Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар жобаларының экономикалық сараптамасын жүзеге асыру қағидаларын бекіту туралы

Күшін жойған

Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2015 жылғы 16 наурыздағы № 202 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 23 сәуірде № 10778 тіркелді. Күші жойылды - Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрінің 2018 жылғы 25 қыркүйектегі № 18 бұйрығымен

      Ескерту. Күші жойылды – ҚР Ұлттық экономика министрінің 25.09.2018 № 18 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" 2010 жылғы 24 маусымдағы Қазақстан Республикасы Заңының 26-бабының 3-тармағын іске асыру мақсатында, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар жобаларының экономикалық сараптамасын жүзеге асыру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің Салық және кеден саясаты департаменті:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспасөз басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ұлттық экономика министрлігінің ресми интернет-ресурсында жариялануын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасының Ұлттық экономика бірінші вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

Е. Досаев

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Инвестициялар және даму министрі

      ________________Ә. Исекешев

      2015 жылғы 16 наурыз

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Энергетика министрі

      ___________________В. Школьник

      2015 жылғы 16 наурыз



  Қазақстан Республикасы
Ұлттық экономика министрінің
2015 жылғы 16 сәуірдегі
№ 202 бұйрығымен
бекітілді

Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар жобаларының
экономикалық сараптамасын жүзеге асыру қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар жобаларының экономикалық сараптамасын жүзеге асыру қағидалары "Жер қойнауы және жер қойнауын пайдалану туралы" Қазақстан Республикасының 2010 жылғы 24 маусымдағы Заңына (бұдан әрі - Заң) сәйкес әзірленді.

      2. Өндіруге арналған, сондай-ақ өндіру бөлігінде бірлескен барлау және өндіруге арналған келісімшарттар жобаларының экономикалық сараптамасын жүзеге асыру қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар жобаларына, сондай-ақ бұрын жасалған келісімшарттарға толықтырулар мен өзгерістер жобаларына экономикалық сараптама жүргізу тәртібін айқындайды.

      3. Осы Қағидаларда мынадай терминдер мен анықтамалар қолданылады:

      1) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың жобасы - жер қойнауын пайдалану жөніндегі операциялардың жекелеген түрлерін жүзеге асыруға құзыретті орган немесе жер қойнауын зерттеу мен пайдалану жөніндегі уәкілетті орган мен жеке және (немесе) заңды тұлға арасындағы шарттың жобасы;

      2) жұмыс тобы - ережелері мен құрамын мемлекеттік органдар берген ұсыныстар мен кандидатулардың негізінде құзыретті орган бекітетін, келісімшарттар жобаларының шарттарын қарау және жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөздер жүргізу жөніндегі жұмыс тобы;

      3) құзыретті орган - егер Қазақстан Республикасының заңдарында және Қазақстан Республикасы Президентінің актілерінде өзгеше белгіленбесе, Қазақстан Республикасының атынан кең таралған пайдалы қазбаларды барлауға, өндіруге арналған келісімшарттарды қоспағанда, барлауға, өндіруге, бірлескен барлау мен өндіруге арналған келісімшарттарды жасасуға және орындауға байланысты құқықтарды іске асыруды жүзеге асыратын, Заңның 16 бабының 13 тармағына сәйкес Қазақстан Республикасы Үкіметімен айқындалатын орталық атқарушы орган;

      4) экономикалық сараптама - келісімшарттар жобаларының талаптарының тендер жеңімпазының конкурстық ұсынысына, аукцион, тендерде жеңіске жетуге негіз болған аукцион жеңімпазының өтінішіне және аукцион хаттамасына немесе тікелей келіссөздер хаттамасының талаптарына сәйкестігін тексеру мақсатында жүзеге асырылатын талдау және бағалау, жер қойнауын пайдалануға жасалатын келісімшарттың экономикалық тиімділігі мен орындылығын, жер қойнауын пайдаланушының кен орындарын игеру кезінде бекітілген жобалау құжаттарына жоспарланатын салымдар мен шығындардың негізділігін, жобаны жүзеге асырудың әлеуметтік маңыздылығын талдау және бағалау.

      Осы Қағидада қолданылатын өзге де терминдер мен анықтамалар Заңда қолданылатын терминдер мен анықтамаларға сәйкес келеді.

      4. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар жобаларының экономикалық сараптамасы құжаттардың толық пакеті құзыретті органнан келіп түскен күннен бастап күнтізбелік отыз күн ішінде жүзеге асырылады.

      5. Экономикалық сараптама нәтижелері сараптамалық қорытындымен ресімделеді, ол теріс немесе оң болуы мүмкін.

      Жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жасасуға үміткер тұлға сараптамалық қорытындыда жазылған ескертулерді жою мақсатында келісімшарт жобасын пысықтайды.

      Көрсетілген ескертулер жойылған жағдайда мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті орган қайта сараптама жүргізеді. Қайталама сараптама, сондай-ақ экономикалық сараптаманың оң қорытындысы алынғаннан кейін жобалау және өзге де құжаттамаға өзгерістер енгізілген жағдайларда да жүргізіледі.

      6. Экономикалық сараптаманың ескертулерімен келіспеген жағдайда жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жасасуға үміткер тұлға өзінің дәлелді қарсылықтарын Заңның 62-бабына сәйкес құзыретті органға оларды келісім комиссиясында қарау үшін жібереді.

      7. Құзыретті орган ұсынылған қарсылықтарды қарау үшін қарсылықтар түскен күннен бастап он жұмыс күні ішінде келісім комиссиясын құрады. Келісім комиссиясының құрамына құзыретті органның, ескертулерді ұсынған мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті органның және келісімшарт жасасуға үміткер тұлғаның өкілдері кіреді. Отырыс нәтижелері бойынша келісім комиссиясы хаттамада көрсетілетін ұсынымдарды әзірлейді. Келісім комиссиясының ұсынымдарын ескеріле отырып, келісімшарт қайталап сараптамаға жіберіледі.

2. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар жобаларының
экономикалық сараптамасын жүзеге асыру тәртібі

      8. Өндіруге арналған келісімшарттар жобаларына, бірлескен барлау және өндіруге арналған келісімшарттар жобаларына, сондай-ақ бұрын жасалған келісімшарттарға толықтырулар мен өзгерістер жобаларына өндіру бөлігінде экономикалық сараптама жүргізу тәртібін экономикалық сараптамасын жүргізу үшін құзыретті орган мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті органға:

      1) тұлғаны аукцион және тендер жеңімпазы деп тану туралы немесе тұлғаның жер қойнауын пайдалану құқығын алуға тікелей келіссөздер жүргізуге құқылы екенін көрсететін құзыретті органның хабарлама хатының көшірмесін;

      2) келісімшарттар жобаларының шарттарын қарау және жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөздер жүргізу жөніндегі жұмыс тобының отырысының хаттамасының көшірмесін;

      3) келісімшарт жобасын;

      4) тікелей келіссөздер хаттамасының немесе тендер жеңімпазының конкурстық ұсынысының, аукцион жеңімпазының өтінішінің және аукцион хаттамасының құзыретті органмен куәландырған көшірмесін;

      5) тау-кендік бөлудің көшірмесін;

      6) геологиялық ақпаратты сатып алу кезінде құпиялылық туралы келісімнің тарихи шығындар сомасының есебі қоса берілген көшірмесін;

      7) жұмыс бағдарламасының жобасын;

      8) шығындарды және жоспарланған жұмыстарды қаржыландыруды жылдар бөлігінде көрсете отырып жобалау құжатының экономикалық бөлігінің көшірмесін;

      9) пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссияның сараптама қорытындысының немесе пайдалы қазбалар қоры жөніндегі мемлекеттік комиссия отырысы хаттамасының көшірмесін қамтитын құжаттар пакетін ұсынады.

      9. Өндіруге арналған, сондай-ақ өндіру бөлігінде бірлескен барлау және өндіруге арналған келісімшарттар жобаларының экономикалық сараптамасы:

      1) келісімшарттар жобалары ережелерінің Қазақстан Республикасының экономика және қаржы саласындағы заңнама талаптарына сәйкестігін тексеруді;

      2) келісімшарт талаптарының аукцион жеңімпазының өтінішіне және аукцион хаттамасына, тендер жеңімпазының конкурстық ұсынысына немесе тікелей келіссөздердің шарттарына және жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттар жобаларының шарттарын талқылау және және жер қойнауын пайдаланушылармен келіссөздер жүргізу жөніндегі жұмыс тобы отырысының қорытындысына сәйкестігін бағалауды;

      3) бекітілген жобалау құжаттарына келісімшарт жобасында болжанатын жұмыс көлемі мен тиісті шығындардың экономикалық дәйектілігін бағалауды;

      4) жобаны іске асырудың әлеуметтік маңыздылығын бағалауды;

      5) жобаны экономикалық бағалауды (қолданылатын технологиялар және жобаны іске асырудың әлеуметтік маңызы ескеріле отырып, жоспарланатын табыстар мен шығындарда жобаны іске асырудың экономикалық орындылығы);

      6) жобаның қаржылық көрсеткіштерін (ақша қаражаты ағынын, ағымдағы таза құнын, пайданың ішкі нормасын, өтелу мерзімін) бағалауды;

      7) жобаның бюджеттік тиімділігін бағалауды қамтиды.

      10. Экономикалық сараптама жүргізудің нәтижесі хат түрінде ресімделетін сараптамалық қорытынды болып табылады.

      11. Келісімшарт жобасының сараптама қорытындысы мыналарды қамтиды:

      1) жоба параметрлерінің қысқаша сипаттамасы (жер қойнауын пайдаланушы, келісімшарттық аумақ, жер қойнауын пайдалану бойынша жүргізілетін операциялардың түрлері, келісімшарт жасасу үшін негіздемелер, күрделі шығындардың жоспарланған көлемі, болжанатын жобалық қуат туралы мәліметтер);

      2) ұсынылған құжаттар тізбесі;

      3) осы Қағидағларға сәйкес келісімшарт ережелеріне жүргізілген талдау мен бағалаудың қысқаша нәтижелері;

      4) тұжырымдар, ескертулер мен ұсынымдар.

      12. Сараптамалық қорытынды мынадай тұжырымдардың бірін қамтиды:

      1) қарау нәтижесінде жоба бойынша болжанатын шығындар көлемінің негізділігі, оның параметрлерінің аукцион жеңімпазының өтінішіне және аукцион хаттамасына, тендер жеңімпазының конкурстық ұсынысына немесе тікелей келіссөздер хаттамасының талаптарына сәйкестігі расталғандықтан, оң бағаланған жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жобасын келісу;

      2) қарау нәтижесі бойынша теріс қорытындының берілуге байланысы жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасын келісуден бас тарту. Сараптамада болжанатын шығындардың айтарлықтай ауытқулары (көтерілуі немесе төмендеуі), техникалық параметрлердің бұзылуы, жобалау құжаттарына қағидатты түрде сәйкес келмеу және орын алған жағдайда келісімшарт жасасу орынсыз болатын басқа да кемшіліктер анықталды.

      13. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт жобасына жүргізілген экономикалық сараптама нәтижесі бойынша сараптамалық қорытындыға мемлекеттік жоспарлау саласындағы уәкілетті органның тиісті лауазымды тұлғасы қол қояды және ол құзыретті органның мекенжайына жіберіледі.

      14. Жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарттың пысықталған жобасы экономикалық сараптамаға қайта ұсынылған жағдайда, осы Қағидаларға сәйкес талап етілетін құжаттар пакеті енгізілмейді.

      15. Бастапқы қорытындыда көрсетілген ескертулер жойылғаннан кейін жер қойнауын пайдалануға келісімшарт жобасына қайталама сараптама осы Қағидалардың 4-тармағында белгіленген мерзімде жүргізіледі.

      16. Өндіру кезеңінің жұмыс бағдарламасының жобасы жобалау құжаттарында көзделген мынадай негізгі жобалау көрсеткіштері мен инвестициялардың қажетті көлемін, сондай-ақ жылдар бойынша бөле отырып, негізгі жобалау көрсеткіштеріне қол жеткізу үшін қажетті іс-шаралар мен шығындарды қоса отырып:

      1) жыл сайынғы өндіру көлемін;

      2) өндірістік объектілерді және оларды жобалау, салу (тұрғызу) мерзімдерін;

      3) келісімшарттық аумақта бұрғылануы жоспарланған ұңғымалардың санын, оларды аяқтау мерзімдерін;

      4) қажетті инфрақұрылым объектілерінің тізбесін, оларды жобалау, салу (тұрғызу) мерзімдерін;

      5) орындалатын геологиялық-барлау жұмыстарының көлемін;

      6) орындалатын геологиялық-барлау жұмыстарының түрлері бойынша шығындарды;

      7) жер қойнауын пайдалану жөніндегі операцияларды жүргізудің техникалық және технологиялық жағдайларын, жабдықтың жалпы сипаттамасын, қосымша және әлеуметтік инфрақұрылымды дамытуды негізге ала отырып, амортизациялық аударымдар сомасы көрсетілген күрделі шығындарды (олар бар болған жағдайда);

      8) тартылған персоналдың саны ескерілген еңбекақы төлеу қорын;

      9) тарату қорын қалыптастыру бойынша шығыстарды;

      10) қазақстандық персоналды оқытуға арналған шығыстарды;

      11) қызмет өңірінің әлеуметтік инфрақұрылымын дамытуға қатысу бойынша шығыстарды;

      12) ғылыми-зерттеулер мен тәжірибелік-конструкторлық жұмыстарға арналған шығыстарды;

      13) жанама шығыстарды;

      14) жер қойнауын пайдалануға арналған келісімшарт бойынша қызметті жүзеге асыру шеңберіндегі салық және бюджетке төленуге жататын басқа да міндетті төлемдерді;

      15) өндірілетін пайдалы қазбалардың түрлері бойынша орындалатын жұмыстар мен шығындардың көлемін;

      16) инфляцияны ескере отырып, құзыретті орган айқындайтын бастапқы өңдеуден өткен минералды шикізатты және қолданыстағы бағамен ішкі және сыртқы нарықтарға бөлуді көрсете отырып, пайдалы қазбалардың түрлері бойынша өндіру және өткізу көлемін;

      17) жоба бойынша және өнім түрлері бойынша жалпы жиынтық табысты;

      18) негізгі баптардың мағынасын аша отырып, өндіру мен шикізатты бастапқы қайта өңдеу кезеңдері бойынша пайдалану шығындарын;

      19) салық салынатын табысты;

      20) салық төленгеннен кейін жер қойнауын пайдаланушының иелігінде қалатын жоспарланған таза табысты;

      21) жоспарланған жылдық ақша ағынын;

      22) дисконттау ставкалары 10, 15 және 20 пайызға тең болған кездегі жобаның ағымдағы келтірілген таза құнының өлшемдерін;

      23) жоба бойынша жалпы және жылдар бойынша жоба рентабельділігінің ішкі нормасының көрсеткішін қамтиды.

      Экономикалық сараптама жүргізу үшін жолданатын құжаттар Электрондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі арқылы ресми түрде ұсынылады. Элекртондық құжат айналымының бірыңғай жүйесі арқылы жолданатын құжаттар көлемі 50 мегабайттан асқан жағдайда, жобалық құжаттардың құзыретті органның тиісті бөлімшесі директорымен қол қойылған қағаз жүзіндегі көшірмесі ұсынылады.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады