Шығыс Қазақстан облысы елді мекендерінің аумағын көріктендіру ережелерін бекіту туралы

Күшін жойған

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2013 жылғы 09 қазандағы № 14/176-V шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2013 жылғы 26 қарашада № 3104 болып тіркелді

     Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 10.12.2014 N 24/307-V шешімімен.
     РҚАО-ның ескертпесі.
     Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы Кодексінің 3-бабы 2-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабы 2-2-тармағына, «Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңының 21-бабы 4) тармақшасына сәйкес Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШТІ:
      1. Қоса беріліп отырған Шығыс Қазақстан облысы елді мекендерінің аумағын көріктендіру ережелері бекітілсін.
      2. Осы шешім алғаш ресми жарияланған кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
 
 

      Сессия төрағасы
      Шығыс Қазақстан облыстық
      мәслихатының хатшысы
      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрінің бірінші орынбасары
      - Қазақстан Республикасы
      өңірлік даму министрі

Н. Темірбеков
 
Г. Пинчук
 
 
 
 
Б. Сағынтаев

      2013 жылғы 22 қазан
 
 

      Қазақстан Республикасы
      Денсаулық сақтау министрлігі
      Мемлекеттік санитарлық-
      эпидемиологиялық қадағалау комитетінің
      Шығыс Қазақстан облысы бойынша
      департаментінің басшысы

Т. Ерубаев

      2013 жылғы 22 қазан
 


Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты сессиясының 2013 жылғы 9 қазандағы № 14/176-V шешімімен бекітілді

Шығыс Қазақстан облысы елді мекендерінің аумағын көріктендіру ережелері 1. Жалпы ережелер

      1. Шығыс Қазақстан облысы елді мекендерінің аумағын көріктендірудің осы ережелері (бұдан әрі – Ережелер) көріктендіру жағдайын, санитарлық тазарту және аумақтарды күтіп ұстау талаптарын анықтайтын Қазақстан Республикасы заңнамалық актілерінің, Қазақстан Республикасының техникалық регламенттерінің, құрылыс, санитарлық ережелері мен нормаларының негізінде әзірленді.
      2. Ережелер көріктендіру саласында бірыңғай және орындалуы міндетті нормалар мен талаптарды белгілейді, Шығыс Қазақстан облысы аумағындағы жер учаскелерінің, ғимараттардың, құрылыстардың, құрылғылардың меншік иелері және (немесе) пайдаланушылары болып табылатын жеке және заңды тұлғалар үшін аумақтарды жинау мен күтіп ұстау тәртібін анықтайды.
      3. Осы Ережелерде мынадай негізгі ұғымдар қолданылады:
      1) елді мекен аумағы – қалалық немесе ауылдық елді мекеннің белгіленген шекарасы (шеті) шегіндегі кеңістік;
      2) көше (көшенің жүретін бөлігі) – елді мекендердің шекаралары шегіндегі автомобиль жолы;
      3) көгалдандыру көшеттері – ортақ пайдаланылатын жерлердегі елді мекендер шекараларында орналасқан орман-парктері, саябақтар, шағын бақтар, желекжолдар, ұзыннан отырғызылған көшеттер, үй жанындағы көшеттер, көгалдар, гүлзарлар;
      4) қатты тұрмыстық қалдықтар – қатты түрдегі коммуналдық қалдықтар;
      5) сұйық қалдықтар – сарқынды сулардан басқа сұйық түрдегі кез-келген қалдықтар;
      6) қалдықтарды жинау – қалдықтарды арнайы бөлінген орындар немесе объектілерден алу, жинау және орналастырумен байланысты қызмет;
      7) қалдықтарды сақтау – қалдықтарды арнайы белгіленген орындарда оларды кейіннен кәдеге жарату, өңдеу және (немесе) жою үшін жинау;
      8) сарқынды сулар – өндірістік немесе тұрмыстық қажеттіліктерге пайдаланылған сулар және пайдаланылу кезінде олардың бастапқы құрамы немесе табиғи қасиетін өзгерткен қосымша қоспалары (ластанулар) бар сулар;
      9) су объектілері – құрлық беті бедеріне және жер қойнауына жиналған шекарасы, көлемі мен су режимі бар сулар.
 

2. Елді мекендер аумағын көріктендірудің жалпы талаптары

      4. Аумақты көріктендіру және жинау, сондай-ақ гүлзарларды, көгалдарды, басқа да жас көшеттерді, көріктендіру элементтерін күту мен ұстауды қолданыстағы заңнамаға сәйкес сәулет, санитарлық және экологиялық талаптарға сай осы объектілердің меншік иелері және (немесе) пайдаланушылары жүргізеді.
      5. Жинау шекаралары жер учаскелерінің меншік иелері мен пайдаланушылары арасындағы аумақ шекараларымен анықталады.
      6. Бөліп берілген шекаралардағы инженерлік және көлік инфрақұрылымы объектілерінің аумақтары аталған объектілердің техникалық және пайдалану сипаттамалары ескеріле отырып көріктендіріледі. Аумақтарды көріктендіру мен күтіп ұстау міндеттері объектілердің меншік иелеріне жүктеледі.
      7. Елді мекен аумағында:
      1) жолдар, көшелер, жаяужолдар мен жалпы пайдаланымдағы басқа жерлерге қоқыс лақтыруға;
      2) ғимараттар, құрылымдар мен тұрғын үйлердің терезелерінен қоқыс лақтыруға;
      3) көшелерде құрылыс материалдарын, отын, көмір үюге;
      4) көлік құралдарымен жүктің кез-келген түрлерін көшелерді және (немесе) өтпежол бөліктерін ластау мүмкіндігіне жол бермей оларды мұқият жаппай тасымалдауға;
      5) көлік құралдарын көшелерде, өзендер мен басқа су қоймаларында, су құбыры шүмектерінде, құдықтарда, тұрғын үй ғимараттарының аулаларында жууға;
      6) адамдардың суға түсуіне арналған жерлерде кір жууға және үй жануарларын суға түсіруге;
      7) тұрғын үй объектісі, ұйым, мекеме аумағында санитарлық арақашықтықты ұйымдастырмай аула жабдықтарын, күрелген орлар мен қоқыс жинау алаңдарын салуға және қайта жабдықтауға;
      8) ыдыстарды жақын орналасқан көгалдарға, сауда шатырларының төбелеріне, дүңгіршектерге және басқа сауда объектілеріне жинастыруға;
      9) кәсіпорындар мен ұйымдар аумақтарында, көшелер мен көгалдарда, тұрғын үй кварталдарында, жеке және саяжай учаскелерінде, сондай-ақ контейнерлер мен урналарда өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды, қоқысты жағуға, өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтарды жерге көмуге;
      10) ағаштар мен бұталардың тамырына жақын жерлерге жапырақтар тастауға рұқсат берілмейді.
      8. Тұрғын үй кварталдары, шағын аудандар аумағында, сондай-ақ үйге жақын аумақтарда бөлінген жер учаскесі шекараларында мынадай тәртіп сақталады:
      1) төсеніштер, жаяужолдар, жүргінші жолдары, кварталішілік өтпелер мен жолдардың жабындары жарамды жағдайда ұсталады;
      2) спорттық, ойын, балалар және шаруашылық алаңдарының жабдықтары, қоршаулар мен шарбақ дуалдар жарамды жағдайда ұсталады;
      3) сұйық тұрмыстық қалдықтар мен ірі көлемді қоқысты қоқыс салғышқа тастауға рұқсат берілмейді;
      4) көгалдандыру көшеттеріне, балалар ойнайтын, спорттық және шаруашылық алаңдарына иттерді серуендетуге рұқсат берілмейді.
 

3. Тіршілік қарекеті қалдықтарын жинау орындарын ұйымдастыру және күтіп ұстау

      9. Елді мекендер аумағын санитарлық тазалау жүйесі тұрмыстық және өндірістік қалдықтарды жинауды, жоюды, зарарсыздандыруды және пайдаға жаратуды көздейді және оны мамандандырылған ұйымдар жүзеге асырады.
      10. Қатты тұрмыстық қалдықтарды пайдаға жарату Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қатты тұрмыстық қалдықтар полигонында, сондай-ақ арнайы бөліп берілген жерлерде жүргізіледі.
      11. Топырақты, тіршілік қарекеті қалдықтарын және басқа жуынды-шайындыны тікелей егістікке, бақшаға, орманға, батпаққа, саябаққа, көгалға, су объектілеріне және олардың жағалауындағы қорғаныс алқаптарына, сондай-ақ осы мақсаттар үшін белгіленбеген басқа жерлерге апаруға және лақтыруға рұқсат берілмейді.
      12. Иеліктегі үйлер, ұйымдар, мәдени-көпшілік мекемелер аумағында, демалыс аймақтарында көлік кіретін кіреберістері бар қалдықтар жинайтын контейнерлер орналастыру үшін арнайы алаңдар бөліп беріледі. Алаңды су өткізбейтін жабынмен және тұтас қоршаумен орналастырады.
      13. Қатты тұрмыстық қалдықтарды жинауға арналған контейнерлерді қақпақтармен жабдықтайды. Контейнерлерден алаң шетіне дейінгі қашықтық 1 метрден кем болмауы керек. Алаңды тұрғын үй және қоғамдық ғимараттардан, барлық бейіндегі ұйымдардан, спорт алаңдарынан және тұрғындардың демалыс орындарынан 25 метрден кем емес және 100 метрден артық емес қашықтықта орналастырады.
      14. Орнатылатын контейнерлер санын есептеу контейнерлерді пайдаланатын тұрғындар саны, қалдықтарды жинау нормалары, оларды сақтау мерзімі ескеріле отырып жүргізіледі.
      15. Қалдықтарды контейнерлерде сақтау мерзімін 0о С және төмен температура кезінде үш тәуліктен асырмауға, плюс температура кезінде бір тәуліктен асырмауға рұқсат беріледі.
      16. Одан әрі пайдалануға жарамсыз контейнерлер уақытында ауыстыруға жатқызылады.
      17. Канализациясы жоқ иеліктегі үйлерде сұйық қалдықтарды жинау үшін су өткізбейтін орымен күрелген қоқыс төгетін ор жабдықталады, жер үсті бөлігі қатты түйіршіктерді бөлу үшін қақпақ және тормен жабдықталады. Аулалық дәретхана болған жағдайда қоқыс төгетін ор ортақ болуы мүмкін.
      18. Сұйық қалдықтарды аулалар мен көшелерге төгуге, сондай-ақ ол үшін құдықтар мен нөсер канализациясы ағынын пайдалануға рұқсат берілмейді.
      19. Канализациясы жоқ аулалық және қоғамдық дәретханаларды тұрғын үй мен қоғамдық ғимараттардан, балалар ойнайтын және тұрғындар демалатын алаңдардан 25 метрден кем емес, құдықтар мен бұлақ шегендеулерінен 50 метрден кем емес қашықтыққа алыстатады.
      20. Жеке тұрғын үй құрылыстары аудандарында қатты тұрмыстық қалдықтардан жоспарлы-тұрақты тазалау аптасына екі реттен кем емес жүргізіледі.
      21. Қоғамдық пайдалану орындарында урналар орнатылады. Урналардың арасындағы қашықтық адамдар көп шоғырланатын көшелерде 40 метрден және адам аз жерде 100 метрден артық емес қашықтықта орнатылады. Қалалық көлік тоқтайтын жерлерде урналар міндетті түрде орнатылады. Урналарды тазалау олардың толуына қарай жүргізіледі.
      22. Коммуналдық шаруашылық саласындағы атқарушы органдар қоғамдық пайдалану орындарында: алаңдар, көлік тораптары, теміржол вокзалдарының маңайы, станциялар, кемежайлар, автостанциялар мен автовокзалдар; қала сыртындағы және ішіндегі саябақтар, шағын бақтар, желекжолдар, жағажайлар, көрмелер, стадиондар, халықтың бұқаралық демалу орындарында қоғамдық дәретханалардың орнатылуын қамтамасыз етеді.
 

4. Аумақтарды қыс мезгілінде жинау

      23. Қыс мезгілінде соқпақ жолдар, саябақ орындықтары, урналар, басқа да элементтер мен кіші сәулеттік нысандар, сондай-ақ олардың алды мен маңайындағы кеңістік, оларға кірер жолдар қар және қызылсу мұзынан тазартылады.
      24. Инженерлік желілердегі апаттардың нәтижесінде жаяужолдар мен жүретін жолдарда пайда болған қызылсу мұзын желі иелері опырып алады және жинайды.
      25. Қар шығарудың технологиялық операциясы екі кезеңмен жүзеге асырылады:
      қарды жолаушылар көлігі аялдамаларынан, жерүсті жаяужолдарынан, көпір және жол өтпесінен, аурухана аумағы мен басқа да әлеуметтік маңызы бар нысандарға кіру жолдарынан бірінші кезекте (іріктеп) шығару;
      қарды соңғы рет (түгел) шығару, коммуналдық шаруашылық саласындағы атқарушы орган анықтайтын бірінші кезектегі қар шығарылған соң жүргізіледі.
      26. Көшелер мен өтпе жолдардағы қар, мұз арнайы бөліп берілген жерлер немесе дайындалған алаңдарға шығарылады.
      27. Қар үйіндісін жол, көше қиылыстары мен жол өтпелеріне бір деңгейде және темір жол үстінен өтетін жерлерге жақын, көліктік қоршаулар немесе биіктетілген жол жиектерімен жабдықталған жол учаскелерінде, жаяужолдарға үюге рұқсат берілмейді.
      28. Елді мекен аумағында:
      1) жол тораптарының, көшелердің жүретін бөліктеріне және жол өтпелеріне, жаяужол мен көгалдарға кварталішілік жолдардан, аула аумақтарынан, кәсіпорындар, ұйымдар аумақтарынан, құрылыс алаңдарынан, сауда және басқа объектілерден тазартылған қарды жылжытуға немесе үюге;
      2) кір қарды, сондай-ақ мұз сынығын көгалдар, гүлзарлар, бұталар мен басқа жасыл көшеттерге роторлық лақтыруға және үюге рұқсат берілмейді.
      29. Көпір құрылыстарындағы жаяужолдар мен сатыдан түсетін жерлерді тазалауға мына талаптар қойылады:
      1) көпірлердің жаяу жолдары мен сатыдан түсетін жерлері жаңа жауған және тығыздалған (қарлы-мұзды) қардан жабынына дейін барлық ені бойынша тазартылады;
      2) қар қалың жауған кезеңде көпір құрылыстарының жаяу жолдары мен сатыдан түсетін жерлері құм-қиыршық тас қоспасымен өңделеді және жаяу жүргіншілер жүруге арналған жолдар тазартылады;
      3) көктайғақ немесе оның пайда болуы туралы хабарланған кезде көпір құрылыстары, ең алдымен сатыдан түсетін жерлер, содан кейін жаяужолдар құм-қиыршық тас қоспасымен өңделеді.
      30. Жаяужолдар, аула аумақтары және өтпе жолдар қар мен мұздан асфальтқа дейін тазартылады, қар мен мұз сынықтары арнайы бөлінген жерге апарылады. Қызылсу мұзы (көктайғақ) пайда болған жағдайда құм-қиыршық тас қоспасымен өңдеу жүргізіледі.
      31. Аула аумақтары мен кварталішілік өтпе жолдардан тазартылатын қар аула аумақтарында автокөліктің еркін қозғалуына және жаяу жүргіншінің жүруіне кедергі жасамайтын жерлерге кейіннен шығарумен уақытша үйіледі.
      32. Қарды аула ішіндегі аумақтарға аздаған мөлшерде үю кезінде еріген судың ағуы қарастырылады.
      33. Ғимараттардың меншік иелері және (немесе) пайдаланушылары қыс уақытында төбе жабындыларын қардан, қызылсу мұзынан және сүңгі мұзынан уақытында тазалауды ұйымдастырады.
      34. Ғимараттар мен тұрғын үйлердің төбелерін қардан, қызылсу мұзынан оны жаяужолға лақтырып тазалауға тәуліктің тек жарық кезінде ғана төбе жабындысының көше жаққа қараған құламасының үстінен рұқсат беріледі. Төбе жабындысының қалған құламаларынан, сондай-ақ тегіс төбе жабындыларынан қарды лақтыру ішкі аулалық аумақтарға жүргізіледі.
      Қарды лақтыру алдында жаяу жүргіншінің жүру қауіпсіздігін қамтамасыз ететін күзету іс-шараларын жүргізу қажет. Ғимараттар мен тұрғын үйлердің төбелерінен лақтырылған қар мен қызылсу мұзы тез арада жолдың жүретін жағына жиналып, кейіннен мамандандырылған кәсіпорын әкетуі үшін үйіледі.
 

5. Көшелерді, жолдарды, көліктің аялдау және отырғызу алаңдарын жинау

      35. Жол төсемдері жолдың шет жағына жиналатын ластанулар су ағынымен жасыл көшеттер алқабына немесе жаяужолға шашырамайтындай етіп жуылады.
      36. Нөсер канализациясы жоқ көшелердегі жүру бөлігі арнайы машиналармен жиналады. Көшелерге ас тұзын себуге рұқсат берілмейді.
      37. Көшелердің алаңдар ені бойынша жүретін бөлігін, жол желілерінің жолдары мен өтпежолдарын, көлік қоятын орындарды, сондай-ақ жағалауларды, көпірлерді, жол өткізгіштерді тазалау мен күтіп ұстауды кәсіпорын-мердігерлер коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті органмен жасасқан шарт негізінде жүргізеді.
      38. Соңғы автобус бағдарларында тұру-бұрылу алаңдарын тазалауды жүретін жол бөлігін тазалауды жүзеге асыратын кәсіпорындар жүргізеді.
      39. Жоғары қарқынды қозғалыстағы көшелерге жылдың жаз кезінде су себіледі. Су себу-жуу және сыпыру-жинау машиналарына сорғы станцияларынан техникалық су құйылады.
      40. Жол төсемдерін, белдік және резервтік жолақтарды, тораптардың жиекке жақын бөліктерін, көшелер мен жаяу жолдарды сыпыру жол төсемдерін алдын ала ылғалдандырумен жүзеге асырылады.
      41. Жолдардың жүретін жағы ластанудың барлық түрінен толығымен тазартылады. Реттеу сызығымен белгіленген белдік және резервтік жолақтар құм мен түрлі ұсақ қоқыстан үнемі тазартылады.
      42. Жол жиектері ірі көлемді және басқа қоқыстан тазартылады. Жұмыстарды орындау кезінде қоқысты көшелер мен жолдардың жүру бөліктеріне апаруға рұқсат берілмейді.
      43. Жолаушы көлігінің аялдау алаңдарын тазалауды жүретін жолды тазалауды жүзеге асыратын кәсіпорын жүргізеді.
      44. Қоғамдық жолаушылар көлігінің аялдау алаңдарында орналасқан жолаушылар павильондарын тазалау мен жууды олардың иелері жүзеге асырады.
      45. Теміржол төсемін тазалауды жолдардың иелері жүзеге асырады.
      46. Жаяужолдарда орналасқан сыртқы жарықтандыру мен байланыс желісі қондырғысының орнату діңгегі мен тірегінің айналасындағы аумақты тазалауды жаяужолдарды тазалауға жауапты кәсіпорындар жүргізеді.
      47. Уақытша көше саудасы мен қоғамдық тамақтану орындарын, бизнес объектілеріне (базарлар, кафе, дәмханалар, сауда павильондары, тез салынатын сауда кешендері, шатырлар, дүңгіршектер мен тағы басқа) бөлінген аумақтарды тазалауды осы объектілердің иелері жүргізеді.
      48. Жол жөндеу жұмыстарын жүргізген кезде асфальт сынығын шығаруды аяқтау жұмыстарын орындайтын ұйымдар жүргізеді.
 

6. Шағын сәулет нысандарын күтіп ұстау

      49. Тұрғын үй құрылыстары аумағы, қоғамдық аймақтар, скверлер, саябақтар, демалуға арналған алаңдар шағын сәулет нысандарымен жабдықталады.
      50. Шағын сәулет нысандары стационарлық және мобильді бола алады, олардың саны мен орналасуы аумақтарды көріктендіру жобаларымен анықталады.
      51. Қоғамдық құрылыстар аумағына, алаңдарға, скверлерге, саябақтарға, жағалауларға арналған шағын сәулет нысандары жеке жобалар бойынша дайындалады.
      52. Салынып жатқан учаске шекараларында жаңа құрылыс жүргізу кезінде шағын сәулет нысандарын жобалауды, дайындауды және орнатуды тапсырыс беруші бекітілген жобалау-сметалық құжаттамаға сәйкес жүзеге асырады.
      53. Шағын сәулет нысандарының орнықтылығы және пайдалану қауіпсіздігі олардың құрылымдық шешімімен қамтамасыз етіледі.
      54. Шағын сәулет нысандарын күтіп ұстауды және жөндеуді оларды меншікте, иелікте, пайдалануда ұстайтын тұлғалар жүзеге асырады.
 

7. Ақылы автотұрақтар мен гараж кооперативтерін орналастыру және көріктендіру

      55. Жекеменшік иеленушілердің жеңіл автомобильдерінің гараждарын, күзетілетін ашық автотұрақтарды, автокөліктің уақытша тұрақтарын (ақылы және ақысыз) орналастыру белгіленген тәртіпте әзірленіп, келісілген қолданыстағы экологиялық, санитарлық және қала құрылысы нормалары мен ережелеріне, жобалық құжаттамаға сәйкес жүргізіледі.
      56. Жекеменшік гараждар аумақтарын көріктендіру және оларды күтіп ұстау олардың жекеменшік иеленушілері немесе гараж кооперативтері қаражаттарының есебінен жүзеге асырылады.
 

8. Жер қазу жұмыстарын жүргізу тәртібі, инженерлік құрылымдар мен коммуникацияларды күтіп ұстау

      57. Жол төсемдері мен жаяужолдарды, көгалдар мен басқа объектілерді бұзумен байланысты жер қазу және басқа жұмыстарды жүргізетін заңды және жеке тұлғалар жұмыстарды жүргізуге қолданыстағы заңнамаға сәйкес рұқсат алады.
      58. Заңды және жеке тұлғалар асфальт жабындарын бұзуға байланысты жер қазу жұмыстарын аяқтаған соң жол жабындарын рұқсат беру құжатында белгіленген мерзімдерде қалпына келтіреді.
      59. Қарамағында инженерлік коммуникациялар бар заңды және жеке тұлғалар инженерлік желілер мен құрылымдардың тиісті техникалық жағдайын қамтамасыз етеді, өйткені олар мынадай бұзылуларға апаруы мүмкін:
      1) аумақты су басуына және мұздың пайда болуына жол бермеу, люктердің қақпақтары, құдықтар мен камералардың аражабындары, нөсер канализациясының торлары қатты жабын деңгейінде және жарамды қалыпта болуы үшін бөліп берілген және қорғалатын аймақтың санитарлық жағдайын қадағалау;
      2) жинақтау, кері төгу және пайдалану ережелері сақталмағандықтан бұзылуы мүмкін жерасты желілері үстіндегі қатты немесе топырақ жабындарының жағдайын қадағалау, жер үстіндегі инженерлік коммуникацияларды, құрылмалар мен құрылымдарды уақтылы жөндеу, тазалау және бояуды жүргізу;
      3) инженерлік коммуникациялар мен құдықтарды уақтылы тексеру және тазалау жүргізу.
      60. Қатты жабыны бар аумаққа күрделі жөндеу немесе қайта жаңарту жүргізілген жағдайда инженерлік желілер құдықтары люктерінің белгілерін тиісті параметрлерге дейін жеткізу жөндеуге тапсырыс берушінің есебінен жүргізіледі.
      61. Елді мекен аумақтарынан жерүсті және жерасты суларын бұруға арналған каналдарды, құбырлар мен кәріздерді профилактикалық тексеруді және тазалауды, нөсер канализациясы коллекторларын, жаңбыр суын қабылдайтын құдықтарды тазалауды пайдаланушы кәсіпорындар жүргізеді; аула аумақтарында – жекеменшік пәтер иелері кооперативтері; кәсіпорындардың жеке учаскелері мен аумақтарында – аумақтардың иелері жүргізеді.
      62. Су ағызудан туындаған су басулар (қазаншұңқырлардан суды сорып төгу, инженерлік желілердегі апаттық жағдайлар) орын алған жағдайда оларды жою және залалды өтеу жауапкершілігі бұзушылықтарға жол берген ұйымдарға жүктеледі.
      63. Автоматтық режимде (қызмет көрсетуші персоналсыз) жұмыс істейтін трансформаторлық немесе таратушы қосалқы станцияларға, басқа инженерлік құрылымдарға, сондай-ақ электр тарату желілерінің тіректеріне жақын орналасқан аумақтарды жинауды осы объектілердің меншік иелері жүргізеді.
      Жер үсті құбыр өткізгіштердің астындағы қорғау аймақтарының аумақтарын жинау және күтіп ұстауды желілердің меншік иелері жүргізеді.
 

9. Апаттық жұмыстарды жүргізу

      64. Апаттар туындаған жағдайда инженерлік коммуникация мен құрылымдардың иелері, пайдаланушы ұйым апаттар мен оның салдарын жою бойынша шұғыл түрде шаралар қабылдайды. Бұл ретте адамдар мен көлік қозғалысының қауіпсіздігі, сондай-ақ маңайда орналасқан жерасты және жерүсті құрылымдарының, инфрақұрылым объектілерінің, жас көшеттердің сақталуы қамтамасыз етіледі.
      65. Пайдаланушы ұйым апат орнына апаттық бригаданы жіберумен бір мезгілде апат ауданында жерүсті және жерасты құрылымдары бар ұйымдарға апат сипаты мен орны туралы хабарлайды.
      66. Апат аймағында жерүсті және жерасты коммуникациялары бар заңды тұлғалар апаттар туралы ақпаратты алған кезде сол жерлерге орындау сызбаларымен өз өкілдерін жібереді, олар өз ведомствосына қарасты құрылымдар мен инженерлік коммуникациялардың елді мекендегі орналасуын көрсетеді.
      67. Апатқа жақын жерде материалдар немесе басқа құндылықтарды жинақтайтын иелер апаттық жұмыстар басшысының талабы бойынша тез арада учаскені босатады.
      68. Апаттық жұмыстар жүргізу орындары қалқандар немесе апаттық жарықтандыру құрылғысы және қызыл габаритті шамдар орнатылған белгіленген үлгідегі қақпалармен қоршалады. Көшенің (магистраль) жүретін жағына қажетті жол белгілері орнатылады.
      Апаттарды жою жұмыстарын жүргізуге жауапты тұлғалар апаттық жарықтандыру жұмысына, қоршаулар (қақпалар), жол белгілерін орнатуға жұмыстар толығымен аяқталғанға дейін жауапты болады.
      69. Апаттардың салдарын жою және аумақты көріктендіруді қалпына келтіру үшін жергілікті атқарушы органда жер қазу жұмыстары өндірісіне белгіленген тәртіппен рұқсат ресімдеу қажет. Жер қазу жұмыстары өндірісіне рұқсат болмаған кезде қазу рұқсатсыз жүргізілді деп есептеледі.
      70. Бұзылған жол төсемдері мен басқа көріктендіру элементтерін қалпына келтіруді апаттық жұмыстар аяқталған соң инженерлік желілердің иелері дереу жүзеге асырады.
 

10. Ғимараттар мен құрылымдардың қасбеттерін күтіп ұстау

      71. Ғимараттардың, құрылымдардың меншік иелері өз объектілерінің қасбеттерін және олардың жеке элементтерін (төбе жабындары, балкондар, лоджиялар, суағар құбырлары және басқалар) жөндеу, бояу жұмыстарын уақытында жүргізуді қамтамасыз етеді, сондай-ақ қасбеттерде орналасқан өздерінің ақпараттық маңдайша жазуларын таза және қалыпты жағдайда ұстайды.
      72. Мыналарға:
      1) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті органмен келісусіз ғимарат қасбеттерін өз еркімен қайта жаңарту және олардың құралымдық элементтерін өзгертуге;
      2) сәулет бөлшектерін алдын ала қалпына келтірмейінше ғимараттар мен құрылымдардың қасбеттерін бояуға рұқсат берілмейді.
      73. Ғимараттар мен құрылымдардың меншік иелері оларды қала құрылысы мен жобалық құжаттамаларға, қала құрылысының нормативтері мен ережелеріне, экологиялық, санитарлық, өртке қарсы және өзге де арнайы нормаларға сәйкес тиісінше күтіп ұстау, соның ішінде өздеріне тиесілі ғимараттар мен құрылымдардың қасбеттерін меншік қаражаты немесе тартылған қаражат есебінен жөндеу және қалпына келтіру жұмыстарын жүргізеді.
      74. Ғимараттар, қызметтік жайлар және құрылымдарды жалға алушылар жалға алу шартының талаптарына сәйкес ғимарат пен құрылымдардың қасбеттерін жөндеу бойынша міндеттемелер алады.
 

11. Сыртқы жарықтандыру мен субұрқақтарын күтіп ұстау

      75. Көшелерде, жолдарда, алаңдарда, жағалауларда және басқа жарықтандырылатын объектілерде сыртқы жарықтандыруды іске қосу және өшіру техникалық нормалар мен талаптарға сәйкес жүргізіледі.
      76. Істен шыққан газ разрядты шамдар, доғалы сынапты шам, металл диодты доғалы шам, доғалы натрий шамы, люминесцент шамдар осы мақсаттар үшін арнайы бөлінген бөлмелерде сақталады және оларды пайдаға асыру үшін арнайы кәсіпорындарға апарылады. Шамдардың аталған түрлерін қалалық полигонға апаруға рұқсат берілмейді.
      77. Сынған жарықтандыру тіректері мен электрлендірілген көліктің байланыс желілерін әкетуді тіректердің иелері жүзеге асырады.
      78. Субұрқақтарының жағдайы мен пайдаланылуы үшін жауапкершілік пайдаланушы ұйымға жүктеледі.
      79. Субұрқақтарын іске қосу мерзімдерін, олардың жұмыс режимін, тостағандарын жуу мен тазалау кестесін, технологиялық үзілістер мен жұмысының аяқталуын елді мекеннің коммуналдық шаруашылық саласындағы уәкілетті органы белгілейді.
      80. Субұрқақтарының жұмыс істеп тұрған кезінде су бетін қоқыстан тазалау күнделікті жүргізіледі. Пайдаланушы ұйым субұрқақтарын оларды өшірген кезеңде де таза ұстайды.
 

12. Ауылдық елді мекендер аумақтарын күтіп ұстау

      81. Ауылдық елді мекендердің аумақтарында мыналарға:
      1) көпшіліктің пайдалануындағы аумақтарға металл сынықтарын, техниканы, қолданудан шығып қалған агрегаттар мен құрылғыларды, құрылыс және тұрмыстық қоқыстарды, қож, пішен, көң және басқа да тұрмыс қарекеті қалдықтарын үйіп тастауға;
      2) жерді жанар-жағармай материалдарымен, мұнай өнімдерімен, шаруашылық-нысап сарқындарымен ластауға, тұрмыстық, азық-түлік және өнеркәсіп қалдықтарының үйіндісіне айналдыруға;
      3) белгіленбеген жерлерде мал жайылымы мен малды бақылаусыз өз бетімен жайдыруға;
      4) ветеринарлық-санитарлық талаптарды ескерусіз елді мекендер шегінде мал және құс ұстауға арналған ғимараттар мен құрылыстарды салуға және қолда барын пайдалануға;
      5) асфальтбетон жабынды көшелерде жүкті сүйреп тасуға, шынжыр табан жүрістегі тракторларды жүргізуге жол берілмейді.
 

13. Жарнаманы орналастыру және күтіп ұстау

      82. Сыртқы (көзбен шолу) жарнама және ақпарат құралдары таза күйде ұсталып, Қазақстан Республикасындағы жарнама туралы заңнама талаптарына сәйкес белгіленген тәртіпте орналастырылуы тиіс.
 

14. Осы Ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілік

      83. Осы Ережелердің талаптарын бұзғаны үшін заңды және жеке тұлғалар «Әкімшілік құқық бұзушылық туралы» Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы Кодексіне сәйкес жауапты болады.
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады