"Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің Ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Жамбыл облысы әкімдігінің 2014 жылғы 24 сәуірдегі № 140 қаулысы. Жамбыл облысының Әділет департаментінде 2014 жылғы 5 маусымда № 2235 болып тіркелді. Күші жойылды - Жамбыл облысы әкімдігінің 2016 жылғы 25 тамыздағы № 270 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Жамбыл облысы әкімдігінің 25.08.2016 № 270 қаулысымен.
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңына сәйкес Жамбыл облысының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:
      1. Қоса беріліп отырған "Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің (бұдан әрі - Басқарма) Ережесі бекітілсін.
      2. Басқарма заңнамада белгіленген тәртіппен:
      1) осы қаулының әділет органдарында мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы қаулының мемлекеттік тіркеуден өткеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оны ресми жариялауға мерзімді баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне жіберуді;
      3) осы қаулының Жамбыл облысы әкімдігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы қаулының орындалуын бақылау облыс әкімінің орынбасары Б. Орынбековке жүктелсін.
      4. Осы қаулы әділет органдарында мемлекеттiк тiркелген күннен бастап күшiне енедi және алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
      Облыс әкімі К. Көкрекбаев

  Жамбыл облысы әкімдігінің
2014 жылғы "24" сәуірдегі
№ 140 қаулысымен бекітілген

"Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі туралы ЕРЕЖЕ

1. Жалпы ережелер

      1. Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - Басқарма) Жамбыл облысының аумағында Қазақстан Республикасының энергетика, жылу энергетика, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық, сумен жабдықтау және су бұру, тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық нысандарының салаларында басшылықты жүзеге асыратын мемлекеттік орган болып табылады.
      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – Жамбыл облысы әкімдігінің 05.05.2015 № 92 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      2. Басқарманың ведомстволары жоқ.
      3. Басқарма өз қызметiн Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президентi мен Үкiметiнiң актiлерiне, өзге де нормативтiк құқықтық актiлерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.
      4. Басқарма ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттiк тiлде өз атауы бар мөрi мен мөртаңбалары, белгiленген үлгiдегi бланкiлерi, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.
      5. Басқарма азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседi.
      6. Басқарма егер заңнамаға сәйкес осыған уәкiлеттiк берiлген болса, мемлекеттiң атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.
      7. Басқарма өз құзыретiнiң мәселелерi бойынша заңнамада белгiленген тәртiппен Басқарма басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актiлермен ресiмделетiн шешiмдер қабылдайды.
      8. Басқарманың құрылымы мен штат санының лимитi қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекiтiледi.
      9. Заңды тұлғаның орналасқан жерi:
      пошталық индексі 080000, Қазақстан Республикасы, Жамбыл облысы, Тараз қаласы, Желтоқсан көшесі, 78
      10. Мемлекеттік мекеменің мемлекеттік тілдегі толық атауы – "Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй–коммуналдық шаруашылық басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесі;
      орыс тілінде – Коммунальное государственное учреждение "Управление энергетики и жилищно-коммунального хозяйства акимата Жамбылской области".
      11. Осы Ереже Басқарманың құрылтай құжаты болып табылады.
      12. Басқарма қызметін қаржыландыру жергілікті бюджеттен жүзеге асырылады.
      13. Басқармаға кәсiпкерлiк субъектілерімен Басқарма функциялары болып табылатын мiндеттердi орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.
      Егер Басқарма заңнамалық актiлермен кiрiстер әкелетiн қызметтi жүзеге асыру құқығы берiлсе, онда осындай қызметтен алынған кiрiстер мемлекеттік бюджеттiң кiрiсiне жiберiледi.

2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Басқарманың миссиясы:
      – энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық субъектілері кәсіпорындардың жұмыстарын үйлестіру жолымен мемлекеттік бағдарламаларды жүзеге асыру, қызметінің тиімділігіне бағалау.
      15. Міндеттері:
      1) Қазақстан Республикасының нормативтік-заңнамалық актілері, Қазақстан Республикасы Үкіметінің, салалық министрліктер мен Агенттіктер қаулыларының негізінде жұмыстың негізгі бағыттарын әзірлеу, облыс әкімдігінің қаулыларын, облыс Әкімінің шешімдері мен өкімдерін жүзеге асыру және олардың орындалуын бақылау;
      2) Қазақстан Республикасы Президентінің және Үкіметінің, облыс әкімінің Басқарманың құзырына қатысты мәселелер бойынша актілер мен тапсырмаларының орындалуын қамтамасыз ету;
      3) экономиканың электр энергиясына сұранысын қамтамасыз ету;
      4) тұрғын үй-коммуналдық шаруашылықты дамыту және жаңғырту.
      16. Функциялары:
      - энергетикалық және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық қызмет көрсету субъектілерінің әртүрлі әлеуметтік–экономикалық міндеттерді шешу кезінде шешімнің тиімділігі мақсатында Жамбыл облысы әкімдігі мен мүдделі кәсіпорындар арасында келісім дайындау;
      - республикалық және жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын бюджеттік өтінімдерді дайындап, уәкілетті органдарға белгіленген тәртіп бойынша жіберу;
      - өз құзыреті шегінде, өзге департаменттер мен басқармалар басшыларымен, қалалар мен аудандар әкімдерімен бірлесе отырып, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық субъектілерінің қызметін ұйымдастыру мен реттеу жөнінде іс–шаралар әзірлеу;
      - қалалар мен аудандар әкімдерімен, жылу энергетика кешендері басшыларымен өзара әрекеттесу, техника-экономикалық саясатты жүргізу;
      - Тараз қаласы және аудан әкімдіктерінің облыс аумағындағы елді мекендерде санитарлық тазалау және абаттандыру бойынша жұмыстарын үйлестіру;
      - Тараз қаласы және аудан әкімдіктерімен, кондоминиум нысандарының ортақүйлік меншігіне жүргізіліп отырған жөндеу жұмыстарына үйлестіреді және мониторинг жүргізу;
      - меншік түрі мен ұйымдастырушылық-құқықтық мәртебесіне қарамастан коммуналдық қызметтер мен энергетикалық ресурстарды өндіру және тасымалдауды ұйымдастырумен айналысушы бірлестіктер, консорциумдар, акционерлік қоғамдар, шаруашылық серіктестіктер мен өзгеде ұйымдардың қызметіне жәрдемдесу;
      - энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық кәсіпорындарының, ұйымдар мен мекемелердің тұрақты жұмыс істеуіне ықпал жасау, өз құзыреті шегінде аймақтық және республикалық деңгейде кәсіпорындардың мүдделерін қорғау;
      - Басқарманың құрылымдық бөлімшелерінің жұмыс жоспарын бекітеді;
      - Қазақстан Республикасының заңнамасымен қарастырылған өзге де функцияларды атқару;
      - коммуналдық-тұрмыстық мақсаттағы объектілерге (тұрғын үй қоры, ойын-сауық, сауда және қонақ үй кешендері) бекітілген қауіпті техникалық құрылғыларды (лифтілерді, экскалаторларды, фуникулерлерді) пайдаланатын ұйымдардың кондоминиум объектілерінің қауіпсіздігін қамтамасыз ету;
       - табиғи монополиялар субъектілері мемлекеттік тізілімінің жергілікті бөліміне енгізілген әкімшілік-аумақтық бірліктің тиісті аумағында реттелетін қызметтер көрсететін табиғи монополия субъектісінің инвестициялық бағдарламасын (жобасын) келісу;
       - тұтынушылардың жылу пайдаланатын қондырғыларын пайдалануын және техникалық жай-күйін бақылауды жүзеге асыру;
       - жылу желілері бойынша жөндеу-қалпына келтіру жұмыстарын дайындау мен жүзеге асыруды және олардың күзгі-қысқы кезеңде жұмыс істеуін бақылау;
       - жылу желілеріндегі (магистральдық, орамішілік) технологиялық бұзушылықтарды тексеруді жүргізу;
       - жылу желілерін (магистральдық, орамішілік) жөндеу жоспарларын келісу;
       - барлық қуаттағы жылыту қазандықтары мен жылу желілерінің (магистральдық, орамішілік) күзгі-қысқы жағдайларда жұмысқа әзірлігі паспорттарын беру;
       - тауарлық және сұйытылған мұнай газын тұтыну нормаларын келісу;
       - есептеу аспаптары жоқ тұтынушылар үшін газбен жабдықтау, электрмен жабдықтау, сумен жабдықтау, су бұру және жылумен жабдықтау жөніндегі коммуналдық көрсетілетін қызметтерді тұтыну нормаларын әзірлеу;
       - коммуналдық көрсетілетін қызметтерді ұсыну қағидасын әзірлеу;
       - қайталанатын (шунтталатын) электр беру желілері мен қосалқы станцияларды жобалауды және салуды келісу;
       - 110 кВ және одан төмен, 220 кВ және одан жоғары объектілер үшін қайталанатын (шунтталатын) электр беру желілері мен қосалқы станцияларды салудың техникалық орындылығы туралы қорытынды беруін үйлестіру;
       - тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық объектілеріндегі 0,07 мегаПаскальдан астам қысыммен немесе 115 Цельсий градустан асатын судың қайнау температурасы кезінде жұмыс істейтін қауіпті техникалық құрылғылардың, жүк көтергіш механизмдердің, эскалаторлардың, аспалы жолдардың, фуникулерлердің, лифтілердің қауіпсіз пайдаланылуын бақылау;
       - қауіпті техникалық құрылғыларды есепке қоюды және есептен шығаруды жүзеге асыру;
       - тұрмыстық баллондар мен газбен жабдықтау жүйелерінің объектілерін қауіпсіз пайдалануға қойылатын талаптардың сақталуын бақылауды жүзеге асыру.
      Ескерту. 16-тармаққа өзгерістер енгізілді - Жамбыл облысы әкімдігінің 05.05.2015 № 92 қаулысымен (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік 10 күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
      17. Құқықтары мен міндеттері:
      құқықтары:
      1) облыс әкімдігі мен әкімінің қарауына энергетика және тұрғын үй – коммуналдық шаруашылық мәселелері бойынша дамытудың негізгі бағыттары, проблемаларды жедел шешу жөнінде ұсыныстар енгізу;
      2) мемлекеттік органдардан және лауазымды тұлғалардан, өзге де ұйымдардан өз функцияларын орындауға қажетті ақпараттарды белгіленген тәртіппен (келісім бойынша) сұрау, Басқарманың құзырына кіретін мәселелерді пысықтауға мемлекеттік органдардың және өзге де ұйымдардың қызметкерлерін тарту, тиісті ұсыныстар әзірлеу үшін уақытша жұмыс топтарын құру;
      Міндеттері:
      1) Басқарма құзыретіне кіретін мәселелер бойынша облыс әкімдігінің қаулылары мен облыс әкімінің өкімдері мен шешімдерінің орындалуын бақылауды жүзеге асыру;
      2) басқа мүдделі мемлекеттік органдармен бірлесе отырып, энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық субъектілерін, кәсіпорындарын экономикалық сауықтыру жөніндегі шаралар әзірлеу және жүзеге асыру;
      3) Басқарма құзыретіне жататын мәселелер бойынша облыс әкімдігінің қаулылары, облыс әкімінің өкімдері мен шешімдері жобаларын дайындауға қатысу;
      4) шығынды кәсіпорындарды қайта ұйымдастыру мен тарату жөнінде жоспарлауға қатысу;

3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру

      18. Басқармаға басшылықты Басқармаға жүктелген мiндеттердiң орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бiрiншi басшы жүзеге асырады.
      19. Басқарманың бiрiншi басшысын Жамбыл облысы әкімі қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.
      20. Басқарманың бiрiншi басшысының Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын жәнеқызметтен босатылатын орынбасарлары болады.
      21. Басқарманың бiрiншi басшысының өкiлеттiгi:
      1) Басқарманың құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілерінің міндеттері мен өкілеттіліктерін анықтайды;
      2) Басқарма қызметкерлерін тағайындайды және лауазымдарынан босатады;
      3) белгіленген заңнамалық тәртіппен Басқарма қызметкерлерін ынталандыруды жүзеге асырады;
      4) белгіленген заңнамалық тәртіппен Басқарма қызметкерлеріне тәртіптік жаза тағайындайды;
      5) өз құзырының шегінде бұйрықтар шығарады, нұсқаулар береді, қызметтік құжаттарға қол қояды;
      6) мемлекеттік органдарда және өзге де ұйымдарда Басқарманың атынан өкілдік етеді;
      7) Басқарманың құзырына кіретін мәселелер бойынша нормативтік құқықтық актілерді, бағдарламалардың жобаларын және басқа да құжаттардың орындалу барысын бақылайды;
      8) Басқарманың құзырына кіретін мәселелер бойынша есептік материалдарды дайындау жөніндегі жұмыстарды бақылайды;
      9) Басқарманың Стратегиялық жоспарының іске асырылу барысын үйлестіреді;
      10) белгіленген тәртіппен қаржылық-экономикалық және шаруашылық қызметтерінің мәселелерін шешеді, бюджеттік қаражаттардың тиімді және мақсатты орындалуын бақылайды;
      11) сыбайлас жемқорлық құқық бұзушылықтарға қарсы шаралар қабылдайды және сыбайлас жемқорлыққа қарсы шараларды қолдану бойынша дербес жауапты болады;
      12) заңдылықтың, Басқарманың қызметіндегі келісім-шарттық және қаржылық тәртіптің сақталуын қамтамасыз етеді;
      13) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өз құзыры шегінде қарамағындағы мекемелерге қатысты өзге де өкілеттілікті жүзеге асырады;
      14) Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес өзге де өкілеттіліктерді жүзеге асырады.
      Басқарманың басшысы болмаған кезеңде оның өкiлеттiктерiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.
      22. Бiрiншi басшы өз орынбасарларының өкiлеттiктерiн қолданыстағы заңнамаға сәйкес анықтайды.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      23. Басқарма заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкi болу мүмкiн.
      Басқарма мүлкi оған меншiк иесi берген мүлiк есебінен қалыптастырылады.
      24. Басқарма бекiтiлген мүлiк коммуналдық меншiкке жатады.
      25. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе, Басқарма өзiне бекiтiлген мүлiктi және қаржыландыру жоспары бойынша өзiне бөлiнген қаражат есебiнен сатып алынған мүлiктi өз бетiмен иелiктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсiлмен билiк етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттiк органды қайта ұйымдастыру және тарату

      26. Басқарманы қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

"Жамбыл облысы әкімдігінің энергетика және тұрғын үй-коммуналдық шаруашылық басқармасы" коммуналдық мемлекеттік мекемесінің қарамағындағы мекемелердің тізбесі:

      1) "Жамбыл-Жылу" шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны;
      2) "Темір Жол-Жылу" шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны;
      3) "ТаразТрансЭнерго" шаруашылық жүргізу құқығындағы мемлекеттік коммуналдық кәсіпорны.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады