Борышкердің мүлкін бағалау әдістемесін бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Әділет министрінің 2014 жылғы 31 наурыздағы № 134 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 17 сәуірде № 9332 тіркелді

       «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңының 68-бабы 1-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған борышкердің мүлкін бағалау әдістемесі бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Сот актілерін орындау комитеті (Ж.Б. Ешмағамбетовке) заңнамамен белгіленген тәртіпте:
      1) осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күннің ішінде бұқаралық ақпарат құралдарында ресми жариялауға жолдауды қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Әділет министрінің орынбасары Э. Әзімоваға жүктелсін.
      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр                                         Б. Имашев

Қазақстан Республикасы
Әділет министрінің 
2014 жылғы 31 наурыздағы
№ 134 бұйрығымен бекітілген

Борышкердің мүлкін бағалау әдістемесі

1. Жалпы ережелер

      1. Борышкердің мүлкін бағалау әдістемесі (бұдан әрі – Әдістеме) «Атқарушылық іс жүргізу және сот орындаушыларының мәртебесі туралы» Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 2 сәуірдегі Заңының 68-бабы 1-тармағына сәйкес борышкердің мүлкін бағалауды жүзеге асыру барысында сот орындаушыларына тәжірибелік және әдістемелік көмек көрсету мақсатында әзірленді.
      2. Осы Әдістемеде пайдаланылатын негізгі ұғымдар:
      1) бағалау - мүліктің ықтимал нарықтық немесе өзге құнын анықтау;
      2) бағалау әдісі – бағалау объектісінің нарықтық және өзге құнын белгілеу үшін пайдаланылатын заңдық, қаржы-экономикалық және ұйымдастырушылық-техникалық сипаттағы іс-қимылдар жиынтығы;
      3) нарықтық құн - сатып алушылар үшін осы мүлікке қатысты барлық тиісті ақпарат берілген кезде бәсекелестік жағдайда сатуға болатын есеп айырысу сомасы;
      4) нақты тозу – дизайнының өзгеруімен, дайындау технологиясының, материалдардың, функционалдық пайдалы кемшіліктердің, эксплуатациялық шығындардың жоғарылауымен байланысты және басқадай мүліктің ескіруі (технологиялық немесе функционалдық).
      Технологиялық ескіру техника өндіруге пайдаланылатын, бірінші кезекте техниканың дизайнында, көлемдері мен салмағында айқындалатын дизайн және конструкциялық материалдардың технологиясы саласындағы ғылыми-техникалық прогреспен байланысты.
      Функционалдық ескіру қазіргі және бағаланатын техниканың арасындағы өнімділік пен басқа да қуат сипаттамаларының айырмашылықтарымен айқындалады, ол техниканы өз мақсаты бойынша пайдаланбауға байланысты болады, яғни оны ең тиімді пайдалану принципі бұзылады.

2. Борышкердің мүлкін бағалау

      3. Мүлікті бағалау оның нарықтық және өзге де құны, нақты тозуы, мүлікті сырттай қарау арқылы, оның техникалық және өзге де спецификалық сипаттамасындағы міні мен ақауларының барлығына, сондай-ақ ерекше белгілері (салмағы, метражы, тозу деңгейі, өнімнің маркасы, шығарылған күні немесе жасы (жылы) және өзге де өлшемдері) мен бағалау нысанының ескіруі ескеріле отырып жүзеге асыралады.
      4. Мүлікті бағалауды жүргізу кезінде өндіріп алушы мен борышкер арасында бағалау туралы қол жеткізілген келісімнің барлығы не жоқтығы ескеріледі, ол атқарушылық іс жүргізу тараптарының қатысуымен сот орындаушысының актісімен рәсемделеді.
      5. Сот орындаушысы мүліктің ықтимал нарықтық құнын анықтауды бұқаралық ақпарат құралдарында, интернет-ресурстарда және басқа да ақпарат көздерінде жарияланған ұқсас тауарлардың бағасын есепке алып, олардың өзара айырмашылықтарын ескеретін бағаны тиісті түзетулер жасалғаннан кейін бағалау объектісімен салыстыру үшін жақын арадағы бағалық ұсыныстарды салыстыру, ұқсас объектілерді сату шарттарының салыстырылуына және сараптамалануына негізделген әдіспен жүргізеді.
      6. Бағалау нәтижесі осы Әдістеменің 4-тармағы ескеріле отырып, қаулымен рәсімделеді. Қабылданған шешімді растайтын құжаттар атқарушылық өндірісінің материалдарына тіркеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады