Ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде орман пайдаланушылар әзірлейтін өртке қарсы іс-шаралар жоспарларына қойылатын талаптарды бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігі Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті төрағасының м.а. 2015 жылғы 24 шілдедегі № 189 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 28 тамызда № 11981 болып тіркелді

      «Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінiң кейбiр мәселелерi туралы» Қазақстан Республикасы Үкіметінің 2005 жылғы 6 сәуірдегі 310 Қаулысы 17 тармағы 375) тармақшасына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:
      1. Қоса беріліп отырған Ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде орман пайдаланушылар әзірлейтін өртке қарсы іс-шаралар жоспарларына қойылатын талаптар бекітілсін.
      2. Орман және ерекше қорғалатын табиғи аумақтар басқармасы белгіленген тәртіппен осы бұйрықты Қазақстан Республикасының Әділет министрлігіне мемлекеттік тіркеуден өткізуге жіберсін.
      1) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның мерзімді баспа басылымдарында және «Әділет» ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялануға жіберілуін;
      2) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін;
      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында орналастырылуын қамтамасыз етсін.
      3. Осы бұйрық алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

      Орман шаруашылығы
      жануарлар дүниесі комитеті
      төрағасының міндетін атқарушы              Қ. Үстеміров

      «КЕЛІСІЛГЕН»
      Қазақстан Республикасы
      Ішкі істер министрлігі
      Төтенше жағдай комитеті
      төрағасының міндетін атқарушы
      _____________ С. Әубәкіров
      2015 жылғы «__» _________

Қазақстан Республикасы     
Ауыл шаруашылығы министрлігі 
Орман шаруашылығы және жануарлар
дүниесі комитеті төрағасының 
міндетін атқарушы      
2015 жылғы 24 шілдедегі   
№ 189 бұйрығымен бекітілген

Ұзақ мерзімді орман пайдалану кезінде орман пайдаланушылар
әзірлейтін өртке қарсы іс-шаралар жоспарларына қойылатын
талаптар

      1. Орман қоры учаскелері ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген орман пайдаланушылар жыл сайын өртке қарсы іс-шаралар жоспарларын (бұдан әрі - Жоспар) әзірлейді және оны іске асырады.
      Жоспар:
      1) өртке қарсы алдын алу іс-шараларын;
      2) орман өрттерін сөндіру іс-шараларын қамтиды.
      2. Өртке қарсы алдын алу іс-шараларында шекарасында орман пайдалануға берілген орман қоры учаскесі (учаскелері) орналасқан мемлекеттік орман иеленушінің орман орналастыру материалдарына және ормандарды өртке қарсы жайластыру жоспарларына негізделген жұмыстардың нақты көлемдері мен оларды өткізу орындары көзделеді. Жоспарланатын іс-шаралар іс-әрекеттің дәйектілігін, бұдан бұрын орындалған жұмыстардың жалғастырылуын көздейді және орман иеленушілер мен орман пайдаланушылардың орман қорының көршілес учаскелерде атқарып жатқан жұмыстарымен байланыстырылады.
      Өртке қарсы алдын алу іс-шараларына сондай-ақ бұрыннан бар өртке қарсы жыралар мен жолақтарға күтім жасау, өрт қадағалау мұнаралары мен өртке қарсы құрал-жабдықтар мен техниканы, жолдарды жөндеу, уақытша өрт күзетшілерін жалдау жөніндегі жұмыстар енгізіледі.
      Өртке қарсы алдын алу іс-шаралары бойынша барлық жұмыстар үшін күнтізбелік орындау мерзімдері және орындауға жауапты тұлғалар, сондай-ақ осы жұмыстардың көлемі көрсетіледі.
      3. Орман өрттерін сөндіру іс-шаралары өрттерді өз күштерімен де, бұл өрттерді қандай да бір себептермен өз күштерімен және құралдарымен құрықтау мүмкін емес жағдайларда өрттерді сөндіруді ұйымдастыру жөніндегі жұмыстарды көздейді. Соңғы жағдайда мемлекеттік орман иеленушімен келісе отырып орман өртін сөндіруге жіберілетін күштер мен техникалық құралдар, сондай-ақ орман қорының тиісті учаскесінде орналасқан аудандағы елді мекендерде орналасқан өзге де ұйымдардың күштері мен техникалық құралдары айқындалады. Орман өрттерін сөндіру іс-шаралары орман өрттерін сөндіру үшін ерікті қоғамдық құрамалар (командалар) құру, орман өрттерін сөндірумен айналысып жатқан адамдарды тамақтандыру мен медициналық көмекті, байланысты ұйымдастыру, сондай-ақ орман пайдаланушының есебінен өрт қауіпі бар маусымға жанар-жағар май материалдарының қорын жасау көзделеді.
      4. Орман қоры учаскелері ұзақ мерзімді орман пайдалануға берілген орман пайдаланушылардың жоспары ағымдағы жылдың 15 ақпанынан кешіктірілмей келісімдеу үшін мемлекеттік орман иеленушілерге беріледі. Орман кодексiнің 38-бабы 6) тармақшасына сәйкес орман пайдаланушының жоспары мемлекеттік орман иеленушімен келісіледі және оны орман пайдаланушының өзі бекітеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады