"Электрондық аукцион нысанында тыйым салынған мүлікті сату бойынша сауда-саттықтарды өткізу ережесін бекіту туралы"

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2014 жылғы 27 наурыздағы № 125 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 1 сәуірде № 9290 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 100 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Әділет министрінің 20.02.2015 № 100 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 74-бабы 1-тармағына және «Әділет органдары туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 7-бабы 2-тармағының 3) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса ұсынылған Электрондық аукцион нысанында тыйым салынған мүлікті сату бойынша сауда-саттықтарды өткізу ережесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау комитеті:
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін және кейін заңнамада белгіленген тәртіппен ресми бұқаралық ақпарат құралдарында жариялауды;
      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау комитетінің төрағасына жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                               Б. Имашев

Қазақстан Республикасы  
Әділет министрінің   
2014 жылғы 27 наурыздағы 
№ 125 бұйрығымен бекітілді

Электрондық аукцион нысанында тыйым салынған мүлікті
сату бойынша сауда-саттықтарды өткізу қағидалары

1. Жалпы ереже

      1. Электрондық аукцион нысанында тыйым салынған мүлікті сату бойынша сауда-саттықтарды өткізу қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) тыйым салынған мүлікті электрондық аукцион нысанында сату тәртібін белгілейді.
      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:
      1) заңды тұлғаның аффилирленген тұлғасы – өздеріне берілген өкілеттіктер шеңберінде бақылау және қадағалау функцияларын жүзеге асыратын мемлекеттік органдарды қоспағанда, шешімдерді айқындауға және (немесе) осы заңды тұлға қабылдайтын шешімдерге, оның ішінде жазбаша нысанда жасалған мәмілеге орай ықпал етуге мүмкіншілігі бар кез келген жеке немесе заңды тұлға;
      2) кепілдік жарна – тыйым салынған мүлікті сату жөніндегі аукционға қатысуға ниет білдірген тұлғалар аумақтық органның бақылаудағы қолма-қол ақша шотына, сонымен қатар жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына енгізетін ақшалай сома;
      3) лоттың ең төмен бағасы – лот одан төмен сатылуы мүмкін емес баға;
      4) тиісінше хабардар ету – борышкердің немесе оның өкілінің жеке қол қоюымен жазбаша, берілгендігі туралы хабарламасы бар тапсырысхатпен, ұялы байланыстың абоненттік нөмірі бойынша қысқаша мәтіндік хабарламасы бар телефонограммамен, телеграммамен, электрондық мекенжай бойынша, сондай-ақ хабарландырудың тіркелуін қамтамасыз ететін өзге де байланыс құралдарын пайдаланып хабардар ету;
      5) ұйымдастырушы – аумақтық орган немесе жеке сот орындаушысы келісім жасасқан электрондық аукционды өткізуді жүзеге асыратын мамандандырылған сауда ұйымы;
      6) жеңімпаз – аукциондағы затқа ең жоғары баға ұсынған аукционның қатысушысы;
      7) сатып алушы – сатушымен сатып алу-сату шартын жасасқан және мүлікті сатып алу құнын төлеген тұлға;
      8) сатушы – сот орындаушысы;
      9) аукцион (сауда-саттық) заты – сауда-саттыққа қойылатын, борышкерлердің атқарушылық іс жүргізу шеңберінде сот орындаушысы тыйым салған, мемлекеттік тіркеуге жататын және (немесе) құны мың айлық есептік көрсеткіштен асатын мүліктен басқа, заң бойынша айналымнан алынған кез келген жылжымалы және жылжымайтын мүлік;
      10) лот – аукционның бірыңғай бөлінбейтін заты ретіндегі заттар кешені (немесе бір зат);
      11) мүлікті сатып алу құны – жеңімпаз аукцион хаттамасына сәйкес соған мүлікті сатып алуға ниет білдірген сома;
      12) бастапқы баға – тыйым салынған мүлікті сату бойынша аукцион басталатын лоттың бағасы;
      13) аумақтық орган - Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау комитеті Астана, Алматы қалаларының, облыстардың Сот актілерін орындау департаменті;
      14) уәкілетті орган – Қазақстан Республикасы Әділет министрлігі Сот актілерін орындау комитеті;
      15) бағаның өзгерту қадамы – сатылатын мүліктің бағасын өсіру немесе төмендету мөлшері;
      16) электрондық сауда-саттық алаңының операторы (оператор) – Ортақ пайдаланудың ақпараттық жүйесі интернет желісінде жарияланғанның заңды құқықтық иесі болып табылатын заңды тұлға, оны пайдалану арқылы тұлғалар тыйым салынған мүліктің электрондық аукциондарына ақпараттық алмасу арқылы қатысады;
      17) сәйкестендіру коды (сәйкестендіргіш) - электрондық сауда алаңы электрондық аукционның әлеуетті қатысушыларына оларды сәйкестендіру үшін беретін электронды цифрлық нышандар жиынтығы;
      18) электрондық аукцион қатысушысы - электрондық аукционға қатысуға ниет білдірген, сәйкестендіру коды беріле отырып, электрондық аукцион қатысушыларының тізіліміне өтінімінің қабылданғаны және енгізілгені туралы аукцион ұйымдастырушысының шешімін алған жеке немесе заңды тұлға;
      19) электрондық құжат - өзіндегі ақпарат электронды-цифрлық нысанда ұсынылған және электронды цифрлық қолтаңба арқылы куәландырылған құжат;
      20) электрондық сауда алаңының техникалық істен шығуы - тым болмағанда бір қатысушының электрондық аукцион рәсіміне қатысуының техникалық мүмкіндігін жоққа шығаратын және/немесе электрондық аукцион алаңы операторының қызметкерлеріне электрондық аукцион өткізуге қызмет көрсетуді орындаудың техникалық мүмкіндігін жоққа шығаратын электрондық сауда алаңының жұмысқа қабілеттілігінің бұзылуы;
      21) электронды цифрлық қолтаңба (ЭЦҚ) - электрондық цифрлық қолтаңба құралдарымен жасалған және электрондық құжаттың дұрыстығын, оның тиесілігін және мазмұнының өзгермейтіндігін растайтын электрондық цифрлық нышандар терімі.
      3. Сауда-саттық жүргізуге дайындық мына мәселелерді қамтиды:
      1) аукционға қойылатын тыйым салынған мүліктің тізбесін, тұрған жерін айқындау;
      2) аукционды өткізу әдісін айқындау;
      3) аукционның әрбір лотының бастапқы құнын айқындау;
      4) аукцион өтетін күн мен уақытын белгілеу;
      5) бұқаралық ақпарат құралдарында алдағы аукцион туралы хабарландыру мәтінін және уәкілетті органның интернет-ресурсына мүлік тізімін дайындау;
      6) атқарушылық іс жүргізу тараптарын, кепіл ұстаушыны аукционды өткізу күні мен уақыты туралы хабардар ету.
      4. Өткізілгелі жатқан электрондық аукцион туралы хабарландыру аукцион өткiзiлгенге дейін кемінде он күнтізбелік күн бұрын Қазақстан Республикасының барлық аумағында таратылатын ресми хабарламаларды жариялау құқығы бар мерзімді баспа басылымдарында қазақ және орыс тілдерінде жарияланады.
      5. Борышкердің мүлкін электрондық аукционда сату кезінде мемлекеттік сот орындаушысы мүлік тізімін аумақтық органның интернет-ресурсында, ал жеке сот орындаушысы жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасының интернет-ресурсында жариялайды.
      6. Аукцион өткізу туралы хабарландыру мынадай мәліметтерді қамтиды:
      1) электрондық аукцион өткізу туралы тақырып;
      2) мүлкі сатылатын борышкердің атауы;
      3) қосымша ақпарат алу үшін аукцион ұйымдастырушысының, аумақтық органның немесе жеке сот орындаушыларының өңірлік алқасының телефондар нөмірлері, мекенжайлары мен интернет-ресурсының электрондық мекенжайы;
      4) электрондық аукцион өтетін күні мен уақыты;
      5) аукционға қатысу үшін өтінімдерді қабылдау уақыты мен мерзімі;
      6) бірыңғай электрондық сауда-саттық алаңының және уәкілетті органның интернет ресурсы;
      7) аукционға қатысу үшін кепілдік жарна мөлшері және аумақтық органның кепілақы аударылуы тиіс ағымдағы бақылаудағы қолма-қол ақша шотының немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотының деректемелері;
      7. Электрондық аукциондарда мәміле жасасу заттары мыналар болуы мүмкін:
      1) мемлекеттік тіркеуге жататын мүлік (жылжымайтын мүлік, автокөлік құралы);
      2) тарихи немесе шығармашылық құны бар заттар;
      3) құны 1000 АЕК аспайтын өзге мүлік.
      8. Электрондық аукциондарды өткізу үшін өтінімдерді ұйымдастырушы сот орындаушысынан қабылдайды.
      9. Ұйымдастырушы электрондық аукционға шығарылған мүлік туралы ақпаратқа БЭСА қызметін регламенттейтін ақпаратқа кедергісіз қол жеткізуді қамтамасыз етеді.
      10. Ұйымдастырушы электрондық аукциондар қатысушыларының өтінімдерін БЭСА интернет-ресурсында қабылдауды және тіркеуді жүзеге асырады. Электрондық аукцион өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген қабылдау және тіркеу мерзімі өткеннен кейін түскен өтінімдер қаралмайды.
      11. Электрондық аукцион барысында электрондық аукционға қатысуға кедергі келтіретін БЭСА техникалық істен шығу туындаған кезде оператор БЭСА техникалық істен шығуы фактісін тіркейді және ол жөнінде барлық қатысушыларға хабарлайды.
      12. Бірыңғай электрондық сауда-саттық алаңының операторы тарапынан электрондық аукцион өткізуге немесе электрондық аукцион өткізу рәсіміне кедергі келтіретін БЭСА техникалық істен шығу фактісі болған жағдайда оператор қатысушыларды осы электрондық аукционның жалғасатын күні мен уақыты туралы алдын ала міндетті түрде электрондық хабардар ете отырып, техникалық істен шығуды түзеткен күннен кейін келесі үш жұмыс күнінің біріне электрондық аукционды ауыстырады.
      13. Аукционға қатысушы интернетке шығу мүмкіндігінің болмауына және операторға байланысы жоқ өзге себептерге байланысты электрондық сауда алаңына кіре алмаса, БЭСА онлайн режимінде екіден кем емес қатысушы болса, онда оның қатысуысыз өтеді.
      14. Бірдей лот бойынша сауда-саттықтарға қатысу үшін бір-бірімен жақын туыстық қатынастардағы тұлғалар, сондай-ақ аффилирленген тұлғаларымен заңды тұлғалар жіберілмейді. Ұйымдастырушы сауда-саттықтар басталмас бұрын барлық қатысушылардан осындай байланыстарының жоқтығы туралы электрондық тілхат алады.
      15. Электрондық аукционға қатысу үшін ниет білдірген тұлғалар оператордың интернет-ресурсында қатысушы ретінде тіркелуі үшін электрондық құжат нысанында осы Қағидалардың 1-қосымшасына сәйкес Халыққа қызмет көрсету орталығында Ұлттық куәландыру орталығы берген электрондық цифрлық қолтаңбаны пайдалана отырып, электрондық аукционға қатысу өтінімін мынадай құжаттардың электрондық көшірмелерін қоса ұсынып,оператордың және уәкілетті органның интернет-ресурсында көрсетілген мекенжай бойынша жібереді:
      1) жеке тұлғалар үшін:
      төлқұжат/жеке куәлік;
      Қазақстан Республикасының жеке сәйкестендіру нөмірі бар құжат;
      электрондық аукционға қатысушының кепілдік жарна сомасын аударуын растайтын банктің белгісі бар төлем құжаты;
      2) заңды тұлғалар үшін:
      заңды тұлғаның мемлекеттік тіркелгені туралы анықтама;
      Қазақстан Республикасының бизнес сәйкестендіру нөмірі бар құжат;
      электрондық аукционға қатысушының кепілдікті жарнаны аударғанын растайтын банктің белгісі бар төлем құжаты.
      Осы тармақтың электрондық аукционға қатысушының кепілдік жарнаны аударғанын растайтын төлем құжатын ұсыну туралы талабы мүлкін сату бойынша атқарушылық құжаттың өндіріп алушысы болып табылатын аукцион қатысушысына қатысты емес.
      16. Электрондық аукционға қатысу үшін кепілдік жарна лоттың бастапқы бағасының бес пайызы мөлшерінде белгіленеді және аумақтық органның қолма-қол ақшаны бақылау шотына немесе жеке сот орындаушысының ағымдағы шотына енгізіледі.
      17. Электрондық аукционға қатысушылар:
      1) хабарландыруда көрсетілген деректемелер бойынша ұйымдастырушымен байланысу арқылы мүлік жөнінде қосымша мәліметтер алады;
      2) аукционда сатылатын мүлікті алдын ала қарайды;
      3) электрондық аукцион басталғанға дейін жиырма төрт сағаттан кешіктірмей электрондық аукционға қатысудан өтінімін қайтарып алғандығы туралы хабарлап, осы Қағидалардың 2-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өзінің өтінімін қайтарып алады.
      18. Сәйкестендіргіш және ЭЦҚ арқылы БЭСА-да орындалған барлық іс-әрекеттер электрондық аукционға қатысушының атынан жүргізілген деп есептеледі.
      19. Ұйымдастырушы түскен электрондық аукционға қатысуға арналған өтінімдерді қарастырады және келесі жұмыс күні ішінде, электрондық аукцион басталғанға дейін жиырма төрт сағаттан кешіктірмей аукционға қатысушылардың тізіліміне өтінімді қабылдау не қабылдаудан бас тарту туралы шешім қабылдайды. Электрондық аукционға қатысушылардың тізіліміне өтінімнің қабылданғаны және енгізілгені туралы шешім қатысушының жеке кабинетінде көрсетіледі және қатысушының электрондық аукционға жіберілу құқығын береді.
      Өтінімнің қабылданбағаны туралы шешім қатысушының жеке кабинетінде көрсетіледі. Қатысушы ескертулерді жойғаннан кейін аукционға қатысу өтінімін және құжаттарды аукцион басталғанға дейін жиырма төрт сағаттан кешіктірмей қайта бере алады.
      20. Өтінімді берудің белгіленген нысанын және мерзімін бұзу, сондай-ақ осы Қағидаларда белгіленген құжаттар мен ақпаратты бермеу өтінімді қабылдаудан бас тарту үшін негіздер болып табылады.
      21. Электрондық аукциондарға қатысу үшін электрондық сауда-саттық алаңының пайдаланушысы әлеуетті қатысушы ретінде тіркеу рәсімін орындауы тиіс. Пайдаланушы – жеке тұлға, өз атынан немесе заңды тұлға атынан аукционға қатыса алады. Тіркеу кезінде пайдаланушының жеке деректерінің көзі ЭЦҚ болып табылады. Тіркеуден кейін пайдаланушыға БЭСА сәйкестендіру коды беріледі, ол жеке кабинетке кірудің логины болып табылады және БЭСА пайдаланушының атының орнына қолданады. Жеке кабинетке кіру үшін парольді қатысушы өзі береді.
      22. Электрондық аукцион қатысушыларының тізілімін оператор электрондық форматта жүргізеді және мынадай ақпаратты қамтиды:
      1) қатысушылардың атын, әкесінің атын(болған кезде),тегін не атауын көрсете отырып, лоттың қабылданған өтінімдерінің тізімі;
      2) қатысушылардың атын әкесінің атын (болған кезде),тегін не атауын көрсете отырып, лоттың кері қайтарып алынған өтінімдерінің тізімі;
      3) бас тарту негіздерін көрсете отырып, электрондық аукционда лотқа қатысуға жіберуден бас тартылған қатысушылардың атының, әкесінің атының (болған кезде), тегінің тізімі.
      Электрондық аукционға қатысушылардың тізілімінде, сондай-ақ мынадай мәліметтер көрсетілуі тиіс: электрондық аукцион қатысушысының сәйкестендіру нөмірі, өтінім берілген лоттың атауы мен нөмірі, өтінімдерді қабылдау күні мен уақыты.
      23. Ұйымдастырушы өтінімдер мен оларға қоса берілетін құжаттардың сақталуын, сондай-ақ олардың құпиялығын қамтамасыз ету жөнінде шаралар қабылдайды.
      Аукцион қатысушылары лот бойынша аукционға қатысу үшін тіркелген және қабылданған кезде басқа қатысушалырды сәйкестендіру коды арқылы ғана көре алады.
      24. Электрондық аукцион тек БЭСА-да демалыс және мереке күндерін қоспағанда, бес күндік жұмыс аптасы кезеңінде өтеді.
      Электрондық аукцион Астана қаласының уақытымен сағат 10:00-ден бастап түскі үзіліссіз соңғы қорытындыға дейін жалғасады.
      25. Электрондық аукцион басталған сәтке дейін лот бойынша екіден кем қатысушы тіркелсе электрондық аукцион өтпеді деп танылады, ол туралы сот орындаушысы және электрондық сауда-саттық алаңының операторы қол қоятын осы Қағиданың 3-қосымшасына сәйкес нысандағы хаттама ресімделеді.
      26. Электрондық аукционды өткізу күні қатысушылар сәйкестендіру құралын пайдалана отырып, БЭСА-ға кіруі тиіс. Электрондық аукцион ұйымдастырушы жариялаған уақытта басталады.
      27. Бірінші аукционды өткізген кезде жоғарғы баға ұсынымын мына жолмен анықтайды:
      мүлік бағасы мыңнан үш мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткішті құраған кезде – бес пайыз;
      мүлік бағасы үш мыңнан алты мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткішті құраған кезде – төрт пайыз;
      мүлік бағасы алты мыңнан жиырма мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткішті құраған кезде – үш пайыз;
      мүлік бағасы он екі мыңнан он сегіз мыңға дейінгі айлық есептік көрсеткішті құраған кезде – екі пайыз және отыз миллион теңгеден жоғары болған жағдайда – бір пайыз.
      Қайталама аукционды өткізген кезде оның бастапқы бағасынан бірыңғай төмендеу қадамы үш пайызды құрау қажет.
      28. Электрондық аукционның әдісіне қарамастан, аукцион борышкердің мүлкін сатуға беру туралы қаулыда көрсетілген мүліктің бағалау құнынан басталады.
      29. Мүліктің құнын көбейту әдісімен электрондық аукцион мына тәртіпте жүзеге асырылады:
      1) егер электрондық аукцион басталғаннан кейін бес минут ішінде БЭСА бетінде қатысушылардың бірде бірі бастапқыдан бір қадамға жоғары баға бойынша лотты сатып алуға өзінің ниетін растамаса, электрондық аукцион өтпеді деп танылады, ол туралы Электрондық аукцион ұйымдастырушысы қол қоятын хаттама ресімделеді;
      2) егер электрондық аукцион басталғаннан бес минут ішінде БЭСА бетінде бір қатысушы бастапқы бағадан бір қадамға жоғары баға бойынша лотты сатып алуға өзінің ниетін растаса, онда аталған қатысушының идентификаторы БЭСА көрсетіледі және лоттың бағасы белгіленген қадаммен көбейеді;
      3) егер белгіленген қадамға баға көбейгеннен кейін бес минуттың ішінде бастапқы баға бойынша лотты сатып алуға өзінің ниетін растаған қатысушыдан басқа қатысушы расталған сәтке белгіленген баға бойынша лот сатып алуға өзінің ниетін растаса, онда лоттың бастапқы бағасы белгіленген қадаммен көбеюін жалғастырады;
      4) мүліктің бағасын кезекті қадамға көбейткеннен кейін бес минуттың ішінде соңғы болып мүлікті сатып алуға өзінің ниетін растаған қатысушыдан басқа қатысушылардың бірде біреуі лотты сатып алуға өзінің ниетін білдірмесе, онда соңғы болып мүлікті сатып алуға өзінің ниетін растаған қатысушы жеңімпаз деп танылады;
      5) мүліктің құнын көбейту әдісімен лот бойынша электрондық аукцион аукцион қатысушылардың біреуі ең жоғары баға ұсынғанға дейін жүреді;
      6) аукцион өткен күннен бастап бес жұмыс күні ішінде мүлікті сатып алушы сатып алу құнын бермесе, аукцион жеңімпазынан кейін жоғары бағаны ұсынған аукционның келесі қатысушысына ұйымдастырушы аукционда ұсынған бағасына мүлікті сатып алу туралы өтініш беру мүмкіндігі жөнінде хабарлайды. Тиісті өтініш хабарлама алынғаннан кейін күнтізбелік бес күн ішінде ұйымдастырушыға беріледі. Сатып алу құнын аукционның екінші қатысушысы ұйымдастырушының хабарламасын алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде береді.
      30. Электрондық аукцион мынадай жағдайда өтпеді деп жарияланады:
      1) егер оператор электрондық аукциоға екiден кем қатысушының қатысуына жол берсе;
      2) егер қатысушылардың ешқайсысы мүлiктiң бастапқы бағасына үстеме жасамаса;
      3) егер сатып алушы тыйым салынған мүліктің толық сатып алу құнын аукцион өткен күннен бастап бес күн ішінде енгізбесе, ал аукционның ең жоғарғы сатып алу бағасын ұсынған екінші қатысушысы өзінің сауда-саттыққа шығарылған мүлкін сатып алу мүмкіндігін пайдаланбаса;
      4) сауда-саттыққа екінші қатысушысы осы Қағидалардың 38-тармағында көзделген жағдайларда өзі жариялаған сатып алу бағасын он жұмыс күндік мерзімде енгізбесе.
      Мемлекеттік сот орындаушысы «Мемлекеттік сот орындаушыларының қаулыларының үлгілік нысанын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2013 жылғы 19 сәуірдегі № 127 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8429 тіркелген) (бұдан әрі - № 127 бұйрық) 26-қосымшасына сәйкес нысанда, жеке сот орындаушысы «Жеке сот орындаушыларының қаулыларының үлгілік нысанын бекіту туралы» Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2011 жылғы 20 қаңтардағы № 18 бұйрығының (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 6755 тіркелген) (бұдан әрі - № 18 бұйрық) 26-қосымшасына сәйкес нысанда электрондық аукционды өтпеді деп тану туралы тиісті қаулы шығарады, ол БЭСА жарияланады.
      31. Алғашқы сауда-саттық өтпеді деп жарияланған жағдайда өндіріп алушыға бастапқы құны бойынша мүлікті өзіне қалдыру құқығы беріледі, ол туралы тиісті қаулы шығарылады.
      32. Өндіріп алушылар ретінде екі және одан көп бір кезекті өндіріп алушылар әрекет ететін атқарушылық іс жүргізу бойынша тыйым салынған мүлік әрбір өндіріп алушыға бара-бар тиесілі сомада мүлікті сатудан алынған ақшалай қаражатты бөлу жолымен барлық өндіріп алушылардың талаптарын қанағаттандыру үшін электрондық аукциондарға қойылады. Осы атқарушылық іс жүргізулер бойынша сатудың барлық сатысында өндіріп алушыларға мүлікті заттай қабылдап алу туралы ұсыныс жасалмайды.
      33. Өндіріп алушыға мүлікті меншігіне қабылдау құқығы берілген жағдайда оған он бес жұмыс күні ішінде жауап берілмесе, мүлікті меншікке қабылдаудан бас тартатындығын білдіретіндігі жөнінде жазбаша түсіндіріледі.
      34. Өндіріп алушыға мүлікті берген кезде өндіріп алушы борышкердің мүлкінің құнынан атқарушылық әрекеттерді жасау бойынша шығындардың және жеке сот орындаушысы қызметінің төлемінің берілген мүлік құнымен мөлшерлес сомасын өтейді. Аталған сома кейін борышкерден өндіріліп алынады.
      35. Электрондық аукцион өтпеді деп танылған және өндіріп алушының мүлікті өзіне қалдырудан бас тартқан жағдайда сот орындаушысы Заңмен және осы Қағидалармен белгіленген тәртіпті сақтай отырып, қайталама аукцион белгілейді, ал өндіріп алушыға қайталама аукционға қатысу құқығы беріледі.
      36. Мүліктің құнын төмендету әдісімен электрондық аукцион мына тәртіпте жүзеге асырылады:
      1) егер аукцион басталғаннан бес минуттың ішінде қатысушылардың бірде біреуі электрондық аукционда лот сатып алуға өзінің ниетін растамаса, онда лоттың бастапқы бағасы осы Қағидалардың 27-тармағымен белгіленген қадамға азайтылады;
      2) егер баға азайтылғаннан кейін бес минуттың ішінде қатысушылардың бірде біреуі лотты сатып алуға өзінің ниетін растамаса, онда лоттың соңғы жарияланған бағасы белгіленген қадаммен төмендейді;
      3) егер бес минуттың ішінде бір қатысушы ғана растау сәтіне белгіленген баға бойынша лотты сатып алуға ниетін растаса, онда ол жеңімпаз деп танылады, ал электрондық аукцион өтті деп танылады.
      37. Электрондық аукционның қорытындысы бойынша осы Қағиданың 3-қосымшасына сәйкес нысанда электрондық аукцион қорытындысы туралы хаттама ресімделеді, оған аукцион аяқталғаннан кейін алпыс минут ішінде ЭЦҚ арқылы электрондық аукционның жеңімпазы, сот орындаушысы және электрондық сауда-саттық алаңының операторы қол қояды. Өткен электрондық аукционның қорытындысы туралы хаттама сатып алу-сату шартын жасасу үшін, оның ішінде электрондық аукционның қорытындысы туралы хаттамаға қол қоймаған аукцион жеңімпазы үшін негіз болып табылады.
      38. Аукцион қорытындысы бойынша сатып алынған мүліктің құны төленгеннен кейін сот орындаушысы мен аукционда мүлікті сатып алушының арасында сатып алу-сату шарты жасалады.
      Көрсетілген шарт сатып алушының мемлекеттік органдардан мүлікті алу үшін меншік құқығын тіркеуге негіз болып табылады.
      Мүлікті сатып алушы бес жұмыс күні ішінде сатып алу бағасын енгізбесе, сауда-саттықты ұйымдастырушы немесе жеке сот орындаушысы аукционның келесі қатысушысына үш жұмыс күні ішінде мүлікті өзінің сауда-саттық жариялаған бағасы бойынша сатып алуға арыз беру мүмкіндігі туралы хабарлайды. Тиісті арыз ұйымдастырушыға хабарламаны алған күнінен бастап күнтізбелік бес күн ішінде беріледі. Аукционның екінші қатысушысы ұйымдастырушының хабарламасын алғаннан кейін бес жұмыс күні ішінде сатып алу бағасын енгізеді.
      39. Электрондық аукцион жеңімпазының кепілдік жарна лотты сатып алу бағасының шотына есепке алынады. Қалған қатысушылардың, сондай-ақ электрондық аукционға қатысу туралы өтінімдерін қайтарып алған қатысушылардың енгізген кепілдік жарналар аукцион өткізілгеннен кейін бес жұмыс күні ішінде қайтарылуға жатады.
      40. Қайталама сауда-саттық өтпеді деп жарияланғанда өндіріп алушыға жазбаша нысанда бастапқы құнынан (бағасынан) жиырма пайызға төмендетілген бағамен борышкердің мүлкін өзіне қалдыру ұсынылады. Сот орындаушысы № 127 немесе № 18 бұйрықтың 26-қосымшасына сәйкес нысан бойынша қайталама сауда-саттықты өтпеді деп тану туралы тиісті қаулы шығарады.
      41. Өндіріп алушы борышкердің мүлкін соңғы жарияланған бағамен өзіне қалдырудан жазбаша бас тартса немесе он бес жұмыс күні ішінде жауап бермесе, сот орындаушысы борышкердің өзге мүлкі болмаса оны қайта бағалау және одан әрі сату шараларын қабылдайды.

Қазақстан Республикасы     
Әділет министрінің       
2014 жылғы 27 наурыздағы    
№ 125 бұйрығымен бекітілген 
Электрондық аукцион нысанында 
тыйым салынған мүлікті    
сату бойынша сауда-саттықтарды
өткізу қағидаларына 1-қосымша 

Нысан

Электрондық аукционға қатысу
ӨТІНІМІ

      1. ____________________________________________________________
(заңды тұлға үшін - толық атауы, мекенжайы, банк деректемелері;
жеке тұлға үшін – аты, әкесінің аты, тегі тұрғылықты мекенжайы)
(бұдан әрі - қатысушы):

р/с

лот

Электрондық аукцион лотының атауы

Электрондық аукцион өткізілетін күн

Кепілдік берілген жарнаның аударылғаны туралы төлем құжатының деректемелері






      сату бойынша электрондық аукцион өткізу туралы хабарландырумен таныса отырып, Электрондық аукцион нысанында тыйым салынған мүлікті сату бойынша сауда-саттықтарды өткізу қағидаларымен (бұдан әрі - Қағидалар) таныса отырып, _______ жылғы «_____» _________ _____ сағат _____ минутта _______________ интернет ресурсында өткізетін электрондық аукционға қатысуға осы өтінімді қабылдауды сұрайды.
      2. Электрондық аукционға қатысуға осы өтінімді бере отырып, қатысушы Қағидаларда қамтылған электрондық аукцион өткізу талаптарымен келіседі.
      3. Қатысушыны электрондық аукцион жеңімпазы деп таныған жағдайда:
      электрондық аукцион қорытындылары туралы хаттамаға қол қоюға;
      Қағидаларда белгіленген мерзімде Мүлікті сатып алу-сату шартын жасасуға;
      Қағидаларда белгіленген тәртіппен және мерзімде лоттың сатып алу құнын төлеуге келіседі.
      4. Қатысушы электрондық аукционға шығарылған мүлік мемлекеттік не жеке сот орындаушысының тыйым салынған мүлікті сауда-саттыққа қойылу туралы өтінімі негізінде сатылатындығы туралы хабардар және аукционды ұйымдастырушы Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасында көзделген негіздер бойынша мемлекеттік органның электрондық аукционды болдырмауынан немесе электрондық аукционнан мүлікті (лотты) не оның бір бөлігін алып тастауынан қатысушыға келтірілуі мүмкін нұқсан үшін жауапты болмайтынымен келіседі.
      5. Кепілдік жарнаны қайтару үшін қатысушының банк деректемелері:
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________
_____________________________________________________________________

      Қосымшалар: 1. Заңды тұлғаның мемлекеттік тіркеу (қайта тіркеу) туралы анықтаманың электрондық )сканерленген) көшірмесі немесе қатысушы (жеке тұлға) паспортының не жеке куәлігінің көшірмесі.
      2. Қатысушының кепілдік жарна сомасын сауда-саттықты өткізу туралы хабарландыруда көрсетілген банк деректемелеріне аударғанын растайтын банктің белгісі бар төлем құжатының электрондық (сканерленген) көшірмесі.

      Күні ______________
      Қатысушының ЭЦҚ __________________

Қазақстан Республикасы    
Әділет министрінің       
2014 жылғы 27 наурыздағы    
№ 125 бұйрығымен бекітілген 
Электрондық аукцион нысанында 
тыйым салынған мүлікті    
сату бойынша сауда-саттықтарды
өткізу қағидаларына 2-қосымша

Нысан

Электрондық аукционға қатысу өтінімін қайтарып алу туралы
Хабарлама

________________________________________________________ (заңды тұлға
үшін - толық атауы, мекенжайы, банк деректемелері; жеке тұлға үшін –
аты, әкесінің аты, тегі тұрғылықты мекенжайы) _______________________
(электрондық аукционды өткізу күні) белгіленген _______ лот бойынша
электрондық аукционға қатысу өтінімін қайтарып алады.

      Күні ______________
      Қатысушының ЭЦҚ ___________________

Қазақстан Республикасы     
Әділет министрінің       
2014 жылғы 27 наурыздағы    
№ 125 бұйрығымен бекітілген 
Электрондық аукцион нысанында 
тыйым салынған мүлікті    
сату бойынша сауда-саттықтарды
өткізу қағидаларына 3-қосымша

Нысан

Электрондық аукцион қорытындысы туралы хаттама

____________________                        20__ жыл «___» __________
   (өту орны)                                 «___» сағат «___» минут

      Сот орындаушысының ___ жылғы «___» __________ қаулысы негізінде
тыйым салынған, ______________________________________________ туралы
                       (атқарушылық құжат талабының мазмұны)
атқарушылық құжат негізінде _________________________________________
      (сот орындаушысының аты, әкесінің аты (болған жағдайда), тегі)
сот орындаушысы сауда-саттыққа шығарған, ____________________________
(борышкердің аты, әкесінің аты (болған жағдайда), тегі, тұрғылықты
жері немесе орналасқан орны атауы)
борышкерге тиесілі, ____________________ мекенжайы бойынша орналасқан
№ ____________________________________________ лот (_________) бағаға
      (мүліктің қысқаша сипаттамасы) сатылды.
      Жүргізілген аукцион қорытындысы:_______________________________
      Электрондық аукционның жеңімпазы болып танылды:________________
____________________________________________________________________,
(заңды тұлғаның толық атауы, жеке тұлға үшін – аты, әкесінің аты
(болған жағдайда), тегі)
мекенжайы __________________________________, ЖСН/БСН______________.*
Жеңімпаз енгізген кепілді жарнаның мөлшері: _________________________
(__________) теңге.*
      Электрондық аукцион өткізілген күннен бастап бес жұмыс күні
ішінде уәкілетті органның және коммуналдық меншікті басқаруға
уәкілетті органның қолма-қол бақылау шотына лоттың сатып алу құнын
енгізбеген электрондық аукцион жеңімпазы осы лот бойынша электрондық
аукционға одан әрі қатысу құқығынан айырылады.*
      Электрондық аукцион жеңімпазы __________________________ (ЭЦҚ)*
      Электрондық аукцион ұйымдастырушысы _____________________ (ЭЦҚ)
      Сот орындаушысы _________________________________________ (ЭЦҚ)
      *белгіленген абзацтар аукцион жеңімпазын анықтау кезінде көрсетіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады