"Ғарыш объектілерін және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидаларын және ғарыш объектілері тіркелімінің нысанын бекіту туралы" Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму Министрінің 2015 жылғы 24 сәуірдегі № 484 бұйрығына толықтырулар енгізу туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрінің м.а. 2015 жылғы 26 маусымдағы № 723 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 14 тамызда № 11889 болып тіркелді

      РҚАО-ның ескертпесі!
      Осы бұйрықтың қолданысқа енгізілу тәртібін 4-тармақтан қараңыз

      «Ғарыш қызметі туралы» 2012 жылғы 6 қаңтардағы Қазақстан Республикасы Заңының 9-бабы 1-тармағының 11) және 14) тармақшаларына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:
      1. «Ғарыш объектілерін және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу қағидаларын және ғарыш объектілері тіркелімінің нысанын бекіту туралы» Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму Министрінің 2015 жылғы 24 сәуірдегі № 484 бұйрығына (Нормативтік құқықтық актілерінің мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 11382 болып тіркелген, 2015 жылғы 9 шілдеде «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде жарияланған) мынадай толықтырулар енгізілсін:
      көрсетілген бұйрықпен бекітілген Ғарыш объектілерін және оларға құқықтарды мемлекеттік тіркеу Қағидаларында:
      9-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
      «9. Мемлекеттік органдар және өзге де уәкілетті тұлғалар салатын құқық ауыртпалықтарын, осындай құқықтар ауыртпалықтары құқық иесінің өзінің ерік білдіруінсіз белгіленетін басқа да жағдайларда мемлекеттік тіркеу уәкілетті органға тиісті құжат түскен сәттен бастап дереу жүргізіледі.
      Құқықтар (құқық ауыртпалықтары) нотариалдық тәртіппен куәландырылатын мәміле негізінде туындаған жағдайларда тіркеу мәміленің кез келген тарапының (қатысушысының) өтініші бойынша, ғарыш объектісіне берілетін құқық ауыртпалықтарынан тұратын (салыстыру үшін түпнұсқа берілмеген жағдайда нотариалды куәландырылған) құжаттың көшірмесімен бірге жүзеге асырылады.
      «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 61-4-бабында көзделген операция жүргізілген кезде ғарыш объектісіне құқықтардың (құқықтар ауыртпалығының) өзгеруін мемлекеттік тіркеу үшін уәкілетті органға мынадай құжаттар ұсынылады:
      1) осы қағидалардың 2-1-қосымшасына сәйкес нысан бойынша өтініш;
      2) активтер мен міндеттемелерді бір мезгілде беру туралы шарттың нотариат куәландырған көшірмесі (тапсыру актісі немесе одан үзінді көшірме қоса беріле отырып);
      3) ғарыш объектісін және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу үшін бюджетке алым сомасы төленгенін растайтын құжат.»;
      12-тармақ жаңа редакцияда жазылсын:
      «12. Ғарыш объектісін және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеуден бас тартуға мыналар негіз болып табылады:
      1) өтініш берушінің мемлекеттік тіркеу үшін қажетті құжаттардың толық емес топтамасын ұсынуы;
      2) өтініш берушінің Қазақстан Республикасы заңнамасының талаптарына сәйкес келмейтін құжаттарды ұсынуы;
      3) ғарыш объектісіне билік етуді шектейтін немесе жоятын ғарыш объектісіне берілетін құқық ауыртпалығының болуы;
      4) ғарыш объектісіне билік ету құқығын шектейтін немесе жоятын заңды күшіне енген сот шешімі.
      «Қазақстан Республикасындағы банктер және банк қызметі туралы» Қазақстан Республикасы Заңының 61-4-бабында көзделген операция жүргізілген жағдайда ғарыш объектісін және оған құқықтарды мемлекеттік тіркеу кезінде осы тармақтың бірінші бөлігі 3) тармақшасының талаптары қолданылмайды.».
      осы бұйрықтың қосымшасына сәйкес 2-1-қосымшамен толықтырылсын.
      2. Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Аэроғарыш комитеті (Т.А. Мұсабаев):
      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттiк тiркелуін;
      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесін мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жіберуді;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналасуын;
      4) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттiк тiркелгеннен кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Инвестициялар және даму министрлігінің Заң департаментіне осы бұйрықтың 2-тармағының 1), 2) және 3) тармақшаларында көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтердің ұсынылуын қамтамасыз етсiн.
      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасының Инвестициялар және даму вице-министріне жүктелсiн.
      4. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік жиырма бір күн өткен соң қолданысқа енгізіледі және 2015 жылғы 31 желтоқсанға дейін қолданылады.

      Қазақстан Республикасы
      Инвестициялар және даму
      Министрінің міндетін атқарушы         А. Рау

      «КЕЛІСІЛДІ»
      Қазақстан Республикасының
      Ұлттық экономика министрі
      __________________ Е. Досаев
      2015 жылғы 16 шілде

Қазақстан Республикасы
Инвестициялар және даму
министрінің міндетін 
атқарушысының 2015 жылғы
26 маусымдағы № 723 
бұйрығына қосымша  

Ғарыш объектілерін және
оларға құқықтарды  
мемлекеттік тіркеу 
қағидаларына    
2-1-қосымша    

Нысан

Ғарыш объектісіне құқықтардың (құқықтар ауыртпалығының)
өзгеруін мемлекеттік тіркеу туралы
өтініш

_____________________________________________________________ тиесілі
(мүддесінде мемлекеттік тіркеу жүзеге асырылатын тұлға және оның
                        тіркелген жері)
____________________________________________________ ғарыш объектісін
(ғарыш объектісінің тағайындалуы мен оның жалпы мақсаты)
Ғарыш объектілерінің тіркеліміне және
___________________________________________________________ негізінде
      (құқық белгілейтін құжаттың атауы)
оған құқықты* тіркеуіңізді сұраймын.
Ғарыш объектісінің ұшырылатын (болжамды ұшырылатын) күні және жері:
_______________________________________________ «___» _______________
Орбитаның негізгі параметрлері: апогей, км _____ перигей, км ________
еңіс бұрышы, град._________________ айналу кезеңі, сек. _____________

      Қосымша мәліметтер:____________________________________________
_____________________________________________________________________

      Өтінішке келесі құжаттарды қоса беремін:
_____________________________________________________________________
____________________________________ _________ ______________________
      (өтініш беруші)                 (қолы) (Тегі, аты, әкесінің аты
                                                 (бар болса))

М.О.  
(бар болса)

20___ ж. «___» ___________

      Ескертпе: * Қазақстан Республикасының жеке және заңды тұлғаларына тиесілі ғарыш объектісіне қатысты толтырылады

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады