Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құнды объектілерге жатқызу, олардың шекараларын белгілеу қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 19 наурыздағы № 18-05/246 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 17 сәуірде № 10755 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Премьер-Министрінің орынбасары – Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2018 жылғы 5 қыркүйектегі № 370 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Премьер-Министрінің орынбасары – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 05.09.2018 № 370 (ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2004 жылғы 9 шілдедегі Заңының 9-бабы 1-тармағының 73) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құнды объектілерге жатқызу, олардың шекараларын белгілеу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіпте:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күнтізбелік күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастыруын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен бастап он күнтізбелік күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

А. Мамытбеков


  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 19 наурыздағы
№ 18-05/246 бұйрығымен
бекітілген

Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құнды объектілерге жатқызу, олардың шекараларын белгілеу қағидалары

      1. Осы Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құнды объектілерге жатқызу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Жануарлар дүниесін қорғау, өсімін молайту және пайдалану туралы" 2004 жылғы 9 шілдедегі Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 9-бабы 1-тармағының 73) тармақшасына сәйкес әзірленген және балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құнды объектілерге жатқызу, олардың шекараларын белгілеу тәртібін анықтайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай ұғымдар пайдаланылады:

      1) жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы уәкiлеттi мемлекеттiк орган (бұдан әрi – уәкiлеттi орган) – жануарлар дүниесiн қорғау, өсiмiн молайту және пайдалану саласындағы басшылықты, сондай-ақ өз өкiлеттiктерi шегiнде салааралық үйлестiрудi жүзеге асыратын орталық атқарушы орган;

      2) аумақтық бөлімшелер – уәкілетті орган ведомствосының аумақтық бөлімшелері.

      3. Балық шаруашылығы үшін ерекше құнды маңызы бар, оларда шаруашылық және өзге де қызметтің реттелетін режимі белгіленетін су объектілері немесе олардың бөліктері, іргелес жағалау аумағымен шектеулі акваториялар (серуендеу орындары, қыстау шұңқырлары, уылдырық шашатын және жануарлар түрлерінің табиғи жағдайларда табиғи жолмен көбею орындары) балық шаруашылығының ерекше құнды су айдындары және (немесе) учаскелері болып табылады.

      4. Ерекше құнды балық шаруашылығы су айдындары және (немесе) учаскелері мынадай мақсаттарды іске асыру үшін белгіленеді:

      1) балықтардың кәсіпшілік түрлерінің және басқа да су жануарларының табиғи молаюын қолдау;

      2) балықтардың және басқа да су жануарларының биологиялық әртүрлілігін сақтау;

      3) сирек кездесетін және құрып кету қаупі төнген балық түрлерін және басқа да су жануарларын сақтау;

      4) серуендеу, уылдырық шашу орындарын, өріс аудару жолдарын, қыстау шұңқырларын сақтау.

      5. Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу және олардың шекараларын белгілеу, сондай-ақ учаскелердің бекітілген шекараларын түзету, өзгерту жөнінде ұсыныстар әзірлеу үшін аумақтық бөлімше комиссия (бұдан әрі – Комиссия) құрады.

      Көрсетілген Комиссияның құрамын және оның қызмет тәртібін аумақтық бөлімше айқындайды.

      Комиссия құрамына аумақтық бөлімшелердің, жергілікті атқарушы органдардың, қоғамдық бірлестіктердің, ғылыми және табиғат қорғау ұйымдарының өкілдері енгізіледі.

      Бекітілген балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызған жағдайда Комиссия құрамына балық ресурстарын пайдаланушылардың өкілдері енгізіледі.

      6. Комиссия отырысының нәтижелері Комиссия отырысының хаттамасымен ресімделеді, оған қатысып отырған мүшелердің барлығы қол қояды.

      7. Балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құндыларға жатқызу және олардың шекараларын белгілеу тиісті ғылыми ұйымдар берген биологиялық негіздеменің негізінде жүзеге асырылады.

      8. Уәкілетті орган Комиссия ұсынымдары мен биологиялық негіздеме негізінде мынадай:

      1) балық шаруашылығы су айдындарын және (немесе) учаскелерін ерекше құнды объектілерге жатқызу, олардың шекараларын белгілеу туралы;

      2) белгіленген шекараларда шаруашылық және өзге де қызметтің реттелетін режимін белгілеу жөнінде шешімдерді қабылдайды.

      9. Қабылданатын шешімдер аумағында осы су айдыны орналасқан жергілікті атқарушы органдармен келісіледі.

      10. Ерекше құнды балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің белгіленген шекаралары белгілі бір жайылым, уылдырық шашу, өсіру орындары, қыстау шұңқырлары орындарының атаулары және географиялық координаталары көрсетілген карта-схемада белгіленеді.

      11. Ерекше құнды балық шаруашылығы су айдындарының және (немесе) учаскелерінің шекаралары белгілі бір жайылым, уылдырық шашу, өсіру орындарын, қыстау шұңқырлары шегінде балық шаруашылығын жүргізуге бөлінген бір немесе бірнеше балық шаруашылығы учаскелерін қамтуы мүмкін.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады