Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ерекше жағдайлар режимін енгізу қағидасын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2014 жылғы 14 тамыздағы № 510 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 16 қыркүйекте № 9733 тіркелді.

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 5-т. қараңыз.

      Қазақстан Республикасының 2014 жылғы 5 шілдедегі Қылмыстық-атқару кодексінің 16-бабы 1-тармағының 7) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Осы бұйрыққа қосымшаға сәйкес Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ерекше жағдайлар режимін енгізу қағидасы бекітілсін.

      2. "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі қылмыстық-атқару жүйесінің кейбір мәселелері туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2012 жылғы 29 наурыздағы № 182 бұйрығының 1-тармағы 1) тармақшасының (Нормативтік кұқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде 2012 жылғы 8 мамырдағы № 7630 болып тіркелген, "Егемен Қазақстан" газетінің 2012 жылғы 31 қазандағы, 2012 жылғы 7 қарашадағы № 375-376, 383-384 (27194-27195, 27202-27203, 27204-27206), 2012 жылғы 8 қарашадағы № 388-389 (27207-27208) жарияланған) күші жойылды деп танылсын.

      3. Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитеті (Б.М. Бердалин):

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді және оны кейіннен ресми жариялауды;

      2) осы бұйрықты белгіленген тәртіпте "Әділет" ақпараттық құқықтық жүйесіне және ресми ақпараттық бұқаралық құралдарына жариялауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсына орналастыруды қамтамасыз етсін.

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің Қылмыстық-атқару жүйесі комитетіне (Б.М. Бердалин) жүктелсін.

      5. Осы бұйрық оны бірінші ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткеннен кейін қолданысқа енгізіледі, бірақ 2015 жылғы 1 қаңтардан ерте емес.

      Министр
      полиция генерал-лейтенанты Қ. Қасымов

  Қазақстан Республикасы
  Ішкі істер министрінің
  2014 жылғы 14 тамыздағы
  № 510 бұйрығымен бекітілген

Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ерекше жағдайлар
режимін енгізу қағидалары

      1. Осы Қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінде ерекше жағдайлар режимін енгізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 101-бабына сәйкес әзірленді және ерекше жағдайлар режимін енгізу тәртібін айқындайды.

      2. Ерекше жағдайлар режимін енгізудің мақсаты жедел жағдайды тұрақтандыру, сотталғандардың құқыққа қарсы әрекеттерінің жолын кесу, заңдылық пен тәртіпті қалпына келтіру, сондай-ақ шұғыл құтқару және авариялық жұмыстарды жүргізу үшін қажетті жағдайлар жасау болып табылады.

      3. Мекеменің жұмысын ұйымдастыруға, сонда жұмыс істейтін персоналдың, сотталғандардың және іргелес жатқан аумақта тұратын адамдардың қауіпсіздігіне нақты қауіп төнген кезде шұғыл шараларды қабылдаусыз мүмкін болмайтын жағдайда ерекше жағдайлар режимі енгізіледі.

      4. Мекемелерде ерекше жағдайлар режимін енгізу үшін:

      1) табиғи апат;

      2) мекеме орналасқан ауданға төтенше, ерекше немесе соғыс жағдайының енгізілуі;

      3) жаппай тәртіпсіздіктер;

      4) сотталғандардың топтасып бағынбаушылығы.

      5. Ерекше жағдайлар режимі негізгі міндеттерді іске асыру арқылы орындауға қол жеткізетін мынадай элементтерден: мекеменің қалыпты тұрмыс-тіршілігін қалпына елтіруден, сотталғандар тарапынан болған заңсыз әрекеттердің жолын кесуден, мекеменің персоналы мен сотталғандардың және мекемеге іргелес жатқан аумақта тұратын адамдардың қауіпсіздігін қамтамасыз етуден, сондай-ақ табиғи апат, авария және өрт салдарын жеңіп шығудан тұрады.

      Ерекше жағдайлар режимін енгізген кезде мынадай әрекеттер жасалады:

      1) мекеменің (Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Қылмыстық-атқару жүйесі комитетінің аумақтық бөлінісі) жеке құрамы қызмет атқарудың күшейтілген түріне көшіріледі;

      2) мекемеде жұмыс істейтін азаматтық қызметшілер мен әйелдер мекеме аумағынан тыс жерге шығарылады;

      3) мекеменің, күн тәртібі өзгертіледі;

      4) мекеменің объектілерінде және оған іргелес жатқан аумақтарға (өндірістік, коммуналдық-тұрмыстық, мәдени-білім беру, медико-санитарлық үй-жайлар) кіруге шектеулер қойылады немесе кіргізу тоқтатылады;

      5) Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 105- 113-баптарында көзделген сотталғандардың құқықтарын іске асыруда аталған режимнің күші уақытша тоқтатылады;

      6) сыртқы күзетті күшейту бойынша шаралар қабылданады;

      7) дүкен, тамақ блогы жанында және материалдық құндылықтар

      сақталатын, оның ішінде апат орындарынан шығарылғандар орындарға

      бекеттер қойылады;

      8) табиғи апат жағдайында электр энергиясы (күзетілетін объектінің периметрін жарықтандыруды қоспағанда) өшіріледі;

      9) төтенше жағдайлар кезіндегі іс-қимылда қолдану үшін автотрактор, бронетанк, өрт сөндіру - су атқыш және өзге де техникалар дайындалады;

      10) жедел қызметтер сотталғандардың заңсыз әрекеттерін кино-, фото-бейне, таспаға түсіреді, сондай-ақ куәгерлермен және жәбірленушілермен сауал жүргізуді;

      11) аумақтық өртке қарсы, газ-апаттық, медициналық және өзге де қызметтерді тарту, олардың кедергісіз жүруін және ілесіп жүру камтамасыз етіледі;

      12) жеке құрамның қарумен, арнаулы құралдармен қамтамасыз етілуін, байланыс құралдардың және қызметтік іздестіру иттердің бар-жоғына тексеру жүргізіледі;

      13) қылмыстық-атқару жүйесі мекемелерінің, ішкі істер және Ұлттық ұлан органдарының жеке құрамымен бірлескен жаттығулар жүргізіледі;

      14) жүргізілетін іс-шаралар кезінде қолдану үшін жедел ақпараттар алынады және талданады;

      15) мекеме әкімшілігінің күштерімен жанжал ошағын оқшаулау, заңсыз әрекеттердің ұйымдастырушылары мен белсенді қатысушыларын ұстау жөнінде шаралар қабылданады;

      16) егер әкімшілік күшімен сотталғандар іс-әрекетінің жолын кесу мүмкін болмаса, арнаулы операция жүргізіледі.

      Заңсыз әрекеттердің жолын кесу жөніндегі арнайы операция қылмыстық-атқару жүйесі органдары мен мекемелерінің қызметкерлерін, жедел әрекет жасау бөліністерін, сондай-ақ ішкі істер органдарының басқа да күші мен құралдарын тартумен жүргізіледі. Арнайы операцияның басталуы алдында сотталғандарға заңсыз әрекеттерді тоқтату ұсынылады, оларға жеке құрамды енгізе отырып, төтенше шаралардың қолданылуы туралы ескертіледі.

      6. Ерекше жағдайлар режимі Қазақстан Республикасының Бас прокурорымен келісіліп, Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің шешімі бойынша отыз тәулікке дейінгі мерзімге енгізіледі.

      Көрсетілген мерзімде ерекше жағдайлар режимін енгізуде белгілі мақсатқа кол жетпеген жағдайда, оның қолданылу уақытын көрсетілген лауазымды адамдар қосымша отыз тәулікке ұзартады.

      7. Ерекше жағдайлар режимін енгізетін жағдайда қылмыстық-атқару жүйесі аумақтық органының басшысы өз бетінше қылмыстық-атқару қызметі саласында уәкілетті органның бірінші басшысын шұғыл хабардар етумен, қолда бар байланыс арналары арқылы бір сағаттан кейін жазбаша (арнайы хабарлама) растау арқылы өз еркімен осы Қағидалардың 5-тармағымен көзделген шараларды енгізеді. Ұлттық ұлан бөлінісінің командирі қылмыстық-атқару жүйесі аумақтық органының басшысы ерекше жағдайлар режимін енгізу туралы хабарламаны алған кезде объектінің күзетін және өткізу режимін, сотталғандарды қадағалауды күшейтеді.

      7-1. "Әлеуметтік, табиғи немесе техногендік сипаттағы төтенше жағдайлар жарияланған не сотталғандардың мекемеде болу мүмкіндігін жоққа шығаратын ерекше жағдайлар режимін енгізген жағдайда сотталғандарды басқа мекемелерге ауыстыру Қазақстан Республикасы Қылмыстық-атқару кодексінің 91-бабына сәйкес жүзеге асырылады.

      Ескерту. Қағида 7-1-тармақпен толықтырылды – ҚР Ішкі істер министрінің 05.06.2017 № 394 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Ерекше жағдайлар режимін енгізу туралы шешім бұйрық түрінде ресімделеді, онда:

      1) осы Қағидалардың 4-тармағына сәйкес ерекше жағдайлар режимін

      енгізу үшін негіздеме болатын мән-жайлар;

      2) орындауға жататын іс-шаралардың тізбесі;

      3) қылмыстық-атқару жүйесінің күштері мен құралдары, ішкі істер және ішкі әскерлер органдарының күштері мен құралдарын тартудың мақсаттылығы, жауапты лауазымды адамдар;

      4) міндеттердің орындалу мерзімі көрсетіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады