдаланымдағы жерлерді, заңды және жеке тұлғалардың ішкі аумақтарын қоса алғанда, қоқыстарды жағуға, от жағуға жол берілмейді.
45. Жер үсті суларын кәсіпорындардың аумағынан инженерлік жүйелерге ағызуға кәріз жүйелерін пайдаланушы заңды және (немесе) жеке тұлғалармен шарт болған кезде ғана рұқсат беріледі.
Ескерту. 45 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
46. Көлік құралдарын тұрғын-жай орамдары ішінде және жалпы пайдаланылатын жерлерде, су айдайтын ұңғылардың қасында, адамдардың жаппай демалатын орындарында, жер үсті су тоғандарының жағасында, сондай-ақ тұрғын үйлерге кіретін жерлерде жууға, тазартуға және жөндеуге жол берілмейді.
47. Топырақты, сусымалы құрылыс материалдары мен қоқысты тасымалдау кезінде жолдардың бүлінуіне жол берілмейтін шаралар қабылданады. Сусымалы материалдарды және қоқысты бұл мақсатқа арналмаған көлікпен тасымалдауға жол берілмейді.
48. Көлік жүретін бөлікке қозғалысқа жасауға қауіп төндіретін және көлік жүретін бөлікті ластайтын қоқыстарды, басқа заттарды тастауға жол берілмейді.
49. Автомобиль жолдарына бөлінген жолақтарда аккумулятор батареяларын және мал терілерін қабылдайтын орындарды орналастыруға жол берілмейді.
50. Жалпы пайдаланудағы жерлерде, сондай-ақ кіре берістердегі, лифтілердегі және т.б. жерлерде үй жануарларын далаға шығарғаннан кейін пайда болған қоқыс үй жануарлары иелерімен тазартылады.
4. Шағын сәулет нысандарын күтіп ұстау
51. Тұрғын үй құрылысы аумақтары, қоғамдық аумақтар, скверлер, көшелер, саябақтар, демалыс алаңдары шағын сәулеттік нысандармен - демалу орындықтарымен, көлеңкелейтін қалқалармен, гүлзарлармен, қоқыс қораптарымен, су бұрқақтарымен, балалар ойнайтын, ересек адамдар демалатын құрылғылармен, қабырға газеттерімен, қоршаулармен, телефон қорапшаларымен (қалқалармен), автокөлік күтуге арналған павильондармен жабдықталады.52. Шағын сәулет нысандары стационарлы және ұтқыр болуы мүмкін; олардың саны мен орналасуы аумақтарды абаттандыру жобаларымен анықталады.
53. Қоғамдық құрылыс аумағына, алаңдарға, көшелерге, скверлер мен саябақтарға, жағалауларға арналған шағын сәулет нысандары жеке жобалар бойынша дайындалады.
54. Жаңа құрылыс салу кезінде құрылыс жүргізіліп жатқан телім шегінде шағын сәулет нысандарын жобалау, дайындау және орнату жұмыстары тапсырыс берушімен бекітілген жобалық-сметалық құжаттарға сәйкес жүзеге асырылады.
55. Шағын сәулет нысандарының конструкциялық шешімдері олардың орнықтылығын және пайдалану кезінде қауіпсіздігін қамтамасыз етеді.
56. Заңды және жеке тұлғалар - шағын сәулет нысандарының иелері оларды өз есебінен ауыстыруды, жөндеуді және бояуды жүзеге асырады. Шағын сәулет нысандарын жөндеу және бояу көктемгі-жазғы кезеңдерде жүзеге асырылады.
57. Жол полициясы органдарында жол-көлік оқиғасы (бұдан әрі -ЖКО) нәтижесінде сыртқы абаттандыру элементтерінің (қоршау, электр бағаналары, жиектастар және тағы басқа) бұзылуы туралы ақпарат болған жағдайда, осы ақпаратты ЖКО болған кезден бастап бір апталық мерзімде ЖКО кінәлі есебінен мүлікті қалпына келтіруге тиісті шаралар қабылдау үшін тиісті жергілікті атқарушы органға жолдау қажет.
5. Тұрғын жай орамдарын, шағын аудандарды, жеке құрылыс телімдерін абаттандыру
58. Санитарлық және сәулет нормаларына сәйкес шағын аудандар мен орамдардың тұрғын жай аймақтары қоқыс қораптары алаңдарымен, кір жаятын, дем алатын, балалар ойнайтын, спортпен айналысатын, үй жануарларын серуендететін, автотұрақ, көлік қою алаңдарымен, жасыл желек аймағымен жабдықталады.59. Тұрғын жай орамдары, шағын аудандар аумақтарында, сондай-ақ үй маңы аумақтарында мына тәртіптерді сақтау қажет:
1) төсеніштердің, тротуарлардың, жүргіншілер жолдарының, орамішілік өтетін жолдар мен жолдарының жамылғылары іске жарамды күйде ұсталады;
2) аула ішінде өз бетімен шаруашылық немесе қосалқы құрылыстар (қора-қопсы, гараж және т.б.) құрылысын салуға жол берілмейді;
3) үй маңы аумақтарына құрылыс материалдарын үйіп тастауға жол берілмейді;
4) шағын сәулет нысандарын, спорттық, ойын, балалар мен шаруашылық алаңдарының жабдықтарын, қоршаулар мен қашаларын іске жарамды күйде ұстайды, олардың сыртқы түрінің ұқыптылығын сақтайды.
60. Тұрғын үй, әкімшілік, өндірістік және қоғамдық үй-жайлар түнгі уақытта жарықтандыратын үй белгілерімен, ал тұрғын үйлер кіре берістер мен пәтерлер нөмірлері көрсеткіштермен жабдықталуы тиіс. Үй белгілері таза және іске жарамды күйде ұстау керек.
61. Меншік иелері, жеке құрылыс телім иелері аумақты абаттандыру жобасына және бас жоспарға сәйкес телімді абаттандыру және үйлердің қасбеті мен кішкене қоршауларды күтіп ұстауды, телімнің көше жағын көгалдандыруды жүзеге асырады, қоқыс жиналуына, құрылыс және басқа материалдардың (құм, қиыршық тас, кірпіш, құрылыс қоқыстары, қорап, ағаш үгінділері, бұтақ, сондай-ақ шөптер) ұзақ уақыт жиналып тұруына жол бермеді, үй (телім) нөмірі көрсеткішін, сондай-ақ ақпарат (аншлаг) белгілерін орнатады және күтіп ұстайды.
62. Жасыл желектерді суару таңғы мезгілде сағат 8-ден кешіктірілмей және кешкі мезгілде сағат 18-ден кейін жүргізіледі.
63. Кәсіпорындардағы, мекемелердегі, ұйымдардағы, сондай-ақ оларға бекітілген телімдердегі жасыл желектерді қорғау және күтіп ұстауды сол кәсіпорындардың, мекемелердің, ұйымдардың өздерімен жүзеге асырылады.
64. Орамішілік жасыл желектерді қорғау және күтіп ұстау үй маңы аумақтарында жерді пайдалану шекарасында тұрғын үй қорының иелеріне жүктеледі.
65. Жеке және заңды тұлғалар агротехникалық шаралар кешенін жүргізулері, соның ішінде бекітілген аумақтардағы көгалдарды, ағаштарды, бұтақтарды суарулары қажет.
66. Заңды және жеке тұлғалар жасыл желектер отырғызылған аумақтардың тұрмыстық және өндірістік қалдықтармен, ағынды сулармен ластануына, көгалдар мен жасыл желектер түптерінде балшықтың, қардың, сондай-ақ мұз сынығының жиналуына жол бермеуі, сынған ағаштар мен бұтақтарды алып тастаулары тиіс.
67. Жасыл желектер алаңдарында мыналарға жол берілмейді:
1) көгалдарда жүруге және жатуға;
2) ағаштарды, бұтақтарды, сындыруға, жапырақтар мен гүлдерді жұлуға;
3) шатырлар тігуге және от жағуға;
4) көгалдарды, гүлзарларды, жолдар мен су тоғандарын ластауға;
5) ескерткіштерді, орындықтарды, қоршауларды бүлдіруге;
6) жазбалар түсіруге, ағаштарға хабарландырулар, нөмірлік белгілер, әртүрлі көрсеткіштер, әткеншектер, жіптер ілуге, бұтақтарда киімдерді кептіруге;
7) көгалдар мен басқа да жасыл желектер орналасқан телімдерде велосипедпен, мотоциклмен және автомашинамен жүруге, көлік құралдарының тұрағын жасауға;
8) көлік құралдарын тазалауға, кір жууға, сондай-ақ жасыл желектер аумағында орналасқан су тоғандарында малды шомылдыруға;
9) көгалдарға көлік құралдарын қоюға;
10) мал бағуға;
11) арнайы бөлінген жерлерден басқа жерлерде мұз айдындары мен қардан жасалған сырғанақтар жасауға;
12) жасыл желектердің зақымдануын қамтамасыз ететін қоршаусыз құрылыс және жөндеу жұмыстарын жүргізуге;
13) жасыл желек аумағында құрылыс материалдарын жинап қоюға, сондай-ақ жасыл желектерге зиян келтіретін зиянкестердің тарауына жол беретін материалдар қоймасын орналастыруға;
14) қоқыс, қар және мұз үйінділерін жасауға;
15) Жасыл екпелері бар телімдерде ағаштар мен бұталардың қауіпсіздігін қамтамасыз етпестен шатырлардан қар лақтыруға;
16) жалпы пайдалану аумақтарында жапырақтар мен қоқыстарды жағуға жол берілмейді.
68. Жеке үй құрылысы аймағында ағаштарды және бұталарды кесуді жер телімдері иелері өз беттерінше өздерінің қаржылары есебінен жүзеге асырады.
6. Үйлер мен ғимараттардың қасбеттерін күтіп ұстау
69. Балансында үйлер мен ғимараттар бар кәсіпорындар мен ұйымдардың басшылары, сондай-ақ үйлер мен ғимараттардың иелері аталған нысандардың және олардың жекелеген элементтеріне (балкон, лоджия, сарқынды су құбырлары және басқалары) жаңғырту, жөндеу және қасбеттерін сырлау жұмыстарының жүргізілуін қамтамасыз етеді, сондай-ақ қасбеттерінде орнатылған ақпаратты тақтайшалардың, ескерткіш тақталарын және тағы басқаларын таза және іске жарамды күйде ұстауды.70. Шаруашылық жүргізу құқығындағы немесе жедел басқаруындағы үйлер, құрылыстар және ғимараттары бар жеке меншік иелері мен заңды тұлғалар үйлерді, құрылыстарды және ғимараттарды және басқа жер телімдеріндегі жылжымайтын нысандарды қалыпты жағдайда сақтау жұмыстарын жүргізуге, соның ішінде оларға жататын үйлер мен ғимараттардың қасбеттерін жөндеу мен жаңғырту жұмыстарын өз есебінен немесе тартылған қаражат есебінен жүргізуі керек.
71. Егер заңды және жеке тұлғалардың меншігінде, шаруашылық жүргізу құқығында немесе жедел басқаруында кейбір тұрғылықсыз жайлар немесе тұрғылықты үйлері болған жағдайда, осы тұлғалар үйлердің алып тұрған ауданына қарай қасбетінің жөндеу, жаңғырту жұмыстарын жүргізуге үлес қосуы керек. Үйлер немесе ғимараттардың қасбетіне жоспарлы түрде жаппай жөндеу мен жаңғырту жұмыстарын жүргізген кезде, үлестік қатынасы бар тұлғалар осы мақсаттарға бағытталатын қаражаттарды алып отырған алаңдарына тең мөлшерде біріктірулеріне болады.
72. Үйлерді, жайларды және ғимараттарды жалға алушылар, жалға алу шартына сәйкес, үйлер мен ғимараттардың қасбеттерін жөндеу, жаңарту, жаңғырту жұмыстарын жүргізуге міндеттеме алады.
73. Сәулет, тарих немесе мәдениет ескерткіштері болып табылатын үйлер мен ғимараттардың қасбеттерін жөндеу, жаңғырту және жаңарту жұмыстары қорғау міндеттемелеріне сәйкес тиісті жергілікті атқарушы органмен келісе отырып орындалады.
73-1. Ғимараттардың және құрылыстардың қасбетіне инженерлік жабдықтардың элементтерін (деректерді қабылдау антенналарын, ауаны қалыпқа келтіру жүйелерін) орналастыру нысанның жалпы сәулет келбетіне жағымсыз әсер келтірмеу керек.
Ескерту. Қағида 73-1 тармақпен толықтырылды – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
7. Сыртқы жарық пен су бұрқақтарды күтіп ұстау
74. Елді мекендер аумағын жарықтандыру аумақ меншік иелерімен (иеленушілерімен) шарт бойынша электрмен жабдықтаушы ұйымдар және заңды және (немесе) жеке тұлғалармен жүргізіледі. Сыртқы жарықтандыру элементтерін пайдалану мен күтіп ұстау меншік иелерінің (иеленушілерінің) өз қаржысы есебінен жүргізіледі.Ескерту. 74 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
75. Көше шамдарын, басқа да сыртқы жарықтандыру көздерін құрылыспен және жасыл желектендірумен үйлесімді орналастыру жол қозғалысы қатысушыларына кедергі келтірмей, қауіпсіз орта құруға ықпал етуі тиіс. Саябақ аумағымен және тұрғын орамдарымен өтетін жаяу жүргіншілер бағыттарын, оқушылар, мүгедектер және қарт адамдар жүретін жолдарды жарықтандыруға ерекше көңіл аудару қажет.
76. Көшелердің, жолдардың, алаңдардың, жағалаулардың және басқа жарықтандырылатын нысандардың сыртқы жарығын қосу табиғи жарықтың көлемінің азаюы кезінде техникалық шарттарға сәйкес беріледі.
77. Алаңдардағы, магистральдардағы және көшелердегі, аула аумақтарындағы шамдардың жанбауы белгілі бір аумақтағы жалпы санының 5 пайызынан аспауы керек. Металл бағаналары, кронштейндер мен басқа сыртқы жарық құрылғылары мен байланыс желілерінің элементтері және байланыс жүйесі тазалықта ұсталуы қажет.
78. Жарықтың және электрлі көліктердің байланыс желісінің құлатылған бағаналарын шығару бағана иесімен негізгі магистральдарда кешіктірілмей; басқа аумақтарда, сондай-ақ бөлшектенетін бағаналарда - тәулік ішінде жүргізіледі.
79. Басты көшелер мен алаңдарды жарықпен әдемілеу тиісті әкімнің бекіткен мерекелік безендіру жоспарына сәйкес меншік иелерімен (иеленушілерімен) орындалады.
80. Су бұрқақтарының жай-күйі мен оны пайдалану жауапкершілігі пайдаланушы ұйымға жүктеледі.
81. Су бұрқақтарын қосу мерзімі, олардың жұмыс тәртібі, астауларын жуу мен тазарту кестесі, техникалық үзілістері мен жұмысының тоқтатылуы тиісті жергілікті атқарушы органмен анықталады.
82. Су бұрқақтарының жұмыс істеуі кезінде су бетін қоқыстардан тазарту күнделікті жүргізіледі. Пайдаланушы тұлға су бұрқақтарын күтіп ұстауды оны сөндірген кезде де таза күйінде сақтауды ұйымдастырады.
Ескерту. 82 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
8. Құрылыс алаңдары мен телімдерді күтіп ұстау
83. Құрылыс алаңы барлық периметрі бойынша бөтен адамдардың кіруіне жол бермеу және іргелес жатқан аумақтарға қоқыстың шығуын болдырмау мақсатында түгел қоршалады:1) адамдардың көптеп өтетін жерлеріндегі қоршау жаппай қорғаныш қалқанымен жабдықталады;
2) қоршау металдан жасалған пішінделген беттерден немесе қоршауға арналған темірбетон қабырғаларынан дайындалады;
3) құрылыс алаңынан екінші дәрежелі көшелерге қақпа немесе шлагбаум орнатылған шығатын жолы бар шығатын жерлердің аз мөлшерлі көзделеді;
4) шығатын жерлерде ақпараттық қалқандар орнатылады.
84. Құрылыс алаңының аумағын таза және ретке келтіріп ұстау қажет. Құрылыс және тұрмыстық қоқыстарды жинау үшін қоқыс қораптары орнатылады және қоқыстарды уақытылы шығару ұйымдастырылады:
1) құрылыс алаңына іргелес жатқан аумақты да тиісті дәрежеде күтіп ұстау және мезгіл сайын тазартып отыру қажет;
2) құрылыс алаңынан тысқары жерлерге құрылыс материалдарын, қоқысты (синтетикалық қабыршықтарды, жапқыштарды, жаңқаларды, үгінділерді, орам материалдары және т.б.) алып шығуға (желмен) жол бермейтін шаралар көзделеді;
3) жабық лотоктар мен жинаушы-бункерлерді қолданусыз нысандардың жоғарғы қабаттарынан қоқыстар мен қалдықтарды тастауға жол берілмейді;
4) қажеттілік туындаған кезде тротуарларды, жүргіншілер галереяларын, төсеніштерді, таяныштарды, айналма және уақытша жолдарды жайластыру және оларды іске жарамды күйде ұстау қамтамасыз етіледі.
85. Барлық материалдар мен топырақ тек қоршалған аумақ шегінде ғана орналастырылады, қазып алынған топырақ (аумақты абаттандыру мен жасыл желектендіруге қажетті құнарлы топырақты есептемегенде), қирандылар қалдығы, қоқыс қатты тұрмыстық қалдық полигонына және коммуналдық шаруашылықтың уәкілетті органмен келісім бойынша шұғыл басқа телімдерге шығарылады.
86. Тұрмыстық және құрылыс қалдықтарын, қар мен мұзды тиісті полигондарға уақытында шығаруды ұйымдастыру үшін құрылыс жүргізуші арнайы заңды және (немесе) жеке тұлғалармен шартқа отырады.
Ескерту. 86 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
87. Құрылыс аяқталғаннан кейін құрылыс жүргізуші құрылыс алаңына іргелес жатқан аумақтың бұзылған абаттануын, сондай-ақ аумақта жүргіншілердің уақытша көлікпен және жаяу өтуі, уақытша ғимараттар үшін, материалдарды жинап қою, инженерлік желілер жүргізу және бас мұқтаждықтар үшін пайдаланылған аумақтарды қалпына келтіреді.
88. Құрылыс жұмыстарын жүргізген кезде кесуге жататын жасыл екпелер құрылыс жүргізушінің есебінен қалпына келтіріледі.
Құрылысқа бекітілген жобалық құжаттамаға сәйкес құрылыс салушылар жүргізетін жасыл желектендіру өтемақылық жасыл желектендіру жөніндегі жұмыстарды жүргізу деп есепке алынбайды.
9. Қалалар мен елді мекендер аумақтарындағы қалдықтарды жинау, уақытша сақтау, шығару және жою
89. Қатты тұрмыстық қалдықтарды және ірі көлемді қалдықтарды (қалдықтарды, құрылыс материалдарын) арнайы бекітілген жерге шығару өз бетінше шарт негізінде қоқыс жинау заңды және (немесе) жеке тұлғалармен жүргізіледі. Тұрғын ауданнан қатты тұрмыстық қалдықтарды және ірі көлемді қалдықтарды шығаруға арналған шарттарды заңды тұлғалар, ПИК, кондоминиум басқарушылары, жеке тұрғын үй иелері және саяжай (гараж) кооперативтерінің төрағалары жасайды.Ескерту. 89 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
90. Иеліктегі үйлердің аумағында санитарлық нормаларға сәйкес қоқыс қораптарын орнату үшін, көлік өтуге ыңғайлы жолдары бар арнайы алаңдар бөлінеді. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинау үшін металдан жасалған қоқыс қораптарын қолдану керек.
91. Сауда ұйымдарының ыдыстарын уақытша жинап қоюды арнайы жайларда ғана жүргізу қажет.
92. Заңды және жеке тұлғаларға көшелер мен алаңдарда, саябақтар мен скверлерде, басқа да қоғамдық орындарда қоқыс тастауға, қоқыс және тұрмыстық қалдықтар салынған ыдыстарды көшелерге шығаруға, елді-мекендерде, сондай-ақ қоқыс қораптарында қалдықтарды жағуға, жерге көмуге, бей-берекет қоқыс үйінділерін жасауға, қоқыс қораптары алаңдарын ластауға, қоқыс қораптары мен оған жақын аумаққа қатты тұрмыстық қалдыққа жатпайтын қоқыстарды жинауға жол берілмейді.
93. Қоқыс шығаруды жүзеге асыратын, заңды және (немесе) жеке тұлғалармен шарт жасамай, барлық меншік түріндегі ұйымдарға, жеке кәсіпкерлерге тұрғын үй аудандарында орналасқан қоқыс қораптарын пайдалануға рұқсат етілмейді.
Ескерту. 93 тармақ жаңа редакцияда – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
94. Қатты тұрмыстық қалдықтар қоқыс шығарушы көліктермен, сұйық қалдықтар кәрізделмеген иеліктегі үйлерден ассенизациялы вакуумды көліктермен шығарылады.
95. Кәрiз жүйесі жоқ иеліктегі үйлерде сұйық қалдықтарды жинау үшін су өтпейтін, ал жер бетіндегі бөлігінде қатты фракцияларды бөлу үшін қақпағы және торы бар шұңқырлармен жабдықтау қажет.
96. Аумағында (бөлініп берілген, бекітілген, аулаішілік) қоқыс қораптары орналасқан алаңдары бар заңды тұлғалар мына талаптарды орындаулары тиіс:
1) қоқыс қораптары орналасқан алаңдар, оларға баратын жерлер мен жолдар қатты жамылғылы болуға тиіс;
2) қоқыс қораптары орналасқан алаңдар іргелес жатқан аумақтарға қоқыстар шашылмау үшін түгел қоршалады;
3) қоқыс қораптары орналасқан алаңдар мен оған іргелес жатқан аумақтың тиісті санитарлық тазалығы қамтамасыз етіледі;
4) қатты тұрмыстық қалдықтарды, ірі көлемді қалдықтарды шығаруға, сыпыруға уақытында шарт жасалады;
5) жылдың қысқы мерзімінде - қоқыс қораптары орналасқан алаңдарды арнайы автокөліктің жұмыс істеуі және тұрғындардың пайдалануы үшін қолайлы жағдай туғызу мақсатында қар мен мұздан тазартылуы қамтамасыз етіледі;
6) одан әрі пайдалануға келмейтіндерін қоқыс қораптарына уақытында жөндеу жүргізеді және ауыстырады;
7) қоқыс қабылдағыш камераларды, алаңдарды және қоқыс қораптарының астауын, сондай-ақ қалдық салғыштардың тұрақты жуылуын залалсыздандырылуын және шыбын-шіркейге қарсы шаралардың қолданылуын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.
97. Қоқыстар мен қалдықтарды жинауға арналған контейнерлерді орнату жөніндегі алаңдарды орналастыру мемлекеттік санитарлық - эпидемиологиялық қадағалау органымен, ПИК, "Тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөлімі" мемлекеттік мекемесімен, селолық округтер әкімдерімен, сондай-ақ қалдықтарды шығаруды жүзеге асыратын, заңды және (немесе) жеке тұлғалармен келісіледі.
Ескерту. 97 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
98. Қоқыс қораптарынан қоқысты көлікке тиеу кезінде шашылып қалған қоқыстарды жинау қатты тұрмыстық қалдықтар, ірі көлемді қалдықтар шығаруды жүзеге асыратын ұйымдардың қызметкерлері жүргізеді.
99. Қатты тұрмыстық қалдықтарды кәдеге жарату елді мекеннің қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында жүргізіледі.
100. тұрмыстық қалдықтар полигонын жайғастыру және күтіп ұстау санитарлық-эпидемиологиялық талаптарға сәйкес жүзеге асырылады.
101. Құрамында сынап бар, пайдаланудан шыққан газ разрядты шамдарды, сондай-ақ аккумуляторлық батареяларды қатты-тұрмыстық қалдықтар полигонына шығаруға жол берілмейді, оларды осы мақсаттар үшін арнайы бөлінген жайларда сақтау және кәдеге жарату үшін мамандандырылған субъектілерге тапсыру қажет.
Ескерту. 101 тармақ жаңа редакцияда – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
102. Рұқсат берілмеген үйінділердің жиналуына, қалдықтардың жағылуына кінәлі тұлғалар Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес әкімшілік жауапкершілікке тартылады. Рұқсат берілмеген үйінділерге жауапты тұлғаларды анықтауға мүмкіндік болмаған жағдайда, қалдықтарды шығару және рұқсат берілмеген үйінділер орнын қалпына келтіру уәкілетті органдармен бекітілген мерзімде аумақ иесінің немесе осы аумақты жалдаушының қаражаты есебінен жүргізіледі.
103. Вокзалдарда, базарларда, әуежайда, саябақтарда, демалыс аймақтарында, алаңдарда, білім беру, денсаулық сақтау мекемелерінде және адамдардың көптеп баратын басқа жерлерде, көшелерде, қоғамдық жолаушылар көлігі аялдамаларында, сауда және басқа нысандарға кіре берістерде қоқыс қораптары орнатылуы керек. Сауда нысандарына кіре берістерде екі қораптан орнатылады.
104. Қоқыс қораптарын орнату мен тазалау жұмыстары мемлекеттік тапсырыс шартына сәйкес аумаққа қызмет көрсетуші заңды және (немесе) жеке тұлғалармен және иелігінде немесе қолданылуында аумақтары бар шаруашылық жүргізу субъектілерімен жүргізіледі. Қораптарды тазарту жұмыстары олардың толуына қарай орындалады. Күніне бір рет жуылады. Жылына екі рет залалсыздандырылып, кемінде екі рет сырланады.
Ескерту. 104 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
105. Жолаушылар көліктері аялдамасында орналасқан қоқыс қораптарды аялдамаларды жинауды жүзеге асыратын заңды және (немесе) жеке тұлғалар, ал сауда нысандарында орнатылған қоқыс қораптарды меншік иелері тазартады және залалсыздандырады.
Ескерту. 105 тармақ жаңа редакцияда – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
10. Қалалар мен елді мекендер аумағындағы жол төсеніштерінің, тротуарлардың, көгалдардың және басқа да нысандардың, елді мекен шаруашылық элементтерінің бұзылуына әкеліп соғатын жер жұмыстарын және басқа да жұмыстарды жүргізу, инженерлік желілерді, ғимараттарды және коммуникацияны күтіп ұстау тәртібі
106. Жол төсеніштерінің, тротуарлардың, көгалдардың және басқа нысандар, елді мекендердің шаруашылық жүргізу элементтерінің бұзылуына әкеліп соғатын жер жұмыстары мен басқа да жұмыстарды жүргізетін барлық заңды және жеке тұлғалар тиісті әкімдіктің қаулысымен анықталған, тиісті қызметтен жұмыстарды жүргізуге рұқсат алады. Жұмыстар жер және басқа да жұмыстарды жүргізу тәртібі талаптарына сәйкес жүргізіледі.Тоқтап тұрған құрылыс нысанын (ұзақ салынып жатқан) күтіп ұстау жауапкершілігі баланс ұстаушыға (тапсырыс берушіге - құрылыс жүргізушіге) жүктеледі.
107. Жерді қазу жұмыстары басталғанға дейін келісілген сызбаға сәйкес жол белгілерін орнатылады, жұмыс жүргізілетін жер қоршалады, қоршауға жұмыс жүргізетін ұйымның атауы мен телефондары жазылған қалқан ілінеді. Қоршау жұмыс жүргізу кезінде жүргізушілерге және жаяу жүргіншілерге бөгет болмауы, түнгі уақытта қызыл белгі беру шамдарымен белгіленуі қажет. Қоршау тұтас болуы және бөгде адамдардың құрылыс алаңына кіруін сенімді түрде болдырмауы тиіс. Қазылған жерлермен жаяу жүргіншілердің жаппай өтетін жерлерінде өткелдер салу қажет.
108. Қазу жұмыстарын жүргізген ұйым көлік жүретін бөліктің, тротуардың қазылған жерлеріндегі бұзылған көгалдарды, жасыл екпелерді, асфальт жамылғысын сапалы және барлық ені бойынша қалпына келтіреді.
109. Асфальт-бетонды жамылғысын қалпына келтіру жұмыстар аяқталған және орлар көмілгеннен кейін дереу жүргізіледі.
110. Құрылыс, жөндеу, коммуникацияны қайта қалпына келтіру кезінде мерзімі өтіп кеткен ордер бойынша жұмыс істеу жер қазу жұмыстарын рұқсатсыз жүргізу болып есептеледі.
111. Көшенің көлік жүретін бөлігі мен тротуарларда орналасқан құдықтардың қақпақтары бүлінген немесе бұзылған жағдайда дереу қоршалады және бір күн ішінде және жерасты коммуникациялары қарайтын ұйымдармен қалпына келтіріледі.
11. Апаттық жұмыстарды жүргізу
112. Пайдалану кезінде немесе жерасты және жерүсті коммуникацияларында құрылыс жұмыстарын жүргізген кезде пайда болатын апаттар, олардың дұрыс жұмыс жасауына немесе азаматтардың денсаулығы мен өміріне қауіп тудыруға әкеліп соғуы мүмкін төтенше жағдай болып табылады және олардың қалыпты жұмысын қысқа мерзімде қалпына келтіру жөнінде оралымды шаралар қабылдауды талап етеді.113. Апат туындаған жағдайда инженерлік коммуникациялар мен құрылыстардың иесі, пайдаланушы ұйым апатты және оның салдарын жою жөнінде жедел шаралар қабылдайды. Бұл жағдайда мыналар: адамдар мен көлік қозғалысының қауіпсіздігі, сондай-ақ қатар орналасқан жерасты және жерүсті ғимараттарының, инфрақұрылым нысандарының, жасыл желектердің сақталуы қамтамасыз етіледі.
114. Апат бригадасын апат орнына жіберумен қатар пайдаланушы ұйым телефонограмма арқылы апат сипаты мен орны туралы, осы апат ауданында жерасты және жерүсті құрылыстары бар ұйымдарға, қоғамдық жолаушылар көлігі қызметіне, Жол полициясы органына, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, жолаушылар көлігі және автомобиль жолдары бөліміне және басқа да мүдделі қызметтерге (келісім бойынша) хабарлайды.
115. Апат аймағында жерасты немесе жерүсті коммуникациялары бар заңды және жеке тұлғалар апат болғандығы туралы ақпаратты алғаннан кейін апат орнына осы жерде орналасқан мекемеге қарасты құрылыстар мен коммуникацияларды көрсетуі үшін өздерінің орындау сызбалары бар өкілдерін шұғыл түрде жібереді.
Ескерту. 115 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
116. Апат маңайында материалдарын немесе басқа бағалы заттарын сақтаушылар, апат жұмыстары басшысының алғашқы талабы бойынша шұғыл түрде телімді босатуға міндетті.
Ескерту. 116 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
117. Егер де апатты жою жұмыстары өтетін жерді толық және жартылай жабуды қажет еткен жағдайда, жол полициясы органдары жолдың уақытша жабылуы туралы, көліктің айналып жүру бағыты және зақымдалған желілердің иелерімен бірге апатты жою мерзімін бекіту жөнінде жедел шешім қабылдайды (келісім бойынша).
118. Апат жұмыстары жүргізілетін орынды орындаушылар қалқандармен немесе белгіленген үлгідегі апаттық жарық құрылғысы және үлкен қызыл түсті шамдары бар қорғандармен қоршайды.
119. Бұзылған жол жамылғылары мен басқа да абаттандыру элементтерін қалпына келтіру инженерлік желілердің иелерімен апаттық жұмыстар аяқталғаннан кейін шұғыл жүзеге асырылады.
Ескерту. 119 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).
12. Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандырудың жай-күйін бақылау жөніндегі уәкілетті органдар
120. Қалалар мен елді мекендердің аумақтарын абаттандыру Қағидасын бұзғаны үшін бақылау жасауды және шаралар қабылдауды өз құзыреттері шегінде:1) ішкі істер органдары;
2) мемлекеттік санитарлық-эпидемиологиялық қадағалау органдары;
3) объектілерді салу сапасына мемлекеттік сәулет-құрылыс бақылауын және қадағалауын жүзеге асыратын органдар жүзеге асырады.
13. Жеке және заңды тұлғалардың Қағиданы бұзғаны үшін жауапкершілігі
121. Осы Қағиданың бұзылуына кінәлі жеке және заңды тұлғалар, "Әкiмшiлiк құқық бұзушылық туралы" Қазақстан Республикасының Кодексiне сәйкес жауапкершілікке тартылады. Әкімшілік жауапкершілік шараларын қолдану бұзушыларды Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес оларды келтірген материалдық зияндарын орнын толтыру және жол берген бұзушылықтарын жою міндеттерінен босатпайды.Ескерту. 121 тармаққа өзгерістер енгізілді – Ақтөбе облыстық мәслихатының 10.12.2014 № 264 шешімімен (01.01.2015 бастап қолданысқа енгізіледі).