Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Мұнай және газ министрінің 11.04.2014 № 77 бұйрығымен.
Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 10 тамыздағы № 1041 қаулысымен бекітілген Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидаларының 7-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса берілген Газбен жабдықтау жүйелеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру қағидасы бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Мұнай және газ министрлігінің Газ өнеркәсібін дамыту департаменті (С.А. Брекешев) Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркеуін және оның одан әрі заңнамада белгіленген тәртіппен ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жариялануын қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік отыз күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Министр Ұ. Қарабалин
КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасы
Өңірлік даму бірінші
вице-министрі
_________ Қ. Өскенбаев
2013 жылғы 9 қазан
КЕЛІСІЛДІ
Қазақстан Республикасы
Табиғи монополияларды реттеу
агенттігінің төрағасы
__________ М. Оспанов
2013 жылғы 7 қазан
Қазақстан Республикасы
Мұнай және газ министрінің
2013 жылғы 4 қазандағы
№ 180 бұйрығымен
бекітілген
Газбен жабдықтау жүйелеріне қосуға арналған техникалық
шарттарды беру қағидасы 1. Жалпы ереже
1. Газбен жабдықтау жүйелеріне қосуға арналған техникалық шарттарды берудің осы қағидасы (бұдан әрі – Қағида) «Газ және газбен жабдықтау туралы» Қазақстан Республикасының 2012 жылғы 9 қаңтардағы Заңына (бұдан әрі – Заң), Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2012 жылғы 10 тамыздағы № 1041 қаулысымен бекітілген Тауарлық және сұйытылған мұнай газын бөлшек саудада өткізу және пайдалану қағидаларына сәйкес әзірленді және газбен жабдықтау жүйелеріне қосуға арналған техникалық шарттарды беру мен оларды беруден дәлелді бас тарту тәртібін белгілейді.
2. Осы Қағидада мынадай негізгі ұғымдар мен анықтамалар пайдаланылады:
қызмет жеткізуші – газ тарататын немесе газ желілік ұйымдар;
техникалық шарттар – газбен жабдықтау жүйесі объектілерін салуға, сұратылатын (есеп айырысу) параметрлерде тұтынушыны қосуға, газбен жабдықтау жүйесі объектісінің бастапқы жобалық шешімін өзгертуге арналған газ тарататын немесе газ желілік ұйымдары беретін құжат.
Осы Қағидада пайдаланылатын өзге де терминдер мен анықтамалар Заңға сәйкес қолданылады.
2. Техникалық шарттарды беру
3. Техникалық шарттарды қызмет жеткізуші мына жағдайларда:
1) газбен жабдықтау жүйелеріне қосылатын жаңа объектілер жобаланған және кейін салынғанда;
2) жұмыс істеп тұрған газбен жабдықтау жүйесінің тұтынылатын қызмет көлемдері артқанда;
3) объектіні жаңарту және/немесе профилин өзгерту, егер ол тұтынатын қызмет көлемдері мен сипаттамаларын өзгертуге әкеп соқса.
4. Техникалық шарттарды алу үшін жеке немесе заңды тұлға (бұдан әрі – өтініш беруші) қызмет жеткізушіге барынша сағаттық тұтыну көлемін көрсете отырып өтініш ерікті түрде береді.
Өтінішке мыналар қоса беріледі:
1) жеке тұлғалар үшін – объект иесінің жеке куәлігінің көшірмесі, заңды тұлғалар үшін – мемлекеттік тіркеу/қайта тіркеу туралы куәлігі немесе анықтаманың көшірмесі;
2) объекті орналасқан жылжымайтын мүлікке құқық белгілейтін құжаттар, немесе жылжымайтын мүлік иесінің объектіні газдандыруға арналған нотариалды куәландырған келісімінің көшірмесі;
3) газдандырылатын объектіге (тұрғын үйге) арналған техникалық паспорттың көшірмесі немесе қолданыстағы (үй ішіндегі) желілерді жаңартуға арналған газдандырудың эскиздік жобасының көшірмесі;
4) 1:500 масштабтағы құрылыс учаскесінің топографиялық түсірілімі (барлық жер үсті және жер асты коммуникациялары және құрылыстарымен);
5) техникалық сипаттамасы көрсетілген газ тұтыну жабдықтарына арналған техникалық паспорттың көшірмесі;
6) объектінің орналасу схемасы;
7) заңды тұлғалар үшін - көп қабатты үйлерді газдандыру кезінде тамақ пісіру, жылыту, ауаны жаңарту, кондиционерлеу, ыстық сумен жабдықтау үшін табиғи газды пайдалануға арналған гидравликалық есептеулер.
5. Жаңа кеңейтілетін және жаңартылатын объектілердің газбен жабдықтау жүйелерінің өндірістік қуаттылығын анықтау қажет болғанда қызмет жеткізуші осы Қағиданың 4-тармағына сәйкес өтініш келіп түскен күнінен бастап үш жұмыс күні ішінде коммерциялық есептеу аспаптарын орнату бойынша ақпараттарды, сауалнама парағын, жер учаскесін бөлу сызбасын сұратады.
6. Қызмет жеткізушінің Техникалық шарттарды беру мерзімі – осы Қағиданың 4-тармағына сәйкес өтініш келіп түскен күнінен бастап бес жұмыс күні.
7. Газбен жабдықтау жүйелеріне объектілерді қосуға техникалық шарттар:
1) осы Қағиданың 4-тармағына сәйкес өтінішке қоса берілетін құжаттар мен мәліметтердің толық және дұрыс болған;
2) газдандырылатын объектінің Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері мен нормативтік-техникалық құжаттарының талаптарына сәйкес келген;
3) объектіні газдандырудың техникалық мүмкіндігі болғанда, оның ішінде, жаңа объектілерді қосу немесе қолданыстағы қуаттарды арттыру басқа тұтынушыларға көрсетілетін қызмет сапасын төмендетуге әкелмеген;
4) желі болған жағдайда жүзеге асырылатын болады.
8. Осы Қағиданың 7-тармағындағы талаптарының біреуіне сәйкес келмесе өтініш берушіге өтініш келіп түскен күнінен бастап мерзімі бес жұмыс күні ішінде бас тарту себептері көрсетілген жазбаша түрде дәлелді жауап жіберіледі.
9. Техникалық шарттарда жабдықтың ұйғарынды қуаттылығы, саны, орналасуы және негізгі сипаттамалары көрсетіледі.
10. Техникалық шарттар жобалау (жобалау-сметалық) құжаттама құрамында бекітілген құрылыстың нормативтік ұзақтығының бүкіл мерзімі ішінде қолданылады.
11. Газбен жабдықтау жүйесі объектісінің бастапқы жобалық шешімі өзгерген жағдайда, техникалық шарт, олардың қолданылу кезеңі ішінде өтініш берушінің жаңа техникалық шартқа өтініші осы Қағидада белгіленген тәртіппен қызмет жеткізушіге беру арқылы өзгереді.
12. Техникалық шартты олардың қолданылу кезеңі ішінде өзгерту қызмет жеткізушінің бастамасы бойынша өтініш берушінің келісімімен Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілері мен нормативтік-техникалық құжаттарының талаптары өзгертілген жағдайда жол беріледі.
13. Қызмет жеткізуші берілген техникалық шарттардың есебін жүргізеді.
14. Объект иесі ауысқан кезде мүдделі тараптардың бірі (иесі, сатып алушы, жалға алушы) сатып алу-сату (мүліктік жалдау) шарты жасалған күнінен бастап он күнтізбелік күн ішінде қызмет жеткізушіге иесінің ауысуы туралы хабарлайды және олардың өкілдерін белгіленген күні мен сағатта көрсеткіштерді, коммерциялық есепке алу аспаптарының қосылу схемасын тексеріп салыстыру үшін шақырады. Қызмет жеткізуші тиісті актіні жасайды және тұтынушыға сол жерде береді.
Қызмет жеткізушіге иесінің ауысуы туралы хабарламамен бірге тараптардың баланстық тиістілігін және пайдалану жауапкершілігін бөлу актілерін қайта рәсімдеуге жібереді. Қайта рәсімделген актіні беру мерзімі хабарлама алған күнінен бастап үш жұмыс күнін құрайды.
15. Техникалық шарттарды беру ақысыз жүзеге асырылады.