Ескерту. Күші жойылды - Батыс Қазақстан облысы Тасқала аудандық мәслихатының 18.10.2013 № 15-1 шешімімен
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы", 1997 жылғы 16 сәуірдегі "Тұрғын үй қатынастары туралы" Заңдарына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2009 жылғы 30 желтоқсандағы № 2314 "Тұрғын үй көмегін көрсету ережесін бекіту туралы" қаулысына сәйкес және Батыс Қазақстан облысының Әділет департаментінің 2012 жылғы 21 қарашадағы № 4-5423 ұсынысы негізінде аудандық мәслихат ШЕШІМ ЕТЕДІ:
1. Тасқала аудандық мәслихатының "Тасқала ауданы бойынша аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасын бекіту туралы" 2010 жылғы 15 сәуірдегі № 23-3 шешіміне (Нормативтік құқықтық кесімдерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7-11-120 мемлекеттік тілде тіркелген, 2010 жылғы 21 мамырдағы, 28 мамырдағы "Екпін" аудандық газетінің № 32-33, № 34-35 жарияланған) келесі өзгерістер мен толықтырулар енгізілсін:
көрсетілген шешімімен бекітілген Тасқала ауданы бойынша аз қамтамасыз етілген отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үй көмегін көрсету Қағидасында:
4 тармақ мынадай редакцияда жазылсын:
"4. Тұрғын үй көмегі жергілікті бюджет қаражаты есебінен осы елді мекенде тұрақты тұратын аз қамтылған отбасыларға (азаматтарға):
1) жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде) тұратын немесе мемлекеттік тұрғын үй қорындағы тұрғын үй-жайларды (пәтерлерді) жалдаушылар (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға жұмсалатын шығыстарға;
2) тұрғын үйдің меншік иелері немесе жалдаушылары (қосымша жалдаушылар) болып табылатын отбасыларға (азаматтарға) коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефонға абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуына;
3) жергілікті атқарушы орган жеке тұрғын үй қорынан жалға алған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін жалға алу төлемақысын төлеуге;
4) жекешелендірілген үй-жайларда (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде тұрып жатқандарға тәулік уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдік сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бір фазалық есептеуіштің құнын төлеуге беріледі.
Аз қамтылған отбасылардың (азаматтардың) тұрғын үй көмегін есептеуге қабылданатын шығыстары жоғарыда көрсетілген бағыттардың әрқайсысы бойынша шығыстардың сомасы ретінде айқындалады.
Тұрғын үй көмегі телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының, жеке тұрғын үй қорынан жергілікті атқарушы орган жалдаған тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін жалға алу ақысының ұлғаюы бөлігінде тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған шығыстарға, жекешелендірілген үй-жайларда (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде тұрып жатқандарға тәулік уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдік сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бір фазалық есептеуіштің құнын төлеуге тұрғын үй көмегін көрсету жөніндегі шаралар қолданылатын, коммуналдық қызметтер мен байланыс қызметтерін тұтынуға нормалар шегінде ақы төлеу сомасы мен отбасының (азаматтардың) осы мақсаттарға жұмсаған шығыстарының шекті жол берілетін деңгейінің арасындағы айырма ретінде айқындалады. Отбасының (азаматтың) тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған шығыстарға, тұрғын үй-жайды пайдаланғаны үшін жалға алу ақысына, коммуналдық қызметтерді және телекоммуникация желісіне қосылған телефон үшін абоненттік төлемақының өсуі бөлігінде байланыс қызметтерін тұтынуға шығыстарының шекті жол берілетін деңгейі отбасының (азаматтың) жиынтық табысына бес пайыз көлемінде белгіленеді. Жекешелендірілген тұрғын үй жайларда (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде тұрып жатқандарға тәулік уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдік сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бір фазалық есептеуіштің құнын төлеуге жүз пайыз көлемінде белгіленеді.";
мынадай мазмұндағы 4-1 тармақпен толықтырылсын:
"4-1. Аталған жерлерде тұрақты тұратын адамдарға тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған ай сайынғы және нысаналы жарналардың мөлшерін айқындайтын сметаға сәйкес, тұрғын үйді (тұрғын ғимаратты) күтіп-ұстауға арналған коммуналдық қызметтер көрсету ақысын төлеу сондай-ақ, жекешелендірілген тұрғын үй-жайларында (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде пайдалануда тұрған дәлдік сыныбы 2,5 электр энергиясын бір фазалық есептеуіштің орнына орнатылатын тәулік уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдік сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бір фазалық есептеуіштің құнын төлеуге, жеткізушілер ұсынған шоттар бойынша тұрғын үй көмегі бюджет қаражаты есебінен көрсетіледі.";
9 тармақ мынадай мазмұндағы 9) тармақшамен толықтырылсын:
"9) жекешелендірілген тұрғын үй-жайларда (пәтерлерде), жеке тұрғын үйде тұрып жатқандарға тәулік уақыты бойынша электр энергиясының шығынын саралап есепке алатын және бақылайтын, дәлдік сыныбы 1-ден төмен емес электр энергиясын бір фазалық есептеуіштің құнын төлеуге тұрғын үй көмегін көрсету жөніндегі шаралар қолданылатын түбіртек-шот.".
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрағасы В. Фролов
Аудандық мәслихат хатшысы С. Рахимов