Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінің шекаралары шегінде Қазақстан Республикасының орман қорына кірмейтін жасыл екпелерді егу, күтіп-ұстау және қорғау ережелерін бекіту туралы

Күшін жойған

Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2014 жылғы 09 шілдедегі N 20/252-V шешімі. Шығыс Қазақстан облысының Әділет департаментінде 2014 жылғы 13 тамызда N 3452 болып тіркелді. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 2015 жылғы 17 сәуірдегі N 27/333-V шешімімен

      Ескерту. Күші жойылды - Шығыс Қазақстан облыстық мәслихатының 17.04.2015 N 27/333-V шешімімен.
      РҚАО-ның ескертпесі.
      Құжаттың мәтінінде түпнұсқаның пунктуациясы мен орфографиясы сақталған.
      Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 3-бабының 2-тармағына, "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңының 21-бабының 4-1) тармақшасына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 2-2 тармағына сәйкес Шығыс Қазақстан облыстық мәслихаты ШЕШТІ:
      1. Қоса беріліп отырған Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінің шекаралары шегінде Қазақстан Республикасының орман қорына кірмейтін жасыл екпелерді егу, күтіп-ұстау және қорғау ережелері бекітілсін.
      2. Осы шешім оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.
 
 

      Сессияның төрағасы

Л. Цыбенко

      Шығыс Қазақстан облыстық
      мәслихатының хатшысы

Г. Пинчук


Шығыс Қазақстан
облыстық мәслихатының
2014 жылғы 9 шілдедегі
№ 20/252-V шешімімен 
бекітілді

Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінің шекаралары шегінде Қазақстан Республикасының орман қорына кірмейтін жасыл екпелерді егу, күтіп-ұстау және қорғау ережелері

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінің шекаралары шегінде Қазақстан Республикасының орман қорына кірмейтін жасыл екпелерді егу, күтіп-ұстау және қорғау ережелері (бұдан әрі - Ережелер) "Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексінің 3-бабының 2-тармағына, "Қазақстан Республикасындағы сәулет, қала құрылысы және құрылыс қызметі туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 16 шілдедегі Заңының 21-бабының 4-1) тармақшасына, "Қазақстан Республикасындағы жергілікті мемлекеттік басқару және өзін-өзі басқару туралы" Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 23 қаңтардағы Заңының 6-бабының 2-2 тармағына сәйкес әзірленді және жеке және заңды тұлғалардың Шығыс Қазақстан облысының елді мекендерінің шекаралары шегінде Қазақстан Республикасының орман қорына кірмейтін жасыл екпелерді егу, күтіп-ұстау және қорғау тәртібін айқындайды.
      2. Осы Ережелерде мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:
      1) мамандандырылған ұйым – жарғысында жасыл екпелерді күтіп-ұстау мен қорғау бойынша жүргізілетін қызметтің түрін көрсету қарастырылған, қажетті материалдық және білікті еңбек ресурстары бар шаруашылық жүргізуші субъект;
      2) ортақ пайдаланудағы жерлер – алаңдар, көшелер, жаяу жүргінші жолдары, өтпежолдар, жолдар, жағалаулар, саябақтар, скверлер, орман саябақтары, желекжолдар, су тоғандары, жағажайлар, зираттар және тұрғындардың қажеттіліктерін қанағаттандыруға арналған өзге де объектілер (су құбырлары, жылу құбырлары, тазарту ғимараттары және басқа да ортақ пайдаланудағы инженерлік жүйелер, сондай-ақ ортақ пайдаланудағы жылу желілері мен инженерлік жүйелердің қорғау аймақтары) орналастырылған және орналастыруға арналған жерлер;
      3) жаппай санитарлық кесу – көп мөлшерде жел, қар құлатқан, қураған және ауру (қырық пайыздан астамы) ағаштары бар жасыл алқаптардың, саябақтардың, скверлердің белгіленген алаңдарында жүргізілетін ағаштар мен бұталарды кесу;
      4) жасыл алқап - түрдік құрамына қарамастан кемінде 0,125 гектар аумақта кем дегенде 50 дана ағашы бар көгалдандырылған аумақ;
      5) уәкілетті орган – жасыл екпелерді егу, күтіп-ұстау және қорғау жөніндегі жұмыстарды ұйымдастыру бойынша функцияларды жүзеге асыруға ауданның, қаланың әкімдігімен уәкілеттілік берілген ауданның, қаланың жергілікті бюджетінен қаржыландырылатын атқарушы орган;
      6) ішінара санитарлық кесу - қураған, солған, желден, қардан құлаған, қардан сынған барлық сынып жасындағы ағаштар мен бұталарды, сондай-ақ тамырқұлақ, серпянка және т.б. саңырауқұлақ ауруларына шалдыққан ағаштарды кесу;
      7) санитарлық-қорғау аймағы – арнайы тағайындалған аймақты, сондай-ақ жақын маңдағы қоныстану аумақтарынан және тұрғын үй-азаматтық мақсаттағы ғимараттар мен құрылыстардан, оларға тигізілетін келеңсіз факторлардың әсерін бәсеңдету мақсатында елді мекендегі өнеркәсіптік кәсіпорындар және басқа да өндірістік, коммуналдық және қойма объектілерін бөліп тұратын аумақ;
      8) жасыл екпелер – ортақ пайдаланудағы жерлердің елді мекендерінің шекараларында орналасқан орман саябақтары, саябақтар, скверлер, желекжолдар, сызық бойымен отырғызылған екпелер, үйлер маңындағы екпелер, газондар, гүлзарлар;
      9) орман саябағы - ортақ пайдаланудағы жерлердің елді мекендерінің шекараларында орналасқан, табиғи орманның барлық элементтерімен тұрақты табиғи кешенді қалыптастыру үшін іс-шаралар жүргізуді қажет ететін табиғи және (немесе) қолдан еккен екпе ағаштар.
      3. Республикалық және жергілікті маңызы бар ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда, жеке тұрғын үй және жекеменшік қосалқы шаруашылық аумақтарында, саяжайлар учаскелерінде және коммуналдық қызметтердің қарауына жататын зираттардың учаскелерінде өсетін жасыл екпелерді қоспағанда, елді мекендердің аумақтарындағы барлық жасыл екпелер аудандық және қалалық жасыл қорды құрайды.
      4. Көгалдандыру елді мекеннің бас жоспары (немесе оларды алмастыратын тұрғындарының саны бес мыңға дейін елді мекендерді дамыту және құрылыс жүргізу схемасы) негізінде орындалған, белгіленген тәртіпте бекітілген құрылыс жүргізу жобасына сәйкес әзірленген жобалау (жобалау-сметалық) құжаттамалары бойынша жүзеге асырылады.
      5. Жобалау, құрылыс және шаруашылық қызмет Қазақстан Республикасының заңнамасында және осы Ережелерде белгіленген жасыл екпелерді қорғау жөніндегі талаптарды сақтай отырып жүзеге асырылады. Құрылыс, шаруашылық және өзге де қызметтерді ұйымдастыруға арналған жоба алды және жобалау құжаттамалары жасыл екпелердің жағдайы туралы толық және шындыққа сай мәліметтерден тұруы тиіс.
      6. Елді мекендердің аумақтарын және жұмыс істеп тұрған кәсіпорындардың санитарлық-қорғау аймақтарын көгалдандыру аумақтарды көгалдандыру нормативтерін ескерумен құрылыс салу аймағын ескере отырып, газондардың, алаңқайлардың, жолдардың, су тоғандарының және тағы сол сияқтылардың ашық учаскелерімен үйлесімде өсіп тұрған және отырғызуға жоспарланған ағаш-бұта өсімдіктерінің сандық және түрдік құрамын көрсетумен аудандар мен қалалардың елді мекендері бөлінісінде жасыл екпелерді орналастырудың жоспары негізінде, кәсіпорындар шығарындыларының ластаушы заттарын жұтуға қабілетті газға төзімді сүрек-бұта түрлерінің түржиынын ескере отырып, көгалдандыру нормативін: ені 300 метрге дейінгі санитарлық-қорғау аймақтары үшін – аймағы алаңының кем дегенде 60 %-ы; ені 300 метрден 1000 метрге дейінгі санитарлық-қорғау аймақтары үшін – аймағы алаңының кем дегенде 50%-ы ескерумен жүзеге асырылады. Санитарлық-қорғау аумақтарының нормативті алаңдарын көгалдандыру мүмкін болмаған жағдайда олардың орнына елді мекеннің уәкілетті орган бөліп берген аумақтарында отырғызу жүргізіледі.
      7. Елді мекендерді дамытудың бас жоспарына кіретін жер учаскелерін қоспағанда, елді-мекендердің шекараларында орналасқан ортақ пайдаланудағы жерлердегі жасыл алқаптар құрылыс салуға жатпайды.
      8. Жасыл екпелерді амалсыз шауып тастау (алу) заңнамада белгіленген тәртіппен, елді мекендерді дамытудың бас жоспарларын іске асыру мақсатында мемлекеттің мұқтажы үшін алып қоюға жататын жер учаскелерінде рұқсат етіледі.
 

2. Жасыл екпелерді есепке алу, күтіп-ұстау, қорғау және қалпына келтіру

      9. Сандық және сапалық сипаттамасын толық суреттеумен жасыл екпелерді есепке алу бойынша іс-шаралар кешенін, сондай-ақ жоспарлы негізде әрбір көгалдандыру элементінің графикалық кескіндемесімен түгендеу жүргізу арқылы жүзеге асырылады (бұдан әрі – жасыл екпелерді түгендеу). Есепке жасыл екпелердің барлық түрі жатады.
      10. Жасыл екпелерді есепке алу нәтижелерін көрсететін құжат, белгіленген тәртіппен ресімделген түгендеу материалдары болып табылады.
      11. Жасыл екпелерді түгендеу нәтижелерінің негізінде аудандар мен қалалардың елді-мекендерінің аумақтарындағы жасыл екпелердің үлгілері, түрдік құрамы, алаңының көлемі, жағдайы және орналасуы туралы мәліметтердің жиынтығы жүргізіледі (бұдан әрі – жасыл екпелердің тізілімі).
      12. Жасыл екпелерді түгендеуді ұйымдастыруды және өткізуді, жасыл екпелердің тізілімін жүргізуді уәкілетті орган атқарады.
      13. Жасыл екпелерді ағымдағы күтіп-ұстау, сақтау және өсімін молайту аталған аумақтар иелеріне жер пайдалану құқығы шекарасында бекітіліп берілген жер иелеріне, жер пайдаланушыларға жүктеледі.
      14. Жасыл екпелерді күтіп-ұстауға көгалдандыру бойынша келесі негізгі жұмыс түрлері енгізілген:
      1) жасыл екпелерді егу;
      2) діңнің түбінде шұңқыр жасаумен топырақты қопсыту, ағаштарды әктеу;
      3) гүлзарлар, газондар жасау, арамшөптерді жұлу, шөпті шабу;
      4) бүкіл вегетациялық кезең бойы жасыл екпелерді суару;
      5) ауру, қурай бастаған, қепкен және зақымдалған, сондай-ақ апаттық жағдай туғызатын бұтақтарды кесіп алып тастау (электр берілісі желілерінде, газ құбырларында жатқан, ғимараттардың шатырларын бұзатын, жол қозғалысы қауіпсіздігіне қауіп төндіретін, тұрғын ғимараттардың терезелері мен балкондарына бұтақтарымен тірелген);
      6) тамыр жүйесінің тігінен немесе көлденеңінен таралуына байланысты (1 метрден кем емес) топырақ кесегімен бірге қайта отырғызудың жоғары технологиясын сақтай отырып, жасы І сыныпты (жапырақты түрлер үшін - 10 жылға дейін және қылқан жапырақты түрлер үшін – 20 жылға дейін), сирек - жасы ІІ сыныпты (жапырақты түрлер үшін - 11 жылдан 20 жылға дейін және қылқан жапырақты түрлер үшін 21 жылдан 40 жылға дейін) өсіп тұрған жапырақты және қылқан жапырақты ағаштар мен бұталарды топырақ кесегімен қайта отырғызу;
      7) жасыл екпелерді шауып тастау (апаттық, кеуіп қалған, өсіп-жетіліп болған ағаштарды және бұталарды санитарлық кесу);
      8) тыңайтқыш салу;
      9) жасыл екпелердің зиянкестерімен және ауруларымен күрес.
      15. Жасыл екпелерді отырғызу және қайта отырғызу уәкілетті орган берген рұқсатта жұмыстарды жүргізу күні көрсетіліп, қайта отырғызудың арнайы технологиясы сақтала отырып жүргізіледі. Жапырақты және қылқан жапырақты ағаштардың тиімді жерсінуі мақсатында оларды күз түскеннен бастап ерте көктемге дейін отырғызу және қайта отырғызуды жүргізу ұсынылады.
      16. Ағаштарды жасарту және қою өскен ағаштарды сирету бойынша жұмыстар вегетация кезеңі басталғанға дейін немесе күздің аяғында жүргізіледі.
      17. Жасыл екпелерді қорғау, соның ішінде жасыл екпелерде химиялық және фитосанитариялық өңдеулер жүргізу бойынша жұмыстарды ұйымдастыруды уәкілетті орган жүзеге асырады.
      18. Қажетті күтіп-баптаудың жоқтығына, механикалық зақымдалуға, көшеттердің баяу өсуіне байланысты жасыл екпелердің жойылғандығы анықталған жағдайларда оларды қалпына келтіруді жасыл екпелердің иелері және/немесе бюджет қаржысы есебінен жүргізіледі.
      19. Жасыл екпелерді ұрлағаны немесе зақымдағаны үшін залалдың орнын толтыруды қолданыстағы заңнамаға сәйкес зақым келтірген тұлға жүзеге асырады.
      20. Құрылыс және басқа да жұмыс түрлерін жүргізген кезде осы учаскедегі шауып тастауға немесе санитарлық кесуге жатпайтын, сақталуы тиіс барлық екпе ағаштар механикалық және басқа да зақымданудан оларды қорғаудың тиімділігін қамтамасыз ететін арнайы қоршаулармен қорғалулары тиіс.
      21. Жаңа құрылыс, соның ішінде қайта жаңартуға жататын аумақтарда ұйымдастырған кезде, мақсатты тағайындалуына (жеке тұрғын үй құрылысы, өнеркәсіптік және азаматтық құрылыс объектілері, әкімшілік ғимараттар, коммуникация, қызмет көрсету саласы объектілерінің барлық түрлері) және жер учаскесіне құқығына қарамастан жасыл екпелерді кесу түгендеу материалдарының негізінде уәкілетті органның рұқсаты бойынша жүргізіледі. Аталған жағдайда жасыл екпелерді өтемдік қалпына келтіру кесуге жатқызылған сүрек-бұта түрлерінің әрбір данасы үшін екі көшет мөлшерінде жүзеге асырылады.
      22. Ағаштардың, сондай-ақ олардың бұтақтарының құлауы адамдардың өмірі мен денсаулығына қауіп төндірген, үй-жайлар мен ғимараттардың, коммуникациялардың зақымдануына, жол қозғалысы қауіпсіздігінің бұзылуына алып келетін, оның ішінде жол белгілерін көрінуден жауып қалған, төтенше және апатты жағдайларда аталған екпе ағаштарды шауып тастау және санитарлық кесу рұқсатты ресімдеусіз шұғыл түрде жүргізіледі. Жасыл екпелерді шауып тастау немесе санитарлық қырқу фактісі кейіннен, жұмыс жүргізу басталған сәттен бастап жетпіс екі сағаттың ішінде белгіленген тәртіпте уәкілетті органға хабарлаумен, төтенше жағдайлардың алдын алу немесе оларды жою бойынша жұмыстарды орындаған мамандандырылған қызметтердің, органдардың немесе тұлғалардың еркін нысанда жасаған актісімен куәландырылады.
      23. Су ресурстарының жер үсті көздерінің (өзендер, су тоғандары) көктемгі су тасқыны кезінде төтенше жағдайларды болдырмау үшін өзендердің арналарында, су тоғандарында өсіп тұрған жасыл екпелерді шабу шұғыл түрде жүргізіледі. Шауып тастау фактісі кейіннен, жұмыс жүргізу басталған сәттен бастап белгіленген тәртіпте жетпіс екі сағаттың ішінде уәкілетті органға хабарлаумен, төтенше жағдайлардың алдын алу немесе оларды жою бойынша жұмыстарды орындаған мамандандырылған қызметтердің, органдардың немесе тұлғалардың еркін нысанда жасаған актісімен куәландырылады.
      24. Өнеркәсіптік, азаматтық тағайындаудағы ғимараттардан және жеке тұрғын үй құрылысынан 5 метрден кем қашықтықта өсіп тұрған ағаштар үшін, егер өсіп тұрған ағаштың ұшарбасы ғимарат үшін қауіп туғызған жағдайда (шатырды, балконды, лоджияны, терезені сындыратын және (немесе) тамырлары ғимараттың іргетасын бұзатын болса), оларды санитарлық кесуге, амалсыз шауып тастауға рұқсат апаттық жасыл екпелер сияқты іргелес аумаққа өтемдік отырғызуды белгілеумен беріледі.
      25. Апаттық жағдайлардың туындауына, жетіліп болған (қартайған), апатты (құлау қаупін төндіретін) қураған, әбден жетіліп болған ағаштардың (тез өсетін, тіршілік ету мерзімі қысқа: жасы 40-тан асқан теректердің барлық түрлері; жасы 20-дан асқан жеміс ағаштары; аласа шегіршін және басқа да түрлер) өздігінен құлауына жол бермеу үшін алдын ала зерттеудің нәтижелеріне сәйкес екпе ағаштың сапалық жағдайына қарамастан (ұшарбасы, жапырағы, діңі және тағы басқа) амалсыз шауып тастауға немесе санитарлық кесуге рұқсат беріледі.
      26. Жол-көлік оқиғалары салдарынан ортақ пайдаланудағы жерлерде және жеке меншік аумақтарда өсетін жасыл екпелер механикалық зақымдалған немесе жойылған жағдайда, кінәлі тарап кесіп тастауға жататын сүрек-бұта өсімдіктерінің әрбір данасы үшін екі көшеттен өтеумен екпелерді отырғызу арқылы зақымдалған немесе жойылған екпе ағаштарды өтемдік қалпына келтіруді жүргізеді.
      27. Электр желілерінің қолданыстағы қорғау және санитарлық-қорғау аймақтарының бойында өсетін жасыл екпелерді санитарлық кесу, амалсыздан шауып тастау, санитарлық қырқу, қаңқалы және жартылай қаңқалы бұтақтарды қатты қысқарту, өскіндерін сирету және реттеу, ұшарбастары мен бұтақтарының кебуі салдарынан өзінің декоративік сапасын жоғалтқан, бірақ штамбасы мен діңі сау ағаштарды жасарту үшін жарамды ересек ағаштардың кем дегенде 3,5 метр биіктіктегі діңдерін кесу, пішіндеуге келетін жекелеген ағаштардың, бұталардың және жасыл екпелердің бұтақтары мен өскіндерін оларға белгілі бір эстетикалық пішін беру мақсатымен қырқу ведомстволық қарастылығы бойынша мамандандырылған қызметтер рұқсатсыз, бірақ уәкілетті органға хабарлаумен және оларды жүргізуді бастау сәтінен бастап жетпіс екі сағаттың ішінде орындалатын жұмыс түрлерінің кестесін ұсынумен жүргізеді. Бұл орайда, көрсетілген жұмыс түрлерін орындаудың технологиясын қатаң сақтау қамтамасыз етіледі.
      28. Апаттық, кеуіп қалған, әбден жетіліп болған екпе ағаштарды санитарлық кесу кезінде, әрбір кесілген апатты екпе ағаш үшін, шауып тастауға жатқызылған сүрек-бұта өсімдіктерінің әрбір данасы үшін бір көшеттен жасыл екпелерді кепілді өтемдік отырғызу жүзеге асырылады.
      29. Жасыл екпелерді санитарлық кесу (ішінара, жаппай) амалсыз шауып тастау, қайта отырғызу, ұшарбасын пішіндеу, санитарлық қырқу, декоративтілігі жоғары негізгі төзімді түрдің дамуына кедергі келтіретін және сүрекдіңнің сапасын жақсарту үшін кепкен, шіріген, декоративтілігі төмен және рекреациялық әсерге төзімділігі нашар ағаштар мен бұталарды кесу, штамбасын тазарту уәкілетті органның рұқсаты негізінде жүргізіледі.
      30. Уәкілетті органнан рұқсат алғаннан кейін жеке немесе заңды тұлға көгалдандыру екпе ағаштарын амалсыздан шауып тастау, қайта отырғызу, ұшарбасын пішіндеу, санитарлық қырқу, ландшафттық кесу, штамбасын тазарту, қайта отырғызуды өз күшімен жүргізеді немесе аталған жұмыс түрлерін орындайтын мамандандырылған ұйымдарға жүгінеді.
      31. Жұмыс өндірісі орнында жасыл екпелер мен шабылған қалдықтарды (үгінділер, бұтақтар, жапырақтар, қабық) үюге және сақтауға тыйым салынады. Ағаштарды жығу, көлденеңінен кесу және шабу қалдықтарын тасымалдау бойынша барлық жұмыстар толық техника қауіпсіздігінің талаптарына сәйкес жүргізілуі қажет.
      32. Ортақ пайдаланудағы жерлерде және ғимараттар мен құрылыстарға, көп қабатты тұрғын үйлерге іргелес аумақтарда ағаштардың желден, табиғи сипаттағы басқа да оқиғалардың, жол-көлік оқиғаларының және басқа ұқсас оқиғалардың салдарынан апаттық құлауы жағдайында, құлау орындарын уақытында санитарлық тазарту және ағаш қалдықтарын әкетуді жер пайдалану құқығы шекараларында аталған аумаққа қарайтын ұйымдар қамтамасыз етеді.
      33. Жасыл екпелерді амалсыздан шауып тастау үшін залалдың орнын толтыру қолданыстағы заңнамаға сәйкес жүзеге асырылады.
      34. Уәкілетті органның рұқсатымен санитарлық кесілген, амалсыздан шауып тасталған жасыл екпелерді өтемдік қалпына келтіру жапырақты және қылқан жапырақты түрлердің көшеттерін отырғызу арқылы жүргізіледі. Бұл орайда, амалсыздан шауып тасталған ағаштар үшін өтемдік отырғызу сол жер учаскесі аумағында (сәулет шарттарын ескерумен) немесе уәкілетті орган белгілеген арнайы учаскелерде жүргізіледі.
      35. Республикалық немесе жергілікті бюджеттерден қаржыландырылатын сәулет, қала құрылысы және құрылыс жұмыстары жүргізілген кезде, жасыл екпелерді қалпына келтіру белгіленген тәртіпте көгалдандыру жобасына сәйкес тиісті бюджет қаржысы есебінен жүргізіледі.
      36. Жеке және заңды тұлғалар жасыл екпелерді санитарлық кесу, амалсыздан шауып тастау, штамбасын тазарту, санитарлық қырқу, қайта отырғызуға рұқсат ресімдеу үшін келесі құжаттарды тапсыруы тиіс:
      1) уәкілетті орган басшысының атына өтініш берушінің тегі, аты, әкесінің аты, байланыс телефоны, мекенжайы, сұратылып отырған екпе ағаштардың орналасқан орындары көрсетілген өтініш;
      2) жер учаскесіне құқығын белгілейтін құжаттардың көшірмесі;
      3) көшеттерді отырғызуды аяқтаудың күнін көрсетумен, өтемдік көгалдандыру бойынша кепілхат.
      37. Уәкілетті орган жасыл екпелердің мәселесі бойынша өтініштерді заңнамада белгіленген мерзімнің ішінде келесі ретпен қарайды:
      1) сол жерлерге барып өтініштерде көрсетілген жасыл екпелерді анықтайды, олардың түрдік құрамына, жасына, сапалық жағдайына сәйкестігін нақтылайды және нәтижелері бойынша зерттеу актісін жасайды;
      2) жасыл екпелерді санитарлық кесуге, амалсыздан шауып тастауға, қайта отырғызуға, пішіндеп қырқуға (жасартуға), санитарлық қырқуға, штамбасын тазалауға арналған рұқсат беру материалдарын дайындауды жүзеге асырады.
      38. Екпе ағаштарды санитарлық кесуге, амалсыздан шауып тастауға, қайта отырғызуға, ұшарбасын пішіндеуге, штамбасын тазартуға арналған рұқсаттың қолданыс мерзімін уәкілетті орган климаттық жағдайларға және екпе ағаштардың түрдік құрамына байланысты құрылыстың және қайта жаңартудың барлық кезеңіне анықтайды.
      39. Көгалдандырылған аумақтарда мыналарға:
      1) жасыл екпелерді зақымдауға немесе жоюға;
      2) от жағуға, түскен жапырақ пен құрғақ шөпті өртеуге;
      3) тұрмыстық және өнеркәсіп қалдықтарымен, сарқынды сулармен қоқыстауға және ластауға;
      4) ағаштан шырын өндіруге, қабығын кертуге, жазуға, ағаштарға жарнама, хабарландыру, қандай да болмасын белгілер, түрлі көрсеткіштер, сымдар ілуге, ағаштарға ілмек, шеге мен басқа да бөтен дене қағуға;
      5) осы аумақты пайдалануға қосуға және жасыл екпелерді күтуге арналған техникадан басқа автокөлік құралдарының, құрылыс және ол үшін көзделмеген орындарда басқа техниканың жүруіне және тұрағына;
      6) автокөлік құралдарын жууға;
      7) мал жаюға;
      8) түрлі жүктерді, соның ішінде құрылыс материалдарын үюге;
      9) ағаштар мен бұталардың сақталуын қамтамасыз ететін шараларды қабылдамай, жасыл екпелер алып жатқан учаскелерге төбеден қар лақтыруға жол берілмейді.
 

3. Ережелерді бұзғаны үшін жауапкершілік

      40. Осы Ережелердің талаптарын бұзғаны үшін жеке және заңды тұлғалар Қазақстан Республикасының 2001 жылғы 30 қаңтардағы "Әкімшілік құқық бұзушылық туралы" Кодексіне сәйкес жауап береді.
 

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады