Теңіз кемелерін жабдықтау жөніндегі қағидаларды бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің 2015 жылғы 30 қаңтардағы № 92 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 6 наурызда № 10405 тіркелді

      «Сауда мақсатында теңізде жүзу туралы» 2002 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 4-бабы 3-тармағының 55-9) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса берiліп отырған Теңіз кемелерін жабдықтау жөніндегі қағидалар бекітілсін.
      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті (Ә.А. Асавбаев):
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде заңнамада белгіленген тәртіпте мемлекеттік тіркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарында және «Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінің Республикалық құқықтық ақпарат орталығы» шаруашылық жүргізу құқығындағы республикалық мемлекеттік кәсіпорнының «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын;
      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әдiлет министрлiгiнде мемлекеттiк тiркелгеннен кейiн он жұмыс күні iшiнде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәлiметтердi Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлiгiнiң Заң департаментiне ұсынуды қамтамасыз етсiн.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму бірінші вице-министрі Ж.М. Қасымбекке жүктелсін.
      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Қазақстан Республикасының
      Инвестициялар және даму
      министрі                                            Ә. Исекешев

Қазақстан Республикасы  
Инвестициялар және даму 
министрінің       
2015 жылғы 30 қаңтардағы
№ 92 бұйрығымен бекiтiлген

Теңiз кемелерiн жабдықтау жөнiндегi қағидалар

1. Жалпы ережелер

      1. Осы Теңiз кемелерiн жабдықтау жөнiндегi қағидалар (бұдан әрi – Қағидалар) «Сауда мақсатында теңiзде жүзу туралы» 2002 жылғы 17 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзiрлендi және теңiз кемелерiн жабдықтау жөнiндегi тәртiптi айқындайды.
      2. Осы Қағидалардың әрекетi кеме тiзiлiмдерінде мемлекеттiк тiркеуге жататын теңiз кемелерiне қолданылады.
      3. Теңiз кемелерiнiң жабдықтары халықаралық талаптарға сәйкестiк мәнiне куәландыруға жататын құтқару және дабыл құралдарынан, радиожабдықтан және навигациялық жабдықтан тұрады.

2. Теңiз кемелерiн құтқару құралдарымен жабдықтау тәртiбi

      4. Барлық теңiз кемелерi олардың мақсатына және жүзу ауданына қарамастан, құрамына мыналар кiретiн құтқару құралдарымен жабдықталады:
      1) құтқарушы және кезекшi қайықшалар;
      2) құтқару салдары;
      3) құтқару дөңгелектерi;
      4) құтқару кеудешелерi;
      5) гидротермокостюмдер;
      6) жылу қорғау құралдары;
      7) түсiрiп-отырғызатын сырғымалар;
      8) түсiргiш құрылғының шығырлары.
      5. Кеменiң борты арқылы түсiрiлетiн құтқару қайықшалары еспелi бұрамадан алыста, кеменiң тұмсығына орналастырылады және түсiру құрылғыларына бекiтiледi.
      Кезекшi қайықшалар оларды түсiруге және көтеруге ыңғайлы жерде бес минуттан аспайтын уақыт iшiнде түсiруге әрдайым дайын жағдайда орналастырылады.
      Құтқару және кезекшi қайықшалардың көлемi және оларға сиятын адамдардың саны оларға анық және шайылмайтын белгiлермен жазылады.
      6. Құтқару салдары олардың бекiтпесiн қолмен босатып алатындай етiп орналастырылады.
      Құтқару салдарына олар көтере алатын адамдардың саны анық және шайылмайтын белгiлермен басылады.
      7. Кемеде құтқару дөңгелектерi кеменiң екi бортында да және мүмкiндiгiнше барлық ашық палубаларда оңай қол жететiндей етiп орналастырылады.
      Әрбiр құтқару дөңгелегiнде кеменiң атауы мен тiркелген порты латын әлiпбиiнiң баспа әрiптерiмен басылады.
      Құтқару дөңгелектерiнiң кемiнде жартысы суда сөнбеуге тиiс өздiгiнен тұтанатын оттармен жабдықталады. Осы оттар оларды дөңгелектерге бекiту үшiн қажеттi құралмен бiрге оларға арналған дөңгелектерге жақын орналастырылады.
      8. Теңiз кемесiндегi әрбiр адам үшiн құтқару кеудешесi көзделедi.
      Теңiз кемесiнде құтқару кеудешелерi кез келген уақытта пайдалануға дайын болатындай етiп сақталады.
      Вахталық персоналдарға арналған құтқару кеудешелерi вахта болу орындарында (көпiршеде, радиорубкада және машина бөлiмiнде) сақталады.
      9. Теңiз кемесi командасының әрбiр мүшесi үшiн гидротермокостюм көзделедi.
      Гидротермокостюм су өткiзбейтiн материалдан жасалады және адам организмiн суық суда суық өтуден сақтауға арналған.
      Егер гидротермокостюм құтқару кеудешесiн киюдi талап етсе, онда құтқару кеудешесi гидрокостюмнiң сыртынан киiледi.
      10. Теңiз кемесiндегi әрбiр адам үшiн жылу қорғау құралы көзделедi.
      Су өткiзбейтiн материалдан жасалатын жылу қорғау құралы құтқару кеудешесiнiң сыртынан киiледi және бетiн қоспағанда, адамның барлық денесiн жауып тұрады және төменгi ауа температурасы кезiнде өз функциясын атқарады.
      11. Қолайсыз жағдайлар кезiнде құтқару және кезекшi қайықшалардың қауiпсiз түсiрiлуiн қамтамасыз ету үшiн теңiз кемесiнiң палубасында орналасқан жерден не құтқару немесе кезекшi қайықшадан бiр адам әрекетке келтiретiн түсiрiп-отырғызатын сырғымалар қолданылады.
      12. Түсiру құрылғыларының шығырлары құтқару және кезекшi қайықшаларды пайдалану жүзеге асырылатын жағдайларда тростың босаңсуының туындауын болдырмайтын автоматты жоғары жылдамдықты қатайту құрылғысымен жабдықталады.
      13. Осы Қағидалардың 4-тармағында санамаланған барлық құтқару құралдары әрбiр он екi айда техникалық қызмет көрсетуден өтедi.

3. Теңiз кемелерiн дабыл құралдарымен жабдықтау тәртiбi

      14. Барлық теңiз кемелерi оның мақсатына және жүзу ауданына қарамастан, құрамына мыналар кiретiн дабыл беру құралдарымен жабдықталады:
      1) дабыл-айырғыш фонарьлар (2 тополық, оң борттың 1 борттық, сол борттың 1 борттық, 1 артқы, 2 ақ шеңберлi, 2 қызыл шеңберлi);
      2) дабыл-жарқылдақ фонарьлар (маневр көрсететiн 1 фонарь, күндiзгi дабыл беретiн 1 шам);
      3) дыбыстық дабыл құралдары (1 ысқырғыш, 1 қоңырау, 1 даңғыра);
      4) дабыл фигуралары (3 шар, 1 конус, 1 ромб);
      5) пиротехникалық дабыл құралдары (12 парашюттiк зымыран);
      6) радиолокациялық шағылыстырғыштар (1 радиолокациялық шағылыстырғыш).
      Осы тармақтың 5 тармақшасы рейдте және портта жүзетін теңіз кемелеріне қолданылмайды.
      15. Дабыл беру құралдары кез келген уақытта пайдалануға дайын күйiнде болатындай етiп теңiз кемесiне орнатылады және онда сақталады.
      16. Негiзгi және қосалқы жиынтық фонарьлар үшiн оларды орнатуға штаттық орындар көзделедi.

4. Теңiз кемелерiн радиожабдықтау жөнiндегi тәртiп

      17. Барлық теңiз кемелерi оның мақсатына және жүзу ауданына қарамастан, құрамына мыналар кiретiн кеме радиожабдығымен жабдықталады:
      1) радиобайланыс құралдары (радиоқондырғының ультрақысқа толқындары (УҚТ), аралық толқындары (АТ) және аралық пен қысқа толқындар (АТ/ҚТ);
      2) жылжымалы спутниктiк байланыстың Халықаралық ұйымының кеме жер станциясы (англ. International Maritime Satellite Organization – INMARSAT, қаз. ИНМАРСАТ);
      3) теңiздегi қауiпсiздiк жөнiндегi ақпаратты қабылдауға арналған кемеге навигациялық, гидрометеорологиялық ақпаратты және 518 кГц жиiлiкте апат туралы ақпаратты хабарлайтын халықаралық автоматтандырылған хабарлау жүйесінің құрылғысы (Navigational Telex – NAVTEX, қаз. НАВТЕКС);
      4) аварияға ұшыраған теңiз кемелерi мен ұшақтарды табу және тұрған жерiн анықтау халықаралық спутниктiк жүйесiнiң (КОСПАС – Аварияға ұшыраған кемелерді табатын ғарыштық жүйесі, САРСАТ (SARSAT – Search and Rescue Satellite) – табу және құтқаруға арналған спутниктік іздеу жүйесі, қаз. КОСПАС-САРСАТ) немесе жылжымалы спутниктiк байланыстың Халықаралық ұйымының (ИНМАРСАТ) спутниктiк автоматты радиобуйы;
      5) автоматты радиобуйдiң УҚТ (радиоқондырғының ультрақысқа толқындары);
      6) радиолокациялық жауап бергiш (кемелiк);
      7) қабылдағыш;
      8) радиоқондырғы;
      9) антенна құрылғысы;
      10) жерге тарту;
      12) зарядтау құрылғысы;
      13) кабель желiсi.
      18. Әрбiр теңiз кемесi:
      1) кемiнде екi жеке тәуелсiз құралдармен «кеме-жағалау» бағытындағы апат туралы құлақтандырулар берудi;
      2) «жағалау-кеме» бағытындағы апат туралы құлақтандыруларды қабылдауды;
      3) «кеме-кеме» бағытындағы апат туралы құлақтандыруды берудi және қабылдауды;
      4) iздеу мен құтқаруды үйлестiру үшiн хабарларды берудi және қабылдауды;
      5) апат болған жерден хабарларды берудi және қабылдауды;
      6) теңiздегi қауiпсiздiк жөнiнде ақпаратты берудi және қабылдауды;
      7) кемелердiң маневрi кезiндегi өзара iс-қимылды келiсу жөнiндегi радиоалмасуды және кеме қозғалысын басқару қызметтерiнiң жұмыс iстеуi үшiн ақпарат берудi;
      8) жалпы мақсаттағы радиохабарларды берудi және қабылдауды;
      9) «көпiрше-көпiрше» хабарларын берудi және қабылдауды қамтамасыз етуге қабiлеттi байланыс құралдарымен жарақталады.
      19. Радиожабдық механикалық, электр немесе өзге де көзден шыққан зиянды шулар оның тиiмдi қолданылуына бөгет болмайтындай, оның қауiпсiздiгiнiң жоғары дәрежесi қамтамасыз етiлетiндей, сондай-ақ судың зиянды әсерiнен, қоршаған орта температурасының кенет өзгеруiнен және басқа да қолайсыз жағдайлардан қорғалуы қамтамасыз етiлетiндей етiп орналастырылады.
      20. Теңiз кемесiнде радиожабдықты орналастыру үшiн металл қалқасы бар арнайы үй-жайлар көзделуі тиiс.
      21. Теңiз кемесiнде орнатылған байланыс құралдары пайдалану және қызмет көрсету үшiн оларға еркiн қол жеткiзу қамтамасыз етiлетiндей, ал оларды қолдану теңiз кемесiн басқаруға бөгет болмайтындай және персонал үшiн қауiп төндiрмейтiндей етiп орналастырылады.

5. Теңiз кемелерiн навигациялық жабдықтау жөнiндегi тәртiп

      22. Барлық теңiз кемелерi олардың мақсатына және жүзу ауданына қарамастан, құрамына мыналар кiретiн навигациялық жабдықпен жабдықталады:
      1) жолдың бас магниттiк компасы;
      2) қайықша компасы;
      3) гидроскопиялық компас.
      23. Кеменiң навигациялық жабдығы мен оны навигациялық жарақтандыру кеме жүргiзушiнi кеменiң тұрған жерi, бағыты және жылдамдығы туралы дұрыс ақпаратпен, сондай-ақ ұйғарылған аудандарда және пайдалану жағдайларында теңiз кемесiнiң қозғалысын қауiпсiз басқаруға мүмкiндiк беретiн ақпаратпен үздiксiз қамтамасыз етiлуі тиiс.
      24. Теңiз кемесiнде орнатылған навигация құралдары пайдалану және қызмет көрсету үшiн оларға еркiн қол жеткiзу қамтамасыз етiлетiндей, ал оларды қолдану теңiз кемесiн басқаруға бөгет болмайтындай және персонал үшiн қауiп төндiрмейтiндей етiп орналастырылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады