Ескерту. Күші жойылды - Қарағанды облысы Абай аудандық мәслихатының 09.06.2022 № 24/237 шешімімен (алғаш ресми жарияланған күнінен бастап күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі).
Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы "Бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің үлгі қағидаларын бекіту туралы" № 1106 қаулысына сәйкес Абай аудандық мәслихаты ШЕШІМ ЕТТІ:
1. Абай ауданының бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің қағидасы (қосымшаға сәйкес) бекітілсін.
2. Осы шешім алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
Сессия төрайымы | Г. Бахраева |
Аудандық маслихат | |
хатшысы | Б. Цай |
|
Абай ауданының бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Абай ауданының бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің қағидалары "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына және Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2013 жылғы 18 қазандағы № 1106 "Бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің үлгі қағидаларын бекіту туралы" қаулысына сәйкес әзірленді және ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиындарын өткізудің үлгі тәртібін белгілейді.
2. Абай ауданының аудандық маңызы бар қаланың, ауылдардың, кенттердің, ауылдық округтердің аумағындағы ауылдың, көшенің, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының бөлек жергілікті қоғамдастық жиындары (бұдан әрі - бөлек жиын) жергілікті қоғамдастықтың жиынына қатысу үшін өкілдерді сайлау мақсатында шақырылады және өткізіледі.
2. Бөлек жиындарды өткізу тәртібі
3. Бөлек жиынды аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің, ауылдық округтің әкімі шақырады.
Абай ауданы әкімінің жергілікті қоғамдастық жиынын өткізуге оң шешімі бар болған жағдайда бөлек жиынды өткізуге болады.
4. Жергілікті қоғамдастық халқы бөлек жиындардың шақырылу уақыты, орны және талқыланатын мәселелер туралы бұқаралық ақпарат құралдары арқылы немесе өзге де тәсілдермен олар өткізілетін күнге дейін күнтізбелік он күннен кешіктірілмей хабардар етіледі.
5. Ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй шегінде бөлек жиынды өткізуді аудандық маңызы бар қаланың, ауылдың, кенттің және ауылдық округтің әкімі ұйымдастырады.
6. Бөлек жиынды ашудың алдында тиісті ауылдың, көшенің, көппәтерлі тұрғын үйдің қатысып отырған және оған қатысуға құқығы бар тұрғындарын тіркеу жүргізіледі.
7. Бөлек жиынды аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға ашады.
Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ әкімі немесе ол уәкілеттік берген тұлға бөлек жиынның төрағасы болып табылады.
Бөлек жиынның хаттамасын рәсімдеу үшін ашық дауыспен хатшы сайланады.
8. Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің кандидатураларын ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындарының жалпы санының 1% санында бөлек жиынның қатысушылары ұсынады.
Жергілікті қоғамдастық жиынына қатысу үшін ауыл, көше, көппәтерлі тұрғын үй тұрғындары өкілдерінің саны тең өкілдік ету қағидаты негізінде айқындалады.
9. Дауыс беру ашық түрде әрбір кандидатура бойынша дербес жүргізіледі. Бөлек жиын қатысушыларының ең көп дауыстарына ие болған кандидаттар сайланған болып есептеледі.
10. Бөлек жиында хаттама жүргізіледі, оған төраға мен хатшы қол қояды және оны тиісті аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент және ауылдық округ әкімінің аппаратына береді.