Астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды жүргізу қағидаларын бекіту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 24 маусымдағы № 4-1/564 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 4 тамызда № 11835 болып тіркелді.

      "Астық туралы" 2001 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасының Заңы 6-бабының 12) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды жүргізу қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Өсімдік шаруашылығы өнімдерін өндіру мен қайта өңдеу және фитосанитариялық қауіпсіздік департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің ресми интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Қазақстан Республикасының


Ауыл шаруашылығы министрі

А. Мамытбеков

      "КЕЛІСІЛГЕН"

      Қазақстан Республикасының

      Ұлттық экономика министрі

      ___________ Е. Досаев

      2015 жылғы 3 шілде



  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 24 шілдедегі
№ 4-1/564 бұйрығымен
бекітілген

Астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды жүргізу қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Осы Астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды жүргізу қағидалары (бұдан әрі - Қағидалар) "Астық туралы" 2001 жылғы 19 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының (бұдан әрі – Заң) 6-бабының 12) тармақшасына сәйкес әзірленді және астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды жүргізу тәртібін айқындайды.

      2. Осы Қағидаларда мынадай негізгі ұғымдар пайдаланылады:

      1) астық қабылдау кәсіпорны – астық сақтау жүзеге асырылатын меншік құқығында астық қоймасы (элеватор, астық қабылдау пункті) бар заңды тұлға;

      2) астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқару (бұдан әрі – уақытша басқару) – астық қабылдау кәсіпорындарының астық қолхаттары бойынша міндеттемелерін қамтамасыз ету мақсатында оларға қатысты әкімшілік, заңдық, қаржылық, ұйымдық-техникалық және басқа да іс-шаралар мен рәсімдер кешенін мәжбүрлеп жүргізу;

      3) астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қоры – астық қабылдау кәсіпорындарының өздері берген (шығарған) астық қолхаттары бойынша міндеттемелерін орындамауынан астық қолхаттарын ұстаушылардың мүдделерін қорғауды қамтамасыз ету мақсатында құрылатын заңды тұлға;

      4) астық қолхаты – шығару кезінде айқындалған көлемде және сапада астық қабылдау кәсіпорнынан астық алуға оны ұстаушының құқықтарын куәландыратын, құжатсыз борыштық эмиссиялық емес бағалы қағаз түріндегі қоймалық куәлік;

      5) астық қолхатын ұстаушы – астық қолхаттарын ұстаушылардың мемлекеттік электрондық тізілімінде тіркелген, астық қолхаты бойынша құқықтарға ие тұлға;

      6) уақытша басқару жөніндегі комиссия – уәкілетті органның, облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органының, астық қабылдау кәсіпорнының, сол астық қабылдау кәсіпорны берген (шығарған) астық қолхаттарын ұстаушылардың, астық қабылдау кәсіпорны қатысуға шарт жасаған астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорының (қорларының) өкілдерін қамтитын алқалы орган;

      7) уәкілетті орган – құзыреті шегінде астық нарығына қатысушылардың қызметін үйлестіруді және реттеуді жүзеге асыратын орталық атқарушы орган.

      Ескерту. 2-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 06.04.2020 № 116 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      3. Уақытша басқару жөніндегі комиссия және уақытша әкімшілік уақытша басқаруды жүргізу кезеңінде астық қабылдау кәсіпорнында технологиялық операциялардың толық циклын өткізуді және астық қолхаттарын ұстаушылардың мүдделерін сақтауды қамтамасыз етеді.

      4. Уақытша басқаруды жүргізу кезінде облыстың, республикалық маңызы бар қаланың және астананың жергілікті атқарушы органы (бұдан әрі – жергілікті атқарушы орган) осы Қағидаларда белгіленген мерзімдерден аспайтын мүмкіндігінше қысқа мерзімде қажетті шараларды қабылдауды қамтамасыз етеді.

      Ескерту. 4-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 06.04.2020 № 116 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      5. Астық қабылдау кәсіпорындарына уақытша басқару мынадай фактілердің бірі анықталған кезде сот шешімімен енгізіледі:

      1) астық сақтау жөніндегі шартты міндеттемелердің үнемі тиісінше орындалмауы;

      2) астық қолхаттарымен қамтамасыз етілген астық мөлшерінің астық қабылдау кәсіпорнында сақтаулы астықтың нақты мөлшерінен асып кетуі.

2. Уақытша басқаруды жүргізу тәртібі

      Ескерту. 2-тарауға өзгеріс енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.06.2016 № 280 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      6. Жергілікті атқарушы орган уақытша басқаруды енгізу үшін негіз болып табылатын фактілер анықталған сәттен бастап 2 (екі) жұмыс күні ішінде:

      1) астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқаруды енгізу туралы сотқа арыз береді және берілген арыз туралы ақпаратты астық қолхаттарының тіркеуші ақпараттық жүйенің www.qoldau.kz веб-порталында (бұдан әрі – Портал) жариялайды;

      2) астық қабылдау кәсіпорнына, астық қабылдау кәсіпорны қатысу шартын жасасқан астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорына (қорларына) және сол астық қабылдау кәсіпорны берген (шығарған) астық қолхаттарын ұстаушылардың бәріне 3 (үш) жұмыс күні ішінде уақытша басқару жөніндегі комиссияның құрамына кандидатуралар беру туралы ұсыныс жолдайды.

      Ескерту. 6-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 06.04.2020 № 116 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      7. Осы Қағидалардың 6-тармағының 2) тармақшасында көрсетілген жеке және заңды тұлғалар кандидатура ұсынбаған не олар ұсынудан бас тартқан жағдайда жергілікті атқарушы органы уақытша басқару жөніндегі комиссияны дербес қалыптастырады.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 06.04.2020 № 116 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Уақытша басқару жөніндегі комиссия соттың уақытша басқаруды енгізу туралы шешімі қабылданған* күннен бастап екі жұмыс күнінен кеш емес мерзімде:

      1) уақытша басқару жөніндегі комиссия төрағасының кандидатурасын айқындайды;

      2) астық қабылдау кәсіпорнына қызмет етуші банктің мекенжайына астық қабылдау кәсіпорнының шоттары бойынша шығыс операцияларын тоқтату туралы жазбаша хабарлама жібереді.

      Ескерту. 8-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.06.2016 № 280 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      9. Жергілікті атқарушы орган соттың уақытша басқаруды енгізу туралы шешімі қабылданған күннен бастап 3 (үш) жұмыс күні ішінде Порталда, сондай-ақ астық қабылдау кәсіпорнының қаражаты есебінен республикалық, облыстық маңызы бар кемінде екі газетте мемлекеттік және орыс тілінде:

      1) уақытша басқаруды енгізу туралы;

      2) астық қолхаттарын ұстаушылардың жиналысында астық қолхаттарын ұстаушылардың қатысу құқығы туралы хабарламаны жариялайды.

      Ескерту. 9-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 06.04.2020 № 116 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      10. Уақытша басқару жөніндегі комиссия уақытша басқаруды енгізу туралы хабарлама Порталда жарияланған сәттен бастап үш жұмыс күні ішінде уақытша әкімшіліктің құрамына өкілдерді сайлау үшін астық қолхаттарын ұстаушылардың жиналысын өткізуді ұйымдастырады және уақытша әкімшіліктің құрамын бекітеді.

      Ескерту. 10-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.06.2016 № 280 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      11. Астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқару қолданылған кезеңде:

      1) астық қабылдау кәсіпорнын басқару жөніндегі барлық өкілеттік уақытша әкімшілікке көшеді;

      2) құрылтайшылардың (акционерлердің) астық қабылдау кәсіпорынын басқару жөніндегі құқықтары тоқтатыла тұрады;

      3) астық қабылдау кәсіпорнын басқару органдары мен оның басшы қызметкерлерінің өкілеттігі тоқтатыла тұрады;

      4) уақытша әкімшілікке айтпай және оның жазбаша келісімінсіз астық қабылдау кәсіпорнының атынан және соның есебінен жасалған барлық мәмілелер жарамсыз деп танылады.

      12. Уақытша әкiмшiлiк:

      1) Заңмен айқындалған құзыреті шегінде астық қабылдау кәсiпорны қызметiнiң барлық мәселелерi бойынша өз бетiмен шешiмдер қабылдайды;

      2) астық қолхаттарында көрсетiлген астық көлемiнiң жиырма пайызына дейiнгi мөлшерiнде солардан туындайтын барлық талаптардың қанағаттандырылуын уақытша басқару кезеңiне тоқтата тұрады;

      3) астық қабылдау кәсiпорнының ол берген (шығарған) астық қолхаттары бойынша мiндеттемелерiн қалпына келтiруге бағытталған шарттарды жасасады және құжаттарға қол қояды;

      4) астық қабылдау кәсiпорнының атынан және оның мүдделерi үшiн өкiлдiктi, оның iшiнде сотта да жүзеге асырады;

      5) астық қабылдау кәсiпорны астық қолхаттары бойынша міндеттемелерін орындауға кепiлдiк беру қорына қатысқан жағдайда, аталған қорға сол астық қабылдау кәсiпорны берген (шығарған) астық қолхаттарынан туындайтын мiндеттемелер бойынша берешектi бiрiншi кезектегi тәртiппен өтеу туралы талап қояды;

      6) астықтың сақталуына байланысты өндiрiстiк мәселелердi бағалау үшiн тәуелсiз сарапшыларды тартады;

      7) астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқару кезеңiне құзыретi шегiнде бұйрықтар шығарады.

      Ескерту. 12-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.06.2016 № 280 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      13. Мөрлер, мөртабандар, бланктер, құнды заттар, үй-жайлардың, сейфтердің кілттері, астық қабылдау кәсіпорнының құжаттамасы, құрылтай, құқық белгілеуші және тіркеу құжаттарының түпнұсқалары соттың уақытша басқаруды енгізу туралы шешімі қабылданған күннен бастап күнтізбелік үш күн ішінде уақытша әкімшілікке еркін нысандағы қабылдап алу-беру актісіне сәйкес беріледі.

      Ескерту. 13-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.06.2016 № 280 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      14. Балансқа енгізілген немесе енгізілмеген уақытша басқару режиміндегі астық қабылдау кәсіпорнының барлық мүлкі соттың уақытша басқаруды енгізу туралы шешімі қабылданған күннен бастап күнтізбелік үш күн өткен соң түгендеуге жатады. Балансқа енгізілмеген мүлік түгендеу ведомосінде көрсетіледі және кейін балансқа енгізілуге жатады.

      Ескерту. 14-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.06.2016 № 280 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      15. Уақытша басқару жөніндегі комиссияның құзыретіне:

      1) уақытша әкімшіліктің мүшелерін қызметке тағайындау (қызметтен босату);

      2) уақытша әкімшіліктің қызмет нәтижелері туралы есебін бекіту;

      3) уақытша әкімшіліктің қызметін бақылау кіреді.

3. Уақытша басқару жөніндегі комиссияның және уақытша
әкімшіліктің жұмыс тәртібі

      16. Уақытша басқару жөніндегі комиссия жалпы дауыс санының кемінде үштен екісіне ие өкілдер қатысқан кезде шешім қабылдайды.

      17. Уақытша басқару жөніндегі комиссияның отырысы қажет болғанда жүргізіледі.

      18. Уақытша әкімшілік қызметінің негізгі бағыттары туралы уақытша басқару жөніндегі комиссияның шешімдері көпшілік дауыспен қабылданады, хаттамамен ресімделеді, оған комиссияның төрағасы мен мүшелері қол қояды.

      19. Егер астық қабылдау кәсіпорны астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорының (қорлардың) қатысушысы болмаған жағдайда уақытша басқару жөніндегі комиссиядағы өкілдердің дауыстары шешім қабылдаған кезде Заңның 30-бабының 4-тармағына сәйкес бөлінеді.

      Астық қабылдау кәсіпорны астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындауға кепілдік беру қорына (қорларына) қатысқан жағдайда уақытша басқару жөніндегі комиссиядағы өкілдердің дауыстары шешім қабылдаған кезде Заңның 30-бабының 5-тармағына сәйкес бөлінеді.

4. Уақытша басқаруды тоқтату тәртібі

      20. Астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқару мынадай негіздер бойынша тоқтатылады:

      1) соттың шешімімен белгіленген уақытша басқару мерзімінің аяқталуы;

      2) уақытша басқаруды мерзімінен бұрын аяқтау туралы соттың шешім қабылдауы.

      Уақытша басқаруды мерзімінен бұрын аяқтау негіздерінің бірі мыналар:

      1) астық қабылдау кәсіпорнының берген (шығарған) астық қолхаттары бойынша өз міндеттемелерін орындау қабілеттілігін қалпына келтіру;

      2) уақытша басқару кезеңінде басқа астық қолхаттарын ұстаушылардың талаптарын тиісінше орындауға әсер ететін мән-жайлар болмаған кезде астық қолхаттарын ұстаушылардың барлық мәлімделген талаптарын толық көлемде қанағаттандыру болып табылады.

      Ескерту. 20-тармаққа өзгеріс енгізілді - ҚР Премьер-Министрінің орынбасары - ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 24.06.2016 № 280 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      21. Астық қабылдау кәсiпорнын уақытша басқаруды оның енгiзiлуiне әкеп соққан себептердiң жойылуына байланысты аяқтау (оның iшiнде мерзiмiнен бұрын тоқтату) сот шешімінің негізінде қабылданған осы астық қабылдау кәсiпорнына қатысты барлық шектеулердiң күшiнің жойылуына әкеп соғады.

      22. Егер астық қабылдау кәсіпорнын уақытша басқару астық қолхаттары бойынша міндеттемелерді орындау қабілетін қалпына келтіруге әкелмеген жағдайда, уақытша әкімшілік:

      1) астық қабылдау кәсіпорнын астық қолхаттарын шығара отырып, қойма қызметі бойынша қызметтер көрсету жөніндегі қызметті жүзеге асыру құқығына арналған лицензиядан айыру туралы жергілікті атқарушы органға ұсыныс енгізеді;

      2) уақытша басқару мерзімі аяқталғанға дейін астық қабылдау кәсіпорнын мәжбүрлеп тарату туралы сотқа талап қою арызын береді.

      Астық қабылдау кәсіпорнын мәжбүрлеп тарату туралы талап арызды қарау кезеңінде уақытша басқару тоқтатылған жағдайда талап қоюшының барлық құқықтары мен міндеттері уақытша әкімшілік функцияларын жүзеге асыратын адамдарға өтеді.

      Ескерту. 22-тармақ жаңа редакцияда – ҚР Ауыл шаруашылығы министрінің 06.04.2020 № 116 (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады