Мемлекеттік музейлерде қор-сатып алу (қор-іріктеу) комиссиясын құру қағидаларын бекiту туралы

Жаңартылған

Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрінің 2015 жылғы 26 қарашадағы № 362 бұйрығы. Қазақстан Республикасының Әділет министрлігінде 2015 жылы 22 желтоқсанда № 12466 болып тіркелді.

      "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының 35-2) тармақшасына сәйкес БҰЙЫРАМЫН:

      Ескерту. Кіріспе жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 15.07.2024 № 310-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      1. Қоса беріліп отырған Мемлекеттік музейлерде қор-сатып алу (қор-іріктеу) комиссиясын құру қағидалары бекітілсін.

      2. Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Мәдениет және өнер істері департаменті заңнамада белгіленген тәртіппен:

      1) осы бұйрықтың Қазақстан Республикасы Әділет министрлігінде мемлекеттік тіркелуін;

      2) осы бұйрық мемлекеттік тіркелгеннен кейін он күн ішінде елтаңбалы мөрмен куәландырылған қағаз данадағы көшірмесін қоса бере отырып, электрондық тасығышта осы бұйрықтың көшірмелерін мерзімді баспа басылымдарында және "Әділет" ақпараттық-құқықтық жүйесінде ресми жариялауға жолдауды;

      3) осы бұйрық ресми жарияланғаннан кейін оны Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің интернет-ресурсында орналасуын;

      4) осы тармақта көзделген іс-шаралардың орындалуы туралы мәліметтерді осы іс-шаралар орындалғаннан кейін он жұмыс күні ішінде Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің Заң қызметі департаментіне ұсынуды қамтамасыз етсін.

      3. Осы бұйрықтың орындалуын бақылау Қазақстан Республикасы Мәдениет және спорт министрлігінің жетекшілік ететін вице-министріне жүктелсін.

      4. Осы бұйрық ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі.

Министр

А. Мұхамедиұлы


  Қазақстан Республикасы
Мәдениет және спорт министрінің
2015 жылғы 26 қарашадағы
№ 362 бұйрығымен
бекітілген

Мемлекеттік музейлерде қор-сатып алу (қор-іріктеу) комиссиясын құру қағидалары
1. Жалпы ережелер

      1. Мемлекеттік музейлерде қор-сатып алу (қор-іріктеу) комиссиясын құру қағидалары (бұдан әрі – Қағидалар) Мемлекеттік музейлерде қор-сатып алу (қор-іріктеу) комиссиясының (бұдан әрі – Комиссия) құрылу тәртібін анықтайды.

      2. Комиссия музей қорларын қалыптастыру үшін мәдени құндылықтарды сатып алу және іріктеу мәселелерін қарау мақсатында құрылады.

      3. Комиссия өз қызметін "Мәдениет туралы" Қазақстан Республикасының Заңы 7-бабының, 35-2) тармақшасына, сондай-ақ осы Қағидаларға сәйкес жүзеге асырады.

      Ескерту. 3-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 15.07.2024 № 310-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

2. Комиссияның құрылу тәртібі

      4. Комиссия мемлекеттік музей жанынан мәдени құндылықтарды сатып алу және іріктеу мәселелерін қарау кезеңінде құрылады. Комиссияның құрамы мемлекеттік музей директорының бұйрығымен бекітіледі.

      5. Комиссияның құрамына төрағаны, мемлекеттік музейлердің құрылымдық бөлімшелерінің жетекшілері мен қызметкерлерін қоса есептегенде бестен кем емес мүше кіреді.

      Мәдени құндылықтарды сатып алу және іріктеуге археология, этнография, нумизматика, тарих, өнертану, реставрация және тағы басқа салалар бойынша сараптамалық бағалау қажет болған жағдайда Комиссияға қатысу үшін тиісті мамандар шақыртылады.

      6. Комиссияның төрағасы мемлекеттік музейдің музей құндылықтарын есепке алу және сақтау бағыты бойынша жетекшілік ететін директордың орынбасары немесе бас қор сақтаушысы болып табылады.

      7. Мемлекеттік музейдің музей құндылықтарын есепке алу және сақтау құрылымдық бөлімшелерінің бірінің қызметкері Комиссия хатшысы болып табылады. Комиссия хатшысы Комиссия мүшесі болып табылмайды және оның дауыс беру құқығы жоқ.

      Ескерту. 7-тармақ жаңа редакцияда - ҚР Мәдениет және ақпарат министрінің 15.07.2024 № 310-НҚ (алғашқы ресми жарияланған күнінен кейін күнтізбелік он күн өткен соң қолданысқа енгізіледі) бұйрығымен.

      8. Комиссияның шешімі ұсыныс сипатындағы хаттамамен ресімделеді.

Егер Сіз беттен қате тапсаңыз, тінтуірмен сөзді немесе фразаны белгілеңіз және Ctrl+Enter пернелер тіркесін басыңыз

 

бет бойынша іздеу

Іздеу үшін жолды енгізіңіз

Кеңес: браузерде бет бойынша енгізілген іздеу бар, ол жылдамырақ жұмыс істейді. Көбінесе, ctrl-F пернелері қолданылады