Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптарды бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2014 жылғы 26 желтоқсандағы № 299 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 5 ақпанда № 10188 тіркелді.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 23 қазандағы № 701 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 134) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 14.07.2023 № 382 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Индустриялық даму және өнеркәсіптік қауіпсіздік комитеті (А.Қ. Ержанов):

      1) заңнамада белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін бұқаралық ақпарат құралдарында және "Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы" шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының "Әділет" ақпараттық құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интернет-порталында орналастыруды;

      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму вице-министрі А.П.Рауға жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Инвестициялар және даму


министрінің міндетін атқарушы

Ж.Қасымбек

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ______________ Е.Досаев

      2015 жылғы 16 қаңтар

      "КЕЛІСІЛДІ"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      ______________ В.Школьник

      2015 жылғы 12 қаңтар



  Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрі міндетін атқарушының
2014 жылғы 26 желтоқсандағы
№ 299 бұйрығымен
бекітілген

Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар

      Ескерту. Талаптар жаңа редакцияда – ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 31.03.2022 № 92 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2020 жылғы 23 қазандағы № 701 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Төтенше жағдайлар министрлігі туралы ереженің 16-тармағының 134) тармақшасына сәйкес әзірленді.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 14.07.2023 № 382 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      2. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстарды жүргізуге заңды тұлғаларды аттестаттау өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы уәкілетті органның өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы жұмыстардың мынадай түрлерін орындауға заңды тұлғаның құқылығын ресми тануы мақсатында жүргізіледі:

      1) өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу;

      2) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы мамандарды, жұмыскерлерді даярлау, қайта даярлау;

      3) жарылыс жұмыстары саласында сараптама жүргізу;

      4) газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүргізу;

      5) лифтілерді, эскалаторларды, траволаторларды, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға арналған көтергіштерді монтаждауды, техникалық қызмет көрсетуді, техникалық диагностикалауды, техникалық куәландыруды және жөндеуді жүргізу.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 16.08.2022 № 30 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

2-тарау. Өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу құқығына аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар

      3. Мыналарға:

      "Азаматтық қорғау туралы" Қазақстан Республикасы Заңының 71-бабының 2-тармағында көрсетілген қауіпті техникалық құрылғыларға;

      қауіпті өндірістік объектілерде қолданылатын технологияларға, техникалық құрылғыларға, материалдарға (құрылыс материалдарын қоспағанда);

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының Кодексіне сәйкес өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы сараптамаға жататын жобалау құжаттарға өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғада:

      1) өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу үшін нормативтік техникалық құжаттары, оқу-әдістемелік материалдары;

      2) қауіпті техникалық құрылғылардың, технологиялардың, техникалық құрылғылардың, материалдардың өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптарына сәйкестігіне сараптама жүргізуге арналған меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі материалдық-техникалық жарақталуы (сертификатталған аспаптар, өлшеу және бақылау құралдары);

      3) тұрақты жұмысқа рәсімделген, жоғары техникалық білімі және қауіпті өндірістік объектілерде бес жылдан астам практикалық жұмыс тәжірибесі бар және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы даярлаудан және білімін тексеруден өткен кемінде үш маманы;

      4) мамандар және меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі бұзбай бақылау зертханасы болуы тиіс.

      Ескерту. 3-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 01.07.2024 № 254 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.
      4. Алып тасталды - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 01.07.2024 № 254 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

3-тарау. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мамандарды, жұмыскерлерді даярлау, қайта даярлау құқығына аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар

      5. Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мамандарды, жұмыскерлерді даярлау, қайта даярлау құқығына үміткер заңды тұлғада:

      1) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласында мамандарды, жұмыскерлерді даярлауға, қайта даярлауға арналған, нормативтік техникалық құжаттары, оқу-әдістемелік материалдары, құралдары;

      2) өнеркәсіптік қауіпсіздік талаптары бойынша оқу жоспарлары және оқыту бағдарламалары;

      3) оқыту сапасын бақылауды ұйымдастыру жүйесі;

      4) компьютерлік техникамен, көрнекі құралдармен жарақталған меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі оқу сыныптары (аудиториялары), оқушылардың өндірістік практикасына арналған базасы;

      5) жоғары техникалық білімі бар және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы білімін даярлау мен тексеруден өткен кәсіби оқытушылар (мамандар).

      Ескерту. 5-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 01.07.2024 № 254 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

4-тарау. Жарылыс жұмыстары саласында сараптама жүргізу құқығына аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар

      6. Жарылыс жұмыстары саласында сараптама жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғада:

      1) тұрақты жұмысқа рәсімделген, жоғары техникалық білімі және жарылыс жұмыстарында бес жылдан астам практикалық жұмыс тәжірибесі бар және өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы даярлаудан және білімін тексеруден өткен кемінде үш маманы;

      2) жарылыс жұмыстары саласында сараптама жүргізуге арналған сертификатталған аспаптармен, өлшеу және бақылау құралдарымен жарақталған меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі материалдық базасы;

      3) жарылғыш заттарға сынақтар жүргізуге арналған меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі полигоны бар.

5-тарау. Газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсетуді жүргізу құқығына аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар

      7. Газ тұтыну жүйелеріне техникалық қызмет көрсету жөніндегі жұмыстарды жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғада:

      1) тұрақты жұмысқа рәсімделген, техникалық білімі және газбен жабдықтау объектілерінде кемінде үш жыл практикалық жұмыс тәжірибесі бар және газбен жабдықтау жүйесін және қысыммен жұмыс істейтін жабдықты пайдалану барысындағы өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы даярлаудан және білімін тексеруден өткен кемінде бес маманы;

      2) газбен жабдықтау жүйелерін зерттеп-қарау, техникалық құрылғыларды, материалдарды пайдаланудың қалдық мерзімін анықтау бойынша есептемелер жүргізу және газбен жабдықтау жүйелерінің өнеркәсіптік қауіпсіздік сараптамасын жүргізу әдістемесі;

      3) меншік құқығындағы немесе өзге заңдық негіздегі өндірістік ғимараттар мен жабдықтары (цех, шеберхана), станок паркі, механизмдері, құрал-саймандары, бақылау-өлшеу аспаптары;

      4) мыналарды:

      көрсетілетін қызметтер сапасын өндірістік бақылауды;

      метрологиялық бақылауды (бақылау-өлшеу аспаптарын жөндеу және оларға қызмет көрсету жөніндегі мамандар, бұзбай бақылау әдістерінің мамандары мен аспаптары) қамтамасыз ететін қызметі бар.

6-тарау. Лифтілерді, эскалаторларды, траволаторларды, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға арналған көтергіштерді монтаждауды, техникалық қызмет көрсетуді, техникалық диагностикалауды, техникалық куәландыруды және жөндеуді жүргізу құқығына аттестатталатын заңды тұлғаларға қойылатын талаптар

      Ескерту. 6-тараудың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 16.08.2022 № 30 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      8. Бір немесе бірнеше қауіпті техникалық құрылғыларды (лифтілер, эскалаторлар, траволаторлар, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға арналған көтергіштерді) монтаждау жұмыстарын жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғада:

      1) өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы даярлаудан және білімін тексеруден өткен жоғары техникалық білімі бар кемінде бір маманы (не жоғары білімі және осы саладағы еңбек өтілі бес жылдан кем емес бір маманы) және орта техникалық білімі бар екі маманы немесе жоғары техникалық білімі бар екі маманы (не жоғары білімі және осы саладағы еңбек өтілі бес жылдан кем емес екі маманы);

      2) жоғары техникалық білімі бар жұмыскерлер үшін жұмыс өтілі екі жылдан кем емес; орта техникалық білімі бар жұмыскерлер үшін үш жылдан кем емес;

      3) меншік құқығына немесе өзге де заңды негізге жататын өндірістік үй-жайлары, ғимараттары мен құрылыстары;

      4) монтаждау жұмыстарын жүргізуге қажетті құрылыс механизмдері, көлік құралдары, технологиялық жарақтау құралдары, қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралдары, бақылау және өлшеу құралдары:

      жұмыстарды орындауға арналған құралдары, механизмдері мен құрылғылары (дәнекерлеу аппараты, монтаждау шығыры, жүк қапсыру құрылғылары, слесарлық құрал-сайман, биіктіктегі жұмыстарды жүргізуге арналған жеке қорғаныш құралдары);

      5) заңды тұлғада орындалатын монтаждау жұмыстарының сапасын қамтамасыз ету үшін ішкі құжаттары;

      6) заңды тұлғада мамандар мен жұмыскерлерді даярлау, қайта даярлау жөніндегі мамандандырылған ұйыммен жасалған шарты бар.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 16.08.2022 № 30 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      9. Бір немесе бірнеше қауіпті техникалық құрылғыларды (лифтілер, эскалаторлар, траволаторлар, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға арналған көтергіштерді) жөндеу және (немесе) техникалық қызмет көрсету жұмыстарын жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғада:

      1) Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы даярлаудан және білімін тексеруден өткен жоғары техникалық білімі бар кемінде бір маманы немесе жоғары білімі бар және осы саладағы жұмыс өтілі бес жылдан кем емес бір маманы;

      2) Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы даярлаудан және білімін тексеруден өткен орта техникалық білімі бар кемінде бір маманы бар;

      3) жоғары техникалық білімі бар жұмыскерлер үшін екі жылдан кем емес үздіксіз жұмыс өтілі;

      4) орта техникалық кәсіптік білімі бар жұмыскерлер үшін кемінде үш жыл үздіксіз еңбек өтілі;

      5) меншік құқығына немесе өзге де заңды негізге жататын өндірістік үй-жайлары, ғимараттары мен құрылыстары;

      6) техникалық қызмет көрсету және жөндеу бойынша жұмыстарды жүргізуге қажетті механизмдері, көлік құралдары, технологиялық жарақтау құралдары, қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралдары, бақылау және өлшеу құралдары:

      тиісті жұмыс түрлерін орындауға арналған құралдары, механизмдері мен құрылғылары (монтаждау шығыры, слесарлық құрал-сайман, бақылау-өлшеу аспаптарының жинағы, биіктіктегі жұмыстарды жүргізуге арналған жеке қорғаныс құралдары);

      7) авариялық-диспетчерлік қызметі:

      мамандарға еңбек шарттары және бұйрықтар (екі электр механигінен кем емес);

      меншік құқығындағы немесе жалға алу шарты бойынша көлік құралы;

      меншік құқығындағы немесе жалға алу шарты бойынша диспетчерлік бақылау пункті;

      8) заңды тұлғада техникалық қызмет көрсету және (немесе) жөндеу жұмыстарын жүргізу үшін техникалық құжаттары;

      9) заңды тұлғада мамандар мен жұмыскерлерді даярлау, қайта даярлау жөніндегі мамандандырылған ұйыммен жасалған шарты бар.

      Ескерту. 9-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 16.08.2022 № 30 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.

      10. Бір немесе бірнеше қауіпті техникалық құрылғыларды (лифтілер, эскалаторлар, траволаторлар, сондай-ақ мүгедектігі бар адамдарға арналған көтергіштерді) техникалық диагностикалау, техникалық куәландыру жұмыстарын жүргізу құқығына үміткер заңды тұлғада мыналар бар:

      1) Өнеркәсіптік қауіпсіздік саласындағы даярлаудан және білімін тексеруден өткен жоғары техникалық білімі бар кемінде бір маманы, орта техникалық білімі бар кемінде бір маманы;

      2) жоғары техникалық білімі бар мамандардың жүк көтергіш механизмдерді, экскалаторларды, траволаторларды, мүгедектігі бар адамдарға арналған көтергіштерді монтаждаумен және пайдаланумен байланысты жұмыстарды атқаратын құрылыс саласындағы құрылымдық бөлімшелердің басшылары лауазымында жұмыс тәжірибесі және осы лауазымда кемінде үш жыл жұмыс өтілі бар.

      Орта техникалық білімі бар мамандар өздерінің еңбек қызметін жүк көтергіш механизмдермен, экскалаторлармен, траволаторлармен, мүгедектігі бар адамдарға арналған көтергіштермен байланысты жүзеге асырады және осы лауазымда кемінде бір жыл жұмыс өтілі бар.

      3) меншік құқығына немесе өзге де заңды негізге жататын өндірістік үй-жайлары, ғимараттары мен құрылыстары;

      4) технологиялық жарақтау құралдары, қауіпсіздікті қамтамасыз ету құралдары, лифтілерді, эскалаторларды, траволаторларды және мүгедектігі бар адамдарға арналған көтергіштерді техникалық куәландыру жұмыстарын жүргізуге қажетті құралдары:

      бақылау сынақ жүктері;

      бағыттаушыларды бақылауға арналған құрылғылары;

      динамометриялық кілті;

      бақылау-өлшеу аспаптарының жинағы;

      жеке қорғаныш құралдары;

      5) техникалық құрылғының түрі мен типіне байланысты дайындаушы зауыттың техникалық құжаттамасы бар.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Төтенше жағдайлар министрінің 16.08.2022 № 30 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейiн күнтізбелік алпыс күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi) бұйрығымен.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады