Қазақстан Республикасы Қаржы Министрлігінің Мемлекеттік сатып алу комитеті туралы ережені бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 23 сәуірдегі № 182 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 6 мамырда № 9405 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2016 жылғы 1 маусымдағы № 277 бұйрығымен

      Ескерту. Бұйрықтың күші жойылды - ҚР Қаржы министрінің 01.06.2016 № 277 бұйрығымен.

      «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу комитетін құру туралы және «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлiгiнiң кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2008 жылғы 24 сәуiрдегi № 387 қаулысына өзгерістер мен толықтырулар енгізу» Қазақстан Республикасы Үкiметiнiң 2014 жылғы 2 сәуірдегі № 300 қаулысына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу бойынша комитеті туралы ереже бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Заң қызметі департаменті (М.Б. Әділханов) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты іске асыру мақсатында қажетті шараларды қабылдасын.
      3. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күнінен бастап он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасы
      Премьер-Министрінің орынбасары -
      Қазақстан Республикасы
      Қаржы министрі                             Б. Сұлтанов

Қазақстан Республикасы    
Премьер-Министрінің орынбасары –
Қазақстан Республикасы    
Қаржы министрінің      
2014 жылғы 23 сәуірдегі   
№ 182 бұйрығымен бекітілген 

Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің
Мемлекеттік сатып алу комитеті туралы ереже

1. Жалпы ережелер

      1. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу комитеті (бұдан әрі - Комитет) орталық атқарушы органның құзыреті шегінде бюджеттік бағдарламалар не тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындау саласындағы іске асыру функцияларын жүзеге асыратын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің ведомствосы болып табылады.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 13.04.2015 № 270 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      2. Комитет өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      3. Комитет мемлекеттік мекеменің ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрлері мен мөртаңбалары, белгiленген үлгідегі бланкiлерi, сондай-ақ заңнамаға сәйкес Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігі Қазынашылық комитетінің органдарында шоттары болады.
      4. Комитет өз атынан азаматтық-құқықтық қатынастарда әрекет етеді.
      5. Комитет өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет төрағасының немесе оның міндетін атқарушы тұлғаның бұйрығымен ресімделетін жеке қолданылатын құқықтық актілер шығарады.
      6. Комитеттің құрылымы мен штат санын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігімен келіскеннен кейін Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Жауапты хатшысы бекітеді.
      7. Комитеттің заңды мекенжайы: 010000, Астана қаласы, Сарыарқа ауданы, Жеңіс даңғылы, 11.
      8. Комитеттің толық атауы – «Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Мемлекеттік сатып алу комитеті» мемлекеттiк мекемесi.
      9. Осы Ереже Комитеттің құрылтай құжаты болып табылады.
      10. Комитеттің қызметін қаржыландыру республикалық бюджет қаражаты есебінен жүзеге асырылады.
      11. Комитетке өзiнiң функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында кәсiпкерлiк субъектiлерiмен шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

2. Комитеттің миссиясы, негізгі мiндеттерi, функциялары,
құқықтары мен міндеттері

      12. Комитеттің миссиясы бюджеттік бағдарламалар не тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындау болады.
      Ескерту. 12-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 13.04.2015 № 270 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      13. Бюджеттік бағдарламалар не тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындауды қамтамасыз ету Комитеттің міндеті болып табылады.
      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 13.04.2015 № 270 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      14. Комитеттің функциялары:
      1) бюджеттік бағдарламалар не тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу рәсімдерін орындауды жүзеге асыру;
      2) мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыруға және өткізуге тапсырыс беруші ұсынған, электрондық мемлекеттік сатып алуды жүргізу қағидаларында белгіленген құжаттарды қамтитын тапсырманы қарау;
      3) конкурстық немесе аукциондық құжаттаманы тапсырыс беруші ұсынған тапсырма негізінде әзірлеу және бекіту;
      4) тапсырыс берушінің өкілдері кіретін конкурстық не аукциондық комиссияның құрамын анықтау және бекіту;
      5) конкурстық немесе аукциондық құжаттамаға өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізу;
      6) мемлекеттік сатып алуды өткізу туралы хабарландыруды орналастыру;
      7) тапсырыс берушіге, мемлекеттік сатып алу веб-порталында автоматты түрде тіркелген, мемлекеттік сатып алу туралы шарттың жобасына конкурстық немесе аукциондық құжаттаманы және (немесе) конкурстық немесе аукциондық құжаттаманың техникалық ерекшелігін алған тұлғаларды тіркеу журналына енгізілген тұлғалар тарапынан ұсыныстар мен ескертулерді жіберу;
      8) конкурс немесе аукцион тәсілімен мемлекеттік сатып алу жеңімпазын анықтау;
      9) заңнамаларда көзделген жағдайларда мемлекеттік сатып алудың әлеуетті өнім берушілерін жосықсыз қатысушылар деп тану туралы сотқа қуыну талаптарын жіберу;
      10) конкурстық құжаттама мен аукциондық құжаттаманың ережелерін түсіндіру;
      11) жеке және заңды тұлғалардың өтініштерін қарау функцияларын жүзеге асырады;
      12) мемлекеттік сатып алу саласында тізілімдерді қалыптастыруды және жүргізуді жүзеге асыру;
      13) Қазақстан Республикасы нормативтік құқықтық актілерінің және халықаралық шарттарының жобаларын Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің құзыреті шегінде әзірлеуге қатысу;
      14) адам мен азаматтың құқықтары мен бостандықтарын қозғайтын нормативтік құқықтық актілерді қоспағанда, Комитеттің құзыретіне кіретін мәселелер бойынша және Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің актілерінде оларды бекіту бойынша тікелей құзыреті болған кезде нормативтік құқықтық актілерді бекіту.
      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 13.04.2015 № 270 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      15. Комитеттің құқықтары мен міндеттері:
      1) өз құзыреті шегінде бұйрықтар әзірлеуге және қабылдауға;
      2) шетел жұмыстарының тәжірибесін іс-тәжірибеде пайдалану жөніндегі ұсыныстарды әзірлеуге;
      3) Қазақстан Республикасының Үкіметі айқындайтын бюджеттік бағдарламалар не тауарлар, жұмыстар, көрсетілетін қызметтер бойынша бірыңғай мемлекеттік сатып алуды ұйымдастыру және өткізу үшін тауарларды, жұмыстарды және көрсетілетін қызметтерді мемлекеттік сатып алудың жылдық жоспары, сатып алынатын тауарлардың, жұмыстар мен көрсетілетін қызметтердің техникалық ерекшеліктері, жобалық-сметалық құжаттамасы, мемлекеттік сатып алу туралы шарт жобасы, сарапшыларды немесе сараптамалық комиссияны тарту туралы ақпаратты сұратуға құқылы.

3. Комитеттің мүлкі

      16. Комитеттің жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болады.
      Комитетке бекітіп берілген мүлік республикалық меншікке жатқызылады, оған мемлекет берген мүліктің есебінен қалыптастырылады және негізгі қорлар мен айналым қаражатынан, сондай-ақ құны Комитеттің балансында көрсетілетін өзге де мүліктен тұрады.
      17. Комитеттің өзіне бекітілген мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзге тәсілмен иелік етуге құқығы жоқ.

4. Комитеттің қызметін ұйымдастыру

      18. Комитетті Қазақстан Республикасының Қаржы министрі қызметке тағайындайтын және қызметтен босататын төраға басқарады.
      Комитет төрағасының заңнамада белгіленген тәртіппен Министрліктің жауапты хатшысымен Комитет төрағасының ұсынуы бойынша қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын екі орынбасары болады.
      19. Комитет төрағасы Комитеттің жұмысын ұйымдастырады және оған басшылық етеді және Комитетке жүктелген функциялардың жүзеге асырылуына жеке жауап береді.
      20. Комитет төрағасы:
      1) өзінің орынбасарларының және Комитеттің құрылымдық бөлімшелерінің міндеттерін және өкілеттіктерін айқындайды;
      2) заңнамаға сәйкес Комитет қызметкерлерін қызметке тағайындайды және қызметтен босатады;
      3) заңнамада белгіленген тәртіппен тәртіптік жаза қолданады;
      4) Комитеттің құрылымдық бөлімшелері туралы ережені бекітеді;
      5) Комитеттің Құқықтық қамтамасыз ету басқармасына жетекшілік етеді;
      6) Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің штат санының лимиті шегінде Комитеттің штаттық кестесін бекітеді;
      7) заңнамада белгіленген тәртіппен Комитет қызметкерлерін іссапарға жіберу, оларға демалыс беру, материалдық көмек көрсету, даярлау (қайта даярлау), біліктілігін арттыру, көтермелеу, үстеме төлеу және сыйлықақы беру мәселелерін шешеді;
      8) Комитеттің бұйрықтарына қол қояды;
      9) заңнамаға сәйкес Комитетті барлық мемлекеттік органдарда және өзге ұйымдарда білдіреді;
      10) сыбайлас жемқорлыққа қарсы іс-қимыл бойынша дербес жауапкершілікте болады;
      11) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіктерді жүзеге асырады.
      Ескерту. 20-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 13.04.2015 № 270 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      21. Комитет төрағасы болмаған уақытта оның міндеттерін Қазақстан Республикасы Қаржы министрі анықтайтын орынбасарларының бірі орындайды.

5. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату

      22. Комитетті қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады