Ойын бизнесі мен лотереяларды ұйымдастырушыларға арналған қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2014 жылғы 27 қарашадағы № 527 және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2014 жылғы 26 қарашадағы № 112 бірлескен бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2014 жылы 12 желтоқсанда № 9966 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Қаржылық мониторинг агенттігі Төрағасының 2022 жылғы 28 ақпандағы № 17 және Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2022 жылғы 28 ақпандағы № 60 бірлескен бұйрығымен.

      Ескерту. Күші жойылды - ҚР Қаржылық мониторинг агенттігі Төрағасының 28.02.2022 № 17 және ҚР Мәдениет және спорт министрінің 28.02.2022 № 60 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығымен.
      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 3-тармақтан қараңыз
      Ескерту. Бірлескен бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 28.12.2015 № 705 және ҚР Мәдениет және спорт министрінің 14.01.2016 № 6 (06.02.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығымен.

      "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасы Заңының 11-бабы 3-2-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫЗ:

      1. Қоса беріліп отырған Ойын бизнесі мен лотереяларды ұйымдастырушыларға арналған қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 28.12.2015 № 705 және ҚР Мәдениет және спорт министрінің 14.01.2016 № 6 (06.02.2016 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Қаржы мониторингі комитеті (Б.Ш. Тәжіяқов) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оны мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Қаржы министрлігінің Интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрық 2014 жылғы 15 желтоқсаннан бастап қолданысқа енгізіледі және ресми жариялануы тиіс.

Қазақстан Республикасының
Қаржы министрі
___________ Б. Сұлтанов

Қазақстан Республикасының
Мәдениет және спорт министрі
__________ А. Мұхамедиұлы


  Қазақстан Республикасы
Қаржы министрінің
2014 жылғы 27 қарашадағы № 527
және
Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрінің
2014 жылғы 26 қарашадағы № 112
бірлескен бұйрығымен бекітілген

Ойын бизнесі мен лотереяларды ұйымдастырушыларға арналған қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар

      Ескерту. Талаптар жаңа редакцияда - ҚР Қаржы министрінің 07.10.2020 № 967 және ҚР Мәдениет және спорт министрінің 07.10.2020 № 274 (15.11.2020 бастап қолданысқа енгізіледі) бірлескен бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Ойын бизнесі мен лотереяларды ұйымдастырушыларға арналған қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жасау мақсатында ішкі бақылау қағидаларына қойылатын талаптар (бұдан әрі – Талаптар) "Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы" 2009 жылғы 28 тамыздағы Қазақстан Республикасының Заңының (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ туралы Заң) 11-бабы 3-2 тармағына және Ақшаны жылыстатуға қарсы күрестің қаржылық шараларын әзірлеу тобының (бұдан әрі – ФАТФ) халықаралық үлгілеріне сәйкес әзірленді.

      2. Осы Талаптарда қаржы мониторингі субъектілеріне ойын бизнесі мен лотереяларды ұйымдастырушылар (бұдан әрі – Субъектілер) жатады.

      3. Талаптарда пайдаланылатын ұғымдар КЖ/ТҚҚ туралы Заңда және "Ойын бизнесі туралы" 2007 жылғы 12 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңында көрсетілген мағынада пайдаланылады.

      4. Талаптардың мақсаттары үшін мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелдері (бұдан әрі – КЖ/ТҚ) – Субъектілерді КЖ/ТҚ процестеріне немесе өзге қылмыстық әрекетке әдейі немесе әдейі емес тарту мүмкіндігі;

      2) КЖ/ТҚ тәуекелдерін басқару – КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін анықтау, сондай-ақ оларды азайту мониторингі бойынша Субъектілер қабылдайтын шаралар жиынтығы (қызметтерге, клиенттерге қатысты);

      3) ҚМ-1 нысаны – КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекітетін қаржы мониторингі субъектілерінің қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты беру қағидаларында айқындалатын нысан;

      4) уәкiлеттi орган – КЖ/ТҚҚ туралы Заңға сәйкес қаржы мониторингін жүзеге асыратын және қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл жөніндегі өзге де шараларды қолданатын мемлекеттік орган.

      5. Ішкі бақылау:

      1) Субъектілердің қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл туралы (бұдан әрі – КЖ/ТҚҚ) Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарын орындауды қамтамасыз етуі;

      2) Субъектілердің ішкі бақылау жүйесінің тиімділігін КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін басқару үшін жеткілікті деңгейде қолдауы;

      3) КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін азайту мақсатында жүзеге асырылады.

      6. Ішкі бақылау қағидалары (бұдан әрі – ІБҚ) Заңның 11-бабының 3-тармағында көзделген бағдарламаларды қамтиды және КЖ/ТҚҚ-ға бағытталған жұмыстың ұйымдастырушылық негіздерін регламенттейтін және КЖ/ТҚҚ Субъектілерінің іс-қимыл тәртібін белгілейтін құжат болып табылады.

      7. ІБҚ-ны ұйымдастыру, іске асыру және сақтау мониторингі бойынша ІБҚ жауапты лауазымды тұлға не құрылымдық бөлімше тағайындауды көздейді.

      Жауапты тұлғаның лауазымына жоғарғы білімі жоқ, экономикалық қызмет саласында қылмыстар жасағаны не ауырлығы орташа, ауыр және аса ауыр қасақана жасалған қылмыстары үшін алынбаған және жойылмаған сотталғандығы бар тұлға тағайындалмайды.

      8. Егер Қазақстан Республикасының КЖ/ТҚҚ туралы заңнамасына өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізілген жағдайда, Субъектілер күнтізбелік 30 (отыз) күн ішінде ІБҚ-ға тиісті өзгерістер және (немесе) толықтырулар енгізеді.

2-тарау. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасы

      9. КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасы:

      1) жауапты лауазымды тұлға не құрылымдық бөлімше қызметінің сипаттамасын қоса алғанда ішкі бақылауды ұйымдастыру тәртібінен, сонымен қатар КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды жүзеге асыру барысында Субъектілердің басқа құрылымдық бөлімшелерімен өзара іс-қимыл;

      2) клиенттерге іскерлік қатынастар орнатудан және іскерлік қатынастарды тоқтатудан бас тарту, ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операциялар жүргізуден бас тарту және ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды тоқтатып қою жөнінде шаралар қолдану;

      3) Субъектілердің зерделенуге жататын күрделі, ерекше ірі және басқа да ерекше операцияны күдікті операция ретінде тануы;

      4) уәкілетті органға мәліметтерді, ақпаратты және құжаттарды жіберу үшін қолданылатын автоматтандырылған ақпараттық жүйелер және бағдарламалық қамтамасыз ету жұмысының нұсқамалары мен регламенттерін қоса алғанда, уәкілетті органға қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпаратты, жеке немесе заңды тұлғамен іскерлік қатынастар орнатудан бас тарту, клиентпен іскерлік қатынастарды тоқтату, ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операция жүргізуден бас тарту фактілерін беру;

      5) клиенттің досьесін және онымен хат-хабар алмасуды қосқанда, клиентті тиісінше тексеру нәтижелері бойынша алынған құжаттар мен мәліметтерді, қаржы мониторингіне жататын операциялар, оның ішінде күдікті операциялар туралы құжаттар мен мәліметтерді, сондай-ақ барлық күрделі, ерекше ірі және басқа да ерекше операцияларды зерделеу нәтижелерін құжаттамалық тіркеу және сақтау;

      Қаржы мониторингіне жататын және уәкілетті органға жіберілетін операцияларды құжаттамалық тіркеу Субъектілер белгілеген тәртіпте жүзеге асырады;

      6) Субъекті қызметкерлері жол берген, оларға белгілі болған КЖ/ТҚҚ туралы заңнаманы, ІБҚ-ны бұзу фактілері туралы басшыны Субъекті қызметкерлерінің хабардар ету;

      7) клиенттің күдікті ретінде КЖ/ТҚ заңдастыру типологияларына, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамасы бар операциясын тану;

      8) КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін бағалау, анықтау, құжаттамалық тіркеу және бағалау нәтижелерін жаңарту;

      9) КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін басқару және КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін бағалау тәуекелдерін азайту жөнінде рәсімдер, бақылау шараларын әзірлеу;

      10) КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелі дәрежесін ескере отырып өз клиенттерін жіктеу рәсімдерін қамтиды.

      Субъектілердің КЖ/ТҚҚ мақсатында ішкі бақылауды ұйымдастыру жөніндегі қосымша шараларды бағдарламаға енгізуіне жол беріледі.

      10. Жауапты лауазымды тұлғаның не құрылымдық бөлімшенің ішкі бақылауды ұйымдастыру бағдарламасына сәйкес мынадай функциялар кіреді:

      1) ІБҚ-ны әзірлеу және келісу, оларға өзгерістер мен толықтырулар енгізу, сондай-ақ іске асыру және сақтау мониторингі;

      2) КЖ/ТҚҚ туралы Заңға сәйкес уәкілетті органға қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы мәліметтер мен ақпараттың берілуін ұйымдастыру және бақылау;

      3) клиенттердің операцияларын күдікті деп тану туралы шешімдер қабылдау;

      4) клиенттердің операцияларын күрделі, ерекше ірі және басқа да ерекше операцияларға, КЖ/ТҚ заңдастыру типологияларына, схемалары мен тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар операцияларға жатқызу туралы шешімдер қабылдау;

      5) клиенттердің операцияларын жүргізуді тоқтата тұру не одан бас тарту туралы және уәкілетті органға жіберу қажеттігі туралы шешімдер қабылдау;

      6) клиенттермен іскерлік қатынастарды орнату, жалғастыру не тоқтату туралы шешімдер қабылдау;

      7) клиенттермен іскерлік қатынастар орнату, жалғастыру не тоқтату туралы шешімдер қабылдау үшін Субъект басшысына сұрау салу жіберу;

      8) клиентке (оның өкіліне) және бенефициарлық меншік иесіне қатысты қабылданған шешімдерді құжаттық тіркеу;

      9) ІБҚ іске асыру нәтижесінде алынған деректер негізінде клиенттің досьесін қалыптастыру;

      10) ІБҚ-ы анықталған бұзушылықтар туралы Субъект басшысын хабардар ету;

      11) анықталған кемшіліктер туралы Субъект басшысына есептерді қалыптастыру үшін ІБҚ-ны іске асыру нәтижелерін және КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін басқару мен КЖ/ТҚҚ ішкі бақылау жүйелерін жақсарту бойынша ұсынылатын шаралар туралы ақпарат дайындау;

      12) клиенттің досьесін, есеп және онымен хат алмасу туралы мәліметтерді қоса алғанда, клиентті тиісінше тексеру нәтижелері бойынша алынған құжаттар мен мәліметтерді, қаржы мониторингіне жататын операциялар, оның ішінде күдікті операциялар туралы құжаттар мен мәліметтерді, сондай-ақ клиентпен іскерлік қатынастар тоқтатылған күннен бастап кемінде 5 (бес) жыл барлық күрделі, ерекше ірі және басқа да ерекше операцияларды зерделеу нәтижелерін сақтау жөніндегі шараларды қамтамасыз ету.

      11. Субъектілер жүктелген функцияларға сәйкес:

      1) өз функцияларын жүзеге асыру кезінде алынған ақпаратты құпиялылығын сақтауды қамтамасыз етеді;

      2) Қазақстан Республикасының КЖ/ТҚҚ туралы заңнамасының орындалуын бақылауды жүзеге асыру үшін тиісті мемлекеттік органдарға ақпарат береді;

      3) КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 10-бабының 3-1-тармағына сәйкес уәкілетті органға оның сұрау салуы бойынша қажетті ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды ұсынады.

      Субъектілердің жауапты лауазымдық тұлғаның немесе құрылымдық бөлімшенің қосымша функциялар мен өкілеттіктерін қосуына жол беріледі.

      12. Субъектілер және олардың қызметкерлері клиенттер мен өзге де тұлғаларды осындай клиенттер туралы және олар жасайтын операциялар туралы ақпаратты, мәліметтер мен құжаттарды уәкілетті органға бергені туралы хабарламайды.

3-тарау. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыру (жылыстату) және терроризмді қаржыландыру тәуекелін басқару бағдарламасы

      13. КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін басқаруды ұйымдастыру мақсатында Субъектілер технологиялық жетістіктерді пайдалану тәуекелін қоса алғанда, клиенттердің тәуекелдерін және қызметтерді қылмыстық мақсаттарда пайдалану тәуекелдерін ескеретін КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін басқару бағдарламасын әзірлейді.

      Тәуекелдерді бағалау нәтижелері Субъектілер мүшелері болып табылатын тиісті мемлекеттік органдардың және коммерциялық емес ұйымдардың талап етуі бойынша беріледі.

      Субъектілер жыл сайынғы негізде КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін бағалау есебін және кем дегенде тәуекелдердің мынадай ерекше санаттарын: клиенттердің типі бойынша тәуекелді, елдік (географиялық) тәуекелді, көрсетілетін қызметтер тәуекелін және (немесе) оны ұсыну тәсілін ескере отырып, Субъектілер қызметтерінің КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін бағалауды жүзеге асырады.

      14. Мәртебесі және (немесе) қызметі КЖ/ТҚ-ны заңдастыру тәуекелін арттыратын клиенттердің түрлерін қамтиды:

      1) мемлекеттерден (аумақтардан) клиенттермен іскерлік қатынастарды және мәмілелерді:

      ФАТФ ұсынымдарын орындамайтын және (немесе) жеткіліксіз орындайтындарды;

      сыбайлас жемқорлықтың немесе өзге де қылмыстық іс-әрекеттің жоғары деңгейімен;

      Біріккен Ұлттар Ұйымы (бұдан әрі – БҰҰ) қолданатын санкцияларға, эмбарго мен ұқсас шараларға ұшыраған;

      террористік (экстремистік) қызметті қаржыландыруды немесе қолдауды ұсынатын және белгіленген террористік (экстремистік) ұйымдары бар;

      БҰҰ-ның деректері бойынша осындай мемлекеттердің (аумақтардың) тізбелеріне сілтемелер уәкілетті органның интернет-ресурсында орналастырылады;

      2) клиент болып табылған жағдайда:

      шетелдік жария лауазымды тұлға;

      жария халықаралық ұйымның лауазымды тұлғасы;

      шетелдiк жария лауазымды тұлғаның мүддесіне (пайдасына) әрекет ететін тұлға;

      шетелдік жария лауазымды адамның отбасы мүшесі, жақын туысы болып табылатын тұлға;

      азаматтығы жоқ тұлға;

      Қазақстан Республикасында тіркелген немесе болатын мекенжайы жоқ Қазақстан Республикасының азаматы;

      резидент емес;

      3) клиент (оның өкілі) не бенефициарлық меншік иесі не клиенттің контрагенті болып табылған жағдайда:

      Қазақстан Республикасының Нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 16404 тіркелген "Жеңілдікті салық салынатын мемлекеттер тізбесін бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Қаржы министрінің 2018 жылғы 8 ақпандағы № 142 бұйрығымен бекітілген Жеңілдікті салық салынатын мемлекеттер тізбесіне кіретін мемлекетте (аумақта) тіркелген немесе қызметін жүзеге асыратын клиент (оның өкілі) не бенефициарлық меншік иесі не клиенттің контрагенті (бұдан әрі – Бұйрық);

      КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 12 және 12-1-баптарында көзделген террористік әрекетке қатысы бар адамдардың тізіміне (бұдан әрі – Тізім) және (немесе) терроризмді және экстремизмді қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіне, сондай-ақ жаппай қырып-жою қаруын таратуды қаржыландырумен байланысты ұйымдар мен адамдардың тізбесіне (бұдан әрі – Тізбелер) енгізілген;

      4) бұл жағдайларда:

      клиентпен іскерлік қатынас (мысалы, Субъекті мен клиенттің арасында түсініксіз географиялық арақашықтық бар) ерекше жағдайларда жүзеге асырылған;

      клиенттің қызметі қолма-қол ақшаның қарқынды айналымымен байланысты;

      клиент ұсынған мәліметтерді тексеру кезінде Субъектілерде қиындықтар туындаған;

      клиент асығыс операция жүргізуді талап еткен;

      клиент пайдалануы Субъектілердің әдеттегі тәжірибесінен ерекшеленетін стандартты емес немесе ерекше күрделі есептеу схемаларын талап еткен;

      клиент қаржы мониторингі рәсімдерінен жалтаруға бағытталған іс-әрекеттерді жасаған;

      клиенттің операциялары бұрын күдікті деп танылған;

      5) операциялар:

      тараптардың жеке қатысуынсыз жүзеге асырылатын;

      белгісіз немесе байланысты емес үшінші тұлғалардың атынан немесе пайдасына жасалатын;

      қолма-қол есеп айырысуларды қоса алғанда, анонимдік банктік шоттармен немесе анонимдік, ойдан шығарылған есімдерді пайдаланумен байланысты;

      айқын экономикалық мәні жоқ немесе анық қойылған заңды мақсаты жоқ;

      клиент оған тән емес жиілікпен немесе осы клиент үшін ерекше ірі сомаға жасалатын;

      Субъектілердің қосымша тәуекел факторларын қосуына жол беріледі.

      15. КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін басқару бағдарламасын іске асыру шеңберінде Субъектілер осы Талаптардың 14-тармағында көрсетілген тәуекелдер санаттары мен факторларын, сондай-ақ Субъектілер белгілейтін тәуекелдердің өзге де санаттарын ескере отырып, клиенттерді жіктеу бойынша шаралар қабылдайды.

      Клиент (клиенттер тобы) тәуекелінің деңгейін Субъектіде бар клиент (клиенттер) туралы мәліметтер мен ақпаратты талдау нәтижелері бойынша Субъектілер белгілейді және кем дегенде 2 (екі) деңгейден тұратын тәуекел деңгейін анықтау шкаласы бойынша бағаланады.

      Осы Талаптардың 14-тармағында көрсетілген тәуекелдер санаттары мен факторларын пайдалана отырып тәуекелді бағалау операциялар (іскерлік қатынастар) мониторингінің нәтижелері негізінде клиенттерге (клиенттер топтарына) қатысты жүргізіледі.

      Клиент (клиенттер тобы) тәуекелінің деңгейін қайта қарауды Субъектілер клиент (клиенттер тобы) туралы мәліметтердің және операциялар мониторингі (іскерлік қатынастар) нәтижелерінің жаңартылуына қарай жүзеге асырады.

      16. Субъектілер мыналарға байланысты туындауы мүмкін КЖ/ТҚ-ны заңдастыру тәуекелдерін:

      1) берудің жаңа тетіктерін қоса алғанда, жаңа өнімдерді әзірлеу және жаңа іскерлік тәжірибені;

      2) жаңа және қолданыстағы өнімдер үшін жаңа немесе дамушы технологияларды пайдалануды анықтайды және бағалайды.

      КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдерін бағалау жаңа өнімдерді, іскерлік тәжірибені немесе жаңа немесе дамушы технологияларды пайдаланғанға дейін жүргізіледі.

4-тарау. Клиенттерді сәйкестендіру бағдарламасы

      17. Клиентті сәйкестендіру бағдарламасы Субъектілердің клиент (оның өкілі) туралы, бенефициарлық меншік иесін анықтау және ол туралы мәліметтерді тіркеу, клиент (оның өкілі) туралы бұрын алынған мәліметтерді жаңарту, іскерлік қатынастардың болжамданған мақсатын белгілеу және тіркеу, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ туралы Заңда көзделген клиент пен оның өкілдері туралы өзге де мәліметтерді алу және тіркеу, бұрын алынған мәліметтердің анықтығын тексеру және тіркеу бойынша іс-шаралар жүргізуден тұрады және мына рәсімдерді:

      1) КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 5-бабының талаптарына сәйкес клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иелерін тиісінше тексеру жөніндегі шараларды сақтау;

      2) КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 5-бабы 3-тармағының 6) тармақшасына сәйкес клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтердің дұрыстығын тексеру;

      3) клиенттің (оның өкілінің) және бенефициарлық меншік иесінің Тізімде және Тізбелерде болуын тексеру;

      4) КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 8-бабының талаптарына сәйкес клиенттің шетелдік жария лауазымды адамға, оның отбасы мүшелеріне және жақын туыстары қатарына жататындығын және (немесе) қатыстылығын тексеру;

      5) тиісінше тіркелген, тұрғылықты жері немесе орналасқан жері бар клиенттерді анықтау:

      ФАТФ ұсынымдарын орындамайтын және (немесе) жеткіліксіз орындайтын не КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 4-бабы 4-тармағының 4) тармақшасына сәйкес көрсетілген мемлекетте (көрсетілген аумақта) тіркелген банктегі шоттарды пайдаланатын мемлекетте (аумақта);

      Бұйрықпен бекітілген жеңілдікті салық салынатын мемлекетте;

      6) іскерлік қатынастардың болжамды мақсаты мен сипатын белгілеу;

      7) берілген тәуекел деңгейіне байланысты клиентке тәуекелдерді басқару бағдарламасына сәйкес клиентті тиісінше тексеру бойынша шараларды қолдану;

      8) клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы сәйкестендіру мәліметтерінің өзгеруіне қарай клиенттерді сәйкестендіру нәтижесінде алынған мәліметтерді жаңарту, бірақ жылына кемінде 1 (бір) рет;

      9) клиентті (оның өкілін) және бенефициарлық меншік иесін сәйкестендіру нәтижесінде алынған мәліметтерді тіркеу мақсатында сауалнаманы (досьені) ресімдеудің бастапқы күнін көрсете отырып Субъект ресімдейтін клиенттің сауалнамасының (досьесінің) нысанына, мазмұнына және толтыру тәртібіне қойылатын талаптар;

      10) мәліметтерді жаңарту мерзімділігін көрсете отырып, сауалнамада (досьеде) қамтылған мәліметтерді жаңарту;

      11) КЖ/ТҚ заңдастыру мақсатында клиенттің операциялар жасау тәуекел дәрежесін (деңгейін) бағалау, осындай тәуекелді бағалау негіздері рәсімдерін;

      12) клиенттен сұратылатын құжаттар мен ақпараттың тізбесін, Субъектілердің жеке тұлғаны бенефициарлық иеленуші деп тану туралы шешім қабылдау тәртібін қоса алғанда, клиенттердің бенефициарлық меншік иесін анықтауға және сәйкестендіруге бағытталған шаралар тізбесін қамтиды.

      Клиенттің тәуекел деңгейіне байланысты Субъектілер жүргізетін іс-шаралар дәрежесі КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 5-бабының 7-тармағына сәйкес клиенттерді тиісінше тексерудің күшейтілген және жеңілдетілген шараларын қолданудан көрінеді.

      КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелі жоғары клиент (оның өкілі) және бенефициарлық меншік иесі туралы мәліметтерді жаңарту жарты жылда кемінде 1 (бір) рет жүзеге асырылады.

      Жаңарту мерзімділігі және (немесе) клиент (оның өкілі) пен бенефициарлық меншік иесі туралы қосымша мәліметтер алу қажеттілігі клиенттің (клиенттер тобының) тәуекелінің деңгейін және (немесе) клиент пайдаланатын Субъектілер қызметтерінің (өнімдерінің) КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін ескере отырып белгіленеді.

      Клиентке іскерлік қатынастарды орнатудан және ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операция жасаудан бас тартылған жағдайда, КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 3-бабының 3-тармағының 1), 2), 2-1), 4) және 6) тармақшаларында көзделген шараларды, сондай-ақ ақшамен және (немесе) өзге мүлікпен операцияларды тоқтатып қою шараларын қабылдау мүмкін болмаған жағдайда Субъектілер уәкілетті органдарға ҚМ-1 нысаны бойынша осындай факті туралы хабарлама жібереді.

      КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 5-бабы 3-тармағының 6) тармақшасында көзделген шараларды қолдану мүмкiн болмаған жағдайда, сондай-ақ клиент жасайтын операцияларды зерделеу процесінде клиент іскерлік қатынастарды КЖ/ТҚ мақсатында пайдаланады деген күдік туындаған жағдайда, Субъектілер клиентпен іскерлік қатынастарды тоқтатуға құқылы. Егер іскерлік қатынастар жоғарыда көрсетілген негіздер бойынша тоқтатылса, Субъектілер уәкілетті органға ҚМ-1 нысаны бойынша хабарлама жібереді.

5-тарау. Клиенттердің күрделі, ерекше ірі және басқа да ерекше операцияларын зерделеуді қоса алғанда, клиенттердің операцияларына мониторинг жүргізу және зерделеу бағдарламасы

      18. КЖ/ТҚҚ туралы Заңның клиентті тиісінше тексеру жөніндегі, сондай-ақ қаржы мониторингіне жататын операциялар туралы хабарламаларды анықтау және уәкілетті органға жіберу жөніндегі талаптарын іске асыру мақсатында Субъектілер клиенттердің операцияларына мониторинг жүргізу және зерделеу бағдарламасын әзірлейді.

      19. Клиенттердің операцияларын мониторинг жүргізу және зерделеу бағдарламасы:

      1) КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 10-бабының 2-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекітетін күдікті операцияларды айқындау белгілері негізінде жасалған, сондай-ақ Субъектілер дербес әзірлеген ерекше және күдікті операциялар белгілерінің тізбесін;

      2) КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 4-бабының 5-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекітетін КЖ/ТҚ заңдастыру типологияларына, әдістеріне, схемаларына және тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар клиенттің операциясын анықтау рәсімін;

      3) клиент жүйелі түрде және (немесе) елеулі көлемде әдеттен тыс және (немесе) күдікті операцияларды жүзеге асырған жағдайда, клиентке және оның операцияларына қатысты Субъектілер қабылдайтын шараларды қабылдау тәртібі және сипаттамасын қамтиды.

      20. Клиенттер операцияларын мониторинг жүргізу және зерделеу бағдарламасы шеңберінде Субъектілер КЖ/ТҚ заңдастыру типологияларына, схемалары мен тәсілдеріне сәйкес келетін сипаттамалары бар барлық шекті, ерекше, күдікті операциялар мен операциялардың мақсаттары мен негіздерін белгілеуге бағытталған іс-шараларды жүргізеді.

      Клиенттердің операцияларына мониторинг жүргізу және зерделеу нәтижелері Субъект қызметтерінің КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдеріне ұшырау дәрежесін жыл сайын бағалау үшін, сондай-ақ клиенттер тәуекелдерінің деңгейлерін қайта қарау үшін пайдаланылады.

      Клиент операцияларының мониторинг және зерделеу бағдарламасын іске асыру шеңберінде алынған мәліметтер клиенттің досьесіне енгізіледі және (немесе) клиентпен іскерлік қатынастардың бүкіл кезеңі бойы Субъектіде және операция жасалғаннан кейін кемінде 5 (бес) жыл сақталады.

      21. Клиент операцияларын зерделеу жиілігін Субъектілер клиенттің тәуекел деңгейін және (немесе) клиент пайдаланатын Субъектілер қызметінің КЖ/ТҚ заңдастыру тәуекелдеріне ұшырағыштық дәрежесін, клиенттің қаржы мониторингіне жататын операцияларды (операцияларды) жасауын (жасауға талпынуын) есепке ала отырып, сондай-ақ КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 4-бабының 5-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекітетін немесе Субъектілер дербес әзірлеген КЖ/ТҚ заңдастыру типологияларын, схемалары мен тәсілдерін ескере отырып айқындайды.

      Клиентке тәуекелдің жоғары деңгейі берілген жағдайда, сондай-ақ клиент күдікті операция жасаған жағдайда Субъект белгілі бір уақыт кезеңінде клиент жүргізетін (жүргізген) операцияларды зерделейді.

      Клиенттің операциялары зерделенуге жатады:

      КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 4-бабының 4-тармағында көрсетілген негіздер бойынша;

      егер олар күдікті операция белгілерінің сипаттамасына ие болса.

      22. Клиенттің операциялары, егер осы Талаптардың 21-тармағында көрсетілген операцияларды зерделеу нәтижелері бойынша Субъектілерде клиенттің операциялары КЖ/ТҚ заңдастырумен байланысты деп пайымдауға негіз болған жағдайда күдікті деп танылады.

      Субъектілер клиенттің операциясын күдікті операция ретінде тану (танымау) туралы шешімді клиенттің (оның өкілінің) және операцияны жүзеге асыратын бенефициарлық меншік иесінің мәртебесі мен қызметін сипаттайтын, оның иелігіндегі ақпарат пен құжаттар, сондай-ақ клиенттің қаржылық-шаруашылық қызметі, қаржылық жағдайы және іскерлік беделі туралы ақпарат негізінде дербес қабылдайды.

      Операцияны жасау уақыты мен осындай операцияны күдікті деп тану уақыты арасындағы айырмашылық Субъектінің ішкі бақылау қағидаларына сәйкес клиенттің операциясын зерделеу жиілігін айқындайтын уақыт аралығынан аспауы тиіс.

6-тарау. Қылмыстық жолмен алынған кірістерді заңдастыруға (жылыстатуға) және терроризмді қаржыландыруға қарсы іс-қимыл саласында Субъектілерді даярлау және оқыту бағдарламасы

      23. Субъектілерді КЖ/ТҚҚ саласында даярлау және оқыту бағдарламасы КЖ/ТҚҚ туралы Заңның 11-бабының 8-тармағына сәйкес уәкілетті орган бекіткен Субъектілердің қызметкерлерін даярлау және оқыту жөніндегі талаптарға сәйкес әзірленеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады