"Қаражал қаласының білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ережесін бекіту туралы

Күшін жойған

Қарағанды облысы Қаражал қаласы әкімдігінің 2014 жылғы 1 сәуірдегі № 34 қаулысы. Қарағанды облысының Әділет департаментінде 2014 жылғы 23 сәуірде № 2611 болып тіркелді. Күші жойылды - Қарағанды облысы Қаражал қаласы әкімдігінің 2018 жылғы 13 маусымдағы № 56 қаулысымен

      Ескерту. Күші жойылды - Қарағанды облысы Қаражал қаласы әкімдігінің 13.06.2018 № 56 (алғаш ресми жарияланған күннен бастап қолданысқа енгізіледі) қаулысымен.
      РҚАО ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына, Қазақстан Республикасының 2011 жылғы 1 наурыздағы "Мемлекеттік мүлік туралы" Заңының 18 бабының 8) тармақшасына сәйкес, Қаражал қаласының әкімдігі ҚАУЛЫ ЕТЕДІ:

      1. "Қаражал қаласының білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесінің ережесі бекітілсін.

      2. Осы қаулы алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қаражал қаласының әкімі

Қ. Шорманбаев


  Қаражал қаласы әкімдігінің
2014 жылғы 1 сәуірдегі
№ 34 қаулысымен
бекітілген

"Қаражал қаласының білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі"
мемлекеттік мекемесінің ережесі
1. Жалпы ережелер

      1. "Қаражал қаласының білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесі (бұдан әрі - мемлекеттік мекеме) білім, дене шынықтыру және спорт салаларында басшылықты жүзеге асыратын Қазақстан Республикасының мемлекеттік органы болып табылады.

      2. Мемлекеттік мекеменің ведомстволары жоқ.

      3. Мемлекеттік мекеме өз қызметін Қазақстан Республикасының Конституциясына және заңдарына, Қазақстан Республикасының Президенті мен Үкіметінің актілеріне, өзге де нормативтік құқықтық актілерге, сондай-ақ осы Ережеге сәйкес жүзеге асырады.

      4. Мемлекеттік мекеме ұйымдық-құқықтық нысанындағы заңды тұлға болып табылады, мемлекеттік тілде өз атауы бар мөрі мен мөртаңбалары, белгіленген үлгідегі бланкілері, сондай-ақ Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес қазынашылық органдарында шоттары болады.

      5. Мемлекеттік мекеме азаматтық-құқықтық қатынастарға өз атынан түседі.

      6. Мемлекеттік мекеме егер заңнамаға сәйкес осыған уәкілеттік берілген болса, мемлекеттің атынан азаматтық-құқықтық қатынастардың тарапы болуға құқығы бар.

      7. Мемлекеттік мекеме өз құзыретінің мәселелері бойынша заңнамада белгіленген тәртіппен мемлекеттік мекеме басшысының бұйрықтарымен және Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген басқа да актілермен ресімделетін шешімдер қабылдайды.

      8. Мемлекеттік мекеменің құрылымы мен штат санының лимиті қолданыстағы заңнамаға сәйкес бекітіледі.

      9. Заңды тұлғаның орналасқан жері: индекс: 100700, Қарағанды облысы, Қаражал қаласы, 25 орам, 23 үй.

      10. Мемлекеттік органның толық атауы - "Қаражал қаласының білім, дене шынықтыру және спорт бөлімі" мемлекеттік мекемесі, орыс тілде – государственное учреждение "Отдел образования, физической культуры и спорта города Каражал".

      11. Осы Ереже мемлекеттік мекеменің құрылтай құжаты болып табылады.

      12. Мемлекеттік мекеменің қызметін қаржыландыру республикалық және жергілікті бюджеттерінен жүзеге асырылады.

      13. Мемлекеттік мекеме кәсіпкерлік субъектілерімен мемлекеттік мекеме функциялары болып табылатын міндеттерді орындау тұрғысында шарттық қатынастарға түсуге тыйым салынады.

      Егер мемлекеттік мекеме заңнамалық актілермен кірістер әкелетін қызметті жүзеге асыру құқығы берілсе, онда осындай қызметтен алынған кірістер республикалық бюджеттің кірісіне жіберіледі.

2. Мемлекеттік органның миссиясы, негізгі міндеттері, функциялары, құқықтары мен міндеттері

      14. Мемлекеттік мекеменің миссиясы:

      Білім беру саласында бірыңғай мемлекеттік саясатты қамтамасыз етуге, бітірушілер мен мамандар даярлау сапасын арттыруға, білім беруді қаржыландыруға бөлінетін мемлекеттік бюджет қаражатын ұтымды пайдалануға, ұлттық және жалпы азаматтық құндылықтар негізінде жеке адамды қалыптастыруға, дамытуға және кәсіби шыңдауға бағытталған білім алу үшін қажетті жағдайлар жасауға бағытталған.

      15. Міндеттері:

      1) бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын мемлекеттік білім беру ұйымдарының (қылмыстық-атқару жүйесінің түзеу мекемелеріндегі білім беру ұйымдарын қоспағанда) материалдық-техникалық қамтамасыз етілуін жүзеге асыру;

      2) мектепалды даярлықтың, бастауыш, негізгі орта және жалпы орта білім берудің жалпы білім беретін оқу бағдарламаларын іске асыратын білім беру ұйымдарына оқулықтар мен оқу-әдістемелік кешендерді сатып алу және жеткізуді ұйымдастыру;

      3) Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген тәртіппен білім алушылар мен тәрбиеленушілердің жекелеген санаттарын тегін және жеңілдікпен тамақтандыруды ұйымдастыру;

      4) педагогикалық қызметкерлерді, спортшы - жаттықтырушыларды аттестаттаудан өткізу, спорттық санаттарды тағайындау;

      5) мектепке дейінгі, жалпы орта білім беру мәселелері бойынша жоғары тұрған органдарға статистикалық есептерді ұсыну;

      6) мұрағаттарға жіберуге жататын номенклатура бойынша құжаттарды сақтау мен тапсыруды қамтамасыз ету;

      7) сыбайлас жемқорлықпен күрес бойынша іс-шаралар ұйымдастыру.

      16. Функциялары:

      1) мектеп жасына дейінгі және мектеп жасындағы балаларды есепке алуды, оларды орта білім алғанға дейін оқытуды ұйымдастыру;

      2) жетім балаларды, ата-аналарының қамқорлығынсыз қалған балаларды белгіленген тәртіппен мемлекеттік қамтамасыз етуді, оларды міндетті жұмысқа орналастыруды және тұрғын үймен қамтамасыз етуді жүзеге асыру;

      3) қалалық деңгейде спорт түрлері бойынша жарыстар ұйымдастыру, әртүрлі спорт түрлерінен қалалық құрама командаларының дайындығын және олардың облыстық спорт жарыстарына қатысуын қамтамасыз ету, жалпы спортты және спорттың ұлттық түрлерін дамыту;

      4) ведомстволық бағыныстағы мемлекеттік білім беру ұйымдарының басшыларын тағайындау және қызметтен босату;

      5) балалардың құқықтарын және заңды мүдделерін қорғау, отбасы және балалық шақты қолдау қалалық бағдарламаларын құру;

      6) меншік нысандары мен ведомстволық бағыныстылығына қарамастан жергілікті бағыныстағы білім беру ұйымдарында оқу-тәрбие үдерісін ұстауды мемлекеттік жалпы міндетті білім беру стандарттарының талаптарына сәйкестігіне мерзімді бақылауды, 4 - 9 сыныптарда мемлекеттік аралық бақылауды, Бірыңғай Ұлттық Тестілеуді өз құзыреті шегінде ұйымдастыру және жүргізу.

      17. Құқықтары мен міндеттері:

      1) мемлекеттік органдардан және басқа да мекемелерден қажетті ақпаратты, құжаттар, өзгеде материалдар сұрату және алу;

      2) жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын коммуналдық мемлекеттік мекемелердің басшылық құрамын, мемлекеттік мекеменің қызметкерлерін кызметке тағайындау және қызметтен босату, оларды көтермелеу және тәртіптік жауапкершілікке тарту;

      3) аппараттық кеңестерде қаралатын сұрақтарды дайындауға, сонымен қатар мемлекеттік мекеменің құзыретіне жататын мәселелік сұрақтарды зерделеу және шешуге мемлекеттік мекемелердің қызметкерлерін, ведомстволық бағыныстағы білім беру ұйымдарының қызметкерлерін тарту.

3. Мемлекеттік органның қызметін ұйымдастыру

      18. Мемлекеттік мекемеге басшылықты мемлекеттік мекемесіне жүктелген міндеттердің орындалуына және оның функцияларын жүзеге асыруға дербес жауапты болатын бірінші басшы жүзеге асырады.

      19. Мемлекеттік мекеме бірінші басшысын қызметке тағайындайды және қызметтен босатады.

      20. Мемлекеттік мекеме бірінші басшысының өкілеттілігі:

      1) мүлікті мемлекеттік мекемеге бекітеді;

      2) мемлекеттік мекемені ұстауға арналған сметаны (шығыстардың жоспарын) бекітеді;

      3) мемлекеттік мекемеге берілген мүліктің тиімді пайдаланылуы мен сақталуына бақылауды жүзеге асырады;

      4) білім беру ұйымдарының жарғыларын әзірлейді;

      5) мемлекеттік мекеменің құрылымын, қалыптастырылу тәртібін және өкілеттігінің мерзімін, мемлекеттік мекеменің шешімдер қабылдауының тәртібін белгілейді;

      6) мемлекеттік мекеменің құрылымы мен шекті штаттық санын бекітеді;

      7) жылдық қаржылық есептілікті бекітеді;

      8) заңнамамен белгіленген өзге де функцияларды жүзеге асырады.

      Мемлекеттік мекеменің бірінші басшысы болмаған кезеңде оның өкілеттіктерін қолданыстағы заңнамаға сәйкес оны алмастыратын тұлға орындайды.

      21. Мемлекеттік мекеме аппаратын Қазақстан Республикасының қолданыстағы заңнамасына сәйкес қызметке тағайындалатын және қызметтен босатылатын сектор меңгерушісі басқарады.

4. Мемлекеттік органның мүлкі

      22. Мемлекеттік мекеме заңнамада көзделген жағдайларда жедел басқару құқығында оқшауланған мүлкі болу мүмкін.

      Мемлекеттік мекеменің мүлкі оған меншік иесі берген мүлік, сондай-ақ өз қызметі нәтижесінде сатып алынған мүлік (ақшалай кірістерді қоса алғанда) және Қазақстан Республикасының заңнамасында тыйым салынбаған өзге де көздер есебінен қалыптастырылады.

      23. Мемлекеттік мекемеге бекітілген мүлік коммуналдық меншікке жатады.

      24. Егер заңнамада өзгеше көзделмесе мемлекеттік мекеме өзіне бекітілген мүлікті және қаржыландыру жоспары бойынша өзіне бөлінген қаражат есебінен сатып алынған мүлікті өз бетімен иеліктен шығаруға немесе оған өзгедей тәсілмен билік етуге құқығы жоқ.

5. Мемлекеттік органды қайта ұйымдастыру және тарату

      25. Мемлекеттік мекемені қайта ұйымдастыру және тарату Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады