Маңғыстау облыстық мәслихатының Регламенті туралы

Күшін жойған

Маңғыстау облыстық мәслихатының 2014 жылғы 27 ақпандағы № 15/229 шешімі. Маңғыстау облысы Әділет департаментінің 2014 жылғы 03 сәуірде № 2379 болып тіркелді. Күші жойылды-Маңғыстау облыстық мәслихатының 2020 жылғы 11 желтоқсандағы № 39/481 шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Маңғыстау облыстық мәслихатының 11.12.2020 № 39/481 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) шешімімен.
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.

      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы "Қазақстан Республикасындағы жергiлiктi мемлекеттiк басқару және өзін-өзі басқару туралы" Заңының 9-бабына сәйкес, облыстық мәслихат ШЕШIМ ҚАБЫЛДАДЫ:

      1. Маңғыстау облыстық мәслихатының Регламенті осы шешімнің қосымшасына сәйкес бекітілсін.

      2. Осы шешім әділет органдарында мемлекеттік тіркелген күннен бастап күшіне енеді және ол алғаш ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Сессия төрағасы

А. Кетебаев

Облыстық


мәслихат хатшысы

Б. Жүсіпов


  Облыстық мәслихаттың
2014 жылғы 27 ақпандағы
№ 15/229 шешімімен бекітілген

Маңғыстау облыстық мәслихатының Регламенті 1. Жалпы ережелер

      1. Облыстық мәслихаттың бұл регламенті (бұдан әрі – регламент) Қазақстан Республикасының "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" 2001 жылғы 23 қаңтардағы заңының (бұдан әрі – заң) 9-бабына және Қазақстан Республикасы Президентінің 2013 жылғы 3 желтоқсандағы "Мәслихаттардың үлгі регламентін бекіту туралы" № 704 Жарлығына сәйкес әзірленді. Регламент мәслихат сессияларын, оның органдарының отырыстарын өткізу, оларға мәселелер енгiзу және қарау, мәслихат органдарын құру және сайлау, олардың қызметi туралы есептердi тыңдау, халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы және оның тұрақты комиссияларының қызметі туралы есептер беру, депутаттардың сауалдарын қарау тәртiбiн, мәслихаттағы депутаттық бiрлестiктердiң өкiлеттiктерiн, қызметiн ұйымдастыруда, сондай-ақ дауыс беру тәртiбiн, аппарат жұмысын ұйымдастыруды және басқа да рәсiмдiк және ұйымдастырушылық мәселелерін белгілейді.

      2. Облыстық мәслихат (бұдан әрі – мәслихат) – облыс халқы сайлайтын, халықтың еркін білдіретін және Қазақстан Республикасының заңнамаларына сәйкес оны іске асыру үшін қажетті шараларды айқындайтын және олардың жүзеге асырылуын бақылайтын (жергілікті өкілді орган) сайланбалы орган. Мәслихат заңды тұлға құқығын иеленбейді.

      3. Мәслихат қызметі Қазақстан Республикасының Конституциясымен, Заңмен және Қазақстан Республикасының өзге де нормативтік құқықтық актілерімен реттеледі.

2. Облыстық мәслихаттың сессияларын өткізу тәртібі 2.1. Мәслихат сессиялары

      4. Мәслихат қызметінің негізгі нысаны сессия болып табылады, онда Қазақстан Республикасының заңдары бойынша оның құзыретіне жатқызылған мәселелер шешіледі.

      Мәслихат сессиясына мәслихат депутаттарының жалпы санының кемінде үштен екісі қатысса, ол заңды. Мәслихаттың әрбір отырысының алдында қатысып отырған депутаттарды тіркеу жүргізіледі, оның нәтижесін сессияның төрағасы отырыс басталардан бұрын жария етеді.

      Сессия жалпы отырыс нысанында өткізіледі.

      Облыстық мәслихат әрбір 1,5-2 сағат сайын 20 минуттық үзіліспен бір күнде екі мәжіліс өткізе алады: таңертең сағат 10:00-ден 14:00-ге дейін; кешкі – сағат 15:00-ден 18:00-ге дейін. Сессияның шешімімен отырыстың басталуы мен аяқталуы бойынша басқа уақыттың да белгіленуі мүмкін. Мәслихаттың шешімі бойынша сессия жұмысында мәслихат белгілеген мерзімге, бірақ күнтізбелік он бес күннен аспайтын үзіліс жариялануы мүмкін.

      Сессияның ұзақтығын мәслихат айқындайды.

      Сессия төрағасы өз бастамасымен немесе депутаттардың негізді ұсынысы бойынша сессия жұмысына үзіліс жариялай алады.

      Мәслихат отырыстарында баяндамаларға, қосымша баяндамаларға уақыт баяндама жасаушылармен келісе отырып белгіленеді, алайда, оның ұзақтығы баяндама үшін бір сағаттан, қосымша баяндама үшін 20 минуттан аспауы қажет. Жарыссөзде сөйлеушілерге 10 минутқа дейін, жарыссөзде қайта сөйлеу үшін, сондай-ақ, жобаның кейбір пунктерін талдауға 5 минутқа дейін, кандидатуралар бойынша, сауал қою, сұрақ, ұсыныс, ақпарат беру, хабарлама жасауға 3 минутқа дейін. Төрағалық етуші қажет болғанда сөйлеушіге берілетін уақытты ұзарта алады.

      Сөз сөйлеу мінбеде, не залдағы микрофон арқылы жүргізіледі. Облыс әкімі, облыстық мәслихат хатшысы кез келген уақытта сөз алуға құқылы.

      Сессияның күнтәртібі қаралатын мәселелер бойынша сұрақтар, сауалдар қоюға мүмкін болатын тұрғыда қалыптастырылады.

      Сұрақтар қоюға 5 минутқа дейін, сұрақтарға жауап беру үшін 10 минутқа дейін уақыт бөлінеді.

      Сессияда сөйлеуші өз сөзінде дөрекі, жағымсыз сөздерді қолдануына, заңсыз және күштеу әрекеттеріне үндеуіне болмайды. Сессия төрағасы оған мұндай істерге жол берілмейтіндігін ескертеді, екінші ескертуден кейін сөйлеуші сөйлеу құқығынан айырылады. Мұндай жағдайда сессия төрағасы микрофонды ажыратып тастай алады, талқыланып жатқан мәселе бойынша сол сөйлеушіге қайта сөз берілмейді.

      Мәслихаттың сессиясы, әдетте, ашық сипатта болады. Егер қатысып отырған депутаттардың жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, мәслихат сессиясы төрағасының немесе мәслихат сессиясына қатысып отырған депутаттар санының үштен бір бөлігінің ұсынысы бойынша сессияларды жабық өткізуге жол беріледі.

      5. Жаңадан сайланған мәслихаттың бірінші сессиясын депутаттардың осы мәслихат үшін белгіленген санының кемінде төрттен үш бөлігі болған кезде, мәслихат депутаттары тіркелген күннен бастап отыз күндік мерзімнен кешіктірмей, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы шақырады.

      6. Мәслихаттың бірінші сессиясын сайлау комиссиясының төрағасы ашады, мәслихат сессиясының төрағасы сайланғанға дейін сессияны жүргізеді. Сайлау комиссиясының төрағасы депутаттарға сессия төрағасының кандидатурасын енгізуді ұсынады, ол бойынша ашық дауыс беру жүргізіледі. Депутаттардың жалпы санының көпшілік даусын жинаған кандидат сайланған болып есептеледі.

      7. Мәслихаттың кезекті сессиясы жылына кемінде төрт рет шақырылады және оны мәслихат сессиясының төрағасы жүргізеді.

      8. Мәслихаттың кезектен тыс сессиясын осы мәслихатқа сайланған депутаттар санының кемінде үштен бірінің, сондай-ақ облыс әкімінің ұсынысы бойынша мәслихат сессиясының төрағасы шақырады және жүргізеді.

      Кезектен тыс сессия оны өткізу туралы шешім қабылданған күннен бес күндік мерзімнен кешіктірілмей шақырылады. Кезектен тыс сессияда оны шақыруға негіз болған мәселелер ғана қаралады.

      9. Мәслихат хатшысы мәслихат сессиясын шақыру уақытымен оның өткізілетін орны, сондай-ақ сессияның қарауына енгізілетін мәселелер туралы депутаттарға, тұрғындарға және облыс әкіміне сессияға кемінде он күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылатын жағдайда, кемінде үш күн бұрын хабарлайды.

      Мәслихат хатшысы сессияның қарауына енгізілетін мәселелер бойынша қажетті материалдарды депутаттарға және әкімге сессияға кемінде бес күн қалғанда, ал кезектен тыс сессия шақырылған жағдайда, кемінде үш күн бұрын табыс етеді.

      10. Регламентте белгіленген тәртіппен мәслихат сессияларын, мәслихаттың тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының отырыстарын өткізу кезеңінде депутат қызметтік міндеттерін орындаудан босатылады, оған жергілікті бюджеттің қаражаты есебінен негізгі жұмыс орны бойынша орташа жалақысы, бірақ көрсетілген қызметте бір жылға дейінгі жұмыс өтілі бар облыс әкімінің аппарат басшысының жалақысынан аспайтын мөлшерде және жол жүру уақыты ескеріліп, іссапар шығыстары өтеледі.

      11. Сессияның күн тәртібін мәслихат жұмысының перспективалық жоспарының, мәслихат хатшысы, мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен өзге де органдары, депутаттар топтары мен депутаттар және облыс әкімі ұсынған мәселелердің негізінде сессияның төрағасы қалыптастырады.

      Сессияның күн тәртібіне ұсыныстарды сессияның төрағасына жергілікті қоғамдастықтың жиналыстары, қоғамдық ұйымдар ұсынуы мүмкін.

      Сессияның күн тәртібін талқылау барысында ол толықтырылуы және өзгертілуі мүмкін. Сессияның күн тәртібін бекіту туралы мәслихат шешім қабылдайды.

      Күн тәртібі бойынша дауыс беру әрбір мәселе бойынша жеке өткізіледі. Егер мәселеге мәслихат депутаттарының көпшілігі дауыс берсе, ол күн тәртібіне енгізілді деп есептеледі.

      Облыстық мәслихаттың әр сессиясының өту кезеңіне сессия секретариаты сайланады. Секретариат құрамы үш адамнан кем болмайтындай санда облыстық мәслихат депутаттары ішінен ашық дауыспен сайланады. Секретариаттың дербес құрамы бойынша сессия төрағасы ұсыныс енгізеді. Секретариаттың сайланғандығы туралы шешім қабылданады.

      Секретариат облыстық мәслихат сессиясының стенограммасын жүргізеді, сөйлеуге сұранушыларды тіркейді, депутаттардың сұрақтарын, анықтамалары мен мәлімдемелерін, басқа да материалдарды тіркейді.

      12. Сессияға енгізілетін мәселелерді сапалы дайындау үшін мәслихат хатшысы сессияны дайындау жөніндегі іс-шаралар жоспарын әзірлеуді уақтылы ұйымдастырады, оны облыс әкімінің келісімімен сессия төрағасы бекітеді.

      13. Мәслихаттың сессияларына қалалар мен аудандардың мәслихаттарының хатшылары, Қазақстан Республикасы Парламентінің депутаттары, облыстың, қалалар мен аудандардың әкімдері, жұмысы туралы мәселе сессияда қаралатын ұйымдардың басшылары мен өзге де лауазымды адамдар шақырылады. Сессияларға сессия төрағасының шақыруымен бұқаралық ақпарат құралдарының, мемлекеттік органдар мен қоғамдық ұйымдар өкілдерінің қатысуына болады.

      14. Мәслихаттың отырысына шақырылған адамдар үшін мәжіліс залында арнайы орындар бөлінеді. Шақырылған адамдардың мәслихат сессиясының жұмысына араласуына, мәслихат сессиясының шешімдерін қолдайтынын немесе қолдамайтынын білдіруіне жол берілмейді.

      Шақырылған адам тәртіпті өрескел бұзған жағдайда, сессия төрағасының ұйғаруымен немесе сессияға қатысып отырған депутаттардың көпшілігінің талабы бойынша мәжіліс залынан шығарылуы мүмкін.

      15. Мәслихаттың отырыстары мәслихат айқындаған уақытта өткізіледі.

      Жалпы отырыстың соңында депутаттарға қысқа мәлімдемелер немесе хабарламалар жасау үшін уақыт беріледі, олар бойынша жарыссөз өрбімейді.

      Мәслихат депутаты бір мәселе бойынша екі реттен артық сөйлей алмайды. Жарыссөзге шығу сөз сөйлеу деп есептелмейді. Сөйлеу құқығын басқа депутатқа беруге жол берілмейді.

      Облыстық мәслихат жұмысы қазақ және орыс тілдерінде жүргізіледі.

      Облыстық мәслихат депутаты қазақ және орыс тілдерін білмеген жағдайда басқа тілде сөйлей алады. Оның сөзін қазақ немесе орыс тіліне аудару қамтамасыз етіледі. Мұндайда депутат өз ниетін облыстық мәслихат хатшысына алдын ала ескертеді.

      Жарыссөз сессияға қатысып отырған депутаттардың көпшілігінің ашық дауыс беруімен тоқтатылады. Жарыссөзді тоқтату туралы мәселе қойылған кезде, сессия төрағасы сөз сөйлеуге жазылған және сөйлеген депутаттардың саны туралы хабарлайды, кімнің сөз алуды талап ететіндігін анықтайды.

      Сессия төрағасы жарыссөз барысында талқыланған мәселе бойынша пікірлерді айқындайды.

      Жарыссөздің тоқтатылуына байланысты сөйлеп үлгермеген депутаттардың сөздерінің мәтіндері депутаттардың өтініші бойынша сессияның стенографиялық есебіне енгізіледі.

      16. Отырысты өткізу тәртібі бойынша сөз депутатқа сөз сөйлеп тұрған адамның сөзі аяқталған соң кезектен тыс беріледі. Сессия төрағасы анықтама, депутаттық сауал, сұраққа жауап және талқыланып отырған мәселе бойынша түсіндірме беру үшін кезектен тыс сөз бере алады.

      Баяндамашыларға сұрақтар жазбаша немесе ауызша түрде беріледі. Жазбаша сұрақтар сессия төрағасына беріледі және мәслихат отырысында жария етіледі.

2.2. Облыстық мәслихаттың актілерін қабылдау тәртібі

      17. Егер заңда өзгеше белгіленбесе, облыстық мәслихат өз құзыретіндегі мәселелер бойынша мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшілік дауысымен шешімдер қабылдайды.

      18. Шешімдердің жобалары сессия төрағасына немесе мәслихат хатшысына беріледі.

      Сессияның төрағасы немесе мәслихаттың хатшысы қарауға ұсынылған шешімдердің жобаларын барлық қажетті материалдарымен бірге тұрақты комиссияларға қарауға және ұсыныстар дайындау үшін жолдайды. Бір мезгілде тұрақты комиссиялардың біріне мәслихат актісінің жобасы бойынша қорытынды ұйғарым, сессияда қосымша баяндама дайындау, қосымша ақпарат жинау және талдау жүргізу жүктелуі мүмкін.

      Шешімдердің жобаларымен жұмыс істеу және басқа да мәселелерді дайындау үшін тұрақты комиссиялар жұмыс топтарын құра алады. Қажет болған жағдайда жұмыс тобының құрамына басқа тұрақты комиссиялардың депутаттары тартылуы мүмкін. Жұмыс тобының жұмысына кез келген депутат қатыса алады.

      Қазақстан Республикасының заңнамасында көзделген жағдайларда, тиісті атқарушы органның ұсынымы бойынша мәслихат онымен бірлескен шешім қабылдайды.

      19. Мәслихаттың жалпыға міндетті маңызы бар, азаматтардың құқығына, еркіндігі мен міндеттеріне қатысты шешімдері Әділет министрлігінің облыстық органында мемлекеттік тіркелуге жатады және Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен жариялануға тиіс.

      20. Шешімдердің баламалы жобаларын мәслихат және оның органдары негізгі жобамен бірге қарайды. Сессияға мәселе дайындауға қатысушы тұрақты комиссиялар арасында келіспеушіліктер болған жағдайда, комиссиялардың төрағалары және сессия төрағасы келіспеушілікті болдырмау шараларын қабылдайды, қалған келіспеушіліктер мәслихаттың назарына жеткізіледі.

      21. Сессияда мәселені қараған кезде тұрақты комиссиялардың, жұмыс топтары мен уақытша комиссиялардың баяндамасы, қажет болған жағдайда, қосымша баяндамалары тыңдалады.

      Комиссияның баяндамасында жобаға енгізілген және енбей, қайтарылған ұсыныстар көрсетіледі, түзетулерді қабылдаудың немесе қайтарудың себептері дәлелденеді.

      Тұрақты комиссиялар, комиссиялар мен жұмыс топтарының жекелеген мүшелері қосымша баяндамамен немесе шешімнің жобасы бойынша қорытындылармен келіспеген жағдайда өз пікірлерін мәселе бойынша жалпы жарыссөз басталғанға дейін баяндай алады.

      22. Шешімнің жобасын талқылау тармақтар бойынша жүргізіледі. Жобаларға ұсынылатын түзетулер өзгерістері мен толықтырулары нақты тұжырымдалып, олардың шешім жобасының мәтініндегі орны көрсетіліп, жазбаша түрде беріледі. Осы талаптарды қанағаттандырмайтын түзетулер қарауға қабылданбайды.

      23. Мәслихат сессиясы күн тәртібінің әрбір мәселесі бойынша шешім қабылдайды. Бір мәселе бойынша шешімдердің бірнеше нұсқасы енгізілген жағдайда, олардың әрқайсысы сессияға қатысып отырған депутаттарға тапсырылады.

      Мәслихаттың уақытша комиссиясы болып табылатын Редакциялық комиссия шешімдердің ұсынылған нұсқаларын қабылдау немесе кері қайтару туралы өзінің пікірін жеткізеді және дәлелдейді.

      Шешімдердің енгізілген жобаларының бәрі дауысқа салынады. Жобалардың бірі негізге алынғаннан кейін депутаттар оған түзетулер қабылдау рәсіміне кіріседі.

      24. Мәслихат шешімінің жобасына түзетулер болған жағдайда, дауыс беру мынадай ретпен жүзеге асыралады:

      1) мәслихат шешімінің ұсынылған (пысықталған) жобасы негізге алынады, ол кері қайтарылған жағдайда, түзетулер бойынша одан әрі дауыс беру тоқтатылады;

      2) негізге алынған жобаға кірмеген түзетулер өз реті бойынша дауысқа салынады;

      3) сессия шешімі қабылданған түзетулерді ескере отырып, тұтастай дауысқа салынады. Шешімдердің қабылданбаған жобалары және оларға түзетулер бойынша ағымдағы сессияда қайта дауыс беруге жол берілмейді.

      25. Түзетулер жеке-жеке дауысқа салынады, оларға дауыс берудің ретін төрағалық етуші айқындайды. Өзара қарама-қайшы келетін түзетулер бойынша дауыс беру алдында соңғысын төрағалық етуші оқиды. Түзету авторлары олардың мәні бойынша түсінік береді немесе оларды талқылаудан алып тастау туралы ұсыныспен сөз сөйлеуіне болады.

      Мәслихат шешімдеріне өзгерістер оларды қабылдау үшін белгіленген тәртіппен енгізіледі.

      Сессиялардың хаттамалары сессиядан кейін бір айдан кешіктірілмей басылып, заңнамада белгіленген тәртіппен сақталады.

      26. Жоспарлардың, аумақтарды әлеуметтік-экономикалық дамыту бағдарламаларының, олардың орындалуы туралы есептердің, аумақты басқару схемаларының жобалары және мәслихат сессиясының қарауына шығарылатын басқа да мәселелер, сондай-ақ олар бойынша шешімдердің тиістілігіне қарай келісу бұрыштамалары қойылған, барлық қажетті материалдары қоса берілген қазақ және орыс тілдеріндегі жобалары мәслихатқа кезекті сессияға дейін үш апта бұрын мәслихаттың тұрақты комиссияларының қарауына енгізіледі.

      27. Облыс бюджетінің жобасы мәслихаттың тұрақты комиссияларында қаралады. Мәслихаттың хатшысы бюджеттің жобасын қарау жөнінде депутаттық уақытша Жұмыс тобын құрады, оның құрамына мәслихат аппаратының қызметкерлері, жергілікті атқарушы органдардың өкілдері қосылуы мүмкін.

      Тұрақты комиссиялар уақытша жұмыс тобының пікірін ескере отырып, тиісті негіздемелермен және есептермен облыс бюджетінің жобасы бойынша ұсыныстар әзірлейді және оларды ұсыныстарды жинау мен облыс бюджетінің жобасы бойынша қорытынды әзірлеуді жүзеге асыратын Экономика және бюджет мәселелері жөніндегі тұрақты комиссияға жібереді.

      Экономика және бюджеттік жоспарлау басқармасы сессиядан кемінде екі апта бұрын сессия төрағасына, мәслихаттың хатшысына барлық қажетті материалдармен бірге бюджет туралы шешім жобасының түпкілікті нұсқасын ұсынады.

      Облыстық бюджет Қазақстан Республикасының Президенті "Республикалық бюджет туралы" Заңға қол қойғаннан кейін екі апта мерзімнен кешіктірілмей облыстық мәслихаттың сессиясында бекітіледі.

      28. Мәслихаттың кезекті сессиясына тиісті жылға арналған жергілікті бюджетті нақтылауға қатысты жоспардан тыс мәселелер қарау енгізілген жағдайда материалдарды ұсыну бюджеттік заңнамада көзделген мерзімдерде жүзеге асырылады.

      29. Мәслихаттың кезектен тыс сессиясында облыстық бюджет нақтыланған кезде осы сессияны шақыру туралы шешім қабылданған күннен бастап екі күн ішінде тұрақты (уақытша) комиссияларда бюджет жобасын қарау бойынша жұмыстар жүргізіледі.

3. Есептерді тыңдау тәртібі

      30. Мәслихат облыс әкімінің есептерін тыңдау жолымен тиісті жергілікті бюджеттің, аумақтарды дамыту бағдарламаларының орындалуын бақылауды жүзеге асырады.

      31. Мәслихат "Әкімдердің мәслихаттар алдында есеп беруін өткізу туралы" Қазақстан Республикасы Президентінің 2006 жылғы 18 қаңтардағы № 19 Жарлығына сәйкес сессияда облыс әкімінің есебін тыңдайды.

      Әкімнің (оның міндетін атқарушы адамның) өзіне жүктелген функциялар мен міндеттерді орындауы туралы есебі және ол бойынша шешімнің жобасы тиісті сессияға дейін үш апта бұрын мәслихаттың тұрақты комиссияларының қарауына енгізіледі.

      Заңның 24-бабына сәйкес аумақты дамыту жоспарларының, экономикалық және әлеуметтік бағдарламаларының орындалуы, жергілікті бюджеттің атқарылуы туралы әкім ұсынған есептерді мәслихаттың екі рет бекітпеуі – мәслихаттың әкімге сенімсіздік білдіру туралы мәселені қарауы үшін негіз болып табылады.

      32. Мәслихат сессия төрағасының және мәслихат хатшысының, тұрақты комиссиялар төрағаларының және мәслихаттың өзге органдарының есебін тыңдайды.

      Мәслихат хатшысы жылына кемінде бір рет мәслихаттың кезекті сессияларында мәслихаттың қызметін ұйымдастыру бойынша атқарылған жұмыстар, депутаттардың сауалдары мен депутаттық өтініштердің қаралу барысы, сайлаушылардың өтініштері және олар бойынша қабылданған шаралар, мәслихаттың жергілікті өзін-өзі басқарудың өзге де органдарымен өзара іс-қимыл жасауы, мәслихат аппаратының қызметі туралы есеп береді.

      Мәслихат сессиясының, мәслихаттың тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының төрағалары жылына кемінде бір рет мәслихаттың кезекті сессияларында жүктелген функциялар мен өкілеттіктердің орындалуы туралы есеп береді.

      33. Облыстық бюджеттің атқарылуы туралы Тексеру комиссиясының есебін мәслихат жыл сайын қарайды.

      34. Мәслихат жылына кемінде бір рет халық алдында мәслихаттың атқарған жұмысы, оның тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының қызметі туралы есеп береді.

      Аудандық маңызы бар қала, ауыл, кент, ауылдық округ тұрғындарын мәслихаттың есебімен жергілікті қоғамдастықтың жиындарында мәслихаттың хатшысы, тұрақты комиссиялардың төрағалары басқаратын депутаттар тобы таныстырады.

4. Облыстық мәслихат депутаттарының сауалдарын қарау тәртібі

      35. Мәслихат депутаты мәслихат құзыретіне жатқызылған мәселелер бойынша ресми жазбаша сауалмен әкімге, облыстық сайлау комиссиясының төрағасы мен мүшесіне, прокурорға және орталық мемлекеттік органдардың аумақтық бөлімшелерінің, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқарушы органдардың лауазымды адамдарына жүгінеді.

      36. Сессия басталғанға дейін енгізілетін сауалдар сессияның төрағасына, мәслихат хатшысына беріледі және оларды сессияның күн тәртібіне енгізу туралы мәселе шешілген жағдайда оның отырысында қаралады. Сауалдың көшірмесін бағытталған органға немесе лауазымды адамға мәслихаттың хатшысы жолдайды. Сессияны өткізу барысында енгізілетін сауалдар төрағалық етушіге отырыс үстінде беріледі.

      37. Сессияда қаралуға тиісті мәселелерге байланысы жоқ сауал күн тәртібіне жеке мәселе ретінде енгізіледі немесе сессия жұмысының соңында бұл үшін арнайы бөлінген уақытта қаралады. Мәслихат сессияның күн тәртібін сауалдармен және сұрақтармен жұмыс істеуге уақыт резерві көзделетіндей етіп айқындайды. Сессияда шешілуге тиісті мәселелермен байланысты сауалдар күн тәртібіне енгізілмейді және төрағалық етуші оларды сессияда тиісті мәселе бойынша жарыссөздер басталғанға дейін жария етеді.

      38. Мәслихат сауалды қарауды басқа сессияға ауыстыра алады. Сауалдарды енгізген депутаттар сессияның күн тәртібі бекітілгенге дейін оларды кері қайтарып ала алады. Күн тәртібі бекітілгеннен кейін сауалды қараудан алып тастау мәслихаттың шешімі бойынша жүзеге асырылады. Жазбаша түрде берілген сауалдар сессияның хаттамасына тіркеледі.

      39. Депутаттық сауалға жауап бір айдан кешіктірілмей жазбаша түрде берілуі тиіс.

      Депутат сауалға берілген жауап бойынша өз пікірін білдіруге құқылы. Прокурорға жолданған сауалдар қылмыстық қудалауды жүзеге асырумен байланысты болмауы тиіс.

5. Облыстық мәслихаттың лауазымды адамдары,
тұрақты комиссиялары және өзге де органдары, мәслихаттың
депутаттық бірлестіктері 5.1. Облыстық мәслихат сессиясының төрағасы

      40. Мәслихаттың кезекті сессиясының төрағасы мәслихаттың алдыңғы сессиясында ашық дауыс беру арқылы депутаттардың арасынан сайланады.

      Кандидатураларды енгізгеннен кейін мәслихат депутаттары ашық дауыс беруді жүргізеді. Кандидатқа депутаттардың жалпы санының көпшілігі дауыс берсе, ол сайланды деп есептеледі.

      Мәслихат депутаты бір жыл iшiнде мәслихат сессиясының төрағасы болып екi реттен артық сайлана алмайды.

      Сессияның төрағасы болмаған жағдайда, оның өкiлетiн мәслихат хатшысы жүзеге асырады.

      41. Мәслихат сессиясының төрағасы:

      1) мәслихат сессиясын шақыру туралы шешiм қабылдайды;

      2) мәслихат сессиясын дайындауға басшылық жасауды жүзеге асырады, сессияның күн тәртiбiн қалыптастырады;

      3) мәслихат сессиясының отырыстарын жүргiзедi, мәслихат регламентiнiң сақталуын қамтамасыз етедi;

      4) мәслихаттың сессиясында қабылданған немесе бекiтiлген мәслихат шешiмдерiне, хаттамаларға, өзге де құжаттарға қол қояды.

      Мәслихат сессиясының төрағасы өз функцияларын басқа жұмыстан босатылмаған негiзде жүзеге асырады.

      42. Егер мәслихат сессиясында дауыс беру кезiнде депутаттардың дауысы тең бөлiнген жағдайда, мәслихат сессиясының төрағасы шешушi дауыс құқығын пайдаланады.

5.2. Облыстық мәслихаттың хатшысы

      43. Бірінші сессияда мәслихат депутаттары арасынан мәслихаттың хатшысын сайлайды, ол тұрақты негізде жұмыс істейтін және мәслихатқа есеп беретін лауазымды адам болып табылады. Мәслихат хатшысы мәслихат өкілеттігінің мерзіміне сайланады.

      Мәслихат хатшысы өз өкілетін заңға және осы регламентке сәйкес жүзеге асырады.

      44. Мәслихат хатшысының лауазымына кандидатураларды депутаттар мәслихат сессиясында ұсынады. Ұсынылатын кандидатуралардың санына шек қойылмайды. Кандидаттар өздерінің алдағы қызметінің үлгілік бағдарламаларымен таныстырады. Кандидат ашық немесе жасырын дауыс беру нәтижесінде мәслихат депутаттарының жалпы санының көпшілік даусын алса, мәслихаттың хатшысы лауазымына сайланды деп есептеледі.

      Егер мәслихат хатшысының лауазымына екіден көп кандидат ұсынылып, олардың бір де бірі сайлану үшін талап етілетін дауыс санын ала алмаса, неғұрлым көп дауыс алған екі кандидатура бойынша қайтадан дауыс беру жүргізіледі. Қайта дауыс беру кезінде осы кандидаттардың бір де бірі депутаттардың жалпы санының жартысынан астамының даусын ала алмаса, сайлау қайта өткізіледі.

      45. Мәслихат хатшысының мәслихаттың тұрақты комиссияларының құрамына кіруге құқығы жоқ. Мәслихат хатшысының өкілеті мерзімінен бұрын тоқтатылған жағдайда жаңа хатшыны сайлау заңда және осы регламентте белгіленген тәртіппен өткізіледі.

5.3. Облыстық мәслихаттың тұрақты және уақытша комиссиялары

      46. Мәслихат бірінші сессияда өз өкілетінің мерзіміне депутаттар қатарынан мәслихаттың қарауына жататын мәселелерді алдын ала қарау және дайындау, оның шешімдерін жүзеге асыруға ықпал ету, өз құзыреті шегінде бақылау функцияларын жүзеге асыру үшін тұрақты комиссиялар құрады. Тұрақты комиссиялардың төрағалары мен мүшелерін депутаттар арасынан ашық дауыс беру арқылы мәслихат сайлайды.

      Әрбір тұрақты комиссияның тізбесі, саны және құрамы жеке-жеке дауысқа салынады. Олардың сандық және дербес құрамы сессия төрағасының, мәслихат хатшысының ұсынысы бойынша айқындалады.

      Тұрақты комиссиялардың саны жетіден аспауға тиіс.

      Мәслихаттың тұрақты комиссиялары төрағаларының кандидатуралары тұрақты комиссиялардың отырыстарына шығарылады. Кандидатуралардың санына шек қойылмайды. Мәслихат отырысында төрағалардың кандидатурасын талқылау әр комиссия бойынша жеке-жеке өткізіледі.

      Тұрақты комиссиялар Жұмыс топтарын құра алады.

      47. Облыстық мәслихаттың тұрақты комиссиялары:

      мәслихатқа, мәслихат хатшысына, сессия төрағасына сессияның күн тәртібіне байланысты, сессияда қаралатын басқа да мәселелер бойынша ұсыныс енгізуге;

      тұрақты комиссияда қаралған, сессияда қарауға ұсынылған мәселелер бойынша қорытынды беруге;

      тұрақты комиссияда қаралған мәселелер бойынша баяндама, қосалқы баяндама жасауға;

      облыстық мәслихатқа өз құзіреті шегінде жергілікті атқарушы орган басшыларының есебін тыңдауды ұсынуға құқылы.

      Әкімдік, орталық атқару комитеттерінің аумақтық бөлімдерінің, жергілікті бюджеттен қаржыландырылатын атқару органдары мен ұйымдардың лауазымды тұлғалары бекітілген тәртіпке сай тұрақты комиссияларға қажетті ақпараттар ұсынуға міндетті.

      48. Мәслихаттың қарауына жатқызылған жекелеген мәселелерді сессияларда қарауға дайындау мақсатында мәслихат не мәслихаттың хатшысы уақытша комиссиялар құра алады. Уақытша комиссиялардың құрамын, міндеттерін, өкілеттік мерзімдері мен құқықтарын оны құрған кезде мәслихат не мәслихаттың хатшысы айқындайды.

      Уақытша комиссияның төрағасы депутаттар арасынан сайланады. Уақытша комиссиялардың құрамына облыстық мәслихаттың депутаты емес адамдар да сайлана алады. Уақытша комиссия депутаттардың басым көпшілік даусымен ашық дауысқа салу арқылы сайланады.

      Уақытша комиссия облыстық мәслихат алдында есеп береді және жауапты.

      Құрылған мақсатына сай атқарылған қызметінің нәтижесі бойынша комиссия сессияға баяндама ұсынады. Баяндама бойынша облыстық мәслихат сессиясы тиісті шешім қабылдауы мүмкін.

      Уақытша комиссия өз құзіреті шегінде қараған мәселе бойынша қорытынды береді. Уақытша комиссия құрамындағы жұмыс үшін ақы төленбейді.

      Тұрақты немесе уақытша комиссия мүшесінің комиссия қорытындысынан өзге пікірі болса, оны облыстық мәслихатқа жазбаша ұсынуға құқы бар.

      49. Тұрақты комиссиялар өз бастамасы немесе мәслихат шешімі бойынша бұқаралық тыңдаулар өткізе алады.

      Бұқаралық (Көпшіліктік) тыңдаулар тұрақты комиссияның қарауына жататын өте маңызды және қоғамдық маңызы бар мәселелерді талқылау мақсатында депутаттардың, атқарушы органдар, жергілікті өзін-өзі басқару органдары, ұйымдар, бұқаралық ақпарат құралдары өкілдерінің, азаматтардың қатысуымен осы комиссиялардың кеңейтілген отырыстары түрінде өткізіледі. Тыңдауға мәслихаттың басқа тұрақты комиссияларының депутаттары қатыса алады.

      Бұқаралық тыңдаулар өткізу үшін депутаттар қатарынан Жұмыс тобы құрылады. Тыңдауларды дайындау үшін мемлекеттік өзге органдар мен ұйымдардың мамандары жұмылдырылуы мүмкін.

      Тұрақты комиссия алда болатын бұқаралық тыңдаулардың тақырыбын бұқаралық ақпарат құралдары арқылы жұртшылықтың назарына жеткізеді.

      Бұқаралық тыңдауларға тұрақты комиссия мүдделі мемлекеттік органдардың, қоғамдастықтың, бұқаралық ақпарат құралдарының өкілдерін шақырады.

      50. "Мемлекеттік құпиялар туралы" Қазақстан Республикасының заңына сәйкес мемлекеттік немесе қызметтік құпияға жатқызылған жағдайларды қоспағанда, тұрақты комиссиялардың отырыстарында қаралатын мәселелер, әдетте, ашық болады.

      Тұрақты комиссиялардың отырыстары қажеттiлiгiне қарай шақырылады. Отырысқа комиссия құрамына кiретiн депутаттардың жалпы санының жартысынан астамы қатысса, заңды болып есептеледi.

      Тұрақты комиссияның қаулысы комиссия мүшелерiнің жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданады.

      Комиссияның отырысында дауыс беру кезiнде депутаттар дауысы тең бөлiнген жағдайда, тұрақты комиссияның төрағасы шешушi дауыс құқын пайдаланады.

      Тұрақты комиссияның қаулысы мен отырыстың хаттамасына оның төрағасы қол қояды, ал бiрнеше тұрақты комиссияның бiрлескен отырысы өткiзiлген жағдайда, тиiстi комиссиялардың төрағалары тең қол қояды.

5.4. Мәслихаттың редакциялық және есеп комиссиялары

      51. Мәслихат ашық дауыс беру арқылы депутаттар қатарынан Есеп комиссиясын және Редакциялық комиссия сайлайды. Бұл комисиялардың құрамы тақ санды құрайды. Есеп және Редакциялық комиссиялар құрамына мәслихат аппаратының және басқа мемлекеттік ұйымдардың қызметкерлері тартылуы мүмкін.

      Редакциялық комиссия сессия төрағасының ұсынысымен сессияда талқылатын мәселе бойынша облыстық мәслихат шешімінің жобасын дайындау немесе нақтылау үшін депутаттардың пікірлерін толық есепке алып, біріктірумен айналысу үшін құрылуы мүмкін. Редакциялық комиссия төрағасын комиссияның өзі сайлайды.

      52. Редакциялық комиссияның құрамы қаралатын мәселенің ерекшелігі, комиссия мүшелерінің мамандықтары, біліктіліктері мен жұмыс тәжірибелері ескеріле отырып қалыптастырылады.

      Редакциялық комиссия кезекті сессияға да сайлануы мүмкін.

      53. Ашық дауыс беру өткізілгенде Есеп комиссиясы дауыс беру және оның қорытындысын шығару процесін ұйымдастырады.

      Облыстық мәслихат сессиясында қаралған мәселелер бойынша шешімдер депутаттардың жалпы санының көпшiлiк дауысымен қабылданады. Қазақстан Республикасының Конституциясы, заңдары, облыстық мәслихаттың осы регламенті, сондай-ақ сессия шешімі бойынша жеке-жеке немесе жасырын дауыс беру арқылы өтуі мүмкін.

      Ашық дауыс беру электрондық жүйемен жабдықталмаған залда жүргізілген кезде, дауыстарды санау құрамын сессия анықтап шығарған депутаттар тобына тапсырылады.

      Ашық дауыс беру басталмас бұрын сессия төрағасы дауысқа түскен ұсыныстардың санын көрсетеді, олардың мазмұнын оқиды, дауыс берудің, оны қабылдаудың шарттарымен таныстырады.

      Дауыс беруде айқын көп дауыс болған жағдайда, егер депутаттар талап етпеген болса, дауыс санын есептемей өткізілуі де мүмкін.

      Облыстық мәслихаттың әр депутаты бір мәселеге қатысты бір дауысқа ие: дауыс беру кезінде жақтайды, қарсы болады не қалыс қалады.

      Дауыс саны есептеліп болғаннан кейін сессия төрағасы ұсыныстың қабылданғанын не қабылданбағандығын хабарлайды.

      Депутаттардың жалпы санының көпшiлiк дауысымен өткізілетін аты-жөнін көрсетіп дауыс беру электрондық жүйені қолдану арқылы немесе арнайы бюллетендер тарату арқылы жүргізіледі.

      Депутаттардың жалпы санының көпшiлiк дауысымен өткізілетін жасырын дауыс беру электрондық жүйені қолдану арқылы немесе бюллетендер тарату арқылы жүргізіледі. Жасырын дауыс беруді өткізу және оның қорытындысын анықтау үшін сессия ашық дауыс беру арқылы депутаттардан Есеп комиссиясын сайлайды. Есеп комиссиясының құрамына кандидатурасы сайланатын органға және лауазымға ұсынылған депутаттар енбейді.

      Есеп комиссиясы өз құрамынан төраға мен комиссия хатшысын сайлайды, оның шешімдері ашық дауыс беру арқылы көпшілік дауыспен қабылданады.

      Бюллетендер Есеп комиссиясының бақылауымен, олар белгілеген нысанда отырысқа қатысып отырған депутаттардың санына тең мөлшерде жасалады, оларға Есеп комиссиясының төрағасы қол қояды.

      Дауыс берудің уақыты мен орнын, оны өткізудің тәртібін Есеп комиссиясы мәслихат регламентінің негізінде белгілейді және Есеп комиссиясының төрағасы хабарлайды.

      Органға, лауазымға сайлау бойынша, не сессияда қаралған мәселенің шешіміне қатысты әр депутатқа бір бюллетень беріледі. Жасырын дауыс беруге арналған бюллетенді депутаттарға Есеп комиссиясының мүшелері тізім бойынша таратады.

      Депутат бюллетенді кабинада немесе дауыс беруге арналған бөлмеде толтырады.

      Бекітілген үлгіге сәйкес келмейтін бюллетень жарамсыз болып есептеледі. Лауазымға сайлау кезінде екі және одан да көп кандидатура белгіленген бюллетень – жарамсыз.

      Бюллетенге қосымша қолдан жазылған фамилия назарға алынбайды.

      Жасырын дауыс берудің нәтижесі бойынша хаттама толтырылады, оған Есеп комиссиясының барлық мүшесі қол қояды. Есеп комиссиясының баяндауы бойынша сессия ашық дауыспен жасырын дауыс берудің нәтижесін бекіту туралы шешім қабылдайды.

      Облыстық мәслихаттың депутаты дауыс беру кезінде өз құқығын өзі жүзеге асыра алады. Дауыс беру кезінде болмаған депутат дауысын кейін беруге құқығы жоқ.

      Дауыс беруді өткізу кезінде рәсімдік және техникалық қателіктер болған жағдайда сессия дауыс беруді қайта өткізу туралы шешім қабылдайды.

5.5. Облыстық мәслихаттағы депутаттық бірлестіктер

      54. Мәслихат депутаттары саяси партиялардың фракциялары және өзге де қоғамдық бірлестіктер, депутаттық топтар түрінде депутаттық бірлестіктер құра алады. Мәслихат хатшысы депутаттық бірлестіктерге кірмейді.

      Депутат тек бір ғана депутаттық фракцияда болады.

      Депутаттық фракциялар мен топтарды тіркеу облыстық мәслихат сессиясында жүзеге асырылады, келіп тіркелу тәртібімен жүргізіледі және тек ақпараттық сипатта болады.

      Облыстық мәслихатта депутаттық топтар мен фракцияларды тіркеу үшін жазбаша түрде хабарлама жолданады, мұнда аты, мақсаты, құрамы және облыстық мәслихатта, мемлекеттік органдарда, саяси партиялар мен қоғамдық бірлестіктерде депутаттық фракцияның немесе топтың атынан сөйлейтін өкілетті адамдары көрсетіледі. Облыстық мәслихат бұқаралық ақпарат құралдарына депутаттық фракция мен топтың құрамы туралы ақпарат ұсынады.

      Депутаттық фракциялар мен топтар облыстық мәслихаттың хатшысына өз шешімдері жөнінде ақпарат беріп отырады.

      Депутаттық бірлестіктер тіркелген кезде ешқайсысына енбеген депутат кейін олардың біріне кіруге құқылы. Депутаттық фракциялар мен топтар өз құрамына жаңа мүшелер қосылғаны не олардың шыққаны туралы облыстық мәслихатты хабардар етіп отырады.

      Егер депутаттар шыққан кезде фракциялар мен топтардың сандық құрамы тіркелген кездегіден аз болса, онда бұл бірлестіктер өз қызметін тоқтатады.

      55. Депутаттық бірлестіктердің мүшелері:

      1) мәслихаттың күн тәртібі, талқыланатын мәселелерді қарау тәртібі және олардың мәні бойынша ескертулер мен ұсыныстар енгізе алады;

      2) мәслихат сайлайтын немесе тағайындайтын лауазымды адамдардың кандидатуралары бойынша пікірлерін айта алады;

      3) мәслихат шешімдерінің жобаларына түзетулер ұсына алады;

      4) депутаттық бірлестіктің қызметі үшін қажетті материалдар мен құжаттарды сұрата алады.

      56. Саяси партияның фракциясы өз қызметінде саяси партияның басшы органдарымен өзара іс-қимыл жасайды, сондай-ақ саяси партияның қоғамдық қабылдау бөлімінің жұмысына қатысады. Фракция мәслихаттың кемінде бес депутатын біріктіреді. Депутаттық топ құрамында да кемінде бес депутат болады.

6. Депутаттық этика

      57. Облыстық мәслихат депутаттары:

      1) бір-біріне және мәслихат сессияларының, мәслихат комиссиялары мен оның жұмыс органдарының жұмысына қатысатын басқа да тұлғаларға құрметпен қарауға;

      2) өздері сөз сөйлегенде дәлелсіз айыптауларды, мәслихат депутаттарының және басқа тұлғалардың ар-намысы мен абыройына нұқсан келтіретін дөрекі, жәбірлейтін сөздерді қолданбауға;

      3) заңсыз және зорлық-зомбылық әрекеттерге шақырмауға;

      4) мәслихаттың, мәслихаттың тұрақты комиссияларының және өзге де органдарының қалыпты жұмыс істеуіне кедергі келтірмеуге;

      5) сөйлеушілердің сөзін бөлмеуге тиісті.

      58. Бұқаралық ақпарат құралдарында, баспасөз конференциясында, митингтерде сөз сөйлегенде, мемлекеттік органдардың, лауазымды адамдар мен азаматтардың қызметіне пікір білдіргенде депутат дәлелденген, тексерілген деректерді ғана қолдануы тиісті.

      59. Депутат мемлекеттік органдармен және ұйымдармен, бұқаралық ақпарат құралдарымен өзара қарым-қатынаста өзінің депутаттық мәртебесінің артықшылығын жеке мүддесі үшін пайдаланбауға тиісті.

      60. Депутат депутаттық өкілеттігін жүзеге асыру барысында мәлім болған мәліметтерді, егер олар сессиялардың, мәслихаттың тұрақты комиссиялары мен оның өзге де органдарының жабық отырыстарында қаралған мәселелерге қатысты болса, жария қылуына болмайды.

      61. Мәслихат атынан өкілдік етуге арнайы өкілеттігі жоқ мәслихат депутаты мемлекеттік органдармен және ұйымдармен тек өз атынан ғана байланысқа түсе алады.

      62. Мәслихат депутатына өз міндеттерін орындамағаны және (немесе) тиісінше орындамағаны үшін, сондай-ақ мәслихат регламентінде белгіленген депутаттық этика қағидаларын бұзғаны үшін Заңның 21-бабына сәйкес жазалау шаралары қолданылуы мүмкін.

7. Облыстық мәслихат аппаратының жұмысын ұйымдастыру

      63. Мәслихат пен оның органдарының қызметін ақпараттық-талдамалық, ұйымдық-құқықтық және материалдық-техникалық қамтамасыз ету, депутаттарға өздерiнiң өкiлеттiктерiн жүзеге асыруға көмек көрсету үшін мәслихат аппараты құрылады.

      Мәслихат аппараты жергiлiктi бюджет есебiнен ұсталатын мемлекеттiк мекеме болып табылады.

      Мәслихат аппараты туралы ережені мәслихат бекітеді.

      64. Мәслихат Қазақстан Республикасының заңнамасында белгiленген штат саны мен бөлінген қаражат лимитi шегiнде мәслихат аппаратының құрылымын бекiтедi, оны ұстауға және материалдық-техникалық қамтамасыз етуге арналған шығыстарды айқындайды.

      65. Мәслихат аппаратының мемлекеттiк қызметшiлерiнiң қызметi Қазақстан Республикасының заңнамасына сәйкес жүзеге асырылады.

      Мәслихаттың өкiлеттiк мерзiмi аяқталғанда, мәслихат өкiлеттiгi мерзiмiнен бұрын тоқтатылған және оның депутаттарының жаңа құрамы сайланған жағдайларда, мәслихат аппаратының мемлекеттiк қызметшiлерiнiң қызметi тоқтатылмайды.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады