Ормандардағы санитариялық қағидаларды бекіту туралы

Жаңа

Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің 2015 жылғы 17 қарашадағы № 18-02/1003 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 11 желтоқсанда № 12394 болып тіркелді.

      Қазақстан Республикасының 2003 жылғы 8 шілдедегі Орман кодексінің 67-бабының 3-тармағына сәйкес, БҰЙЫРАМЫН:

      1. Қоса беріліп отырған Ормандардағы санитариялық қағидалар бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің Орман шаруашылығы және жануарлар дүниесі комитеті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелгеннен кейін күнтізбелік он күн ішінде оның көшірмесінің мерзімді баспа басылымдарына және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесіне ресми жариялауға жіберілуін;

      3) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрлігінің интернет-ресурсында және мемлекеттік органдардың интранет-порталында орналастырылуын қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау жетекшілік ететін Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық алғаш ресми жарияланған күннен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

А. Мамытбеков


  Қазақстан Республикасы
Ауыл шаруашылығы министрінің
2015 жылғы 17 қарашадағы
№ 18-02/1003 бұйрығымен
бекітілген

Ормандардағы санитариялық қағидалар
1. Жалпы ережелер

      1. Ормандардағы санитариялық қағидалар (бұдан әрі – Қағидалар)

      2003 жылғы 8 шілдедегі Қазақстан Республикасы Орман кодексінің

      67-бабының 3-тармағына сәйкес әзірленді және мемлекеттік орман қоры учаскелеріндегі орманды қорғау іс-шараларын жүзеге асыру тәртібін айқындайды.

      2. Зиянкестер мен аурулардан орман қорғау іс-шараларын қоса алғанда, орман пайдаланудың және ормандағы басқа да орман шаруашылығы жұмыстарының барлық түрлері ормандардың жай-күйіне теріс ықпал етпейтін тәсілдермен және әдістермен жүзеге асырылады.

      3. Осы Қағидаларға сәйкес шығу тегі табиғи және жасанды ормандар, тұқымбақтар, плантациялар және дайындалған ағаш материалдары, сондай-ақ орман қорының өзге де аумақтары зиянкестерден, аурулар мен табиғи және антропогендік сипаттағы өзге де зиянды ықпал етулерден қорғалуға жатады.

      4. Мемлекеттік орман қорын орман зиянкестері мен ауруларынан қорғау оның жай-күйін жүйелі түрде қадағалаумен, орман зиянкестері мен ауруларының ошақтарын дер кезінде анықтаумен, ошақтардың пайда болуының алдын алу, оларды тоқтату және жою жөніндегі шаралармен қамтамасыз етіледі.

      5. Мемлекеттік орман қорының аумағында ормандарды қорғауды жүзеге асыру:

      1) ағымдағы, экспедициялық, аэровизуальді және басқа да орман патологиялық зерттеп-қарауларды;

      2) орман зиянкестері мен ауруларының дамуына жалпы, барлаушылық және егжей-тегжейлі бақылауды;

      3) орман зиянкестерімен және ауруларымен күрес жөніндегі жердегі және авиациялық жұмыстарды жүзеге асыруды;

      4) орман зиянкестері және аурулары ошақтарының алдын алуды және жоюды қамтиды.

2. Орман қорғау іс-шараларын белгілеудің, жоспарлау және жүргізу

      6. Орман қорғау іс-шараларының мерзімдерін және түрлерін орман иеленушілер мен орман пайдаланушылар орман орналастыру, орман патологиясын зерттеп-қарау, орман экожүйелерінің мониторингі және олардың негізінде ұзақ мерзімді және қысқа мерзімді болжамдар жасау кезінде анықталатын ормандардың іс жүзіндегі санитариялық жай-күйінің негізінде, сондай-ақ мемлекеттік орман қорының санатын, ормандардың жасын және олардың қол жетімділігін, зиянкестер ошақтарының даму кезеңдерін, ағаш тұқымдарының биологиясын, зиянды жәндіктер мен аурулар қоздырушыларының биологиясын, экономикалық және экологиялық қажеттілігін ескере отырып белгілейді.

      7. Орман қорғау іс-шаралары бірінші кезекте өрт, желсұлатпа, қардан сыну, қуаңшылық, шамадан тыс құрғақтық, ылғалдың молдығы, өнеркәсіп қалдықтары немесе өзге де қолайсыз факторлар, сондай-ақ ағаш кесу, шайыр ағызу және өзге де орман пайдалану салдарынан бүлінген немесе әлсіреген екпелерде, екпелердің орнықтылығына қауіп төндіретіндей мөлшерде ағаштардың бүлінуіне және жойылуына, олардың мақсатты функцияларының бұзылуына әкеп соқтырған зиянды жәндіктер мен аурулар ошақтарында, сондай-ақ профилактикалық мақсаттарда белгіленеді.

      8. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтардағы орман қорғау іс-шаралары олардың күзет режимдерін ескере отырып жүргізіледі.

      9. Орман қорғау іс-шараларын орман иеленушілер мен орман пайдаланушылар жұмыс түрлері бойынша бөлек жүзеге асырады, бұл ретте санитариялық мақсатта іріктеп және жаппай кесу осы Қағидаларға 1-қосымшаға сәйкес орман мекемесінің басшысы бекітетін Орман қорғау іс-шараларын жүргізу жоспарына (түзету) сәйкес ресімделеді. Өтімді ағаштың, оның ішінде кәделік сүректің үлесі кеспеағаштарды материалдық-ақшалай бағалау негізінде белгіленеді.

      10. Орман қорғау іс-шараларын орман иеленушілер мен орман пайдаланушылар жыл сайын тағайындайды және қажеттілігіне қарай түзетіп отырады. Орман қорғау іс-шараларында өсімдіктер мен жануарлардың сирек кездесетін және жойылып бара жатқан түрлерін, бірегей табиғи қауымдастықтарды, самырсын және басқа да құнды ормандарды қорғау жөніндегі шаралар көзделеді.

      11. Орман қорғау іс-шараларының көлемін бөлу екпелердің бүліну мерзімдері мен ерекшеліктерін, ағаш тұқымдарының, зиянды жәндіктер мен ауру қоздырушылардың биологиясын ескере отырып жүргізіледі.

      12. Дүлей апаттардың әсеріне ұшыраған аудандарда (орманның өрттерден, өнеркәсіп қалдықтарынан, желсұлатпасынан, қардан сыну, куаңшылықтан, жәндіктерден, аурулардан бүлінуі) орман қорғау іс-шаралары жоспарларына бүлінген ағаштарды жинауға бағытталған қажетті өзгерістер енгізіледі.

3. Орман қорғау іс-шараларының түрлері мен міндеттері

      13. Екпелердің орнықтылығын сақтау мен арттыру, олардың өнімділігін ұлғайту, дің зиянкестерінің санын азайту, аурулардың жұқпалы әсерін азайту, сондай-ақ ормандарда өрт қауіпсіздігін арттыру мақсатында орман иеленушілер мен орман пайдаланушылар дер кезінде мынадай орман қорғау іс-шараларын жүргізеді:

      ағаш кесу кезіндегі орман қорғау іс-шаралары;

      сүректі қоймаларда, тиеу бекеттерінде сақтау және тасымалдау кезіндегі орман қорғау іс-шаралары;

      ағаштан шырын ағызу және шайыр ағызу, қайың және үйеңкі шырынын дайындау кезіндегі орман қорғау іс-шаралары;

      орманды сауықтыру, тарихи-мәдени мақсаттарда пайдалану кезіндегі орман қорғау іс-шаралары;

      дің зиянкестерінен химиялық қорғау;

      кеспеағаштарды тазарту және кеспеағаштан тыс қоқыстарды жинау;

      тосқауыл ағаштар мен тұтқыр үймелер орналастыру;

      қажетсіз тұқымдыларды, бұталарды және басқа өсімдіктерді кесіп тастау арнайы әдістерді қолдану;

      орман зиянкестері мен ауруларының ошақтарын есепке алу және олардың алдын алу мен жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлау;

      орман зиянкестері мен ауруларының пайда болуы туралы ақпараттандыру;

      орманның аса қауіпті зиянкестері мен ауруларына орман-патологиялық зерттеп-қарау ұйымдастыру;

      орман зиянкестері мен ауруларына қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар;

      сүректі орманда, қоймаларда, тиеу бекеттерінде сақтау тәсілдері.

4. Ағаш кесу кезіндегі орман қорғау іс-шаралары

      14. Басты мақсаттағы кесуді жүргізу кезінде бірінші кезекте кесу өрт бүлдірген, жел сұлатқан, қардан сынған, орман зиянкестері мен аурулары, басқа да қолайсыз факторлар әсерінен бүлінген екпелерде белгіленеді.

      15. Аралық мақсатта пайдалану үшін кесу және басқа да кесу кезінде бірінші кезекте кесуге діңі, тамыр табаны, ірі бұтақтардың төбесі және бүкіл желегі бүлінген және солып қалған, дің зиянкестері ұялаған немесе істен шыққан және аурулар бүлінген ағаштар жатқызылады.

      16. Күтіп-баптау мақсатындағы кесу кезінде бірінші кезекте дің зиянкестері ұялаған, аурулар бүлдірген, жел, қар бүлдірген, өсуі мешеуленген, өспей қалған, қурай бастаған, қурап тұрған, төбесі қураған, қисайған және механикалық жағынан бүлінген (осылған, қуарған-ойылған, төбелері сынған) ағаштар жатады.

      Шығыстың мамыр айындағы зауза қоңызы және түбір қандаласы сан жағынан көп болатын аудандарда құрылған қарағайдың ұйысқан өсімдіктерінде тазарту мен сирету ісін өсімдіктердің толымын 0,7 кемітпей, бұл орайда жапырақты тұқымдылардың қоспасын (құрамы бойынша 2-3 бірлік) және орман қолтығын сақтай отырып, қажетті жағдайда ағаш тасу соқпақтарын пайдалану негізінде селективтік және желілік-селективтік әдіс бойынша жүргізіледі.

      25 жыл болмаған қарағай өсімдіктерінің түбір қандаласы ошақтарында күтіп-баптау кесуін жүргізуге болмайды. Түбір қандаласы ошақтарына жақын орналасқан табиғи жағынан ұйысқан жас шыбықтарда күтіп-баптау кесуін жүргізу кезінде сүректердің толымы 0,8-ден кемімеуі керек.

      ІІІ-V бонитет сыныбындағы қарағай өсімдіктерін кесуді желілік тәсілмен жүргізгенде толымдылық 0,9, қатарлар аралығының ені 2 метрден кем болмауға тиіс және оларды шығыстың мамыр айындағы зауза қоңызы және қарағай түбірі қандаласы ұялаған жағдайда кесуге тыйым салынады.

      Толымы төмен қарағайдың жас қабықтарында тым әлсіреген және қурай бастаған ағаштар саны 30 %-дан артса, ал желектердің тұтасуы 0,4-тен аспаса немесе кез келген тұтасу жағдайында аталған санаттағы ағаштар саны 50 % және одан көп болса, екпелерді жаппай кесу немесе жағып жіберу арқылы қайта құру белгіленеді.

      Түбір губкасы мен саңырауқұлақ бүлдірген қылқан жапырақты күтіп-баптау мақсатындағы кесу күзгі-қысқы кезеңде (қарашадан сәуірге дейін) саңырауқұлақтың табиғи таралуы болмайтын шақта жүргізіледі.

      17. Өсетін жерінің жағдайларына, кесінді қалдықтарын сату мүмкіндігіне, ағаш дайындау мен орманды қалпына келтіру жұмыстарының технологиясына және басқа факторларға байланысты ағашы кесілген жерлерді тазартуға мынадай тәсілдер белгіленеді:

      кесінді қалдықтары жал етіліп үйіледі;

      үймеге, жалға жиналған қалдықтар кейін отын немесе ұқсату ретінде пайдаланылады;

      кесінді үйінділері мен жалы жиналған жерінде шірітуге қалдырылады;

      ағашы кесілген алаңда ұсақталған кесінді қалдықтары (ұзындығы 1 метрден аспайтын) жер үстіне шашып тасталады;

      үйіндіге, жалға жиналған кесінді қалдықтары кеспеағаш алаңында, алаңқайда, бос жерде, сол сияқты саңылаулы жерлерде өрт қаупі жоқ кезеңде жағып жіберіледі.

      Ағашы кесілген жерлерді тазарту тәсілі әрбір жекелеген жағдайда ағаш кесу билетінде көрсетіледі. ағаш кесу билетінің нысаны Қазақстан Республикасы Ауыл шаруашылығы министрінің "Ағаш кесу билеті мен орман билетінің нысандарын, оларды есепке алу, сақтау, толтыру және беру қағидаларын бекіту туралы" 2015 жылғы 26 қаңтардағы № 18-02/40 бұйрығымен бекітілген (Нормативтік құқықтық актілерді мемлекеттік тіркеу тізілімінде № 10676 тіркелді).

      Ағаш кесудің барлық тәсілдері кезінде ағаш дайындаушылар кеспе ағашта кесуге жатқызылмаған өскіндер мен басқа да ағаштарды бүлінуден сақтауды қамтамасыз ете отырып, ағаштарды шығару мерзімі аяқталғанға дейін жүргізеді.

      18. Қысқы кесуден кейін көктемде ағаш дайындаушылар ормандардағы өрт қауіпті маусым басталғанға дейін ағашы кесілген орындарды толық тазартуды жүргізеді. Табиғи түлеп өсуге арналған кеспеағаштарда кесінді қалдықтарының үйінділері мен жалдары болашақ өсімдіктер қатарларына жапсарлас орналастырылуы керек және трактордың шынжыр табаны арқылы тапталады.

      19. Құрғақ құмдақ топырақта өскен екпелерде, тастақты топырақтағы қарағай екпелерінде жапырақты орманда және басқа қатты жапырақты екпелерде, сол сияқты ауыр топырақтағы шырша орманында ағаштың өздігінен тұқым шашуын күн қызуынан, үсіктен қорғау үшін ағашы кесілген жерлерде кесінді қалдықтары ұзындығы 1 метрге дейін етіп, ұсақталып ағашы кесілген алаңға біркелкі етіп шашып тасталуға тиіс.

      20. Дымқыл және ылғал топырақты жерлердегі қылқан жапырақты және жалпақ жапырақты екпелерде ағашы кесілген жерде пайда болған өздігінен тұқым шашу түлетуге жатқызылады, ағашы кесілген жерлерді тазарту үлкен емес (биіктігі 0,5 метрге дейін) кесінді қалдықтарын тығыз үймелерге жинау жолымен, өскіндерден бос жерлерге (түбірлер мен шағын түлеген шыбықтар арасына) жүргізіледі.

      21. Құмдақ және жеңіл сазды топырақты алқаптағы қылқан жапырақты және жалпақ жапырақты екпелерде шаруашылық жағынан құнды тұқымдылардың түлеп өсуіне жәрдемдесу мақсатында топырақты жақсарту орынды болып табылады, ағашы кесілген жерлерді тазарту үймелер мен жалдарға жиналған кесінді қалдықтарын жағып жіберу тәсілімен жүргізіледі.

      22. Тау ормандарында ағашты біртіндеп және іріктеп кесуді жүргізу кезінде кеспеағашты тазарту кесінді қалдықтарын ұзындығын 1 метрге дейін ұсақтап біркелкі етіп жер үстіне шашып тастау керек. Ағашты жаппай кесу кезінде эрозиялық процестерді болдырмау үшін кесінді қалдықтарын ені бір метрлік жалға жинап, олар тау баурайына әрбір 8-10 метр сайын көлденең орналастырылады. Осындай мақсатта ағаш кесудің барлық түрінде кесінді қалдықтарының бір бөлігі трактор жүретін жолдарға (соқпақтарға) жал етіліп үйіледі.

      23. Дің зиянкестерінің, тамыр және ісік аурулары ошақтарында кесінді қалдықтары жағып жіберуге немесе жерге көмуге жатады.

      Өңдеуге немесе сатуға арналған кесінді қалдықтарын көктемгі–жазғы маусымда, осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген мерзімдерді ескере отырып олардың қашан дайындалғанына қарамастан, бір ай орман ішінде сақтауға рұқсат етіледі.

      24. Бұландарды және басқа жануарларды азықтандыру және оларды орман өсімдіктері мен құнды ағаш тұқымдыларының табиғи түлеуші өскіндерін жеп қоюдан сақтау үшін күзгі-қысқы кезеңде қарағай, көктерек және басқа азықтық тұқымдылардың қалдықтарын қалдыруға рұқсат етіледі және кейін өрт қаупі басталар кезеңге дейін олар міндетті түрде жинап алынып, кеспеағаштан тазартылады.

      25. Қылқан жапырақты тұқымдылардың түбірінде қарағайдың үлкен бізтұмсық қоңыздары және басқа зиянкестердің жаппай өсіп-көбеюі және олардың жас шыбықтарды бүлдіру қаупі туған жағдайда жас шыбықтарды, ал тек ерекше жағдайларда осы Қағидалардың 12-тарауында баяндалған ұсыныстарға сәйкес түбірлерді жәндіктер ұяламас бұрын химиялық өңдеу жүргізіледі. Емен ормандарында және терек екпелерінде қажетті жағдайда түбірлерді дің зиянкестерінен қорғау үшін химиялық әдіс қолданылады.

      26. Ағаш кесудің барлық түрінде сүректерді төменгі қоймаға тасып жеткізу оларды дайындаумен бір мезгілде жүзеге асырылады. Сүректерді тасып әкету қиындаған жағдайда сүректерде орман ішінде көктемгі-жазғы кезеңде сақтауға, орманда қабықтанбаған немесе басқа тәсілдермен қорғалмаған сүректерді қалдыруға тыйым салынған мерзімдерді көрсете отырып, әкімшілік-аумақтық бірліктерді аймақтар бойынша бөліп осы Қағидаларға 2-қосымшада және 12 және 13-тарауларда жазылған әдістерге сәйкес аудандардың климат жағдайларын ескере отырып белгіленген мерзімде сүректерді міндетті түрде дің зиянкестерінің ұялауынан және саңырауқұлақ ауруына шалдығудан қорғалған жағдайда рұқсат етіледі.

      27. Орманнан 2 километрге дейінгі арақашықтықта, орманда қабықтанбаған немесе басқа тәсілдермен қорғалмаған сүректерді қалдыруға тыйым салынған мерзімдерді көрсете отырып, әкімшілік-аумақтық бірліктерді аймақтар бойынша бөліп, осы Қағидаларға 2-қосымшада көрсетілген мерзім ішінде қылқан жапырақты тұқымдылардың қабығы аршылмаған немесе химиялық немесе басқа әдістермен өңделмеген, зиянды жәндіктердің ұялауынан және бүлінуінен қорғалмаған сүректерді қалдыруға болмайды.

      28. Көктемгі-жазғы кезде дайындалған қылқан жапырақты тұқымдылардың, еменнің, шағанның, қараағаштың сүрегін тасып әкету, қабықтау немесе қорғау осы шараларды жүргізу сәтінен 10 күннен кешіктірмей атқарылады.

      29. Қайыңның және қандағаштың жазғы кезеңде дайындалған сүрегін оны сақтаудың арнайы тәсілдері қолданылған жағдайда орман ішінде 2 айға дейін қалдыруға болады. Қыста дайындалған қандағаштың сүрегі сақтаудың сол тәсілдері қолданылған жағдайда 1 шілдеден кешіктірмей тасып әкетіледі.

      30. Орманда ағаш кесілген және сүректер сақталған жерлерде зиянды жәндіктердің және аурулар бүлдірген ағашты, қабықталмаған ағаш материалдарын, орман өсімдіктерін және табиғи түлеп өсуді дер кезінде анықтау және тиісті қорғаныш шараларын жүргізу мақсатында 1-3 жыл бойы орманды патологиялық қадағалау жүргізіледі.

      31. Орман құрайтын негізгі тұқымдардың зиянкестер жаңа ұялаған және ауру жұқтырған ағаштарын іріктеу осы Қағидаларға 3-қосымшаға сәйкес жүзеге асырылады.

5. Сүректі қоймаларда, тиеу бекеттерінде сақтау және тасымалдау кезіндегі орман қорғау іс-шаралары

      32. Көктемгі-жазғы кезеңде сүректерді жоғарғы және төменгі қоймаларда сақтаған жағдайда оларды зиянды жәндіктер мен саңырауқұлақтардың бүлдіруінен сақтау жөніндегі іс-шаралар жүргізіледі, осы мақсатта жұмыр ағаш материалы (сортты), ұзын және жас шыбықтар түріндегі сүрек осы Қағидалардың 12-тарауында көзделген дің зиянкестерінен химиялық қорғау жөніндегі нұсқаулыққа сәйкес қатқабаттай үйіліп, қабықталады немесе инсектицидтермен өңделеді немесе осы Қағидалардың 13-тарауында ұсынылған тәсілдермен сақтау қамтамасыз етіледі.

      33. Дайындалған сүректі дің зиянкестерінің ұялауына және саңырауқұлақпен бүлдіруіне қарсы шараларды дер кезінде қабылдау мақсатында ағаш дайындаушы сүректің қоймаларда және тиеу бекеттерінде сақталуын жүйелі түрде қадағалап отырады.

      Зиянды жәндіктер ұялаған дайындалған ағаш материалдары қабықталып, кейіннен қабығы отқа жағып жіберіледі немесе инсектицидтермен өңдеуге жатады.

      Шірік бүлдірген ағаш материалдары өңдеуге, отынға немесе өзге мақсаттарға бөлек сұрыпталады.

      34. Дің зиянкестері ұялаған ағаш материалдарын тасымалдауға оларды тек қана қабықтаған және инсектицидтермен өңдегеннен кейін ғана рұқсат етіледі. Ағаш материалдарын жәндіктер ұялаған кезде оған қарсы қабықтау мен химиялық өңдеудің тиімділігі шамалы, сондықтан сүректі шұғыл терең өңдеу ұсынылады.

      35. Сүрек тасып әкетілгеннен кейін қоймалар мен тиеу бекеттерінің аумағы ағаш кесу қалдықтарынан, қоқыстардан, жоңқалардан, шіріп жатқан сүректен тазартылады.

6. Ағаштан шырын ағызу және шайыр ағызу, қайың және үйеңкі шырынын дайындау кезіндегі орман қорғау іс-шаралары

      36. Шырын ағызуға арналған қарағайлар мен самырсындардың, ал шайыр ағызуға арналған қарағайлар екпелері олардың жай-күйін анықтау үшін алдын ала тексеріледі.

      Орманның қылқан жапырақты кемірушілерінің және дің зиянкестерінің ошақтарында оларды алдымен жоймайынша, сол сияқты өрттер немесе өзге де факторлар әлсіреткен екпелерде шырын ағызуға жол берілмейді.

      37. Әлсіреген ағаштардан, жуандығы 16-18 сантиметрден кем, дің шеңберінің 50 % астамын сұр көбелек бүлдірген ағаштардан шырын ағызуға рұқсат етілмейді.

      38. Шырын және шайыр ағызуға бөлінген екпелерде осы жұмыстар басталғанға дейін дің зиянкестері ұялаған, аурудың әсерінен қураған және құрғақ ағаштар кесіп тасталады, кесінді қалдықтары жиналады. Зиянкестер жаңа ұялаған ағаштарды іріктеп алу дің зиянкестерінің дамуы ескеріле отырып жүргізіледі. Қажет болған жағдайда бұл жұмыс кейін де атқарылады.

      Шырын ағызылған екпелерге тұрақты түрде орман патологиялық зерттеп-қарау жүргізіледі.

      39. Қайың мен үйеңкі шырынын дайындауда ағаштардың тұрақтылыған және сүректердің техникалық сапаларын сақтауды қамтамасыз ететін тәсілдерге жол беріледі. Ағаш діңіндегі бұрғыланған каналдар шырын ағызу маусымы аяқталған соң міндетті түрде ағаш тығынмен жабылады немесе бау желімімен немесе әк араластырылған балшықпен сыланады.

7. Орманды сауықтыру, тарихи-мәдени мақсаттарда пайдалану кезіндегі орман қорғау іс-шаралары

      40. Сауықтыру, тарихи-мәдени мақсаттарда пайдаланылатын ормандардың төзімділігі мен сапалық жай-күйiн сақтау және арттыру мақсатында олардың орман-патологиялық жай-күйiн тексеру жүзеге асырылады, аумақтарды ұйымдастыру жолымен орманға рекреациялық жүктелім реттеледi, сондай-ақ ормандардың құрылымы мен пайдаланылу ерекшелiктерiн ескере отырып, санитариялық-сауықтыру және өзге де iс-шаралар орындалады.

      41. Аумақтарды жоспарлаумен байланысты ағаш кесу, ландшафттық кесу, қайта құру үшін кесу және күтіп-баптау мақсатындағы кесулер кезінде кеміс және қурап тұрған ағаштарды, тұрақтылығы мен сәнділігі төмен ағаштарды іріктеп кесу жүзеге асырылады, бұл ретте сәнділік қасиеттері сирек кездесетін ағаштар, тіпті егер олардың өміршеңдік қасиетін елеулі түрде бұзбайтын патологиялық белгілері болса да кеспей қалдырылады.

      42. Ағаштарды механикалық және өзге де бүлінуден барынша сақтау мақсаттарында, ағаштардың діңдік зиянкестерінің көктем кезіндегі топтарының ұялай бастағандарын іріктеп алуды қоспағанда, ағаш кесудің барлық түрлері қыс кезеңінде жүзеге асырылады. Ағаштар ұшымен жол-сүрлеу жүйесіне, алаңқайларға, бос жерлерге және басқа бос жерлерге құлатылады. Бұтақтарды отау мен шыбықтарды бұтау ағаш кесілген жерде жүргізіледі, сүректі сүйреу мен тасып әкету негізінен сорт-сортымен жол-соқпақ желісі және ағаш пен бұта өсімдіктерінен бос жерлер бойынша жүзеге асырылады.

      43. Парктерде, мемориалдық екпелерде, ормандардың ерекше құнды учаскелерінде осы Қағидалардың орман қорғау іс-шараларын орындаумен қатар ағаштарды жеке-дара қорғау: жарақаттарын емдеу, қураған және бүлінген бұтақтарды кесу, саңырауқұлақ өскен тұстарын шауып тастау, қуыстарды бекіту жүргізіледі.

      44. Ормандарды қурап қалуға немесе ауруға ұшырататын не оларды ластайтын сарқынды сулармен, химиялық заттармен, өнеркәсіптік және тұрмыстық қалдықтармен және төгінділермен бүлдіруге тыйым салынады.

      Елді мекендерден тасып әкелінетін қоқысты отқа жағып жіберу арнайы бөлінген учаскелерде ғана жүргізіледі.

8. Дің зиянкестерінен химиялық қорғау

      45. Дің зиянкестерінің бүлдіруінен қорғау мақсатында, егер өзге шаралар мен құралдар мүмкін болмаса немесе тиімсіз болса, қабықталмаған ағаш материалдары мен шыбықтар орманда қоймалар мен тиеу бекеттерінде сақталған кезде оларды жылдың жылы кезеңінде химиялық жолмен бүрку әдісі қолданылады.

      46. Бүрку тәсілімен химиялық қорғауға қылқан және жапырақты тұқымдылардың қабықталмаған бөрене материалдары мен қарағай, шырша, майқарағай, самырсын, балқарағай, емен, қарағаш, шаған және басқа орман құраушы қасиеті жағынан жәндіктердің бүлдіруіне төзбейтін құнды ағаштар тұқымдықтарының жас шыбықтары жатады, өйткені бұл ағаштарды құрттың жеуіне жол берілмейді немесе оған шектеу қойылады.

      47. Бүрку тәсілімен химиялық қорғау ісі жағадағыдан басқа, барлық үлгідегі қоймаларда, барлық климаттық аймақтарда қолданылады.

      48. Ауыз су, балық шаруашылығы және ауыл шаруашылығы үшін маңызы бар су көздеріне жақын жердегі сүректі химиялық қорғау тасқын сулар барынша көп жиналатын жерлер шекарасынан кемінде 500 метр, бірақ қазіргі жағасынан 2 шақырымнан жақын болмайтындай қашықтықта жүргізіледі.

      49. Күз-қыс кезеңінде дайындалған бөрене материалдары мен жас шыбықтарды химиялық қорғау ісі жылы кезең басталар алдындағы он күнтізбелік күн мерзімде, жылылық Цельсий бойынша + 5 градус болатын тәуліктік орташа температура тұрақтылығы жағдайында жүргізіледі, өйткені фенологиялық топтағы дің зиянкестері осы кезде ұша бастайды.

      Бағдар алу үшін мына жайға назар аудару керек: көптеген аудандарда күзде-қыста дайындалған қарағай сүректерін сәуірдің бірінші жартысынан кешіктірмей бүркуі қажет, ал тек көктем ұзаққа созылғанда солтүстік аудандарда – сәуірдің соңғы онкүндігінде жүргізіледі;

      шырша сүрегін – тиісінше екі апта кейінірек, яғни сәуірдің екінші – мамырдың бірінші жартысында;

      самырсын сүрегін – негізгі зиянкестер ұшар алдында, яғни 15-25 мамырдан кешіктірмей;

      балқарағай сүрегін – мамырдың бірінші жартысында;

      еменнің сүрегін – мамырдың бірінші жартысында, ал еменнің қызыл мұртты қоңызы болған жағдайда – 15-20 сәуірден кешіктірмей;

      қарағаш тұқымдары сүрегін сәуірдің соңынан қалдырмай, ал шелқабық жегіш көп болған кезде – 10-15 сәуірден кешіктірмей;

      шаған сүрегін – 15-20 сәуірден кешіктірмей бүркіп өңдеу керек.

      Аймақтың ауа райы мен климат жағдайларына қарай сүректерді химиялық қорғаудың басталу мерзімдері өзгеріп тұрады, ол жергілікті жерлерде белгіленеді, орман қорғау іс-шараларын жедел жүргізудің көрсеткіші-дің зиянкестерінің, қоңыр ұнтақтың немесе ағаш материалдарының қабығы үстінен олардың тіршілігінің басқа іздерінің байқалуы болып табылады, олар ең алдымен қатқабаттап жиналған ағаштың күн қызуы жақсы қыздыратын тұстарында байқалады.

      50. Көктемгі-жазғы кезеңде дайындалған бөрене материалдары мен жас шыбықтарды, орманда қабықтанбаған немесе басқа тәсілдермен қорғалмаған сүректерді қалдыруға тыйым салынған мерзімдерді көрсете отырып, әкімшілік-аумақтық бірліктерді аймақтар бойынша бөліп осы Қағидаларға 2-қосымшаға сәйкес оларды қабықталмаған және қорғалмаған күйінде қандай да бір тәсілмен орманда сақтауға тыйым салынған жағдайда, жоғары қоймаларда және тиеу бекеттерінде олар 2 тәуліктен кешіктірмей өңделеді, ал төменгі қоймаларда – осы Қағидалардың 64-тармағында көзделген жағдайдан басқа кезде олар дайындалып, іле қатқабаттап үйілген кезде 3 тәулік ішінде өңделеді.

      51. Сүректерді химиялық қорғау үшін бүрку тәсілімен орман және ауыл шаруашылықтарында қолдануға рұқсат етілген инсектицидтерді қолданады. Инсектицидтердің жұмыс сұйықтықтарының концентрациясын, оларды жұмсауды және қорғаныштық өңдеу технологиясын анықтау кезінде нұсқаулық материалдар басшылыққа алынады.

      52. Тамақ ыдыстарын, биохимиялық және гидролиздік өнімді жасап шығаруға арналған жұмыр ағаш материалдарына химиялық қорғау жүргізілмейді. Мұндай жағдайда осы Қағидалардың 13-тарауында көзделген сүректерді қорғау шаралары жүргізіледі.

      53. Халыққа сатуға арналған отындық сүректі қорғау қажет болған жағдайда адамдарға және жылы қанды жануарларға уландыру әсері аз инсектицидтер пайдаланылады. Отындық ағаш (шөркелер) қатқабаттарға тығыздала үйілгеннен кейін бүркіледі.

      54. Жұмыр материалдарға ұялаған зиянкестерді химиялық тәсілмен құрту үшін өңдеу жәндіктерді жою мақсатымен ағаштарды қабықтау орнына бүрку тәсілімен жүргізіледі.

      Зиянкестер ағаштарды ұялай бастаған кезде олар ұялаған ағаштарды санитариялық кесу кезінде дайындалған бөрене материалдары, сондай-ақ дің зиянкестерінен қорғау дер кезінде жүргізілмеген ағаш материалдары орман және ауыл шаруашылығында қолдануға рұқсат етілген инсектицидтермен бүркіп өңделеді. Зиянкестер ұялаған сүрек мұқият сұрыпталады және ол зиянкестер ұялаған ағаштардан бөлек өңделеді.

      55. Зиянкестер ұялаған сүректі химиялық өңдеу зиянды жәндіктердің жас ұрпағы ағаштың қабығы астынан ұшып кетер алдында жүргізіледі. Өңдеу мерзімі олардың өсіп-жетілуін жүйелі түрде байқау жолымен белгіленеді. Қабық құрты ұялаған ағаш материалдары қоңыздардың жаппай қуыршақтану және алғашқы әлсіз бояулы қоңыздардың байқала бастаған кезінде өңделуге тиіс, мұртты және зерқоңыздар ұялаған жағдайда – ағаштарды өңдеу қоңыздардың жас ұрпағының ұшуы басталар алдында, олардың негізгі тобы қауырт бояулана бастаған, бірақ ұшуы әлі бастала қоймаған кезде жүргізіледі.

      56. Зиянкестер ұялаған сүректі өңдеу кезінде де осы Қағидалардың 55-тармағында ұсынылған ағаш материалдарын қорғаныштық өңдеуге арналған препараттар қолданылады.

      57. "Қурап тұрған" санатына жататын ағаштардан дайындалған, қауіпті дің зиянкестері толық әлсіреткен ағаш материалдары химиялық өңдеуге жатқызылмайды.

      58. Тосқауыл ағаштарды химиялық бүрку, оның ішінде ферромондар араластырып бүрку ұялаған жәндіктерді жою үшін ұсынылады. Қолданылатын инсектицидтер және олардың қоспалары жәндіктердің жекелеген топтарының төзімділігін ескере отырып, осы Қағидалардың 55-тармағында ұсынылатын ағаш материалдарын қорғаныштық өңдеу кезіндегідей болады.

      59. Тамыр тұрпаты бойынша әлсіреген, ерекше құнды ағаштарды химиялық қорғау діңнің биіктігі 3-4 метр бөлігіне бүрку жолымен жүргізіледі; ағаштың ұшы тұрпатында ағаштардың ұшарбасы өңделеді. Қорғаныштық өңдеу мерзімі – көктем, зиянды жәндіктердің ұшуына дейін. Әлсіреген ағаштарды қорғау үшін осы Қағидалардың 55-тармағында ұсынылған препараттар пайдаланылады.

      60. Теректерді мөлдір қанатты көбелектен, мұртты қоңыздан, жасырын тұмсық құрттан химиялық қорғау ағаштар мен түбірлерді өсімдіктердің ішіне әсер ететін препарат-фосфамид, рогор, Би-58 немесе әрекет етуші заты 0,5-1 пайыз антио әдісімен құрттардың туған шағында және олар сүректің қабығының үстіңгі бетімен қоректенетін кезінде жүргізіледі.

      Мұртты қоңыз бүлдірген талды қорғау да осындай әдіспен жүзеге асырылады.

      61. Сүрек сорғыш және ағаш тескіш құрттармен күресте инсектицид жүйесіне енетін (антио, Би-58), әрекет етуші затының шоғырлануы 0,3-0,5% ерітіндімен бүрку ұсынылады. Бүркудің оңтайлы мерзімі – шілде-тамыз.

      62. Су арқылы ағызылатын сүректі химиялық өңдеуге тыйым салынады.

9. Кеспеағаштарды тазарту және кеспеағаштан тыс қоқыстарды жинау

      63. Кеспеағаштарды тазарту мемлекеттік орман қоры учаскелерінде ағаш кесу тәртібіне сәйкес жүргізіледі.

      64. Қоқыстарды жинау жел сұлатқан, дауыл құлатқан, қар сындырған өтімді сүрек болған жағдайда белгіленеді.

      Эстетикалық және өртке қарсы мақсаттарда санитариялық-гигиеналық және сауықтыру функцияларын орындайтын ормандарда, сондай-ақ ерекше қорғалатын табиғи аумақтардың ормандарында (бұған рұқсат етілген жерлерде) өтімсіз сүректі де жинау жүргізіледі.

      Бірінші кезекте дің зиянкестері ошақтарының пайда болу қаупі бар жас шырпылар учаскелері жиналады. Жинау мерзімдері зиянкестердің негізгі түрлерінің биологиясымен байланыстырылады.

10. Тосқауыл ағаштар мен тұтқыр үймелер орналастыру

      65. Тосқауыл ағаштар мен тұтқыр үймелер орналастыру – әлсіреген, бірақ әлі өсімтал ағаштардан дің зиянкестерінің назарын бұру үшін жүргізілетін орман қорғау іс-шарасы.

      Тосқауыл ағаштар немесе тұтқыр үймелер орналастыру зиянкестер ұялай бастаған қураған ағаштары кесіп тасталған, бірақ дің зиянкестерінің көп мөлшері сақталып отырған санитариялық жағынан қанағаттанарлық жай-күйге келтірілген айтарлықтай орнықты екпелерде жүргізіледі.

      Тосқауыл ағаштар немесе тұтқыр үймелер орналастыру зиянкестер ұялай бастаған ағаштарды іріктеп алумен және санитариялық мақсатта іріктеп кесуді жүргізумен ұштастырылуы мүмкін. Санитариялық мақсатта жаппай кесу жүргізілетін зиянкестер жаппай көбейетін кезеңде тосқауыл кеспеағаштар жасалады – жәндіктердің назарын қоршаған ағаштардан басқа жаққа аудару мақсатында жаз кезіне қабығы аршылмаған ағаштарды жаппай қалдыру.

      66. Тосқауыл ағаштар ретінде жел сұлатқан, дауыл құлатқан, қар омырған зиянкестер ұяламаған қураған ағаштар діңінің учаскелері, сондай-ақ ауру, кеміс және әлсіреген ағаштар пайдаланылады. Тосқауыл материал ретінде ағаштардың ұшарбасы және басқа кеспе қалдықтары, сондай-ақ аталған ағаш тұқымының бұтақтарынан тұратын тосқауыл үйме пайдаланылады. Тосқауыл үймелер әдетте шөлейт аймақтағы тоғай екпелерінде және Шренк шыршасының, аршаның таудағы екпелерінде пайдаланылады.

      Зиянкестер ұялай бастаған және бүлінген ағаштар – бұл шығу тегі әртүрлі бүлінген және діңінде ақауы бар, құны айтарлықтай төмендеп кеткен (сынған, қисық, зиянкестермен және аурулармен бүлінген) ағаштар.

      Сау ағаштардан тұтқыр үймелер жасауға жол берілмейді.

      67. Зиянкестер ұялай бастаған ағаштарды орналастыру кезінде ұрғашы құрттар жұмыртқаның негізгі бөлігін салып қойған, ал алғашқы құрттар қуыршақ жасауға кірісетін кезеңде - діңдерді дер кезінде қабығынан аршу не тұтқыр үйме мен сүректі кәдеге жарату немесе химиялық әдіспен өңдеу қажет. Тосқауыл ағаштар аршылғаннан кейін қабығы мен бұтағы өртеледі не жерге көміп тасталады.

      Тұтқыр үймелерді немесе тосқауыл ағаштарды орналастыру орман күтушілердің, орман патолог-инженері немесе орманды қорғау және күзету инженері мамандарының тікелей басшылығымен жүргізіледі.

      68. Дің зиянкестерінің саны екпелерді орман патологиясы тұрғысынан тексеру нәтижелері бойынша белгіленеді және олардың санына қарай осы Қағидаларға 4-қосымшадағы екпелердегі дің зиянкестерінің санына байланысты орналастыруға жататын тосқауыл ағаштардың санын анықтауға арналған кестеге сәйкес орналастырылуға тиіс ағаштар саны анықталады.

      Зиянкестер саны осы Қағидаларға 4-қосымшада екпелердегі дің зиянкестерінің санына байланысты орналастыруға жататын тосқауыл ағаштардың санын анықтауға арналған кестеде көрсетілген мөлшерден төмен болған жағдайда тұтқыр ағаштар орналастырылмайды.

      69. Ерекше қорғалатын орман аумақтарының ормандарында (мемлекеттік табиғи қорықтар, мемлекеттік ұлттық табиғи парктер және мемлекеттік табиғи парктер, мемлекеттік табиғи резерваттар, аса құнды орман алқаптары, ғылыми маңызы бар ормандар, мемлекеттік табиғи орман ескерткіштері, жаңғақ кәсіпшілігі аймақтарының ормандары және орман жемістері екпелері, биік таудағы ормандар), санитариялық-гигиеналық және сауықтыру функцияларын орындайтын ормандарда (қалалық ормандар мен орман парктері, елді мекендер мен емдеу-сауықтыру мекемелерінің жасыл аймақтары) өзендер, көлдер, су қоймалары, каналдар және басқа да су объектілері жағалауларындағы тыйым салынған орман жолақтарында олардың санитариялық жай-күйі жақсы болған жағдайда қабықжегілердің жаппай ұшуынан бірнеше апта бұрын олар ұя салуы мүмкін жерлерге ферромонды диспенсерлер орнату арқылы олардың тартымдылығын күшейте отырып, тосқауыл ағаштар орналастырылады.

      70. Тосқауыл ағаштар жапырақтарын отамай ұшарбасымен бірге төселеді немесе түйдек күйінде орналастырылады. Төсеніштік тосқауылды дің зиянкестері ошағына жақын жерге топ-тобымен орналастырған дұрыс болады.

      Қатынауға оңай жерлерде зиянкестердің өсіп-өнуін жүйелі түрде байқап отыру және тосқауыл ағаштарды қабығынан дер кезінде аршу үшін бақылау мақсатында тосқауыл ағаштар орналастырған жөн.

      71. Тұтқыр үймелер мен тосқауыл ағаштар орналастыруды зиянкестердің биологиясын және қолданыстағы ұсыныстарды басшылыққа ала отырып, белгілі бір мерзімде жүргізу қажет.

      Күнтізбелік мерзімдер жылдың ауа райы жағдайларына, зиянкестер мен ауру қоздырушылардың осы жер үшін биологиясының ерекшеліктеріне байланысты өзгеріп отырады. Бірқатар жағдайларда тосқауыл ағаштар мен тұтқыр үймелер орналастыру мерзімдері және оны жүргізу техникасы ерекшелік сипатта болуы немесе қосымша шаралармен қатар жүргізілуі мүмкін.

      72. Неғұрлым қауіпті зиянкестер немесе екпелерге ықтимал қатер төндіретін зиянкестер (жұқпалы ауруды таратушылар) үшін тосқауыл ағаштар мен тұтқыр үймелер қоюдың нақты мерзімдері, сондай-ақ іс-шаралар жүргізудің техникасы мен шарттары белгіленеді.

      Қарағай екпелерінде алтытісті қабықжегілерге қарсы тосқауыл ағаштар орналастыру зиянкестердің көктемгі кіші топтары үшін ақпан-наурызда, жазғы кіші топтары үшін - маусымда жүргізіледі, тосқауыл ағаштар жарық түсетін жерлерге бұтақтарымен орналастырылады.

      Қарағайдың үлкен шелқабық жегішіне қарсы тосқауыл ағаштар ақпан-наурызда орналастырылады.

      Қарағайдың кіші шелқабық жегішіне қарсы тосқауыл ағаштар сүрекдің қолтығы астына қыста бұтақтарымен орналастырылады, мойны мен діңін астына төсейді. Ағаштардың бес пайызына дейін бүлінген сүрекдіңдерге тосқауыл ағаштар қойған жөн болады.

      Ағаштың ұшарбасының қабық жегісіне қарсы тосқауыл ағаштар мен тұтқыр бұтақты үймелер ерте көктемде жарық мол жерлерге қойылады. Кеспеағаштарда алдауыш жем ретінде кесінді қалдықтарын, кемісті ағаш өнімін қалдырған жөн.

      Қарағайдың көк зерқоңызына қарсы жас және орташа жастағы қарағайлардан тосқауыл ағаштар қойылады және ағаштың қабығын аршу құрт жұмыртқалары сүрекке еніп кетпес бұрын жүргізіледі.

      Қарағайдың үлкен бізтұмсық қоңызына қарсы алдауыш жем ретінде орман дақылдарында тосқауыл түрінде түбірлер қалдыру керек.

      Самырсын екпелерінде самырсынның және шыршаның үлкен мұртты қоңызына қарсы қатты бүлінген сүрекдіңдерде тосқауыл ағаштар жаз ортасында (мерзім орман патологиясына зерттеп-қараулар жүргізілгеннен кейін жергілікті жерде белгіленеді) қойылады. Кесілген ағаштарға зиянкестер екі аптадан кейін жіберіледі. Оларды төсеніш астына не түбірге ашық жерлерге салу керек. Тосқауыл ретінде кесілгеннен кейін қалған ағаштардың ұшарбастары пайдаланылады. Тосқауыл ағаштардың қабығын зиянкестер сүрек бойына орналасып алғанға дейін аршу керек (Шығыс Қазақстан облысының Кенді Алтай ормандарындағы самырсын екпелері үшін межелі мерзім шілденің аяғы).

      Өртке күйген қабық жегілерге қарсы тосқауыл ағаштар ақпан-наурызда қойылады.

      Балқарағай екпелерінде шұбатылма қабық жегіге қарсы тосқауыл ағаштар қою сәуір-мамыр айларында жүргізіледі.

      Самырсынның үлкен мұртты қоңызына қарсы тосқауыл ағаштар қою самырсын екпелеріне қойылатын мерзімде орындалады.

      Шренк шыршасының екпелерінде шырша граверінің қабық жегісіне қарсы және зиянкестер ұяламаған кесінді қалдықтарынан тосқауыл ағаштар мен тұтқыр үймелер қою қабық жегілер ошақтарын анықтау кезінде санитариялық мақсатта іріктеп кесумен бір мезгілде жүргізіледі. Тосқауыл ағаштарды орналастыру міндетті түрде желегімен қыста немесе ерте көктемде, бірақ негізгі зиянкестердің ұшуы басталардан екі апта кешіктірмей жүргізіледі (наурыздың аяғы - сәуірдің басы, қайталануы - маусымда, биік тауларда мамыр-маусымда).

      Тосқауыл ағаштардың немесе тосқауыл үймелердің қажетті саны екпелерді зерттеп-қарау нәтижесінде анықталады.

      Ауыспалы ошақтарда тосқауыл ағаштарды екі-үш ағаштан тұратын топтармен, ал тұрақты ошақтарда 100-200 метр қашықтықта бір-бірден орналастырады.

      Арша екпелерінде аршаның шелқабық жегішіне қарсы тосқауыл ағаштар наурыз аяғынан бастап екі мәрте қойылады. Тосқауыл үймені солтүстік экспозицияның беткейіне орналастырған жөн.

      Аршаның мұртты қоңызына қарсы тосқауыл ағаштар наурыздың аяқ кезінен бастап қойылады, көктем ұзаққа созылған жағдайда ағаштар орналастыру әрбір нақты жағдайда ауа райы жағдайларына байланысты белгіленетін уақыт аралығымен екі рет жүргізіледі.

      Аршаның зерқоңызына қарсы тосқауыл үйме мамыр-маусымда қойылады. Күн нұры жақсы қыздыратын жерлерде жарты метр мөлшерде ұсақталып кесілген ағаштар тастау өте тиімді.

      Қарағаш екпелерінде тосқауыл ағаштар орналастыру қабықжегінің түрлеріне байланысты: сәуірдің басында (шелқабық жегіш болған жағдайда), мамырдың ортасында, маусымның аяғында, тамыздың ортасында жүргізіледі, тінжегі мен өзге де зиянкестер болған жағдайда тосқауыл ағаштар мамыр-маусымда қойылады.

      Емен екпелерінде зерқоңызға, емен тінжегісіне және басқа да зиянкестерге қарсы тосқауыл ағаштар мамыр-маусымда орналастырылады.

      Көктерек пен терек екпелерінде зерқоңызға және зиянкестердің кейбір түрлеріне қарсы тосқауыл ағаштар биологиясына байланысты мамыр-шілдеде қойылады.

      Шөлейт аймақтағы тоғайлы ормандар жағдайында тосқауыл ағаштардан бөлек химикаттармен өңделетін тосқауыл үймелер түрінде кесінді қалдықтарын да орналастырған жөн.

11. Қажетсіз тұқымдыларды, бұталарды және басқа өсімдіктерді кесіп тастау

      73. Осы іс-шара бұталардың жекелеген түрлері мәдени ауыл шаруашылығы өсімдіктері мен құнды ағаш тұқымдылары үшін қауіпті организмдерді таратушы болып табылатын сүрекдіңдерде жүргізіледі.

      74. Орман қойнауына дейін екі жүз метр қашықтықтағы далалық жерлерге жапсарлас орман екпелерінде ауыл шаруашылығы мәдени дәнді дақылдарын бүлдіретін тотты шіріткіштің аралық иелері болып табылатын зерек пен іш жүргізетін қаражеміс өспегені жөн болып табылады.

      75. Жекелеген жағдайларда, сондай-ақ аралық иелер ретінде құнды тұқымдылар үшін қауіпті организмдердің өсіп-өнуіне ықпал ететін кейбір басқа да ағаш тұқымдылары кесіп тасталады. Шыршаның тұқымдық екпелерінде індет ауруы - шырша бүрінің тотын таратушы болып табылатын мойыл міндетті түрде жойылуға тиіс.

      Шөлейт аймақтағы сексеуіл дақылдарында арамшөптердің, ең алдымен сексеуілдің кейбір зиянкестері көбеюі мүмкін алабота тұқымдастары өкілдерінің өсіп-өнуіне жол берілмейді.

12. Арнайы әдістерді қолдану

      76. Жоғарыда көрсетілген орман қорғау іс-шараларымен, сондай-ақ санитариялық мақсатта іріктеп және жаппай кесумен ұштастыра отырып немесе оларға қарамастан, орман қорғау жөніндегі мамандардың ұсынымдары бойынша және олардың бақылауымен осы тарауда баяндалған ережеге сәйкес орман мен орман материалдарын дің зиянкестерінен қорғаудың химиялық шаралары, алдамшы құралдар (ферромондық тұтқырлар), ремиздер қалдыру, пайдалы организмдерді сақтау шаралары қолданылады.

      77. Ферромондармен жәндіктерді аулау әртүрлі алдамшы заттар пайдаланып немесе ағаш кесуді ұштастыра отырып және тосқауыл ағаштармен (өсіп тұрған және кесілген) жүзеге асырылуы мүмкін, бұл ретте барлық жағдайларда оларды аулау инсектицидтер қолданылып, механикалық жолмен (ағаштар қабығын аршу) не болмаса басқа тәсілдермен жүргізіледі.

      78. Құстар ұя басатын кезеңде көктемде және жаздың екінші жартысында, ең алдымен құрлардың ойнағы бар және жыртқыш құстар ұя басатын жерлерде ормандағы орман шаруашылығы және басқа да профилактикалық жұмыстарды шектеу қажет.

      Орманда ағаш кесудің барлық түрі және өзге де орман шаруашылығы жұмыстары кезінде құстар ұя салуы мүмкін орман қолтығын сақтау және олардың ұя салуына жәрдемдесудің басқа да шараларын қолдану керек.

      79. Ағаш кесудің барлық түрі, кеспеағашты тазарту, орман қорғау іс-шараларының барлық түрі кезінде дің зиянкестерінің энтомофагтерін қорғау, сақтау және олардың көбеюіне жәрдемдесу жөнінде шаралар қабылданады.

      Энтомофагтерді қорғау, сақтау және олардың көбеюіне жәрдемдесу жөніндегі негізгі шаралар:

      1) әлсіреген екпелерде және пайда болған қабықжегілердің ошақтарында қабық кешенінің жыртқыш қоңыздарын сақтау және жасанды жолмен қоныстандыру. Қыстау кезеңінде құмырсқа жегіш қоңызды қабық топтарына қоныстандыру неғұрлым тиімді;

      2) көміртегімен қоректену жағдайларын жақсарту жолымен қабықжегінің көбею ошақтарында қабық кешенінің паразиттерін сақтау және тарту, бұған дің зиянкестерінің ықтимал ошақтарында бір, екі және көп жылдық шырынды шөптер себу (ремиздер жасау) арқылы қол жеткізуге болады;

      3) ағаштарды химиялық жолмен өңдеу кезінде қабықжегі энтомофагтерін сақтау химиялық өңдеулердің, атап айтқанда көктемгі топ зиянкестері энтомофагтерінің ұшып келуі алдындағы мерзімде өңдеудің жанама әсерлерін төмендету негізінде жүзеге асырылады. Химиялық өңдеулер негізінен профилактикалық мақсаттарда жүргізіледі;

      4) екпелерде энтомофагтерінің мекендеу микростацияларын сақтауға әлсіреген екпелерде және қабықжегі ошақтарында қабықжегінің паразиттерімен залалданудың жоғары пайызы байқалған ағаштардың белгілі бір мөлшерін сақтауды қамтитын іріктеп санитариялық мақсатта кесуді жүргізу кезінде қол жеткізіледі. Сондай-ақ тамыздан ерте емес мерзімде дің зиянкестері ошақтарында қабықжегі ұялаған қураған ағаштарды кесіп тастау және алдамшы ағаштар мен сорттылықтарды орналастыру шарасы қолданылады. Алдамшы құралдар қабықтың жыртқыш қоңыздарын бір жерге шоғырландыру үшін пайдаланылады және қолданыстағы ұсынымдарға сәйкес басқа да шаралар қолданылады;

      5) ағашы кесілген жерлерде қабық энтомофагтері мекендейтін микростанцияларды сақтау мақсатында қабық кешенінің паразиттері мен жыртқыштарын көбейту үшін белгілі бір мөлшерде кеспе қалдықтарын, түбірлерді, шырпыларды және басқа да ағаш дайындау қалдықтарын қалдыруға болады.

      Дің зиянкестерінің энтомофагтерін сақтау, қорғау және олардың көбеюіне жәрдемдесу жөнінде көрсетілген іс-шаралар орман-патологиялық зерттеп-қараудан кейін ғана және инженер-орман патологінің немесе орманды күзету және қорғау инженерінің қатысуымен жүргізіледі.

13. Орман зиянкестері мен ауруларының ошақтарын есепке алу және олардың алдын алу мен жою жөніндегі іс-шараларды жоспарлау

      80. Орманның қауіпті зиянкестері мен ауруларының орын алған ошақтарын есепке алу және оларға қарсы жүргізілген күрес нәтижелерінде жойылған және табиғи факторлардың әсерінен өшкен ошақтарды дер кезінде есептен шығару мақсатында жыл сайын күзде ошақтарды түгендеу жүргізіледі.

      Орман мекемесі басшысының бұйрығымен түгендеу жүргізу құрамында директордың орынбасары, инженер-орман патологі және орманшы болатын комиссияға жүктеледі.

      81. Түгендеу жүргізу кезінде өткен жылдағы ошақтардың бар-жоғы туралы деректер, қадағалау материалдары мен орман-патологиялық зерттеп-қараудың материалдары пайдаланылады.

      Ошақтардың шекаралары мен алаңдары түгендеу кезінде нақтыланады.

      82. Қылқан жапырақты және жапырақ кеміргіш зиянкестердің ошақтары түгендеу кезінде зиянкестердің түрлері бойынша нақтыланады.

      Екпелерге қылқан жапырақты және жапырақ кеміргіш зиянкестердің бірнеше түрлері бір уақытта шоғырланған кезде залалданған екпелер алаңы кешенді ошақ ретінде көрсетіледі. Бұл орайда зиянкестің басым түрі көрсетіледі, сондай-ақ егер екпелердің олармен шоғырлану дәрежесі жекелеген сипатқа ие болмаса, зиянды жәндіктердің басқа да түрлерінің тізбесі келтіріледі.

      Кез-келген фазада қылқан жапырақты және жапырақ кеміргіш жәндіктер шоғырланған орман учаскелері (орман алқаптары), олар екпелерді бүлдіретін немесе болашақта оларға бүлдіру қаупін туғызатын болса, есепке алуға жатады.

      83. Дің зиянкестерінің ошақтары мынадай ағаш тұқымдылары бойынша есепке алынады: қарағай, шырша, майқарағай, самырсын, балқарағай, емен.

      Әрбір тұқымды бойынша зиянкестердің негізгі топтары (қабықжегілер, мұртты қоңыздар, зерқоңыздар, желқоңыз) көрсетіледі.

      Жапырақты тұқымдылар (еменнен басқа) зиянкестерінің ошақтары бұл зиянкестердің орман шаруашылығы үшін қауіпті болатын жерлерінде ғана есепке алынады. Жегібастардың, мөлдір қанат көбелектердің, ағаш кеміргіштердің ошақтары бөлек-бөлек есепке алынады.

      84. Саңырауқұлақ ауруларының ошақтары олардың түрлері бойынша аурулардың таралуының шұбар немесе топтық сипатында есептеледі. Аурулардың осындай таралуы белгіленген екпелердің барлық учаскесі ошақ болып саналады.

      85. Түгендеу нәтижесінде әрбір орман мекемесі бойынша орманшылықтар бөлінісінде орман зиянкестері мен аурулары ошақтарының жиынтық ведомосі жасалады. Ведомоста жылдың басында болған, ағымдағы жылда қайтадан пайда болған, жүргізілген күрес шаралары нәтижесінде жыл соңында қалған, жойылған, табиғи факторлардың әсерінен өшкен ошақтардың алаңдары мен жыл соңында қалған, сондай-ақ күрес шараларын қажет ететін жыл аяғында қалған ошақтардың алаңдары көрсетіледі.

      Орман мекемелері түгендеуден кейін орман зиянкестері мен аурулары ошақтарының ведомосін жоғары тұрған ұйымға күнтізбелік он күн ішінде ұсынады.

      86. Инженер-орман патологі ошақтарды түгендеу деректері және жаңадан пайда болған ошақтар туралы жедел хабарламалар негізінде орман мекемесі бойынша орман зиянкестері мен аурулары ошақтарының серпінін есепке алудың арнайы кітабын жүргізеді және жыл сайын ормандардың залалдану картасын жасайды.

      Толық тексеру материалдарымен бірге жыл сайын 15 қарашаға орман шаруашылығы саласындағы жоғары тұрған ұйымға өткен жыл үшін орман мекемесі бойынша орман зиянкестері мен ауруларының таралуына шолулар мен алдағы жылға арналған зиянды орман жәндіктері ошақтарының даму серпінінің болжамдары ұсынылады.

      Авиациялық-химиялық күресті жобалау кезінде ерекше маңызды болжамның негіздемесі үшін инженер-орман патологі зиянкестің қысқы даму фазасына тіршілік қабілетіне талдау жүргізеді.

      87. Орман мекемелері инженер-орман патологтері, орманды қорғау және күзету инженерлері ұсынған орманды патологиялық зерттеп-қарау материалдары, шолулар мен болжамдар негізінде өткен жыл үшін орман зиянкестері мен ауруларының таралуына шолулар мен алдағы жылға арналған зиянды орман жәндіктерінің көбеюіне болжам жасайды және оны орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсіру саласындағы уәкілетті органға ұсынады.

      88. Орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсіру саласындағы уәкілетті орган орман зиянкестері мен ауруларының көбеюі мен таралуына шолулар мен болжамдар деректері негізінде ормандардың санитариялық және орман-патологиялық жай-күйі туралы жиынтық материалдар дайындайды, сондай-ақ орман зиянкестерімен және ауруларымен күрес жөніндегі профилактикалық және басқа да іс-шаралардың перспективалы жоспарларын әзірлейді, олардың негізінде орман зиянкестері мен аурулары ошақтарына профилактика жүргізудің және оларды жоюдың техникалық-экономикалық негіздемелері (жобалары) әзірленеді.

14. Орман зиянкестері мен ауруларының пайда болуы туралы ақпараттандыру

      89. Мемлекеттік орман қоры аумағындағы екпелер мен орман питомниктерінде зиянды жәндіктер, саңырауқұлақтар, метеорологиялық факторлар немесе өзге де себептер тудыратын бүліну мен аурулар байқалған кезде, егер бұл екпелердің әлсіреуіне, ішінара немесе толық кебуіне немесе орман питомниктеріндегі егістердің жойылып кетуіне қатер төндірсе, жоғары тұрған ұйымдарды орман зиянкестері мен ауруларының пайда болуы туралы ақпараттандыру жөніндегі іс-шаралар жүргізіледі.

      90. Байқалған кезде ақпараттандыру жүргізілетін негізгі құбылыстар зиянды жәндіктер көбелектерінің айтарлықтай көбейіп кетуі, ағаштарға олардың жұмыртқа салуы, топырақта немесе ағаштарда құрттардың, дернәсілдердің немесе қуыршақтардың пайда болуы; ағаштарда өрмекші ұяларының немесе жер бетінде құрттардың қиы жиналуы; қылқандар мен жапырақтардың көп желінуі, ағаштардың кеуіп қалуы, өсіп тұрған ағаштар діңдерін зиянды жәндіктердің (қабықжегілер, мұртты қоңыздар, зерқоңыздар және басқалар) жақын арада бүлдіруі: діңдерді, өскіндерді, қабықты және тамырларды кеміру, қылқандар мен жапырақтардың жаппай сарғайып кетуі немесе мезгілсіз түсіп қалуы болып табылады.

      91. Орман күтушісі (инспектор) оған бекітіліп берілген орман қорының шегінде орман зиянкестері мен қауіпті ауруларының пайда болуына бақылау жасайды және қандай да бір құбылыс байқалған жағдайда ол туралы орман шеберіне жазбаша хабарлайды.

      Орман пайдаланушылар (пайдалану мерзіміне қарамастан) байқалған зиянкестер мен аурулар туралы орманшыға (инспекторға), орман шеберіне немесе тікелей орманшыға жазбаша хабарлайды.

      Орман шебері орман күтушісінен (инспектордан) немесе орман пайдаланушыдан хабарламаны алғаннан кейін бүлінген учаскенің жай-күйін шұғыл түрде тексеріп, осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес жерден дабыл қағу парағын толтырады және оны орманшылыққа жібереді.

      92. Орманшы жерден дабыл қағу парағын алғаннан кейін күнтізбелік үш күн ішінде бүлінген учаскені тексереді, бүліну сипаты мен дәрежесін белгілейді, мүмкіндігінше зиянкестің немесе ауруды қоздырушының түрін анықтайды.

      Бүлінген учаскелерді қарап-тексеру деректері осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес орманның бүлінген учаскелерін қарап-тексеру актісіне енгізіледі. Орманның бүлінген учаскесін қарап-тексеру актісі екі данада жасалады: біреуі мемлекеттік орман қорының осы учаскесі қарауында тұрған, ерекше қорғалатын табиғи аумақтарды қоса алғанда, орман шаруашылығын жүргізуді жүзеге асыратын ұйымның (бұдан әрі – орман мекемесі) басшысына осы Қағидаларға 5-қосымшаға сәйкес орман зиянкестері мен ауруларының пайда болуы туралы жерден дабыл қағу парағы қоса тіркеліп, шұғыл түрде жіберіледі, екіншісі орманшылықта қалдырылады.

      93. Орман мекемелері бүлінген учаскені қарап-тексеру актісін алғаннан кейін күнтізбелік үш күн ішінде осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес өзінен жоғары тұрған ұйымға жүргізілгелі отырған іс-шараларды көрсете отырып, зиянкестер мен аурулардың пайда болуы немесе орманның құрғауы және бүлінуі туралы жедел хабарлама жібереді.

      94. Жеке орман иеленушілер жеке орман қоры аумағында зиянды жәндіктермен, саңырауқұлақтармен, метеорологиялық факторлармен немесе өзге де себептермен пайда болған бүлінулер мен ауруларды байқағаннан кейін осы Қағидаларға 7-қосымшаға сәйкес үш жұмыс күні ішінде орман қорын күзету, қорғау пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсіру саласындағы уәкілетті органның аумақтық бөлімшесіне жүргізілгелі отырған қажетті іс-шараларды көрсете отырып, зиянкестер мен аурулардың пайда болуы немесе орманның кебуі және бүлінуі туралы жедел хабарлама жібереді.

      Орман қорын күзету, қорғау, пайдалану, ормандарды молықтыру және орман өсіру саласында мемлекеттік басқаруды жүзеге асыратын органдар жедел хабарламаның деректерін алдағы жылға арналған орман қорғау іс-шараларын жоспарлау кезінде пайдаланады және мемлекеттік және жеке орман иеленушілер мен орман пайдаланушыларға байқалған ошақты жою жөнінде қажетті іс-шаралар ұйымдастыру және өткізу техникасы бойынша нұсқау немесе түсіндірме береді.

15. Орманның аса қауіпті зиянкестері мен ауруларына орман-патологиялық зерттеп-қарау ұйымдастыру

      95. Мемлекеттік орман қорының аумағында орман-патологиялық мониторингтің бір бөлігі болып табылатын орман-патологиялық зерттеп-қарау жүргізу оны өткізу міндеттері мен әдістеріне байланысты барлаушылық және толық зерттеп-қарау болып бөлінеді.

      Барлаушылық зерттеп-қараудың мақсаты – осы ауданның жағдайында қауіпті зиянды орман жәндіктері мен аурулардың пайда болу ошақтарын дер кезінде анықтау, екпелерге төнген қауіпті көзбен бағалау және осы ошақтардың жай-күйіне бақылауды қамтамасыз ету. Барлаушылық зерттеп-қарау орман шеберлеріне немесе орман күтушілерінің көмекшілеріне жүктеледі және оны орман күтушілерінің басшылығы жүргізеді. Мұндай зерттеп қарауға жалпы техникалық басшылықты инженер-орман патологі жүзеге асырады.

      Толық зерттеп-қараудың мақсаты – зерттеп қарауға жатқызылған зиянды орман жәндіктері түрлері санының ауытқуын анықтау, осы ауытқулардың себептерін анықтау және алынған деректер негізінде олардың жаппай көбеюінің дамуына қысқа мерзімді және ұзақ мерзімді болжамдар әзірлеу.

      96. Барлаушылық зерттеп-қарау арнайы таңдалған учаскелерде зиянды орман жәндіктері ошақтарының пайда болуы тән екпелерге немесе осындай екпелер қиылысатын арнайы мартшруттық жолдар бойынша зерттеп-қарау жолымен жүзеге асырылады.

      Зерттеп-қарау зиянды орман жәндіктерінің бар екендігін білдіретін неғұрлым тән белгілер бойынша жүргізіледі.

      Инженер-орман патологі немесе орманды күзету және қорғау инженері барлаушылық зерттеп-қарауды орындаушыларға нұсқау береді.

      97. Толық зерттеп-қарау кезінде қызмет көрсетілетін орман мекемелеріндегі инженер-орман патологі немесе орманды күзету және қорғау инженері зиянкестердің әрбір түрі үшін бірнеше учаскелерді таңдайды, ол зиянкестердің биологиясы ескеріле отырып белгіленетін мерзімдерде жылына екі рет зерттеп-қаралады. Қылқан және жапырақ кеміргіш жәндіктерді зерттеп-қарау кезінде жыл сайын зиянкестерді қысқы фазада оның даму болжамдарын (қуыршақтар, канондар салмағы, салынған жұмыртқалар мен ұялардың мөлшері мен салмағы, зиянкестің еркегі мен ұрғашысының арасалмағы, олардың паразиттері мен ауруларының болуы) әзірлеу кезінде пайдаланылатын көбеюдің сандық және сапалық көрсеткіштерін анықтай отырып есепке алу жүргізіледі.

      Болжам бойынша зиянкестердің қандай да бір түрлерінің жаппай көбеюі күтілген жағдайларда осы үшін белгіленген учаскелерде толық зерттеп-қарау барлық орман алқабы жетік зерттеп-қарала отырып, зиянкестердің көбеюі болжанатын ауданда толықтырылады.

      98. Жеке орман қоры аумағында орман-патологиялық зерттеп-қарау жүргізу жеке орман иеленушіге жүктеледі.

16. Орман зиянкестері мен ауруларына қарсы күрес жөніндегі іс-шаралар

      99. Орман зиянкестері мен ауруларының ошақтарын жоюға бағытталған профилактикалық іс-шараларды орман иеленушілер мен орман пайдаланушылар қамтамасыз етеді.

      100. Мемлекеттік орман қоры аумағында аса қауіпті орман зиянкестері ошақтарының профилактикасын және оларды жоюды осы учаске қарауына жататын орман мекемелерінің көмегімен және басшылығымен орман пайдаланушы қамтамасыз етеді.

      101. Орман шаруашылығының 10 гектардан асатын учаскелері үшін өңдеу жұмыстарын жүргізу қажеттілігін орман-патологиялық деректер негізінде облыстық табиғи ресурстар және табиғатты пайдалану басқармасы (бұдан әрі – ТР және ТП басқармасы) анықтайды. Ақырғы зерттеп-қарау нәтижесі бойынша жұмыстардың жүргізілу мерзімі немесе оларды болдырмау туралы соңғы шешім қабылданады.

      Мемлекеттік орман қоры аумағында орманның аса қауіпті зиянкестері және аурулары ошақтары бір мың гектардан көп жерге таралған жағдайда, оларды жою шараларын республикалық бюджет қаражаты есебінен орманның зиянкестерімен және ауруларымен күресу жөніндегі мамандандырылған ұйым ұйымдастырады.

      102. Жою (өңдеу) іс-шаралары химиялық, биологиялық препараттарды, сондай-ақ энтомофагтер мен феромондарды жерүсті немесе авиациялық тәсілдермен енгізу жолымен жүргізіледі.

      103. Жою іс-шаралары Қазақстан Республикасының аумағында қолдануға рұқсат етілген пестицидтер мен агрохимикаттардың мемлекеттік каталогінің талаптары орындалған жағдайда жүргізілуі мүмкін. Ерекше қорғалатын табиғи аумақтарда (бұдан әрі – ЕҚТА) орналасқан ормандарға өңдеу жүргізу олар үшін белгіленген пайдалану режиміне сәйкес жүргізіледі.

      104. Жою іс-шараларын жүргізу кезеңінде, орманда болуды уақытша шектеу және карантин туралы халықты хабарландырумен байланысты

      іс-шараларды орман иеленуші немесе облыстық ТР және ТП басқармасы ұйымдастырады.

      Орманда уақытша болуды шектеу туралы халықты және мүдделі ұйымдарды хабарландыру жұмысты орындауды бастағанға дейін күнтізбелік он бес күннен кешіктірмей жүргізіледі. Өңдеу кезінде орманда болуды уақытша шектеумен байланысты тигізілген залалға өтемақы төленбейді.

      105. 10 гектардан астам алаңда жүргізілген өңдеу сапасын бақылау үшін осы учаскені қорғауға жауаптылар орындалған жұмыстардың тиімділігін анықтау үшін өңдеулердің тапсырыс берушілерінен, өңдеуді орындаушыдан және ТР және ТП басқармасының өкілдерінен тұратын комиссия құрады.

17. Сүректі орманда, қоймаларда, тиеу бекеттерінде сақтау тәсілдері

      106. Орманнан кемінде екі километр қашықтықта қоймаларда және тиеу бекеттерінде көктем-жазғы кезеңге қалдырылған жапырақты және қылқан жапырақты тұқымдастардың қабықталмаған бөрене материалдары мен жас шыбықтарды жарылудан, дің зиянкестері мен саңырауқұлақтармен бүлінуден қорғау мақсатында сақтаудың дымқыл тәсілін қолдану ұсынылады.

      107. Әрбір қатқабат үшін бөренеден тұғыр жабдықталады. Дымқыл жағдайда сақтау кезінде қатқабат тұғырының биіктігі кемінде 15 сантиметр, құрғақтай сақтауда кемінде 25 сантиметр болуға тиіс. Топырағы әлсіз жерде бөрене тұғыр астына төмен сортты бөренелерден жалпақ төсеніш жасалуы керек. Бөрене тұғыр мен төсеніш үшін жәндіктер және саңырауқұлақтар бүлдірмеген жұмыр ағаш материалдары іріктеп алынады.

      108. Қатқабаттардың мөлшері пайдаланылатын тиеу-түсіру құралдарының техникалық мүмкіндіктеріне және дайындалатын сүректің көлеміне қарай анықталады, бірақ қатқабаттардың биіктігі жоғарғы қоймаларда және тиеу пункттерінде кемінде бір жарым метр, ал төменгі қоймаларда және кәсіпорындар қоймаларында кемінде 3 метр болуға тиіс.

      109. Сақтаудың дымқыл тәсілі тақтай тілуге, аршуға, сүргілеуге, сол сияқты ұзындарын кеніш тіреулері мен баланстар жасауға арналған жұмыр ағаш материалдары үшін қолданылады.

      110. Дымқыл тәсіл жұмыр ағаш материалдарының, ұзындары мен жас шыбықтарының қабығын сақтау және қосымша қорғау шараларын қолдану: химиялық өңдеу, көлеңкелеу, жаңбырлату, тоғыту, ағаш материалдарының кесінділерін дымқылдықтан қорғайтын және дымқылдықтан қорғайтын-антисептикалық заттармен майлау жолымен күзде-қыста және көктемде-жазда дайындалған сүректерді сақтауды көздейді.

      111. Қоймаларда жұмыр ағаш материалдарын, ұзындарын және шыбықтарын тығыздап (астына төсеніш қоймай), немесе тығыздай-қатарластыра (көпқатарлы ағаш материалдары аралығына көлденең төсеніштермен) немесе топты қатқабатпен (ағаш материалдарының әрбір жекелеген топтары аралығында көлбеу төсеніштері бар тығыз-қатарлық қатқабат) орналастыру әдісі қолданылады.

      Жоғарғы және аралық қоймаларда жұмыр ағаш материалдарын, ұзындарын және шыбықтарын тығыз орналастыру ғана қолданылады.

      112. Күзгі-қысқы дайындау жағдайында жұмыр ағаш материалдарын, ұзындарын, шыбықтарын қатқабатқа жинау және жарылудан, жәндіктер мен саңырауқұлақпен бүлінуден қорғаудың қосымша шараларын қолдану жылы маусым басталғанға дейін, Цельсий бойынша тәуліктік орташа температура +5 градустық тұрақтылық болғанда жүзеге асырылады.

      113. Жұмыр ағаш материалдарын, ұзындарын, шыбықтарын көктемгі-жазғы дайындау жағдайында қатқабатқа жинау және қорғау шараларын қолдану ағаш құлатылғаннан кейін 2 тәуліктен кешіктірілмей жоғарғы қоймаларда жүзеге асырылады.

      114. Тайга аймағында жапырақты, аралас және қылқанды екпеағаштарда (таза қарағайдан басқа) ағаш кесу жұмыстарында көктемгі-күзгі кезеңде ағашты құлату-қатқабаттау машиналарын қолданған жағдайда кеспе ағаштарда сүректерді дайындау мен сақтауда ағаштарды жекелей құлату, сүйреп шығару, оларды 6 апталық мерзімге дейін қалың жаппа астында сақталатын күйде қатқабаттау әдісін қолдануға, кейін (сүйреп шығарудан кейін) шыбықтармен ағаштарды кішігірім қатқабаттарда ағаш тасылатын жолдар жиегінде төменгі қоймаға немесе кәсіпорынның өзен жағасындағы қоймасына тасып әкеткенге дейін сақтауға мүмкіндік жасайтын тәсілді қолдануға жол беріледі.

      Осындай жағдайда ағаштарды құлату мен сүйреп шығару арасында үзіліс болмаған кезде сүректерді қорғаудың қосымша шараларын қолданбай-ақ кеспеағаштарда сүректерді төменгі қоймаға тасып әкету сәтіне дейін ағаш тасу жолдары бойында ағаштарды тығыз жабатын қатқабаттарда сақтауға жол беріледі.

      115. Дің зиянкестерінің бүлдіруіне төзе алмайтын сүрек тұқымдыларының жұмыр ағаш материалдарын, ұзындары мен шыбықтарын химиялық қорғау осы Қағидалардың 12-тарауында баяндалған ұсынымдарда сәйкес жүзеге асырылады.

      116. Жұмыр ағаш материалдарының, ұзындары мен шыбықтарының қатқабатқа көлеңкелеу оларды кесінді қалдықтарымен (қылқанды бұтақтар, жапырақты бұтақтар) немесе қалқан жабу жолымен жүзеге асырылады.

      Көлеңкелеу:

      жәндіктер мен саңырауқұлақтардың бүлдіруіне төзімді жапырақты тұқымдының ағаш материалдарын жарылудан қорғау шарасы ретінде;

      инсектицидтерді күн сәулесінің ыдыратуынан қорғау үшін;

      сүректі қорғаныштық өңдеу үшін инсектицидтерді қолдануға тыйым салу жағдайында қолданылады.

      117. Дымқыл тәсілмен сақтау жағдайында жұмыр ағаш материалдарының кесінділерін жабуға барлық климаттық аймақтарда тек ғана жапырақты тұқымдылар сүрегіне қатысты жүзеге асырылады.

      Қайыңның, еменнің, қарағаштың, үйеңкінің, қандыағаштың, көктеректің, теректің және шағанның жарылуға немесе саңырауқұлақтың бүлдіруіне төзе алмайтын жұмыр ағаш материалдарын 3 айға дейін сақтау кезінде кесінділерді ылғалдан қорғайтын жамылғымен жабады.

      Еменнің, қарағаштың, үйеңкінің және шағанның жарылуға төзе алмайтын жұмыр ағаш материалдарында бүкіл жылы кезең бойына сақтаған жағдайда ылғалдан қорғайтын жамылғы, ал зиянкестердің бүлдіруіне төзе алмайтындарға (қайың, жөке, қандыағаш, терек, көктерек) ылғалдан қорғайтын-антисептикалық жамылғылар қолданылады.

      Жамылғы қатқабатқа үйілген жұмыр ағаш материалдарының өңдеуге қолжетімді барлық кесінділеріне, ал жекелей жатқан шыбықтарды өңдеуде, қабығы сыдырылған және ірі бұтақтарды кесілген жерлерге жабылады.

      Ылғалдан қорғайтын сылақ ретінде карбафен, бакелит лагі, мұнайбитум, көбік-шайыр қоспасы, қарағайдың немесе газдандырылған шайыр, құрғақтай қыздырылған шайыр қолданылады.

      118. Жаңбырлатуды қатқабаттың бүкіл бетін біркелкі суландыру кезінде кемінде 0,3 метрді жабатын, бір суаруда оның 1м2 бетіне кемінде 6 литр суды қамтамасыз ететін әртүрлі жаңбырлату жүйелерімен және машиналарымен жүргізеді.

      Жаңбырлату жылдың жылы кезеңінде (Цельсий бойынша тәуліктік орташа температура +5 градус және одан жоғары болғанда) қатқабат салынғаннан кейін жүргізіледі.

      119. Жұмыр ағаш материалдарын суға батыру арнайы су айдындарында, бассейндерде жүргізіледі. Ол, төменгі қоймаларда және кәсіпорындардың қоймаларында жәндіктер мен саңырауқұлақтардың бүлдіруіне төзе алмайтын қылқанды және жапырақты тұқымдылардың жұмыр ағаш материалдарын ұзақ сақтау (жылы кезең бойы) қажет болған кезде жүзеге асырылады.

      120. Сақтаудың құрғақ тәсілі жұмыр түрінде (құрылыс, мачта, су құрылысы бөренесі, кеніш тіреу, баланстар) пайдаланылатын ағаш материалдары үшін қолданылады.

      121. Сақтаудың құрғақ тәсілі толықтай немесе ішінара қабықтау, қатарлап үю және ағаш материалдарын жарылудан қорғаудың қосымша шараларын қолдануды көздейді (ыстау, суға батыру, кесінділерді ылғалдан қорғау үшін сылау).

      122. Осы Қағидаларға 6-қосымшаға сәйкес бақылау мерзімдерінде қылқанды тұқымдылардың жұмыр ағаш материалдарының шелқабығы сыдырылады.

      Жапырақты тұқымдылардың жұмыр ағаш материалдары үшін (емен, қарағаш, шаған) шелқабықты немесе қатты қабыққа дақ сала, яғни үздіксіз айғыздау (басқа жапырақты тұқымдылар үшін) ұсынылады.

      123. Қылқанды және жапырақты тұқымдылардың жұмыр ағаш материалдарын қатарланған қатқабаттарда сақтайды, онда ағаш материалдарының қатарлары бір-бірінен көлденең төсеніштермен бөлінген.

      Қысқа мөлшерлі ағаш материалдары (баланстар, кеніш тіреулері) қатарланған торлы қатқабатқа жиналады немесе байлау (трос, сым) арқылы қалыптасқан цилиндрлі пакеттерден құрылған сиретілген пакеттік қатқабаттарға жиналады. Қысқа мөлшерлі ағаш материалдарын тығыздатылған шөркелерге жинауға болады.

      124. Сумен ағызуға арналған барлық жапырақты тұқымдылардың жұмыр ағаш материалдары жоғарғы және төменгі қоймаларда сақталған кезде алдын ала ысталуы, яғни желегі арқылы жастай кесілген дің құрғатылуы тиіс, ол жылдың жылы кезеңінде ағаштарды құлату мен бұтақтарды отау арасында 10-15 тәулік ішінде жүргізіледі. Бұл ретте материалдарға дің зиянкестерінің ұялауы сүректі кейіннен қабықтап, қатқабатқа жинау алдында құртылады.

      125. Жарылуға төзе алмайтын балқарағайдың жұмыр ағаш материалдарының ұштары ылғалдан қорғайтын жабынмен сыланады.

      126. Қайыңның, көктеректің, қандыағаштың, үйеңкінің, теректің жарылуға төзімді жұмыр материалдарын барлық типтегі қоймаларда кесінді қалдықтарымен немесе қалқандармен көлеңкелейді.

      Еменнің, үйеңкінің, шағанның жарылуға төзе алмайтын жұмыр ағаш материалдарының ұштары барлық типтегі қоймаларда ылғалдан қорғайтын жабынмен сылануға тиіс.

  Ормандардағы санитариялық
қағидаларға 1-қосымша

      Бекітемін

      Орман мекемесінің басшысы_______________________

      20____ жылғы "__"_______________________________

(Ұйымның атауы)_______________________________________________
20__ жылға арналған орман қорғау іс-шараларын жүргізу жоспары
(түзету)

Орманшылық

Орам нөмірі

Телім нөмірі

Телімнің алаңы, га

Белгілеудің себебі

1

2

3

4

5







      кестенің жалғасы

Екпенің қысқаша таксациялық сипаттамасы

Сүрекдіңнің қоры, текше метр

Екпенің жай-күйінің санаты

жасы, жыл

бонитет

орташа биіктігі, метр

орташа диаметрі, сантиметр

1 гектарға

телімде барлығы

оның ішінде өтімдісі

6

7

8

9

10

11

12

13










      Бас орманшы ____________________________________

      Орманды күзету және қорғау инженері ____________

      Орманшы ________________________________________

  Ормандардағы санитариялық
қағидаларға 2-қосымша

Орманда қабықтанбаған немесе басқа тәсілдермен қорғалмаған сүректерді қалдыруға тыйым салынған мерзімдерді көрсете отырып, әкімшілік-аумақтық бірліктерді аймақтар бойынша бөлу

Белгіленетін тыйым салынған аймақтар

Әкімшілік облыстар

1

2

1 мамырдан

1 қыркүйекке дейін

Шығыс Қазақстан (жалды қарағай

ормандарынсыз)

1 сәуірден

1 қазанға дейін

Қазақстан Республикасының қалған

аумағында


      Ескертпе: жергілікті орман шаруашылығын басқару органдары жекелеген аудандардың климат ерекшеліктерін және жекелеген ағаш тұқымдылары бойынша дің зиянкестері топтарының фенологиясын ескере отырып жоғарыда көрсетілген мерзімдерді 15 күнге дейін қысқарта не ұзарта алады.

  Ормандардағы санитариялық
қағидаларға 3-қосымша

Негізгі орман құрайтын тұқымдылардың зиянкестер ұялай бастаған және залалданған ағаштарын іріктеу шарттары мен мерзімдері

      Ағаштарды іріктеу қарағай екпелерінде көктемгі зиянкестер тобына (қарағай шелқабық жегіштері, қабықжегілер) қарсы мамырдың аяғынан маусымның аяғына дейін желектік, алтытісті степнографқа қарсы жаздың екінші жартысында жүргізіледі.

      Жазғы кешеннің зиянкестеріне (қарағайдың көкшіл зерқоңызы, мұртты қоңыздардың көптеген түрлері) қарсы ағаштарды іріктеу күзде және қыста жүргізіледі.

      Өртенген қабықты жеуші қабықжегіге қарсы ағаштарды іріктеу мамырдың басында немесе күзгі-қысқы кезеңде, самырсынның үлкен қара мұртты қоңызына қарсы маусымнан кешіктірмей жүргізіледі.

      Гаузер қабықжегісімен, шырша граверімен, Шренк микрофагімен залалданған Шренк шыршасы екпелерінде ағаштарды іріктеу күзде-қыста немесе ерте көктемде (наурыз-сәуір) зиянкестер ұшқанға дейін жаз басына дейін жүргізіледі. Теңіз бетінен 1200-ден 1600 метрге дейінгі биіктіктегі қос түлеу жайында іріктеу күзде немесе ерте көктемде қыстан шыққан қабықжегінің ұшуына дейін; жаздың алғашқы жартысында (маусым-шілде) қоңыздардың екінші түлеп ұшуының басталуына дейін жүргізіледі.

      Мүйізқұйрыққа қарсы ағаштарды іріктеу жаздың алғашқы жартысында жүргізіледі, сүректер барынша қысқа мерзімде тасып алынып, отынға пайдаланылуы тиіс.

      Балқарағай екпелерінде шілде-тамызда ұзын қабықжегіге қарсы іріктеу атқарылады.

      Қарағаш екпелерінде қабықжегінің бір түлегі жағдайында мамыр және маусымда атқарылады.

      Батыс Қазақстанда емен екпелерінде ойпаттарда зиянкестердің ағашқа ұялай бастаған кезінде еменнің қабықжегісіне қарсы сәуір-мамырда немесе күзгі-қысқы кезеңде, жіңішке, қос жолақты зерқоңызға, еменнің жіңішке құртына және басқа да зерқоңыздарға қарсы мамырдан қалдырмай немесе қыста іріктеу жүргізіледі.

      Терек және көктерек екпелерінде көктеректің үлкен және кіші ысқырғышымен залалданған ағаштарды іріктеуді маусымның бірінші жартысынан қалдырмай жүргізу керек.

      Сексеуіл ормандарында дің зиянкестеріне қарсы іріктеуді күзгі-қысқы кезеңде жүргізеді. Жазға сындырылған сүрек қатқабаттармен емес шашыранды күйде сақталуы тиіс, бұл дернәсілдердің күн қызуынан жойылуын қамтамасыз етеді.

      Шөлейт алқаптағы өзендердің тоғай ормандарында тораңғы ағашын ұялай бастаған зиянкестерге қарсы мына мерзімде іріктеу жүргізіледі: наманған мұртты қоңызы, теректің кішкене зерқоңызы немесе олардың бірлесе ұялаған шағында әлсіреген ағаштарды іріктеу мамырдың екінші жартысында, зерқоңыздың бір түрі ұялаған кезде мамырдан қалдырмай жүргізіледі.

      Талдың ағашын ұялай бастаған ағаштескіш көбелектерге қарсы іріктеу мамырдан қалдырылмай орындалады.

      Жиде ағашы жиденің мұртты қоңызы жаппай ұялаған жекелеген жағдайда мамырдың-маусымның екінші жартысында тұтастай іріктеледі.

      Түбір губкасы бүлдірген қарағай және самырсын екпелерінде бүлінген ағаштарды іріктеу күзгі-қысқы кезеңде немесе жылдың құрғақ және ыстық уақытында, түбір губкасы өрши алмайтын жағдайда жүргізіледі. Басқа мерзімде іріктеу кезінде түбірде түбір губкасының өсіп-көбеймеуі үшін антисептикалық заттармен өңдеу керек.

      Емен екпелерінде ағаштарды іріктеу олардың жемісі анық көрінетін жаз кезінде жүргізіледі.

      Қарағаш екпелерінде голланд ауруы ошақтарында зиянкестер жаңадан ұялаған ағаштарды іріктеу жылына үш-төрт рет жүргізіледі, бұл қарағаш тінжегілерінің үш немесе төрт ұрпағының даму кезеңдеріне сәйкес келеді.

  Ормандардағы санитариялық
қағидаларға 4-қосымша

Екпелердегі дің зиянкестерінің санына байланысты орналастыруға жататын тосқауыл ағаштардың санын анықтауға арналған кесте

Дің зиянкестерінің атауы

Орташа есеппен 1 шаршы дм. жердегі зиянкестердің жас ұрпағының саны

жоғары

орташа

төмен

Қарағайдың кішкене шелқабық жегіші

10-нан астам

6-10

6-дан кем

Қарағайдың үлкен шелқабық

жегіші

5-тен астам

3-5

3-тен кем

Желек қабыжегісі

5-тен астам

2-3

3-тен кем

Тінжегілер: сүйір және бұзушы

6-дан астам

4-6

4-тен кем

Қарағайдың шайыр қоңызы

1-ден астам

0,6-1

0,6-дан кем

Майқарағайдың үлкен мұртты қоңызы және көкжез қоңызы

0,5-тен астам

0,3-0,5

0,3-тен кем

Стенограф, шағанның шелқабық жегіші

3-тен астам

2-3

2-ден кем

Гаузер қабық жегіш қоңыз

10-нан астам

6-10

6-дан кем


      Зиянкес саны барынша көп болған жағдайда ошақта ол ұялаған ағаштардың жартысына тең мөлшерде, саны орташа мөлшерде болса – ұялаған ағаштардың 1/2-інен 1/4-іне дейінгі мөлшерде, төмен болса – ұялаған ағаштардың 1/4-інен аспайтын мөлшерде тосқауыл ағаштар қою керек.

      Саны кестеде көрсетілгеннен төмен болғанда тосқауыл ағаштар қойылмайды.

  Ормандардағы санитариялық
қағидаларға 5-қосымша

Орман зиянкестері мен ауруларының пайда болуы туралы жерден дабыл қағу парағы

      1. Ұйым _____________________________________________________________

      2. Орманшылық________________________________________________________

      3. Орам №____________________________________________________________

      4. Телім (учаске) ___________________________________________________

      5. Екпелерде ________________ гектар, жас екпелерде _______ гектар,

      тұқымбақтарда ______ гектар алаңда.

      6. __________________________________________________________________

      ____________________________________________________________байқалды.

      7. Бүлінген ағаш тұқымдылары: _______________________________________

      Хабарлаған: орман күтуші (инспектор)___________________________(қолы)

      Орман шебері __________________________________________________(қолы)

      20__ жылғы "___" ___________

      Ескертпе: Хабарлама зиянкестер мен аурулардың, сондай-ақ орманның бүлінуі мен құрғап қалуының байқалған көріністері жеке сипат алмайтын барлық жағдайларда беріледі.

  Ормандардағы санитариялық
қағидаларға 6-қосымша

      Нысан

Орманның бүлінген учаскелерін қарап-тексеру актісі

      1. Ұйым _____________________________________________________________

      Орманшылық ____________________ орам № ______________________________

      телім (учаске) ______________________________________________________

      орман қорының санаты ________________________________________________

      2. Екпенің сипаты:___________________________________________________

      құрамы _____________________ жасы ___________________________________

      толымдылығы ___________________ бонитеті ____________________________

      3. Бүліну байқалған алаң_______________________________________гектар

      4. Бүлінген ағаш тұқымдысы _________________________________________

      5. Бүліну сипаты ___________________________________________________

      6. Бүліну дәрежесі _________________________________________________

      7. Зиянкестің, аурудың немесе бүлінуге душар еткен басқа да

      себептердің атауы____________________________________________________

      8. Жәндіктердің даму фазасы: жұмыртқалар, дернәсілдер (құрттар),

      қуыршақтар, ересек жәндіктер ________________________________________

      9. Ұялау тығыздылығы_________________________________________________

      (бір өлшем бірлігіне шаққанда зиянкестер саны: шаршы метр, бір ағаш)

      10. Қажет етілетін іс-шаралар________________________________________

      11. Байқалған күні __________________________________________________

      20__ жылғы "___" _______________

      (тексеру күні)

      Орманшы _______________________ (қолы)

  Ормандардағы санитариялық
қағидаларға 7-қосымша

Зиянкестер мен аурулардың пайда болуы немесе орманның құрғап қалуы мен бүлінуі туралы жедел хабарлама

      1. Байқалған орны: Ұйым, орманшылық, орам, мемлекеттік орман қорының

      санаты ______________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      2. Екпенің сипаты (құрамы, жасы, толымдылығы, бонитеті)______________

      _____________________________________________________________________

      3. Бүліну байқалған алаң ______________________________________гектар

      4. Бүліну сипаты мен дәрежесі _______________________________________

      5. Зиянкестің, аурудың және орманның бүлінуінің басқа да себептерінің

      атауы _______________________________________________________________

      6. Жәндіктердің даму фазасы: жұмыртқалар, дернәсілдер (құрттар),

      қуыршақтар, ересек жәндіктер ________________________________________

      7. Байқалған уақыты: күні____________ айы _____________ жылы ________

      8. Ұялау тығыздығы (бір өлшем бірлігіне шаққанда зиянкестердің саны:

      (шаршы метр, ағаш) __________________________________________________

      9. Қажет етілетін іс-шаралар_________________________________________

      _____________________________________________________________________

      10. Ескертпе ________________________________________________________

      _____________________________________________________________________

      Жөнелту күні 20__ жылғы "___" ___________

      Ұйымның басшысы _______________________(қолы)

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады