Талдықорған қаласының коммуналдық меншігіне келіп түскен, қараусыз қалған жануарларды келіп түсу және пайдалану Қағидаларын бекіту туралы

Жаңа

Алматы облысы Талдықорған қалалық әкімдігінің 2014 жылғы 14 ақпанағы N 4-118 қаулысы. Алматы облысының Әділет департаментімен 2014 жылы 20 наурызда N 2622 болып тіркелді

      РҚАО ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқасының пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 18-бабының 22) тармақшасына және 31-бабына, Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 31-бабы 1-тармағының 2) тармақшасына, Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің 2011 жылғы 18 сәуірдегі N 49-ө "Мемлекеттік мүлік туралы" Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 01 наурыздағы Заңын іске асыру жөніндегі шаралар туралы" Өкіміне сәйкес қала әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған Талдықорған қаласының коммуналдық меншігіне келіп түскен, қараусыз қалған жануарларды келіп түсу және пайдалану Қағидалары бекітілсін.
      2. Осы қаулының орындалуын бақылау қала әкімінің орынбасары А.Әділге жүктелсін.
      3. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және алғаш ресми жарияланғаннан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қала әкімі                                 Е. Алпысов

      КЕЛІСІЛДІ:

      "Талдықорған қаласының қаржы
      бөлімі" мемлекеттік мекемесі
      басшысының м.а.                            Емелбекова Ғалия Айтқалиевна
      14 ақпан 2014 жыл

      "Талдықорған қаласы
      ветеринария бөлімі"
      мемлекеттік мекемесінің
      басшысы                                    Қиялбеков Нұртас Тынышбайұлы
      14 ақпан 2014 жыл

Талдықорған қаласы
әкімдігінің 2014 жылғы
14 ақпандағы N 4-118
қаулысымен бекітілген

Талдықорған қаласының коммуналдық меншігіне келіп түскен,
қараусыз қалған жануарларды келіп түсу және пайдалану
Қағидалары

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Қағидалар Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексіне, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 01 наурыздағы "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңына сәйкес әзірленді және коммуналдық меншікке келіп түскен қараусыз қалған жануарларды келіп түсу және пайдалану тәртібін айқындайды.
      2. Қазақстан Республикасының 1994 жылғы 27 желтоқсандағы Азаматтық кодексінің 246-бабына сәйкес, адам бағуында болған жануарларды меншігіне алудан бас тартқан кезде, олар Талдықорған қаласының коммуналдық меншігіне түседі және осы Қағидаларға сәйкес пайдаланылады.

2. Жануарлардың Талдықорған қаласының коммуналдық меншігіне
келіп түсу тәртібі

      3. Қараусыз қалған жануарлардың Талдықорған қаласының коммуналдық меншігіне келіп түсуі қабылдау-тапсыру актісі негізінде жүзеге асырылады. Қабылдау-тапсыру актісінде Талдықорған қаласының коммуналдық меншігіне түсетін жануарлардың түрі, жынысы, түсі, жасы міндетті түрде көрсетілуі тиіс. Қабылдау-тапсыру актісі жануарларды тапсырған тұлғаның, "Талдықорған қаласының ветеринария бөлімі" мемлекеттік мекемесі және "Талдықорған қаласының қаржы бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - қаржы бөлімі) жауапты қызметкерлерінің қатысуы кезінде жасалады. Қабылдау-тапсыру актісін қаржы бөлімінің басшысымен бекітіледі.
      4. Бағалау жүзеге асырылғаннан кейін жануарларды қабылдау-тапсыру актісі негізінде теңгерімге алу Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2010 жылғы 3 тамыздағы N 393 "Мемлекеттік мекемелерде бухгалтерлік есеп жүргізу ережесін бекіту туралы" бұйрығына сәйкес жүргізіледі.

3. Жануарларды бағалау, есепке алу және бекiтiп беру

      5. Талдықорған қаласының коммуналдық меншiгіне түскен жануарларды одан әрi пайдалану үшiн оларды Талдықорған қаласының коммуналдық мүлiктер тiзбесiне енгiзу және бағалау (қайта бағалау) жүргiзiледi. Тiзбеге енгiзу және бағалау (қайта бағалау) жөнiндегi жұмыстарды Қазақстан Республикасы заңнамасында белгiленген тәртiппен қаржы бөлiмi жүзеге асырады.
      6. Бағалау жүзеге асырылғаннан кейiн, жануарларды қала әкiмдiктiң қаулысы негізінде тиiстi әкiмдер аппараттарының теңгерiмiне бекiтiлiп берiледi. Теңгерiмге алу Қазақстан Республикасы Үкiметi белгiлеген тәртiппен қабылдау - тапсыру актiсi негiзiнде жүзеге асырылады.

4. Талдықорған қаласының коммуналдық меншігіне келіп түскен
жануарларды пайдалану тәртібі

      7. Талдықорған қаласының коммуналдық меншiгіне түскен қараусыз жануарлар мынадай тәсiлдердiң бiреуiмен пайдаланылады:
      1) қосалқы шаруашылығы бар мемлекеттiк заңды тұлғалардың теңгерiмiне өтеусiз беру;
      2) аукцион арқылы сату;
      3) сауда ұйымдары арқылы сату;
      4) жануарларды (ауыл шаруашылығы жануарлары мен үй құстарын қоспағанда) қорғайтын арнайы орындарға немесе жеке адамдарға өтеусiз беру.
      8. Талдықорған қаласының коммуналдық меншiгіне түскен жануарларды одан әрi пайдалану тәсiлiн әрбiр нақты жағдайда қала әкiмдiктiң қаулысымен құрылған тұрақты комиссия шешеді.

5. Жануарларды бұрынғы меншік иесіне қайтару тәртібі

      9. Жануарлар Талдықорған қаласының коммуналдық меншігіне өткеннен кейін олардың бұрынғы меншік иесі келген жағдайда, осы жануарлардың бұрынғы меншік иесіне үйірсектігі сақталғанын немесе жаңа меншік иесінің оларға қатал не өзгедей мейірімсіз қарағанын дәлелдейтін мән-жайлар болған кезде – ол тиісті жергілікті атқарушы органмен келісім бойынша айқындалатын шарттармен, ал келісімге қол жеткізілмеген кезде сот тәртібімен оларды өзіне қайтарып беруді талап етуге құқылы.
      10. Жануарларды қайтару бұрынғы меншік иесінің оларды күтімге алуға байланысты шығыстарды жергілікті бюджет кірісіне өтегеннен кейін жүзеге асырылады.
      11. Жануарлар бұрынғы меншік иесінен оларды қайтару жөнінде өтініш түскенге дейін сатылып кеткен жағдайда жануарларды сатудан түскен түсім немесе оның құны жергілікті бюджет есебінен бұрынғы меншік иесіне өтеледі. Бұл ретте жануарларды бағуға байланысты қаржының көлемі шегеріледі.
      12. Жануарларды қайтару немесе құнын өтеу бұрынғы меншік иесі мен қаржы бөлімі арасында жасалатын шартпен ресімделеді.

6. Қорытынды

      13. Осы Қағидалармен реттелмеген қатынастар Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес реттеледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады