Валюта айырбастаудың нарықтық бағамын айқындау тәртібі туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2013 жылғы 25 қаңтардағы № 15 Қаулысы және Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2013 жылғы 22 ақпандағы № 99 Бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2013 жылы 14 наурызда № 8378 тіркелді.

      Ескерту. Тақырыбы жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 26.06.2019 № 100 және ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрінің 27.06.2019 № 640 (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен қаулысы және бұйрығымен.

      2017 жылғы 25 желтоқсандағы "Салық және бюджетке төленетін басқа да міндетті төлемдер туралы" Қазақстан Республикасы Кодексінің (Салық кодексі) 1-бабы 1-тармағының 11) тармақшасына сәйкес Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкінің Басқармасы ҚАУЛЫ ЕТЕДІ және Қазақстан Республикасының Қаржы министрі БҰЙЫРАДЫ:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 26.06.2019 № 100 және ҚР Премьер-Министрінің Бірінші орынбасары – ҚР Қаржы министрінің 27.06.2019 № 640 (01.07.2019 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен қаулысы және бұйрығымен

      1. Валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамы "Қазақстан қор биржасы" акционерлік қоғамы (бұдан әрі – биржа) шетел валюталарымен сауда-саттық жүргізетін жұмыс күндері мынадай тәртіппен күнделікті айқындалады:

      1) Америка Құрама Штаттары (бұдан әрі – АҚШ) доллары бойынша валюта айырбастаудың нарықтық бағамы теңгенің АҚШ долларына қатысты Астана уақытымен сағат 15-30-дағы жағдай бойынша қалыптасқан орташа алынған биржалық бағамы ретінде айқындалады;

      2) басқа шетел валюталары бойынша валюталарды айырбастаудың теңгеге қатысты нарықтық бағамы АҚШ долларының теңгеге қатысты нарықтық бағамын және осы валюталардың ақпараттық агенттіктердің арналары бойынша алынған сұраныстың баға белгіленімдеріне сәйкес Астана уақытымен сағат 16-00-дегі жағдай бойынша қалыптасқан АҚШ долларына бағамдарын пайдалана отырып есептелген кросс-бағам ретінде айқындалады.

      Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі биржада сауда-саттық жүргізілген күні осы тармақта белгіленген тәртіппен айқындалған, Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 7977 болып тіркелген "Қазақстан Республикасы ұлттық валютасының шетел валюталарына қатысты ресми бағамын белгілеу қағидаларын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ұлттық Банкі Басқармасының 2012 жылғы 24 тамыздағы № 242 қаулысына (бұдан әрі – Ресми бағамдар жөніндегі қаулы) қосымшада көрсетілген шетел валюталарының теңгеге қатысты бағамдарын белгілейді.

      Ресми бағамдар жөніндегі қаулыға қосымшада көрсетілмеген айырбасталатын валюталардың нарықтық бағамдарын ұйымдар осы тармақта белгіленген тәртіппен дербес айқындайды. АҚШ долларының теңгеге қатысты нарықтық бағамы белгіленген күні Файнэншл Таймс (Financial Times) газетінде немесе оның интернет-ресурсында, сондай-ақ Блумберг (Bloomberg) не Рефинитив (Refinitiv) ақпараттық порталдарында жарияланған шетел валютасының АҚШ долларына бағамын пайдалануға болады.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 27.03.2023 № 17 және ҚР Премьер-Министрі орынбасарының м.а. - Қаржы министрінің м.а. 03.04.2023 № 326 бірлескен қаулысы мен бұйрығымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).

      2. Осы бұйрықтың және қаулының 1-тармағына сәйкес айқындалған валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамы сессияда сауда-саттық жүргізілген күннен кейінгі жұмыс күні қолданылсын.

      Жұмыс емес күндері жұмыс емес күннің алдындағы жұмыс күні айқындалған бағамдар қолданылады.

      3. Қаржы ұйымдары (қызметінің ерекше түрі шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда), Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдары және Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдары, "Қазақстан Даму Банкі" акционерлік қоғамы, акционерлік инвестициялық қорлар, арнайы қаржы компаниялары, исламдық арнайы қаржы компаниялары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және акцияларының елу және одан да көп пайызы (жарғылық капиталдағы қатысу үлестері) немесе акцияларының бақылау пакеті Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі заңды тұлғалар бухгалтерлік есепті жүргізу, қаржылық есептілікті және бухгалтерлік есеп деректері бойынша есептілікті қалыптастыру мақсатында халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына сәйкес қайта саналуы тиіс активтер мен міндеттемелерді қайта санауды биржада сауда-саттық жүргізілген күннің соңында осы бұйрықтың және қаулының 1-тармағында белгіленген тәртіппен айқындалған валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын пайдалана отырып жүзеге асырсын.

      Қалған ұйымдар қаржылық есептілікті қалыптастыру мақсатында халықаралық қаржылық есептілік стандарттарына және Қазақстан Республикасының бухгалтерлік есеп пен қаржылық есептілік туралы заңнамасының талаптарына сәйкес қайта санауға жататын активтер мен міндеттемелерді қайта санауды осы бұйрықтың және қаулының 1-тармағында белгіленген тәртіппен, сауда-саттық жүргізілген есепті кезеңнің соңғы күніне айқындалған валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын жабу бағамы ретінде пайдалана отырып есепті күні жүзеге асырсын.

      Қаржы ұйымдары (қызметінің ерекше түрі шетел валютасымен айырбастау операцияларын ұйымдастыру болып табылатын заңды тұлғаларды қоспағанда), Қазақстан Республикасы бейрезидент-банктерінің филиалдары, Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру (қайта сақтандыру) ұйымдарының филиалдары және Қазақстан Республикасы бейрезидент-сақтандыру брокерлерінің филиалдары, "Қазақстан Даму Банкі" акционерлік қоғамы, акционерлік инвестициялық қорлар, арнайы қаржы компаниялары, исламдық арнайы қаржы компаниялары, сондай-ақ Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі және акцияларының елу және одан да көп пайызы (жарғылық капиталдағы қатысу үлестері) немесе акцияларының бақылау пакеті Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкіне тиесілі заңды тұлғалар осы бұйрықтың және қаулының 1-тармағында белгіленген тәртіппен айқындалған валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын пайдалана отырып бухгалтерлік есепті жүргізуді жүзеге асыруға мүмкіндік беретін автоматтандырылған ақпараттық жүйесі болған жағдайда, бухгалтерлік есепті жүргізу мақсаттары үшін осы бұйрықтың және қаулының 1-тармағында белгіленген тәртіппен айқындалған валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын биржада сауда-саттық жүргізілген күні және күннің соңында қайта санауды жүзеге асырмастан келесі жұмыс емес күндері пайдалана алады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Ұлттық Банкі Басқармасының 22.11.2021 № 101 және ҚР Қаржы министрінің 26.11.2021 № 1224 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бірлескен қаулысы мен бұйрығымен.

      4. Мыналардың күші жойылды деп танылсын:

      1) "Валютаны айырбастаудың нарықтық бағамын анықтау және қолдану тәртібін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2009 жылғы 28 қаңтардағы № 36 бұйрығы мен Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2009 жылғы 26 қаңтардағы № 4 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 5570 тіркелген);

      2) "Валюталарды айырбастаудың нарықтық бағамын анықтау және қолдану тәртібін белгілеу туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2009 жылғы 28 қаңтардағы № 36 бұйрығына және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2009 жылғы 26 қаңтардағы № 4 қаулысына толықтыру және өзгерістер енгізу туралы" Қазақстан Республикасының Қаржы министрінің 2011 жылғы 19 қаңтардағы № 27 бұйрығы және Қазақстан Республикасының Ұлттық Банкі Басқармасының 2010 жылғы 27 желтоқсандағы № 106 қаулысы (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6782 тіркелген).

      5. Осы бұйрық пен қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі

____________ Б. Жәмішев

Қазақстан Республикасы
Ұлттық Банкінің
Төрағасы
____________ Г. Марченко


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады