«Жол жүрiсi туралы» 2014 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңы 11-бабының 5-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
1. Қоса беріліп отырған Авариялар мен апаттар кезіндегі шұғыл шақыру жүйесін ұйымдастыру және пайдалану қағидалары бекітілсін.
2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Көлік комитеті (Ә.А. Асавбаев):
1) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркеуді;
2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
3) осы бұйрықты Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастыруды;
4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.
3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсін.
4. Осы бұйрық оның алғашқы ресми жарияланған күнiнен кейiн күнтiзбелiк он күн өткен соң қолданысқа енгiзiледi.
Қазақстан Республикасының
Инвестициялар және даму министрінің
міндетін атқарушы Ж. Қасымбек
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Денсаулық сақтау және
әлеуметтік даму министрі
_______________ Т. Дүйсенова
2015 жылғы 15 мамыр
«КЕЛІСІЛДІ»
Қазақстан Республикасының
Ішкі істер министрі
_______________ К. Қасымов
2015 жылғы 27 сәуір
Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің міндетін атқарушының
2015 жылғы 17 сәуірдегі
№ 466 бұйрығымен
бекітілген
Авариялар мен апаттар кезіндегі шұғыл шақыру жүйесін
ұйымдастыру және пайдалану қағидалары
1. Жалпы ережелер
1. Осы Авариялар мен апаттар кезіндегі шұғыл шақыру жүйесін ұйымдастыру және пайдалану қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) «Жол жүрісі туралы» 2014 жылғы 17 сәуірдегі Қазақстан Республикасының Заңына сәйкес әзірленген және Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары және өзге де төтенше жағдайлар кезінде жедел ден қоюды қамтамасыз етуге бағытталған.
2. Қағидаларда мынадай негiзгi ұғымдар пайдаланылады:
1) «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметі (бұдан әрі - 112 қызметі) – төтенше жағдайдың туындау алғышарттары немесе туындауы, өрт, адамдардың өміріне төнген қатер мен денсаулығына зиян келтіру қатері туралы және өз құзыреті шегінде шұғыл қызметтердің ден қою жөніндегі іс-қимылдарын кейіннен үйлестіре отырып шұғыл көмек шараларын қолдануды қажет ететін өзге де жағдайлар туралы жеке және заңды тұлғалардан келіп түсетін хабарламаларды қабылдау және өңдеу қызметі;
2) авариялар мен апаттар кезіндегі шұғыл шақыру жүйесі (бұдан әрі – шұғыл шақыру жүйесі) – навигациялық спутниктік жүйелердің сигналдары мен деректерін пайдалана отырып жұмыс істейтін, шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерге Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары және өзге де төтенше жағдайлар туралы қалыпқа түсірілген ақпарат беруді қамтамасыз ететін мемлекеттік автоматтандырылған ақпараттық жүйе;
3) eCall туы – шұғыл және басым шақыру белгісімен мобильді байланыс желілері арқылы автоматты түрде берілетін жол-көлік оқиғасы туралы сигналы;
4) жаһандық навигациялық спутниктік жүйе – жердегі және ғарыштық жабдықтардың жиынтығынан тұратын, жердегі, әуедегі және судағы объектілер үшін орналасқан жерін (географиялық координаттары мен биіктігін), сондай-ақ қозғалыс параметрлерін (қозғалыс жылдамдығы мен бағытын) анықтауға арналған кешенді электронды-техникалық жүйе;
5) жол-көлiк оқиғасы – көлiк құралының жолда жүруі процесiнде және оның қатысуымен туындаған, адамның денсаулығына зиян келтіруге, өліміне, көлік құралдарының, құрылыстардың, жүктердің бүлінуіне не өзге де материалдық залалға әкеп соққан оқиға;
6) көлік құралының жағдайын бақылайтын датчиктер – көлік құралында орнатылған, жол-көлік оқиғасы фактісін анықтауға мүмкіндік беретін және осы факті туралы ақпаратты шақыру құрылғысына беретін жеделдету датчиктері (акселерометрлер) немесе өзге де техникалық құралдар;
7) көлік құралының иесі – көлік құралының меншік иесі, сондай-ақ көлік құралын шаруашылық жүргізу құқығында немесе жедел басқару құқығында не өзге де заңды негізде (жалдау құқығы, көлік құралын басқару құқығына сенімхат, тиісті органның осы адамға көлік құралын беру туралы өкімі) иеленетін адам. Өзінің қызметтік немесе еңбек міндеттерін орындауына орай, оның ішінде көлік құралының меншік иесімен немесе өзге де иесімен жасалған еңбек немесе азаматтық-құқықтық шарт негізінде көлік құралын басқаратын адам көлік құралының иесі болып табылмайды;
8) өтініш беруші – шақыру құрылғысын тіркеу және есепке алу үшін шұғыл шақыру жүйесінің операторына жүгінген жеке немесе заңды тұлға;
9) сервистік орталық (шеберхана) – шұғыл қимылдайтын жедел шақыру құрылғысын орнату мен қызмет көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыратын жеке немесе заңды тұлға;
10) шұғыл қимылдайтын жедел қызметтер – Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары және өзге де төтенше жағдайлар кезінде шұғыл көмек көрсететін қызметтер;
11) шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерді шақыру құрылғысы (бұдан әрі – шақыру құрылғысы) – жұмыс істеп тұрған кемінде екі жаһандық навигациялық спутниктік жүйе сигналдарының көмегімен көлік құралының координаттарын, жылдамдығын және қозғалыс бағытын айқындауды, жол-көлік оқиғасы және өзге де төтенше жағдай кезінде көлік құралы туралы хабарлама беруді, сондай-ақ жылжымалы радиотелефон байланысы желілері арқылы шұғыл қимылдайтын жедел қызметтермен екіжақты дауыс байланысын жүзеге асыратын және қамтамасыз ететін құрылғы;
12) шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерді шақыру құрылғысынан құрылған деректердің ең аз жиынтығы (бұдан әрі - деректердің ең аз жиынтығы) – жол-көлік оқиғасы кезіндегі шақыру құрылғысымен берілетін және шұғыл ден қоюды ұйымдастыру үшін қажетті авариялық көлік құралы жүрісінің координаталары мен параметрлері және авария уақыты, көлік құралының сәйкестендіру нөмірлері туралы ақпаратты қамтитын деректер жиынтығы;
13) шұғыл шақыру жүйесінің операторы – шұғыл шақыру жүйесін басқаруды жүзеге асыратын уәкілетті ұйым;
14) «шұғыл шақыру» сигналы – шұғыл шақыру жүйесі операторының зардап шеккендерге шұғыл көмек ұйымдастыру үшін қажетті өңделген ең аз мөлшердегі деректер жиынтығын қамтитын жол-көлік оқиғасы немесе өзге де төтенше жағдай туралы хабарламасы.
3. Шұғыл шақыру жүйесінің мақсаты:
1) Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік және өзге де төтенше жағдайлар туралы ақпараттарды жаһандық навигациялық спутниктік жүйелер сигналдарын пайдалану негізінде шұғыл алу, осы ақпаратты шұғыл шақыру жүйесін орналастырылған көлік құралдары туралы ақпаратпен оны толықтыру жолымен өңдеу, «112» бірыңғай нөмірі бойынша 112 қызметінде өңделген ақпаратты беру;
2) Жүйеде орналастырылған Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары және өзге де төтенше жағдайлар туралы, сондай-ақ шұғыл ден қоюдағы қабылданған шаралар туралы, олардың уақытылығы және тиімділігі туралы өңделген ақпаратты мүдделі тұлғаларға ұсыну.
2. Шұғыл шақыру жүйесін ұйымдастыру тәртібі
4. Шұғыл шақыру жүйесінің құрылымы:
1) осы Қағидалардың 10-тармағында көрсетілген ақпаратты қамтитын ақпараттық ресурстан;
2) мыналарға арналған бағдарламалық-техникалық құралдардан:
Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғасы және өзге де төтенше жағдайлар туралы, сондай-ақ көлік құралдары туралы ақпаратты жинау, өңдеу мен сақтау, осы ақпаратты беруді жүзеге асырған құрылғы үшін;
шақыру құрылғысы туралы ақпаратты жинау, өңдеу мен сақтау үшін;
3) шақыру құрылғысынан түскен ақпаратты қабылдауды және осы ақпаратты шұғыл қимылдайтын жедел қызметке беруді қамтамасыз ететін технологиялық инфрақұрылымнан;
4) Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары және өзге де төтенше жағдайлар кезіндегі механикалық көлік құралдарының жағдайы мен координатты-уақыттық параметрлері туралы ақпарат өңдеуді, сондай-ақ өңделген ақпаратты беру үшін ақпараттық-телекоммуникациялық желі элементтерін қамтамасыз ететін техникалық құралдардан және ақпараттық технологиялардан тұрады.
5. Шұғыл шақыру жүйесін құру және жұмыс істеуімен байланысты туындаған қатынастардың қатысушылары шұғыл шақыру жүйесінің операторы, ақпаратты шұғыл шақыру жүйесіне ұсынатын өтініш берушілер, «112» бірыңғай кезекшілік-диспетчерлік «112» қызметі болып табылады.
6. Шұғыл шақыру жүйесінде орналастырылған ақпаратты иеленушілер:
1) Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарында жол-көлік және өзге де төтенше жағдайлар кезінде шұғыл көмек көрсетуді қамтамасыз ететін мемлекеттік органдар;
2) шұғыл шақыру жүйесінің операторы;
3) көлік құралдарын тіркеуді жүзеге асыратын мемлекеттік органдар;
4) Қазақстан Республикасының аумағында айналымға көлік құралдарын шығарумен айналысатын ұйымдар;
5) Қазақстан Республикасының аумағында пайдалануда тұрған және шақыру құрылғысымен жарақталған көлік құралдарының меншік иелері болып табылады.
7. Шақыру құрылғысымен жарақтандыру:
1) шақыру құрылғысымен жарақтандыруға жататын көліктік құралдар меншік иелері (иелері) көлікте орнатылған шұғыл қимылдайтын жедел қызметтердің шақыру құрылғысын шұғыл шақыру жүйесінің операторында тіркейді.
2) шақыру құрылғысын тіркеу мен есепке алуды шұғыл шақыру жүйесінің операторы жүзеге асырады.
8. Қазақстан Республикасының аумағында пайдаланымдағы және меншік иесінің бастамасы бойынша шақыру құрылғысымен жарақталған көлік құралдары шұғыл шақыру жүйесі операторына осы Қағидалардың 10-тармағының 3) тармақшасында көрсетілген ақпаратты, сондай-ақ шақыру құрылғысы абонентінің жеке тіркеу нөмірін ұсынады.
9. Ұялы байланыс операторлары еCall туын шұғыл шақыру жүйесі операторына беруді қамтамасыз етеді, сондай-ақ басымдықты шақыруды және зардап шеккенді немесе Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары мен өзге де төтенше жағдайларда зардап шеккендерді шұғыл шақыру жүйесі операторымен екі жақты қосуды жүзеге асырады.
10. Шұғыл шақыру жүйесінің ақпараттық ресурсы өзіне мыналарды қамтиды:
1) картографиялық ақпарат;
2) шақыру құрылғысынан түскен сигналдарды қабылдау негізінде алынған көлік құралының орналасқан жері туралы ақпарат;
3) шұғыл шақырудың тіркелген құрылғыларымен жарақталған көлік құралдары, мемлекеттік тіркеу белгілері, көлік құралының сәйкестендіру нөмірлері (олар болған жағдайда), көлік құралдары шанақтарының нөмірі, маркасы, үлгісі, түсі туралы ақпарат;
4) Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары туралы және өзге де төтенше жағдайлар туралы ақпарат берілген шақыру құрылғысынан берілген координаттық-уақыттық ақпарат;
5) Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары мен өзге де төтенше жағдайлар туралы көлік құралдарының жағдайын бақылайтын датчиктердің көмегімен алынған қосымша ақпарат (ол болған жағдайда);
6) шақыру құрылғысынан және көліктің жағдайын бақылайтын датчиктерінен шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерге берілген ақпарат;
7) Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары мен өзге де төтенше жағдайларға ден қою шаралары туралы ақпарат:
Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары мен өзге де төтенше жағдайларға ден қоюды жүзеге асырған шұғыл қимылдайтын жедел қызметтер бөлімшелерінің атауы;
шұғыл ден қою қызметтерінің бөлімшелеріне берілген ақпараттың нақты уақыты;
Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары мен өзге де төтенше жағдайларға ден қоюдың бастапқы уақыты;
Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары мен өзге де төтенше жағдайлар болған жерге бөлімшелердің келу уақыты.
8) Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы шұғыл шақыру жүйесінде өңделген жол-көлік оқиғалары мен өзге де төтенше жағдайлар туралы статистикалық және талдамалық ақпарат.
3. Шұғыл шақыру жүйесін пайдалану тәртібі
11. Шұғыл шақыру жүйесінің операторы ақпаратты өңдеуді ақпаратты қорғау шараларын қамтамасыз етіп, құпиялылық жағдайында жүзеге асырады.
12. Шұғыл шақыру жүйесінде орналастырылған ақпарат:
1) Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары мен өзге де төтенше жағдайлар туралы шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерге;
2) өз меншігіндегі (иелігіндегі) көлік құралдарының координаттық-уақыттық параметрлері және шұғыл қимылдайтын қызметтердің сигналды қабылдауы және ден қоюды бастауы туралы Қазақстан Республикасының аумағында шақыру құрылғыларымен жарақталған көлік құралдарын пайдаланатын меншік иелеріне (иелеріне) ұсынылады.
13. Осы Қағидалардың 10-тармағының 4) тармақшасында көрсетілген ақпарат шақыру құрылғысының көмегімен қалыптасып, шұғыл шақыру жүйесіне ақпарат иелері көлік құралдарында орнатылған шақыру құрылғыларының түріне қарай автоматты режимде немесе қолмен режимінде беріледі. Ақпарат автоматты режимде бағдарламалық-техникалық құралдармен қалыптастырылады.
14. Осы Қағидалардың 10-тармағының 7) тармақшасында көрсетілген ақпарат шұғыл шақыру жүйесінде шұғыл қимылдайтын жедел қызметтер орналастырады.
15. Ақпаратты жүйеге орнатуға беретін ақпарат иелері көрсетілген ақпараттың толықтығын және анықтығын қамтамасыз етеді.
16. Шақыру құрылғысын орнату және белсенділендіру рәсімін өткізгеннен кейін сервистік орталық келесі жұмыс күнінен кеш емес мерзімде шұғыл шақыру жүйе операторына автокөліктің иесі (иесі) туралы, соның ішінде шұғыл шақыру жүйесін пайдаланушының карточкасын қалыптастыру мақсатында автокөліктің жекелеген сәйкестендіру белгілеріне қатысты ақпаратты жібереді.
17. Шұғыл шақыру жүйесінің операторы пайдаланушылардың карточкасын шұғыл шақыру жүйесінің дерекқорында дербес қалыптастырады.
18. Шұғыл шақыру жүйесінің дерекқорын шұғыл шақыру жүйесінің операторы 112 қызметі ұсынатын ақпаратты осындай ақпараттың түсуіне және оның жаңартылуына не түзетілуіне қарай жинау, өңдеу, жинақтау және сақтау жолымен қалыптастырады.
19. Шұғыл қимылдайтын жедел қызметтер мен шұғыл шақыру жүйесінің операторы арасындағы ақпарат алмасу ақпарат жүйелерді және ақпараттық технологияларды, оның ішінде ақпаратты электрондық әдістермен беруге негізделгендерді, сондай-ақ оларды қамтамасыз ету құрылдарын пайдалану арқылы жасалады.
20. Шұғыл шақыру жүйесінің операторы шұғыл шақыру жүйесінің дерекқорларын қалыптастыру үшін 112 қызметімен ақпаратты ай сайынғы салыстыруды жүргізеді.
21. Шұғыл шақыру жүйесі мен 112 қызметі тәулік бойғы режимде жұмыс істейді және шақыруларға шұғыл ден қоюды ұйымдастыруға ұдайы дайындықта болады.
22. Жаһандық навигациялық спутниктік жүйелердің сигналдары мен деректерін қабылдауды және шұғыл шақыру жүйесіндегі хабарламаларды өңдеуді шұғыл шақыру жүйесі операторының персоналы жүзеге асырады, ол хабарламалардың анықтығын тексереді, оқиғаның негізгі сипаттамасын енгізеді, сондай-ақ шақырудың анықтығы расталған кезде оны 112 қызметіне беруді ұйымдастырады.
23. 112 қызметі шұғыл шақыру жүйесі операторынан шұғыл хабарламаларды қабылдап, өңдеп, оны Қазақстан Республикасы автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары мен өзге де төтенше жағдайлардың салдарларын жою үшін тиісті шұғыл қимылдайтын жедел қызметтерге жеткізуді қамтамасыз етеді.
24. Оқиғаға ден қою іс-шараларын үйлестіруді, ден қою нәтижелері бойынша алынған ақпаратты талдауды, іс-қимылды анықтау мен нақтылауды, тартылған және өзара іс-қимыл жасайтын шұғыл қимылдайтын жедел қызметтердің кезекшілік-диспетчерлік қызметтеріне төтенше жедел қызметтердің кезекші диспетчерлік қызметтеріне қабылданған және іс асырылып жатқан шаралар туралы хабарлауды 112 қызметінің персоналы жүзеге асырады. 112 қызметі шұғыл шақыру жүйесіне қабылданған хабарламаға жедел ден қою бойынша іс-шаралардың барысы туралы және аяқталғандығы туралы ақпаратты береді.
25. Шұғыл шақыру жүйесі және 112 қызметі оқиғалардың негізгі сипаттамалары туралы, олардың басталуы, аяқталуы және алынған хабарламаларға шұғыл ден қоюдың негізгі нәтижелері туралы дерекқор жүргізеді, шақыру құрылғысынан алынған Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары және өзге де төтенше жағдайлар туралы хабарламалардың барлық кіріс және шығыс хабарламаларын тіркейді.
26. Шұғыл хабарламаларды беру мен көлік құралдарындағы адамдармен екі жақты дыбыстық байланысты орнату бірыңғай «112» нөміріне шұғыл шақыру (осы шақыруға қызмет көрсету үшін орнатылған сәйкестендірушілердің бірі) арқылы жүзеге асырылады.
27. Шұғыл шақыру жүйесі және 112 қызметі қосылу кенет үзілген жағдайда, шақыру құрылғысынан жүгінген адамның пайдалану (соңғы) жабдығымен қосылуды автоматты түрде қалпына келтіру мүмкіндігін қарастырады.
28. Шұғыл көмек көрсетуге сұрау салу шұғыл шақыру жүйесімен бастамашылық жасау арқылы шақыру құрылғысымен жүзеге асырылады және мынадай тәсілдермен жүзеге асырылады:
1) Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары және өзге де төтенше жағдайлар кезінде көлік құралының жүргізушісі немесе жолаушысы шақыру құрылғысы пайдаланушысының интерфейс блогындағы «шұғыл шақыру» кнопкасын басу арқылы жүзеге асырылатын, қолмен шұғыл шақыруға бастамашылық жасау;
2) шақыру құрылғысы автоматты түрде іске қосылған кезде шұғыл шақыруға бастамашылық жасау.
29. Бастамашылық жасау тәсіліне қарамай, шұғыл шақыруға бастамашылық жасау сәтінде шақыру құрылғысының шұғыл хабарламасы құрамында берілуге жататын жол-көлік оқиғасы туралы деректердің ең аз жиынтығын автоматты түрде қалыптастыру жүзеге асырылады.
30. Шақыру құрылғысынан хабарламаны алғаннан кейін шұғыл шақыру жүйесінің операторы хабарламаны өңдеуді жүргізеді.
31. Хабарламаны өңдеу кезінде шұғыл шақыру жүйесінің операторы Қазақстан Республикасының автомобиль жолдарындағы жол-көлік оқиғалары және өзге де төтенше жағдайлар туралы сигналдың дұрыстығын анықтайды. Дұрыс хабарламаны өңдеу процесінің аяқталу нысаны қалыптастырған «шұғыл шақыру» карточкасы болып табылады.
32. «Шұғыл шақыру» карточкасын қалыптастырылғаннан кейін шұғыл шақыру жүйесінің операторы «шұғыл шақыру» сигналын 112 қызметіне беруді ұйымдастырады.
33. Шұғыл шақыру жүйесінің операторы шақыру құрылғысынан алынған шұғыл хабарламаларды сұрыптауды қоса алғанда, қабылдауды және өңдеуді, олардың негізінде және шұғыл шақыру жүйесінің шұғыл хабарламаларының қосымша ақпаратын пайдалану негізінде дайындау және оларды бағдарламалық-ақпараттық құралдарды және шұғыл шақыру жүйесінің инфрақұрылымын пайдалану арқылы 112 қызметіне жеткізуді қамтамасыз етеді.
34. «Шұғыл шақыру» сигналын алған кезде 112 қызметінің жедел кезекшісі шұғыл қимылдайтын көмектің қажет көлемін анықтайды, зардап шеккендерге сапалы шұғыл қимылдайтын жедел көмекті ұйымдастырылуы үшін қажетті күштер мен құралдарды анықтайды және шұғыл қимылдайтын жедел қызметтердің оқиға орнына шығуын ұйымдастырады. Қажет болған жағдайда 112 қызметінің жедел кезекшісі жол-көлік оқиғасы зардап шегушіге/зардап шегушілерге психологиялық көмекті ұйымдастырады, сондай-ақ жол-көлік оқиғасы болған жерде авариялық-құтқару құрамаларының іс-қимыл жасауының тұрақты мониторингін және ағымдағы жағдай туралы ақпаратты жеткізуді жүзеге асырады.
35. Зардап шеккендерге көрсетілген шұғыл көмек қорытындылары бойынша 112 қызметінің жедел кезекшісі шұғыл шақыру жүйесінің операторына атқарылған іс-шаралар туралы ақпарат жібереді, оның негізінде шұғыл шақыру жүйесінің операторы «шұғыл шақыру» карточкасын жабу бойынша іс-қимыл жүргізеді.