Электр немесе жылу желілеріне ең жақын қосу нүктесін айқындау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерін қосу қағидалары мен мерзімдерін бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Энергетика министрінің 2015 жылғы 20 ақпандағы № 117 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 17 наурызда № 10476 тіркелді.

      Ескерту. Бұйрықтың тақырыбы жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 09.03.2021 № 72 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 994 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі туралы ереженің 15-тармағы 368) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 23.09.2024 № 334 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Электр немесе жылу желілеріне ең жақын қосу нүктесін айқындау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерін қосу қағидалары мен мерзімдері бекітілсін.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 09.03.2021 № 72 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Жаңартылатын энергия көздері департаменті Қазақстан Республикасының заңнамасында белгіленген тәртіппен:

      1) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде осы бұйрықтың мемлекеттік тіркелуін;

      2) Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгенінен кейін күнтізбелік он күн ішінде осы бұйрықты мерзімді баспасөз басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдануын;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің ресми интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруын;

      4) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркегеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігінің Заң қызметі департаментіне осы тармақтың 2) және 3) тармақшаларымен көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Энергетика вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланғанынан кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

В. Школьник


  Қазақстан Республикасы
Энергетика министрінің
2015 жылғы 20 ақпандағы
№ 117 бұйрығымен
бекітілген

Электр немесе жылу желілеріне ең жақын қосу нүктесін айқындау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерін қосу қағидалары мен мерзімдері

      Ескерту. Қағидалар жаңа редакцияда - ҚР Энергетика министрінің 09.03.2021 № 72 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

1-тарау. Жалпы ережелер

      1. Осы Электр немесе жылу желілеріне ең жақын қосу нүктесін айқындау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерін қосу қағидалары мен мерзімдері (бұдан әрі – Қағидалар) Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2014 жылғы 19 қыркүйектегі № 994 қаулысымен бекітілген Қазақстан Республикасы Энергетика министрлігі туралы ереженің 15-тармағы 368) тармақшасына сәйкес әзірленді және электр немесе жылу желілеріне ең жақын қосу нүктесін айқындау және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерін қосу тәртібін айқындайды.

      Ескерту. 1-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Энергетика министрінің 23.09.2024 № 334 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) жүйелік оператор – орталықтандырылған оралымды-диспетчерлік басқаруды, басқа мемлекеттердің энергия жүйелерімен қатарлас жұмыс істеуді қамтамасыз етуді, Қазақстан Республикасының бірыңғай электр энергетикалық жүйесінде теңгерімді ұстап тұруды, жүйелік қызметтер көрсетуді және электр энергиясының көтерме сауда нарығы субъектілерінен қосалқы көрсетілетін қызметтерді сатып алуды, сондай-ақ ұлттық электр желісіне техникалық қызмет көрсету мен оны пайдалану әзірлігінде ұстап тұруды жүзеге асыратын және оның дамуын қамтамасыз ететін ұлттық компания;

      2) жаңартылатын энергия көздерiн пайдалану объектiсi – жаңартылатын энергия көздерiн пайдалана отырып электр энергиясын өндіруге арналған техникалық құрылғылар және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін пайдалану үшін технологиялық тұрғыдан қажетті және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісі меншік иесінің балансындағы, олармен өзара байланысты құрылысжайлар мен инфрақұрылым;

      3) жылу желілеріне ең жақын қосу нүктесі – жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісінен жылумен жабдықтаудың жалпы желісіндегі жылу тасымалдағыштың параметрлеріне сәйкес келетін параметрлері бар елді мекеннің жылумен жабдықтаудың жалпы жүйесіне құбыржолдың қиылысатын ең жақын нүктесі;

      4) қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектісі – қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуға арналған техникалық құрылғылар мен қондырғылардың және қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату үшін технологиялық жағынан қажетті, олармен өзара байланысты құрылыстар мен инфрақұрылым жиынтығы;

      5) тапсырыс беруші (инвестор) – жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін салу жобасын іске асыруға ниеті бар және (немесе) кіріскен тұлға;

      6) электр желілеріне ең жақын қосу нүктесі – жаңартылатын энергия көздерін немесе қалдықтарды энергетикалық кәдеге жаратуды пайдаланатын энергия өндіруші ұйымның энергетикалық қондырғысын энергия беруші ұйымның кернеу класы бойынша сәйкес келетін электр желісімен физикалық қосудың ең жақын орны.

      Ескерту. 2-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Энергетика министрінің 23.09.2024 № 334 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату жөніндегі жаңадан салынған объектілер, сондай-ақ жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілері және жаңартылатын энергия көздерін пайдалану жөніндегі реконструкцияланған объектілер пайдалануға беру мерзіміне қарамастан, энергия беруші ұйымның кернеу класына немесе жылумен жабдықтаудың жалпы желісіндегі жылу тасымалдағыштың параметрлеріне сәйкес келетін электр немесе жылу желілерінің ең жақын нүктесіне қосылады.

2-тарау. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерін электр желілеріне ең жақын қосу нүктесін айқындау тәртібі мен мерзімдері

      4. Электр желілеріне ең жақын қосу нүктесін анықтауға инвестордың өтінімі энергия беруші ұйымға еркін нысанда беріледі және мынадай мәліметтерді қамтиды:

      1) қондырғының атауы мен түрі;

      2) учаскенің қолайлы орналасуы;

      3) барлық қондырғының рұқсат етілген қуаты (Соs көрсете отырып, ең жоғары мегаватта және (немесе) мегаваттарда (бұдан әрі – МВт), мегавольтамперлерде);

      4) ұсынылатын энергия қондырғысы пайдаланатын технология;

      5) пайдалануға берудің болжамды күні;

      6) мегавольтампердің, МВт-ның номиналды мәні, бойлық осі бойынша өтпелі реактивтік кедергісі, қысқа тұйықталу қатынасы, синхронды генераторлары (қозғалтқыштары) бар энергия қондырғысы инерциясының тұрақтысы;

      7) жоғарылататын трансформатордың мегавольтамперінің номиналды мәні және тікелей реттіліктің реактивтік кедергісі (тармақтардың мах/міn кезінде);

      8) станцияның кернеу реттегішінің түрі мен сипаттамасы.

      5. Энергия беруші ұйым инвестордан өтінім келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 5 (бес) күн ішінде осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген мәліметтердің толықтығын тексереді.

      Инвестор осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген мәліметтерді толық көлемде ұсынбаған жағдайда, энергия беруші ұйым олар келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қайтару себептерін көрсете отырып, өтінімді қайтарады. Инвестор өтінім қайтарылған күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде өтінімді осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келтіру мақсатында өтінімді жетіспейтін мәліметтермен толықтырады және/немесе энергия беруші ұйымның ескертулерін жояды.

      6. Энергия беруші ұйым осы Қағидалардың 4-тармағында көзделген мәліметтерді толық көлемде ұсынған кезде инвестордан өтінім келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күннен кешіктірілмейтін мерзімде электр желілеріне ең жақын қосу нүктесін айқындайды және инвесторды жазбаша нысанда хабардар етеді.

3-тарау. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін жылу желілеріне ең жақын қосу нүктесін айқындау тәртібі мен мерзімдері

      7. Инвестордың жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін жылу желілеріне ең жақын қосу нүктесін айқындауға арналған өтінімі энергия беруші ұйымға еркін нысанда беріледі және мынадай мәліметтерді қамтиды:

      1) пайдаланылатын жаңартылатын энергия көзінің түрі, жылу желілеріне қосудың ұсынылатын нүктесі, босатылатын жылу энергиясының мөлшерін реттеу тәсілі;

      2) жылу көздерінің параметрлері және басқа тұтынушылардың жүктемелерін ескере отырып қосатын нүктелердегі гидравликалық режимі;

      3) жылу энергиясын коммерциялық есепке алу аспаптарын орнату бойынша талаптар;

      4) жылу желілерін салу тәсілі (жерүсті немесе жерасты);

      5) жылыту-желдеткіш және технологиялық жүктемелерді және ыстық сумен жабдықтау жүктемесін қосудың жылу схемасы;

      6) температуралық кесте және желілік судың шығыны;

      7) салынатын немесе реконструкцияланатын жылу желілерінің теңгерімдік және пайдалану тиесілігі және тараптардың пайдалану жауапкершілігінің шекаралары.

      8. Энергия беруші ұйым инвестордан өтінім келіп түскен күннен бастап 5 (бес) күнтізбелік күн ішінде осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген мәліметтердің толықтығын тексереді.

      Инвестор осы Қағидалардың 7-тармағында көзделген мәліметтерді толық көлемде ұсынбаған жағдайда, энергия беруші ұйым олар келіп түскен күннен бастап 5 (бес) жұмыс күні ішінде қайтару себептерін көрсете отырып, өтінімді қайтарады. Инвестор өтінім қайтарылған күннен бастап күнтізбелік 15 (он бес) күн ішінде осы Қағидалардың талаптарына сәйкес келтіру мақсатында өтінімді жетіспейтін мәліметтермен толықтырады және/немесе энергия беруші ұйымның ескертулерін жояды.

      9. Энергия беруші ұйым инвестордан өтінім келіп түскен күннен бастап күнтізбелік 10 (он) күннен кешіктірілмейтін мерзімде жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін жылу желілеріне ең жақын қосу нүктесін айқындайды және инвесторды жазбаша нысанда хабардар етеді.

4-тарау. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерін қосу тәртібі мен мерзімдері

      10. Техникалық шарттарды энергия беруші ұйым техникалық шарттарды алуға арналған өтінімді қарау мерзімі өткеннен кейін үш жұмыс күні ішінде береді.

      11. Инвестордың техникалық шарттарды алуға арналған өтінімді қарау нәтижесі бойынша энергия беруші ұйым өтінім түскен күннен бастап он бес жұмыс күнінен кешіктірмей, энергия беруші ұйым айқындаған қосу нүктесін, қосу бойынша жұмысты аяқтаудың болжамды күнін көрсете отырып, жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін электр немесе жылу желілеріне қосуға арналған техникалық шарттарды береді.

      Техникалық шартты беру және қайта ресімдеу үшін ақы алынбайды.

      12. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектісін жылу желілеріне қосуға арналған техникалық шарттардың қолданылу мерзімі оларды инвестор қабылдағаннан кейін тараптардың уағдаластығы бойынша, бірақ қолданыстағы жобалау және құрылыс нормалары негізінде айқындалған жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін жобалау алдындағы зерттеулер, жобалау және салу кезеңі үшін қажетті мерзімнен кем емес мерзім белгіленеді және 3 жылдан аспайды.

      13. Жаңартылатын энергия көздерін пайдалану объектілерін, қалдықтарды энергетикалық кәдеге жарату объектілерін энергия беруші ұйымның желілеріне қосу кешенді сынақтар бағдарламасын жүйелік оператормен келісіп, техникалық шарттар толық көлемде орындалғаннан кейін жүргізіледі.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады