Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілерін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2015 жылғы 10 наурыздағы № 200 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 16 сәуірде № 10744 тіркелді.

      "Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 12-бабының 11) тармақшасына және "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасы Заңы 7-бабы 1-тармағының 16) тармақшасына және 26-бабының 10-тармағына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің м.а. 22.07.2022 № 608 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілерін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшылығы (Р.Ф. Жақсылықов) заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;

      2) осы бұйрықты мемлекеттік тіркегеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оны мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;

      3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруды қамтамасыз етсін.

      3. "Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрлігі Ішкі әскерлерінің әскери қызметшілерін әскери оқу орындарында оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке қайтару қағидасын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің 2013 жылғы 20 мамырдағы № 339 бұйрығының күші жойылды деп танылсын (Қазақстан Республикасының нормативтік құқықтық актілерін мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 8483 болып тіркелген, "Казахстанская правда" газетінің 2013 жылғы 19 маусымдағы № 207-208 (27481-27482) санында жарияланған).

      4. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының Бас қолбасшысы генерал-лейтенант Р.Ф. Жақсылықовқа жүктелсін.

      5. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Министр
полиция генерал-лейтенанты
Қ. Қасымов

  Қазақстан Республикасы
Ішкі істер министрінің
2015 жылғы 10 наурыздағы
№ 200 бұйрығымен бекітілген

Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының әскери қызметшілерін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеу қағидалары

      Ескерту. Қағида жаңа редакцияда – ҚР Ішкі істер министрінің м.а. 22.07.2022 № 608 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Осы Қазақстан Республикасы Ұлттық ұланының (бұдан әрі – Ұлттық ұлан) әскери қызметшілерін оқытуға жұмсалған бюджет қаражатын мемлекетке өтеу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Қазақстан Республикасының Ұлттық ұланы туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 12-бабының 11) тармақшасына және "Әскери қызмет және әскери қызметшілердің мәртебесі туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабы 1-тармағының 16) тармақшасына және 26-бабының 10-тармағына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленген және Ұлттық ұланның әскери қызметшісін Ішкі істер министрлігінің (бұдан әрі - ІІМ) әскери, арнаулы оқу орындарында (бұдан әрі - ӘАОО) немесе шет мемлекеттің ӘАОО оқытуға жұмсалған ақшаны мемлекетке өтеу тәртібін айқындайды.

      2. Үлгерімсіздігі, тəртіпсіздігі үшін, өз бастамасы бойынша, теріс себептермен, Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылуға байланысты əскери қызметтен шығару салдарынан ІІМ немесе шет мемлекеттің ӘАОО шығарылған, сондай-ақ əскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасудан бас тартқан курсант немесе кадет оқытудың бірінші жылының шығындарын қоспағанда, өзін ІІМ немесе шет мемлекеттің ӘАОО оқыту кезеңінде тамақтандыруды қамтамасыз етуге, стипендия төлеуге және жол жүруіне арналған шығындарға сәйкес келетін ақшаны мемлекетке өтейді.

      Көрсетілген міндеттемелер ІІМ немесе шет мемлекеттің ӘАОО оқытудың бірінші жылы ішінде оқудан шығарылған және келесі курсқа көшірілмеген, мерзімді әскери қызметтің қалған мерзімін өткеру үшін белгіленген тәртіппен әскери бөлімдерге (мекемелерге) жіберілген курсанттар мен кадеттерге қолданылмайды.

      ІІМ немесе шет мемлекеттің ӘАОО қайта қабылдау немесе келісімшарт бойынша әскери қызметке кіру оқу және (немесе) келісімшарт бойынша әскери қызмет өткеру кезеңінде оқытуға жұмсалған ақшаны өндіріп алуды тоқтата тұруға негіз болып табылады. ІІМ немесе шет мемлекеттің ӘАОО оқыту кезеңі есепке алынбастан, күнтізбелік есептеумен келісімшарт бойынша он жыл әскери қызмет өткергеннен кейін (ұшқыштар құрамы үшін – он бес жыл) оқытуға жұмсалған ақшаны өндіріп алу тоқтатылады.

      3. ІІМ немесе шет мемлекеттің ӘАОО бітірген əскери қызметші теріс себептермен, Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылуға байланысты немесе аттестаттау қорытындысы бойынша анықталған қызметіне сай келмеуі бойынша əскери қызметтен шығарылған жағдайда оқытудың бірінші жылының шығындарын қоспағанда, курсанттар мен кадеттерді ІІМ немесе шет мемлекеттің ӘАОО оқыту кезеңінде тамақтандыруды қамтамасыз етуге, стипендия төлеуге және жол жүруіне арналған шығындарға сәйкес келетін ақшаны мемлекетке әскери қызмет өткеру туралы келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін қызмет өткерілмеген əрбір толық ай үшін барабар түрде өтейді.

      4. Ұлттық ұланның әскери қызметшісін ІІМ ӘАОО-да немесе шет мемлекеттің ӘАОО-да оқытуға жұмсалған ақшаның жиынтық есебі әскери қызметшінің ІІМ немесе шет мемлекеттің (бұдан әрі - жиынтық есебі) ӘАОО бітірген (шығарылған) сәтінен бастап бір ай мерзімде:

      ІІМ ӘАОО оқитындарға - ІІМ ӘАОО қаржы қызметі азық-түлік қызметімен және кадр қызметімен бірлесіп, осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша екі данада қағаз тасымалдағышта жасайды және ІІМ ӘАОО басшысы бекітеді.

      шет мемлекеттің ӘАОО оқитындарға - Қазақстан Республикасы Ұлттық ұлан Бас қолбасшылығының (бұдан әрі – ҰҰБҚ) Бюджет-қаржы басқармасы Кадр және әскери білім басқармасымен бірлесіп, осы Қағидаларға қосымшаға сәйкес нысан бойынша екі данада қағаз тасымалдағышта жасайды, оны Қазақстан Республикасы Ішкі істер министрінің орынбасары – Ұлттық ұланның Бас қолбасшысы бекітеді.

      5. Жиынтық есебінің бір данасы бекітілген сәттен бастап үш күндік мерзімде:

      ІІМ ӘАОО бітірушіге - жеке ісіне қоса тігу үшін ІІМ ӘАОО кадр қызметіне;

      шет мемлекеттің ӘАОО бітірушіге – жеке ісіне қоса тігу үшін ҰҰБҚ Кадр және әскери білім басқармасына;

      үлгермеушілігі, тəртіпсіздігі үшін, өз бастамасы бойынша, теріс себептермен əскери қызметтен шығару нәтижесінде ІІМ ӘАОО немесе шет мемлекеттің ӘАОО шығарылған, сондай-ақ Қазақстан Республикасы азаматтығының тоқтатылуына байланысты, əскери қызмет өткеру туралы келісімшарт жасасудан бас тартқан əскери қызметшілерге – тиісінше ІІМ ӘАОО заң қызметіне немесе ҰҰБҚ Заң басқармасына беріледі.

      Жиынтық есебінің екінші данасы осы есепті жасаған қаржы қызметінде сақталады.

      6. ІІМ ӘАОО және шет мемлекеттің ӘАОО бітірген әскери қызметші әскери қызмет өткеріп жүрген Ұлттық ұланның Бас қолбасшылығы, өңірлік қолбасшылығы және әскери бөлімі (мекемесі) (бұдан әрі - ҰҰ бөлімшелері), ІІМ ӘАОО Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылуға байланысты немесе аттестаттау қорытындысы бойынша анықталған қызметіне сай келмеуі бойынша теріс себептермен әскери қызметтен шығарылған жағдайда әскери қызметшіні ӘАОО-да оқытуға жұмсалған ақшаны өтеу жұмыстарын жүргізеді.

      ҰҰ бөлімшелерінің және ІІМ ӘАОО әскери қызметшінің осы Қағидалардың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген ақшаны мемлекетке өтеу жұмысы мынаны қамтиды:

      1) ҰҰ бөлімшелерінің, ІІМ ӘАОО кадр қызметі:

      қызметтен шығарылғаннан кейін 3 жұмыс күні ішінде ҰҰ бөлімшелерінің және ІІМ ӘАОО басшысының атына мемлекетке ІІМ ӘАОО-да немесе шет мемлекеттің ӘАОО оқыту үшін әскери қызметшіге жұмсалған ақшаны өтеу қажеттігі туралы баянат ұсынады;

      мемлекетке өтелуі тиіс қарыздың есебін алған сәттен бастап 7 жұмыс күні ішінде әскери қызметшіге оны бір ай мерзім ішінде өз еркімен өтеу қажеттігі туралы хабарлама береді;

      берешекті хабарлама берілген күннен бастап бір ай ішінде ерікті түрде өтемеген жағдайда, сотқа беру үшін заң қызметіне ӘАОО тізіміне енгізу және одан шығару туралы бұйрықтан үзінді көшірмені, келісімшарттың, жеке куәліктің, қарызы туралы хабарламаның көшірмелерін қоса ұсына отырып, баянат жолдайды;

      2) ҰҰ бөлімшелерінің және ІІМ ӘАОО қаржы қызметі Ұлттық ұланның әскери қызметшісін ІІМ немесе шет мемлекеттің ӘАОО оқытуға жұмсалған нақты шығындардың жиынтық есебінің негізінде кадр қызметінен баянат түскеннен кейін 5 жұмыс күні ішінде қызметтен шығарылған әскери қызметшіге мемлекет шығынын өтеуге қатысты есеп жасап, оны ҰҰ бөлімшелерінің және ІІМ ӘАОО кадр қызметіне береді.

      ӘАОО бітірген және Қазақстан Республикасының азаматтығы тоқтатылуға байланысты немесе аттестаттау қорытындысы бойынша анықталған қызметіне сай келмеуі бойынша əскери қызметтен теріс себептермен шығарылған әскери қызметші мемлекетке өтейтін ақшалай қаражаттың мөлшері (Мөтеу) мынадай формула бойынша есептеледі:

      Мөтеу = (Мжош- Ш1) * X/ Y

      Мұнда:

      Мөтеу – әскери қызметші мемлекетке өтейтін ақшалай қаражаттың мөлшері;

      Мжош – жалпы оқыту шығысы;

      М1 – бірінші оқу жылының шығыстары;

      Х – келісімшарт мерзімі аяқталғанға дейін толық қызмет өткермеген айлардың саны;

      Y – Ұлттық ұлан әскери қызметшісі ІІМ ӘАОО немесе шетел ӘАОО бітірген соң келісімшарт бойынша атқаруы тиіс қызметтің мерзімі (толық айлардың саны).";

      3) ҰҰ бөлімшелерінің және ІІМ ӘАОО заң қызметі баянат және қажетті құжаттар келіп түскеннен кейін оларды бір ай мерзім ішінде сотқа жібереді.

      7. Осы Қағидалардың 2 және 3-тармақтарында көрсетілген әскери қызметшілердің мемлекетке ақшаны өтеуін есепке алуды және мониторингін жүргізуді ҰҰ бөлімшелерінің және ІІМ ӘАОО заң қызметтері жүзеге асырады.

  Қазақстан Республикасы Ұлттық
ұланының әскери қызметшілерін
оқытуға жұмсалған бюджет
қаражатын мемлекетке өтеу
қағидаларына қосымша
Нысан
Бекітемін
____________________________
(лауазымы, әскери атағы, қолы,
Т.А.Ә. (егер болса))
"____"____________________
(күні)

      Ұлттық ұланның әскери қызметшісін ________________________________________________
(ІІМ ӘАОО (шетел ӘАОО) атауы)
оқытуға жұмсалған ақшаның жиынтық есебі


      Тегі, аты, әкесінің аты (егер болса) _____________________________________

      Оқуды бастау мерзімі ________________________________________________

      Оқуды аяқтау мерзімі ________________________________________________

Р/с

Шығыстар атауы

1 курс

2 курс

3 курс

4 курс

ӘАОО бітірген соң

Барлығы

1

Білім алу кезеңінде стипендия төлеуге жұмсалған шығындар







2

Білім алу кезеңінде жол жүруге жұмсалған шығындар







3

Білім алу кезеңінде тамақтандырумен қамтамасыз етуге арналған шығындар







4

Қазақстан Республикасы мен оқытатын ел арасында жасалған шарт сомасына барабар ақша (шет мемлекеттің ӘАОО бітіргендер үшін).







Жиыны







      Ескертпе: барлық шығындар кадр және азық-түлік қызметі бастықтарының қолы қойылған есеп-негіздемелермен расталады, қаржы қызметіне жинақтау үшін ұсынылады.

      ІІМ ӘАОО қаржы қызметінің бастығы (ҰҰБҚ Бюджет-қаржы басқармасының бастығы)

      _________________________________________________________________
(әскери атағы, қолы, тегі, аты және әкесінің аты)

      "_____" ____________________ (күні)

      М.О.


Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады